Мәсіхшілер бір-бірін қажет етеді
“Бірігіп бір рухани дененің мүшелеріміз” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 4:25).
1. Бір энциклопедияда адамның денесі туралы не делінген?
АДАМНЫҢ денесі керемет жаратылған! “Уорлд бук” энциклопедиясында былай делінген: “Кейде жұрт адамның денесін бұрын-соңды құрастырылған механизмдердің ең кереметі дейді. Әрине, адамның денесі механизм емес. Бірақ оның механизммен көп ұқсастығы бар. Механизм сияқты адамның денесі де көптеген бөлшектерден не мүшелерден тұрады. Механизмнің әрбір бөлшегі сияқты дененің әрбір мүшесінің өзіне тән атқаратын жұмысы бар. Бірақ олардың бәрі бірге іске қосылып, дененің немесе механизмнің үйлесімді жұмыс істеуіне ықпал етеді”.
2. Қай жағынан адамның денесі мен мәсіхшілер қауымының арасында ұқсастық бар?
2 Адам денесінің әр түрлі “бөлшектері” немесе мүшелері бар, әрі олардың әрқайсысы пайдалы жұмыс атқарады. Дененің бірде-бір тамыры, бұлшық еті яки қандай да бір басқа қажетсіз мүшесі болмайды. Сол сияқты мәсіхшілер қауымының мүшелерінің әрқайсысы қауымның рухани саулығы мен әсемдігі үшін үлес қосып отырады (1 Қорынттықтарға 12:14—26). Қауым мүшелерінің ешқайсысы өзін басқалардан жоғары санамауы керек, сондай-ақ ешкім өзін қажетсіз де сезінбеуі керек (Римдіктерге 12:3).
3. Ефестіктерге 4:25 тармағы мәсіхшілердің бір-бірін қажет ететіндігіне қалай нұсқайды?
3 Дененің бір-бірімен байланысып жатқан мүшелері іспетті мәсіхшілер де бір-бірін қажет етеді. Елші Пауыл рухпен майланған мәсіхшілерге: “Өтірікті тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар! Бірігіп бір рухани дененің мүшелеріміз ғой”,— деген (Ефестіктерге 4:25). Рухани Исраил, немесе ‘Мәсіхтің рухани денесі’, ‘бірігіп бір дененің мүшелері’ болғандықтан, олар бір-біріне шындықты айтады, сондай-ақ жұмыла әрекет етеді. Иә, олардың әрқайсысы бір-бірінің меншігінде (Ефестіктерге 4:11—13). Оларға жерде өмір сүруге үміті бар адал мәсіхшілер де қосылып, қуана бірге қызмет атқаруда.
4. Шындыққа жаңадан келгендерге қалай көмектесуге болады?
4 Жыл сайын жердегі жұмақта өмір сүруге үміттенетін мыңдаған адам суға шомылдыру рәсімінен өтуде. Олардың ‘одан бетер жетілулері үшін’ қауымның мүшелері қуана-қуана көмектеседі (Еврейлерге 6:1—3). Мұндай көмек Киелі кітап іліміне қатысты сұрақтарына жауап беру немесе уағыздағанда іс жүзінде көмек көрсетуден тұруы мүмкін. Жаңадан қосылғандарға мәсіхшілер қауымында үнемі түсініктемелер беріп, жақсы үлгі көрсетуімізбен де көмектесе аламыз. Ал қайсыбірі қиыншылыққа тап болса, жігерлендіріп не жұбатуымызға болады (1 Салониқалықтарға 5:14, 15). Біз өзгелердің ‘шындық жолымен жүруіне’ көмектесудің жолдарын іздеуіміз керек (3 Жохан 4). Жас болсақ та, кәрі болсақ та, шындық жолымен жүруді енді ғана немесе біраз жылдар бұрын бастаған болсақ та, біз бауырластарымызға рухани жағынан көмектесе аламыз. Біз оларға қажетпіз.
Бауырластарына көмек көрсеткендер
5. Ақила мен Прискила Пауылға қалай көмектескен?
