Мәсіхке және оның адал құлына адалдық танытайық
“Қожайыны... оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ” (МАТАЙ 24:45—47).
1, 2. а) Жазбалардан көрінетіндей, біздің Көсеміміз кім? ә) Исаның мәсіхшілер қауымына белсенді түрде басшылық етіп жатқаны неден көрінеді?
“ӨЗДЕРІҢДІ “көсем” деп те ататпаңдар, өйткені Көсемдерің біреу-ақ, ол — Мәсіх” (Матай 23:10, ЖД). Осы сөздермен Иса ізбасарларына жер бетінде ешкім де олардың көсемі болмау керектігін анық көрсетті. Олардың көкте бір ғана Көсемі болмақ еді: ол — Иса Мәсіхтің өзі. Оны көсем етіп тағайындаған — Құдай. Ехоба “Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп... Оны барлығынан да жоғары қойып, сенушілер қауымының Басы етті. Ал қауым — Мәсіхтің рухани денесі” (Ефестіктерге 1:20—23).
2 Мәсіх сенушілер қауымының Басы ретінде ‘барлығынан жоғары қойылғандықтан’, қауымда орын алатын жайттардың бәрін қадағалайды. Онда болып жатқандардың ешқайсысы да назарынан тыс қалмайды. Ол әрбір мәсіхшілер тобының, немесе қауымының, рухани күйін мұқият бақылайды. Бұл б. з. І ғасырының соңында елші Жоханға берілген аяннан анық көрінеді. Сол аянда Иса жеті қауымның істерін, жақсы жақтары мен әлсіздіктерін білетінін бірнеше рет айтып, соған сай оларға кеңес пен жігер берген (Аян 2:2, 9, 13, 19; 3:1, 8, 15). Олай болса, оның Кіші Азия, Палестина, Сирия, Бабыл, Грекия, Италия мен басқа жерлердегі қауымдардың да рухани күйін жақсы білгеніне сенімді болуымызға болады (Елшілердің істері 1:8). Ал біздің күніміз жайлы не деуге болады?
Адал құл
3. Неге Мәсіхті баспен, ал қауымды денемен салыстыру орынды?
3 Қайта тірілген Иса көктегі Әкесіне оралардан сәл бұрын, шәкірттеріне: “Маған көк пен жердің барлық билігі берілген!”— деді. Сондай-ақ: “Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!”— деп айтты (Матай 28:18—20). Иса олардың Басы ретінде әрі қарай да белсенді түрде басшылық ете бермек еді. Елші Пауыл ефестіктер мен қолостықтарға жазған хатында мәсіхшілер қауымын Мәсіх Басы болып табылатын ‘рухани денеге’ теңеген (Ефестіктерге 1:22, 23; Қолостықтарға 1:18). Бір еңбекте айтылғандай, бұл метафора дененің “Баспен біртұтас болғанына ғана емес, Бастың дене мүшелері арқылы өз еркін орындайтынына нұсқайды. Олар Бастың құралдары болып табылады” (The Cambridge Bible for Schools and Colleges). Иса 1914 жылы Патшалық билікті қолға алғаннан бері, қандай топты өзінің құралы ретінде қолданып отыр? (Даниял 7:13, 14)
4. Малахидің пайғамбарлығында айтылғандай, Ехоба мен Иса Мәсіх рухани ғибадатхананы тексеруге келгенде нені байқады?
4 Малахидің пайғамбарлығында ‘Жаратушы Ие’ өзінің “келісім хабаршысы” (ЖД) — таққа жаңа отырған Ұлы Иса Мәсіхпен бірге “ғибадатханасын”, яғни рухани ғибадатхананы, тексеру және соттау үшін келетіні айтылған. ‘Тәңірдің өз халқын соттай бастайтын уақыты’ 1918 жылы келдіa (Малахи 3:1; Петірдің 1-хаты 4:17). Сонда өздерін Құдайдың өкіліміз және шынайы ғибадат етіп жүрміз деушілер тексерілді. Ғасырлар бойы Құдайды масқаралайтын ілімдерге үйреткен және Бірінші дүниежүзілік соғыстағы қантөгіске қатысқан мәсіхшілер әлемінің шіркеулерінен Құдай бас тартты. Киелі рухпен майланған мәсіхшілердің адал тамтығы да сыналып, отпен тазартқандай тазартылды. Сөйтіп, олар “әділдікпен сый-тартулар ұсынатын халық” ретінде Құдайдың ықыласына ие болды (Малахи 3:3, ЖД).
5. Исаның Патшалыққа ‘келгендігі’ жайлы пайғамбарлыққа сай, адал “құл” кім болып шықты?
