Сенімің қаншалықты берік?
“Сенімдерің арқылы беріксіңдер” (2 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1:24).
1, 2. Неге біздің сеніміміз болу керек және оны қалай нығайтуға болады?
ЕХОБАНЫҢ қызметшілері бойларында сенім болу керек екенін біледі. “Сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес” екені белгілі нәрсе (Еврейлерге 11:6). Сондықтан киелі рух және оның керемет құрамдас бөліктерінің бірі сенімді сұрап дұға еткеніміз даналыққа жатады (Лұқа 11:13; Ғалаттықтарға 5:22, 23). Өзге мәсіхшілердің сенімдеріне еліктеу арқылы да сенімімізді нығайтуға болады (2 Тімотеге 1:5; Еврейлерге 13:7).
2 Құдай Сөзінің мәсіхшілерге нұсқаған жолымен қайтпастан жүре берер болсақ, сеніміміз нығая түседі. Киелі кітапты күнделікті оқу және ‘адал... қызметшінің’ басылымдарын қолданып зерттеу арқылы да сеніміміз артады (Лұқа 12:42—44; Ешуа 1:7, 8). Сондай-ақ мәсіхшілердің қауым кездесулері мен конгрестеріне үнемі қатысып, бір-біріміздің сенімімізді көріп, жігерленеміз (Римдіктерге 1:11, 12; Еврейлерге 10:24, 25). Уағыздау қызметінде адамдармен сөйлесу арқылы да сеніміміз нығаяды (Забур 144:10—13; Римдіктерге 10:11—15).
3. Сенімімізге қатысты сүйіспеншілікке толы мәсіхші ақсақалдардан қандай көмек аламыз?
3 Жазбаларға сүйене отырып, кеңес беру және жігерлендіру арқылы сүйіспеншілікке толы мәсіхші ақсақалдар сеніміміздің берік болуына көмектеседі. Оларда қорынттықтарға келесі сөздерді жазған елші Пауылдың рухындай рух бар: “Қуаныштарың үшін өздеріңмен бірге еңбектенеміз. Өйткені сенімдерің арқылы беріксіңдер” (2 Қорынттықтарға 1:23, 24). Басқа бір аудармада былай делінген: “Сендерді қуанту үшін өздеріңмен бірге еңбектенеміз, өйткені сенімдерің берік” (Contemporary English Version). Әділдер сенімдерінің арқасында өмір сүреді. Әрине, ешкім біздің орнымызға сенім таныта алмайды немесе бізді әділеттілігін сақтайтын адал мәсіхші ете алмайды. Бұл жағдайда ‘әркім өзі үшін жауап береді’ (Ғалаттықтарға 3:11; 6:5, сілтемені қара).
4. Қалай Жазбалардағы Құдайдың адал қызметшілері туралы әңгімелер сенімімізді нығайтуға көмектеседі?
4 Киелі кітапта сенімі болған көптеген адамдар жөнінде әңгімеленеді. Біз олардың көптеген керемет істерін білетін болармыз, алайда ұзақ ғұмырында қалай күнделікті сенім танытқандарын білесіңдер ме? Біздікіне ұқсас жағдайларда олардың қалай сенім танытқандары туралы ой жүгірткеніміз өз сенімімізді нығайтуға көмектеседі.
Сенім батылдық береді
5. Сенімнің Құдайдың сөзін батыл жариялау үшін күш беретіні Жазбалардан қалай көрінеді?
