Алға басуыңды бәрі де көре алсын
“Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын” (ТІМ. 1-Х. 4:15).
1, 2. Тімотенің жас кезі туралы біз не білеміз және жасы жиырмалар шамасында оның өмірінде қандай өзгеріс болды?
РИМ империясының Ғалатия өлкесі, қазір Түркияда орналасқан аймақ — жас Тімотенің өскен жері. Исаның өлімінен бірнеше онжылдықтан кейін сол өлкеде мәсіхшілердің қауымдары пайда болды. Шамамен сол уақытта жас Тімоте және оның анасы мен әжесі мәсіхшілікті қабыл алып, сол қауымдардың бірінде белсене қызмет етті (Тім. 2-х. 1:5; 3:14, 15). Жас Тімотеге үйреншікті ортада қызмет ету қуаныш әкелгені сөзсіз. Алайда оның өмірінде күтпеген өзгерістер бола бастады.
2 Бәрі де елші Пауылдың сол аймаққа екінші сапарымен келуінен басталды. Тімоте жиырмалар шамасында болатын. Пауыл, Лүстраға келгенде болса керек, жергілікті бауырластардың Тімоте жайлы жақсы пікірде екенін біледі (Ел. іс. 16:2). Соған қарағанда Тімоте жастығына қарамай, рухани толысқан мәсіхші болған. Сөйтіп киелі рухтың жетелеуімен Пауыл мен жергілікті ақсақалдар кеңесі Тімотенің үстіне қолдарын қойып, оны қауымда ерекше іс атқаруға бөліп алды (Тім. 1-х. 4:14; Тім. 2-х. 1:6).
3. Тімоте қандай ерекше мәртебеге ие болды?
3 Тімоте ерекше іске қатысу мәртебесіне ие болды. Пауыл оны өзімен бірге сапарға шақырды (Ел. іс. 16:3). Сонда Тімотенің қалай таңғалғаны мен қатты қуанғанын елестетіп көріңдерші! Алда Тімотені көп жылдық қызмет күтіп тұрды. Ол Пауылмен де, басқа бауырластармен де сапар шекті және елшілер мен ақсақалдар тапсырған түрлі істі атқарды. Тімоте Пауылмен талай жерді аралап, бауырластардың рухани нығаюына үлкен үлес қосты (Елшілердің істері 16:4, 5 оқы). Осылайша Тімоте мәсіхшілерге рухани алға басуымен танымал болды. Он жылдай бірге еңбектенгеннен кейін Пауыл Тімоте туралы філіпіліктерге былай деп жазды: “Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа адамым жоқ... Тімотенің сенімді екенін өздерің білесіңдер: ол маған Ізгі хабарды уағыздауда әкесіне көмектескендей қолғабыс етіп келеді” (Філіп. 2:20—22).
4. a) Тімотеге қандай жауапты іс сеніп тапсырылды? ә) Пауылдың Тімотеге 1-хат 4:15-тегі сөзіне қатысты қандай сұрақтар туындайды?
4 Пауыл філіпіліктерге хат жолдаған уақытта Тімотеге де хат жазып, оған аса жауапты іс тапсырған болатын. Ол ақсақалдар мен қызмет көмекшілерін тағайындау керек еді (Тім. 1-х. 3:1; 5:22). Бұдан Тімотенің сенімді бақылаушы болғаны анық көрінеді. Сонда да Пауыл бұл хатында Тімотеге: “Бәрі де алға басуыңды көре алсын”,— деді (Тім. 1-х. 4:15). Оның алға басқаны, яғни рухани жетістіктері бәріне белгілі емес пе еді? Онда Пауылдың сөздері нені білдіреді және бұл кеңестің бізге қандай пайдасы бар?
Жақсы қасиеттеріңді бәрі көре алсын
5, 6. Ефестегі қауымның рухани тазалығына қандай қауіп төнді және бұған қарсы Тімоте қалай әрекет ете алар еді?
