Бала өсіруге қатысты сенімді кеңестер
АЛҒАШ рет жүкті болғаны туралы Рут былай дейді: “Ол кезде мен 19 болатынмын және отбасы мен туыстарымнан алыста тұратынмын. Мен бұған мүлдем дайын емес едім”. Ол ата-анасының жалғызы еді және ана болу туралы ештеңе білмейтін. Сенімді кеңесті оның қайдан алуына болар еді?
Екі бала өсірген Жан болса былай деп есіне алады: “Алғашқыда мен өзіме өте сенімді болатынмын. Бірақ көп ұзамай-ақ, тәжірибемнің жоқ екенін түсіндім”. Ата-ана бойында, о баста немесе кейіннен болсын, бала өсіруге қатысты сенімсіздік пайда болса, олар көмекті қайдан таба алады?
Бүгінде ата-аналар Интернетке жүгінуге бейім болып барады. Алайда ондағы кеңестердің қаншалықты сенімді екендігін білгіңіз келетін шығар. Бұл мәселеде абай болған жөн. Кеңесті кімнің беріп жатқанын шынымен білесіз бе? Олардың өз балалары жөнінде не деуге болады? Өз отбасыңызға қатысты жайттарда сақ болғыңыз келетіні сөзсіз. Алдыңғы мақалада айтылғандай, мамандардың берген кеңестерінің өзі кейде пайдаға аспай жатады. Сонда не істей аласыз?
Некеге бастама берген Ехоба Құдайды бала өсіруге қатысты кеңестің зор Қайнары деуге болады (Ефестіктерге 3:15). Бұл мәселеде тек Ехоба ғана нағыз маман бола алады. Өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы ол шынымен пайдаға асатын тиімді әрі сенімді басшылық береді (Забур 31:8; Ишая 48:17, 18). Ал оны қолдану-қолданбау өзімізге байланысты.
Балаларын байсалды әрі Құдайдан қорқатын азамат етіп өсірген бірнеше ата-ананың өз тәжірибесінде біліп үйренгендері жөніндегі әңгімелерін тыңдап көрейік. Бұл ата-аналар, негізінен, Киелі кітап принциптерін қолданудың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізгендерін айтты. Олар Киелі кітаптағы кеңестерге кезінде қаншалықты сенім артуға болатын болса, қазір де солай екендігіне көз жеткізген.
Бірге уақыт өткізіңіз
Екі баланың анасы Катриннен көмегі тиген ең жақсы кеңес жөнінде сұрағанда, ол бірден Заңды қайталау 6:7-дегі кеңесті айтты. Ол жерде былай делінген: “Бұларды [Киелі кітап принциптерін] өз балаларыңның санасына құй және оларға өз үйіңде отырған кезде және жол үстінде келе жатқанда, әрі жатар алдында және орныңнан тұрғанда осылар туралы айтып түсіндір”. Катрин бұл кеңесті ұстану үшін балаларымен бірге уақыт өткізу керек екенін түсінген.
Бәлкім, сіз: “Мұны істегеннен гөрі айтқан оңай”,— деп ойларсыз. Көп жағдайда отбасын асырау үшін ата-ананың екеуіне де жұмыс істеуге тура келіп жатады. Жұмыстан қолдары босамайтын мұндай ата-аналар балаларына қалай көбірек уақыт бөле алады? Қазір немере сүйіп отырған Торлиф Заңды қайталаудағы кеңеске құлақ асу өте маңызды екендігін байқаған. Балаларыңызды үнемі өзіңізбен бірге алып жүріңіз, сонда әңгімелесудің мүмкіндігі өзі-ақ туады. Торлиф: “Үй шаруасын балам екеуіміз бірге істейтінбіз. Саяхатқа бүкіл отбасымызбен шығатынбыз, тамақты да бірге ішетінбіз”,— дейді. Сосын ол: “Ұлымыз өз ойын әрқашан ашық айта алатынын білетін”,— деп қорытындылады.
