Иық тіресе қызмет ете беріңдер
“Барлығы Тәңірдің есімін шақырып, Оған бір кісідей [“иық тіресе”, ЖД] қызмет етулері үшін, Мен халықтарға қайтадан таза ауыз [“тіл”, ЖД] беремін” (СОФОНИЯ 3:9).
1. Софония 3:9-да жазылған сөздер қалай орындалуда?
ЖЕР бетінің тұрғындары 6 000-ға жуық тілде сөйлейді. Оның үстіне, неше түрлі жергілікті диалектілер бар. Араб тілі мен қытай тілі сияқты сан алуан тілдердің бар екендігіне қарамастан, Құдай расында да әлдебір керемет нәрсе істеді. Ол жер-жаһандағы адамдар жалғыз таза тілді үйреніп, сол тілде сөйлей алатындай етті. Осылайша Софония пайғамбар арқылы уәде етілген сөздер орындалуда: “Барлығы Тәңірдің есімін шақырып, Оған бір кісідей қызмет етулері үшін, Мен [Ехоба Құдай] халықтарға қайтадан таза ауыз [“тіл”, ЖД] беремін” (Софония 3:9).
2. “Таза тіл” деген не және ол не нәрсеге мүмкіндік беріп отыр?
2 “Таза тіл” — Құдай Сөзі Киелі кітапта жазылған Ехобаның шындығы. Бірінші кезекте, бұл — Ехобаның есімін қасиетті етіп, оның билігін ақтайтын және адамзатты баталарға ие ететін шындық (Матай 6:9, 10). Таза тілде — дүниедегі жалғыз рухани таза тілде — барлық нәсіл мен тіл өкілдері сөйлейді. Осының арқасында олар Ехобаға “бір кісідей”, “иық тіресе” қызмет етуде.
Алалаушылыққа орын жоқ
3. Ненің арқасында Ехобаға бір кісідей қызмет ету мүмкін болып отыр?
3 Мәсіхшілер ретінде көп ұлтты бауырластықпен бірге қызметтесіп жүргенімізге қуанамыз. Патшалық туралы ізгі хабарды әр түрлі тілде уағыздап жүргенімізбен Құдайға бір кісідей қызмет етудеміз (Забур 132:1). Бұл қай елде тұрмасақ та, Ехобаны даңқтау үшін жалғыз таза тілде сөйлейтіндігіміздің арқасында мүмкін болып отыр.
4. Неге Құдай халқының арасында алалаушылық болмау керек?
4 Құдайдың халқының арасында алалаушылық болмау керек. Мұны б. з. 36 жылы елші Петір басқа ұлттан шыққан Корнел атты жүзбасына уағыздағанда анық көрсеткен. Ол былай деді: “Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды” (Елшілердің істері 10:34, 35). Олай болса, мәсіхшілер қауымында алалаушылыққа, жікке бөлінушілікке орын жоқ.
5. Неге қауымның жікке бөлінуіне ықпал еткен дұрыс емес?
5 Патшалық Сарайына барғаны туралы бір студент қыз былай деді: “Шіркеуге барғанда әдетте бір нәсілдің не бір этникалық топтың өкілдерін ғана көресің... Ал Ехоба Куәгерлері ұлт-ұлтқа бөлінбестен, бәрі бірге отырды”. Сөйтсе де ертедегі Қорынт қаласының қауымында жікке бөлінушілік бар еді. Алауыздық тудыру арқылы қорынттықтар тыныштық пен бірлікте болуға ықпал ететін Құдайдың киелі рухының әсеріне қарсыласатын (Ғалаттықтарға 5:22). Егер біз қауымда жікке бөлінсек, киелі рухтың әсер етуіне қарсыласқан болар едік. Сондықтан елші Пауылдың Қорынттағы мәсіхшілерге айтқан сөздерін есте ұсталық. Ол былай деді: “Бауырластар, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер, қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар!” (1 Қорынттықтарға 1:10). Пауыл ауызбірлік сақтаудың маңыздылығын Ефестіктерге жазған хатында да ерекше атап өткен (Ефестіктерге 4:1—6, 16).
6, 7. Жақып алалауға қатысты нені өсиет еткен және мұны іс жүзінде қалай қолдануға болады?
