Мәсіхшілер бірлігімен Құдайды мадақтайды
“Құдай Рухымен иемденген бірліктеріңді... сақтауға ұмтылыңдар!” (ЕФЕС. 4:3).
1. Ежелгі Ефестегі мәсіхшілер Ехобаны қалай мадақтады?
ЕЖЕЛГІ Ефес қаласындағы мәсіхшілер қауымы араларындағы бірлігімен шынайы Құдай Ехобаны мадақтаған. Өркендеген сауда орталығында тұрған бұл мәсіхші бауырластардың кейбірі құл ұстаған бақуатты байлар болса, кейбірі құл не өте кедей адамдар еді (Ефес. 6:5, 9). Сондай-ақ қауымда яһудилер де болған. Олар шындықты елші Пауыл үш ай мәжілісханада тәлім бергенде естіген. Қауымның басқа мүшелері бұрын Артемидаға табынған және сиқырлықпен айналысқан адамдар еді (Ел. іс. 19:8, 19, 26). Демек, Ефестегі мәсіхшілер қауымы түрлі ортадан шыққан адамдардан құралды. Олардың арасындағы бірлік Ехобаға мадақ әкелетінін мойындап, Пауыл: “Ол қауым арқылы... мәңгі бақи даңқтала берсін!”— деп жазды (Ефес. 3:21 ЖД).
2. Ефестегі қауымның бірлігіне қандай қауіп төнді?
2 Алайда Ефестегі қауымның бірлігіне қауіп төнген болатын. Сондықтан Пауыл ақсақалдарды алдын ала ескертіп: “Өз араларыңнан жалған ілімдерді уағыздап, Мәсіх жолымен жүргендерді теріс жолға азғырушылар шықпақ”,— деген (Ел. іс. 20:30). Оның үстіне, қауымдағы кейбір бауырластар іріткі салатын рухтан толық арылмаған еді. Пауылдың айтуынша, олар — ‘Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың жетегінде жүргендер’ (Ефес. 2:2; 4:22).
Бірлікке баса назар аударған хат
3, 4. Елші Пауыл ефестіктерге жазған хатында бірлікке қалай баса назар аударған?
3 Мәсіхшілер бір-бірімен ауызбіршілікте қызмет ете бергісі келсе, олардың әрқайсысы бірлікті сақтау үшін күш салуға тиіс екенін Пауыл жақсы түсінген. Сондықтан ол бірлікті басты тақырып етіп, Құдай рухының жетелеуімен Ефестегі қауымға хат жолдады. Мысалы, ол Құдайдың мақсаты “көк пен жердегінің бәрін де біріктіріп, Бастығы ретінде Мәсіхтің билігіне тапсыру” екені жайлы жазды (Ефес. 1:10). Сондай-ақ мәсіхшілерді бір ғимаратты құрайтын тастарға теңеп: “Бүкіл рухани құрылыс (сенушілердің бәрі) біріктіріліп, Жаратқан Иеге бағышталған киелі үй болу үшін өсіп жатыр”,— деді (Ефес. 2:20, 21). Бұған қоса, ол яһудилер мен басқа ұлттардан шыққан мәсіхшілердің арасындағы бірлікке ерекше көңіл бөлді және бәрінің шыққан тегі түбінде бір екенін бауырластардың есіне салды. Ехобаның ‘көктегі және жердегі бүкіл әулеті одан өз аты (мен тірлігін) қабылдап алғандықтан’ оның “Әке” екенін түсіндірді (Ефес. 3:5, 6, 14, 15 сілт.).
4 Ефестіктерге арналған хаттың 4-тарауын қарастыру барысында бірлік сақтау үшін бізге неге күш салу керектігін, Ехобаның қалай жәрдемдесетінін және қандай көзқарас көмектесетінін білеміз. Талқылаудың көбірек пайдасы тию үшін осы тарауды түгел оқып шыққаның дұрыс.
Неге бірлік сақтау үшін күш салу қажет?
5. Құдайдың періштелері неге бірлікте қызмет етуде, бірақ неге бізге бірлікті сақтау әлдеқайда қиын?
5 Пауыл Ефестегі бауырластарынан: “Құдай Рухымен иемденген бірліктеріңді... сақтауға ұмтылыңдар”,— деп өтінді (Ефес. 4:3). Мұның маңыздылығын түсіну үшін, Құдай періштелеріне көңіл бөлейік. Жер бетінде бір-біріне тұтастай ұқсас тірі жан жоқ екенін ескерсек, Ехоба көктегі періштелерінің әрқайсысын бірегей етіп жаратты деу қисынды (Дан. 7:10). Бірақ олар Ехобаға бірлікте қызмет етеді, өйткені оған құлақ асады және оның еркін орындайды (Забур 102:20, 21 оқы). Егер адал періштелердің әрқайсысында өзіне тән ерекшелік болса, мәсіхшілердің әрқайсысында ерекшеліктерімен қоса, түрлі кемшіліктері де бар. Сондықтан бірлікті сақтау біз үшін әлдеқайда қиын.
