-
Алға басуыңды бәрі де көре алсынКүзет мұнарасы, 2009 | 15 желтоқсан
-
-
6 Пауыл Тімотеге: “Сенушілерге сөйлеген сөзің, мінез-құлқың, сүйіспеншілігің, жан-дүниең, сенімің және пәктігіңмен үлгі бол... Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын”,— деді (Тім. 1-х. 4:12, 15). Тімоте алға басқанын қауымдағы дәрежесімен емес, жақсы қасиеттер танытуымен көрсету керек еді. Әрбір мәсіхші рухани алға басқанын осылай көрсеткені жөн.
-
-
Алға басуыңды бәрі де көре алсынКүзет мұнарасы, 2009 | 15 желтоқсан
-
-
Сөйлеген сөздеріңде үлгілі болыңдар
8. Сөйлеген сөзіміз ғибадатымызға қалай әсер етеді?
8 Тімоте сөйлеген сөзінде басқаларға үлгі көрсету керек еді. Бұл салада алға басқанымызды қалай көрсете аламыз? Сөйлеген сөзіміз біз жайлы көп нәрсені аңғартады. Иса: “Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар”,— деп тура айтқан (Мат. 12:34). Исаның бауыры Жақып та айтқан сөздеріміздің ғибадатымызға әсер ететінін мойындап: “Өзін діншілмін деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз”,— деп жазды (Жақ. 1:26).
9. Сөйлеген сөзімізде қалай үлгілі болуымыз керек?
9 Бауырластар сөйлеген сөзімізден біздің қаншалықты рухани толысқанымызды байқайды. Рухани толысқан мәсіхші адамның қадірін түсіретін, жағымсыз, сынап-мінейтін не жанды жаралайтын сөздер айтудан аулақ болып, қайта, басқаларды нығайтуға, жұбатуға және жігерлендіруге тырысады (Нақ. с. 12:18; Ефес. 4:29; Тім. 1-х. 6:3—5, 20). Адамдармен моральдық ұстанымымыз жайлы әңгімелесуге және Құдайдың жоғарғы нормаларын қорғауға дайын болғанымыз Құдайға адал екенімізді паш етеді (Рим. 1:15, 16). Ақ жүректі адамдар сөйлеу қабілетімізді қалай қолданып жүргенімізді байқап, бізге еліктеуге талпынуы мүмкін (Філіп. 4:8, 9).
Мінез-құлқымызбен және пәктігімізбен үлгі болайық
10. Рухани алға басу үшін неліктен сеніміміздің шынайы болғаны маңызды?
10 Үлгілі болу үшін мәсіхшіге жігерлендіретіндей сөйлеп қана қою жеткіліксіз. Жағымды сөйлейтін, бірақ жағымды әрекет етпейтін адам — екіжүзді. Пауыл парызшылдардың екіжүзділігін және мұның салдары қандай болатынын жақсы білген. Ол Тімотені бірнеше рет осындай жасандылық пен көзбояушылықтан сақтандырды (Тім. 1-х. 1:5; 4:1, 2). Бірақ Тімоте екіжүзді болған емес. Себебі оған жазған екінші хатында Пауыл: “Шынайы сенімің есімде”,— деген (Тім. 2-х. 1:5). Сонда да Тімоте мәсіхші ретінде шынайылықты таныта беруі және мінез-құлқымен үлгілі болуы керек еді.
11. Пауыл Тімотеге байлыққа қатысты қандай өсиет айтты?
11 Пауыл Тімотеге жазған екі хатында жүріс-тұрыстың әртүрлі саласына қатысты өсиет айтты. Тімотені дүниеқоңыздықтан сақтандырып: “Ақшақұмарлық — әртүрлі жамандықтың түп тамыры; кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті”,— деді (Тім. 1-х. 6:10). Ақшақұмарлық — рухани әлсіздіктің белгісі. Керісінше, қарапайым өмір сүруді, яғни “ішер ас пен киер киімді”, қанағат ететін мәсіхші өзінің рухани алға басқанын көрсетеді (Тім. 1-х. 6:6—8; Філіп. 4:11—12).
12. Рухани алға басқанымызды жеке өмірде қалай көрсетеміз?
12 Пауыл Тімотеге мәсіхші әйелдердің ‘әдеппен әрленіп-сәнденуі мен киімдерінің қарапайым да сыпайы болуының’ маңыздылығын атап айтты (Тім. 1-х. 2:9). Сырт көрініспен қатар жеке өмірдің басқа да саласында қарапайым да сыпайы болуды таңдайтын әйелдер керемет үлгі көрсетеді (Тім. 1-х. 3:11). Бұл принцип мәсіхші ерлерге де қатысты. Пауыл бақылаушыларды “есті, байсалды, әдепті” болуға шақырды (Тім. 1-х. 3:2). Күнделікті өмірде осындай қасиеттерді таныту арқылы рухани алға басқанымызды бәріне көрсетеміз.
