ОН БЕСІНШІ ТАРАУ
Қарт ата-аналарыңды қадірлеңдер
1. Әке-шешемізге қаншалықты қарыздармыз, сондықтан оларға қатысты не сезініп, не істеуіміз керек?
ӨТЕ ерте заманда бір дана адам мынадай кеңес берген болатын: “Әкеңнің тілін ал, ол сені туған, және анаңды қартайған шағында да ескерусіз қалдырма” (Нақыл сөздер 23:22). “Мен ешқашан бұлай істемеспін!” — дерсің сен. Көпшілігіміз әке-шешемізді ескеріп қана қоймаймыз, керісінше, оларды қатты жақсы көреміз. Оларға өзіміздің көп қарыздар екендігімізді түсінеміз. Ең бастысы — әке-шешеміз бізге өмір берді. Өмірдің қайнар көзі Ехоба болғанымен, әке-шешесіз біз жарық дүние көрмеген болар едік. Әке-шешемізге бере алатын ешбір нәрсе құндылығы жағынан өмірге тең келмейді. Оның үстіне, бала өсіру жолында әке-шешенің өз дегенінен қаншама рет бас тартатындығы, қаншама уайым-қайғы жейтіндігі, қаншама қаржы жұмсайтындығы және сүйіспеншілікпен қаншама қамқорлық жасайтындығы туралы ойланып көріңдерші. Ендеше: “Ата-анаңды сыйла [“қадірле”, ЖД]... Сонда бақытты болып, жерде ұзақ өмір сүресің”,— деген Құдай Сөзіндегі кеңес қандай орынды! (Ефестіктерге 6:2, 3).
КӨҢІЛ КҮЙ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІН ТҮСІНУГЕ ТЫРЫСЫҢДАР
2. Ересек бала әке-шеше алдындағы “борыштарын” қалай өтей алады?
2 Елші Пауыл мәсіхшілерге: ‘Балалар мен немерелер алдымен өз отбасын қадірлеп, әке-шешелері мен ата-әжелерінің алдындағы борыштарын өтеуді үйренсін, өйткені бұл Құдайға ұнайды’,— деп жазған болатын (1 Тімотеге 5:4). Ересек бала әке-шешесі мен ата-әжесінің алдындағы “борыштарын” өзіне олардың сүйіспеншілік көрсеткен, еңбегі сіңген және қамқорлық жасаған жылдарына ризашылықтарын білдіру арқылы өтейді. Мұны олар өзгелер сияқты қарттардың да сүйіспеншілік пен демеуді қажет ететіндігін түсіну арқылы істей алады, ал олар мұны көбінесе өте қатты қажет етеді. Қарттардың да өздерін керек сезінуі маңызды. Олар өздерінің бекер өмір кешіп жатпағандығын сезінулері керек.
3. Әке-шешеміз бен ата-әжемізді қалай қадірлей аламыз?
3 Сондықтан әке-шешеміз бен ата-әжемізді оларға сүйіспеншілік көрсету арқылы қадірлейміз (1 Қорынттықтарға 16:14). Әке-шешемізден бөлек тұратын болсақ, біз туралы бір ауыз хабардың олар үшін қаншалықты маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Жігерлендіретіндей етіп хат жазсақ, телефон соқсақ не қыдырып барсақ, оларды қуанышқа кенелтеміз. Жапонияда тұратын Мийо деген 82 жастағы қарт кісі былай деп жазды: “Қызым [күйеуі аралаушы бақылаушы] маған: “Маматайым, бізбен бірге “саяхат жасашы”,— дейді. Ол маған өздерінің әр аптадағы жол жүру бағдары мен телефонының нөмірлерін жіберіп отырады. Мен картаға қарап: “Міне, олар қазір мына жерде!” — деп айта аламын. Осындай қыз бергені үшін Ехобаға өзімнің ризашылығымды әрдайым айтып отырамын”.
МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАҒЫНАН КӨМЕКТЕСІҢДЕР
4. Адамдардың өздерінің қарт әке-шешелеріне қалай болса солай қарауына иудейлердің діни дәстүрі қалай ықпал етті?
