Ер бауырластар, рухқа қызмет етіп, жауапкершілікке ұмтылыңдар!
“Құдай Рухына қызмет етуші осы Рухқа тән мәңгілік өмірді орады” (ҒАЛ. 6:8).
1, 2. Матай 9:37, 38-дегі сөздер қазір қалай орындалуда және осыған байланысты қауымдарда қандай қажеттілік туындап отыр?
БҮГІНДЕ біз тарихи оқиғалардың куәсі болудамыз. Иса атап өткен уағыздау ісі қазір ерекше қарқынмен атқарылып жатыр. Ол: “Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!”— деген болатын (Мат. 9:37, 38). Ехоба бұл дұғаға керемет түрде жауап беруде. 2009 қызмет жылында дүниежүзі бойынша Ехоба куәгерлерінің қауымдарының саны 2 031-ге өсіп, 105 298-ға жетті. Орта есеппен күніне 757 адам шомылдыру рәсімінен өткен!
2 Осындай өсімнің арқасында қауымға тәлім беріп, бағушы ретінде қызмет етуге лайық ер бауырластарға деген қажеттілік туындап отыр (Ефес. 4:11). Ехоба әрқашан талапқа сай келетін ер адамдарды қауымға қамқорлық етуге талпындырған. Қазір де солай екендігіне біз сенімдіміз. Миха 5:5-те соңғы күндері “жеті бақташы” және ‘сегіз кнәз’, яғни басшылықты қолға алуға қабілетті ер адамдар, Құдай халқына қамқорлық көрсететіні туралы пайғамбарлық жазылған.
3. ‘Құдай Рухына қызмет ету’ деген нені білдіреді?
3 Егер шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас болсаң, жауапкершілікке ұмтылуға саған не көмектеседі? Ол үшін ‘Құдай Рухына қызмет еткеннің’ маңызы зор (Ғал. 6:8). Бұл — Құдайдың киелі рухының өмірімізге барынша әсер етуіне жол беруді білдіреді. Ендеше ‘ескі күнәкар болмысыңды қанағаттандырушы’ болмауға барынша тырыс. Жайлы өмір, демалыс, көңіл көтеру сияқты нәрселердің Құдайға көбірек қызмет етуге деген ықыласыңды суытуына жол берме. Барлық мәсіхшілер ‘Құдай Рухына қызмет етуі’ керек және солай ететін ер бауырластар уақыт өте келе қауымда жауапкершілік алуға лайық бола алады. Қызмет көмекшілері мен ақсақалдарға деген үлкен қажеттілік болғандықтан, бұл мақала негізінен ер бауырластарға арналған. Сол себепті, оларды бұл мақаланы дұға ете отырып қарастыруға шақырамыз.
Игілікті іске ұмтылыңдар
4, 5. Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар қауымда қандай қызмет атқаруға ұмтылулары керек және қалай?
4 Ер бауырлас бақылаушы болу үшін осы ‘игілікті іске’ шын жүректен ұмтылу керек (Тім. 1-х. 3:1). Бұған бауырластарға риясыздықпен қамқорлық көрсету жатады (Ишая 32:1, 2 оқыa). Жауапкершілікке дұрыс ниетпен ұмтылатын бауырластар мансапқор емес. Олар жанқиярлық рух танытып, өзгелердің игілігін ойлайды.
5 Қызмет көмекшісі және ақсақал міндетін атқарғысы келетін адам Жазбалардағы талаптарға сай болуға барынша тырысуы керек (Тім. 1-х. 3:1—10, 12, 13; Тит. 1:5—9). Егер Құдайға бағышталған ер бауырлас болсаң, өзіңнен былай деп сұра: Мен өзім де уағыздау ісіне толық атсалысып, өзгелерге де солай етуге көмектесіп жүрмін бе? Бауырластарға мұқият болып, оларды рухани нығайтамын ба? Құдай Сөзін терең зерттеймін бе? Түсініктемелерімнің сапасын арттырып жүрмін бе? Ақсақалдар берген тапсырмаларды тиянақты орындаймын ба? (Тім. 2-х. 4:5). Бұл сұрақтардың үстінен мұқият ой жүгірткенің дұрыс.
6. Қауымда жауапкершілікке ие болғысы келетіндерге қойылатын басты талап қандай?
