Жастар, алға басқандарыңды басқалар көре алсын
“Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын” (ТІМ. 1-Х. 4:15).
1. Құдай жастар үшін нені қалайды?
“ЖЕТКІНШЕК, өзіңнің жас шағыңда көңіл көтер, әрі... жүрегің қуанышқа толы болсын”,— деп жазды ежелгі Исраилдің патшасы Сүлеймен (Екк. 11:9). Бұл сөздердің негізгі Авторы Ехоба Құдай сендердің, жастар, жастық шақтарыңның қуанышқа толы болғанын қалайды, әрі болашақта бақыттарыңның баянды болғанын тілейді. Алайда бұл кезеңде жиі алдағы өмірге кесірін тигізетін қателіктер жасалып жатады. Құдайға адал болған Әйүптің өзі де ‘жастық шақтағы күнәсінің’ зардабын тартқан (Әйүп 13:26). Жасөспірім, бойжеткен не ержеткен мәсіхшіге жиі маңызды шешім жасауға тура келеді. Бұрыс шешім жасайтын болса, жаны жаралануы және бүкіл өміріне кері әсер ететін қиындықтар туындауы мүмкін (Екк. 11:10).
2. Қандай кеңес жастарға үлкен қателіктен аулақ болуға көмектеседі?
2 Жастарға дұрыс шешім жасау қажет. Елші Пауылдың қорынттықтарға берген кеңесін қарастырайық. Ол: “Бауырластар, ақыл тоқтатпаған баладай болмаңдар... ұғынуға келгенде ересектей кемелді болыңдар!”— деп жазды (Қор. 1-х. 14:20). Жастар осы кеңеске ден қоятын болса, ересек адамдай ойлауды және ұғынуды үйреніп, үлкен қателік жасаудан аулақ бола алады.
3. Рухани толысу үшін жастарға не істеу керек?
3 Жастар, рухани толысу үшін сендерге күш салу қажет екенін есте ұстаңдар. Пауыл Тімотеге былай деген: “Ешкімнің де өзіңді жас деп менсінбей қарауына жол берме. Қайта, сенушілерге сөйлеген сөзің, мінез-құлқың, сүйіспеншілігің, жан-дүниең, сенімің және пәктігіңмен үлгі бол... Киелі жазбаларды оқып беріп, насихаттап, сенімдерін нығайтып, тәлім берумен айналыса бер... Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын” (Тім. 1-х. 4:12—15). Жас мәсіхшілердің алға басқаны, әрі мұны басқалардың да көре алғаны жақсы.
Алға басу деген не?
4. Рухани жағынан алға басуға не жатады?
4 Алға басу деген жақсаруды, өсуді әрі дамуды білдіреді. Пауыл Тімотені өмір салтымен басқаларға үлгі болып, сөзінде, мінез-құлқында, сүйіспеншілігінде, сенімінде, пәктігі мен қызметінде алға баса беру үшін бар күшін салуға талпындырды. Демек, Тімотеге жетістіктер жасап, рухани өсе беру қажет еді.
5, 6. а) Тімотенің рухани жетістіктері қай кезде айқын бола бастады? ә) Жастар алға басу үшін Тімотеге қалай еліктей алады?
5 Пауыл б. з. 61—64 жылдары жоғарыдағы сөздерді жазғанда, Тімоте енді ғана рухани өсіп келе жатқан мәсіхші емес, тәжірибелі ақсақал болатын. Б. з. 49 не 50 жылы жасы жиырманың арғы-бергі жағында болған Тімотенің рухани жетістіктерін көрген Лүстра мен Қониядағы ‘бауырластар ол туралы жақсы пікірде еді’ (Ел. іс. 16:1—5). Сол кезде Пауыл Тімотені өзімен бірге миссионерлік сапарға алып кетеді. Бірнеше айда жеткен жетістіктерін байқаған соң, Пауыл оны Салониқадағы мәсіхшілерді жігерлендіруге әрі нығайтуға жібереді (Салониқалықтарға 1-хат 3:1—3, 6 оқы). Олай болса, Тімотенің жас шағында-ақ жетістіктер жасап, көзге түскені анық.
