Мәсіхтің ой қалпын танытыңдар
“Сондықтан табандылық пен жұбаныш беретін Құдай сендерге Иса Мәсіхтің ой қалпын берсін” (РИМДІКТЕРГЕ 15:5, ЖД).
1. Біреудің ой қалпы, немесе ой бағыты, өміріне қалай әсер ете алады?
ОЙ ҚАЛПЫНЫҢ, немесе ой бағытының, адам өміріне әсері зор. Ұқыпсыздық немесе ұқыптылық, жағымды не жағымсыз ойда болу, қыңырлық немесе ынтымақтастық, наразылық немесе ризашылық дегендер адамның қандай жағдайда қалай әрекет ететініне және өзгелердің оған қалай қарайтынына қатты әсер етеді. Ой өрісі дұрыс бағытталған адам тіпті қиын жағдайдың өзінде қуанышты бола алады. Ал, ой өрісі бұрыс бағытталған адам үшін бәрі де жаман болып көрінеді, тіпті өмір әділ көзқараспен қараған жағдайда жақсы болса да.
2. Әркім өзінің ой қалпын қалай қалыптастырады?
2 Ой қалпын — дұрыс болсын не бұрыс болсын — қалыптастыруға болады. Тіпті қалыптастыру керек те. Дүниеге жаңа келген нәресте туралы “Коллирдің энциклопедиясында” («Collier’s Encyclopedia») былай делінген: “Өскен кезінде ой қалпының қандай болатыны баланың өзіне байланысты. Бұл да тілді және басқа да шеберлікті бойға сіңіру немесе үйрену сияқты”. Ой қалпын қалай қалыптастыруымызға болады екен? Оның қалыптасуы көптеген факторларға байланысты болғанымен, қоршаған орта мен қарым-қатынастың әсері зор. Жоғарыда келтірілген энциклопедияда былай делінген: “Біз біртіндеп жақын араласқан адамдарымыздың ой қалпын бойымызда қалыптастырамыз немесе сіңіреміз”. Мыңдаған жылдар бұрын Киелі кітапта да осыған ұқсас жайлар жазылған еді: “Ақылдымен араласқан ақылды болады, ал кім ақымақпен дос болса — азғындық жолға түседі” (Нақыл сөздер 13:20; 1 Қорынттықтарға 15:33).
Дұрыс ой қалпының үлгісі
3. Кімнің үлгілі ой қалпы болды және біз қалай оған ұқсай аламыз?
3 Басқа нәрселермен қатар, ой қалпына байланысты да Иса Мәсіх ең жақсы үлгі қалдырды. Ол былай деді: “Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп, үлгі көрсеттім” (Жохан 13:15). Исаға ұқсау үшін, алдымен ол туралы білуіміз керекa. Біз елші Петірдің: “Сендер осыған шақырылғансыңдар; себебі Мәсіх, біз үшін азап шегіп, біз Оның ізімен жүруіміз үшін үлгі қалдырды”,— деген кеңесіне сай өмір сүру үшін Исаның өмірімен танысамыз (1 Петір 2:21). Біздің мақсатымыз — мүмкіндігінше Иса сияқты бола білу. Оған Исаның ой қалпын дамыту да жатады.
4, 5. Римдіктерге 15:1—3 тармақтарда Исаның ой қалпы қай жағынан айқын суреттелген және біз оған қалай еліктей аламыз?
4 Мәсіх Исаның ой қалпына ие болу дегеніміз не екен? Бұл сұрақтың жауабын табуымызға Пауылдың Римдіктерге жазған хатының 15-тарауы көмектеседі. Осы тараудың алғашқы тармақтарында Пауыл Исаның керемет қасиетіне көңіл аударады: “Сенімі берік біздер күмәнданғандардың Таурат заңына сәйкес іс-әрекеттеріне төзіп, оларға көмектесуге тиіспіз; тек өзімізге ұнайтындарды ғана емес, маңайымыздағы бауырластарға ұнайтындарды да істеп, олардың рухани өсуіне себепші болуымыз керек. Себебі Мәсіх те Өзіне емес, Көктегі Әкеге ұнайтындарды істеді. Забурда алдын ала былай деп жазылған: “Сені жәбірлеушілердің ғайбат сөздері Маған тиді” (Римдіктерге 15:1—3).