Ал ата-ана мен баланың арасында қарым-қатынас үзіліп қалып, еркін әңгімелесу қиынға соқса ше? Балалар есейгенде, бұндай нәрсе болып тұрады. Бұндай жағдайда да мәселені балаға көбірек уақыт бөлу арқылы шешуге болады. Катриннің күйеуі Кен қыздары жасөспірім кезінде, әңгімесін ден қойып тыңдамайтынын айтып, ренжитінін есіне алды. Мұндай реніш сөздерін жасөспірімдерден жиі естуге болады. Кеннің не істеуіне болар еді? Ол: “Қызыммен бірге көбірек уақыт өткізіп, оның көкейінде жүрген ойлары, сезімдері мен мазалап жүрген нәрселері жайлы әңгімелесуді шештім. Бұның жақсы көмегі тиді”,— деп есіне алды (Нақыл сөздер 20:5). Алайда Кен осылай әрекет еткенінің нәтижелі болуының себебі олардың отбасында ой бөлісу кәдімгі нәрсе болғандықтан деп ойлайды. “Қызым екеуіміз әрқашан жақсы қарым-қатынаста болатынбыз, сондықтан ол менімен еркін сөйлесе алатынын білетін”,— деді ол.
Бір ескеретін жайт, жақында өткізілген бір зерттеудің нәтижесі ата-аналар мен балалардың бірге өткізетін уақытының жеткіліксіз екенін айтуға ата-аналарға қарағанда, жасөспірімдердің үш есе бейім келетінін көрсетті. Онда неге Киелі кітаптың кеңесіне құлақ аспасқа? Балаларыңызға мүмкіндігінше көп уақыт бөліңіз: демалғанда, жұмыс істегенде, үйде, жол жүргенде, таңертең тұрғанда және ұйықтар алдында. Мүмкін болса, қайда барсаңыз да оларды бірге алып жүріңіз. Заңды қайталау 6:7-де ескерілгендей, балаларыңызға бөлінетін уақыттың орнын ештеңе толтыра алмайды.
Дұрыс құндылықтарды үйретіңіз
Екі баланың әкесі Марио мынадай кеңес береді: “Балаларыңыздан сүйіспеншілігіңізді аямаңыз. Оларға кітап оқып беріңіз”. Алайда мұндағы мақсат — жай ғана баланың ой-санасын дамыту емес. Сіз оларға дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйретуіңіз керек. Марио: “Олармен Киелі кітапты зерттеңіз”,— деп қосты.
Бұған қатысты Киелі кітапта мынадай кеңес бар: “Балаларыңа шамасы келмейтін талап қойып, ашуландырмай, Иеміздің тәлімімен нұсқауын беріп, тәрбиелеңдер!” (Ефестіктерге 6:4, сілтемені қараңыз) Бүгінде көп отбасында моральдық жағынан тәрбие беруге онша мән берілмейді. Кейбіреулер балалар өскенде, қандай құндылықтарды ұстанатынын өздері шеше алатын болады деп ойлайды. Бұл сіз үшін ойға қонымды нәрсе ме? Өсіп келе жатқан жас организм күшті әрі сау болу үшін дұрыс қорек қажет, сол сияқты жас сана мен жүрекке де басшылық керек. Егер балаларыңызға моральдық құндылықтарды үйде үйретпесеңіз, олардың көзқарасын сыныптастары мен мұғалімдері немесе бұқаралық ақпарат құралдары қалыптастыруы әбден мүмкін.
Балаларына дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйрету үшін ата-аналар Киелі кітаптың көмегіне жүгіне алады (Тімотеге 2-хат 3:16, 17). Екі бала өсірген тәжірибелі мәсіхші ақсақал Джеф балаларды дұрыс құндылықтарға үйрету үшін Киелі кітапты қолдануға кеңес береді. Ол былай деді: “Киелі кітапты қолдану балалардың ата-анасының ғана емес, Жаратушының да көзқарасын ескеру керек екендерін түсінулеріне көмектеседі. Біздің байқағынымыз, Киелі кітап қана ой-сана мен жүрекке ерекше әсер етеді. Баламыздың қылығының немесе ойының бұрыс екенін байқасақ, біз уақыт бөліп, лайықты Жазба орнын таңдап алатынбыз. Сосын, оны оңаша жерде оқуына мүмкіндік беретінбіз. Нәтижесінде жиі баланың көзіне жас үйірілетін, тіпті жылап жіберетін. Біз қайран қалатынбыз. Киелі кітаптың әсері біз айтқымыз не істегіміз келген нәрселерден әлдеқайда күшті болатын”.
Еврейлерге 4:12-де былай түсіндіріледі: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол... ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды”. Сондықтан Киелі кітаптағы мәлімет — жай ғана оны жазған кісілердің өз ойлары мен тәжірибелерінен туған нәрсе емес. Онда құндылықтарға қатысты Құдайдың көзқарасы жазылған. Бұл ондағы кеңестерді теңдесі жоқ етеді. Балаларыңызды тәрбиелегенде Киелі кітапты қолданар болсаңыз, олардың көзқарасының Құдайдікіндей болуына көмектесесіз. Тәліміңіздің әсері анағұрлым күшті болады, әрі балаларыңыздың жүрегіне жол табудың мүмкіндігі де көбейеді.
