Игі істер үшін тазартылған халық
“Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарып, Құдайды терең қастерлеп, толығымен Оған бағышталған қасиетті өмір сүрейік!” (2 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 7:1).
1. Ехоба өзіне ғибадат ететіндерден не талап етеді?
“КІМ Тәңірдің тауына шыға алады? Оның қасиетті жерінде кім тұра алады?” Ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіт Ехобаға ұнамды ғибадатқа қатысты осы бір ойландыратын сұрақтарды қойған. Сосын ол өзі былай деп жауап берген: “Қолы кіршіксіз, жүрегі таза, жанын сатып, бекерге қарғанбайтын, жалған ант су ішпейтін адам” (Забур 23:3, 4). Қасиеттіліктің бейнесі Ехобаға ұнамды болу үшін адам қасиетті әрі таза болуы керек. Ертеректе Ехоба исраилдіктердің есіне келесі нәрсені салған: “Тазарыңдар да қасиетті болыңдар, себебі Мен қасиеттімін!” (Леуіліктер 11:44, 45; 19:2).
2. Шынайы ғибадаттағы тазалықтың қаншалықты маңызды екенін Пауыл мен Жақып қалай көрсеткен?
2 Ғасырлар өткен соң, елші Пауыл азғындыққа толы Қорынт қаласында тұратын мәсіхшілерге былай деп жазды: “Осы уәделердің бәрі де бізге берілгендіктен, қымбатты бауырластарым, тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарып, Құдайды терең қастерлеп, толығымен Оған бағышталған қасиетті өмір сүрейік!” (2 Қорынттықтарға 7:1). Бұл дегеніміз — Ехобамен қарым-қатынаста болып, оның уәде еткен баталарына ие болу үшін, адам өзін тәндік және рухани жағынан арамдалып, азғырылудан таза ұстау керек екендігінің тағы бір дәлелі. Құдайға ұнамды ғибадат жөнінде жазған Жақып та былай деген: “Құдай Әкеміздің алдындағы таза да мінсіз діншілдік — мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің қамын ойлап, өзін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстау” (Жақып 1:27).
3. Ғибадатымыз Құдайға ұнамды болу үшін, не нәрсеге ерекше көңіл қоюымыз керек?
3 Таза, қасиетті және арамдалмаған болудың шынайы ғибадат етуде алатын орны зор, сондықтан Құдайға ұнамды болғысы келетіндер бұған ерекше көңіл қоюлары керек. Бүгінде адамдардың тазалыққа деген нормалары мен көзқарастары әр түрлі, сол себепті біз Ехобаның көз алдында ненің таза әрі ұнамды екенін түсініп, соған сәйкес әрекет етуіміз керек. Біз осыған қатысты Құдайдың өзіне ғибадат ететіндерден не талап ететінін және олардың тазарып, сосын сол таза күйлерін сақтап әрі оған ұнамды болулары үшін, Ехобаның өзі қалай көмектесетінін біліп алуға тиіспіз (Забур 118:9; Даниял 12:10).
Шынайы ғибадат үшін таза болу
4. Киелі кітаптың көзқарасына сай “тазалық” дегенді түсіндіріп беріңдерші.
4 Адамдардың көбісі таза болуды жай ғана кірден не ластықтан арылу деп түсінеді. Бірақ Киелі кітапта таза болу деген ойды білдіретін бірнеше еврей және грек сөздері қолданылады. Аталмыш сөздер тек тән тазалығын ғана емес, жиі құлықтылық және рухани тазалықты білдіреді. Бір Киелі кітап энциклопедиясында былай делінген: “Тазалық және ластық деген сөздер гигиенаға байланысты сирек қолданылады, ең алдымен олар діни түсінікпен байланысты”. Осындай анықтамаға сәйкес, мұндай “тазалық” адам өмірінің барлық саласына әсер етеді.
5. Мұсаның заңы исраилдіктердің өміріндегі тазалыққа қатысты мәселені қаншалықты реттеп отырған?