6 Сонымен қатар талапқа сай болу үшін ер бауырлас ‘[Құдайдың] Киелі Рухының арқасында жан дүниесін нығайтуы’ керек (Ефес. 3:16). Қауымда қызмет көмекшісі не ақсақал ретінде қызмет ету қандай да бір шен алуды білдірмейді. Бұл жауапкершілікке ие болу үшін рухани өсу қажет. Ал бұған қалай қол жеткізуге болады? Оның бір жолы — ‘Киелі Рухпен өмір сүру’ және оның жемісін дамыту (Ғал. 5:16, 22, 23). Қосымша міндет атқару үшін қажетті қасиеттер дамытып, жақсаруың үшін берілген кеңестерді қабылдайтын болсаң, ‘бәрі де сенің алға басқаныңды’ көреді (Тім. 1-х. 4:15).
Жанқиярлық таныту қажет
7. Өзгелерге қызмет ету үшін не қажет?
7 Өзгелерге қызмет ету ауыр еңбек пен жанқиярлықты талап етеді. Мәсіхші бақылаушылар рухани бағушы болғандықтан, отардың жағдайын көп ойлайды. Бағушы ретінде қызмет еткені елші Пауылға қалай әсер еткенін қарастырып көрейікші. Ол Қорынттағы бауырластарға былай деп сезімін білдірді: “[Хатымды] қатты қиналып, жүрегім ауырып, көзіме жас ала отырып жаздым. Өздеріңді қайғырту үшін емес, қайта, шексіз сүйетінімді ұғындыру үшін жаздым” (Қор. 2-х. 2:4). Иә, Пауыл қызметін жан-тәнімен атқарған.
8, 9. Киелі кітаптан өзгелердің қамын жеген ер адамдардың мысалдарын келтіріңдер.
8 Ехобаның халқына қызмет еткен ер адамдар әрқашан жанқиярлық рух танытқан. Олар ешқашан тек өздерін ойлаған емес. Мысалы, Нұх үй-ішіндегілеріне: “Кемені соғып бітірген кезде, маған айтарсыңдар”,— деп айтқан жоқ. Мұса исраилдіктерге: “Сендерді Қызыл теңіздің жағасында күтемін. Жолын тауып, өздерің жетерсіңдер”,— демеді. Ешуаның аузынан: “Мені Иерихонның қабырғалары құлаған кезде шақырарсыңдар”,— деген сөз шыққан жоқ. Ал Ишая болса, өзге біреуге нұсқап: “Ол бар, Ием. Соны жібере гөр”,— деген жоқ (Ишая 6:8).
9 Біз үшін ең жақсы үлгі қалдырған Иса Мәсіх әрқашан Құдай рухының өзін жетелеуіне жол берген. Ол адамзаттың Құтқарушысы болу тапсырмасын дайындықпен қабылдады (Жох. 3:16). Исаның жанқиярлық сүйіспеншілігі бізді де осы қасиетті танытуға талпындыруы керек емес пе?! Көптен бері ақсақал болып қызмет ететін бір бауырлас өзінің қауымға деген сезімін былай деп білдірді: “Исаның Петірге айтқан “қойларымды бағып жүр” деген сөздері маған қатты әсер етті. Осы жылдар ішінде мен жылулықпен айтылған бір-екі ауыз сөздің немесе мейірімділікпен жасалған қарапайым ғана әрекеттің адамның рухын көтеріп тастайтынын түсіндім. Бағушы ретінде қызмет ету маған қатты ұнайды” (Жох. 21:16).
10. Иса сияқты өзгелерге қызмет етуге мәсіхшілерді не талпындырады?
10 Құдайға бағышталған ер адамдардың әрқайсысы Исаға еліктеп, бауырластарының ‘жандарын рақатқа бөлегісі’ келетіні шүбәсіз (Мат. 11:28). Құдайға деген сенімдері және бауырластарға деген сүйіспеншілігі ер бауырластарды осы игілікті іс тым қиын не көп құрбандықтарға баруды талап етеді деп ойламай, оған барынша ұмтылуға талпындырады. Ал егер бауырластың қауымға қызмет етуге деген ықыласы болмаса ше? Онда не істеуге болады?
Қызмет етуге ықыласты болу
11. Қауымға қызмет етуге ықыласты болу үшін ер бауырластың не істеуіне болады?
11 Егер өзіңді қауымға қызмет етуге дәрменсіз сезінсең, Құдайдан киелі рух сұрап дұға ет (Лұқа 11:13). Сонда Ехобаның рухы бұл уайымнан арылуға көмектеседі. Қызмет етуге деген ықыласты Құдай береді, өйткені ер бауырласты жауапкершілік алып жүруге талпындыратын және қасиетті қызметті атқаруға көмектесетін — киелі рух (Філіп. 2:13; 4:13). Олай болса, қосымша міндеттер алуға ықыласты болу үшін Ехобадан көмек сұрағанымыз қаншалықты маңызды десеңші! (Забур 24:4, 5 оқы).