5 Малахидің пайғамбарлығына сай, Иса шәкірттеріне өзінің Патшалыққа “келгендігі мен заманның ақырын” білдіретін белгіні айтқанда, топ ретіндегі “құлды” қалай анықтауға болатынын да көрсеткен. Ол былай деді: “Қожайыны өз үй ішіндегілерінің үстінен ас-суларын уақытында беріп отыруға тағайындаған адал да ақылды құл шын мәнінде кім? Қожайыны оралып келгенде оның өз міндетін атқарып жүргенін көрсе, сол қызметші [“құл”, Тт] бақытты! Сендерге шындығын айтайын: оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ” (Матай 24:3, 45, ЖД, 46, 47). Мәсіх 1918 жылы ‘құлды’ тексеру үшін “оралып келгенде”, 1879 жылдан бері осы журнал мен басқа да Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер арқылы рухани ‘ас-суды уақтылы’ беріп отырған майланған мәсіхшілердің адал тамтығын тапты. Оларды өзінің топ ретіндегі құралы, немесе “құлы”, деп мойындап, 1919 жылы өзінің жердегі бүкіл меншігін басқаруды сеніп тапсырды.
Мәсіхтің жердегі меншігін басқару
6, 7. а) Иса өзінің адал “құлына” қатысты тағы қандай сөзді қолданды? ә) Иса “қызметші” сөзін неліктен қолданды?
6 Иса өзінің Патшалыққа келгендігінің белгісін айтардан бірнеше ай бұрын, бұл белгінің ішінде жердегі өкілі болып табылатын ‘құлдың’ болатыны да бар, ‘құлдың’ жауапкершіліктерін көрсету үшін оған қатысты басқа сөз қолданған болатын. Ол былай деді: “Адал да саналы қызметшідей болыңдар: қожайыны оны өзге қызметшілерінің үстерінен қарап, ас-суларын уақтылы үлестіріп беруге тағайындады. Сендерге шындығын айтайын: оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ” (Лұқа 12:42, 44).
7 Мұнда құл ‘қызметші’ деп аталған. Қызметші деп аударылған грек сөзі “мал-мүлікті немесе үй шаруасын басқарушы” дегенді білдіреді. Топ ретіндегі қызметші — жай ғана Киелі кітаптағы қызықты ойларды түсіндіретін ақылды адамдар тобы емес. “Адал қызметші” нәрлі ас-суды “уақтылы” берумен қатар, Мәсіхтің барлық қызметшілерінің үстінен қарауға және Исаның жердегі істерін, яғни “оның бүкіл меншігін”, басқаруға тағайындалмақ еді. Мәсіхтің бүкіл меншігіне не жатады?
8, 9. Адал құл үстінен қарауға тағайындалған ‘меншікке’ не жатады?
8 Құлдың жауапкершілігіне Мәсіхтің ізбасарлары қызметтерін атқару үшін қолданып жатқан мүліктері — Ехоба Куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасы мен филиалдары, сондай-ақ Патшалық сарайлары мен Конгресс сарайлары сияқты жер-жердегі ғибадат ету орындарына бас-көз болу жатады. Бұдан да маңыздысы, құл табы апта сайынғы кездесулер мен жүйелі түрде өткізілетін конгрестердегі Киелі кітапқа негізделген рухани нығайтатын бағдарламаларды жасауда басшылық беріп отырады. Бұл жиындарда Киелі кітап пайғамбарлықтарының орындалуы жайлы айтылады және оның принциптерін күнделікті өмірде қолдануға қатысты уақтылы нұсқаулар беріледі.
9 Қызметшіге сондай-ақ өте маңызды іске, атап айтқанда ‘Патшалық туралы Ізгі хабарды’ уағыздау мен ‘күллі халықтардан’ шәкірттер дайындау ісіне, басшылық ету жауапкершілігі жүктелген. Бұған адамдарды қауымның Басы Мәсіхтің соңғы заманда орындауды бұйырған өсиеттерінің бәрін ұстануды үйрету жатады (Матай 24:14; 28:19, 20; Аян 12:17). Уағыздау мен тәлім беру ісінің арқасында майланған тамтықтың адал серіктері — “өте үлкен тобыр” пайда болып отыр. Осы “барлық халықтың қалаулылары” адал құлдың қарауына берілген Мәсіхтің құнды ‘меншігінің’ бір бөлігі болып табылады (Аян 7:9; Нағай 2:7, ЖД).
Басқарушы кеңес — құл табының өкілі
10. Бірінші ғасырда кімдер шешім қабылдады және бұның қауымдарға қандай пайдасы тиді?