5 Мұсаның заңында исраилдіктердің өмірінің барлық дерлік саласына қатысты ережелер мен нұсқаулар бар болатын және онда ненің таза да ұнамды, ал ненің лас екені анық айтылған еді. Мысалы, Леуіліктер кітабының 11-ден 15-ке дейінгі тарауларында таза нәрсе мен арамдалған нәрсеге қатысты егжей-тегжейлі мәлімет бар. Белгілі бір жануарлар таза емес немесе арам болып есептелгендіктен, исраилдіктер оларды жемейтін. Сонымен қатар жаңа босанған әйел белгілі уақыт бойы таза емес болып есептелетін. Алапес сияқты кейбір тері ауруларымен науқастанатын адамдар, жыныс мүшелерінен бөлінді шығып тұратын еркектер мен әйелдер де таза емес болып есептелетін. Сондай-ақ Заңда мұндай жағдайларда не істеу керек екендігі де анық жазылған. Мысалы, Руларды санау 5:2-ден біз мынадай сөздерді оқимыз: “Исраил ұлдарына мынадай бұйрық бер: алапеспен ауыратындар, денесінен таза емес нәрсе бөлініп шығатындар және өлікке қол тигізіп, арамдалғандардың барлығы да ел қонысының сыртына шығарылсын”.
6. Тазалыққа қатысты заңдар не үшін берілген еді?
6 Ехобаның берген осы және басқа да заңдарында ғалымдарға көп жылдардан кейін ғана белгілі болған медицина мен физиология туралы түсініктің бар екені көрінеді. Ал сол заңдарды ұстанғандар олардың пайдасын көргені сөзсіз. Бірақ Мұсаның заңы тек денсаулықты жақсарту немесе медицина жағынан басшылық ретінде ғана берілген жоқ еді. Олардың тікелей шынайы ғибадатқа қатысы болды. Мұсаның Заңының күнделікті өмірдегі: ас-су, бала туу, отбасындағы қарым-қатынас, тағы сол сияқты нәрселерге қатысты болғаны Ехобаның исраилдіктерге, Өзіне бағышталған халықтың Құдайы ретінде, өмірлерінің барлық саласында ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін шешуге қақысы бар екенін көрсететін (Заңды қайталау 7:6; Забур 134:4).
7. Заңды ұстанса Исраил халқы қандай батаға ие болар еді?
7 Сонымен қатар Заң келісімі исраилдіктерді айналасындағы халықтарға тән азғын істерден аулақ ететін. Ехобаның көз алдында таза болуға қатысты талаптар да кіретін Таурат заңын берік ұстануларымен исраилдіктер Құдайларына қызмет етуге және Оның батасын алуға лайықты болар еді. Осыған қатысты Ехоба халыққа былай деген: “Егер айтқандарыма құлақ асып, Менің келісімімді ұстанып жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше меншігім боласыңдар. Бүкіл жер — Менің иелігім, ал өздерің Маған бағышталған қасиетті халқым болып, басқалардың игілігі үшін діни қызметкер мен патша секілді рухани билік жүргізетін боласыңдар” (Мысырдан шығу 19:5, 6; Заңды қайталау 26:19).
8. Неге бүгіндегі мәсіхшілер Таурат заңындағы тазалыққа қатысты айтылған нәрселерге ден қоюға тиіс?
8 Егер Ехоба исраилдіктерге таза, қасиетті және оған ұнамды болудың нені білдіретінін Таурат заңында егжей-тегжейлі түсіндірген болса, бүгіндегі мәсіхшілер де өздерінің ондағы талаптарға сай келетін-келмейтіндіктерінің үстінен ой жүгіртулері керек емес пе? Мәсіхшілер Таурат заңына бағынбайтын болғанымен, олар Пауылдың онда айтылғандардың барлығы ‘келуге тиісті нәрсенің әлсіз нұсқасы ғана: шынайы жарылқауды Мәсіхтің Өзі алып келді’ деген сөздерін ұғынулары керек (Қолостықтарға 2:17; Еврейлерге 10:1). Егер “Мен өзгермеймін” деген Ехоба сол уақытта тазалық пен арамдалған нәрседен аулақ болуды шынайы ғибадат үшін маңызды деп есептеген болса, онда бүгінгі күні Құдайға ұнамды болып, оның баталарына ие болғымыз келсе, біз де тән, құлықтылық және рухани жағынан таза болу мәселесіне ерекше ден қоюға тиіспіз (Малахи 3:6; Римдіктерге 15:4; 1 Қорынттықтарға 10:11, 31).
Тән тазалығы бізді ‘танытады’
9, 10. а) Неге мәсіхшілер үшін тән тазалығын сақтау маңызды? ә) Ехоба Куәгерлерінің конгрестері жөнінде жиі қандай лебіз айтылады?