6 Жастар, қазірден бастап қажетті қасиеттерді дамытуға күш салыңдар. Сонда мәсіхші ретінде толысқандарың және Киелі кітап шындығын үйрету қабілеттеріңнің артқаны бәріне айқын болады. Исаның он екі жасында-ақ ‘даналығы арта түскені’ байқалған (Лұқа 2:52 сілт.). Ендеше, алға басқандарыңды үш салада — 1) қиындыққа кезіккенде, 2) некеге дайындалғанда, 3) “ізгі қызметші” болуға талпынғанда — қалай көрсете алатындарыңды қарастырайық (Тім. 1-х. 4:6).
Қиындыққа парасаттылықпен төтеп беру
7. Қиыншылық жастарға қалай әсер етеді?
7 Кэрл есімді он жеті жастағы қыз бауырлас былай дейді: “Кейде қатты қажып, ештеңе ойлағым да, істегім де, сезінгім де келмейтін, тіпті таңертең тұруға зауқым соқпайтын”a. Оның осыншама күйзелуіне не себеп болды? Кэрл он жаста болғанда, ата-анасы ажырасып кетіп, Киелі кітап нормаларын ұстанбайтын шешесімен қалуға мәжбүр болған. Сен де тығырықтан шығатын жол таппай, қатты күйзеліп жүрсің бе?
8. Тімоте қандай қиындықтармен күрескен?
8 Тімоте де рухани жетістіктер жасай жүріп, қиындықтармен күрескен. Мысалы, асқазаны әлсіз болғандықтан, ол жиі сырқаттанған (Тім. 1-х. 5:23). Пауыл оны Қорынт қаласына елшілердің билігін мойындамаған кейбір мәсіхшілердің кесірінен туындаған қиындықты шешуге жіберген. Сонда ол Тімоте ‘алаңсыз жүруі’ үшін Қорынттағы қауымды онымен қызметтес болуға шақырған (Қор. 1-х. 4:17; 16:10, 11). Осыған қарағанда, Тімоте ұяң жігіт болған.
9. Парасаттылыққа не жатады және оның қорқыныштан қандай айырмашылығы бар?
9 Кейінірек Пауыл Тімотенің есіне мына жайтты салды: “Құдай бізге қорқыныш емес, күш, сүйіспеншілік және ұстамдылықты [“парасаттылықты” ЖД] дарытатын Киелі Рухын сыйлады” (Тім. 2-х. 1:7). Парасаттылыққа қандай да бір жайтты ақылға салып, жан-жақты ойлана білу жатады. Сондай-ақ бұл ауыртпалыққа налымай, қиындықпен күресе білуді білдіреді. Ақылы толыспаған кейбір жастар қиындыққа кезіккенде жүрексініп, мазасыз ойлардан қашу үшін күні бойы теледидар көреді, ұйқыға не ойын-сауыққа беріледі, ішімдікке, нашақорлыққа не азғындыққа салынады. Ал мәсіхшілерге “ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты [“парасатты” ЖД], әділ, әрі Құдайға ұнамды өмір сүру” өсиет етілген (Тит. 2:12).
10, 11. Парасаттылық рухани нығаюға қалай көмектеседі?
10 Киелі кітап жас жігіттерді парасатты болуға шақырады (Тит. 2:6 ЖД). Парасатты болу үшін дұға ете отырып қиындықпен күресу және Құдай беретін күшке арқа сүйеу қажет (Петірдің 1-хаты 4:7 оқы). Сонда ‘Тәңірдің өздеріңе беретін күш-қуатына’ сенімділік дамытасыңдар (Пет. 1-х. 4:11).
11 Парасаттылық пен дұғаның Кэрлға тигізген көмегі зор болды. Бұл жайлы ол былай деді: “Анамның кешкен өнегесіз өмір салтына қарсы тұру мен үшін қиынның қиыны болды. Алайда дұға маған қатты көмектесті. Ехобаның жанымда екенін білемін, сондықтан мен ешнәрседен қорықпаймын”. Естеріңде болсын, қиыншылық адамды шыңдайды және нығайтады (Заб. 118:71; Жақ 1:2—4). Қандай жағдайға кезіксеңдер де, Ехоба сендерді ешқашан тастамайды, қайта, ол ‘қуат беріп көмектеседі’ (Ишая 41:10).
Бақытты неке құруға дайындалу
12. Некеге тұрғысы келетіндер неге Нақыл сөздер 20:25-тегі принципті ескерулері керек?