12. Өзіне жүктелген жауапкершілікті алып жүру үшін бауырлас даналыққа қалай ие бола алады?
12 Мәсіхші қауымға қызмет ету үшін көп күш пен уақыт керек деп ойлап, жауапкершілікке ұмтылмауы мүмкін. Немесе бұл міндетті алып жүру қолымнан келмейді деп ойлайтын шығар. Олай болса, Құдай Сөзін және әдебиеттерді зерттеуге көбірек күш салу арқылы ол қажетті даналыққа ие бола алады. Ол өзінен: “Мен Құдай Сөзін зерттеуге арнайы уақыт бөліп, даналық сұрап дұға етемін бе?” деп сұрауына болады. Шәкірт Жақып былай деп жазды: “Егер кейбіреулерің даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол береді де; Тәңіріміз еш жазғырмай-ақ бәріне жомарттықпен бере салады” (Жақ. 1:5). Сен киелі рухтың жетелеуімен жазылған бұл сөздерге сенесің бе? Кезінде Құдай Сүлеймен патшаның дұғасына жауап беріп, оған “даналық пен білік” сыйлаған. Осының арқасында Сүлеймен жамандық пен жақсылықты айыра білетін әділ төреші болды (Шеж. 2-ж. 1:7—12). Әрине, Сүлейменнің жағдайы ерекше болатын. Десе де жауапкершілік жүктелген ер бауырластар қауымға дұрыс қамқорлық көрсете алу үшін Құдай оларға даналық сыйлайтынына сенімді болсақ болады (Нақ. с. 2:6).
13, 14. а) “Мәсіхтің сүйіспеншілігі” Пауылға қалай әсер етті? ә) “Мәсіхтің сүйіспеншілігі” бізге қалай әсер ету керек?
13 Ехоба мен Ұлының біз үшін істеген игіліктері туралы терең ой жүгірткеніміз де өзгелерге қызмет етуге деген ықыласымызды оята алады. Мысалы, Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15-ті қарастырып көрейік (Оқы). Қалайша Мәсіхтің сүйіспеншілігі бізді алға басуға мәжбүр етеді? Мәсіх Құдай еркіне сай біз үшін жанын қиып, зор сүйіспеншілігін көрсетті. Ал оның құрбандығының мәнін терең түсінгеніміз бізді ризашылыққа бөлейді және әрекетке талпындырады. Мәсіхтің сүйіспеншілігі елші Пауылға қатты әсер еткен болатын. Ол тек қара басын ойлап өмір сүрген жоқ, қайта, жан-тәнімен Құдайға, бауырластарына және қауымнан тыс адамдарға қызмет етті.
14 Мәсіхтің адамдарға деген сүйіспеншілігі туралы ой жүгірткеніміз бойымызда ризашылық сезімін оятады. Нәтижесінде біз ‘ескі күнәкар болмысымызды қанағаттандырып’, қара басымыздың қамын ғана ойлап өмір сүргеннің дұрыс емес екенін түсінеміз. Сөйтіп өмірімізде өзгеріс жасап, Құдайдың ісін бірінші орынға қоямыз. Сондай-ақ бұл бізді бауырластарға ‘сүйіспеншілікпен қызмет етуге’ талпындырады (Ғалаттықтарға 5:13 оқы). Өзімізді Құдай халқының қарапайым қызметшісі санайтын болсақ, бауырластарымызды құрметтейтін боламыз және Шайтан сияқты сыншыл рух танытпаймыз (Аян 12:10).
Отбасының көмегі
15, 16. Ер бауырластың ақсақал не қызмет көмекшісі ретінде қызмет етуге лайықты болу-болмауында әйелі мен бала-шағасының рөлі қандай?
15 Ер бауырластың әйелі, бала-шағасы болса, оның ақсақал не қызмет көмекшісінің міндетін атқаруға лайықты болу-болмауына отбасындағы жағдай әсер етеді. Сондықтан отбасының рухани күйі мен жүріс-тұрысы жақсы болу керек. Иә, қызмет көмекшісі не ақсақал болып қызмет еткісі келетін ер бауырласқа әйелінің және бала-шағасының қолдау көрсеткені өте маңызды (Тімотеге 1-хат 3:4, 5, 12 оқы).
