Құдайдың ілімін берік ұстаныңдар
“Тәңірге шын жүрегіңмен арқа сүйе; өз ақылыңа сүйенбе. Барлық жолдарыңда Оны таны, сонда Ол жолыңа бағыт береді” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 3:5, 6).
1. Неге біз бүгінгі күні, бұрын-соңды болмағандай, адам баласының білімінің әсеріне ұшыраудамыз?
БҮГІНГІ күні дүние жүзі бойынша 9000-ға жуық күнделікті газет басылып шығуда. Жалғыз Құрама Штаттардың өзінде жыл сайын едәуір шамада — 200000 жаңа кітап басылады. Бір баға беруге қарағанда, 1998 жылдың наурыз айында Интернеттегі Web-беттердің саны 275-ке жеткен екен. Сонымен қатар бұл санның ай сайын 20 миллионға өсіп отыратындығы айтылған. Бүгінде бұрынғыдай емес, адамдар кез келген тақырыпқа арналған мәліметке қол жеткізе алады. Әрине бұның пайдалы жақтары бар, бірақ мәліметтің мұнша көп болуынан қиындықтар да туады.
2. Мәліметтің тым көп болуынан қандай қиындықтар туады?
2 Кейбіреулер мәліметке тәуелді болып қалады. Олар болып жатқан жағдайдың бәрінен хабардар болуға тырысамын деп, анағұрлым маңызды нәрсені ұмыт қалдырады. Басқалары болса, түсінуге ауыр күрделі нәрселер жөнінде жарым-жартылай мәлімет алады да, өздерін білімпаз есептейді. Бұндай адамдар істің мән-жайын толық түсініп алмай жатып, маңызды шешімдер қабылдауымен өздеріне де, өзгелерге де нұқсан келтіруі мүмкін. Оның үстіне, адамдарға үнемі жалған немесе бұрмаланған мәліметтің ықпалына түсіп қалу қаупі туып отырады. Көп жағдайларда бүгінгі күнгі толассыз мәліметтің растығы мен дұрыстығына көз жеткізу мүмкін емес.
3. Адам баласының даналығының соңына түсіп кетпеу үшін Киелі кітап қандай ескерту жасайды?
3 Білуге құмарлық о бастан адам баласының болмысына тән нәрсе. Сөйтсе де, пайдасыз немесе тіпті залалды мәлімет іздеп босқа уақыт құрту Сүлеймен патша өмір сүрген кездің өзінде қауіпті саналған. Ол былай деген: “Сақ болғайсың: көп кітап құрастыра берсең соңы болмайды, ал көп оқыған тәніңді қажытады” (Екклесиаст 12:12). Ал көптеген ғасырлар өткен соң, елші Пауыл Тімотеге былай деп жазған болатын: “Қамқорлығыңа сеніп тапсырылғанды аман-есен сақта! Жарамсыз [“киелі нәрсені арамдайтын”, ЖД], бос сөздерден және “білімпаздық” деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден аулақ бол! Өйткені кейбіреулер оларды ұстанып, жариялап, сенім жолынан тайып, адасып кетті” (1 Тімотеге 6:20, 21). Иә, бүгінгі күні мәсіхшілер қауіпті ой-пікірлердің ықпалынан аулақ болулары керек.
4. Біз Ехобаға және оның іліміне арқа сүйейтіндігімізді қалай көрсете аламыз?
4 Сондай-ақ Ехобаның қызметшілерінің Нақыл сөздердің 3:5, 6 тармақтарындағы сөздерге құлақ асқаны абзал болар еді: “Тәңірге шын жүрегіңмен арқа сүйе; өз ақылыңа сүйенбе. Барлық жолдарыңда Оны таны, сонда Ол жолыңа бағыт береді”. Ехобаға арқа сүйеу дегеніміз Құдай Сөзіне қайшы келетін пікірдің ешбірін қабылдамауды да білдіреді, мейлі ол өзімізде тусын яки әлдебіреуде тусын. Рухани тазалығымызды сақтап қалу үшін, қандай мәліметтің қауіпті екенін анықтап, одан аулақ болуға мүмкіндік беретін түйсіну қабілетін дамытуымыздың маңызы зор (Еврейлерге 5:14). Осындай қауіпті мәліметтердің қайдан бастау алатындығының кейбір мысалдарын қарастырып көрейік.