5 Бауырластарына көмектесуден қанағат сезіміне бөленетіндердің бірі — ерлі-зайыптылар. Мысалы, Ақила мен оның әйелі Прескила Пауылға көмектескен. Олар оны өз үйлеріне қабылдап, онымен бірге шатыр жасаған және Қорынттағы жаңа қауымды рухани нығайтуға көмектескен (Елшілердің істері 18:1—4). Қандай да бір бізге беймәлім жағдайда олар Пауыл үшін өмірлерін қатерге де тіккен. Пауыл Римде болған кезінде Қорынттағы мәсіхшілерге: “Мәсіх Исаның қызметіндегі әріптестерім Прискила мен Ақилаға сәлем айтыңдар. Олар мен үшін өмірін қиюға дайын болды. Бұған өзім ғана емес, халықтардың күллі қауымдары да алғыс айтуда. Екеуінің үйінде бас қосатын қауымға да сәлемімімді жеткізіңдер”,— деп жазған (Римдіктерге 16:3, 4). Ақила мен Прискила іспетті бүгіндегі кейбір мәсіхшілер де қауымды рухани нығайтып, бауырластарына жан-жақты көмектесуде. Олар Құдайдың өзге қызметшілеріне қатыгездік көрсетіліп немесе қудалаушылардың қолынан өліп кету қаупі туғанда, кейде, тіпті өз өмірлерін қатерге де тігеді.
6. Аполлосқа қандай көмек көрсетілді?
6 Ақила мен Прискила Ефестің тұрғындарына Иса Мәсіх туралы уағыздап жүрген сөзге шешен мәсіхші Аполлосқа да көмектескен. Ол кезде Аполлос Заң келісіміне қарсы жасаған күнәсына өкінгендігін білдіру үшін жасалатын Жақияның шомылдыру рәсімін ғана білген. Оған көмек керек екенін көрген Ақила мен Прискила “Тәңір жолын толығырақ түсіндіріп берді”. Олар мәсіхші ретінде суға шомылдыру рәсімінен өту толығымен суға батырылу мен киелі рухты қабылдаудан тұратынын түсіндірсе керек. Аполлос мұны бірден қағып алады. Кейінірек Аполлос Ахаяда ‘Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін Киелі жазбаларға сүйене отыра дәлелдеп, яһудилердің ой-пікірлерінің дұрыс еместігін әшкерелейді’ (Елшілердің істері 18:24—28). Бауырластарымыздың берген түсініктемелері жиі біздің Құдай Сөзін анағұрлым терең түсінуімізге көмектеседі. Осы тұста да біз бір-бірімізге қажетпіз.
Материалдық жағынан көмектесу
7. Бауырластары мұқтаждық көргенде філіпіліктер не істеді?
7 Філіпі қауымындағы мәсіхшілер Пауылды бар пейілдерімен жақсы көретін және Салониқада жүргенде оған материалдық көмек жібереді (Філіпіліктерге 4:15, 16). Иерусалимдегі бауырластар мұқтаждық көргенде де філіпіліктер даярлықпен материалдық көмек көрсетіп, тіпті артығымен береді. Пауыл Філіпідегі бауырластарға қатты риза болып, оларды басқаларға үлгі ететін (2 Қорынттықтарға 8:1—6).
8. Епафродит қандай рух танытқан?
8 Пауыл түрмеде жатқанда, філіпіліктер оған материалдық көмек қана емес, өкілдері ретінде Епафродитті де жіберген. Пауыл: “Ол [Епафродит] Мәсіхтің ісі үшін өлім халінен қалды. Маған сендер бере алмаған көмекті ол басын өлімге тіге отыра көрсетті”,— деді (Філіпіліктерге 2:25—30; 4:18). Епафродит ақсақал не қызмет көмекшісі болған ба, жоқ па бізге беймәлім. Сөйтсе де ол жанқияр, елгезек мәсіхші болған әрі Пауыл расында да оның көмегіне мұқтаж еді. Сендердің қауымдарыңда да Епафродит сияқты бауырластар бар ма?
Өзгелерге ‘тірек’ болғандар
9. Не нәрседе Арыстарққа еліктеуімізге болады?
9 Ақила, Прискила және Епафродит іспетті сүйіспеншілікке толы бауырластар кез келген қауым үшін өте бағалы. Ал кейбір бауырластарымыз бірінші ғасырда өмір сүрген Арыстарқ деген мәсіхшіге көбірек ұқсайтын болар. Арыстарқ пен өзге мәсіхшілер Пауылға “тірек” болған, бәлкім, олар жұбаныштың қайнар көзі немесе күнделікті күйбең тірлікте көмекші болған болар (Қолостықтарға 4:10, 11). Пауылға қолғабыс болуымен Арыстарқ керек кезде қасынан табылатын нағыз дос екендігін дәлелдеген. Ол Нақыл сөздер 17:17-де суреттелген кісіге ұқсайтын: “Жан жолдас барлық уақытта сүйеді және бақытсыздыққа душар болған кезде туған бауырың сияқты жаныңнан табылады”. Неге бәрімізге де бауырластарымызға “тірек” болуға күш салмасқа? Әсіресе қиналып жүргендерге қол ұшын берген жөн.