6 Мәсіхшілерден әрқашан адамды алаламау талап етілетін (Римдіктерге 2:11). Бірінші ғасырдағы кейбір мәсіхшілер байларға жағымпазданатын болғандықтан, елші Жақып: “Бауырластарым, сендер салтанатты ұлылыққа бөленген Иемізге сенгендіктен, адамдарды сыртына қарап алаламаңдар! Айталық, қауым жиналыстарыңа алтын жүзік тағып, жалтыраған сәнді киім киген кісі, сондай-ақ, жұпыны киінген кедей де келді дейік. Сонда сендер жүзік таққан байға: “Төрге шығып, жайғасыңыз” деп, ерекше назар аударып, ал мүсәпірге: “Ана жерге тұр” немесе “Мұнда, аяқ жағыма отыр” дейсіңдер. Осылайша адамдарды алалап, жаман пиғылды төрешілерге айналасыңдар, солай емес пе?” — деп жазған (Жақып 2:1—4).
7 Қауымға үлде мен бүлдеге оранған бай, сондай-ақ кедей, тозығы жеткен киім киген сенбейтіндер келсе, бай кісілерге ерекше көңіл бөлінетін. Оларды ‘төрге’ шығарып, ал кедейлерге орын да берілмейтін немесе біреудің аяқ жағына отырғызылатын. Бірақ Құдай Исаның төлем құрбандығын барлығы, байлар үшін де, кедейлер үшін де, берген (Әйүп 34:19; 2 Қорынттықтарға 5:14). Сондықтан Ехобаға ұнамды болып, оған иық тіресе қызмет еткіміз келсе, ешкімді алаламауымыз немесе ‘бас пайдамыз үшін өзгелерге жағымпазданбауымыз’ керек (Яһуда 4, 16).
Күңкілдеуден аулақ болыңдар
8. Исраилдіктердің күңкіл шығаруының нәтижесі қандай болды?
8 Арамыздағы ауызбірлікті сақтау және әрі қарай да Құдайға ұнамды болып қала беруіміз үшін, Пауылдың: “Бәрін де күңкілсіз істеңдер!” — деген кеңесіне құлақ асуымыз керек (Філіпіліктерге 2:14, 15, ЖД). Мысыр құлдығынан азат етілген исраилдіктер опасыздық жасап, Мұса мен Һаронға, сайып келгенде, Ехоба Құдайға қарсы күңкіл шығарады. Осының кесірінен адалдығын сақтаған Ешуа мен Халептен, сондай-ақ леуіліктерден өзге жиырма жастан бастап еркек кіндіктілердің барлығы Уәде етілген жерге кірмеді. Олар 40 жыл бойы шөл далада жүрген уақыт аралығында өліп кетті (Руларды санау 14:2, 3, 26—30; 1 Қорынттықтарға 10:10). Күңкілдің құны қандай жоғары болды десеңші!
9. Күңкіл шығарғаны үшін Мәриям не нәрсеге ұшырады?
9 Біз бүкіл халықтың күңкіл шығаруының нәтижесі қандай болғанын көрдік. Ал жеке адамдардың күңкілі жөнінде не деуге болады? Бірде Мұсаның әпкесі Мәриям мен ағасы Һарон: “Тәңір жалғыз Мұсамен сөйлесіп пе, бізбен де сөйлесті емес пе?” — деп күңкілдейді. Киелі кітапта әрі қарай: “Сонда мұны Жаратқан Ие естіді”,— делінген (Руларды санау 12:1, 2). Мұның нәтижесі қандай болды екен? Күңкілді бастаған Мәриям екені сөзсіз, сондықтан Құдай оны масқара етті. Қалай? Оған алапес ауруын жіберіп, ол тазарғанша жеті күн бойы қостың сыртында болуға мәжбүр болады (Руларды санау 12:9—15).
10, 11. Ушыққан күңкілдің ақыры неге әкеліп соғады? Мысал келтіріңдер.
10 Күңкіл — біреудің бұрыс әрекетіне жай наразы болу ғана емес. Үнемі күңкіл шығарып жүретін адам өзінің сезіміне немесе беделіне баса көңіл бөліп, Құдайға емес, өзіне көңіл аудартады. Мұндай нәрсені жүгендемесе, бауырластардың арасында кикілжің туып, олардың Ехобаға иық тіресе қызмет ету ынталарына тосқауыл болады. Бұлай болуының себебі — күңкіл шығарушылар өзгелердің жаны ашысын деп жұрттың көзінше шағымданады.