4 Әке-шешені қадірлеу — олардың материалдық қажеттіліктерінің қамын жеу дегенді де білдіруі мүмкін бе? Иә, жиі осылай боп жатады. Исаның күндеріндегі иудей дінбасыларының ұстанған дәстүрі бойынша, ақшасын немесе дүние-мүлкін “Құдайға арналған тарту” деп хабарлаған адам оларды әке-шешесіне қамқорлық жасау үшін қолдану жауапкершілігінен босатылатын болған (Матай 15:3—6). Қандай қатыгездік! Шындығында ол дінбасылар адамдардың өз әке-шешесін қадірлемеуіне, өз басын ғана ойлап, оларға қалай болса солай қарауына ықпал еткен. Біздің ешқашан да олай істегіміз келмейді! (Заңды қайталау 27:16).
5. Неліктен, кейбір елдерде мемлекеттің тарапынан көмек көрсетілетіндігіне қарамастан, кейде, әке-шешені қадірлеу дегеніміз оларға қаржылай көмектесуді де қамтиды?
5 Қазір көптеген елдерде қарттардың тамақ, киім және баспана сияқты материалдық қажеттіліктері мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларының есебінен қанағаттандырылады. Оның үстіне, қартайған шағына арнап олардың өздері де қандай да бір қаржы жиған шығар. Ал жиғандары таусылып қалса не жетпей жатса, балалары ата-аналарын мүмкіндіктеріне қарай материалдық көмек көрсету арқылы қадірлейді. Шын мәнінде, адамның қарт әке-шешесінің қамын жасауы оның отбасының негізін Қалаушы — Ехоба Құдайға шын берілгендігі туралы куәлік етеді.
СҮЙІСПЕНШІЛІК ЖӘНЕ ӨЗ ДЕГЕНІНЕН БАС ТАРТУ
6. Әке-шешенің қамын жасауды көздеген кейбіреулер өмірлерінде қандай өзгерістер жасайды?
6 Көптеген ересек балалар сүйіспеншілікпен әрі өз дегендерінен бас тарта отырып, әлсіз әке-шешенің қамын жасап жатады. Кейбіреулері әке-шешесін өз қолына алады не жақынырақ болу үшін көшіп барады. Енді біреулері болса бірге тұру үшін әке-шешелерінің үйіне көшіп барады. Көбінесе бұл әке-шешені де, баланы да игілікке жеткізіп жатады.
7. Неге қарт әке-шешеге көмек керек болғанда асығыс шешім қабылдамаған жөн?
7 Кейде мұндай көшіп-қонудан ешқандай да нәтиже шықпай жатады. Неге? Бәлкім асығыс не тек қана сезімге жүгініп шешім қабылдағаннан болар. Киелі кітап: “Парасатты адам әрбір қадамын ойлап басады”,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 14:15). Мысалы, сенің қарт анаңа жалғыз тұру қиын делік. Сондықтан анаңды қолыңа көшіріп алғанды жөн көресің. Енді әрбір қадамыңды ақылмен қарастыра отырып, келесі нәрселерді ескеруіңе болады: анаң шын мәнінде нендей нәрсеге мұқтаж? Мәселені шешуге көмегін ұсынатын жекеменшік не мемлекеттік әлеуметтік қызмет қарастырылған ба? Анаңның көшкісі келе ме? Көшкісі келсе, бұл оның өміріне қалай әсер етеді? Анаңның араласып-құраласып жүрген адамдарынан алысқа кетуіне тура келе ме? Бұл оның көңіл күйіне қалай әсер етуі мүмкін? Осы сұрақтарды оның өзімен талқыладың ба? Бұл саған, өмірлік жарыңа және балаларыңа қалай әсер етеді? Анаң ауыра қалған жағдайда оны кім күтіп-бағады? Міндеттерді бөліп алу мүмкін бе? Осы сұрақтарды отбасымен бірге талқыладыңдар ма?
8. Қарт әке-шешеге көмектесу жөнінде шешім қабылдарда кіммен ақылдасуға болады?