5 Сенім Құдайдың сөзін батыл жариялауға қажетті күш береді. Енох Құдайдың үкімінің жүзеге асатынын батылдықпен пайғамбарлық еткен. “Тыңдаңдар,— деді ол,— Иеміз Өзінің он мыңдаған қасиетті нөкерлерін ертіп көктен түспек! Ол бәрін де соттап, әділетсіздердің зұлымдықпен істеген барлық жаман істерін де, арсыз күнәкарлардың Оған қарсы айтқан бүкіл кәрлі сөздерін де әшкерелеп, жазаларын тартқызатын болады” (Яһуда 14, 15). Мұндай сөздері үшін Құдайдан безген жаулары Енохтың көзін құртқысы келгендері сөзсіз. Бірақ ол зор сеніммен батыл сөйлеген. Содан, Құдай оны ‘алып кетті’, яки ол өлім ұйқысына батты. Енох жаны қиналмай өлсе керек (Жаратылыс 5:24; Еврейлерге 11:5). Біз үшін мұндай кереметтер жасалмағанмен, Ехобаның сөзін сеніммен әрі батыл жариялауды дұға етіп сұрасақ, ол өтінішімізге жауап береді (Елшілердің істері 4:24—31).
6. Нұхқа Құдай берген сенім мен батылдық қалай көмектескен?
6 Нұх Құдайға сеніп, ‘отбасын құтқару үшін кеме жасап дайындады’ (Еврейлерге 11:7; Жаратылыс 6:13—22). Сондай-ақ ол замандастарына Құдайдың ескертулерін батыл жариялаған “әділдікті уағыздаушы” болған (2 Петір 2:5). Бүгінгі таңда кейбіреулердің осы заманның жақында жойылатынына қатысты Киелі кітаптағы дәлелдерді мазақ ететіні сияқты олар да оның Топан су туралы айтқан сөздеріне күлсе керек (2 Петір 3:3—12). Алайда біз Енох пен Нұх іспетті осындай хабарды жариялай аламыз, өйткені Құдай сенім мен батылдық беріп отыр ғой.
Сенім шыдамды етеді
7. Қалай Ыбырайым және басқалар сенім мен шыдамдылық танытқан?
7 Бізге, әсіресе қазір, осы зұлым заманның ақырын күтіп отырғанда, сенім мен шыдамдылық қажет. “Сенім мен шыдамдылық көрсетіп, уәде етілген игіліктерді иемденетіндердің” бірі — ру басы Ыбырайым (Еврейлерге 6:11, 12). Ол сенім көрсетіп, бар игіліктерімен қоса Ур қаласын тастап, Құдай (иелігіңе беремін деп) уәде еткен жат жерде кірме болып өмір сүрген. Ысқақ пен Жақып та сол уәдені мұра еткен. Бірақ ‘үшеуі де сенімдерін ұстанған күйі дүние салды. Тәңір өздеріне уәде еткен игіліктерді иемденбеді’. Олар сеніммен “одан гөрі жақсы елді, яғни көктегі отандарын, аңсап күтті”. Ал Құдай оларға “қала дайындап та қойды” (Еврейлерге 11:8—16). Иә, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптар және олардың Құдайды қастерлейтін әйелдері Құдайдың көктегі Патшалығының орнауын күтті. Оның билігінің астында жер бетінде өмір сүру үшін олар қайта тіріледі.
8. Не нәрсеге қарамастан Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптар сенім мен шыдамдылық танытқан?
8 Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптар сенімдерін жоғалтпаған. Олар Уәде етілген жерді де иемденген жоқ, Ыбырайымның ұрпағы арқылы жер бетіндегі барлық ұлттардың ақ батаға ие болғанын да көрген жоқ (Жаратылыс 15:5—7; 22:15—18). ‘Құрылысшысы Құдайдың өзі болған қала’ ғасырлар өткен соң ғана пайда болатынына қарамастан, сол кісілер өмір бойы сенім мен шыдамдылық танытып өткен. Қазір, Мәсіхтің Патшалығы көкте орнап қойған уақытта, бізден де бұдан кем нәрсе талап етілмейді (Забур 41:6, 12; 42:5).
Сенім алдымызға жоғары мақсаттар қояды
9. Қалай сенім ой-мақсаттарымызға әсер етеді?
9 Ертедегі адал ру басылары қанахандықтардың азғын өмір салтын ешқашан үлгі етпеген. Олардың ой-мақсаттары анағұрлым жоғары болған. Сенім біздің алдымызға Ібіліс Шайтанның билігіндегі осы дүниеге араласып кетуден сақтайтын рухани мақсаттар қояды (1 Жохан 2:15—17; 5:19).