10. Петір мәсіхші ақсақалдарға қандай үлгі көрсеткен?
10 Әсіресе мәсіхші ақсақалдар бауырластары үшін тірек болулары керек. Мәсіх елші Петірге: “Бауырластарыңның сенімін нығайтатын бол”,— деген (Лұқа 22:32). Бұлай ету Петірдің қолынан келетін, өйткені ол қайсар әрі батыл еді. Әсіресе Иса қайта тірілгеннен кейін осындай мінезі айқын көріне бастайды. Ақсақалдар, өзгелерді нығатуға бар күштеріңді салыңдар әрі мұны бар ынталарыңмен, сүйіспеншілікпен істеңдер. Өйткені бауырластарыңа қажетсіңдер ғой. (Елшілердің істері 20:28—30; 1 Петір 5:2, 3).
11. Тімотенің танытқан рухы туралы ой жүгірткеннің қандай пайдасы бар?
11 Пауылдың серігі Тімоте бауырластарының қамын қатты ойлайтын ақсақал еді. Ол денсаулығының нашар болғанына қарамастан, мызғымас сенім көрсетіп, ‘ізгі хабарды уағыздауда [Пауылға] қолғабыс еткен’. Сондықтан Пауыл філіпіліктерге былай деп жазған: “Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа адамым жоқ” (Філіпіліктерге 2:20, 22; 1 Тімотеге 5:23; 2 Тімотеге 1:5). Біз де Ехобаның өзге бас июшілеріне қатысты Тімоте сияқты рух танытар болсақ, бауырластарымызға пайдалы боламыз. Рас, біз өз әлсіздігімізбен, басымызға түсіп жүрген өзге де түрлі қиыншылықтармен күресуіміз керек, десе де біз де берік сенім мен рухани бауырластарымызға сүйіспеншілік таныта аламыз. Өзіміздің оларға қажет екенімізді ешқашан ұмытпалық.
Өзгелердің қамын ойлаған әйелдер
12. Табитаның үлгісінен қандай сабақ алуымызға болады?
12 Өзгелердің қамын ойлайтын Құдайға ұнамды әйелдердің бірі Табита болған. Ол қайтыс болғанда, шәкірттер Петірді шақыртып, жоғарғы бөлмеге алып барады. Сол жерде “оны қайғырып жүрген жесірлер ортаға алып, марқұмның тірі кезінде тігіп беріп кеткен шапандары мен көйлектерін көрсетіп жылаумен болады”. Петір Табитаны қайта тірілтеді. Оның ‘кәріп-қасерлерге көмектесіп, игі істер жасауын’ жалғастыра бергені сөзсіз. Бүгіндегі мәсіхшілер қауымында да Табита іспетті киім тігіп немесе мұқтаждық көргендерге басқа да игі істерімен сүйіспеншілік танытатын әйел бауырластарымыз бар. Әрине, олардың игі істері ең алдымен Патшалықтың мүддесін қолдау және шәкірт дайындау ісіне қатысты (Елшілердің істері 9:36—42; Матай 6:33; 28:19, 20).
13. Қалай Лүдия бауырластарының қамын ойлаған?
13 Құдайдан қорқатын Лүдия есімді әйел де өзгелердің қамын ойлайтын. Б. з. 50 жылы Пауыл Філіпіде уағыз айтып жүргенде тиатиралық Лүдия сонда тұратын. Ол яһуди дінін қабылдаған басқа ұлт әйелі болса керек. Алайда Філіпіде яһудилер аз болғандықтан, бірде-бір мәжілісхана болмаса керек. Сондықтан Лүдия мен өзге де діншіл әйелдер ғибадат ету үшін өзеннің жағалауына жиналатын. Тап сол жерде Пауыл оларға ізгі хабарды жариялаған. Киелі кітапта былай делінген: “Иеміз оның [Лүдияның] жүрегін жібітіп, Пауылдың айтқан сөзіне құлақ түргізіп, қабылдатты. Лүдия үй-ішімен бірге Мәсіх жолына түсіп, шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, бізге: “Егер мені Иеге сенуші деп мойындасаңыздар, менің үйіме келіп, тұрыңыздар”,— деп қояр да қоймай өтінгендіктен, біз келістік” (Елшілердің істері 16:12—15). Лүдия өзгелерге игілік жасағысы келгендіктен, Пауыл мен оның серіктерін қояр да қоймай өз үйінде қалдырған. Бүгінгі таңда бауырластарымыздың мейірімділік пен сүйіспеншілік танытып, осындай қонақжайлылық көрсеткендерін біз қатты бағалаймыз! (Римдіктерге 12:13; 1 Петір 4:9).