12 Кейде қыз-жігіттер жалғыздықтан не үйдегі проблемалардан қашып, бақытты болудың бір ғана жолы деген оймен, некеге тұруға асығады. Алайда неке анты көп жауапкершілік жүктейді. Киелі кітап заманында кейбіреулер жан-жақты ойланбай Құдай алдында асығыс ант беретін болған (Нақыл сөздер 20:25 оқы). Кейбір жастар некеде бір-бірінен не талап етілетінін жақсылап біліп алмай жатып үйленеді. Кейіннен өздері ойлағаннан да көп нәрсе қажет екенін біліп, аң-таң боп жатады.
13. Біреуге көңіл білдіргісі келгендер қандай сұрақтарды қарастырып алғандары дұрыс және қажетті кеңестерді қайдан таба алады?
13 Біреуге көңіл білдірмес бұрын, өзіңе келесі сұрақтарды қой: “Неліктен үйленгім (не тұрмысқа шыққым) келеді?”, “Некеден не күтем?”, “Бір-бірімізге сай келеміз бе?”, “Некедегі жауапкершілігімді алып жүре аламын ба?”. Некеге қатысты ‘адал да ақылды құлдың’ (ЖД) әдебиеттеріндегі мақалалар өзімізді тексеріп, тура баға беруге көмектеседіb (Мат. 24:45—47). Ондағы кеңестерді Ехобадан деп қарастыр. Оларды жақсылап ұғып, іс жүзінде қолдан. “Ақылсыз ат пен есекке” ұқсап қасарысып жүрме (Заб. 31:8, 9). Некеге қойылатын талаптарды ұғынуға келгенде ақыл тоқтатқан адамдай бол. Өзіңді тексергеннен кейін некеге дайынмын деп сезінсең, ‘пәктігіңмен үлгі болуды’ ұмытпа (Тім. 1-х. 4:12).
14. Рухани өсудің некеде қандай пайдасы бар?
14 Рухани өсудің некеге тұрғаннан кейін де пайдасы бар. Толысқан мәсіхші ‘Мәсіхтің кемелдігіне сай келуге’ ұмтылады (Ефес. 4:11—14). Ол мәсіхшілерге тән қасиеттер дамыту үшін бар күшін салады. Бізге Үлгі болған Мәсіх ‘өзіне ұнайтынды істемеген’ (Рим. 15:3). Ерлі-зайыптылар да өзінің емес, үнемі бір-бірінің мүддесін ойласа, отбасындағы өмірлерін жанға-жайлы етеді (Қор. 1-х. 10:24). Күйеуі жанқиярлықпен сүйіспеншілік танытатын болады, ал әйелі Құдайға мойынсұнған Исаға еліктеп, күйеуіне мойынсұнуға дайын тұрады (Қор. 1-х. 11:3; Ефес. 5:25).
“Қызметіңді орындай бер!”
15, 16. Қызметте алға басу үшін не істей аласыңдар?
15 Тімотенің маңызды қызметіне көңіл аударып, Пауыл: “Құдай алдында және... Мәсіх алдында саған мықтап ескертемін: Құдай сөзін уағызда! Мұны... әрдайым орындауға табандылықпен ұмтыл”,— деп жазды. Содан соң: “Ізгі хабарды уағыздаушының міндетін атқарып, қызметіңді орындай бер!”— деп қосты (Тім. 2-х. 4:1, 2, 5). Бұл міндетін атқару үшін Тімотеге ‘сенім туралы сөздерден нәр алу’ керек еді (Тімотеге 1-хат 4:6 оқы).
16 ‘Сенім туралы сөздерден нәр алу’ үшін не істей аласыңдар? “Киелі жазбаларды оқып беріп, насихаттап, сенімдерін нығайтып, тәлім берумен айналыса бер. Осыларды орындап [“осы жайлы ойланып” ЖД], өзіңді соған арна”,— деп жазды Пауыл (Тім. 1-х. 4:13, 15). Алға басу үшін Киелі кітапты тыңғылықты зерттеу қажет. “Өзіңді арна” деген сөздің астарында қандай да бір істі бар ықыласпен беріле атқару деген ой жатыр. Жеке зерттеуді қалай жүргізесіңдер? “Құдайдың терең ой-мақсаттарын” бар ықыласпен зерттейсіңдер ме? (Қор. 1-х. 2:10). Әлде, жеңіл-желпі қарастырып қоя саласыңдар ма? Оқығандарың жайлы ойлануға жүректерің талпындыру керек (Нақыл сөздер 2:1—5 оқы).
