Ұстамдылық танытып, жеңіс жүлдесін иелен!
“Әрбір жарыскер барлық жағынан қатаң ұстамдылық танытады” (1 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 9:25).
1. Ефестіктерге 4:22—24 тармақтарға сай қалай миллиондаған адамдар Ехобаның еркін орындауға келісті?
ЕГЕР шомылдыру рәсімінен өткен Ехоба Куәгері болсаң, онда сен жұрт алдында мәңгілік өмір сыйы үшін жарысқа түскеніңді жариялағансың. Сен Ехобаның еркін орындауға келіскенсің. Көпшілігіміз Ехобаға бағышталар алдында шешіміз шынайы әрі Ехоба қабылдайтындай болу үшін, көптеген маңызды өзгерістер жасадық. Елші Пауылдың қорынттықтарға: “Алдамшы құмарлықтарымен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәкар болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар... Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!” — деп жазған кеңесіне сай әрекет еттік (Ефестіктерге 4:22—24). Былайша айтқанда, Құдайға өзімізді бағыштамас бұрын, біз бұрынғы өмір салтынан бас тартып, оған “жоқ” деген болатынбыз.
2, 3. 1 Қорынттықтарға 6:9—12 тармақтар Құдайға ұнамды болу үшін қандай екі түрлі өзгеріс жасалу керек екенін көрсетеді?
2 Болашақ Ехоба Куәгері арылуға тиіс ескі болмыстың іс-әрекеттері Құдай сөзінде тікелей айтылған. Пауыл өзінің қорынттықтарға жазған хатында солардың кейбірін келтіріп: “Азғындар, жалған тәңірлерге құлшылық етушілер, неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектер, ұрылар, дүниеқоңыздар, маскүнемдер, өсекшілер және тонаушылар үшін Құдай Патшалығында орын жоқ!” — деген. Ол бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің өз өмірлерінде маңызды өзгерістер жасағанын көрсетіп: “Бұрын кейбіреулерің сондай болдыңдар”,— деп қосты. Байқашы, ол сондайсыңдар деген жоқ, сондай болдыңдар деген (1 Қорынттықтарға 6:9—11).
3 Пауыл әрі қарай да өзгерістер жасау қажет болуына меңзеп: “Мен үшін бәрі де заңды, алайда бәрі бірдей пайдалы емес”,— деді (1 Қорынттықтарға 6:12, ЖД). Сондықтан бүгінде Ехоба Куәгері болғысы келетіндер заңды болғанымен, пайдасыз не уақытша ғана пайдасы бар нәрселерге де “жоқ” деудің қажет екенін түсінеді. Бұған ең маңызды нәрсеге ұмтылуға кедергі жасайтын, уақытты босқа кетіретін не көңілімізді бөлетін нәрселер жатуы мүмкін.
4. Құдайға өмірін бағыштаған мәсіхшілер Пауылдың қандай көзқарасына қосылады?
4 Құдайға өзін бағыштау — тым үлкен құрбандық болатындай, құлықсыз жасалатын қадам емес, қайта қуана жасалатын қадам. Өзін бағыштаған мәсіхшілер Пауылдың Мәсіх жолына түскеннен кейін айтқан келесі сөздерімен келіседі: “Оған (Мәсіхке) бола бұлардың бәрінен бас тартып, барлығын да түкке тұрғысыз сыпырынды санаймын. Осылайша қабылдайтын сыйым — Мәсіхтің Өзі” (Філіпіліктерге 3:8). Пауыл Құдайдың еркін орындай беру үшін түкке тұрғысыз нәрселерден бас тартып, “жоқ” деуге қуанышты болған.
5. Пауыл қандай жарысты нәтижелі аяқтады және қалай біз де солай аяқтай аламыз?
5 Пауыл өзінің рухани жарысында ұстамды болды, сөйтіп соңында: “Мен “игі жарысқа” қатысып, мәреге жеттім, сенімімді сақтап қалдым. Енді мені “жеңімпаздың жүлдесі” — “әділдіктің тәжі” күтіп тұр, оны маған сол күні әділ Төреші — Иеміз бермек; тек маған емес, Оның қайта оралып, анық көрінуін сүйіспеншілікпен күткендердің бәріне де сыйлайды”,— деп айта алды (2 Тімотеге 4:7, 8). Біз де бір күні осылай айта алар ма екенбіз? Егер мәсіхшілер жарысында қажымай, мәреге дейін сеніммен ұстамды болсақ, айта аламыз.
Жақсылық жасау үшін ұстамдылық
6. Ұстамдылық деген не және оны қандай екі салада танытуымыз керек?