Жоғарыда сөздері келтірілген Катрин де осындай ойда. Ол: “Жағдай қаншалықты ауыр болса, соғұрлым басшылықты Құдай Сөзінен іздей түсетінбіз. Мұнымыз нәтижелі болатын”,— дейді. Балаларыңызға дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйрету үшін Киелі кітапты көбірек қолдана алар ма едіңіз?
Парасатты болыңыз
Елші Пауыл бала өсіруде пайдалы болатын өзге бір принципке назар аударған. Ол мәсіхшілерді: “Сендердің кіші пейіл [“парасатты”, ЖД] екендеріңді елдің бәрі көре алсын”,— деп шақырған (Філіпіліктерге 4:5). Сөзсіз, парасатты екеніміз балаларымызға да көрініп тұру керек. Ұмытпаңыз, парасаттылық — ‘көктен келген даналықтың’ көрінісі (Жақып 3:17).
Алайда парасаттылықтың бала тәрбиесіне қандай қатысы бар? Әрине, біз оларға көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, бірақ әрбір әрекеттерін қадағалап отырмаймыз. Мысалы, жоғарыда сөздері келтірілген Ехоба Куәгерлерінің бірі Марио былай деп есіне алады: “Біз әрқашан балаларымызды суға шомылдыру рәсімінен өтуге, толық уақытты қызмет етуге және басқа да рухани мақсаттар қоюға талпындыратынбыз. Бірақ уақыты келгенде, шешімді өздері қабылдау керек екендерін анық білдіретінбіз”. Мұның нәтижесі қандай болды екен? Қазір олардың балаларының екеуі де толық уақытты уағыздаушы.
Киелі кітап әкелерді: “Балаларыңды кейітпеу үшін ызаландырмаңдар!”— деп ескертеді (Қолостықтарға 3:21, сілтемені қараңыз). Катрин осы тармақты қатты бағалайды. Ата-ананың шыдамы таусылғанда, ашуға салыну немесе тым көп талап қоя бастауы оп-оңай. Бірақ ол: “Өзіңнен талап ететін нәрсені балаңнан талап етпе”,— дейді. Катрин де Ехоба Куәгері, сондықтан ол былай деп қосты: “Ехобаға деген қызметті қуанышты қыл”.
Жоғарыда аты аталған Джеф былай деді: “Балаларымыз өсіп қалғанда, бір жақсы досымыз кезінде балаларының өтініштеріне қаншама рет “жоқ” деуге мәжбүр болғанын айтты. Сондай кездерде олар ренжіп, ұнжырғалары түседі екен. Осылай болмас үшін ол бізге “иә” деудің жолдарын іздеуге кеңес берді”.
Джеф: “Біз мұның жақсы кеңес екеніне көз жеткіздік,— дейді.— Сондықтан өзіміз орынды деп тапқан кездерде, балаларымыз үшін өзгелермен бірге қандай да бір іспен айналысудың мүмкіндіктерін іздестіретін болдық. Біз оларға: — Пәленше-түгеншелер мынадай не анадай нәрсе істеп жатқанын білесіңдер ме? Неге сендерге де соларға қосылмасқа?— дейтінбіз. Балаларымыз бір жаққа алып баруды сұраса, шаршап тұрсақ та, бар күшімізді жинап, өтініштерін орындайтынбыз. Біз “жоқ” деп айтпау үшін осылай ететінбіз”. Парасаттылық деген міне осы: шыншыл да қамқор болу, сондай-ақ Киелі кітап принциптерін бұзбай көне білу.
Сенімді кеңестердің пайдасын көріңіз
Бүгінде осы ата-аналардың көбі немере сүйіп отыр. Өздері қолданған Киелі кітап принциптерінің балаларына да көмектесіп жатқанын көру — олар үшін зор қуаныш. Ал сіз Киелі кітап кеңестерінің пайдасын көре аласыз ба?
