Исаның Құдай ниетіндегі ерекше рөлі
“Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды” (ЖОХ. 14:6).
1, 2. Неге Исаның Құдай ниетіндегі ерекше рөлі жайлы білуіміз керек?
ҒАСЫРЛАР бойы көп адам өзгелерден ерекше болуға ұмтылған, бірақ бұған шамалы ғана адамның қолы жеткен. Маңызды бір салаларда ерекше бола алған адамдар одан да аз. Дегенмен Құдайдың Ұлы Иса Мәсіх көп жағынан ерекше, бірегей тұлға болып табылады.
2 Біз Исаның ерекше рөлі жайлы білуіміз керек. Өйткені көктегі Әкеміз Ехобамен қарым-қатынасымыз осыған байланысты. Иса былай деп айтқан: “Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды” (Жох. 14:6; 17:3). Олай болса, Исаны бірегей тұлға ететін жайттардың кейбірін қарастырайық. Осылай ету арқылы оның Құдай ниетіндегі рөлін бағалай түсеміз.
‘Құдайдың жалғыз рухани Ұлы’
3, 4. а) Неге Исаны жалғыз рухани Ұл ретінде бірегей дей аламыз? ә) Исаның жарату ісіндегі рөлі неге ерекше болды?
3 Иса жай ғана Құдайдың ұлы емес. Ол — ‘Құдайдың жалғыз рухани Ұлы’, әрі оны осылай атау орынды да (Жох. 3:16, 18). “Жалғыз” деп аударылған грек сөзі “ерекше, дара” немесе “бірегей” дегенді білдіреді. Ехобаның жүздеген миллион рухани ұлы бар. Онда қалайша Иса Құдайдың “жалғыз” Ұлы бола алады?
4 Исаны бірегей тұлға ететін жайт — Ехоба оны ғана тікелей өзі жаратқан. Иса — Құдайдың тұңғыш Ұлы. Ол “жаратылыс атаулыдан бұрын бар болатын” (Қол. 1:15 сілт.). Сондай-ақ Иса — “Құдайдың жаратылысының Бастауы” (Аян 3:14 сілт.). Жалғыз Ұлдың жарату ісіндегі рөлі де ерекше болған. Ол Жаратушы болған жоқ. Бірақ Ехоба басқаның бәрін Иса арқылы жаратқан (Жохан 1:3 оқы). Елші Пауыл былай деп жазды: “Біз бәрінің бастауы болған бір ғана Құдай Әкені танимыз, Ол үшін өмір сүрудеміз; сондай-ақ, жалғыз Иеміз — Иса Мәсіхті де танимыз: күллі әлем де, өзіміз де Сол арқылы пайда болдық”.
5. Жазбаларда Исаның бірегейлігіне қалай назар аударылған?
5 Алайда Исаны бірегей тұлға ететін басқа да көптеген жайттар бар. Жазбаларда оның Құдай ниетіндегі ерекше рөліне назар аударатын көптеген лауазымдары бар. Қазір Исаның Грек жазбаларында кездесетін тағы бес лауазымын қарастырайық.
“Сөз”
6. Исаның “Сөз” деп аталуы неге орынды?
6 Жохан 1:14 оқы. Неге Иса “Сөз” (грекше Логос) деп аталған? Бұл лауазым оның басқа саналы жаратылыстардың пайда болғанынан бері атқаратын қызметіне нұсқайды. Ехоба Ұлын рухани ұлдарына да, жердегі адамдарға да хабарын және нұсқауларын жеткізу үшін қолданған. Исаның Сөз, не Құдайдың өкілі, болғаны оның яһудилерге айтқан келесі сөзінен көруге болады: “Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі. Соның еркін орындағысы келген әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады” (Жох. 7:16, 17). Иса көктегі салтанатты ұлылыққа оралғаннан кейін де “Құдай Сөзі” деп аталып келеді (Аян 19:11, 13, 16).
7. Исаның “Сөз” ретінде көрсеткен кішіпейілділік үлгісіне қалай еліктей аламыз?
7 Бұл лауазымның нені білдіретінін ойлап көрші. Иса Ехобаның жаратылыстарының ішіндегі ең данасы болса да, ешқашан өз ақылына сүйенбейді. Ол Әкесі қалай үйретсе, солай сөйлейді, әрі басқалардың назарын өзіне емес, әрқашан Ехобаға аударады (Жох. 12:50). Бұл қандай керемет үлгі десеңші! Бізге де ‘ізгі хабарды жеткізу’ мәртебесі сеніп тапсырылған (Рим. 10:15). Исаның көрсеткен кішіпейілділік үлгісін мойындағанымыз бізді өз ойымыздан шығарып сөйлеуден аулақ болуға талпындыру керек. Адамдарға өмірлік маңызы бар хабарды айтқанда, біз ‘Киелі жазбаларда айтылғандардан артыққа бармаймыз’ (Қор. 1-х. 4:6).