Балалар, сендер де бізге қажетсіңдер
14. Иса жас балаларға қалай қараған?
14 Мәсіхшілердің қауымының негізін қалаған — Құдайдың мейірімді де қайырымды Ұлы — Иса Мәсіх. Адам оның қасында өзін еркін сезінетін, өйткені ол сүйіспеншілікке толы әрі жанашыр болған. Бірде жұрт Исаға балаларын әкелгенде, шәкірттері оларды қайтарып жібергісі келеді. Бірақ Иса: “Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдай Патшалығы сондайлар үшін. Сендерге шындығын айтайын: кім Құдай Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кіре алмайды”,— дейді (Марқа 10:13—15). Патшалықтағы баталарға ие болу үшін біз кішкене бала сияқты кішіпейіл әрі берілген тәлімді қабыл алуға даяр болуымыз керек. Иса балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып бата беріп, оларға деген сүйіспеншілігін көрсеткен (Марқа 10:16). Қазіргі балалар жөнінде не деуге болады? Балалар, қауымдағылардың сендерді сүйетініне және оларға қажет екендіктеріңе күмәнданбасаңдар да болады.
15. Лұқа 2:40—52-тармақтарда Исаның өмірінде болған қандай оқиға суреттелген және ол балаларға қандай үлгі қалдырған?
15 Иса бала күнінен-ақ Құдайды және Жазбаларды сүйетін. Бірде 12 жасар Иса ата-анасы Жүсіп пен Мәриямға еріп, Құтқарылу мейрамын тойлауға туған қаласы Назареттен шығып, Иерусалимге барады. Қайтар жолда ата-анасы Исаны өздерімен бірге сапарға шыққандардың арасынан таппай қалады. Ақырында олар оны ғибадатханада яһуди мұғалімдерін тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерінен табады. Жүсіп пен Мәриямның өзін қайдан іздеу керек екендігін білмегеніне таңырқаған Иса: “Менің әкемнің үйінде болғаным жөн, әлде мұны білмейсіздер ме?” — деп сұрайды. Содан ол ата-анасымен бірге үйіне оралып, оларға мойынсұнып жүреді; Исаның даналығы да арта түсіп, өзі де ержете береді (Лұқа 2:40—52, сілтемені қараңдар). Иса балаларға қандай керемет үлгі көрсеткен! Олар да ата-аналарына мойынсұнып, рухани нәрселерді біле түсуге талпынулары керек (Заңды қайталау 5:16; Ефестіктерге 6:1—3).
16. а) Иса ғибадатханада куәлік еткенде балалар не деп айғайлады? ә) Бүгінде балғын мәсіхшілердің қандай іске қатысуға мүмкіндіктері бар?
16 Балалар, бәлкім, сендер мектепте де, ата-аналарыңмен үйме-үй жүріп те Ехоба туралы куәлік етіп жүрген шығарсыңдар (Ишая 43:10—12; Елшілердің істері 20:20, 21). Өлерінен біраз уақыт бұрын, Иса ғибадатханада жұртқа куәлік беріп, ауруларды сауықтырып жүргенде, кейбір балалар: “Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір мадақталсын!” — деп айқайлайды. Бұған ашуланған діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері: “Олардың не деп жатқандарын естіп тұрсыз ба?” — деп сұрайды. Ал Иса: “Иә, естіп тұрмын. “Балалардың, тіпті кішкентай нәрестелердің ауыздарымен Өзіңе мадақтау айтқызасың” деп жазылғанды ешқашан оқымап па едіңіздер?” — деп жауап қайтарады (Матай 21:15—17). Сол балалар іспетті қауымдағы балалар, сендердің де Құдайды және оның Ұлын мадақтауға керемет мүмкіндіктерің бар. Сендер бізге қажетсіңдер әрі сендердің Патшалықты жариялаушылар ретінде бізбен бірге қызмет еткендеріңді қалаймыз.
Бақытсыздыққа тап болғанда
17, 18. а) Не себепті Пауыл Яһудеядағы мәсіхшілер үшін садақа жинау ісін ұйымдастырған? ә) Яһудеядағы сенушілерге арнап садақа жинау еврей және еврей емес мәсіхшілерге қалай әсер етті?