13. Тімоте сияқты, біз де пәктігімізбен қалай үлгілі бола аламыз?
13 Тімоте пәктігімен де үлгілі болуы керек еді. “Пәктік” сөзін қолданғанда Пауыл мінез-құлықтың ерекше саласы — жыныстық қатынастағы құлықтылыққа нұсқады. Әсіресе әйелдермен қарым-қатынасында Тімотенің жүріс-тұрысы ешбір кінәратсыз болуы тиіс еді. Ол ‘егде әйелдерге — анаға, ал қыз-келіншектерге — әпке-қарындасқа қарағандай қарап, пәк таза болып жүру’ керек-тін (Тім. 1-х. 4:12; 5:2). Кейбір әдепсіз іс-әрекеттерді ешкім көрмегенімен, оларды Құдайдан жасыру мүмкін емес. Ерте ме, кеш пе, бәрібір адамдарға да мәлім болады. Бірақ мәсіхшінің игі істері де жасырын қалмайтыны рас (Тім. 1-х. 5:24, 25). Қауымдағы бауырластардың бәрінде мінез-құлықпен, пәктікпен рухани алға басқандарын көрсетуге мүмкіндік бар.
Сүйіспеншілік пен сенімнің маңыздылығы
14. Бір-бірімізге сүйіспеншілік танытудың маңыздылығына Жазбаларда қалай баса назар аударылған?
14 Шынайы мәсіхшіліктің ең басты көрінісі — сүйіспеншілік. Иса ізбасарларына: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деп айтқан (Жох. 13:35). Мұндай сүйіспеншілікті біз қалай танытамыз? Құдай сөзі бізді бір-бірімізге ‘сүйіспеншілік көрсетуге’, ‘мейірімді де жан ашыр... өзара кешірімді’ және қонақжай болуға талпындырады (Ефес. 4:2, 32; Евр. 13:1, 2). Ал елші Пауыл: “Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар”,— деп жазды (Рим. 12:10).
15. Сүйіспеншілік таныту бәріне, әсіресе мәсіхші бақылаушылар үшін, неге маңызды?
15 Тімоте мәсіхші бауырластармен қарым-қатынасында дөрекілік не мейірімсіздік танытса, оның тәлімгер және бақылаушы ретінде игі істерінің бәрі түкке тұрғысыз болар еді (Қорынттықтарға 1-хат 13:1—3 оқы). Керісінше, бауырластарға қонақжай болуымен және жақсылық істеуімен танытқан шынайы сүйіспеншілігі оның рухани алға басқанын дәлелдер еді. Сондықтан елші Пауыл хатында Тімотенің сүйіспеншілікте үлгілі болуы керектігін ерекше атап өткені орынды болған.
16. Неліктен Тімотеге берік сенім қажет болды?
16 Ефесте қалған кезінде Тімотенің сенімі сыналды. Кейбіреулер шындыққа жанаспайтын ілімдерді қолдай бастады. Басқалары “аңыздар” таратуға не қауымның рухани өсуіне еш пайдасы жоқ түсініктерді зерттеуге кірісті (Тімотеге 1-хат 1:3, 4 оқы). Пауыл мұндай адамдар жайлы: “Кеуделерін көтеріп, ешқандай шындықты білмей, тек сөздер туралы айтыс-тартысқа деген зиянды құмарлықпен ауыратындар”,— деді (Тім. 1-х. 6:3, 4). Тімоте қауымға енген зиянды түсініктердің анық-қанығына жету үшін отпен ойнауы керек пе еді? Жоқ. Пауыл оны ‘сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресуге’ әрі “бос сөздерден және “білімпаздық” деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден” аулақ болуға талпындырды (Тім. 1-х. 6:12, 20, 21). Оның осы кеңесіне Тімотенің құлақ асқаны сөзсіз (Қор. 1-х. 10:12).
17. Бүгінде сеніміміз қалай сыналуы мүмкін?
17 ‘Кейбіреулер соңғы дәуірде сенімдерінен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен ілімдерге еретіні’ Тімотеге алдын ала айтылды (Тім. 1-х. 4:1). Қауымдағылардың барлығы, жауапкершілігі бар бауырластар да, берік те мызғымас сенім танытуда Тімотеге еліктеулері қажет. Сенімде берік болу және жолдан таюшылыққа қарсы тұру арқылы рухани алға басқанымызды әрі сенімде үлгілі екенімізді көрсетеміз.
-