8 Әке-шешенің қамын жасау барлық баланың міндеті болғандықтан, барлық шешімді бірге қабылдау үшін, бәрі жиналып кеңескені ақыл болар еді. Мәсіхші қауымның қарияларымен немесе осындай жағдайды бастан кешкен достармен сөйлесу пайдасын тигізуі мүмкін. “Кеңес жоқ жерде жоспарлар бұзылады,— деп ескертеді Киелі кітап,— ал кеңес берушілері көп болса, жоспарлар жүзеге асады” (Нақыл сөздер 15:22).
ЖАНДАРЫҢ АШЫСЫН, ӘРІ ТҮСІНУГЕ ТЫРЫСЫҢДАР
9, 10. а) Егде тартып жатқанына қарамастан, қарттарға қамқорлық жасағанда нені ескеру керек? ә) Әке-шешенің мүддесі үшін істеп жатқандығына қарамастан, ересек бала әке-шешесіне үнемі қалай қарауы керек?
9 Қарт әке-шешені қадірлеу үшін жанашырлық пен түсінік қажет. Кәріліктің салдарынан адамға жүру, тамақ жеу, бірдеңені есінде ұстау қиындауы мүмкін. Оларға біздің көмегіміз қажет болуы ықтимал. Жиі балалардың әке-шешенің қамын бар ынтасымен жасайтындығы соншалық, оларға өздерінің басшылығы мен рұқсатынсыз аяқ басқызбайды. Алайда қарттар — ересек адамдар. Олар өмір бойы даналық, тәжірибе жиған және өздерінің қамын өздері жасап, өз беттерінше шешім қабылдаған. Бәлкім, оларға дербестік пен өз-өзін сыйлау сезімінің тән болуы ата-ана және ересек адам болғандықтан болар. Басшылықты балаға беру керектігін сезген әке-шеше жан күйзелісіне ұшырауы не ашуланшақ күйге түсуі мүмкін. Кейбіреулері болса ренжіп, қарсылық көрсетіп жатады, өйткені тәуелсіздігімізге қол сұғуда деген ойда болуы мүмкін.
10 Бұл оңай шешілетін мәселе емес, дегенмен қарт әке-шешеге мүмкіндіктеріне қарай өз қамын жасауға және өз шешімдерін қабылдауға мүмкіндік беру оларға істелген жақсылық болар еді. Әке-шеше үшін ненің бәрінен де жақсы болатындығы туралы өздерімен сөйлеспей тұрып шешім қабылдамаған ақыл болар еді. Олар көп нәрсені істей алмайтын шығар. Сөйтсе де оларға шамасы келген нәрселерін істеуге мүмкіндік берейік. Әке-шешеміздің өміріне басшылық жасауға неғұрлым азырақ тырысатын болсақ, олармен қарым-қатынасымыздың соғұрлым жақсарғанын байқауымыз мүмкін. Олар өздерін бақытты сезінетін болады және біз де өзімізді бақытты сезінетін боламыз. Тіпті солардың мүддесі үшін айтқанымызда тұруға тура келгенімен, олардың өз-өзін қадірлеу сезімдерін ескеріп, орынды сый-құрмет көрсету әке-шешені қадірлеуді білдіреді. Құдай Сөзі: “Ақ шаштының алдында түрегел және қарт кісіні құрметте”,— деп кеңес береді (Леуі 19:32).
ДҰРЫС КӨЗҚАРАС САҚТАҢДАР
11—13. Тіпті бұрын қарым-қатынасы жөнді болмаған болса да, қалай бала қарт әке-шешесінің қамын жақсылап жасай алады?
11 Кейде ересек балаларға қарт әке-шешесін қадірлеу қиын, өйткені бұрын олардың қарым-қатынастары жөнді болмаған. Бәлкім әкең салқын да енжар, ал анаң өктем әрі дөрекі болған шығар. Мүмкін өз қалауыңдағыдай болмағандарына қатты көңілің қалып, әке-шешеңе деген өкпе-ызаң әлі күнге дейін жазылмаған шығар. Саған мұндай сезімдерден арылу мүмкін бе?a
12 Финляндияда өскен Бассе деген жігіт былай дейді: “Өгей әкем нацистік Германияда СС офицері болатын. Ол тез ашуланатын және ондай кезде одан қорқуға болатын. Ол көз алдымда шешемді талай рет ұрып-соқты. Бір рет маған қатты ашуланғанда қайыс белдігін ала салып, тоғасымен бетімнен салып жібергені бар. Соққысының қатты болғаны соншалық, мен кереуеттің үстіне ұшып түстім”.
