6-ТАРАУ
Қызмет көмекшілерінің атқаратын маңызды қызметі
ФІЛІПІДЕГІ қауымға елші Пауыл: “Мәсіх Исаның құлдары Пауыл және Тімөте Філіпідегі бақылаушылар мен қызмет көмекшілерін қоса алғанда, Мәсіх Исамен бірліктегі барлық қасиеттілерге жазып отыр”,— деген (Філіп. 1:1). Байқасақ, ол өз сөзінде қызмет көмекшілерін атап өткен. Бұл ер адамдар сол кездегі қауым ақсақалдарына көмектесуде маңызды рөл атқарғанға ұқсайды. Бүгінде де солай. Қызмет көмекшілері атқаратын істер бақылаушыларға зор көмегін тигізіп, қауым ішінде тәртіптің болуына үлес қосады.
2 Сіз өз қауымыңыздағы қызмет көмекшілерін білесіз бе? Олардың сіз үшін және бүкіл қауымның игілігі үшін атқарып жатқан істерінен хабардарсыз ба? Олардың өлшеусіз еңбектерін Ехоба сөзсіз бағалы санайды. Елші Пауыл: “Қызметін жақсы атқаратындар жақсатқа ие болады және мәсіхшілердің сенімі жөнінде барынша еркін сөйлейді”,— деген болатын (Тім. 1-х. 3:13).
ҚЫЗМЕТ КӨМЕКШІЛЕРІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
3 Қызмет көмекшілерінен үлгілі өмір салтын ұстану, жауапкершілікті болу және өз тапсырмасын дұрыс атқару талап етіледі. Мұны Пауылдың Тімөтеге жазған хатынан анық көреміз. Оларға қойылатын талаптар туралы ол былай деген: “Сол сияқты, қызмет көмекшілері де салиқалы болсын. Сондай-ақ екіжүзді не шарапқа құмар болмай, ашкөздікпен арам олжа іздемей, қайта, сенімнің қасиетті құпиясын таза ар-ұжданмен ұстанатын болсын. Алдымен, олардың бұл іске сай келетіндігі сыналсын. Егер айыпсыз болса, онда қызмет етсін. Қызмет көмекшісі бір ғана әйелі бар, бала-шағасы мен үй ішіне жақсы басшылық ететін адам болсын” (Тім. 1-х. 3:8—10, 12). Қызмет көмекшілері өздеріне қойылған жоғары талаптарды ұстанса, ешбір адам ерекше жауапкершілік лайықсыз ер адамдарға тапсырылды деп қауымды айыптай алмайды.
4 Жас не егде тартқан болсын, қызмет көмекшілері ай сайын қызметке белсене қатысады. Олар Исаға еліктеп, қызметтерін құлшына атқарады. Осылайша олар адамзаттың құтқарылуын қалайтын Ехобаның көзқарасын паш етеді (Ишая 9:7).
5 Сонымен қатар қызмет көмекшілерінің киімі, түр-келбеті, сөйлеген сөзі, көзқарасы мен жүріс-тұрысы үлгілі болуы тиіс. Олар есті болғандықтан өзгелердің құрметіне ие. Бұған қоса, олар Ехобамен қарым-қатынастарына және қауымдағы мәртебелі қызметтеріне салиқалықпен қарайды (Тит. 2:2, 6—8).
6 Қызмет көмекшілерінің “бұл іске сай келетіндігі сыналған”. Өйткені олар тағайындалмас бұрын Құдайға шын берілгендерін көрсетті. Олар Патшалықтың мүддесін өмірлерінде бірінші орынға қоятындарын көрсетіп, кез келген мәртебелі қызметке ұмтылуда. Расында да, олар еліктеуге тұрарлық адамдар (Тім. 1-х. 3:10).
АТҚАРАТЫН ІСТЕРІ
7 Қызмет көмекшілері бауырластардың игілігіне асатын әртүрлі істер атқарады. Осының арқасында бақылаушылар көп уақытын тәлім беру мен бағушылық жауапкершіліктеріне жұмсай алады. Ақсақалдар кеңесі қызмет көмекшілеріне тапсырма бергенде, әрқайсысының қабілеттері мен қауым қажеттіліктерін есепке алады.
Қызмет көмекшілері әртүрлі істер атқарады, осының арқасында бақылаушылар көп уақытын тәлім беру мен бағушылық жауапкершіліктеріне жұмсай алады
8 Қызмет көмекшілері атқаратын кейбір істерге тоқталып өтейік. Олардың бірі әдебиетке жауапты етіп тағайындалып, бізге жеке қолданысқа және қызметте қолданатын әдебиеттер береді. Тағы біреуі қауымның қаржысына я учаскелерге жауап береді. Кейбіреулері микрофон тасушы, дыбыс аппаратурасын реттеуші, қызмет көрсетуші болып тағайындалады немесе ақсақалдарға басқалай көмектеседі. Патшалық сарайында жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстары да жетіп артылады. Бұл істерге жиі қызмет көмекшілері жұмылдырылады.