“Аумин”
8, 9. а) “Аумин” сөзінің мағынасы қандай және неге Иса “Аумин” деп аталған? ә) “Аумин” ретіндегі қызметін Иса қалай атқарды?
8 Аян 3:14 оқы. Неге Иса “Аумин” деп аталған? “Аумин” — еврей сөзінің транслитерациясы, әрі ол “солай болсын” не “рас” деген мағынаны білдіреді. Ол “адал болу” не “сенімді” деген мағынаны беретін еврей сөзінен шыққан. Сондай-ақ бұл сөз Ехобаның адалдығын сипаттаған кезде қолданылады (Заң. қ. 7:9; Ишая 49:7). Исаның “Аумин” деп аталуы оның қандай ерекшелігіне нұсқайды? Мұның жауабын Қорынттықтарға 2-хат 1:19, 20-дан табамыз: “Құдай Ұлы Иса Мәсіх... біресе “иә”, біресе “жоқ” болған емес. Қайта, Ол арқылы Құдай “иә” дейді: Оның барлық уәделері Мәсіх арқылы жүзеге асып, “иәға” айналады; сондықтан “аумин” деп, Мәсіхтің атымен Тәңірдің ұлылығын мадақтаймыз”.
9 Иса Ехобаның барлық уәделеріне қатысты “Аумин” болып табылады. Оның жердегі мінсіз өмірі және құрбандық өлімі Ехоба берген барлық уәделердің орындалатынын растады әрі орындалуын мүмкін етті. Сонымен қатар Иса адал болып қалу арқылы Шайтанның жаласын жоққа шығарды. Әйүп кітабында айтылғандай, Шайтан Құдайдың қызметшілері жоқшылық көріп, қайғы-қасірет шегіп, сыналса, одан бас тартады деген болатын (Әйүп 1:6—12; 2:2—7). Бұл жалаға барлық жаратылыстардың ішінен Құдайдың жалғыз Ұлы ғана ешкімде дау тудырмайтын жауап қайтарды. Бұған қоса ол Әкесін қолдап, оның бүкіләлемдік билігінің әділ екенін ең керемет түрде дәлелдеді.
10. Исаның “Аумин” ретінде көрсеткен үлгісіне қалай еліктей аламыз?
10 Исаның “Аумин” ретінде көрсеткен үлгісіне біз қалай еліктей аламыз? Мұны Ехобаға адал болып қалу және оның бүкіләлемдік билігін қолдау арқылы істей аламыз. Осылайша Нақыл сөздер 27:11-дегі: “Балам, парасатты бол — мені қуантасың, Сонда өзімді қорлағандарға жауап бере аламын”,— деген сөздерді қабыл алғанымызды көрсетеміз.
“Құдай мен адамдар арасын Келістіруші”
11, 12. Исаның Келістіруші ретіндегі рөлі неліктен ерекше?
11 Тімотеге 1-хат 2:5, 6 оқы. Жалғыз Иса ғана “Құдай мен адамдар арасын Келістіруші”. Ол “жаңа келісімнің негізін салушы” болып табылады (Евр. 9:15, 12:24). Алайда Жазбаларда Заң келісімнің арада жүрген Мұса арқылы жеткізілгені, яғни оның да келістіруші болғаны айтылған (Ғал. 3:19). Олай болса, Исаның Келістіруші ретіндегі рөлі қай жағынан ерекше?
12 “Келістіруші” деп аударылған түпнұсқадағы сөз заңи термин болып табылады. Бұл сөз Исаның заңды Келістіруші екеніне нұсқайды. Ол жаңа келісімнің негізін қалағанының арқасында ‘Құдайдың рухани Исраил’ деген халқы пайда болды (Ғал. 6:16). Бұл халық көкте ‘патша әрі діни қызметкер’ ретінде билік жүргізетін майланған мәсіхшілерден құралған (Пет. 1-х. 2:9 ЖД; Мыс. ш. 19:6). Ал Мұса арқылы жасалған келісімнің нәтижесінде мұндай халық пайда болмаған.
13. Исаның Келістіруші ретіндегі рөліне не кіреді?
13 Исаның Келістіруші ретіндегі рөліне не кіреді? Исаның төгілген қанының құнын Ехоба жаңа келісімге тұрғандарға қолданады. Осылайша Ехоба оларды заңды түрде “әділ деп жариялайды” (Рим. 3:24 ЖД; Евр. 9:15). Бұдан кейін Құдай оларды жаңа келісімге тұруға және көкте патшалар әрі діни қызметкерлер болуға лайық деп есептейді. Келістіруші ретінде Иса оларға Құдай алдында мінсіз болуға көмектеседі (Евр. 2:16).