13 Бірақ оның басқа да қасиеттері бар болатын. Бассе былай деп жалғастырады: “Басқа жағынан алып қарасақ, ол алдына жан салмай жұмыс істейтін және отбасын қамтамасыз ету үшін өзін аямайтын. Ол ешқашан маған әкелік жылулығын көрсеткен емес, бірақ оның бұны істей алмайтындығын мен білетінмін. Бала күнінде оны анасы үйінен қуып жіберген. Ол өміріне өз күшімен жол салған және жастай соғысқа кеткен. Әкемді қандай да бір дәрежеде түсінетінмін, сондықтан оны кінәламайтынмын. Үлкейген кезімде, қолымнан келгенінше оған өле-өлгенінше көмектесуді ұйғардым. Бұл оңай болған жоқ, бірақ мен қолымнан келгеннің бәрін істедім. Мен жақсы ұл болуға аяғына дейін тырысып бақтым, сондықтан әкем мені тап сондай деп есептеді деген ойдамын”.
14. Қандай жазба орны барлық жағдайларда, соның ішінде қарт әке-шешенің қамын жасағанда да, орынды?
14 Басқа мәселелердегі сияқты, отбасы жағдайында да Киелі кітаптың: “Ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер! Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх [“Ехоба”, ЖД] қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер!” — деген кеңесі орынды (Қолостықтарға 3:12, 13).
ӘКЕ-ШЕШЕНІҢ ҚАМЫН ЖАСАП ЖАТҚАНДАРДЫҢ ДА ҚАМЫН ЖАСАУ КЕРЕК
15. Неліктен кейде әке-шешенің қамын жасау жанға батады?
15 Әлсіз әке-шешенің қамын жасау — үлкен жауапкершілік пен көп уақытты талап ететін қиын жұмыс. Бірақ көбінесе ең ауыры осы жайттың көңіл-күйге тигізер әсері. Көз алдыңда әке-шешеңнің денсаулықтан, есте сақтау және өз бетінше әрекет ету қабілеттерінен айырылып жатқанын көру жаныңа қатты батады. Пуорте-Риколық Сэнди былай дейді: “Мамам бүкіл отбасының ұйытқысы еді. Мамамның қиналып жатқанын көру, әрі оның үстіне оның қамын жасау өте ауыр болатын. Алдымен ол ақсай бастады, сосын оған сүйенетін таяқ керек болды, содан кейін балдақ, сосын — мүгедектерге арналған жылжымалы орындық. Жағдайы нашарлаған үстіне нашарлай түсіп, ақыр соңында көз жұмды. Мамам сүйектің қатерлі ісігімен ауырушы еді. Ісік күннен-күнге ұлғайып жатқандықтан, күні-түні бағып-қағуды талап ететін. Біз оны шомылдыратынбыз, тамақтандыратынбыз, оған оқып беретінбіз. Бұл өте ауыр болды, әсіресе көңіл күйіме қатты әсер етті. Мамамның көз жұмғалы жатқанын түсінгенде жылап жібердім, өйткені қатты жақсы көруші едім”.
16, 17. Қандай кеңес әлсіз әке-шешенің қамын жасап жатқандардың байсалдылық сақтауына көмектеседі?
16 Егер сенің жағдайың осындай болса, не істеуіңе болады? Киелі кітап оқу арқылы Ехобаны тыңдаудан, оған сиынудан үлкен көмек алуға болады (Філіпіліктерге 4:6, 7). Оған қоса, жақсы тамақтану керек және ұйқыны қандыруға тырысқан дұрыс. Бұл жақыныңның қамын жасау үшін сенің тән және жан саулығыңа демеу болады. Ауық-ауық күнделікті тірліктен демалып тұруға болады. Белгілі бір мерзімге демалысқа шығуға мүмкіндік болмағанымен, демалуға қандай да бір уақыт бөліп отырған ақыл болар еді. Кішкене демалып келу үшін, біреуден науқастың жанында бола тұруды өтінуге болады.