5 Тімотеге 1-хат 4:15-тегі сөздердің мәнмәтініне көңіл бөлейікші (Тімотеге 1-хат 4:11—16 оқы). Осы сөздерді жазбас бұрын, Пауыл Македонияға аттанып, Тімотенің Ефесте қалуын өтінсе керек. Неліктен? Кейбіреулер жалған ілімдер таратуымен қауымға іріткі сала бастаған. Сондықтан Тімоте қауымның рухани тазалығын сақтау керек еді. Қалайша? Мысалы, басқаларға жақсы үлгі көрсету арқылы.
6 Пауыл Тімотеге: “Сенушілерге сөйлеген сөзің, мінез-құлқың, сүйіспеншілігің, жан-дүниең, сенімің және пәктігіңмен үлгі бол... Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын”,— деді (Тім. 1-х. 4:12, 15). Тімоте алға басқанын қауымдағы дәрежесімен емес, жақсы қасиеттер танытуымен көрсету керек еді. Әрбір мәсіхші рухани алға басқанын осылай көрсеткені жөн.
7. Мәсіхшілердің бәрінен не күтіледі?
7 Бүгінде, Тімотенің кезіндегідей, қауымда түрлі жауапкершіліктер бар. Кейбіреулер ақсақал не қызмет көмекші ретінде қызмет атқарады. Тағы біреулері ізашар болса, басқалары аралаушы бақылаушы не миссионер ретінде, сондай-ақ Бетелде қызмет етуге тағайындалады. Ақсақалдар тәлім берудің түрлі бағдарламаларына, мысалы облыстық не аудандық конгрестерге, қатысады. Дегенмен рухани алға басқандарын көрсетуге мәсіхшілердің бәрінде — ерлер мен әйелдерде, жастарда — мүмкіндік бар (Мат. 5:16). Тімотенің жағдайынан көретініміздей, ерекше жауапкершілікке ие болған мәсіхшілер де басқаларға рухани қасиеттерімен танымал болулары керек.
Сөйлеген сөздеріңде үлгілі болыңдар
8. Сөйлеген сөзіміз ғибадатымызға қалай әсер етеді?
8 Тімоте сөйлеген сөзінде басқаларға үлгі көрсету керек еді. Бұл салада алға басқанымызды қалай көрсете аламыз? Сөйлеген сөзіміз біз жайлы көп нәрсені аңғартады. Иса: “Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар”,— деп тура айтқан (Мат. 12:34). Исаның бауыры Жақып та айтқан сөздеріміздің ғибадатымызға әсер ететінін мойындап: “Өзін діншілмін деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз”,— деп жазды (Жақ. 1:26).
9. Сөйлеген сөзімізде қалай үлгілі болуымыз керек?
9 Бауырластар сөйлеген сөзімізден біздің қаншалықты рухани толысқанымызды байқайды. Рухани толысқан мәсіхші адамның қадірін түсіретін, жағымсыз, сынап-мінейтін не жанды жаралайтын сөздер айтудан аулақ болып, қайта, басқаларды нығайтуға, жұбатуға және жігерлендіруге тырысады (Нақ. с. 12:18; Ефес. 4:29; Тім. 1-х. 6:3—5, 20). Адамдармен моральдық ұстанымымыз жайлы әңгімелесуге және Құдайдың жоғарғы нормаларын қорғауға дайын болғанымыз Құдайға адал екенімізді паш етеді (Рим. 1:15, 16). Ақ жүректі адамдар сөйлеу қабілетімізді қалай қолданып жүргенімізді байқап, бізге еліктеуге талпынуы мүмкін (Філіп. 4:8, 9).
Мінез-құлқымызбен және пәктігімізбен үлгі болайық
10. Рухани алға басу үшін неліктен сеніміміздің шынайы болғаны маңызды?