14. Исаның Келістіруші ретіндегі рөлін неге мәсіхшілердің бәрі бағалау керек?
14 Жаңа келісімге кірмейтіндер, яғни көкте емес, жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміті бар адамдар жөнінде не айтуға болады? Олар жаңа келісімге кірмегенімен, оның пайдасын көре алады. Құдай олардың күнәсін кешіріп, достары ретінде әділ деп жариялайды (Жақ. 2:23; Жох. 1-х. 2:1, 2). Үмітіміз көктегі не жердегі өмір болсын, бәрімізде Исаның жаңа келісімінің негізін салушы немесе Келістіруші ретіндегі рөлін бағалауға келелі себеп бар.
“Бас діни қызметкер”
15. Исаның Бас діни қызметкер ретіндегі рөлі басқалардан неге ерекше болды?
15 Өткен заманда бас діни қызметкер болған адам көп. Алайда Исаның бас діни қызметкер ретіндегі рөлі шынында да бірегей. Неге? Пауыл былай деп түсіндірді: “Иса бұрынғы бас діни қызметкерлер сияқты күнде алдымен өз күнәларын өтеу үшін, сонан соң халықтың күнәсі үшін құрбандық шалуға тиісті емес. Ол айқышта өлгенде Өзін біржола құрбан етті. Таурат заңы бойынша пенделік кемшіліктері бар адамдар бас діни қызметке тағайындалып келеді. Ал сол заңнан кейін Құдайдың өз антымен бекітілген сөзі бас діни қызметке Өзінің рухани Ұлын тағайындады. Ол — мәңгілік, еш кемшіліксіз кемелді” (Евр. 7:27, 28)a.
16. Неге Исаның құрбандығының теңдесі жоқ?
16 Иса кемелді адам болған. Оның кемелділігі күнәға дейінгі Адамның кемелділігіне тең келген (Қор. 1-х. 15:45). Демек, Иса ғана қайта беруді қажет етпейтін кемелді құрбандық бере алған. Мұса заңы бойынша құрбандықтар күніге шалынатын. Бірақ мұндай құрбандықтар мен ғибадатханадағы қызметтің бәрі Иса атқарған қызметтің күңгірт жобасы ғана болған (Евр. 8:5; 10:1). Ендеше, Исаның діни қызметі өзге бас діни қызметкерлердікінен әлдеқайда тиімді және өткінші емес.
17. Исаның Бас діни қызметкеріміз болғанын неге бағалауымыз керек және мұны қалай көрсете аламыз?
17 Құдай алдында әділ болуымыз үшін, біз Исаның Бас діни қызметкер ретіндегі көмегіне мұқтажбыз. Ол — ең керемет Бас діни қызметкер. “[Иса] бізге жаны ашымайтын, осал жақтарымызды түсінбейтін діни қызметкер емес, қайта, өзіміз сияқты әр түрлі сынақтан өтіп көрді, бірақ ешқашан күнә жасаған жоқ”,— деп жазды Елші Пауыл (Евр. 4:15). Шынында да, осы жайтты ризашылықпен мойындағанымыз бізді ‘өзіміз үшін емес, қайта, [біздің игілігімізге бола өлген Мәсіхке] бағышталып өмір сүруге’ талпындыру керек (Қор. 2-х. 5:14, 15; Лұқа 9:23).
Уәде етілген “Ұрпақ”
18. Адам атаның күнәсінан кейін қандай пайғамбарлық айтылды және ол кейін қалай айқындала түсті?
18 Едем бағында адамзат Құдай алдындағы мінсіздігінен, мәңгілік әрі бақытты өмірінен және Жұмақтан, қысқасы, бәрінен айырылғанда, Ехоба Құдай оларға Құтқарушы жіберетінін айтқан болатын. Оны “ұрпақ” деп атады (Жар. 3:15). Кім екені белгісіз болған бұл Ұрпақ жайлы ғасырлар бойы көптеген пайғамбарлық айтылды. Ол Ыбырайымның, Ысқақтың және Жақыптың ұрпағы болу керек еді. Сондай-ақ ол Дәуіт патшаның әулетінен шығу керек болды (Жар. 21:12; 22:16—18; 28:14; Пат. 2-ж. 7:12—16).
19, 20. а) Уәде етілген Ұрпақ кім? ә) Неге алдын ала айтылған ұрпаққа Исадан басқа да адамдар жатады дей аламыз?