6. Біздікінен өзгеше кемшілігі бар бауырластармен қызметтес болуға қандай көзқарас көмектеседі?
6 Кемелсіз адамдар бірігіп іс атқарғанда, жиі қиындықтар туындайды. Мысалы, бір момын бауырлас қызметке жиі кешігіп келеді, ал басқа бауырлас әрқашан уақтылы келгенімен, мінезі қызбалау делік. Мұндайда қандай қиындық тууы мүмкін? Олардың әрқайсысы басқаның ісінен мін табатын шығар, алайда өзінің әрекеті де мәз емес екенін байқамас. Осындай бауырластар қалайша бірлік сақтап қызмет ете алар еді? Оларға Пауылдың келесі сөздеріндегі көзқарасты ұстанғандары көмектеседі. “Құдайдың өздеріңді шақыруына лайық өмір сүріңдер деп ескертемін. Барлық жағдайларда кіші пейіл, ілтипатты, бір-біріңе төзімді болып, сүйіспеншілік көрсетіңдер. Құдай Рухымен иемденген бірліктеріңді өзара байланыстырған татулық арқылы сақтауға ұмтылыңдар!” (Ефес. 4:1—3). Мұндай көзқарас бізге де бірлік сақтауға көмектесетіні жайлы ойлан.
7. Басқа кемелсіз мәсіхшілермен бірлікте қызмет етуді үйрену неліктен маңызды?
7 Басқа кемелсіз адамдармен бірлікте қызмет етуді үйрену өте маңызды. Өйткені шынайы ғибадаттағы бауырластар бір денені құрайды. Киелі кітапта былай делінген: “Бәріміз біртұтас рухани денеміз, Құдайдың Рухы да Біреу, сол сияқты Құдай сендерді шақырғанда бірдей үміт берді. Иеміз де, сеніміміз де, шомылдыру рәсіміміз де бірдей. Барлығымыздың бір Құдай Әкеміз бар” (Ефес. 4:4—6). Ехоба киелі рухы мен батасын тек бір ғана бауырластыққа беруде. Егер қауымда біреу бізді ренжітсе, қайда бармақпыз?! Мәңгілік өмірге жеткізетін сөзді басқа еш жерден ести алмаймыз ғой (Жох. 6:68).
Сый ретінде берілген адамдар бірлікке ықпал етуде
8. Бірлігімізді нығайту үшін Иса кімдер арқылы көмектесуде?
8 Елші Пауыл ежелгі кездегі сарбаздың бір ісін мысал ретінде келтіріп, Исаның қауымды біріктіруге “сый ретінде берілген адамдарды” (ЖД) қолданатынын түсіндірді. Жеңімпаз сарбаз тұтқынға алған адамды құлы етіп, үй шаруасына көмектесу үшін әйеліне алып келетін болған (Заб. 67:1, 12, 18). Сол сияқты, осы дүниені жеңген Иса өз еріктерімен құл болған көп адамды әкелуде (Ефестіктерге 4:7, 8 оқы). Иса бейнелеп айтылған бұл құлдарды қандай мақсатпен қолданады? Киелі кітап былай дейді: “Ол рухани дарындар сыйлап, сенушілердің біреулерін елші, біреулерін пайғамбар, тағы басқаларын Ізгі хабарды таратушы, енді біреулерін қауымның рухани бағушысы немесе тәлімгері етіп тағайындады. Олар Құдайдың халқын өз қызметтерін атқаруға дайындауға тиіс. Соның нәтижесінде Мәсіхтің рухани денесі өсіп, күшейе бермек. Осылайша бәріміз бірге Құдайдың рухани Ұлына сеніп... біртұтас, жетілген қауым болмақпыз” (Ефес. 4:11—13).
9. а) “Сый ретінде берілген адамдар” бірлігімізді сақтауға қалай көмектесуде? ә) Неге қауымның бірлігіне оның әрбір мүшесі үлес қосуы қажет?