5 Мәсіхшілер өзін ғана ойлағанның орнына, Исаға еліктеп, кіші пейілділікпен өзгелердің мұқтаждықтарына қызмет етуге дайын болуға шақырылады. Шындығында, осылай кіші пейілділікпен өзгелерге қызмет еткенге даяр болу — “сенімі берік” мәсіхшілердің белгісі. Рухани жағынан адамзаттың ішіндегі ең берігі болған Иса өзі жайлы: “Өйткені Адам Ұлы Өзіне қызмет еттіруге келмеді, керісінше — Өзі қызмет етуге және көптеген адамдардың бостандық төлемін төлеуге өз жанын беруге келді”,— деді (Матай 20:28). Мәсіхшілер ретінде, біз де Иса сияқты өзгелерге, оның ішінде “күмәнданғандарға” да, көмектесуді қалаймыз.
6. Иса қарсылық пен жаман сөздерді қалай қабылдады және біз оған қалай еліктей аламыз?
6 Сонымен қатар, Исаның ойы мен іс-әрекеті әрқашан жағымды болған. Ол өзгелердің бұрыс ойларының өзінің Ехобаға қызмет етуге деген ойына әсер етуіне ешқашан жол бермеген; біз де солай етуіміз керек. Құдайға адалдықпен мінажат еткені үшін жаман сөз естіп, қуғын көрген кезінде Иса наразылық білдірмей шыдамдылықпен төзді. Ол жақындарының “рухани өсуіне себепші болуға” тырысатындардың сенбейтін және түсінбейтін адамдардың тарапынан болатын қарсылыққа ұшырайтынын білген.
7. Иса қалай төзімділік танытты және неліктен біз де солай етуіміз керек?
7 Иса басқа жағдайға байланысты да дұрыс ой бағытын танытқан. Ол ешқашан шыдамсыздық көрсетпей, Ехобаның ниетінің орындалуын төзімділікпен күтті (Забур 109:1; Матай 24:36; Елшілердің істері 2:32—36; Еврейлерге 10:12, 13). Сондай-ақ Иса шәкірттеріне де төзімді болды. Ол оларға: “Менен үйреніңдер”,— деді. “Момын” болғандықтан, оның тәлімдері күш беретін және сергітетін болған. Және де “кіші пейіл” болғандықтан, ол ешқашан менмен немесе тәкаппар болған емес (Матай 11:29). Пауыл: “Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын [“Мәсіх Иса сияқты ойлаңдар”, ЖД]: Құдайлық болмысы бола тұра, Ол онысына жармасқан жоқ, қайта, Өзінің құдіреті мен салтанатты ұлылығынан өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдап, адам секілді дүниеге келіп, кәдімгі адамға ұқсап көрінді”,— деп айтқанда, бізді Иса сияқты ойлауға шақырды (Філіпіліктерге 2:5—7).
8, 9. а) Неліктен өзімшіл емес ой қалпын дамыту үшін күш салуымыз керек? ә) Исаның үлгісіне толық еліктей алмасақ неліктен қапа болмауымыз керек және бұған байланысты Пауыл қандай үлгі қалдырды?
8 Өзгелерге қызмет етіп, олардың мұқтаждықтарын өзіміздікінен жоғары қоюды қалаймыз деу айтқанға оңай. Бірақ, ой қалпымызды әділдікпен тексерер болсақ, біздің жүрегіміздің солай етуге толық бейім емес екенін көруіміз мүмкін. Неге олай? Біріншіден, біз Адам ата мен Хауа анадан өзімшілдікті мұра еткенбіз; екіншіден, біз өзімшілдікті қолдайтын дүниеде өмір сүрудеміз (Ефестіктерге 4:17, 18). Жиі, өзімшіл емес мінез-құлық дамыту үшін, кемелсіз болмысымызға қарсы ой қалпын дамытуымыз керек. Ол үшін табандылық танытып, күш салуымыз керек.