10 Үлгілі болу үшін мәсіхшіге жігерлендіретіндей сөйлеп қана қою жеткіліксіз. Жағымды сөйлейтін, бірақ жағымды әрекет етпейтін адам — екіжүзді. Пауыл парызшылдардың екіжүзділігін және мұның салдары қандай болатынын жақсы білген. Ол Тімотені бірнеше рет осындай жасандылық пен көзбояушылықтан сақтандырды (Тім. 1-х. 1:5; 4:1, 2). Бірақ Тімоте екіжүзді болған емес. Себебі оған жазған екінші хатында Пауыл: “Шынайы сенімің есімде”,— деген (Тім. 2-х. 1:5). Сонда да Тімоте мәсіхші ретінде шынайылықты таныта беруі және мінез-құлқымен үлгілі болуы керек еді.
11. Пауыл Тімотеге байлыққа қатысты қандай өсиет айтты?
11 Пауыл Тімотеге жазған екі хатында жүріс-тұрыстың әртүрлі саласына қатысты өсиет айтты. Тімотені дүниеқоңыздықтан сақтандырып: “Ақшақұмарлық — әртүрлі жамандықтың түп тамыры; кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті”,— деді (Тім. 1-х. 6:10). Ақшақұмарлық — рухани әлсіздіктің белгісі. Керісінше, қарапайым өмір сүруді, яғни “ішер ас пен киер киімді”, қанағат ететін мәсіхші өзінің рухани алға басқанын көрсетеді (Тім. 1-х. 6:6—8; Філіп. 4:11—12).
12. Рухани алға басқанымызды жеке өмірде қалай көрсетеміз?
12 Пауыл Тімотеге мәсіхші әйелдердің ‘әдеппен әрленіп-сәнденуі мен киімдерінің қарапайым да сыпайы болуының’ маңыздылығын атап айтты (Тім. 1-х. 2:9). Сырт көрініспен қатар жеке өмірдің басқа да саласында қарапайым да сыпайы болуды таңдайтын әйелдер керемет үлгі көрсетеді (Тім. 1-х. 3:11). Бұл принцип мәсіхші ерлерге де қатысты. Пауыл бақылаушыларды “есті, байсалды, әдепті” болуға шақырды (Тім. 1-х. 3:2). Күнделікті өмірде осындай қасиеттерді таныту арқылы рухани алға басқанымызды бәріне көрсетеміз.
13. Тімоте сияқты, біз де пәктігімізбен қалай үлгілі бола аламыз?
13 Тімоте пәктігімен де үлгілі болуы керек еді. “Пәктік” сөзін қолданғанда Пауыл мінез-құлықтың ерекше саласы — жыныстық қатынастағы құлықтылыққа нұсқады. Әсіресе әйелдермен қарым-қатынасында Тімотенің жүріс-тұрысы ешбір кінәратсыз болуы тиіс еді. Ол ‘егде әйелдерге — анаға, ал қыз-келіншектерге — әпке-қарындасқа қарағандай қарап, пәк таза болып жүру’ керек-тін (Тім. 1-х. 4:12; 5:2). Кейбір әдепсіз іс-әрекеттерді ешкім көрмегенімен, оларды Құдайдан жасыру мүмкін емес. Ерте ме, кеш пе, бәрібір адамдарға да мәлім болады. Бірақ мәсіхшінің игі істері де жасырын қалмайтыны рас (Тім. 1-х. 5:24, 25). Қауымдағы бауырластардың бәрінде мінез-құлықпен, пәктікпен рухани алға басқандарын көрсетуге мүмкіндік бар.
Сүйіспеншілік пен сенімнің маңыздылығы
14. Бір-бірімізге сүйіспеншілік танытудың маңыздылығына Жазбаларда қалай баса назар аударылған?
14 Шынайы мәсіхшіліктің ең басты көрінісі — сүйіспеншілік. Иса ізбасарларына: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деп айтқан (Жох. 13:35). Мұндай сүйіспеншілікті біз қалай танытамыз? Құдай сөзі бізді бір-бірімізге ‘сүйіспеншілік көрсетуге’, ‘мейірімді де жан ашыр... өзара кешірімді’ және қонақжай болуға талпындырады (Ефес. 4:2, 32; Евр. 13:1, 2). Ал елші Пауыл: “Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар”,— деп жазды (Рим. 12:10).