9 Қазір де шынайы ғибадат үшін тән тазалығын сақтаудың маңызы бар ма? Әрине, тән тазалығын сақтайтын адам бірден шынайы ғибадат етуші бола қалмайды, бірақ Құдайға шынайы ғибадат ететіндердің мүмкіндігінше таза болғаны дұрыс. Әсіресе адамдардың көбісі таза жүріп-тұрмайтын, киімінің, үй-іші мен ауласының тазалығына аса мән бере бермейтін қазіргі уақытта, жиі таза жүріп-тұратындарға өзгелер ерекше көңіл аударады. Пауылдың Қорынттағы мәсіхшілерге айтқанындай, мұның нәтижесі жақсы болады: ‘Қызметіміз ұятқа қалмасын деп, жұрттың Ізгі хабарды қабылдауларында іс-әрекетімізбен ешкімге ешқандай кедергі жасамаймыз. Қайта, барлық істе де Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтыламыз [“өзімізді Құдайдың қызметшілері ретінде танытамыз”, ЖД]’ (2 Қорынттықтарға 6:3, 4).
10 Мезгіл-мезгіл Ехоба Куәгерлері, әсіресе үлкен конгрестерде ерекше көзге түсетін, таза жүріп-тұрғандары, әдептіліктері мен жақсы әдеттері үшін ресми адамдардың мақтауына ие болып тұрады. Мысалы, Италияның Савона провинциясында өткен облыстық конгресс жөнінде “Ла Стампа” газетінде былай деп жазылды: “[Конгресс жүріп жатқан] ғимаратта жүргенде, ең алдымен көзге түсетіні — оны қолданып жатқан адамдардың мұнтаздай таза, тап-тұйнақтай болып жүретіндігі”. Ехоба Куәгерлерінің Сан-Паулу (Бразилия) стадионында өткен конгресінен кейін, стадион басқарушыларының бірі тазалыққа жауапты жұмысшыға: “Бұдан былай стадионды Ехоба Куәгерлері сияқты жинайтын боласыңдар”,— деген нұсқау береді. Сол стадионның басқа бір басқарушысы былай деп ескерді: “Ехоба Куәгерлері стадионды жалға алатын кезде, бізді тек қана қай уақытта екендігі ғана қызықтырады. Біз басқасына қам жемейміз”.
11, 12. а) Жеке бастың тазалығына қатысты Киелі кітаптағы қандай принципті есте ұстауымыз керек? ә) Әдеттеріміз бен өмір салтымызға қатысты қандай сұрақтардың үстінен ой жүгірткеніміз дұрыс?
11 Ғибадат ететін орнымыздың таза болғаны Құдайды мадақтауға талпындыратын болса, мұндай қасиетті жеке өмірімізде де танытқанымыздың маңызы зор екендігі айдан анық. Алайда әлдекім өз үйімде мен өзімді еркін ұстағым келеді, не істесем де өз еркімде деп есептейтін болар. Әрине, киім кию мен сыртқы көрініс мәселесінде өзімізге ыңғайлы әрі ұнайтынын таңдауға еріктіміз. Бірақ мұндай еркіндіктің шегі бар. Пауылдың не жеп, не қоюды таңдауға қатысты бауырластарына берген ескертуін еске түсірейікші: “Байқаңдар, бұл еркіндіктерің сенімі әлсіздерді күнәға батырмасын!” Осыдан кейін ол келесі бағалы принципті айтты: “Бәрін істеуге болады”,— дейсіңдер. Бірақ бәрі бірдей тиімді емес. “Бәрін істеуге болады”. Бірақ бәрі бірдей сенімдеріңді жетілдірмейді” (1 Қорынттықтарға 8:9; 10:23). Пауылдың осы кеңесін тазалыққа қатысты қалай қолдануға болады?
12 Өзгелер Құдайдың қызметшісі таза да игілікті өмір сүреді деп күтеді, олардың мұнысы орынды да. Сондықтан үй-іші мен ауламыздың қандай күйде екендігі Құдай Сөзінің қызметшісі аталып жүргенімізге қайшы келмеуі үшін мұқият қадағалап отыруымыз керек. Біздің үйіміз өзіміз жөнінде, сондай-ақ сеніміміз жөнінде қандай куәлік береді? Оның қандай күйде екендігінен біздің тазалық пен тәртіп орнаған әділ жаңа дүниеде — өзгелерді қуана-қуана шақырып жүрген дүниеде — өмір сүруді шын жүректен қалайтынымыз байқала ма? (2 Петір 3:13). Уағыздап жүрген хабарымыздың тартымдылығы — былайша болсын, уағыздау қызметінде болсын — біздің сырт көрінісіміздің қандай екендігіне байланысты. Мысалы, Мексиканың бір газетінде: “Ехоба Куәгерлерінің арасында шаштары жинақы, әдепті киінген жастар көп”,— деп ескерілген. Жастарымыздың осындай болғаны қандай қуанышты!