10. Жүсіптің осы дүниеде беделді орынға жетуден анағұрлым жоғары мақсаттарға талпынғанын қайдан білуге болады?
10 Құдайдың еркімен Жақыптың ұлы Жүсіп Мысырдағы азық-түлік тарату ісіне басшылық еткен, бірақ ол осы дүниенің ықпалдысы болуды мақсат етпеген. 110 жасқа келген Жүсіп Ехобаның уәделерінің орындалатынына сеніп, бауырларына былай деді: “Мен жақында дүниеден қайтамын. Алайда Құдай рақымшылық жасап, сендерді осы елден алып шығып, Өзі Ыбырайымға, Ысқаққа және Жақыпқа ант беріп, уәде еткен еліне апарады”. Ол өзінің сүйегін уәде етілген жерге қоюды өтінді. Өлгеннен кейін оның бальзамдалған денесі табытқа салынып, Мысыр елінде сақталып қойылды. Бірақ исраилдіктер мысырлықтардың құлдығынан азат етілгенде, Мұса пайғамбар Жүсіптің сүйегін Уәде етілген жерге қою үшін өзімен бірге ала шықты (Жаратылыс 50:22—26; Мысырдан шығу 13:19). Жүсіптікіндей сенім осы дүниеде беделді орынға жетуден анағұрлым жоғары мақсаттар қоюға талпындыру керек (1 Қорынттықтарға 7:29—31).
11. Мұса рухани мақсаттар қоятынын қалай дәлелдеген?
11 Мұса жақсы білім алған Мысыр патшасының отбасының мүшесі ретінде алатын “күнәкар өмірдің рақатынан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады” (Еврейлерге 11:23—26; Елшілердің істері 7:20—22). Осы үшін ол дүниелік сый-құрметтен, сондай-ақ сүйегінің үлде мен бүлдеге оралып, Мысырдың керемет безендірілген атақты қабірлерінің біріне қойылуынан да бас тартса керек. Алайда мұны “Құдайдың адамы”, Заң келісімінің келістірушісі, Ехобаның пайғамбары және Киелі кітаптың жазушысы болу мәртебесімен салыстыруға бола ма? (Езра 3:2). Осы дүниеде мансапқа қол жеткізуді қалайсың ба, әлде сенім сенің алдыңа анағұрлым жоғары — рухани мақсаттар қоя ма?
Сенім өмірде қанағат сезіміне бөлейді
12. Сенім Рахабтың өміріне қалай әсер еткен?
12 Сенім адамның алдына жоғары мақсаттар ғана қоймайды, өмірде қанағат сезіміне де бөлейді. Иерихонда тұратын жезөкшелікпен айналысатын Рахаб өмірдің мән-мағынасын таппаса керек. Бірақ сенім танытқаннан кейін оның өмірі қалайша өзгерді десеңші! Ол ‘[исраилдік] барлаушыларды үйіне түсіріп, басқа жолмен қашырып жіберіп, осы [сеніммен істеген] ісі арқылы ақталды’. Ал исраилдіктер жаулары қанахандықтардан қашып құтылды (Жақып 2:24—26). Сонымен қатар Рахаб Ехобаны шынайы Құдай ретінде мойындап, жезөкшелікпен айналысуды доғаруымен де сенім көрсетті (Ешуа 2:9—11; Еврейлерге 11:30, 31). Ол Құдайға сенбейтін қанахандыққа емес, Ехобаның қызметшісіне тұрмысқа шықты (Заңды қайталау 7:3, 4; 1 Қорынттықтарға 7:39). Рахаб зор мәртебеге ие болып, Мәсіх шыққан әулеттің мүшесі болды (1 Шежірелер 2:3—15; Рут 4:20—22; Матай 1:5, 6). Болашақта Рахаб тағы бір сый — жұмақ орнаған жер бетіне қайта тірілу мүмкіндігін — алады. Мұндай сыйды, азғындық жолын тастағандарды қоса алғанда, көптеген өзге адамдар да алады.