Шайтанның билігіндегі дүние
5. Қауіпті ой-пікірлердің бастауының бірі не және оның артында кім тұр?
5 Мың-сан қауіпті ой-пікірлер осы зұлым заманнан бастау алады (1 Қорынттықтарға 3:19). Иса Мәсіх шәкірттерінің қамын ойлап, Құдайға былай деп дұға еткен: “Сенен оларды осы дүниеден ал деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын” (Жохан 17:15). Исаның шәкірттерін “шайтаннан” қорғауын өтінуі Шайтан Ібілістің осы дүниеге ықпал етіп отырғанын куәлік етеді. Мәсіхші екендігіміз өздігінен бізді осы дүниенің жаман әсерінен қорғамайды. Жохан былай деп жазған: “Біз Құдайданбыз, бірақ бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр, бұны білеміз” (1 Жохан 5:19). Әсіресе соңғы күндердің ақыры таяп қалғанда, Шайтан мен оның жын-перілері дүниені қауіпті мәліметке толтыруға тырысады деп күтуге болады.
6. Көңіл көтеру әлемі адамды құлықсыздық әрекеттерге еті өліп кетуіне қалай мәжбүр етеді?
6 Осындай мәліметтің кейбірі залалсыз болып көрінетінін де күтуге болады (2 Қорынттықтарға 11:14). Мысалы, көңіл көтеру әлемі мен оның телешоу, көркем фильм, музыкасы мен баспасын алайық. Көңіл көтерудің кейбір түрлерінде азғындық, зорлық, есірткіге құмарлық және тағы сол сияқты құлықсыздық әрекеттерін насихаттау жиілеп кеткенімен көпшілігі келіседі. Көңіл көтерудің бұрынғыға қарағанда анағұрлым ерсі түрімен алғашқы рет кездескенде, адамдар кірерге тесік таппай қалады. Бірақ қайта-қайта көре берген соң, еті өліп кетеді. Қауіпті ой-пікірлерді насихаттайтын көңіл көтеру түрлерін ешқашан жарамды немесе залалсыз деп қабылдауға болмайды (Забур 118:37).
7. Қандай адам ойынан шыққан даналық Киелі кітапқа деген сенімсіздік тудырады?
7 Қауіп тудыруы мүмкін мәліметтің тағы бір бастауына, яғни Киелі кітаптың бұрмаланбағанына күмән тудыратын ғалымдар жариялап жатқан бітпейтін ой-пікірлерге көңіл аударайық. (Жақып 3:15, салыстырыңдар.) Мұндай мағлұматтар жиі көпке танымал журналдар мен кітаптарда басылады және мұндай мағлұматтар Киелі кітапқа деген сенімсіздік тудырады. Әлдебіреулер бітпейтін дерексіз пікірлерімен Киелі кітаптың беделін түсіргеніне мәз. Мұндай қауіп елшілердің кезінде де болған, оны елші Пауылдың сөзінен байқауға болады: “Қайдағы біреу пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен сендерді баурап алмасын, байқаңдар! Адамдар ойлап шығарған аңызға негізделген ондай ілім Мәсіх туралы емес, әлемдегі тұрпайы рухани күштер туралы үйретеді” (Қолостықтарға 2:8).
Ақиқаттың жаулары
8, 9. Бүгінгі күні жолдан таюшылық өзін қалай танытуда?