11 Мысалы, әлдекім белгілі бір ақсақалдың баяндаманы қалай айтатынын немесе міндеттерін қалай орындап жүргенін сынға салуы мүмкін. Осылай наразылық білдіріп жатқан адамның сөзін тыңдайтын болсақ, біз де сол сияқты ойлай бастауымыз мүмкін. Санамызға наразылық тұқымы себілмей тұрғанда, бәлкім, бізді аталмыш ақсақалдың іс-әрекеті шамдандырмаған болса керек, ал қазір ашуымызға тиеді. Ақырында оның әрекеттерінің бәрі ұнамсыз болып көрініп, біз де оған шағымдана бастаймыз. Құдайдың халқының арасында мұндай нәрсеге орын жоқ.
12. Қалай күңкілдеу Құдаймен қарым-қатынасымызға әсер етуі мүмкін?
12 Құдайдың отарын бағу міндеті жүктелген кісілерге қарсы күңкілдеудің арты оларды қорлауға айналуы мүмкін. Бауырластарға қарсы күңкілдеп, жалған сөз айтып қорлайтын болсақ, бұл Ехобамен қарым-қатынасымызға нұқсан келтіреді (Мысырдан шығу 22:28). Өзгелерді қорлап, мұнысына өкінбейтіндер Құдай Патшалығын мұра етпейді (1 Қорынттықтарға 5:11; 6:10). Елші Жақып ‘ешбір билікті елемей, абыройлы билеушілерді’, яғни қауымда жауапкершілігі барларды ‘балағаттайтын’ күңкіл шығарушылар жөнінде жазған (Яһуда 8). Олар Құдайға ұнамды болмаған. Біздің де солардың жолын қуудан аулақ болғанымыз абзал.
13. Неге наразылықтың барлығы бұрыс деуге болмайды?
13 Алайда наразылықтың барлығы Құдайға ұнамсыз бола бермейді. Ол ‘Содом мен Ғомора қалаларының үстінен шағым түскенде’ құлақ асып, зұлымдыққа толы сол қалаларды жойып жіберген (Жаратылыс 18:20, 21; 19:24, 25). Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан кейін, көп ұзамай “грекше сөйлейтін шетелдік яһудилер жергіліктілермен ренжісіп қалды, себебі күнделікті тамақпен қамтамасыз еткен кезде олардың жесірлері ескерілмей қалып жүр еді”. Сонда ‘он екі елші жақсы атағы шығып жүрген жеті жігітті осы міндетке’, яғни тамақ бөлу міндетіне, тағайындайды (Елшілердің істері 6:1—6). Бүгін де ақсақалдар орынды түрде айтылған наразылықтарға ‘құлақтарын бітемеулері’ керек (Нақыл сөздер 21:13). Бауырластарын сынаудың орнына ақсақалдар оларды жігерлендіріп, сенімдерін жетілдіргендері дұрыс (1 Қорынттықтарға 8:1).
14. Күңкілдеуден аулақ болу үшін әсіресе қандай қасиет қажет?
14 Бәріміз де күңкілдеуден аулақ болуымыз керек, өйткені мұндай рух рухани жағынан нұқсан келтіреді. Күңкілдеу ауызбірлігімізді бұзған болар еді. Оның орнына, киелі рухтың бойымызда сүйіспеншілік дамытуына жол берейік (Ғалаттықтарға 5:22). Сүйіспеншілікке қатысты “патша заңына” мойынсұнғанымыз әрі қарай да Ехобаға иық тіресе қызмет ете беруімізге көмектеседі (Жақып 2:8, сілтемені қара; 1 Қорынттықтарға 13:4—8; 1 Петір 4:8).
Өсек-аяңнан сақ болыңдар!
15. Сыбыс мен өсектің арасындағы айырмашылықты қалай түсіндірер едіңдер?
15 Күңкілдің арты зиянды сыбыс-сыпсыңға айналуы мүмкін болғандықтан, не айтып, не қойғанымызға мұқият болған дұрыс. Сыбыс — біреу жөнінде және оның іс-әрекеттері жөнінде ұзын құлақ хабар, ал өсек, өзге адамды қаралайтын лақап сөз тарату. Бұл — қаскөй, Құдайдан безгендердің ісі. Сондықтан Құдай исраилдіктерге: “Халқыңның арасында өсек таратып жүруші болма!” — деген (Леуіліктер 19:16, ЖД).
