Өз қалауыңнан бас тартуға дайынсың ба?
ЕКІ кішкентай бала тып-тыныш ойнап отыр. Бір кезде бірі екіншісінен жақсы көретін ойыншығын тартып алып: “Менікі!”— деп айғайлайды. Иә, кемелсіз адам жастайынан қандай да бір шамада өзімшілдік танытады (Жар. 8:21; Рим. 3:23). Оның үстіне, осы дүние алдымен жеке бастың пайдасын ойлауға итермелейді. Мұндай рухтан аулақ болғымыз келсе, өзімшілдікке деген бейімділікпен жан сала күресуіміз қажет. Олай етпесек, біреуді оп-оңай сүріндіруіміз және Ехобамен қарым-қатынасымызды әлсіретіп алуымыз мүмкін (Рим. 7:21—23).
Елші Пауыл әрекеттеріміздің өзгелерге қалай әсер ететін ескеруге талпындырып: “Бәрін істеуге болады”,— дейсіңдер. Бірақ бәрі бірдей тиімді емес. “Бәрін істеуге болады”. Бірақ бәрі бірдей сенімдеріңді жетілдірмейді”,— деген. Сондай-ақ ол басқалардың ‘сенімдеріне нұқсан келтірмеу’ керектігін айтқан (Қор. 1-х. 10:23, 32). Жеке бастың қалауына келгенде, өзімізден былай деп сұрағанымыз абзал: “Қауымның татулығын сақтау үшін, тіпті құқығым бар нәрселерден бас тартуға дайынмын ба? Киелі кітап принциптерін өзіме ыңғайлы болмаған жағдайларда да ұстанамын ба?”
Жұмыс таңдау
Көп адам қандай жұмыс істейтіні жеке бастың шаруасы әрі оның басқаларға қатысы шамалы немесе мүлдем қатысы жоқ деп есептейді. Алайда Оңтүстік Американың шағын қаласында тұратын бір іскер кісінің оқиғасын қарастырайық. Ол құмар ойындарға әуес және ішкілікке салынған адам болатын. Бірақ кейін Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп, рухани өседі де, өмір салтын өзгертеді (Қор. 2-х. 7:1). Ол қауыммен бірге уағыздау ісіне қатысуға ниет білдіргенде, ақсақал істеп жүрген жұмысы жайлы ойланып көруге шақырады. Біраз уақыттан бері бұл кісі қаладағы қант қамысынан жасалған спирт сататын ең басты саудагер болатын. Бұл спирт әртүрлі салада қолданылғанымен, жергілікті адамдардың көпшілігі оны жай сусындармен араластырып, мас болғанша ішетін.
Сөйтіп, іскер кісі уағыздаушы болып жүріп спирт сататын болса, мұнысы қауымға жаман ат әкелетінін және Ехобамен қарым-қатынасын бұзатынын түсінеді. Үлкен отбасын асырап отырса да, ол спирт сатуын тоқтатады. Қазір ол қағаз өнімдерін сатумен айналысады. Өзі, әйелі және бес баласының екеуі шомылдыру рәсімінен өтті, әрі таза ар-ұжданмен ізгі хабарды құлшына уағыздап жүр.
Араласатын орта таңдау
Ехобаға сенбейтін адамдармен жақын араласу жеке адамның шаруасы ма, әлде Киелі кітап принципін басшылыққа алу керек мәселе ме? Бір қыз бауырлас шынайы мәсіхші емес бір жігітпен көңіл көтеру кешіне барғысы келеді. Алайда оған мұның қауіпті екенін ескертсе де, ол өз дегенінен қайтпай, әлгі жігітпен кетіп қалады. Сол жерде оған ұйықтататын қоспасы бар ішімдік береді. Бірнеше сағаттан кейін ол есін жиғанда, әлгі доссымақ жігіттің өзін зорлап кеткенін біледі (Жаратылыс 34:2 салыстыр).
Сенбейтін адамдармен араласудың нәтижесі барлық уақытта осы мысалдағыдай қайғылы бола бермейді. Алайда Киелі кітап бізді былай деп ескертеді: “Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған бұзылар [“залал көрер” ЖД]” (Нақ. с. 13:20). Жаман ортаның қауіпті екені даусыз. Нақыл сөздер 22:3-те: “Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар, Аңғал адам жүре беріп, зиян табар”,— делінген. Араласатын ортамыз өзімізге де, Құдаймен қарым-қатынасымызға да әсер етеді (Қор. 1-х. 15:33; Жақ. 4:4).
