9-бөлім
«Соңғы дәуірде» өмір сүріп жатқанымыздың дәлелдері
1, 2. Соңғы дәуірде өмір сүріп жатқандығымызды қайдан білеміз?
ҚҰДАЙ Патшалығы, адамзаттың басшылық ету жүйесін жойғалы жатқан уақытта өмір сүріп жатқанымызға неге сенімді бола аламыз? Құдайдың зұлымдық пен қайғы-қасіретті тоқтататын уақыты жақындап қалғанын қайдан білеміз?
2 Бұл сұрақтардың жауабын Иса Мәсіхтің шәкірттері де білгісі келген. Олар Исадан, оның патшалық билігіне келгенін және «заманның ақырын» қандай «белгі» көрсетеді деп сұрады (Матай 24:3). Сонда Иса, жауап ретінде, ақырғы уақыт делінген осы дүниенің «соңғы дәуірі» басталғанын көрсетіп, бүкіл дүниені дүрліктіретін оқиғаларды егжей-тегжейіне дейін суреттеп берді (Даниел 11:40; 2 Тімоте 3:1). Біздің ғасырымызда бұл белгіні көріп жүрміз бе? Иә, көргенде қандай!
Дүние жүзілік соғыстар
3, 4. Біздің ғасырдағы соғыстар Исаның пайғамбарлығында айтылғандарға қалай сәйкес келеді?
3 Иса «ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады» деп алдын ала айтқан болатын (Матай 24:7). 1914 жылы, дүние жүзі көптеген халықтар мен мемлекеттерді қамтып, бұрын соңды болмаған соғысқа кірісіп кетті. Осы жайды мойындаған тарихшылар, бұл соғысты «Ұлы соғыс» деп атаған. Бұл тарихта бұрын соңды болмаған бірінші дүние жүзілік соғыс болды. 20000000-ға жуық жауынгерлер мен қарапайым халық қаза болды. Бұрын болған соғыстардың ешқайсысында мұншама қырғын болған емес.
4 Бірінші дүние жүзілік соғыс соңғы дәуірдің басталғанын білдірді. Иса, бұл соғыс басқа да оқиғалармен бірге «азаптың басталуын» білдіреді деп айтқан еді (Матай 24:8). Бұл рас болып шықты, өйткені екінші дүние жүзілік соғыс бұдан да жойқын болды — 50000000-ға жуық жауынгерлер мен қарапайым халық қаза болды. Жалпы алғанда ХХ ғасырда соғыстан 100000000-ға жуық адам қаза болды. Бұл алдыңғы төрт ғасыр бойы болған соғыстарда қаза болғандардың санынан төрт есе көп! Иә, адамзат басшылығының кінәсі орасан зор!
Тағы да басқа дәлелдері
5—7. Соңғы дәуірде өмір сүріп жатқандығымыздың басқа қандай дәлелдері бар?
5 Иса соңғы дәуірде орындалатын басқа да белгілерді айтты: «Көп жерде қатты жер сілкініс, ашаршылық, індет болады» (Лұқа 21:11). Бұл 1914 жылы басталған оқиғаларға дәл келеді, өйткені бұл апаттар қайғы-қасіретті одан да бетер көбейтті.
6 Қайта-қайта болып жатқан үлкен жер сілкіністер көптеген адамдардың өмірін әкетуде. Бірінші дүние жүзілік соғыстың артынша келген испанка тұмауының өзінен 20000000-ға жуық адам өлді — кейбір есеп бойынша 30000000-ға жуық немесе одан да көп. Қазір СПИД жүз мыңдап адамдардың өмірін әкетіп жатса, болашақта бұл сан көптеген миллионға жетейін деп тұр. Жыл сайын миллондаған адамдар жүрек сырқатынан, қатерлі ісік пен басқа да аурулардан өліп жатыр. Тағы миллондағаны аштықтың кесірінен баяу өліммен өлуде. 1914 жылдан бері Аян кітабында бейнеленген салт аттылардың соғыс, азық-түлік тапшылығы, індет арқылы адамзат жанұясын орасан зор мөлшерде қырғынға ұшыратып жатқандығында күмән жоқ (Аян 6:3—8).