16. Пауыл мылжың әңгімелерге әуестігі барлар жөнінде не деген және мұның бізге қандай қатысы бар?
16 Сыбыстың арты өсекке айналуы мүмкін болғандықтан, Пауыл өсек-аяңға жақын адамдарды айыптаған. Ол қауымның көмек көрсетуіне лайықты жесірлер жайлы айта келе “уақытты бос өткізіп, үй-үйді аралап, еріншек болып қана қоймай, мылжыңмен әуестеніп, өзгенің жұмыстарына араласып, сөз қылуға болмайтын нәрселерді айтуды” әдетке айналдырған жесірлер жөнінде де айтқан (1 Тімотеге 5:11—15). Егер мәсіхші әйел өсек-аяңға айналуы мүмкін мылжың әңгімеге әуестігі бар екенін байқаса, Пауылдың әйел баласы “байыпты, өсек айтпайтын” болу керек деген өсиетіне құлақ асқаны дұрыс (1 Тімотеге 3:11). Әрине, ер бауырластар да зиянды өсек-аяңнан аулақ болулары керек (Нақыл сөздер 10:19).
Үкім айтпаңдар!
17, 18. а) Бауырластарымызға үкім айту бейімділігіне қатысты Иса не деген? ә) Исаның айтқан сөздерін қалай қолдануымызға болады?
17 Ешкімді өсектемесек те, бәлкім, өзгелерге үкім айту бейімділігімен күресіп жүрген болармыз. Иса мұндай рухты айыптап былай деген: “Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар! Себебі басқаларға қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады. Сендер қандай өлшемді қолдансаңдар, өздерің үшін де сондай өлшем қолданылады. Неге бауырыңның көзіндегі тікенді көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың? Өз көзіңде бөрене тұрғанда бауырыңа: “Кәне, сенің көзіңнен тікенді алып тастайын” деп қалайша айта аласың? Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста, бауырыңның көзіндегі тікенді содан кейін анық көріп, алып тастарсың” (Матай 7:1—5).
18 Дұрыс көзқараста болуымызға бейнелі “бөрене” кедергі болып тұрған уақытта, бауырласымыздың көзінен кішкентай “тікенді” алып тастауды ұсынуға қалай дәтіміз бармақ? Егер Құдайдың қаншалықты мейірімді екенін расында да түсінер болсақ, рухани бауырластарымызға үкім шығаруға ешқашан үйір болмаймыз. Біз оларды көктегі Әкеміз сияқты түсіне алушы ма едік? Сондықтан Исаның: “Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар!” — дегені таңқаларлық нәрсе емес. Өз кемелсіздігімізге шыншыл баға бергеніміздің арқасында Құдайдың алдында бұрыс болып есептелетін тұжырым жасаудан аулақ боламыз.
Нәзік, бірақ қадірлі
19. Бауырластарымызға қалай қарауымыз керек?
19 Бауырластарымызбен бірге Құдайға иық тіресе қызмет еткіміз келсе, оларға үкім айтпаймыз, қайта, бірінші болып құрмет көрсетуге әзір боламыз (Римдіктерге 12:10, ЖД). Сондай-ақ жеке басымыздың емес, солардың мүддесін ойлаймыз және олар үшін кез келген, тіпті қарапайым болып көрінетін тапсырмаларды да қуана орындайтын боламыз (Жохан 13:12—17; 1 Қорынттықтарға 10:24). Қалайша осындай керемет рухты сақтап қалуға болады? Ехобаға әрбір қызметшісінің бағалы екенін және адам тәнінің мүшелері бір-біріне қажет болғаны сияқты біз де бір-бірімізге қажет екендігімізді есте ұстауымыз керек (1 Қорынттықтарға 12:14—27).
20, 21. Біз үшін 2 Тімотеге 2:20, 21-тармақтарда жазылған сөздердің қандай мәні бар?