8 Рухани таза болуымызға қауіп тудыратындардың тағы да бірі — жолдан тайғандар. Елші Пауыл өздерін мәсіхші деп атайтындардың арасынан жолдан таюшылардың пайда болатынын алдын ала айтқан болатын (Елшілердің істері 20:29, 30; 2 Салониқалықтарға 2:3). Оның сөздері орындалды. Елшілер дүниеден өткеннен кейін, христиан әлемінің пайда болуына әкеліп соққан жолдан таюшылық кеңінен етек алды. Қазіргі уақытта Құдайдың халқының арасында мұндай жағдай кеңінен тарамаған. Сөйтсе де біздің қатарымыздан шығып кетіп жатқандар жоқ емес. Олардың кейбіреулері Ехоба Куәгерлерін қаралауды мақсат етіп, лақап сөз бен жалған мәлімет таратуда. Тағы біреулері шынайы мінажатқа ұйымдасып қарсылық көрсетуді көздейтін топтарға қосылып кеткен. Мұндай адамдар осындай әрекеттерімен ең алғашқы жолдан таюшы — Шайтанның жағына шығуда.
9 Ехоба Куәгерлері туралы жалған мәлімет тарату үшін, жолдан таюшылардың кейбіреулері әр түрлі бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде Интернетті де жиі қолданып жүр. Осының салдарынан, шын көңілімен біздің іліміміз жөнінде мәлімет іздеген адамдар жолдан таюшылардың насихаттарына тап болып қалуы мүмкін. Тіпті кейбір Куәгерлердің өзі, онысын өздері аңдамай, осындай қауіпті мағлұматтардың ықпалына түсіп қалған. Оның үстіне, кейде жолдан тайғандардың кейбіреулері теле немесе радио бағдарламаларға қатысады. Осының бәрін ескере отырып, қалай әрекет еткеніміз дұрыс?
10. Жолдан таюшылардың насихатына қарсы қалай әрекет еткен жөн?
10 Елші Жохан елшілерге жолдан тайғандарды үйлеріне кіргізбеуді бұйырған. Ол былай деп жазды: “Біреу келіп, осы ілімге қарсы бір нәрсе үйретсе, ондайды үйлеріңе кіргізбеңдер, тіпті сәлемін де алмаңдар! Себебі біреудің сәлемін алған адам соның жамандық істеріне ортақ болады” (2 Жохан 10, 11). Шындыққа қарсы шыққандармен қандай да болмасын байланыс жасаудан аулақ болғанымыз бізді олардың азғын ой-пікірлерінің ықпалынан сақтайды. Бүгінгі күнгі байланыс құралдары арқылы жолдан таюшылардың ілімдерінің әсер етуіне жол берудің қауіптілігі, оларды үйімізге кіргізгеннен кем түспейді. Барлық нәрседен хабардар болуға деген құмарлық бізді жаман жолға түсіріп жібермесін! (Нақыл сөздер 22:3).
Қауымда
11, 12. а) І ғасырдағы қауымда қауіпті ой-пікірлер қайдан бастау алатын? ә) Кейбір мәсіхшілер қалайша Құдайдың ілімін берік ұстанбады?
11 Қауіпті ой-пікірлердің бастауы болуы мүмкін тағы бір нәрсеге көңіл аударайықшы. Жалған нәрсеге үйретуді көздемейтін шынайы мәсіхшінің өзі де ойланбай сөйлеуге әдеттеніп кетуі мүмкін (Нақыл сөздер 12:18). Өйткені кемелсіз болғандықтан бәріміз де кейде тілімізбен күнә жасаймыз (Нақыл сөздер 10:19; Жақып 3:8). Елші Пауыл өмір сүрген уақытта да тілін жүгендей алмайтын адамдардың кесірінен үлкен жанжалдар болып тұрған болса керек (1 Тімотеге 2:8). Өзінің пікірін тым маңызды есептеп, тіпті Пауылдың беделін түсіруге даяр адамдар да жоқ емес-тін (2 Қорынттықтарға 10:10—12). Мұндай көзқарас бос алауыздыққа әкеліп соғатын.