6 Киелі кітаптағы “ұстамдылық” деп аударылған еврей және грек сөздері тура мағынада адамның өз-өзіне ие болуын немесе өзін қадағалап ұстауын білдіреді. Бұл жиі жаман нәрсеге барудан аяқ тарту деген ойды береді. Алайда жақсы нәрсе істеу үшін де белгілі шамада ұстамдылық қажет. Кемелсіз адам жамандық жасауға бейім, сондықтан екі күресті қатар жүргіземіз (Екклесиаст 7:29; 8:11). Жамандық жасамау үшін өз-өзімізді тізгіндей отырып, жақсылық жасау үшін өзімізді күштеуіміз керек. Шынында да, жамандықтан аулақ болудың ең тиімді жолы — жақсылық жасау үшін өз-өзімізді қолға алу.
7. а) Дәуіт сияқты не жайлы дұға етуіміз керек? ә) Не жайлы ойланғанымыз ұстамдылықты арттыруға көмектеседі?
7 Құдайға өзімізді бағыштағанымызға сай өмір сүру үшін ұстамдылықтың маңызды екені анық. Бізге де Дәуіт сияқты: “Құдайым, жүрегімді тазартып, рухымды берік қылып, жаңарта гөр”,— деп дұға ету қажет (Забур 50:12). Ар-ұждан мен тән саулығына зиянды іс-әрекеттерден аулақ жүрудің пайдасы жайында ойланғанымыз жақсы. Бұндай іс-әрекеттердің нашар денсаулық, бұзылған қарым-қатынас, ерте өлу сияқты салдары жайлы ойлашы. Ал бұған керісінше, Ехоба ұсынып отырған өмір жолының жеткізетін көптеген игілігі жайлы да ойлап көр. Алайда шындыққа тура қарап, жүрегіміздің алдампаз екенін де ұмытпағанымыз жөн (Еремия 17:9). Ехобаның нормаларын ұстанудың маңыздылығын ұмытпас үшін жүректі қорғауда берік болуымыз керек.
8. Өз бойымыздағы жағдай қандай шындықты көрсетеді? Түсіндіріңдер.
8 Көпшілігіміз өз басымыздағы жағдайдан тәніміздің құлықсыздығы құлшынып тұрған рухты жиі сөндіруге тырысатынын білеміз. Мысалы, Патшалық туралы уағыздау ісін алайық. Ехоба адамдардың осы өмірлік маңызды істегі құлшыныстарын көріп қуанады (Забур 109:3; Матай 24:14). Көпшілігімізге жұртқа уағыз айтуды үйрену оңай болған жоқ. Ол үшін тәннің қалауына бой алдырмай, өзімізді “ауыртпалықтарға душар еткізіп, өзімізге бағындырып’ ұстауға тура келді, мүмкін әлі де бағындырып жүрген болармыз (1 Қорынттықтарға 9:16, 27; 1 Салониқалықтарға 2:2).
Қай мағынада “барлық жағынан?”
9, 10. ‘Барлық жағынан қатаң ұстамдылық танытуға’ не жатады?
9 Киелі кітаптың ‘барлық жағынан қатаң ұстамдылық таныту’ деген кеңесі тек мінездің байсалдылығы мен жаман қылықты жүгендеуге ғана қатысты емес. Мүмкін біз бұл жағынан ұстамды болуды үйренгенімізді байқайтын шығармыз, олай болса, бұл — қуантарлық жай. Алайда ұстамдылық қажет екені онша байқала қоймайтын өміріміздің басқа саласы жайлы не деуге болады? Айталық, біз өмір деңгейі айтарлықтай жоғары елде тұрамыз. Онда ақшаны оңды-солды шаша беруге “жоқ” деуді үйренген абзал емес пе? Көпшілік алып жатыр екен, сәнді екен немесе ақша жеткілікті екен деп көзге көрінгенді сатып ала бермеуді ата-ананың балаға үйреткені жөн. Әрине, ата-ана өз үлгісімен көрсететін болса, берген тәрбиесі әсерлі болады (Лұқа 10:38—42).
10 Барға қанағат етуді үйрене отырып бойымыздағы ерікті нығайта аламыз. Бұл сондай-ақ қолдағы бар мүлкіміз үшін ризашылығымызды арттырады, әрі сол нәрселерсіз амалсыз күн көріп жүргендерге әлдеқайда түсінушілікпен қарайтын боламыз. Шынында да, “қалағаныңнан бас тартпа” не “бұл тек сен үшін” деген сияқты кең тараған көзқарастан қарапайым өмір салты мүлдем өзгеше. Жарнама әлемі қалағаныңды сол заматта қанағаттандыруға шақырады, ал бұл өз пайдасын көздеп жасалатын әрекет. Бұндай жағдай біздің ұстамдылық танытуымызды қиындатуы мүмкін. Жақында өркениетті Еуропа елінің бір журналында мынадай жайтқа көңіл қойылған болатын: “Жағымсыз қалауды тізгіндеп отыру үшін өз-өзімен күрес жүргізу қайыршылықта күн кешіп жатқан елдегі адамдарға қажет болса, молшылықта, үлде мен бүлдеге оранған елде тұрып жатқандар үшін бұл әлдеқайда қажет!”