17, 18. а) Қандай қабілет дамытуға тырысуларың қажет? ә) Қандай ниет сендерге қызмет етуге көмектеседі?
17 Мишел есімді жас ізашар былай деді: “Қызметімді тиімді атқару үшін жеке зерттеудің жақсы жоспарын ұстанамын және қауым кездесулеріне үнемі барамын. Нәтижесінде рухани өсіп жатырмын”. Шынымен де, ізашар болып қызмет ету сендерге Киелі кітапты шебер қолдануға және рухани жетістіктер жасауға көмектеседі. Сауатты оқуға және қауым кездесулерінде мағыналы түсініктеме беруге ұмтылыңдар. Рухани жетістіктер жасау үшін теократиялық қызмет мектебінде алған тапсырманы берілген тақырыптан ауытқымай дайындауды үйренгендерің жөн.
18 ‘Ізгі хабарды уағыздаушының міндетін атқаруға’ қызмет сапасын арттыру және адамдардың құтқарылуларына көмектесу жатады. Бұл үшін тәлім беру шеберлігін арттыру қажет (Тім. 2-х. 4:2). Тәжірибелі жариялаушылармен бірге уағыздайтын болсаңдар, Пауылдан үйренген Тімоте сияқты, сендер де олардан тәлім берудің әдістерін үйренесіңдер (Қор. 1-х. 4:17). Пауыл адамдарға ізгі хабарды айтып қана қоймай, ‘жүрегін алдарына жайып салған’, яғни адамдарды жақсы көріп, көмектесу ісіне бүкіл өмірін арнаған (Сал. 1-х. 2:8). Пауыл сияқты қызмет ету үшін, сендерде Тімотенікіндей ниет болу қажет. Себебі Тімоте адамдардың қамын шын жүректен ойлаған және Пауылға ‘ізгі хабарды уағыздауда қолғабыс еткен’ (Філіпіліктерге 2:19—23 оқы). Жастар, қызметте осындай жанқиярлық рухын танытып жүрсіңдер ме?
Рухани жетістіктер қуанышқа бөлейді
19, 20. Неге рухани жетістіктер қуанышқа бөлейді?
19 Рухани жетістіктерге жету үшін күш салу қажет. Тәлім беру қабілетін шыдамдылықпен дамытатын болсаңдар, уақыт өте келе рухани жағынан ‘көптеген адамдарды байытасыңдар’. Сонда олар сендер үшін ‘қуаныш, басқа киер мақтау тәж’ болады (Қор. 2-х. 6:10; Сал. 1-х. 2:19). Толық уақытты қызмет ететін Фред былай дейді: “Бұрынғыға қарағанда қазір адамдарға көмектесуге көп уақыт жұмсаймын. Шынында да, алудан гөрі берген әлдеқайда бақытты етеді екен”.
20 Рухани өсуден келетін қуаныш пен қанағат сезімі жайлы жас ізашар Дафни былай дейді: “Ехобаның қасиеттерін жақсырақ білген сайын, оған жақындай түсудемін. Бар қабілетімді қолданып, Ехобаға ұнайтынды істегенде, көңілім тоқ болып, өзімді сондай бақытты сезінемін”. Рухани өскеніңді адамдар кейде байқамауы мүмкін, алайда мұны Ехоба көреді және бағалайды (Евр. 4:13). Жастар, көктегі Әкемізді мадақтап, оның даңқын асыру қолдарыңнан келетіні сөзсіз. Ендеше, Ехобаның жүрегін қуантып, алға баса беріңдер әрі мұны басқалар да көре алсын (Нақ. с. 27:11).
[Сілтемелер]
a Кейбір есімдер өзгертілген.
b “Бір-бірімізге сай келеміз бе?” (“Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” 2-том, ор.). “Жар таңдауға байланысты Құдайдың басшылығы” (“Күзет мұнарасы” 2001, 1 маусым). “Жас өспірім шақта некеге тұру даналыққа жата ма?” (“Ояныңдар!” 1983, 22 қыркүйек, ағ.).
Не білдіңдер?
• Рухани алға басуға не жатады?
• Рухани жетістіктерің...
қиындықтарға кезіккенде
некеге дайындалғанда
қызмет кезінде
...қалай көрінеді?
[15-беттегі сурет]
Дұға қиындықтармен күресуге көмектеседі
[16-беттегі сурет]
Жас жариялаушы тәлім беру шеберлігіне қалай үйрене алады?