Ехобаға ұнамды мадақтау құрбандықтары
“Өмірлерің Оған [Құдайға] ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын” (РИМДІКТЕРГЕ 12:1).
1. Мұсаның заңы бойынша ұсынылатын құрбандықтардың салыстырмалы түрде алғандағы құндылығына қатысты Киелі кітапта не делінген?
“ТАУРАТ ЗАҢЫ — Құдайдың адамдарға дайындап қойған болашақ жарылқауларының өзі емес, оның көлеңкесі ғана. Сол заң бойынша жыл сайын қайталанып жасала беретін бірдей құрбандықтар Құдайдың алдына баратын адамдарды еш уақытта түпкілікті тазартып, кемелді ете алмайды” (Еврейлерге 10:1). Осылайша елші Пауыл Мұса заңының талабы бойынша ұсынылатын құрбандықтардың адамзаттың құтқарылуына қатысты тигізер пайдасы уақытша ғана екендігін көрсетті (Қолостықтарға 2:16, 17).
2. Киелі кітапта жазылған Таурат заңындағы Құдайға ұсынылатын нәрселер мен құрбандықтар туралы мәліметті түсіну үшін күш салу неге бекер емес?
2 Бұл, Мұсаның Бес кітабында Құдайға ұсынылатын нәрселер мен құрбандықтар туралы жазылған мәліметтің бүгінгі күнгі мәсіхшілер үшін ешқандай мәні жоқ екендігін білдіреді ме? Дүние жүзі бойынша Ехоба Куәгерлерінің қауымдарындағы теократиялық қызмет Мектебіне жазылғандар күні кеше, бір жылдан сәл асық уақыт аралығында, Киелі кітаптың алғашқы бес кітабын оқыды. Кейбіреулер үшін бұл кітаптарды оқу оңайға түскен жоқ, өйткені ондағының бәрін егжей-тегжейіне дейін түсіне беру оңай емес. Сонда олардың бекерге күш салғаны ма? Әрине, олардың салған күші бекер емес, өйткені ондағы жазылғандардың “бәрі бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үмітімізді үзбеу үшін олар [Киелі жазбалар] арқылы табандылық пен жігерлілікке үйренеміз” (Римдіктерге 15:4). Осы жерде мынадай сұрақ туады: Таурат заңындағы Құдайға ұсынылатын нәрселер мен құрбандықтар туралы мәліметтен біз қандай “тәлім” және ‘жігер’ ала аламыз?
Бізге тәлім беру және жігерлендіру үшін
3. Біз не нәрсеге аса мұқтажбыз?
3 Исраилдіктердің Таурат заңына сәйкес берген құрбандықтары қандай да бір шамада олардың күнәларының кешірілуіне және Құдайдың ниеттестігіне ие болуларына себебін тигізетін, ал бізден тура мағынадағы құрбандықтар беру талап етілмейді, сөйтсе де біз де күнәларымыздың кешіріліп, Құдайдың ниеттестігіне ие болуға өте мұқтажбыз. Егер біз тура мағынадағы құрбандықтар бермейтін болсақ, онда қалайша осындай игіліктерге ие бола алмақпыз? Құрбандыққа жануарларды шалудың пайдасы шектеулі ғана екендігіне нұсқап Пауыл былай деген: “Мәсіх осы дүниеге келіп былай дейді: “Құрбандықтар мен сый-тартуларды Сен қаламадың, бірақ Маған тәндік дене дайындадың. Өртелетін және күнәны өтеу үшін әкелінген құрбандықтар Саған ұнамады”. Сонда Мен былай дедім: “Міне, Киелі жазбаның бас жағында Мен туралы жазылғандай, Сенің еркіңді орындауға келемін, я, Құдай” (Еврейлерге 10:5—7).
4. Забур 39:7—9 тармақтарды Пауыл қалай Иса Мәсіхке қатысты қолданды?
4 Пауыл Забур 39:7—9 тармақтардан үзінді келтіруімен Исаның жерге келгендегі мақсаты ‘құрбандықтар мен сый-тартулардың’ әкелінуі мен ‘өртелетін және күнәны өтеу үшін әкелінетін құрбандықтарды’ мәңгіге тұрақтандыру болмағандығына нұсқайды. Пауыл Еврейлерге арналған хатын жазған уақытта бұл құрбандықтардың барлығы Құдайға ұнамсыз болатын. Жоқ, жерге келген кезде Иса көктегі Әкесі дайындап берген тәнімен келді, әрі оның тәні барлық жағынан Адамды жаратқандағы оған дайындалған тәнге сәйкес келетін (Жаратылыс 2:7; Лұқа 1:35; 1 Қорынттықтарға 15:22, 45). Құдайдың кемелді Ұлы ретінде Иса әйелдің ‘ұрпағының’ рөлін атқарды, ал бұл жөнінде Жаратылыс 3:15-те алдын ала айтылған болатын. Иса ‘[Шайтанның] басын мыжу’ үшін шара қолдануы керек еді, бірақ оның өзінің де ‘өкшесі шағылуы’ керек болатын. Осылайша, Иса Ехобаның адамзатты құтқару үшін қамтамасыз еткен құралы болды, әрі оны Әбіл өмір сүрген кезден бастап сенімі берік адамдар күткен болатын.
