Дүние билеушісінің бетпердесі ашылды
БІРДЕ Иса пайғамбар: “Осы дүниенің билеушісі қуылады”,— деген болатын. Ал кейіннен: “Осы дүниенің билеушісінің... маған билігі жүрмейді... [Ол] сотталды”,— деп қосты (Жохан 12:31; 14:30; 16:11). Мұнда Иса кім жайлы айтып тұр?
Иса пайғамбардың “осы дүниенің билеушісін” қалай сипаттағанынан оның Ехоба Құдайды ойда тұтпағаны анық көрінеді. Олай болса, “осы дүниенің билеушісі” кім? Ол қалай “қуылады” және қалай “сотталды”?
“Осы дүниенің билеушісі” бет-бейнесін көрсетті
Өз күшіне мақтанып, көпіріп сөйлейтін қылмыстық топтың басшысы сияқты Ібіліс те Иса пайғамбарды азғырмақ болғанда солай еткен. Шайтан Исаға “жержүзінің барлық патшалықтарын” көрсеткен соң, оған мынадай ұсыныс жасады: “Осылардың бүкіл билігі мен сән-салтанатын саған беремін, өйткені ол менің қолымда. Оны кімге бергім келсе, соған беремін. Сондықтан маған бір рет табынсаң, бәрі сенікі болады” (Лұқа 4:5—7).
Кейбіреулер ойлағандай, Шайтан жай ғана зұлымдықтың бейнесі болса, Исаның осылай сыналғанын қалай түсіндіруге болар еді? Исаны өзінің қандай да бір зұлым ойы азғырған ба, жоқ әлде шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, қатты қобалжып, екі ойлы болған ба? Егер бұл солай болса, Киелі жазбаларда Иса жайлы “бойында еш күнә жоқ” деп айтылмас еді ғой (Жоханның 1-хаты 3:5). Ібілістің адам баласына билігі жүретінін Иса жоққа шығармаған, қайта, оны “осы дүниенің билеушісі”, “кісі өлтіруші” әрі “өтірікші” деп атап, билігін растаған (Жохан 14:30; 8:44).
Иса пайғамбар Ібіліспен тілдескеннен кейін шамамен 60 жыл өткен соң, елші Жохан “бүкіл дүниенің Шайтанның билігінде” екенін айтып, оның зор ықпалы барын мәсіхшілердің есіне салған. Сондай-ақ Жохан Ібілістің “жержүзін адастырып жүргенін” де айтқан (Жоханның 1-хаты 5:19; Аян 12:9). Сонымен, көзге көрінбейтін рухани тұлғаның “осы дүниенің билеушісі” екені Киелі жазбалардан анық көрінеді. Алайда ол жалғыз өзі билік ете ме?
Дүние әміршісінің өз билігімен бөлісуі
Елші Пауыл мәсіхшілердің сенім үшін күресі жайлы айтқанда, олардың қас жауларының кім екенін нақты көрсеткен. “Біз адам баласына қарсы емес, үкіметтерге, билеушілерге және түнектегі осы дүниені билеп-төстеп отырған әкімдерге қарсы, яғни көктегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз”,— деді ол (Ефестіктерге 6:12). Иә, бұл — адам баласына емес, көктегі зұлым рухтарға қарсы күрес.
Мұндағы “зұлым рухтар” деген тіркес зұлымдық ұғымына емес, көктегі күші зор зұлым тұлғаларға нұсқайды. Бұдан көрінетіні, Ібіліс билігін жалғыз өзі емес, көктегі “тиесілі тұрағын тастап кеткен” басқа да бүлікшіл жын-перілермен бірге жүргізеді (Яһуда 6).
Пауыл сөз еткен “әкімдердің” ежелден бері дүниені уысында ұстап келгені Киелі жазбалардағы Даниялдың кітабынан да анық көрінеді. Б. з. б. 537 жылы Бабыл тұтқындығынан Иерусалимге оралған яһудилердің жағдайын ойлаған Даниял пайғамбар олар үшін үш апта бойы дұға еткен. Пайғамбардың сенімін нығайту үшін жіберілген періште неге кешеуілдеткенін былай деп түсіндірді: “Парсы патшалығының кінәзі [патшасы] жолымды кес-кестеп жиырма бір күн тұрып алды” (Даниял 10:2, 13).
Мұндағы Парсы патшасы кім? Сол уақытта билік еткен Парсы патшасы Кир Даниял мен оның халқына оң көзбен қарайтын. Сондықтан періштенің Кир патша жайлы айтпағаны анық. Оның үстіне, кезінде 185 000 мықты жауынгерді жалғыз періштенің бір-ақ түнде қырып салғанын ескерсек, адам баласының осындай мықты періштеге үш апта бойы қарсы тұруы екіталай еді (Ишая 37:36). Демек, осы зұлым Парсы патшасы Ібілістің қолшоқпары — Парсы империясының тізгіні берілген жын-періні білдіретіні анық. Даниял кітабында Құдайдың періштесі Парсы патшасымен тағы бір рет шайқасатынын және кейінірек Грекия патшасымен, яғни өзге бір жын-пері билеушімен, шайқасу керектігін айтты (Даниял 10:20).
Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Көзге көрінбейтін “дүниені билеп-төстеп отырған әкімдер” шын мәнінде де бар. Бұлар өздерінің басшысы Ібіліс Шайтанның басқаруымен дүниеге үстемдік жүргізіп жатқан жын-перілер. Олардың о бастан көздегені не?