10 Адал құлдың үлкен жауапкершіліктеріне көптеген шешім қабылдау да жататыны анық. Бірінші ғасырда Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдар құл табының өкілі ретінде әрекет етіп, бүкіл мәсіхшілер қауымы үшін шешімдер қабылдаған (Елшілердің істері 15:1, 2). Сол кездегі басқарушы кеңестің қабылдаған шешімдері қауымдарға хаттар және аралаушы өкілдер арқылы жетіп отырған. Ертедегі мәсіхшілер осындай анық басшылық алып отырғанына қуанды, әрі олардың басқарушы кеңеспен даярлықпен қызметтескені бірлік пен ынтымаққа ықпал етті (Елшілердің істері 15:22—31; 16:4, 5; Філіпіліктерге 2:2).
11. Бүгінде Мәсіх өз қауымына басшылық беру үшін кімді қолдануда және майланған мәсіхшілердің осы тобына біз қалай қарауымыз керек?
11 Ертедегі мәсіхшілердің кезіндегідей, бүгінде рухпен майланған бақылаушылардың шағын тобы жердегі Мәсіхтің ізбасарларының Басқарушы кеңесін құрайды. Қауым Басы Мәсіх өзінің әрекет ететін күшін бейнелейтін ‘оң қолы’ арқылы осы адал ер кісілерге Патшалық ісін бақылауда басшылық береді (Аян 1:16, 20). Ұзақ уақыт Басқарушы кеңестің мүшесі болып, жуырда жердегі өмірін аяқтаған Альберт Шредер өз өмірбаянында былай деп жазды: “Басқарушы кеңес сәрсенбі сайын жиналып, кездесулерін дұғамен бастап, Ехобаның киелі рухының басшылығын сұрайды. Сөйтіп, әрбір мәселені қарастырғанда және әрбір шешімді қабылдағанда, олар Құдай Сөзі Киелі кітапта айтылғандарды барынша ұстануға тырысады”b. Осындай адал майланған мәсіхшілер сенім артуға тұрады. Елші Пауылдың: ‘Жетекшілеріңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар. Олар ұдайы рухани өмірлеріңнің қамын жейді’,— деген бұйрығын әсіресе осы бақылаушыларға қатысты орындауымыз керек (Еврейлерге 13:17).
Адал құлға лайықты құрмет көрсету
12, 13. Құл табына құрмет көрсетуге Киелі кітапқа негізделген қандай себептер бар?
12 Адал құл табына лайықты құрмет көрсетуіміздің келелі себебі бар: оларға құрмет көрсеткеніміз, сайып келгенде, Қожайынымыз Иса Мәсіхке құрмет көрсеткеніміз. Пауыл майланғандар туралы былай деп жазды: “Шақырылған азат адам — “Мәсіхтің құлы”. Сендер үлкен құн төлеп, күнәның құлдығынан азат етілдіңдер” (Қорынттықтарға 1-хат 7:22, 23; Ефестіктерге 6:6). Олай болса, адал құл мен оның Басқарушы кеңесінің басшылығына адал мойынсұнуымызбен құлдың Қожайыны Мәсіхке мойынсұнамыз. Мәсіхтің жердегі меншігін басқару үшін қолданып жатқан құралына лайықты құрмет көрсету ‘Құдай Әкенің даңқын арттырып, Иса Мәсіхті Иеміз деп ашық мойындаудың’ бір жолы болып табылады (Філіпіліктерге 2:11, ЖД).
13 Адал құлға құрмет көрсетудің Киелі кітапқа негізделген тағы бір себебі — жердегі майланған мәсіхшілер Ехоба ‘Киелі Рухы арқылы мекендейтін’ “рухани үй” болып табылады. Олай болса, олар “қасиетті” (Қорынттықтарға 1-хат 3:16, 17; Ефестіктерге 2:19—22). Киелі үй деп сипатталған осы топқа Иса өзінің жердегі бүкіл меншігін сеніп тапсырды. Бұл дегеніміз мәсіхшілер қауымындағы белгілі бір құқықтар мен жауапкершіліктер тек құл табының мойнында дегенді білдіреді. Сол себепті қауым мүшелерінің бәрі адал құл мен оның Басқарушы кеңесінің беріп жатқан басшылығын ұстанып, қолдау көрсетуді өздерінің қасиетті міндеті санайды. Шынында да, ‘басқа қойлар’ құл табының Қожайынның берген тапсырмасын орындауына көмектесуді үлкен мәртебе деп есептейді (Жохан 10:16).
Құл табын адалдықпен қолдау
14. Ишая пайғамбарлық еткендей, басқа қойлар қалай құл табының артынан ереді және оларға “ақы алмайтын жұмысшылар” сияқты қызмет етеді?