5, 6. Мәсіхшілерде Құдайға жақындаудың қандай әлдеқайда жақсы жолы бар?
5 Исаның осындай ерекше рөлі жөнінде Пауыл былай деген: “Оның көмегі арқылы біз Құдайдың алдында әділ болуымыз үшін, ешқашан күнәны білмегенді Құдай күнәның төлемін өтеу құрбандығы етті” (2 Қорынттықтарға 5:21). Ал елші Жохан былай деген: “Ол өз жанын құрбан етіп, күнәларымыздың құнын өтеді: өзіміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың да күнәларының құнын төледі” (1 Жохан 2:2). Яғни, исраилдіктер үшін құрбандық беру Құдайға жақындау үшін қолданатын уақытша құрал болған, ал мәсіхшілер үшін Құдайға жақындауға анағұрлым жақсырақ негіз — Иса Мәсіхтің құрбандығы бар (Жохан 14:6; 1 Петір 3:18). Егер біз Құдайға мойынсұнатын болсақ және Оның қамтамасыз еткен “төлем құрбандығына” сенім білдіретін болсақ, біздің де күнәларымыз кешіріледі, әрі Құдайдың ниеттестігі мен батасына ие боламыз (Жохан 3:17, 18). Бұл бізге жігер береді емес пе? Алайда біздің төлем құрбандығына деген сеніміміз неден көрінуі керек?
6 Мәсіхшілердің Құдайға жақындауға анағұрлым жақсырақ негіздері бар екендігіне нұсқап, елші Пауыл Еврейлерге 10:22—25 тармақтарда Құдайдың берген осы сыйына деген сеніміміз бен ризашылығымызды қалай көрсетуімізге болатындығының үш жолын көрсеткен. Пауылдың сөздері ең алдымен “ең киелі орынға” кіретіндерге, яғни көкке шақырылған майланған мәсіхшілерге, айтылғанымен, Мәсіхтің бостандық төлемінің жеке өзі үшін пайдаға асқанын қалайтындардың бәрі де киелі рухтың жетелеуімен жазған Пауылдың осы сөздеріне құлақ салуы керек (Еврейлерге 10:19).
Таза және арамдалмаған құрбандық әкеліңдер
7. а) Құрбандық шалғанда атқарылатын іс Еврейлерге 10:22-де қалай көрсетілген? ә) Берілген құрбандықтар Құдайға ұнамды болуы үшін қандай талап қойылатын?
7 Елші Пауыл мәсіхшілерді ең алдымен мынаған талпындырады: “Құдайдың алдына адал жүрекпен, нық сеніммен, жүрегімізді азғындалған ар-ұжданнан бүрку арқылы тазартып, тәнімізді таза сумен жуып барайық” (Еврейлерге 10:22). Бұл жерде Мұсаның заңының талабы бойынша әдетте құрбандық берілгенде атқарылатын іспен параллель жүргізіліп отырғаны сөзсіз. Мұндай параллель орынды, өйткені құрбандық ұнамды болуы үшін оны шын көңілден әрі таза және арамдалмаған нәрседен алу талап етілетін болған. Құрбандыққа шалынатын мал ірі қарадан немесе ұсақ малдан, яғни таза жануарлардан, “мінсізі” таңдап алынатын. Ал құрбандыққа құс шалынатын болса, орман кептері немесе жас көгершін әкелінетін. Осыны орындайтын болса, ‘оған [құрбандықты ұсынған адамға] Құдайдың мейірімі түсіп, күнәсынан тазаратын’ болған (Леуі 1:2—4, 10, 14; 22:19—25). Астықтан берілетін құрбандыққа бүлінуді білдіретін ашытқы қосуға болмайтын, сондай-ақ оған бал да қосуға болмайтын; сірә, бал ашып кетуге бейім жеміс шырынын білдірген болса керек. Құрбандық малдан немесе астықтан берілгенде, оған бүлініп кетпеуіне себеп болатын нәрсе, яғни тұз қосылатын (Леуі 2:11—13).
8. а) Құрбандық беретін адамнан не талап етілетін? ә) Мінажатымыз Ехобаға ұнамды болу үшін біз не істеуіміз керек?