9 Сый ретінде берілген адамдар отарға сүйіспеншілікпен қамқорлық жасап, ынтымағымызды сақтауға көмектесуде. Мысалы, ақсақалдар қауымда екі бауырластың бір-біріне ашуланып қалғанын байқаса, екеуіне де оңашада кеңес береді, яғни “ілтипаттылық танытып түзу жолға қайтаруға ұмтылады”. Осылайша олар қауымның бірлігін сақтауға зор септігін тигізеді (Ғал. 5:26—6:1). Сондай-ақ ‘сый ретінде берілген адамдар’ Киелі кітапқа негізделген тәлімдерімен сенімімізді нығайтуға көмектесуде. Демек, олар бірлігімізді нығайтып, мәсіхші ретінде толысуымызға жәрдем береді. Соның арқасында біз, Пауыл айтқандай, “бұдан былай әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілесіп, қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп, азғындық жолға түсуден аулақ боламыз” (Ефес. 4:13, 14). Денедегі әр мүше өз қызметімен басқа мүшелерді қажетімен қамтамасыз етіп, бүкіл дененің күшеюіне үлес қосқаны сияқты, әрбір мәсіхші бауырластығымыздың ынтымағына өз үлесін қосуы қажет (Ефестіктерге 4:15, 16 оқы).
Жүріс-тұрысты жаңарту
10. Азғындық бірлігімізге қалай қауіп төндіреді?
10 Елші Пауылдың ефестіктерге жазған хатының 4-тарауынан толысқан мәсіхшілердің бірлік сақтау үшін сүйіспеншілік танытуы өте маңызды екенін байқадың ба? Сүйіспеншілік танытуға, мысалы, азғындық пен жүгенсіздіктен аулақ болу жатады. Пауыл бауырластарын ‘құдайсыз халықтардың түкке тұрғысыз ойларына сай өмір сүрмеуге’ шақырды. Себебі олар ‘ұяттан әбден безген’ және ‘жүгенсіздікке салынған’ еді (Ефес. 4:17—19). Моральдық жағынан құлдыраған осы дүние біздің бірлігімізге қауіпті. Адамдар азғындық жайлы қалжыңдайды, оны әнге қосып айтады, көңіл көтеру үшін әдепсіздіктің суреттерін көреді, сондай-ақ азғындықпен ашық не жасырын түрде айналысады. Тіпті қылымсу мен қырындаудың өзі мәсіхшінің Ехобамен және қауыммен қарым-қатынасын бұзады. Өйткені мұндай әрекет басқа адамды неке құру ниетінсіз жыныстық қатынасқа еліктіру болып табылады, әрі ақыр соңында азғындыққа әкеп соғады. Сондай-ақ жұбайы бар адамға қылымсу немесе қырындаудың салдарынан отбасы ойран болып, балалар ата-анасынан бөлек тұруы және кінәсіз жары некелік серігінен ажырауы мүмкін. Бұл бірліктің бұзылғаны емес пе?! Олай болса, елші Пауылдың: “Сендердің Мәсіх туралы үйренгендерің мұндай емес еді ғой!”— дегені бізді таңғалдырмайды (Ефес. 4:20, 21).
11. Киелі кітап қандай өзгеріс жасауға талпындырады?
11 Пауыл бізді қарым-қатынасты бұзатын ойлардан арылуға және басқалармен бірлікте өмір сүруге көмектесетін көзқарас дамытуға шақырып, былай деді: “Алдамшы құмарлықтарымен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәкар болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар! Рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын; осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!” (Ефес. 4:22—24). Қалай ‘ақыл-ойымызды түгелдей жаңарта аламыз’? Құдай Сөзінен білгендеріміз жайлы ризашылықпен ой жүгіртсек, толысқан мәсіхшілердің үлгісіне еліктесек, әрі өз тарапымыздан күш салсақ, Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа адам бола аламыз.
Жаңаша сөйлеуді үйрену
12. Шындықты айту қалай бірлікке септігін тигізеді және неге кейбіреулер үшін бұл өте қиын болуы мүмкін?
12 Отбасының немесе қауымның мүшелері бір-біріне шындықты айтулары керек. Шыншылдықпен, ашық әрі мейіріммен сөйлесу адамдарды жақындатады (Жох. 15:15). Бірақ адам бауырласына өтірік сөйлесе ше? Мұнысы әшкере болғанда, бір-біріне деген сенімі әлсірейді. Сондықтан Пауылдың: “Өтірікті тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар! Бірігіп бір рухани дененің мүшелеріміз ғой”,— дегені бекер емес (Ефес. 4:25). Адам өтірік сөйлеуге кішкентайынан әдеттенген болса, шындықты айтуды үйрену оңай болмауы мүмкін. Бірақ Ехоба өзгеруге тырысқан адамды ұнатады, әрі оған көмектеседі.
13. Қорлау сөздерден арылу үшін не істеу қажет?