12 Кейде өзара келіспеушілік “қиян-кескі ұрыс-керіске” айналып кетіп, қауымдағы тыныштықты бұзатын (1 Тімотеге 6:5, ЖД; Ғалаттықтарға 5:15). Осындай ұрыс-керісті бастайтындар жөнінде Пауыл былай деп жазған: ‘Ал басқаша тәлім беріп, Иеміз Иса Мәсіхтің шынайы сөздерімен және Құдайға ұнамды өмір салтына жетелейтін ілімімен келіспегендер — кеуделерін көтеріп, ешқандай шындықты білмей, тек сөздер туралы айтыс-тартысқа деген зиянды құмарлықпен ауыратындар. Бұл қызғаныш, дау-жанжал, жамандау мен арам күдік тудырады’ (1 Тімотеге 6:3, 4).
13. І ғасырдағы мәсіхшілердің көпшілігінің іс-әрекеті қандай еді?
13 Бақытқа орай, елшілер өмір сүрген уақытта мәсіхшілердің көпшілігі адалдығын сақтап, бар назарын Құдай Патшалығы туралы хабарды уағыздауға аударған болатын. Олар сөзге таласып босқа уақыт құртқанның орнына, уақыттары мен күштерінің барлығын “қасірет шеккен жетім-жесірлердің қамын ойлауға” жұмсайтын және өздерін “осы дүниеден кіршіксіз пәк ұстайтын” (Жақып 1:27). Рухани таза болып қалу үшін олар, мейлі мәсіхшілер қауымының арасында болсын, “араммен араласудан” аулақ болатын (1 Қорынттықтарға 15:33; 2 Тімотеге 2:20, 21).
14. Егер абай болмасақ, жай ғана пікір алмасудың соңы қалайша дау-жанжалға айналып кетуі мүмкін?
14 Сол сияқты, он бірінші абзацта суреттелген жағдайлар бүгінгі күнгі Ехоба Куәгерлерінің қауымдарында да жиі кездесе бермейді. Сөйтсе де сондай бос дау-жанжалдың болуы мүмкін екенін мойындаған жөн. Әлбетте, Киелі кітаптың үзінділері немесе уәде етілген жаңа дүниеде болатын жағдайлар туралы әлі толық ашылмаған сұрақтарды талқылағанда тұрған ештеңе жоқ. Сондай-ақ киім кию мәнері немесе көңіл көтеру әдісі сияқты жеке көзқарастарға байланысты пікір алмастыруда да тұрған ештеңе жоқ. Алайда егер біз тек өзіміз айтқан пікірді дұрыс деп есептеп, өзгелер бізбен келіспеген жағдайда өкпелейтін болсақ, болмашы нәрсенің кесірінен қауымда алауыздық пайда болуы мүмкін. Осылайша, залалсыз болып көрінген жай ғана әңгіменің соңы үлкен айтысқа айналуы мүмкін.
Сеніп тапсырылғанды аман-есен сақтаудамыз
15. ‘Жындар үйреткен ілімдердің’ біздің рухани тазалығымызға қаншалықты нұқсан келтіруі мүмкін және Киелі Жазбаларда қандай өсиет берілген?
15 Елші Пауыл былай деп ескерткен: “Құдай Рухы: “Соңғы дәуірде кейбіреулер сенімдерінен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен ілімдерге еретін болады”,— деп анық айтады” (1 Тімотеге 4:1). Иә, қауіпті ой-пікірлер расында да кесірін тигізеді. Сондықтан Пауылдың өзінің жан досы Тімотеден: “О, Тімоте, қамқорлығыңа сеніп тапсырылғанды аман-есен сақта! Жарамсыз [“киелі нәрсені арамдайтын”, ЖД], бос сөздерден және “білімпаздық” деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден аулақ бол! Өйткені кейбіреулер оларды ұстанып, жариялап, сенім жолынан тайып, адасып кетті”,— деген өтінішінің себебін түсінуге болады (1 Тімотеге 6:20, 21).
16, 17. Құдай бізге нені сеніп тапсырды және біз оны қалай сақтауымыз керек?