16 Ехоба мәсіхшілердің отбасының ынтымақта болғанын қалайды (Ефес. 3:14, 15 сілт.). Отағасы қауымдағы міндетін атқара жүріп, отбасына да “жақсы басшылық” ете алу үшін байсалдылық сақтауы қажет. Ол үшін ақсақал не қызмет көмекшісі отбасылық ғибадатты апта сайын әрі әйелі мен балаларына барынша пайдалы болатындай етіп өткізуі керек. Сондай-ақ олармен жүйелі түрде уағызға шыққаны маңызды. Ал үй-ішіндегілердің отағасына қолдау көрсеткені жөн.
Қайтадан қызмет ете аласың ба?
17, 18. а) Егер бауырлас жауапкершіліктен айырылып қалса, не істеуі керек? ә) Бұрын ақсақал не қызмет көмекшісі болған бауырластың қандай көзқарас сақтағаны дұрыс?
17 Бәлкім бір кездері сен ақсақал не қызмет көмекшісі міндетін атқарған боларсың. Сен Ехобаны жақсы көресің, сондықтан оның әлі де қамыңды ойлатынына сенімді бол (Пет. 1-х. 5:6, 7). Саған қандай да бір өзгерістер жасауға кеңес берілген бе еді? Олай болса, қателігіңді мойындап, Құдайдың көмегімен өзгеруге тырыс. Жүрегіңді қасарыстырма. Даналық таныт және жағымсыз ойларға бой алдырма. Біраз жыл ақсақал болған соң жауапкершілігінен айырылған бір бауырлас былай дейді: “Мен бұрынғыдай қауым кездесулеріне барып, қызметке қатысып, Киелі кітапты оқуды үзбеуді шештім. Мен шыдамдылыққа үйрендім, өйткені бір-екі жылдың ішінде қайтадан ақсақал боламын деп ойлағанмын, бірақ жеті жылдай күтуіме тура келді. Сол уақытта бауырластардың еңсемді түсірмей, әрі қарай да жауапкершіліктерге ұмтылуға қатысты кеңестері маған көп көмектесті”.
18 Сенің де жағдайың сондай болса, еш мұңайма. Ехобаның қызметіңді жарылқап, отбасыңа қандай баталар беріп жатқаны туралы ой жүгірт. Отбасыңды рухани нығайт, науқас бауырластарға барып тұр және әлсіздерді жігерлендір. Ең бастысы, Ехоба куәгері ретінде Құдайды мадақтау және Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау мүмкіндігін мәртебе санаb (Заб. 144:1, 2; Ишая 43:10—12).
Жағдайға жаңа көзбен қарау
19, 20. а) Барлық ер бауырластар не істеуге шақырылады? ә) Келесі мақалада нені талқылаймыз?
19 Бұрын-соңды бақылаушылар мен қызмет көмекшілеріне деген осыншама қажеттілік болмаған. Сол себепті біз барлық шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарды жағдайларын сараптап, өздерінен: “Маған қызмет көмекшісі не ақсақал болуға не кедергі болып отыр?”— деп сұрауға шақырамыз. Құдай рухы сендерге осы мәселеге дұрыс қарауға көмектескей!
20 Ер бауырластардың жанқиярлықпен қызмет еткендері қауым мүшелеріне көптеген игілік әкеледі. Мейіріммен және риясыз әрекет ететін болсақ, өзгелерге және Құдай рухына қызмет еткеннен көп қуанышқа бөленеміз. Ал келесі мақалада, киелі рухты ренжітуден қалай аулақ бола алатынымызды қарастырамыз.
[Сілтемелер]
a Ишая 32:1, 2: “Патша әділдікпен патшалық құрады, әрі княздар да заңдылықпен әмір етеді; Сөйтіп, олардың әрқайсысы жел өтінен қорғаныш, жауын-шашыннан жамылғы, айдалада ауыз судың мөлдір көзі, сая болар биік жартастың көлеңкесі сияқты [міндет] арқалайды”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Миха 5:5-тегі сөздер бізді не нәрсеге сендіреді?
• Жанқиярлық рух танытуға не жатады?
• Өзгелерге қызмет ету ықыласын қалай дамытуға болады?
• Ер бауырластың қызмет көмекшісі не ақсақал болуында отбасының рөлі қандай?
[25-беттегі суреттер]
Игілікті іске ұмтылу үшін не істеуің керек?