7 Сондай-ақ, қылмыстың көбейетіні жөніндегі Исаның пайғамбарлығы да бүкіл әлемде орындалып жатыр. Ол былай деген еді: «Заңсыздық өте көп жайлағандықтан көп адамның сүйіспеншілігі салқындайды» (Матай 24:12).
8. 2 Тімотенің 3-тарауындағы пайғамбарлық біздің уақытымызға қалай дәл келеді?
8 Ар-ұжданның табан асты болатыны туралы Киелі кітаптың келесі пайғамбарлығы да барлық жерде ап-айқын көрінуде: «Соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады: адамдар өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, өсекшіл, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты білмейтін, қасиеттіні танымайтын, ешкімді сүймейтін, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретін, опасыз сатқын, ақылсыз қызба, кеуде көтерген, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады. Олар сырт көзге Құдайға ұнайтындай болып көрінгенмен, Оның күшінен бас тартады... Қара ниеттілер мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өздері де алданып, өзгелерді де алдай бермек» (2 Тімоте 3:1—13). Осының бәрі көз алдымызда орындалуда.
Тағы бір себеп
9. Жерде соңғы дәуір басталған кезде аспанда қандай оқиға болды?
9 Біздің ғасырымызда қайғы-қасіреттің аса көбеюінің тағы бір себебі бар. 1914 жылы соңғы дәуір басталған кезде адамзатқа үлкен қауіп төндірген бір оқиға болды. Киелі кітаптың соңғы кітабындағы пайғамбарлық бойынша, 1914 жылы «аспанда шайқас болды: Микаел [аспанда билік еткен Мәсіх] және оның Періштелері айдаһармен [Шайтанмен] шайқасты, ал шайтан өз періштелерімен оларға қарсы шайқасты, бірақ оларға қарсы тұра алмады және оларға көкте орын да болмады. Сөйтіп шайтан және ібіліс деп аталатын, бүкіл әлемді азғырушы, үлкен айдаһар, көне жылан жерге тасталды, онымен бірге оның періштелері де тасталды» (Аян 12:7—9).
10, 11. Шайтан мен жын-перілердің жерге тасталуы адамзатқа қалай әсер етті?
10 Бұл адамзат отбасына қалай әсер етті? Әрі қарай пайғамбарлықта былай делінген: «Жер мен теңізде өмір сүрушілерге қайғы-қасірет келді, өйткені өзіне аз уақыт қалғанын біліп, ібіліс сендерге қатты ашумен түсті!» Иә, Шайтан өз дүниесінің соңы жеткенін біледі, сондықтан өзі де, оның дүниесі де жойылмас бұрын, адамдарды Құдайдан бездіру үшін барынша әрекет етуде (Аян 12:12; 20:1—3). Қалау еркіндігін дұрыс қолданбағандықтан, осы періштелер қандай азғындыққа жетті десеңші! Солардың кесірінен жердегі жағдайлар, әсіресе 1914 жылдан бастап өте нашарлап кетті!
11 «Аспанда қорқынышты құбылыстар және үлкен ғажайып белгілер көрінеді»,— деп біздің уақытымызға байланысты Исаның пайғамбарлық етуі таң қалдырмайды (Лұқа 21:11).
Адамдардың да, жын-перілердің де билігі жақында аяқталады
12. Осы дүние жойылар алдында соңғы пайғамбарлықтардың қандайы орындалу керек?
12 Құдай осы дүниені жоймас бұрын орындалу керек пайғамбарлықтардың қаншасы қалды? Шамалысы ғана! Оның бірі 1 Салониқалықтарға 5:3-те жазылған: «Жұрт „бәрі тыныш, қауіпсіз“ деп жүргенде-ақ... аяқ астынан болады». Бұл осы дүниенің соңы «деп жүрген» уақытта басталатындығын көрсетеді. Яғни зұлым дүниенің жойылуы адамзат үшін күтпеген жерден, бар көңілдерімен тыныштық пен қауіпсіздікті адамдардан күтіп жүргенде басталады.
13, 14. Иса қандай уақыт жөнінде пайғамбарлық етті, және оның соңы қандай болады?