14 Рухани Исраилдің майланған мүшелеріне басқа қойлардың кішіпейілдікпен мойынсұнатыны Ишаяның пайғамбарлығында айтылған: “Жаратқан Ие таңдаған халқына мынаны да айтады: “Мысырдың істері [“ақы алмайтын жұмысшылары”, ЖД] мен Құштың саудасы сенікі болмақ. Себаның бойшаң адамдары да сенің жағыңа өтіп, меншігіңе айналады. Олар шынжырланған күйде артыңнан еріп, құрмет көрсете алдыңа жығылып: — Расында да Құдай тек саған жар болып жүр. Одан басқа құдай жоқ!— деп мойынсұнатын болады” (Ишая 45:14). Бүгінде басқа қойлар майланған құл табы мен оның Басқарушы кеңесінің басшылығын ұстанып, бейнелеп айтқанда, олардың артынан ереді. “Ақы алмайтын жұмысшылар” сияқты, басқа қойлар өз күштері мен мүмкіндіктерін Мәсіхтің жердегі майланған ізбасарларына тапсырған дүниежүзілік уағыздау ісіне даярлықпен жұмсауда (Елшілердің істері 1:8; Аян 12:17).
15. Ишая 61:5, 6-дағы пайғамбарлықта басқа қойлар мен рухани Исраилдің арасындағы қарым-қатынас жайлы не айтылған?
15 Басқа қойлар құл табы мен оның Басқарушы кеңесінің басшылығымен Ехобаға қуанышпен әрі ризашылықпен қызмет етуде. Олар майланғандарды ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ мүшелері деп таниды (Ғалаттықтарға 6:16). “Жат жерліктер” ретінде басқа қойлар рухани Исраилмен қарым-қатынаста. Олар ‘егіншілер’ және ‘жүзімшілер’ ретінде “Жаратушы Иенің дін қызметшілері” мен ‘Құдайдың қызметшілері’ болып табылатын майланғандардың басшылығымен қуана қызмет етуде (Ишая 61:5, 6, Тт). Олар Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау мен барлық ұлттан шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалысуда. Сонымен қатар жаңадан келген қой тәріздес адамдарды бағып, қамқорлауда құл табына шын жүректен көмек көрсетуде.
16. Басқа қойларды адал да ақылды құлға қолдау көрсетуге не талпындырады?
16 Басқа қойлар адал құлдың рухани ас-сумен уақтылы қамтамасыз ету үшін аянбай еңбектеніп жатқандығының зор пайдасын көруде. Олар адал да ақылды құл болмағанда, Киелі кітаптың құнды шындықтары, мысалы: Ехоба, оның Ұлы және киелі рух туралы шындық, Ехобаның жоғары билігі, есімінің ақталуы, Патшалық, жаңа аспан мен жаңа жер, жан, өлген адамның қандай күйде болатыны — туралы аз білетінін немесе мүлдем ештеңе білмейтіндерін кішіпейілдікпен мойындайды. Адал әрі шын жүректен риза болғандықтан басқа қойлар осы заманның ақырында Мәсіхтің жердегі майланған ‘бауырластарына’ сүйіспеншілікпен қолдау көрсетуде (Матай 25:40).
17. Басқарушы кеңес нені қажет деп тапты және келесі мақалада не қарастырылады?
17 Саны азайып жатқандықтан жердегі майланғандар Мәсіхтің меншігіне қарау үшін барлық қауыммен бірге бола алмайды. Сондықтан Басқарушы кеңес басқа қойлар арасынан ер кісілерді филиалдарды, облыс пен аудандарды және қауымдарды бақылауға тағайындайды. Осы бақташыларға деген көзқарасымыз Мәсіх пен оның адал құлына деген адалдығымызға әсер ете ме? Бұл келесі мақалада қарастырылады.
[Сілтемелер]
a Бұл тақырыпқа қатысты қосымша мәліметті 2004 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 мамырдағы (22—27 беттер), 1992 жылдың 1 желтоқсандағы санын (13-бет, ор.) қараңдар.
b “Күзет мұнарасының” 1988 жылғы 1 наурыздағы санын қараңдар (10—17 бет, ағ.).
Қайталауға арналған сұрақтар
• Біздің Көсеміміз кім және оның қауымдағы жағдайды білетіні неден көрінеді?
• ‘Ғибадатхана’ тексерілгенде, кімдер адал құл ретінде әрекет етіп жатты және оларға қандай меншік сеніп тапсырылды?
• Құл табын адал қолдауға Киелі кітапқа негізделген қандай себептер бар?
[25-беттегі суреттер]
Қызметшінің қарауындағы ‘меншікке’ мүліктер, рухани бағдарламалар мен уағыздау ісі жатады
[26-беттегі сурет]
Басқа қойдың мүшелері құлшына уағыздауларымен адал құл табына қолдау көрсетеді