Дүниенің билеушісі өз болмысын көрсетті
Киелі жазбалардағы Аян кітабында елші Жохан Исаның бас періште Микайл ретінде көкке оралған соң, Ібіліс пен оның жын-перілерін жеңіп, оларды көктен қуғанын айтты. Сосын былай деп қосты: “Жердегілерге... қасірет, өйткені Ібіліс сендерге түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:9, 12).
Ібіліс қатты ашулы екенін қалай көрсетіп жатыр? Амалы қалмаған қылмыскердің жиі өз мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбайтыны сияқты, Шайтан мен оның жын-перілері де жерді және оның тұрғындарын өздерімен бірге құрдымға әкету үшін барын салуда. Өзіне аз уақыт берілгенін білгендіктен Ібіліс өз құзырындағы адамзат қоғамының басты салаларының бірі — бизнес әлемін қолданып, тауарларды тұтынуға деген қажеттіліктің күн санап артуына зор ықпал етуде. Ал бұл, өз кезегінде, табиғат қорларының сарқылуына және жер бетіндегі экологияның бұзылуына әкеп соғып, адамзатқа қауіп төндіруде (Аян 11:18; 18:11—17).
Адамзат тарихы басталғаннан-ақ, Ібілістің билікке деген құштарлығы саясат пен діннен көрініс тауып келеді. Аян кітабында адамзат үкіметтері Ібілістен “зор билік” алған жыртқыш аң ретінде бейнеленген (Аян 13:2; 17:1, 2). Сондай-ақ онда бір-бірімен ауыз жаласқан саясат пен діннің арсыз одағы барып тұрған азғындық ретінде сипатталған. Ғасырлар бойы миллиондаған адамды өлімге душар еткен ұлтаралық қақтығыстар, соғыс, құлдық пен қысым жайлы ойлап көріңізші. Тарих беттеріне қан жаққан осы жантүршігерлік азаптың бәрі адам баласына тән кәдімгі істер деп кім шындап айта алады? Әлде бұл көзге көрінбейтін зұлым рухтардың жіті қадағалауымен болып жатқан қасірет пе?
Киелі кітап адамзат үкіметтері мен олардың басшыларына үстемдік етіп жатқан тұлғаның бетпердесін ашып, оның кім екенін дәл айқындап берді. Өздері білсе де, білмесе де, адамзат қоғамы қырып-жоюды мақсат еткен билеушісінің болмысын танытып келеді. Алайда адам баласының Ібілістің езгісінен құтылатын кезі келе ме?
Ібілістің ақырғы демі шығатын кез
Иса пайғамбардың І ғасырда атқарған жердегі қызметі Ібіліс пен оның жын-перілерінің жуырда өлімге кесілетінін аян етті. Шәкірттері жындарды қалай қуып шыққандарын айтып бергенде, Иса оларға: “Шайтанның көктен найзағайша құлап түскенін көрдім”,— деген болатын (Лұқа 10:18). Осы сөздерімен Иса бас періште Микайл ретінде көкке оралғаннан кейін дүниенің билеушісін жеңетініне деген қуанышын білдірген (Аян 12:7—9). Киелі кітап пайғамбарлықтарын мұқият қарастырсақ, бұл жеңістің 1914 жылы не содан көп ұзамай орын алғанын анық көруге боладыa.
Сол уақыттан бері Ібіліс өзінің жойылатын уақытының таяп қалғанын біледі. “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде” болғанмен, бүгінде миллиондаған адам оның құрсауынан босады. Киелі кітап бұл адамдарды Ібілістің шын болмысы мен айла-амалдарынан хабардар етіп, көздерін ашқан (Қорынттықтарға 2-хат 2:11). Пауылдың “тыныштық сыйлайтын Құдай жуырда Шайтанды аяқтарыңның астына салып жаныштайды”b деген сөздері оларға үміт береді (Римдіктерге 16:20).
Ібілістің ақырғы демі шығатын кезі жақындап қалды. Иса Мәсіхтің сүйіспеншілікке толы билігі орнағанда, әділ адамдар жерді жұмаққа айналдырып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келеді. Зорлық-зомбылық, жеккөрушілік пен ашкөздік түп-тамырымен жойылады. Киелі кітапта: “Бұрынғылар енді еске алынбай, ойға да келмейтін болады”,— делінген (Ишая 65:17). Осы дүниенің билеушісінен құтылғанда, қандай жеңілдік сезінеміз десеңізші!
[Сілтемелер]
a Осы уақытқа қатысты көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымындағы қосымшаның 215—218 беттерін қараңыз.
b Пауылдың бұл сөздері Жаратылыс 3:15-тегі ең алғашқы Киелі кітап пайғамбарлығымен сәйкес келіп, Ібілістің біржола жойылатынына нұсқайды. Бір Киелі кітап сөздігіне сай, осы оқиғаны сипаттау үшін Пауыл “паршалау, сындыру, күл-талқанын шығарып қирату” дегенді білдіретін грек сөзін қолданған (“Vine’s Complete Expository Dictionary of Old and New Testament Words”).
[9-беттегі сөздер]
Иса Мәсіхтің сүйіспеншілікке толы билігі орнағанда, әділ адамдар жерді жұмаққа айналдырады