13 Шайтанның қол астындағы дүниенің тіршілік ету уақыты аяқталуға жақын қалды. Жақында болатын үлкен апатта ол мүлдем жойылады. Иса бұл апат туралы былай деген: «Сол кезде әлем жаратылғаннан бері осы күнге дейін болмаған, келешекте де болмайтын үлкен апат болады» (Матай 24:21).
14 «Үлкен апаттың» жоғарғы шегі Құдайдың Армагеддон атты шайқасында болады. Даниел пайғамбардың айтуынша, бұл, Құдай «барлық патшалықты қиратып әрі талқандайтын» уақытта болады. Бұл қазіргі кездегі адамзаттың Құдайдан тәуелсіз басшылығының барлық түрі жойылатынын білдіреді. Құдайдың аспандағы патшалығы бүкіл адамзатқа байланысты жағдайларды шешуді өз қолына алады. Даниел өзінің пайғамбарлығында биліктің тізгіні ешқашан «басқа халыққа» берілмейтіндігін алдын ала айтқан болатын (Даниел 2:44; Аян 16:14—16).
15. Шайтан мен оның жын-перілерінің әсерімен не болады?
15 Сол кезде Шайтан мен жын-перілердің әсері болмайды. Бұл бүлікші рухани жаратылыстар «халықтарды азғыра» алмайтындай шеттетіледі (Аян 12:9; 20:1—3). Олар өлімге кесілгендіктен, көп кешікпей жойылады. Олардың азғындық ықпалынан құтылу адамзатқа қандай жеңілдік береді десеңші!
Кім аман қалады? Кім жойылады?
16—18. Осы дүние жойылғанда кім аман қалады, кім жойылады?
16 Құдайдың осы дүниеге шығарған үкімі іске асырылғанда, кім аман қалады? Ал кім жойылады? Киелі кітаптың айтуынша, Құдайдың басшылығын қалайтындар аман алып қалынып, жерде өмір сүре береді. Ал Құдайдың басшылығын қаламайтындар, Шайтанның дүниесімен бірге жойылады.
17 Нақыл сөздер 2:21, 22-де былай делінген: «Жерде әділдер [Құдайдың басшылығына мойынсұнатындар] өмір сүреді, онда кінәратсыздар қалады; ал заңды бұзушылар [Құдайдың басшылығына мойынсұнбайтындар] жер бетінен жойылып, опасыздар түп-тамырымен жоқ болады».
18 Сондай-ақ Забур 36:10, 11-де: «Аз уақыттан соң залым адам болмайды... Ал момындар жерді мұра етеді, тып-тыныш өмірдің рақатын көреді»,— делінген. Ал 29-жыры: «Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгілік өмір сүреді»,— деп қосады.
19. Қандай кеңеске аса көңіл қойғанымыз жөн?
19 Забур 36:34-тегі кеңеске аса көңіл қойғанымыз жөн. Онда былай делінген: «Тәңірге үмітіңді артып, оның жолымен жүр: Сонда Ол, жерді мұра етуің үшін сені аман алып қалады; күнәкарлардың жойылғанын көресің». Ал 37 мен 38-тармағы былай дейді: «Мінсіз де адал адамға қарап жүр; өйткені бұндай адамның болашағы бейбітшілік. Ал заң бұзушылардың бәрі жойылып, залым адамдар болашағынан айырылады».
20. Неге жүректі қобалжытатын кезде өмір сүрудеміз деуге болады?
20 Құдай барлық зұлымдық пен қайғы-қасіретті жойып, өзінің қамқорлығын көрсететінін білгеніміз, біз үшін қандай жұбаныш, қандай қуаныш десеңші! Осындай тамаша пайғамбарлықтардың орындалуының жақын қалғаны да жүректі қобалжытады!
[20-беттегі сурет]
Киелі кітап соңғы дәуірдің «белгісін» құрайтын оқиғаларды алдын ала айтқан.
[22-беттегі сурет]
Жақында болатын Армагеддонда Құдайдың басшылығына мойынсұнбағандар жойылады. Оған шын жүректен мойынсұнғандар аман қалып, әділетті жаңа дүниеде өмір сүретін болады.