Киім кию мен сәндену
Киім кию үлгісі жиі өзгеріп отырады. Бірақ Киелі кітаптың киім кию мен сәнденуге қатысты принциптері ешқашан өзгермейді. Пауыл мәсіхші әйелдерге: “Әдеппен әрленіп-сәнденсін... киімдері қарапайым да сыпайы болсын”,— деді. Бұл кеңес ер адамдарға да қатысты (Тім. 1-х. 2:9). Пауыл бұл сөздермен сәнді киінуге болмайды немесе мәсіхшілердің бәрінің талғамы бірдей болу керек дегісі келген жоқ, әрине. Ол киімімізден паңдық пен менмендік байқалмауы керек екенін айтқан.
Өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: “Киіну мәнеріммен адамдардың назарына орынсыз іліге берсем де, бұл менің ісім деп тұрып алсам, өзімді қарапайым адаммын деп шынымен айта аламын ба? Сырт көрінісіме қарап адамдар менің кім екеніме немесе құлықтылық нормаларды ұстанатыныма күмән келтіре ме?”. “Әркім өз мүддесін ғана емес, басқалардікін де ойлай жүрсін” деген кеңеске құлақ ассақ, “ешкімге ешқандай кедергі жасамаймыз” (Қор. 2-х. 6:3; Філіп. 2:4).
Іскерлік мәселелер
Қорынттағы қауымда әділетсіздік жасалуға қатысты дау туындағанда, Пауыл оларға: “Одан да әділетсіздікке неге төзбеске, неге ақыларыңды жегізбеске?”— деп жазды. Ол мәсіхшілерге бауырластарды сотқа бергенше, бір нәрсесінен бас тартуға дайын болуға кеңес берді (Қор. 1-х. 6:1—7). Құрама Штаттарындағы бір бауырлас осы кеңеске құлақ асады. Оның жұмыс берушісі мәсіхші бауырлас болатын. Бірде екеуінің арасында еңбек ақысына қатысты келіспеушілік туындайды. Киелі кітаптағы басшылықты ұстанып, екеуі мәселені шешу үшін бірнеше рет кездеседі, бірақ шеше алмайды. Кейін бұл мәселемен олар “сенушілер қауымына”, яғни мәсіхші ақсақалдарға барады (Мат. 18:15—17).
Өкінішке қарай, бұдан соң да мәселе шешілмейді. Жұмысшы бауырлас көп дұға айтып, ақыр соңында өзіне тиесілі деп есептеген ақшадан бас тартады. Неге? “Бұл келіспеушілік мені қуанышымнан айырды және рухани істерге кететін уақытымды жеді”,— деп түсіндірді ол. Осы шешімінен кейін бауырлас қайтадан қуанышқа ие болды және Ехобаның қызметіне бата беріп жатқанын сезінді.
Кішігірім нәрседе де
Кішігірім нәрседе өз қалауымыздан бас тарту да қуаныш әкеледі. Бір ерлі-зайыпты ізашарлар облыстық конгрестің алғашқы күні ертерек келіп, өздеріне ыңғайлы орын алып қояды. Бағдарлама бастала бергенде, адамға лық толы стадионға бірнеше баласы бар үлкен отбасы кіріп келеді. Олардың орын іздеп қалғанын көрген ізашарлар өз орындарын береді. Осының арқасында бүкіл отбасы бірге отырады. Конгрестен кейін бірнеше күн өткенде, ізашар жұп әлгі отбасынан ризашылық хатын алады. Отбасы сол жолы кешігіп келіп, қатты абыржығандарын, алайда екеуінің мейірімділігінің арқасында бірден көңілдері көтеріліп, риза болып қалғандарын жазған екен.
Мүмкіндік болғанда, басқалардың мүддесі үшін өз қалауымыздан бас тартуға дайын болайық. Риясыз сүйіспеншілік танытудың арқасында біз қауымдағылармен және маңайымыздағылармен тату боламыз (Қор. 1-х. 13:5). Ал ең бастысы, Ехобамен жақын қарым-қатынасымызды сақтаймыз.
[20-беттегі сурет]
Киім үлгісін таңдағанда өз қалауыңнан бас тартуға дайынсың ба?
[20, 21-беттегі сурет]
Бауырластарға орын беруге дайынсың ба?