16 Жоғарыда келтірілген қамқорлықпен жасалған ескерту бүгінгі күні бізге қалайша көмектесе алады? Тімотеге қандай да бір бағалы нәрсе сеніп тапсырылған болатын. Ол осы нәрсені сақтап, қорғауы керек еді. Бұл не нәрсе болды екен? Пауыл былай деп түсіндірді: “Менен естігендеріңді дұрыс ілімнің үлгісі ретінде Иса Мәсіхке деген сеніммен және сүйіспеншілікпен берік ұстан! Өзіңе аманатталған Ізгі хабарды өмірімізден орын алған Киелі Рух арқылы аман-есен сақта!” (2 Тімотеге 1:13, 14). Иә, Тімотеге сеніп тапсырылғанның қатарында “дұрыс ілім” мен “Құдайға ұнамды өмір салтына жетелейтін ілім” де бар болатын (1 Тімотеге 6:3). Осы сөздерге сәйкес бүгінгі күнгі мәсіхшілер сенімдерін сақтап, өздеріне сеніп тапсырылған дұрыс ілімді табандылықпен қорғауға белдерін бекем буған.
17 Өзімізге сеніп тапсырылғанды сақтау үшін, өзге нәрселермен қоса, Киелі кітапты ықылас қойып зерттеуді әдетке айналдыруымыз және дұғада тұрақты болуымыз керек, сондай-ақ “барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей беруіміз” керек (Ғалаттықтарға 6:10; Римдіктерге 12:11—17). Пауыл өсиетін әрі қарай былай деп жалғастырды: “Әрдайым әділетті, Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім, сүйіспеншілік, төзімділік пен ілтипаттылыққа ұмтыла бер. Сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресіп, мәңгілік өмірді берік ұстан. Тәңір сені осыған шақырды, өзің де көптеген куәлардың алдында Ізгі хабарды мойындадың” (1 Тімотеге 6:11, 12). Пауыл “жан сала күресу”, “берік ұстану” деген тіркестерді қолдануымен, біздің рухани тазалығымызға нұқсан келтіретін нәрселерге бар пәрменімізбен және табандылықпен қарсыласу керек екендігімізді көрсетеді.
Айыра білу қабілеті қажет
18. Осы дүниенің мәлімет көздерінен шығатын басылымдарға қатысты мәсіхшілер қалайша байсалдылық танытады?
18 ‘Сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресу’ үшін айыра білу қабілеті қажет (Нақыл сөздер 2:11; Філіпіліктерге 1:9, ЖД). Мысалы, осы дүниенің баспаларынан шығатын мәліметтің ешқайсысына сенбеу парасаттылыққа жатпас еді (Філіпіліктерге 4:5, ЖД; Жақып 3:17, ЖД). Адамдардың ой-пікірлерінің бәрі бірдей Құдай Сөзіне қайшы келе бермейді. Исаның сөздерінен, науқас адамдардың тәжірибелі дәрігердің, яғни осы дүниенің маманының көмегіне зәру екендігін түсінгенін байқауға болады (Лұқа 5:31). Исаның кезінде ауруларды өте қарапайым тәсілдермен емдеген. Ол, соған қарамастан, дәрігерлердің қандай да бір көмек көрсете алатынын мойындаған. Бүгінгі күнгі мәсіхшілер осы дүниенің мәлімет көздерінен шығатын басылымдарды мүлдем оқымайды емес, бірақ мұндайда олар байсалды болып, рухани жағынан кесірін тигізуі мүмкін нәрселерден аулақ жүреді.
19, 20. а) Ойланбай сөйлейтіндерге көмек бергенде қариялар қалайша айыра білу қабілетін таныта алады? ә) Қайтпастан жалған ілім тарата беретіндерге қатысты қауым қалай әрекет етеді?
