Ехобаның сөзі тірі
Салониқалықтарға және Тімотеге арналған хаттардағы көңіл бұрарлық ойлар
ЕЛШІ Пауыл негізін қалағаннан бері Салониқадағы жаңа қауым біраз қарсылықтарға кезігеді. Сондықтан шамамен 20 жастағы Тімоте сол жақтан жақсы хабармен оралғанда, Пауыл салониқалықтарды мақтап, жігерлендіру үшін хат жазбақ болады. Сірә, б. з. 50 жылының соңында жазылған бұл хат — Пауылдың рухтың жетелеуімен жазған алғашқы жазбасы. Көп ұзамай, ол Салониқадағы мәсіхшілерге арнап екінші хатын жазады. Бұл хатында Пауыл кейбіреулер ұстанған жаңсақ көзқарасты түзетеді және бауырластарды сенімде нық тұруға шақырады.
Шамамен 10 жылдан соң Пауыл Македонияда, ал Тімоте Ефесте болады. Ол Тімотеге хат жазып, бауырластарға қауымдағы жалған ұстаздардың ықпалына қарсы тұруға көмектесу үшін Ефесте қала беруін сұрайды. Б. з. 64 жылы Рим қаласын өрт шалғаннан соң, мәсіхшілер қатты қудалауға кезігеді. Осы кезде Пауыл Тімотеге арнап екінші хатын жазады. Бұл оның рухтың жетелеуімен жазған хаттарының соңғысы еді. Пауылдың осы төрт хатындағы жігер беретін сөздері мен кеңестері біз үшін де пайдалы (Евр. 4:12).
‘СЕРГЕК ЖҮР’
Пауыл салониқалықтарды ‘сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және табандылық’ танытқандары үшін мақтайды. Оларды өзінің ‘үміті, қуанышы, басына киер “мақтау тәжі”’ екенін айтады (Сал. 1-х. 1:3; 2:19).
Салониқалықтарды қайта тірілуге деген үмітпен бір-бірін жігерлендіруге шақырғаннан кейін, Пауыл ‘Иеміздің қайта оралатын күні [“Ехобаның күні”, ЖД] ұрының түнде түсетініндей кенеттен келетінін’ айтады. Сондай-ақ ол: ‘Сергек те салауатты жүріңдер’,— деп кеңес береді (Сал. 1-х. 4:16—18; 5:2, 6).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
4:15—17. ‘Иемізбен кездесу үшін бұлттың үстімен көкке көтерілетіндер’ кімдер және бұл қалай болады? Бұлар Мәсіх Патшалықтың тағында отырған кезде өмір сүріп жатқан майланған мәсіхшілер. Олар ‘Иелері’ Исамен көзге көрінбейтін көктегі мекенде ‘кездеседі’. Алайда бұл үшін олар алдымен өліп, сосын, рухани тұлға ретінде қайта тірілулері керек (Рим. 6:3—5; Қор. 1-х. 15:35, 44). Қазір Мәсіх Патшалық тағында отырғандықтан, майланған мәсіхшілер қайтыс болған соң, бірден қайта тіріледі, немесе ‘көкке көтеріледі’ (Қор. 1-х. 15:51, 52).
5:23. Пауыл “рухтарың мен жан-тәндерің кіршіксіз пәк сақталсын” деп дұға еткенде, не айтқысы келді? Пауыл бүкіл мәсіхшілер қауымының рухы, жаны және тәні жайлы айтқан. Бұл қауымға Салониқадағы майланған мәсіхшілер де кіретін. Пауыл жалпы қауымның сақталуын сұрай салмай, оның ‘рухының’, яғни ой-ниетінің, сақталуын сұраған. Сонымен қатар ‘жаны’ үшін, яғни өмірі, оның құрып кетпеуі туралы және ‘тәні’ үшін, яғни бір дене деп қарастырылатын майланған мәсіхшілер үшін, дұға айтты (Қор. 1-х. 12:12, 13). Бұл дұғадан Пауылдың қауым қамын шын көңілден ойлағаны көрінеді.
Біз үшін сабақ:
1:3, 7; 2:13; 4:1—12; 5:15. Кеңес берудің тиімді жолы — шын жүректен мақтап, жақсы нәрсеге талпындыру.
4:1, 9, 10. Ехобаның қызметшілері рухани өсуді тоқтатпауы керек.