19 Уәде етілген Ұрпақ кім болды? Мұның жауабын Ғалаттықтарға 3:16-дан (оқы) табуға болады. Алайда кейін сол тарауда елші Пауыл майланған мәсіхшілерге: “Сендер Мәсіхтікі болғандықтан Ыбырайымның рухани ұрпағысыңдар, әрі Құдайдың уәдесі бойынша мұрагерісіңдер”,— деген (Ғал. 3:29 сілт.). Қалайша Исамен бірге басқалар да уәде етілген Ұрпақ бола алады?
20 Миллиондаған адам өздерін Ыбырайымның ұрпағы деп есептейді, тіпті кейбірі пайғамбар ретінде әрекет етеді. Кейбір діндер өз пайғамбарларын Ыбырайым ұрпағына жатқызуға аса мән береді. Алайда олардың бәрі уәде етілген Ұрпақ болып табыла ма? Жоқ. Елші Пауыл рухтың жетелеуімен айтқандай, Ыбырайымның тарағандардың бәрі уәде етілген Ұрпақ бола алмайды. Ыбырайымның басқа ұлдарынан тараған ұрпағын Құдай адамзатқа бата беру үшін қолданған жоқ. Құдайдың батасы тек Ысқақтан тараған ұрпақ арқылы келу керек еді (Евр. 11:17, 18). Демек, Киелі кітапта Ыбырайымнан тарағанын дәлелдейтін шежіресі көрсетілген бір ғана адам — Иса Мәсіх — уәде етілген ұрпақтың басты бөлігі болдыb. Ал басқалары “Мәсіхтікі болғандықтан”, Ыбырайым ұрпағының қосалқы бөлігі болып табылады. Расында да, Исаның осы пайғамбарлықтың орындалуындағы рөлі ерекше.
21. Иса Ехобаның ниетіндегі өзінің ерекше рөлін қалай атқарғаны жайлы не ойлайсың?
21 Исаның Ехобаның ниетіндегі бірегей рөлі жайлы қысқаша талқылағанымыздан не білдік? Құдайдың жалғыз рухани Ұлы жаратылғалы бері, шынында да, ерекше әрі бірегей тұлға болып келеді. Алайда Құдайдың теңдесі жоқ осы Ұлы жерде болған кезінде, кішіпейілділікпен Әкесінің еркіне сай қызмет етіп, ешқашан өзіне құрмет іздемеген (Жох. 5:41; 8:50). Бұл біз үшін қандай керемет үлгі! Иса сияқты біздің де мақсатымыз ‘бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеу’ болсын (Қор. 1-х. 10:31).
[Сілтемелер]
a Бір ғалымның айтуынша, “біржола” деп аударылған сөз “Мәсіхтің өлімі ерекше екенін немесе бір-ақ рет болғанын көрсететін” Киелі кітаптың маңызды іліміне нұсқайды.
b Б. з. бірінші ғасырындағы яһудилер өздерін Ыбырайымның тікелей ұрпағы ретінде айрықша халық деп есептесе де, Мәсіх ретінде келетін бір адамды күткен (Жох. 1:25; 7:41, 42; 8:39—41).
Естеріңде ме?
• Исаның лауазымдарынан оның ерекше рөлі жайлы не білдің? (Қоршауды қара.)
• Ехобаның теңдесі жоқ Ұлының үлгісіне қалай еліктей аласың?
[15-беттегі қоршау/сурет]
Исаның Құдай ниетіндегі ерекше рөлін көрсететін кейбір лауазымдар
◼ Құдайдың жалғыз рухани Ұлы (Жох. 1:3). Ехоба Исаны ғана тікелей өзі жаратқан.
◼ Сөз (Жох. 1:14). Ехоба басқа жаратылыстарына хабарын және нұсқауларын жеткізу үшін Ұлын өзінің өкілі ретінде қолданады.
◼ Аумин (Аян 3:14). Исаның жердегі мінсіз өмірі және құрбандық өлімі Ехоба берген барлық уәделердің орындалатынын растады әрі орындалуын мүмкін етті.
◼ Құдай мен адамдар арасын Келістіруші (Тім. 1-х. 2:5, 6). Исаның заңды Келістіруші болуының арқасында көкте ‘патша әрі діни қызметкер’ болатын мәсіхшілерден құралған ‘Құдайдың рухани Исраил халқы’ пайда болды (Ғал. 6:16; Пет. 1-х. 2:9 ЖД).
◼ Бас діни қызметкер (Евр. 7:27, 28). Иса ғана қайта беруді қажет етпейтін кемелді құрбандық бере алған. Ол бізді күнәдан тазартып, өлімнен азат ете алады.
◼ Уәде етілген Ұрпақ (Жар. 3:15). Бір ғана адам — Иса Мәсіх — алдын ала айтылған ұрпақтың басты бөлігі, ал кейінірек Ыбырайым ұрпағының қосалқы бөлігі болғандардың бәрі “Мәсіхтікі” болып табылады (Ғал. 3:29).