9 Кейбір қауымдарда осы істердің әрқайсысына бір-бір қызмет көмекшісі тағайындалады. Басқа жерде болса, бір қызмет көмекшісіне бірнеше тапсырма беріледі. Кейбір жағдайларда бір тапсырманы бірнеше қызмет көмекшісі атқарады. Ал жоғарыда аталған кейбір міндеттерді атқаруға қызмет көмекшілері жетпей жатса, ақсақалдар кеңесі осы істерге шомылдыру рәсімінен өткен үлгілі ер бауырластарды тағайындай алады. Олардың жинақтайтын бұл тәжірибесі болашақта қызмет көмекшісі болып тағайындалғанда, кәдесіне жарайды. Ер бауырластар болмаса, кейбір істерді атқару үшін үлгілі қыз бауырластардың көмегіне жүгінуге болады. Әрине, олар қызмет көмекшісі болып тағайындалмайды. Үлгілі адам деп жүріс-тұрысы мен ғибадат етуі еліктеуге тұрарлық мәсіхшіні айтамыз. Осындай ер я қыз бауырластың қауым кездесуіне атсалысқаны, қызметке қатысқаны, отбасылық өмірі, көңіл көтеруі, киінуі, сырт көрінісі мен тағы басқа істері өзгелер үшін үлгі болу керек.
10 Ақсақалдар аз қауымдарда қабілетті қызмет көмекшілері шомылдыру рәсімінен өткісі келетіндермен ілімдерге қатысты сұрақтарды талқылай алады. Бұл сұрақтар қосымшадағы “Мәсіхшілік нанымдар” деген 1-бөлімде бар. “Мәсіхшілік өмір” деп аталатын 2-бөлімде жеке бастың мәселелері қарастырылатындықтан, оны ақсақал жүргізуге тиіс.
11 Келелі себеп болса, кейде ақсақалдар кеңесі бір қызмет көмекшісінің тапсырмасын басқа қызмет көмекшісіне жүктей алады. Алайда бауырластардың бір тапсырманы біраз уақыт атқарғаны жақсы, сонда олар тәжірибе жинақтап, қабілеттерін шыңдай түседі.
12 Жергілікті жағдайға қарай, жетістіктері “жұрттың бәріне анық көрінетін” қызмет көмекшілеріне басқа да жауапкершіліктер жүктелуі мүмкін (Тім. 1-х. 4:15). Ақсақалдар аз болса, қызмет көмекшілері топ бақылаушыларының көмекшілері етіп, ал кейбір жағдайда топ қызметшісі етіп тағайындалады. Топ қызметшісі болып тағайындалған жағдайда олар ақсақалдармен тығыз қызметтесулері керек. Қызмет көмекшілері “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінің белгілі бір бөліктерін, қажет болса, Қауымда Киелі кітапты зерттеу бөлігін жүргізуге, сондай-ақ көпшілікке арналған баяндама айтуға тағайындалады. Ерекше қажеттілік бар болса және тапсырманы орындауға лайықты болса, қызмет көмекшілеріне басқа да мәртебелі істер жүктеуге болады (Пет. 1-х. 4:10). Қызмет көмекшілері ақсақалдарға көмектесуге әрдайым дайын болулары керек.
13 Олардың қызметі ақсақалдардікінен өзгеше болғанмен, атқаратын істері Құдай алдында қасиетті саналады, әрі қауымның іс-шарасы дұрыс атқарылу үшін өте маңызды. Егер қызмет көмекшісі өзіне жүктелген міндеттерді жақсы атқарып жүрсе әрі бағушы және тәлімгер ретінде лайық болса, уақыт өте ол ақсақалдық қызметке ұсынылады.
14 Сен жасөспірім не жақында шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас болсаң, қызмет көмекшісі болуға ұмтылып жүрсің бе? (Тім. 1-х. 3:1). Жыл сайын шындық жолына келіп жатқандардың саны артып жатқандықтан, қауымдағы жауапкершілікті атқаратын лайықты, толысқан ер бауырластар қажет. Бұл қызметке ұмтылу үшін өзгелерге көмектесуге деген ықылас-ниетіңді арттырсаң болады. Мұның бір жолы — Исаның керемет үлгісі турасында ой жүгірту (Мат. 20:28; Жох. 4:6, 7; 13:4, 5). Беруден келетін қуанышты сезінген сайын сенің ықылас-ниетің де еселене түседі (Ел. іс. 20:35). Сондықтан өзгелерге іс жүзінде көмектесуге, Патшалық сарайын күтіп ұстау жұмыстарына атсалысуға я “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінде біреудің орнына тапсырмамен шығуға дайын бол. Жүйелі түрде жеке зерттеу жүргізіп, қасиеттер дамыту да — ұмтылудың бір қыры (Зәб. 1:1, 2; Ғал. 5:22, 23). Бұған қоса, қауымда тапсырма алған ер бауырлас сенімді де адал екенін көрсетсе, аталмыш қызметке ұмтылып жатқанын паш етеді (Қор. 1-х. 4:2).
15 Қызмет көмекшілері киелі рухпен тағайындалып, қауымның игілігі үшін қызмет етеді. Қауымдағылардың бәрі олардың ауыр еңбектері үшін ризашылықтарын оларға тапсырылған істе иықтаса қызмет етуімен көрсете алады. Осылайша қауымдағылар Құдайдың отбасында тәртіп болу үшін ұйымдастырылған шараға алғыстарын білдіреді (Ғал. 6:10).