13. Қалай Дәуіт Барсабияға қатысты күнә жасады, бірақ ол қандай көзқарас танытты?
13 Рахабтың азғындық жолынан бас тартып, таза өмір сүргені сөзсіз. Бірақ Ехобаға өздерін арнағандарына ұзақ уақыт болғандардың көбісі ауыр күнәға бататын. Дәуіт патша Барсабиямен азғындық жасаған, сосын оның күйеуінің шайқаста қаза болуына ықпал етіп, өзі оған үйленген (2 Патшалықтар 11:1—27). Күнәсына қатты өкініп, қайғырған Дәуіт Ехобадан: “Киелі Рухыңды менен ала көрме”,— деп сұрады. Құдай оны өзінің рухынан айырмады да. Дәуіт Ехобаның мейірімді Құдай екендігіне әрі “шын өкініп, бағынған жүрекке” теріс қарамайтынына сенген (Забур 50:13, 19; 102:10—14). Дәуіт пен Барсабияның сенімдері ақталып, Мәсіх солардың әулетінен шықты (1 Шежірелер 3:5; Матай 1:6, 16; Лұқа 3:23, 31).
Сенім Құдайдың көмектесуге кепілдік беруі арқылы нығаяды
14. Гедеон көмек көрсетілетініне қатысты қандай кепілдік алған және бұл біздің сенімімізге қалай әсер етеді?
14 Біздің сеніміміз бар болғанмен, кейде Құдайдың көмектесуге кепілдік бергенін қажет етеміз. Осындай кепілдікке ‘патшаларды жеңіп шыққандардың’ бірі Гедеон мұқтаж болған (Еврейлерге 11:32, 33). Мадияндықтар мен одақтастары Исраилге шабуыл жасағанда, Гедеонның бойын Құдай рухы билейді. Ехобаның өзімен бірге болатынына кепілдік алғысы келген ол кешке қырманға төселген қой терісі арқылы белгі беруін сұрайды. Бірінші рет теріге сынақ жасалғанда шық теріге ғана түсіп, жер құрғақ күйінде қалады. Екіншісінде, керісінше болады. Осындай сынақтар арқылы кепілдік алған, қырағы Гедеон сеніммен әрекет етіп, Исраилдің жауларын жеңіп шығады (Билер 6:33—40; 7:19—25). Шешім қабылдарда көмек көрсетілетіндігіне кепілдік іздер болсақ, бұл біздің сеніміміз жоқ екенін білдірмейді. Керісінше, шешім қабылдағанда Киелі кітапқа және мәсіхшілердің басылымдарына жүгіну, сондай-ақ киелі рухтың басшылығын сұрап дұға ету арқылы сеніміміздің бар екенін көрсетеміз (Римдіктерге 8:26, 27).
15. Барақтың сенімі туралы ой жүгірткеніміз қалай көмектесуі мүмкін?
15 Барақ би де көмек көрсетілетініне кепілдік алып, сенімі жігерлендіру арқылы қатайған. Дебора пайғамбар оны исраилдіктерді қанахандық патша Иабиннің езгісінен босатуда басшылықты қолына алуға талпындырады. Құдайдың көмектесетініне кепілдік алған Барақ сеніммен исраилдіктерден күші анағұрлым басым Иабиннің Сисары басқарған қалың қолын жақсы қаруланбаған 10 мың жасағымен жеңіп шығады. Сол жеңіс туралы Дебора мен Барақ жан тебірентер ән шырқайды (Билер 4:1—5:31). Дебора Барақты Құдай таңдаған Исраилдің көсемі ретінде әрекет етуге жігерлендірген әрі ол сеніммен ‘жау жасақтарын қуған’ Ехобаның қызметшілерінің бірі болған (Еврейлерге 11:34). Ехобаға деген қызметімізде қандай да бір ауыр тапсырманы орындау үшін батылдық қажет болса, Барақтың сеніммен жасаған әрекетіне Құдайдың батасын бергені жөнінде ой жүгірткеніміз бізді де әрекет етуге талпындыруы мүмкін.