11. Барға қанағат етуді үйрену пайдалы, бірақ оған не нәрсе кедергі жасайды?
11 Егер де қандай да бір нәрсені алғымыз келіп тұрған не шын қажет зат екенін ажырату қиын болатын болса, дұрыс емес шешімнің алдын алатын шара жасаған дұрыс болар. Мысалы, ақшаны босқа жұмсау бейімділігіне тосқауыл қойғымыз келсе, мүмкін несиге зат алудан бас тартуды немесе дүкен аралауға шектеулі ақшамен ғана шығуды дұрыс көрерміз. Пауылдың “Құдайға ұнамды өмір сүріп, барға қанағат ету зор рухани байлыққа жеткізетінін” айтқанын еске түсірші. Себебін түсіндіріп ол: “Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, ештеңе алып кетпейтініміз де айдан анық. Сондықтан ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік”,— деді (1 Тімотеге 6:6—8). Ал біз ше? Артық зат жинау құмарлығының кез келген түрінен арылып, қарапайым өмір кешуді үйрену үшін ерік күші мен ұстамдылық қажет. Алайда бұл үйренуге тұрарлық нәрсе.
12, 13. а) Мәсіхші кездесулерінде қай жағынан ұстамдылық қажет? ә) Басқа қандай салада ұстамдылық дамытуымыз керек?
12 Мәсіхшілердің кездесулерінде, конгрестерінде де ұстамдылық таныту қажет болады. Мысалы, бағдарлама кезінде ойымыз басқа жаққа лағып кетпеу үшін осы қасиеттің маңызы зор (Нақыл сөздер 1:5). Ұстамдылық жанымызда отырғандармен сыбырласып сөйлесіп, басқаларға кедергі жасамай, баяндамашыны ықылас қойып тыңдауға көмектесуі мүмкін. Кездесуге кешікпей уақтылы келуді дұрыс жоспарлау үшін де ұстамдылық қажет. Сондай-ақ ол кездесулерге дайындалу үшін уақыт бөліп, кейін талқылауға қатысу үшін де керек.
13 Кішкене істе ұстамды болғанымыз, үлкен істе де ұстамды болуға көмектеседі (Лұқа 16:10). Сондықтан Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді үзбей оқу, оларды зерттеп, білген мәліметтің үстінен ой жүгірту үшін өз-өзімізді қолға алғанымыз қандай керемет! Сондай-ақ жаман істер мен жора-жолдастарға, көзқарастарға, жүріс-тұрысқа қатысты немесе Құдайға қызмет етуге арнағымыз келген қымбат уақытымызды сарып ететін істерге қатысты мәселелерде өзімізге тиым салып отырғанымыз жөн. Ехобаға қызмет етуде белсенділік танытатын болсақ, рухани жұмақ болып табылатын дүниежүзілік қауымнан алыстататын нәрселерден аулақ жүреміз.
Ұстамдылық арқылы есейген адам болу
14. а) Балаларға ұстамды болуды қалай үйрету керек? ә) Жастайынан ұстамдылыққа үйренгеннің қандай пайдасы бар?
14 Жаңа туған нәрестеге ұстамдылық деген мүлдем жат нәрсе. Баланың қылығын зерттеушілер былай түсіндіреді: “Ұстамдылық өздігінен не бірден пайда болмайды. Нәресте мен сәбилерге ұстамдылық дамытуда ата-ананың басшылығы мен қолдауы қажет... Балалар ұстамдылықты мектеп жасында ата-ананың басшылығымен бірте-бірте дамытады”. Төрт жасар балалармен жүргізілген зерттеу ұстамды болуға біршама болса да үйренген балалардың “әдетте әлдеқайда адамға үйір, пысық, өзіне сенімді, тиянақты болып өскенін” көрсетті. Ал бұндай тәлім алмағандар “жалғызсырайтын, тез қапа болғыш не қыңыр болып өскен. Олар қысымға, қиындықтарға төтеп бере алмайды”. Бала байсалды адам болып өсу үшін ұстамдылыққа жастайынан үйрету қажет екені анық.
15. Ұстамсыздық ненің белгісі, ал Киелі кітап алдымызға қандай мақсат қоюға шақырады?