5:1—3, 8, 20, 21. Ехобаның күні жақын қалғандықтан, “салауатты жүрейік, сеніміміз бен сүйіспеншілігімізді сауыт қылып, мәңгілік құтқарылуға деген үмітімізді дулыға етіп киейік!” Сондай-ақ Құдайдың пайғамбарлық Сөзі Киелі кітапқа мұқият ден қоялық.
‘СЕНІМДЕРІҢЕ БЕРІК, ТАБАНДЫ БОЛЫҢДАР’
Пауылдың бірінші хатында айтқан сөздерін бұрмалап, қауымдағы кейбіреулер ‘Иеміз Мәсіхтің келетін күні болып қалды’ деп жүргенге ұқсайды. Бұл көзқарасты түзету үшін, Пауыл сол күн ‘келер алдында’ болатын жайтқа көңіл аударады (Сал. 2-х. 2:1—3).
Пауыл салониқалықтарды: ‘Сенімдеріңе берік, табанды болып, біздің үйреткен уағызымыздан таймаңдар’,— деп шақырады. Сонымен қатар ‘жүгенсіз жүргендерден бойларын аулақ ұстауды’ ескертеді (Сал. 2-х. 2:15; 3:6).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:3, 8. ‘Әділетсіздікті қолдаушы’, не ‘заңға қарсы тұрушы’, кісі кім және ол қалай жойылмақ? Бұл кісі мәсіхшілер әлемінің дінбасылар тобын бейнелейді. “Сөзге”, яғни Құдайдың Бас өкілі болып табылатын Иса Мәсіхке, зұлымдарға Құдайдың үкімін жариялау және оларды жазалау билігі берілген (Жох. 1:1). Сондықтан әділетсіздікті қолдаушы кісіні “аузынан шыққан бір леппен [әрекет етуші күшпен]” Иса Мәсіх жояды деуге болады.
2:13, 14. Қалай майланған мәсіхшілер ‘құтқарылулары үшін әуел бастан таңдап алынған’? Ехоба Шайтанның басын мыжитын әйелдің ұрпағы жайлы айтқанда, майланғандар топ ретінде алдын ала белгіленген еді (Жар. 3:15). Сондай-ақ Құдай оларға қандай талаптар қоятынын, олардың қандай іс атқаратынын және қандай сынақтарды бастан өткізетінін айтып қойған болатын.
Біз үшін сабақ:
1:6—9. Үкімін жүзеге асырғанда, Ехоба іріктеп жазалайды.
3:8—12. Ехобаның күнінің жақын қалғанын сылтауратып, жұмыссыз жүруге болмайды. Қызметімізді атқара алу үшін және қажеттілігімізді қамтамасыз ету үшін еңбек етуіміз қажет. Бос жүрген адам жалқаулыққа салынуы және “басқаның шаруасына қол сұға” бастауы мүмкін (Пет. 1-х. 4:15).
“ҚАМҚОРЛЫҒЫҢА СЕНІП ТАПСЫРЫЛҒАНДЫ АМАН-ЕСЕН САҚТА!”
Пауыл Тімотеге мынадай нұсқау береді: “Ізгі күресте [Құдай Рухы білдірген] хабарларға сай әрекет жасап, сенімің мен ар-ұжданыңды таза ұста!” Сосын, ол қауымда тағайындалатын бауырластарға қойылатын талаптарды айтып шығады. Сонымен қатар Тімотені ‘бос аңыздардан бойын аулақ ұстауға’ шақырады (Тім. 1-х. 1:18, 19; 3:1—10, 12, 13; 4:7).
“Жасы үлкен адамды сөкпе”,— дейді Пауыл. Ол: “Қамқорлығыңа сеніп тапсырылғанды аман-есен сақта! Жарамсыз, бос сөздерден және “білімпаздық” деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден аулақ бол!”— деп Тімотеге ескертеді (Тім. 1-х. 5:1; 6:20).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:18; 4:14. Тімотеге қатысты Құдай рухы қандай ‘хабарлар’ білдірген еді? Бұл Пауыл Лүстраға екінші рет миссионерлік сапармен келгенде, киелі рух оған Тімотенің болашақта мәсіхшілер қауымында атқаратын рөліне қатысты білдірген қандай да бір пайғамбарлықтар болуы мүмкін (Ел. іс. 16:1, 2). Осы “хабарларға” негізделіп, қауым жетекшілері жас Тімотенің “үстіне қолдарын қойып, батасын бергенде”, ол арнайы қызметке бөлініп алынды.