Сенім тыныштықтың орнауына ықпал етеді
16. Лутпен арасындағы тыныштықты сақтауға ұмтылуымен Ыбырайым қандай керемет үлгі қалдырған?
16 Сенім Ехобаға деген қызметімізде ауыр тапсырмаларды орындауға ғана көмектесіп қоймайды, тыныштық пен татулықтың орнауына да ықпал етеді. Малшыларының арасында дау-жанжал туып, бір-бірінен бөлінуі керек болғанда, қартаң Ыбырайым өзінен жас немере інісі Луттың ең жақсы өрісті таңдап алуына рұқсат етеді (Жаратылыс 13:7—12). Ыбырайым осындай мәселені шешу үшін, сеніммен Құдайдан көмек сұрап дұға етсе керек. Ол өзінің қара басын ғана ойламай, мәселені ың-шыңсыз шешеді. Егер мәсіхші бауырласымызбен керісіп қалсақ, өзгенің көңілін ескеруге қатысты Ыбырайым көрсеткен үлгіні есте ұстап, сеніммен дұға етіп, ‘тыныштыққа ұмтылайық’ (1 Петір 3:10—12).
17. Неге Пауыл, Барнаба және Марқаның арасында болған кикілжің тату шешілсе керек деуге болады?
17 Мәсіхшілерге арналған принциптерді ұстану арқылы қалай тыныштықтың орнауына ықпал етуімізге болатынына көңіл аударайық. Пауыл екінші миссионерлік сапарына аттанарда, Барнаба онымен Кипр мен Кіші Азиядағы қауымдарға тағы да бірге баруға келіседі. Бірақ Барнаба өзінің немере інісі Марқаны да алып кеткісі келеді. Пауыл бұған келіспейді, өйткені бұған дейін Марқа оларды Памфүлияда тастап кеткен. Мұның ақыры ‘айтысқа ұласып’, екеуі айырылысып кетеді. Барнаба мен Марқа Кипрге аттанады да, Пауыл өзіне Сыйласты серік етіп алып, ‘Сирия мен Кіликияны аралап жүріп, сол өңірдегі қауымдарды нығайтады’ (Елшілердің істері 15:36—41). Уақыт өте келе олар қайта табысса керек, өйткені Марқа Римде Пауылмен бірге болып, елші ол туралы жылы сөздер айтқан (Қолостықтарға 4:10; Філимонға 23, 24). Ал шамамен б. з. 65 жылы Пауыл Рим түрмесінде отырғанда Тімотеге былай деген: “Марқаны тауып бірге ала кел, өйткені ол қызметіме пайдалы болмақ” (2 Тімотеге 4:11). Пауыл Барнаба және Марқамен қарым-қатынасы туралы сеніммен дұға еткен болса керек, әрі соның арқасында ‘Құдайдың тыныштығының’ ықпалымен татулық орнаған (Філіпіліктерге 4:6, 7).
18. Еуодия мен Сүнтүхе ақырында не істесе керек?
18 Кемелсіз болғандықтан, әрине, “бәріміз де көп қате жібереміз” (Жақып 3:2). Екі мәсіхші әйелдің арасында да кикілжің туған. Ол туралы Пауыл былай деп жазды: “Еуодия мен Сүнтүхе екеуін де Иемізбен жүргендер ретінде өзара татуласуға шақырамын... Осы әйелдерге көмек көрсетші. Олар Ізгі хабарды таратудағы күресіме ортақтасты” (Філіпіліктерге 4:1—3). Сол Құдайды қастерлейтін әйелдер араларындағы түсініспеушілікті Матай 5:23, 24-тармақтарда жазылған сияқты принциптерді ұстанып, тату жолмен шешсе керек. Сеніммен Киелі кітап принциптерін ұстану арқылы біз де татулық орнауына ықпал ете аламыз.