13 Ехоба бізді қауымда және отбасында қалай сөйлейтінімізді қадағалауға, басқаларға құрмет көрсетуге және бірлікті сақтауға үйретеді. Пауыл: “Ауыздарыңнан жаман сөз [шықпасын]... Әр қилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қорлау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар!”— деген (Ефес. 4:29, 31). Қорлау сөздерден арылу үшін басқаларға құрметпен қарауды үйренуіміз керек. Мысалы, әйеліне қорлау сөздер айтатын ер адам оған деген көзқарасын Ехобаның көзқарасына сай өзгертуі қажет. Өйткені Құдай әйелдерге құрмет көрсетеді. Тіпті оларды Мәсіхпен бірге билік ететін патшалар болуға киелі рухпен тағайындаған (Ғал. 3:28; Пет. 1-х. 3:7). Сол сияқты, үнемі күйеуіне айғайлап, жүйкесін тоздыртатын әйел өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмаған Исаға еліктеп, өзгеруге тырысуы керек (Пет. 1-х. 2:21—23).
14. Неліктен ашуға берілу қауіпті?
14 Қорлау сөздің ашуға берілгенде ауыздан шығып кетуі оп-оңай. Ашудың кесірінен жақын адамдар бір-бірінен ажырап кетіп жатады. Ашуды отқа теңеуге болады, ол әп-сәтте бой алдырмай кетеді де, айналадағыны жалмап жоқ қылады (Нақ. с. 29:22). Адам әділ деп есептеген наразылығын білдіргенде, бағалы қарым-қатынастың бұзылмауы үшін ашуын жүгендеуі керек. Мәсіхшілерге ыза-кек сақтамай немесе болған жайтты қайта-қайта көтере бермей, кешірімділікке үйренген дұрыс (Заб. 36:8; 102:8, 9; Нақ. с. 17:9). Пауыл ефестіктерге былай деп кеңес берді: “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар” деп жазылған: күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар, сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!” (Ефес. 4:26, 27). Біз ашуға берілгенде, Шайтанның қауым арасына іріткі салуына, тіпті ұрыс-керіс шығаруына жол ашылады.
15. Басқа біреудің затын рұқсатсыз алғанымыздың қандай зияны бар?
15 Басқа біреудің затын рұқсатсыз алмайтын болсақ, қауымның бірлігіне үлес қосамыз. Киелі кітапта: “Ұры болған енді ұрламасын”,— делінген (Ефес. 4:28). Ехоба халқының арасында бір-біріне деген сенім бар. Қандай да бір мәсіхші басқа біреудің затын алса, ол осы сенімге қиянат жасап, қауымның бірлігіне зиянын тигізеді.
Құдайға деген сүйіспеншілік бізді біріктіреді
16. Жақсы сөзбен қалай бірлігімізді нығайта аламыз?
16 Мәсіхшілер қауымының бірлігіне Құдайға деген сүйіспеншіліктің басқаларға да сүйіспеншілік танытуға қозғау салғанының арқасында қол жеткізілді. Ехобаның қайырымдылығына деген ризашылық бізді келесі кеңеске барынша құлақ асуға талпындырады: “Ауыздарыңнан... жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп, игілік сепсін... Бір-біріңе мейірімді де жан ашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар” (Ефес. 4:29, 32). Ехоба біз сияқты кемелсіз адамдарды рақымдылықпен кешіреді. Олай болса, бізге де басқа біреудің кемелсіздігін кешіру керек емес пе?!
17. Неге бірлікті сақтауға барынша тырысуымыз керек?
17 Құдай халқының бірлігі Ехобаға мадақ әкеледі. Оның киелі рухы бізді әртүрлі жолмен ынтымақты сақтауға талпындырады. Сондықтан киелі рухтың бізді жетелеуіне ешнәрсенің кедергі болғанын қаламаймыз. Пауыл: “Құдайдың Киелі Рухын ренжітуден аулақ болыңдар!”— деп жазды (Ефес. 4:30). Бірлік — сақтауға тұрарлық қазына. Себебі ол бәрімізге қуаныш берсе, Ехобаға мадақ әкеледі. “Сонымен, сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар” (Ефес. 5:1, 2).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қандай көзқарас мәсіхшілердің бірлігіне септігін тигізеді?
• Қандай жүріс-тұрыс қауымның бірлігін нығайтады?
• Жақсы сөз басқалармен ауызбіршілікте қызмет етуге қалай көмектеседі?
[17-беттегі сурет]
Түрлі ортадан шығып, бірлікте өмір сүріп жатқандар
[18-беттегі сурет]
Қылымсу мен қырындаудың қауіпті екенін түсінесің бе?