19 Қауым қариялары ойланбай сөйлейтіндерге көмек беру керек екенін байқаған уақытта, оларға да айыра білу қабілеті аса қажет болады (2 Тімотеге 2:7). Кейде болмашы нәрсеге бола немесе Киелі кітапта нақты айтылмаған қандай да бір сұраққа байланысты бауырластар арасында айтыс-тартыс басталып кетуі мүмкін. Қауым арасында бірлік болу үшін, қариялар мұндай мәселені кейінге қалдырмай жылдам қарастырулары керек. Бірақ, болған жағдайға қарамастан, қариялар бауырластары туралы жаман ойлап, оларды жолдан тайғандардың қатарына қосуға асықпайды.
20 Пауыл көмектің қалай көрсетілуі керек екенін көрсеткен. Ол былай деген: “Бауырластар, араларыңдағы біреу күнә жасап қойса, сендер оны Киелі Рухтың жетелеуімен ілтипаттылық танытып түзу жолға қайтаруға ұмтылыңдар” (Ғалаттықтарға 6:1). Ал Иуда болса, әлдебір нәрсеге күмәнданып, өз ойымен күресіп жүрген мәсіхшілерге қатысты былай деп жазды: “Күмәнданып жүргендерге де қайырымдылық көрсетіңдер; оларды отқа түсірместен жалма-жан құтқарып алыңдар” (Иуда 22, 23, ЖД). Бірақ әлдекім бірнеше рет ескерту жасалғаннан кейін де, жалған ілім таратуын қайтпастан жалғастыра беретін болса, қауымды қорғау үшін қариялар батыл әрекет етулері керек (1 Тімотеге 1:20; Титке 3:10, 11).
Ақыл-ойымызды жақсы нәрселермен толтырудамыз
21, 22. Не нәрседе біз талғампаз болуымыз керек және ақыл-ойымызды қандай нәрселермен толтыруымыз керек?
21 Мәсіхшілер қауымының мүшелері өзгелерге кесірін тигізетін, әрі “қағына тиген жарадай” тез тарайтын сөздерден аулақ жүреді (2 Тімотеге 2:16, 17; Титке 3:9). Мұндай сөздердің қатарына теріс жолға түсіретін осы дүниенің “данышпандығы” жатады, сондай-ақ бұған жолдан тайғандардың насихаты мен қауымдағы бос сөз де жатады. Негізінде біліктілікке талпыну пайдалы, бірақ барлық нәрседен хабардар болуға деген шектен тыс құмарлықтың кесірінен қауіпті ой-пікірлердің әсеріне түсіп қалуға болады. Біз Шайтанның зымиян ниетін жақсы білеміз (2 Қорынттықтарға 2:11). Біздің көңілімізді Құдайға деген қызметтен өзге нәрсеге аударып, ынта-жігерден айыру үшін Шайтанның алдына жан салмайтынын да білеміз.
22 Ізгі қызметші ретінде Құдайдың ілімін берік ұстаналық! (1 Тімотеге 4:6). Мәлімет таңдағанда талғампаздық таныту арқылы уақытты дұрыс қолданалық. Сонда, Шайтанның рухының жетелеуімен жүріп жатқан насихат бізді жолдан жаңылдырмайды. Біз әрі қарай да “күллі шынайы да игі, әділ де таза, ұнамды да тартымды, адамгершілікті де мақтаулыны” есте ұстайтын боламыз. Егер біз ақыл-ойымыз бен жүрегімізді осындай нәрселермен толтырар болсақ, тыныштықтың Құдайы бізге жар болады (Філіпіліктерге 4:8, 9).
Біз не білдік?
• Осы дүниенің данышпандығы біздің руханилығымызға қалайша нұқсан келтіруі мүмкін?
• Жолдан тайғандардың қауіпті мәліметінен біз қалай қорғана аламыз?
• Қауымдағылар қандай әңгімелерден аулақ болуы керек?
• Бүгінде мәлімет өте көп болғандықтан, мәсіхшілер қалайша байсалдылық танытуда?
[25-беттегі сурет]
Көпке танымал журналдар мен кітаптардың көбісі мәсіхшілердің қөзқарасына қайшы келеді.
[26-беттегі сурет]
Мәсіхшілердің үзілді-кесілді ойдан аулақ болып пікір бөлісулеріне болады.