20 Әрине, мәсіхшілер — қызметтің керемет қазынасы сеніп тапсырылған нәзік, жай қыш құмыралар (2 Қорынттықтарға 4:7). Егер осы қасиетті істе Ехобаның даңқын арттырғымыз келсе, оның алдында және оның Ұлының алдында өзіміздің қадірімізді сақтап қалуымыз керек. Құлықтылық және рухани таза болсақ қана Құдай қолданатындай қадірлі ыдыс болып есептелеміз. Осыған қатысты Пауыл былай деп жазған: “Бір үлкен үйде алтын мен күмістен ғана емес, ағаш пен қыштан жасалған ыдыс-аяқтар да бар: алдыңғылары қадірмен тұтылса, соңғылар қадір-құрметтен ада. Сол себепті, кім өзін бұлардан аулақ таза ұстаса, қадірлі ыдыстар іспетті Қожайынына бағышталып, әрбір ізгі істер үшін қолданылуға дайын болады” (2 Тімотеге 2:20, 21).
21 Құдайдың талаптарына сай әрекет етпейтіндер — “қадір-құрметтен ада” ыдыстар. Ал Құдайдың өсиеттерін ұстанар болсақ, ‘қадірлі ыдыстар іспетті бағышталып [немесе Ехоба қызмет ету үшін бөлініп алынып], әрбір ізгі істер үшін қолданылуға даяр’ боламыз. Сондықтан әрқайсысымыз өзімізден былай деп сұрауымызға болады: ‘Қадірлі ыдыспын’ ба? Бауырластарыма жақсы жағынан әсер етемін бе? Бауырластармен иық тіресе қызмет ететін қауым мүшесімін бе?
Иық тіресе қызмет ете беріңдер
22. Мәсіхшілер қауымын неге теңеуге болады?
22 Мәсіхшілер қауымы бір отбасы іспетті. Мүшелерінің бәрі Ехобаға қызмет ететін отбасында сүйіспеншілік орнап, бәрі бір-біріне көмекке келуге даяр болады. Отбасы үлкен болуы мүмкін, бірақ әрқайсысының өзіне тән мінез-құлқы мен өз орны бар. Қауымда да тап солай. Әрқайсысымыз әр түрлі әрі кемелсіз болсақ та, Құдай бізді Мәсіх арқылы өзіне жақындатып тартқан (Жохан 6:44; 14:6). Ехоба мен Иса Мәсіх бізді сүйеді, сондай-ақ ауызбірлігі бар отбасы іспетті әрине біз де бір-бірімізге сүйіспеншілік танытуымыз керек (1 Жохан 4:7—11).
23. Біз нені есте ұстауымыз керек және не нәрсеге белімізді бекем бууымыз керек?
23 Сонымен қатар бір отбасы іспетті мәсіхшілер қауымында да адалдық болады деп сенеміз. Елші Пауыл: “Ер адамдардың әр жерде адал қолдарын жайып, ашу-ыза, күмән және жанжалдан аулақ болып, Құдайға сиынуларын қалаймын”,— деп жазды (1 Тімотеге 2:8). Осылайша Пауыл адалдықты мәсіхшілер жиналатын “әр жерде” айтылатын дұғамен байланыстырған. Бүкіл қауым үшін тек адал ер кісі ғана дұға ету керек. Әрине, Құдай барлығымызды өзіне және бір-бірімізге адал болады деп күтеді (Екклесиаст 12:13, 14). Адамның дене мүшелері сияқты бәріміз бірге жұмыла еңбек етуге белімізді бекем буалық. Ехобаға бір үйдің балаларындай қызмет етейік. Ал ең алдымен, бір-бірімізге қажет екендігімізді және әрі қарай да иық тіресе қызмет ете берер болсақ, Ехобаға ұнамды болып, оның бізге батасын беретінін есімізде ұсталық.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ненің арқасында Ехобаның халқы иық тіресе қызмет ете алады?
• Неге мәсіхшілер алалаушылықтан іргесін аулақ салады?
• Сендердің ойларыңша, күңкілдеудің несі ағат?
• Неге бауырластарға құрмет көрсеткен дұрыс?
[15-беттегі сурет]
Петір Құдайдың ’адамның бет-жүзіне қарамайтынын біліп алды’
[16-беттегі сурет]
Құдайдың Мәриямды не себепті масқара еткенін білесіңдер ме?
[18-беттегі сурет]
Адал мәсіхшілер қуанышпен Ехобаға иық тіресе қызмет етеді