Сенім бәріне төтеп беруге көмектеседі
19. Қандай сынақ Ысқақ пен Рабиғаны сенімнен айырмаған?
19 Сонымен қатар сенім ауыртпалыққа төтеп беруге көмектеседі. Бәлкім, шомылдыру рәсімінен өткен отбасы мүшесінің Құдайға мойынсұнбай, сенбейтін адаммен отау құрғаны жанымызға батып жүрген болар (1 Қорынттықтарға 7:39). Ысқақ пен Рабиға ұлдары Есаудың Құдайды қастерлемейтін әйелдерге үйленгенінен жапа шеккен. Оның хеттік әйелдерінің оларға ‘уайым әкелгені’ соншалық, Рабиға былай деген: “Есаудың алған хеттік әйелдерінің кесірінен өмірім уайымға толы өтіп жатыр. Егер Жақып та мына хеттік әйелдер сияқты жергілікті қыздардан әйел алатын болса, онда маған өмір сүрудің не қажеті бар?” (Жаратылыс 26:34, 35; 27:46). Алайда мұндай сынақ Ысқақ пен Рабиғаны сенімнен айырмаған. Ауыр қиыншылықтарға кезіккенде біз де сенімімізді берік сақтай берелік.
20. Қалай Нағима мен Рут сенім көрсетуде бізге үлгі қалдырған?
20 Егде тартқан жесір әйел Нағима яһуди халқынан шыққан, сондықтан ол яһуди әйелдерінің бірі ұл тауып, соның ұрпағынан Мәсіхтің туылатынын білген. Өз балалары ұрпақсыз дүниеден өтіп, ал өзі енді балалы болатын шақтан өткендіктен, өзінің әулетінен Мәсіхтің туылуы мүмкін еместей болып көрінетін. Бірақ Нағиманың жесір қалған келіні Рут егде тартқан Боғозға тұрмысқа шығып, ұл туып береді де, Иса Мәсіх соның әулетінен шығады! (Жаратылыс 49:10, 33; Рут 1:3—5; 4:13—22; Матай 1:1, 5). Қиын шақтарда Нағима мен Руттың сенімі мызғымай, ақырында оларды қуанышқа бөледі. Қиыншылықтарға қарамастан сенімімізді сақтар болсақ, біз де зор қуанышқа кенелеміз.
21. Сенім арқылы нендей нәрселерге қол жеткіземіз және не нәрсеге белімізді бекем бууымыз керек?
21 Ертеңгі күннің бізге не әкелетінін білмейміз, сөйткенмен де сенім арқылы барлық қиыншылықтарға төзе аламыз. Сенім бізді батыл әрі шыдамды етеді. Ол алдымызға жоғары мақсаттар қояды және өмірімізді қанағат сезіміне бөлейді. Сенім айналамыздағы адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуымызға ықпал етеді, сондай-ақ қиыншылықтарға төтеп беруге көмектеседі. ‘Сенімге адал болып, жандарын мәңгі аман сақтайтындардың қатарында’ болайық! (Еврейлерге 10:39, сілтемені қара). Сүйіспеншілікке толы Құдайымыз Ехобадан алып отырған күштің арқасында және оны мадақтау үшін, бұдан былай да сеніміміздің берік екенін көрсете берейік!
Қалай жауап берер едіңдер?
• Киелі кітаптан сенімнің батылдық беретіні қалай көрінеді?
• Неге сенім өмірде қанағат сезіміне бөлейді деуге болады?
• Қалай сенім татулық орнауына ықпал етеді?
• Сенімнің қиыншылықтарға төтеп беруге көмектесетінін не дәлелдейді?
[12-беттегі суреттер]
Сенім Ехобаның хабарын жариялауға Нұх пен Енохқа батылдық берген
[15-беттегі суреттер]
Мұсанікіндей сенім рухани мақсаттар қоюға талпындырады
[16-беттегі суреттер]
Құдайдың көмектесуге кепілдік беруі Барақ, Дебора, Гедеондардың сенімін нығайтқан