13. Күнделікті өмірімізде жан-жақты тазалық сақтау үшін не істеуіміз керек?
13 Әрине, үнемі таза жүріп-тұрып, үй-ішін де таза ұстау керектігі жөнінде ауызбен айту оңай, ал іс жүзінде орындау қиын. Ол үшін көптеген қымбат бағалы құрал-жабдықтардың қажеті жоқ, тек жақсылап жоспар құрып, соны ұстану ғана керек. Жуынып-шайыну, кір жуу, үй жинау, машина жуу тағы сол сияқты істерге арнайы уақыт бөлінуі тиіс. Қызметке қатысып, қауым жиналысына барып, жеке зерттеу жүргізгеніміз және күнделікті күйбең тірлік бізді таза жүріп-тұрып, Құдайға да, адамдарға да ұнамды болу жауапкершілігінен босатпайды. Өзімізге таныс “әр нәрсенің өз уақыты бар” деген принципті өміріміздің осы саласында да қолдануымызға болады (Екклесиаст 3:1).
Арамдалмаған жүрек
14. Неге құлықтылық және рухани тазалық тәндік тазалықтан маңыздырақ деуге болады?
14 Тәндік тазалықты сақтаудың маңызы зор, алайда құлықтылық және рухани жағынан таза болу одан да маңыздырақ. Біз Ехобаның алдында Исраил халқы тәндік ластығы үшін емес, құлықтылық және рухани жағынан азғындалғаны үшін ұнамсыз болғанын еске ала отырып, осындай шешімге келеміз. Ехоба Ишая пайғамбар арқылы исраилдіктерге “күнәкар ұлт, мойнында ауыр кінәсі бар халық” болғандықтан, олардың Жаңа туған ай мейрамдары да, діни жиындары да, тіпті айтқан дұғалары да ауыртпалыққа айналғанын айтты. Ехобаға қайтадан ұнамды болу үшін олар не істеулері керек еді? Ехоба былай деді: “Күнәларыңнан арылып, тазарыңдар! Көз алдымда жасап келген зұлым істеріңді тоқтатып, жамандық атаулыдан бас тартыңдар!” (Ишая 1:4, 11—16).
15, 16. Исаның айтуынша, адамды арамдайтын не және қалай біз Исаның айтқанын өз пайдамыз үшін қолдана аламыз?
15 Құлықтылық тазалық пен рухани тазалықтың қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсіну үшін, парызшылдар мен дін мұғалімдерінің Исаның шәкірттері тамақ ішер алдында қолдарын жумайды, сондықтан арамдалған болып есептеледі деген тұжырымына қалай жауап бергеніне көңіл бөлейік. Иса олардың көзқарасын түзетіп былай деді: “Адамның аузынан енген нәрселер оны арамдай алмайды. Керісінше, аузынан шыққандары адамды арамдайды”. Сосын былай деп түсіндірді: “Бірақ адамның аузынан шыққандары оның жүрегінен, яки ішкі дүниесінен шығады. Адамды арамдайтын, міне, солар! Себебі жүректен шығатындар мыналар: жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, өтірік, жамандау. Осылар адамды арамдайды. Ал қол жуу рәсімін орындамастан тамақ ішу ешкімді арам қылмайды” (Матай 15:11, 18—20).