Мақаланың басында сөз етілген Рут пен оның күйеуі бала өсіруде кейде өздерін басшылықсыз қалғандай сезінетін. Бірақ шындығында олай емес еді. Олар Құдай Сөзі Киелі кітапта жазылған ең керемет кеңестерді білетін. Ехоба Куәгерлері ата-аналарға көмек ретінде Киелі кітапты зерттеуге арналған көптеген тамаша әдебиеттер басып шығарған. Сондай басылымдардың кейбірі мынадай: “Ұлы Ұстаздан үйреніңдер” (ор.), “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым”, “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.) және “Тарихтағы ең ұлы адам”. Руттың күйеуі Торлиф былай деді: “Бүгінде Киелі кітапқа негізделген кеңестер өте көп, әрі ата-аналар оларды оп-оңай таба алады. Оларды тек қолданса болғаны, бала өсірудің кез келген сатысында көмексіз қалмайды”.
[5-беттегі қоршау/сурет]
Мамандар не айтады, ал Киелі кітап не дейді
Сүйіспеншілік көрсетуге қатысты
Джон Бродас Ватсон 1928 жылы жарық көрген кітабында ата-аналарды балаларын ‘ешқашан құшақтап, сүймеуге’, сондай-ақ ‘еш уақытта алдарына алып отырмауға’ шақырған (The Psychological Care of Infant and Child). Алайда бертін келе бір журналда Вера Лэйн мен Дороти Молено былай деп жазды: “Зерттеулер көрсеткендей, қолға алып, сүйіспеншілік көрсетілмеген бөбектер әдетте дұрыс өсіп-жетілмейді” (Our Children, 1999 наурыз).
Ал Ишая 66:12-де болса Құдайдың өз халқына деген сүйіспеншілігін әке іспетті танытатыны жайлы айтылады. Сол сияқты өзіне балаларын әкелген халықты тоқтатпақ болған шәкірттеріне Иса: “Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдай Патшалығы сондайлар үшін”,— деп, көзқарастарын түзетті. Сосын, “балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып бата берді” (Марқа 10:14, 16).
Дұрыс құндылықтарды үйретуге қатысты
1969 жылы “Нью-Йорк таймс” журналының бір мақаласында Бруно Бетелхайм баланың ‘[ата-ана ақылының] ықпалымен емес, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, жеке пікір қалыптастыруына құқы’ бар екендігіне баса назар аударған. Алайда отыз жылға жуық уақыт өткеннен кейін, Роберт Колс бір еңбегінде “балалардың өмірлерінде мақсат пен бағыт-бағдардың және ана-атасы мен басқа ересек адамдар мақұлдаған құндылықтардың болуын қажет ететінін” мойындады (The Moral Intelligence of Children (1997).
Нақыл сөздер 22:6-да ата-аналарға: “Баланы жастан салсаң тура жолға, Есейгенде ол содан таймайды да”,— деген кеңес берілген. ‘Тура жолға сал’ деп аударылған еврей сөзінің “бастау беру” деген де мағынасы бар, ал бұл жерде баланы нәресте кезінен тәрбиелей бастауды білдіреді. Осылайша, ата-аналар дұрыс құндылықтарды балаларына “нәресте” күнінен бастап үйретуге шақырылады (Тімотеге 2-хат 3:14, ЖД; 15). Баланың тұлға ретінде қалыптасатын осы жылдары үйренгендері бойында өмір бойы қалуы әбден мүмкін.
Жөнге салуға қатысты
Джеймс Добсон 1978 жылы жарық көрген бір еңбегінде былай деп жазды: “Сүюші ата-ананың жазалау үшін балаға қол тигізуі — оның жаман қылығын тыюға арналған құрал” (The Strong-Willed Child). Ал 1998 жылы көпке танымал бір кітаптың жетінші басылымына негізделген мақаласында Бенджамин Спок былай деді: “Қол жұмсау баланы мынаған үйретеді: әрекеті дұрыс болсын-болмасын, жасы үлкен, күші бар ересек адам не істегісі келсе де өз еркі” (Baby and Child Care).
Жөнге салуға қатысты Киелі кітапта былай делінген: “Дүре мен әшкерелеу кемеңгерлікке жол ашады” (Нақыл сөздер 29:15, Тт). Алайда балалардың барлығы жазалауды қажет етпейді. Нақыл сөздер 17:10-да: “Ақылсызға берген жүз дүреден гөрі Ақылдыға берген бір сөгіс әсерлі”,— делінген.
[Сурет]
Жүрекке әсер ету үшін Киелі кітапты қолданыңыз
[7-беттегі сурет]
Дана ата-ана балалары бой жазып, көңіл көтерулері үшін қам жасайды