9 Исаның қалдырған кемелді үлгісі тұрғысынан қарағандағы айқын байқалатын кемелсіздігімізден кейде қапа болуымыз мүмкін. Біз тіпті Исаның ой қалпына ие болудың мүмкін екеніне күмәндануымыз мүмкін. Алайда Пауылдың жігерлендіретін сөздеріне көңіл аударыңдаршы: “Менің бойымда, яғни күнәкар болмысымда жақсылық жоқ екенін білемін, сондықтан да жақсылық жасағым келсе де, оны жүзеге асыратын күшім жоқ. Осылай мен қалаған игілікті емес, қаламайтын жамандықты істеймін. Іштей Құдай заңына ризамын, бірақ бойымда басқа бір заңдылықтың да бар екенін байқаймын: ол ақыл-ойым қалайтын жақсылыққа қарсы шығып, мені бойымдағы күнәкар құмарлыққа кіріптар етеді” (Римдіктерге 7:18, 19, 22, 23). Иә, Пауылдың кемелсіздігі жиі оның Құдайдың еркін қалағанындай орындауына кедергі жасап отырған, бірақ оның ой бағыты— Ехоба және Оның заңдары жайлы ойы мен сезімі — үлгі боларлық болған. Біз де Пауыл сияқты бола аламыз.
Бұрыс ой бағытын түзеу
10. Пауыл філіпіліктерді қандай ой бағытын дамытуға шақырды?
10 Бұрыс ой бағытын түзетуге мұқтаж мәсіхшілердің болуы мүмкін бе? Иә, мүмкін. Бірінші ғасырда кейбір мәсіхшілердің ой бағытын түзеуі керек болғаны анық. Філіпіліктерге жазған хатында Пауыл дұрыс ойлау керек екені жайында жазды. Ол былай деді: “Бұған [ертерек қайта тірілу арқылы аспандағы өмірге] әлі жете қойған жоқпын, өзімді Құдайдың көздегеніндей жетілдім деп те есептемеймін. Бірақ соның ізіне түсіп, иемденуге тырысудамын. Дәл осыған бола Мәсіх Исаның Өзі мені иемденіп алды ғой. Бауырластар, мен бұл мақсатқа жеттім деп санамаймын, істеп жүргенім бір-ақ нәрсе: өткен нәрселерді ескермей, алдымдағы бәйгеге қарай жан сала жүгіріп, Құдайдың сыйына — Оның Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өміріне ие болу үшін көздеген мақсатты қуып келемін. Арамызда кім жетілген болса, осылай ойласын” (Філіпіліктерге 3:12—15).
11, 12. Ехоба бізге дұрыс ой бағытын қалай көрсетуде?
11 Пауылдың сөздері, мәсіхші бола тұрып, рухани өсуі керек екенін сезінбейтін әркімнің ой бағытының бұрыс екенін көрсетеді. Ондай адам Мәсіхтің ой-қалпына ие болмаған (Еврейлерге 4:11; 2 Петір 1:10; 3:14). Мұндай адамның еш үміті жоқ па екен? Әрине олай емес. Егер шын жүректен қалайтын болсақ, Құдай ой бағытымызды дұрыстауға көмек бере алады. Пауыл әрі қарай былай дейді: “Егер бір нәрсе жайында басқа пікірде болсаңдар, Құдай сендерге мұны да білдіреді” (Філіпіліктерге 3:15).
12 Бірақ, Ехобаның ойымызды түзеуге көмектескенін қаласақ, өз тарапымыздан да талпынуымыз керек. Дұға арқылы және ”адал және ақылды қызметші” беріп отырған мәсіхшілердің әдебиеттерінің көмегімен Құдайдың сөзін зерттеу ‘басқа пікірдегілердің’ дұрыс ойлауына көмектеседі (Матай 24:45). Киелі рух арқылы ‘Құдай Иеміздің... қауымына... қамқор болу’ үшін тағайындалған мәсіхші қариялар қуана-қуана көмектерін ұсынады (Елшілердің істері 20:28). Ехоба біздің кемелсіздігімізді түсініп, сүйіспеншілікпен көмегін ұсынып отырғанына қаншалықты ризамыз десеңші! Бәріміз де оның көмегін қабыл алайық.
Өзгелерден үйрену
13. Киелі кітаптағы Аюп жайлы әңгімеден дұрыс ой бағытына байланысты не нәрсеге үйренуімізге болады?