17 Көбінесе әлсіз әке-шешенің қамын жасап жатқандар өздеріне көп талап қояды. Бірақ әлденені істей алмадым екен деп адамның өз-өзін кінәламағаны дұрыс. Өзімізге қымбат адамды медициналық жәрдем көрсететін қарттар үйінің қамқорлығына тапсыру керек болатын жағдайлар болып жатады. Әлсіз әке-шешеңнің қамын жасап жатқан болсаң, өз күшіңнің шегін біл. Әке-шешеңнің қамын қалай жасауың керек болса, балаларыңның да, жұбайыңның да, өзіңнің де қамыңды дәл солай жасауың керек.
ШАМАДАН ТЫС КҮШ
18, 19. Өзінің сүйеніш болатындығы жөнінде Ехоба қандай уәде берді және оның өз уәдесін орындайтындығын қандай мысал көрсетіп отыр?
18 Ехоба, Өзінің Сөзі — Киелі кітап арқылы, қартайып жатқан әке-шешесінің қамын жасаудағы адамға үлкен көмек болатын басшылықты сүйіспеншілікпен беруде, бірақ Оның көмегі мұнымен шектелмейді. Құдайдың киелі рухының жетелеуімен Забур жыршысы: “Тәңір өзін шақырғандардың барлығына жақын”,— деп жазған болатын.— “Олардың зарын естиді, әрі оларды құтқарады”. Ехоба өзінің шын берілген қызметшілерін — тіпті барып тұрған қиын жағдайларда — құтқарады, немесе сақтайды (Забур 144:18, 19).
19 Мұны Филиппинде тұратын Мирна сал болып қалған анасын күтіп-баққанда түсінді. “Сен үшін қымбат адамның қиналғанын және оның тіпті қай жері ауырып жатқандығын айта алмағанын көргеннен өткен сорақы еш нәрсе жоқ,— деп жазады Мирна.— Мамам жаймен батып бара жатқандай көрінетін, ал мен болсам көре тұра ештеңе істей алмаймын. Талай рет мен тізерлеп тұрып Ехобаға өзімнің шаршап кеткендігімді айттым. Көз жасын бір құтыға жинап, өзін есінде сақтауды өтінген Дәуіт сияқты жыладым да (Забур 55:9). Өзі уәде еткеніндей, Ехоба маған керекті күш берді. “Тәңір маған сүйеніш болды” (Забур 17:19).
20. Киелі кітаптағы қандай уәделер әлсіз әке-шешесін күтіп-бағушылардың, күтіп-баққан адамы қайтыс болған күннің өзінде, келешекке сеніммен қарауына көмектеседі?
20 Қартайып жатқан әке-шешенің қамын жасауды әдетте “аяғы жаман оқиғаға” теңеп жатады. Күтімі қанша жерден жақсы болғанымен, Мирнаның мамасы сияқты, қарт адамның көз жұмуы мүмкін. Бірақ Ехобаға сенім артатындар өліммен бәрі бітпейтіндігін біледі. Елші Пауыл: ‘Құдай қиямет күні сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп үміттенемін’,— деген (Елшілердің істері 24:15). Қайта тірілуге байланысты үміт және Құдайдың бақытты жаңа дүние орнатататындығы мен “өлімнің енді болмайтындығы” жөніндегі уәде қарт әке-шешелері қайтыс болғандарды жұбатады (Аян 21:4).
21. Қартайған шағында әке-шешені қадірлеудің берер пайдасы қандай?
21 Құдайдың қызметшілері әке-шешелерін қартайған шағында да аса қатты сыйлайды (Нақыл сөздер 23:22—24). Олар әке-шешесін қадірлейді. Осылай істеу арқылы олар Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазылған: “Сенің әкең мәз болып қуансын және сені туған ана шаттансын”,— деген нақыл сөздердің қалай іс жүзінде орындалып жатқандығын көруде (Нақыл сөздер 23:25). Ал бәрінен де маңыздысы — қартайған әке-шешесін қадірлегендер осынысымен Ехоба Құдайды қуантып, қадірлеуде.
a Бұл жерде біз билік пен ата-аналық парызды қылмысқа теңелетіндей дәрежеде бұрыс пайдалану туралы жағдайларды талқылап отырған жоқпыз.