15. Сүйіспеншілік таныту бәріне, әсіресе мәсіхші бақылаушылар үшін, неге маңызды?
15 Тімоте мәсіхші бауырластармен қарым-қатынасында дөрекілік не мейірімсіздік танытса, оның тәлімгер және бақылаушы ретінде игі істерінің бәрі түкке тұрғысыз болар еді (Қорынттықтарға 1-хат 13:1—3 оқы). Керісінше, бауырластарға қонақжай болуымен және жақсылық істеуімен танытқан шынайы сүйіспеншілігі оның рухани алға басқанын дәлелдер еді. Сондықтан елші Пауыл хатында Тімотенің сүйіспеншілікте үлгілі болуы керектігін ерекше атап өткені орынды болған.
16. Неліктен Тімотеге берік сенім қажет болды?
16 Ефесте қалған кезінде Тімотенің сенімі сыналды. Кейбіреулер шындыққа жанаспайтын ілімдерді қолдай бастады. Басқалары “аңыздар” таратуға не қауымның рухани өсуіне еш пайдасы жоқ түсініктерді зерттеуге кірісті (Тімотеге 1-хат 1:3, 4 оқы). Пауыл мұндай адамдар жайлы: “Кеуделерін көтеріп, ешқандай шындықты білмей, тек сөздер туралы айтыс-тартысқа деген зиянды құмарлықпен ауыратындар”,— деді (Тім. 1-х. 6:3, 4). Тімоте қауымға енген зиянды түсініктердің анық-қанығына жету үшін отпен ойнауы керек пе еді? Жоқ. Пауыл оны ‘сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресуге’ әрі “бос сөздерден және “білімпаздық” деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден” аулақ болуға талпындырды (Тім. 1-х. 6:12, 20, 21). Оның осы кеңесіне Тімотенің құлақ асқаны сөзсіз (Қор. 1-х. 10:12).
17. Бүгінде сеніміміз қалай сыналуы мүмкін?
17 ‘Кейбіреулер соңғы дәуірде сенімдерінен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен ілімдерге еретіні’ Тімотеге алдын ала айтылды (Тім. 1-х. 4:1). Қауымдағылардың барлығы, жауапкершілігі бар бауырластар да, берік те мызғымас сенім танытуда Тімотеге еліктеулері қажет. Сенімде берік болу және жолдан таюшылыққа қарсы тұру арқылы рухани алға басқанымызды әрі сенімде үлгілі екенімізді көрсетеміз.
Алға басқандарыңды көрсетуге күш салыңдар
18, 19. a) Алға басқандарыңды қалай көрсете аласыңдар? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?
18 Мәсіхшінің рухани алға басуы оның сырт көрінісіне, қабілеттеріне не қоғамдық дәрежесіне байланысты емес екені анық. Қауымда көп жыл қызмет ету барлық уақытта рухани алға басқанның белгісі бола бермейді. Нағыз рухани жетістік Ехобаға ойымыз бен сөзімізде, мінез-құлқымызда мойынсұнатынымыздан көрінеді (Рим. 16:19). Бір-бірімізді сүюге және берік сенім дамытуға қатысты кеңеске құлақ асқанымыз жөн. Пауылдың Тімотеге жазған сөздеріне ден қойып, өзімізді соған арнағанымызды бәрі де көре алсын.
19 Рухани алға басқанымыздың белгісі болып табылатын тағы бір қасиет — Құдай рухының жемісі болып табылатын қуаныш (Ғал. 5:22, 23). Келесі мақалада қиын кездерде қуаныш табу және оны жоғалтпау үшін не істеу керектігін қарастырамыз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Басқалар сөйлеген сөзімізден біз жайлы нені аңғарады?
• Мінез-құлқымыз бен пәктігімізден алға басқанымыз қалай көрінеді?
• Неліктен мәсіхшілер сүйіспеншілік пен сенім танытуда үлгілі болулары керек?
[11-беттегі сурет]
Тімоте жас болса да, рухани толысқан еді
[13-беттегі суреттер]
Сенің алға басқаның басқаларға көріне ме?