13 Римдіктерге жазған хатының 15-тарауында Пауыл ой бағытымызды дұрыстауға тарихи мысалдардың үстінен ой жүгірткеніміздің көмектесетінін көрсетеді. Ол былай дейді: “Киелі жазбалардағылардың бәрі бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үмітімізді үзбеу үшін олар арқылы табандылық пен жігерлілікке үйренеміз” (Римдіктерге 15:4). Өткен уақыттағы Ехобаның адал қызметшілерінің кейбіреулері кей жағынан ой бағытын дұрыстауы керек болды. Мысалы, Аюптың ой бағыты жалпы алғанда дұрыс болған. Ол ешқашан зұлымдықты Ехобадан көрген жоқ және қиындықтардың Оған деген сенімін шайқалтуына жол берген жоқ (Аюп 1:8, 21, 22). Бірақ, ол өзін ақтауға бейім болған. Аюптың мұндай бейімділігін жөндеуіне көмектесу үшін Ехоба Елиуйді жіберді. Аюп ренжіместен, кіші пейілділік танытып, ой бағытын өзгертуі керек екенін мойындады және кідірместен солай ете бастады (Аюп 42:1—6).
14. Ойымыздың бағыты жөнінде біреу кеңес берген жағдайда қалай Аюпқа еліктей аламыз?
14 Егер мәсіхші бауырласымыз мейірімділікпен ойымыздың бағыты бұрыс екенін айтса, оның сөздерін Аюп сияқты қабылдаймыз ба? Аюпқа ұқсап, ешқашан ‘Құдай туралы жөнсіз ештеме айтпайық’ (Аюп 1:22). Егер әділетсіздік көріп, азап шегіп жүрген болсақ, наразылық білдірмейік және қиыншылыққа тап болуымыздың себебін Ехобадан көрмейік. Ехобаға қызмет етуде қандай артықшылығымыз болғанына қарамастан өзіміздің “түкке тұрмайтын малай” күйімізде қалатындығымызды есте ұстай отырып, өзімізді ақтауға тырысудан аулақ болайық (Лұқа 17:10).
15. а) Исаның шәкірттерінің кейбірінің қандай бұрыс ой бағыты айқын болды? ә) Петір керемет ой бағытын қалай танытты?
15 Бірінші ғасырда Исаны тыңдағандардың кейбірінің ой қалпы дұрыс болмады. Бір жолы, Иса түсіну қиын ой айтты. Бұған “осыны естіген шәкірттерінің көбі: — Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады? — деді”. Бұлай дегендердің ой бағытының дұрыс болмағаны анық. Осының салдарынан олар Исаны тыңдаудан бас тартты. Жазбада былай делінген: “Сол күннен бастап, шәкірттерінің көбі Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтін болды”. Бірақ, шәкірттерінің бәрінің ой бағыты дұрыс болмады ма екен? Жоқ. Жазбада әрі қарай: “Сонда Иса он екі елшісінен: — Сендердің де кеткілерің келе ме? — деп сұрады. Бұған Шимон Петір: — Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз?”,— деді деп айтылған. Петір содан соң өз сұрағына өзі жауап беріп, былай деді: “Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде” (Жохан 6:60, 66—68). Қандай керемет ой қалпы десеңші! Жазбаларға берілген түсіндірме немесе бұрынғы түсіндірменің өзгертілуі алғашында бізге ұнамаса, Петірдікіндей ой бағытын таныта білгеніміз жақсы болмас па еді? Алғашында бір нәрселерді түсінудің қиын болғанына бола Ехобаға қызмет етуді тоқтатқан немесе “дұрыс ілімнің үлгісіне” қарсы сөйлеген қандай ақымақтық болған болар еді десеңші! (2 Тімотеге 1:13).
16. Исаның күндеріндегі иудей дінбасылары қандай бұрыс ой бағытын танытты?
16 Бірінші ғасырдағы иудей дінбасылары Исаның ой қалпын танытпады. Олардың Исаны тыңдаудан мүлдем бас тартқаны Елазар қайта тірілген кезде анық көрінді. Әрбір ой қалпы дұрыс адам үшін бұл керемет Исаның Құдайдан келгенінің анық дәлелі еді. Алайда, Жазбаларда былай делінген: “Сонда бас діни қызметкерлер мен парызшылдар жоғарғы кеңестің мәжілісін шақырып: — Біз не істейміз? Мына Кісі көп кереметтер жасап жүр. Оны осылай қалдырсақ, бәрі Соған сенетін болады. Сонда римдіктер келіп, киелі үйіміз бен елімізді бізден тартып алады! — десті”. Олар қандай шешімге келді екен? “Сол күннен бастап олар Исаны өлтіру туралы берік байламға келді”. Исаны өлтіру үшін жоспар құруымен қатар, олар кереметтің тірі дәлелі — Елазарды өлтіргісі келді. “Бас діни қызметкерлер оны да өлтіру туралы ақылдасты” (Жохан 11:47, 48, 53; 12:9—11). Егер біз осыған ұқсас ой қалпын танытып, қуануға тиіс нәрселерге ашуланып немесе ренжитін болсақ, қандай жаман болған болар еді десеңші! Иә, қандай қауіпті де болған болар еді!