16 Исаның осы сөздерінен біз не біле аламыз? Иса арамдалған, азғын, таза емес әрекеттер жүректегі арамдалған, азғын, таза емес ойлардан туатынын анық көрсетті. Елші Жақып айтқандай, “әр адам өз құмарлықтарына елігіп, торға түсіп, азғырылады” (Жақып 1:14, 15). Сондықтан, егер, Иса атап өткен ауыр күнәлардың қайсысын болмасын жасап қоюдан аулақ болғымыз келсе, сондай ойлардың жүрегімізге ұялауына жол бермеуіміз керек. Ал бұл болса не көріп, оқып, тыңдап жүргенімізді мұқият қадағалауымыз керек дегенді білдіреді. Бүгінде сөз бостандығын қолданып немесе ерекше әсер қалдыруға тырысып, көңіл көтеру өнеркәсібі де, жарнамалар да жеке бастың құмарлықтарын қанағаттандыруға талпындыратын толассыз дыбыстар мен бейнекөріністерді қарша боратады. Осындай нәрселердің қайсыбірінің жүрегімізге ұялап алуына жол бермеуге тиіспіз. Ең бастысы, егер Құдайға ұнамды болып, оның жүрегін қуантқымыз келсе, әрқашан жүрегімізді арамдамай таза сақтау үшін мұқият болуымыз керек (Нақыл сөздер 4:23).
Игі істер үшін тазартылу
17. Ехоба өзінің халқын қандай мақсатпен тазартқан?
17 Ехобаның көз алдында өзімізді таза ұстауымызға оның өзінің көмектесіп отырғандығы — әрине бізді қорғайды, әрі батасын төгіп отырғанының белгісі (2 Қорынттықтарға 6:14—18). Алайда біз Ехобаның өз халқын белгілі мақсатпен тазартқанын білеміз. Пауыл Титке Иса Мәсіх ‘бізді бүкіл жамандық атаулыдан азат етіп, тазартып, Өзінің меншікті, игі істерге ынталы халқы ету үшін жанын қиып, құрбан болғанын’ айтқан (Титке 2:14). Сонда тазартылған халық ретінде қандай істерге ынталы болуымыз керек?
18. Игі істерге ынталы екендігімізді қалай көрсетуімізге болады?
18 Ең алдымен біз Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар жариялау ісінде ынталы болуымыз керек (Матай 24:14). Осылай етуімізбен біз жер жүзіндегі адамдарға арамдалу атаулыдан азат етілген жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүру үміті туралы айтамыз (2 Петір 3:13). Игі істерге күнделікті өмірімізде киелі рухтың жемісін танытқанымыз да жатады, сондай-ақ бұл көктегі Әкеміздің даңқын арттыра түседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23; 1 Петір 2:12). Сонымен қатар біз шындықта емес және табиғи апаттан жапа шеккен адамдарды да ұмытпаймыз. Пауыл берген келесі кеңесті де есте ұстаймыз: “Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға жақсылық істей берейік!” (Ғалаттықтарға 6:10). Осындай шын жүректен және бар көңілімізбен істеген қызметіміз Ехобаны қатты қуантады (1 Тімотеге 1:5).
19. Егер әрі қарай да тәндік, құлықтылық және рухани тазалықтың жоғарғы талаптарын ұстана берер болсақ қандай баталарға ие боламыз?
19 Құдай Тағаланың қызметшілері ретінде біз Пауылдың: “Бауырластарым, бізге осындай мол мейірімін төккені үшін өздеріңді Құдай жолына арнауға шақырамын. Өмірлерің Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерің осы болады”,— деген сөздеріне көңіл қоямыз (Римдіктерге 12:1). Тәндік, құлықтылық және рухани тазалықтың ең жоғарғы талаптарын ұстану үшін бар күшімізді салып, Ехобаның бізді тазартқанын әрі қарай да бағалай берейік. Осылай етуімізбен біз тек өзін-өзі сыйлау мен қанағат сезіміне бөленіп қана қоймаймыз, ‘бұрынғының’, яғни қазіргі зұлым, азғын дүниенің өтіп, Құдай ‘бәрін де жаңадан жарататын’ кезді көруге мүмкіндік аламыз (Аян 21:4, 5).
Естеріңде ме?
• Неге исраилдіктерге тазалыққа қатысты көптеген заңдар берілген?
• Қалай тән тазалығы уағыздап жүрген хабарымызды тартымды етеді?
• Неге құлықтылық тазалық пен рухани тазалық тән тазалығынан да маңыздырақ?
• “Игі істерге ынталы” халық екендігімізді қалай көрсетуге болады?
[29-беттегі суреттер]
Таза жүріп-тұру уағыздап жүрген хабарымызды тартымды етеді
[30-беттегі сурет]
Иса азғын ойлардың азғын әрекеттерге жетелейтінін ескерткен
[31-беттегі суреттер]
Тазартылған халық ретінде Ехоба Куәгерлері игі істерге ынталы