17 Тұрмыс жағдайымызға қарамастан, сүйіспеншілік мұқтаждық көріп жүрген бауырластарымызға қол ұшын беруге талпындырады (Жохан 13:34, 35; Жақып 2:14—17). Осылайша, Пауыл Яһудеядағы бауырластарына сүйіспеншілік танытып, Ахая, Ғалатия мен Македония қауымдарында соларға арнап садақа жинау ісін ұйымдастырды. Иерусалимдегі бауырластар қудалау, азаматтық толқулар мен аштыққа кезігіп жатқан еді. Осының нәтижесінде, олар Пауыл айтқандай “азап”, “зорлық-зомбылық” көріп, ‘мал-мүліктері талан-таражға салынған’ болса керек (Еврейлерге 10:32—34; Елшілердің істері 11:27-12:1). Сондықтан ол Яһудеядағы кедей бауырластарға көмек көрсету үшін қаржы жинау ісін ұйымдастырған (1 Қорынттықтарға 16:1—3; 2 Қорынттықтарға 8:1—4, 13—15; 9:1, 2, 7).
18 Яһудеядағы қасиеттілерге арнап садақа жинау ісі еврей мәсіхшілер мен еврей емес мәсіхшілердің арасында бауырластарға тән татулықтың барын көрсетті. Сондай-ақ садақа жинау басқа халықтан шыққан мәсіхшілердің яһудеялық бауырластарынан алған рухани қазыналары үшін ризашылық білдірудің мүмкіндігі болды. Осылайша, мәсіхшілер материалдық заттармен де, рухани нәрселермен де өзара бөлісетін (Римдіктерге 15:26, 27). Бүгінгі таңда да мұқтаждарға арналған садақалар ерікті әрі сүйіспеншілікке негізделіп жасалады (Марқа 12:28—31). Бұл жағынан да біз бір-бірімізді қажет етеміз. Дұрыс үлестірілудің арқасында кімде “аз” болса да, ‘мұқтаждықта болмайды’ (2 Қорынттықтарға 8:15).
19, 20. Ехобаның халқы табиғат апатынан жапа шеккендерге көмектесетінін көрсететін мысалдар келтіріңдер.
19 Біз мәсіхшілердің бір-біріне қажет екендігін түсінеміз, сондықтан бір сенімдегі бауырластарымызға қол ұшын беруге асығамыз. Мысалы, 2001 жылдың басында Сальвадорда болған қатты жер сілкінісі мен тау көшкінінен кейін болған жағдайды ойланып көрейікші. Ол жақтан былай деп хабарланды: “Бауырластар Сальвадордың барлық аймақтарында көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. Бізге көмектесуге Гватемаладан, Құрама Штаттар мен Канададан бауырластар келді... Қысқа уақыт аралығында 500-ден аса үй мен 3 әдемі Патшалық Сарайы салынды. Сол жанқияр бауырластарымыздың ауыр еңбегі мен өзара қызметтестігі зор куәлік болды”.
20 Оңтүстік Африка Республикасынан келген есепте былай делінген: “Мозамбиктің көптеген аймақтарында болған қатты су тасқынынан бауырластарымыздың біразы жапа шекті. Оларды тұрмысқа ең қажетті нәрселермен Мозамбиктегі филиал қамтамасыз етті. Олар бізден мұқтаждық көріп жатқан бауырластарымызға киюге жарамды киім-кешек жіберуді өтінді. Біз Мозамбиктегі бауырластарымызға 12 метрлік контейнерді толтырып киім-кешек артып жібердік”. Иә, осындай кезде де біз бір-бірімізге қажетпіз.
21. Келесі мақалада не қарастырылады?
21 Жоғарыда айтылып кеткендей, адам денесінің барлық мүшелерінің маңызды орны бар. Мәсіхшілер қауымына қатысты да тап солай деуге болатыны сөзсіз. Олардың барлық мүшелері бір-біріне қажет. Сонымен қатар олар бір-бірімен иық тіресе қызмет етулері де керек. Келесі мақалада осыны жүзеге асырудың бірнеше жолдары қарастырылады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Адамның денесі мен мәсіхшілердің қауым жиналысының қандай ұқсастығы бар?
• Бауырластары мұқтаждық көргенде ертедегі мәсіхшілер не істеген?
• Мәсіхшілердің бір-бірін қажет ететіні Жазбалардағы қандай мысалдардан көрінеді?
[10-беттегі сурет]
Ақила мен Прискила өзгелердің қамын ойлаған
[12-беттегі сурет]
Ехобаның халқы қиыншылық кезінде бір-біріне де, өзгелерге де көмектеседі