Мәсіх сияқты дұрыс ой бағытын таныту
17. а) Қандай жағдайда Даниел батылдық танытты? ә) Иса қалай батылдық көрсетті?
17 Ехобаның қызметшілері дұрыс ой бағытын танытады. Жаулары қастандық жасап, отыз күн бойы патшадан өзге құдайға немесе адамға өтініш етуге тыйым салған заң шығартқан кезде, Даниел бұның Ехоба Құдаймен қарым-қатынасына қарсы жасалған әрекет екенін білді. Ол отыз күн бойы Ехобаға дұға етуін доғарар ма екен? Жоқ, ол қорықпастан әдеттегідей күніне Ехобаға үш мәрте дұға етуді жалғастыра берді (Даниел 6:6—17). Сол сияқты, Иса да жауларынан қорықпады. Бір діни демалыс күні ол қолы семіп қалған бір адамды кездестірді. Егер діни демалыс күні біреуді емдейтін болса, оны көрген иудейлердің көбісіне ұнамайтынын Иса білді. Ол емдеуге болатын-болмайтыны жөнінде олардың не ойлайтынын сұрады. Олар жауап бермеген соң, Иса алға шықты да, ол адамды жазды (Марқа 3:1—6). Иса дұрыс деп санағанындай істеп, өзінің тапсырмасын орындауды ешқашан тоқтатқан жоқ.
18. Кейбіреулер неге бізге қарсы, бірақ олардың бұрыс ой бағытына біз қалай қарауымыз керек?
18 Бүгінгі күні де Ехоба Куәгерлері, істерінің қарсыластарына ұнамауы мүмкін болса да, қорықпаулары керек екенін сезінеді. Өйтпеген жағдайда олар Исаның ой қалпын танытпаған болар еді. Көптеген адамдар Ехоба Куәгерлеріне қарсы. Себебі, біреулері олар туралы шындықты білмесе, ал тағы біреулері болса Куәгерлерді немесе олардың хабарларын жек көреді. Сөйтсе де, олардың қырын қабағының біздің дұрыс ой бағытымызға әсер етуіне жол бермейік. Ешқашан да қалай мінажат етуді біз үшін өзгелердің шешуіне жол бермеуіміз керек.
19. Біз қалай Иса Мәсіхтің ой қалпын таныта аламыз?
19 Иса, қиын болғанына қарамастан, өзінің шәкірттеріне және Құдайдың құрылымына байланысты әрқашан дұрыс ой қалпын, немесе ой бағытын, танытқан (Матай 23:2, 3). Біз оның үлгісіне еліктеуіміз керек. Рас, біздің бауырластарымыз кемелсіз адамдар, бірақ біз де кемелсізбіз ғой. Оның үстіне бүкіл дүниежүзілік бауырластықтан өзге қайдан жақсы жолдас пен шын берілген достар таба алар едік? Ехоба әзірге өзінің жазылған Сөзінің толық түсінігін берген жоқ, бірақ түсінігі біздікінен көбірек қандай да бір діни топ бар ма? Әрқашан да Иса Мәсіх сияқты дұрыс ой қалпын сақтайық. Басқа да нәрселермен қатар, бұған Ехобаны күте білу де жатады. Бұл туралы келесі мақалада талқыланады.
[Сілтеме]
a Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған “Ең ұлы адам” кітабында (ор.) Исаның өмірі мен қызметі талқыланады.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Біздің ой бағытымыз өмірімізге қалай әсер етеді?
• Иса Мәсіхтің ой қалпын суреттеп беріңдерші.
• Аюптың ой бағытынан не нәрсеге үйрене аламыз?
• Қарсылыққа кезіккен кезде қандай дұрыс ой бағытын танытуымыз керек?
[18-беттегі суреттер]
Ой бағыты дұрыс мәсіхшілер өзгелерге көмектесуге дайын.
[21-беттегі сурет]
Киелі кітапты дұға ете отырып зерттеу Мәсіхтің ой қалпын дамытуымызға көмектеседі.