15 Сол сияқты біз ересектей кемелді болған мәсіхші болу үшін ұстамдылық танытуды үйренуіміз керек. Оның жоқтығы — әлі де рухани бала екеніміздің белгісі. Киелі кітап ‘ұғынуға келгенде ересектей кемелді болуға’ шақырады (1 Қорынттықтарға 14:20). Біздің мақсатымыз — “Құдайдың рухани Ұлына сеніп, Оны жақын білу арқылы Мәсіхтің кемелдігіне сай келетін біртұтас, жетілген ер адам болу”. Не үшін? ‘Әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілесіп, қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп, азғындық жолға түсуден аулақ болу’ үшін (Ефестіктерге 4:13, 14). Ұстамды болуды үйрену рухани денсаулығымыз үшін өте маңызды екені анық.
Ұстамдылықты дамыту
16. Бізге Ехоба қалай көмектеседі?
16 Ұстамдылық дамыту үшін бізге Құдайдың көмегі қажет, әрі ол көмек бізде бар да. Құдай сөзі кемелді айна секілді бізге өзгеру керек жақтарымызды көрсетіп, соған қажет кеңес береді (Жақып 1:22—25). Сүйіспеншілікке толы бауырластарымыз да көмек беруге дайын. Мәсіхші ақсақалдар жеке өзімізге жәрдем ұсыну арқылы түсінушілік танытады. Ехобаның өзі де дұға айтып сұрағанда, киелі рухын молынан береді (Лұқа 11:13; Римдіктерге 8:26). Олай болса, осылардың бәрін қуана қабыл алайық. Осы бетте пайдалы кеңестер берілген.
17. Нақыл сөздер 24:16 бізді қалай жігерлендіреді?
17 Ехобаның оған ұнамды болуға барынша тырысып жүргенімізді бағалайтынын білген қандай жұбаныш! Бұл бізді бұдан былай да қажымай ұстамдылық дамыта беруге талпындыру керек. Қаншама рет сүрініп құласақ та, ешқашан берілмеуіміз керек. “Әділ адам жеті рет құлап, қайтып тұрады” (Нақыл сөздер 24:16). Жетістік жасаған сайын өз-өзімізге риза болуымыз керек. Сондай-ақ Ехобаның да бізбен бірге риза болатынына сенімді бола аламыз. Бір бауырласымыз өзін Ехобаға бағыштамас бұрын, апта бойы темекі шекпей ұстамды болғанын, темекіге жұмсап жүрген ақшасына бір пайдалы нәрсе сатып алып, өзіне сыйлық жасағанын айтады.
18. а) Ұстамдылық үшін күресуге не жатады? ә) Ехоба қандай уәде берді?
18 Ең бастысы, ұстамдылықтың ойға да сезімге де қатысы бар екенін есте ұстауымыз керек. Бұны Исаның келесі сөздерінен көреміз: “Кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны” (Матай 5:28; Жақып 1:14, 15). Ойын да, сезімін де тізгіндей білген адамға бүкіл денесін де тізгіндеп ұстау оңайырақ болады. Олай болса, жаман нәрсені істеуден де, оны ойлаудан да аулақ жүру үшін өзімізді қолға алайық. Жаман ой келсе, сол заматта арылуға әрекет жасайық. Дұға айта жүріп назарымызды Исаға аударғанымыз азғырулардан сақтайды (1 Тімотеге 6:11; 2 Тімотеге 2:22; Еврейлерге 4:15, 16). Қолымыздан келгеннің бәрін істеуге тырысып, Забур 54:23-тегі: “Барлық уайымыңды Тәңірге тапсыр, сонда Ол сені демейді. Әділеттінің сүрінуіне Ол ешқашан жол бермейді”,— деген кеңесті қабыл аламыз.
Естеріңде ме?
• Қандай екі салада ұстамды болуымыз керек?
• ‘Барлық жағынан қатаң ұстамдылық таныту’ деген нені білдіреді?
• Осы талқылау барысында ұстамдылық дамыту үшін берліген тиімді кеңестердің қайсысына ерекше көңіл бөлдің?
• Ұстамдылық дамытуды неден бастау қажет?
[17-беттегі қоршау/суреттер]
Ұстамдылықты күшейту үшін...
• оны кішкене істерде де дамыт
• оның қазіргі және кейінгі пайдасы жайлы ойлан
• Құдайға ұнамайтын нәрселердің орнын ұнайтындармен алмастыр
• жаман ойлардан тез арада арыл
• ойыңды рухани жігерлендіретін нәрселермен толтыр
• рухани толысқан бауырластардың көмегін қабыл ал
• азғырылуың мүмкін жағдайлардан аулақ жүр
• азғыруға ұшырағанда, Құдайдан көмек сұрап дұға ет
[15-беттегі суреттер]
Ұстамдылық адамға жақсылық жасатады