2:15. Қалайша әйел “аналық міндетін атқарғанда аман сақталады”? Бала туу, оны бағып-қағу және үй шаруасын атқару әйел адамды ‘мылжыңмен әуестеніп, өзгенің жұмысына араласудан’ ‘аман сақтайды’ (Тім. 1-х. 5:11—15).
3:16. Құдайға ұнамдылық туралы ұлы құпия деген не? Адам баласының Құдайдың жоғары билігіне кемелді түрде мойынсұна алатын-алмайтыны ғасырлар бойы құпия болып келді. Иса өлімге дейін Құдайға кемелді түрде адалдық сақтауымен осы құпияның сырын ашты.
Біз үшін сабақ:
4:15. Мәсіхші болғанымызға қанша уақыт болмасын, үнемі алға басуға ұмтылып, рухани жетістіктерге жете беруіміз керек.
6:2. Егер бауырласымыздың қолында жұмыс істесек, одан қандай да бір пайда көріп қалуды көздемеуіміз керек. Қайта, оған осы дүниелік адамдардың қолында қызмет еткеннен де артық ықыласпен жұмыс істеуге тырысуымыз қажет.
‘ҚҰДАЙ СӨЗІН УАҒЫЗДА! МҰНЫ ОРЫНДАУҒА ТАБАНДЫЛЫҚПЕН ҰМТЫЛ’
Тімотені алдағы қиындықтарға дайындап, Пауыл: “Құдай бізге қорқыныш емес, күш, сүйіспеншілік және ұстамдылықты дарытатын Киелі Рухын сыйлады”,— деп жазады. Сондай-ақ оған: ‘Жаратқан Иенің қызметшісінің жанжалдасуына болмайды, ол бәріне бірдей жылы жүзді, жақсылап тәлім беретін болуы қажет’,— деп кеңес береді (Тім. 2-х. 1:7; 2:24).
“Сен үйреніп, берік сенгендеріңе адал болып қала бер”,— дейді Пауыл Тімотеге. Жолдан таюшылардың ілімдері кең тарап жатқандықтан, елші Пауыл жас бақылаушыға: “Құдай сөзін уағызда! Мұны орындауға табандылықпен ұмтыл; қателерін әшкерелеп, тыйым салып, жақсылыққа жігерлендір”,— деп кеңес береді (Тім. 2-х. 3:14; 4:2).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:13. “Дұрыс ілімнің үлгісі” деген не? Бұл — Иса Мәсіхтің шынайы сөздері, яғни шынайы мәсіхшілердің ілімдері (Тім. 1-х. 6:3). Иса Құдай Сөзіне сай үйретіп, әрекет еткендіктен, ‘дұрыс ілім’ деген тіркес бүкіл Киелі кітаптың ілімдеріне де қатысты. Бұл ілімдер Ехобаның талаптарын білуге көмектеседі. Дұрыс ілімнің ‘үлгісін’ Киелі кітаптан білгендерімізді іс жүзінде қолдану арқылы берік ұстанамыз.
4:13. ‘Жарғаққа жазылған’ қандай кітаптар еді? Римде тұтқында отырған кезінде зерттеу үшін Пауыл Еврей жазбаларының кейбір бөліктерін сұраған болса керек. Олардың кейбірі папирусқа, ал кейбірі жарғаққа жазылса керек.
Біз үшін сабақ:
1:5; 3:15. Тімотенің Иса Мәсіхке деген сенімі, яғни оның барлық ісіне әсер еткен сенімі, бала кезінде отбасында Жазбалардан алған білімінің арқасында пайда болған. Олай болса, ата-аналар Құдайдың және балаларының алдындағы осы міндетін қалай атқарып жүргеніне мұқият болулары керек.
1:16—18. Сынақтарға, қудалауларға кезігіп жүрген және түрмеге жабылған бауырластарымыз үшін дұға етіп, қолдан келгенше көмек берейік (Нақ. с. 3:27; Сал. 1-х. 5:25).
2:22. Мәсіхшілер, әсіресе жастар, денешынықтыру, спорт, музыка, көңіл көтеру, бос әңгіме, әуестенетін істер сияқты нәрселерге тым көп уақыт жұмсап, рухани істерді шеттетіп жібермеулері қажет.
[31-беттегі сурет]
Елші Пауылдың рухтың жетелеуімен жазған соңғы хаты қайсы?