8 Ал құрбандықты ұсынатын адам жөнінде не айтылған? Таурат заңында Ехобаға келгендердің барлығы таза және арамдалмаған болуы керек екендігі айтылған. Қандай да бір себеппен арамдалып қалған әркім Құдайдың алдында қайта таза болуы үшін, алдымен күнәның төлемін өтеу құрбандығын немесе айып құрбандығын ұсынуы керек болатын, сонда ғана оның өртелетін немесе алғыс құрбандығы Құдайға ұнамды болған болар еді (Леуі 5:1—6, 15, 17). Осыған сәйкес, Ехобаның алдында әрқашан таза жүрудің қаншалықты маңызды екендігін біз түсінеміз бе? Мінажатымыздың Құдайға ұнамды болғанын қалайтын болсақ, қандай да бір бұрыс қылық жасап қойған жағдайда, біз мүмкіндігінше тезірек түзелуіміз керек. Мұндай жағдайларда кешеуілдетпей Құдайдың берген көмегіне — яғни “қауым қарияларына” және ‘өз жанын құрбан етіп, күнәларымыздың құнын өтеген’ Иса Мәсіхке — жүгінуіміз керек (Жақып 5:14, ЖД; 1 Жохан 2:1, 2).
9. Ехобаға берілетін құрбандықтар мен жалған тәңірлерге берілетін құрбандықтардың басты ерекшеліктерінің бірі неде?
9 Арамдалу атаулыдан аулақ болуға зор мән берілуі — Ехобаға арнап берілетін құрбандықтарды Исраилдің айналасындағы халықтардың жалған тәңірлеріне беретін құрбандықтарынан ерекшелендіретін басты нәрсе болып табылатын. Мұсаның заңына сәйкес берілетін құрбандықтардың осы ерекшелігі жөнінде бір анықтамалық кітапта былай делінген: “Біз мынаны байқаймыз: [құрбандық берудің] сиқырлықпен немесе балгерлікпен ешқандай байланысы болмаған; ешқандай діни есерленушілік, өз денесін өзі зақымдау немесе діни жезөкшелік те болмаған, ал құнарлылыққа қатысты — адамның сезімін оятатын — бейбастақ салт-жораларға қатаң тыйым салынатын; адамдар құрбандыққа шалынбайтын, құрбандықтар өлілерге бағышталмайтын”. Осының барлығы мынаған нұсқайды: Ехоба қасиетті, ол күнә немесе азғындық атаулының жасала беруіне жол бермейді (Аввакум 1:13). Сондықтан оған арналған мінажат және ұсынылған құрбандықтар тәндік, құлықтылық және рухани жағынан таза болуы керек (Леуі 19:2; 1 Петір 1:14—16).
10. Пауылдың Римдіктерге 12:1, 2-де айтқан өсиетіне сәйкес біз қай жағынан өзімізді мұқият қадағалауымыз керек?
10 Осыны ескере отырып, қызметіміздің Ехобаға ұнамды екендігіне сенімді болу үшін, өмірімізді жан-жақты мұқият қадағалап жүруіміз керек. “Мәсіхшілердің кездесулері мен қызметке азды-көпті қатысып жүрміз ғой, сондықтан жеке өмірімізде не істесек те бәрібір емес пе?” — деп ойлауымызға болмайды. Сондай-ақ біз, егер мәсіхшілердің ісіне ат салыссақ, өміріміздің басқа жақтарында Құдайдың заңын орындамауымызға да болады деген пікірде болмауымыз керек (Римдіктерге 2:21, 22). Егер біз Құдайдың көз алдында таза емес немесе арамдалған нәрселермен ой қалпымыз бен іс-әрекетімізді ластайтын болсақ, онда Оның батасы мен ниеттестігіне ие болады екенбіз деп үміттене алмаймыз. Пауылдың сөздерін есте ұстаңдар: “Бауырластарым, бізге осындай мол мейірім төккені үшін өздеріңді Құдай жолына арнаңдар деп ескертемін. Өмірлерің Оған ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерің осы болады. Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін, сөйтіп сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білесіңдер” (Римдіктерге 12:1, 2).
Шын жүректен мадақтау құрбандығын әкеліңдер
11. Еврейлерге 10:23-тегі “жұрт алдында жариялау” деген тіркес нені білдіреді?
11 Еврейлерге арналған хатында Пауыл біздің мінажатымыздың тағы да бір маңызды жағына көңіл аударған: “Тұрақсыз болмастан үмітіміз туралы хабарды жұрт алдында жариялай беру үшін белімізді бекем буайық, өйткені уәде берушіміз сөзіне адал” (Еврейлерге 10:23, ЖД). “Жұрт алдында жариялау” деген тіркестің түп мағынасы “мойындау” дегенді білдіреді, сондай-ақ Пауыл “мадақтау құрбандығы” жөнінде айтқан (Еврейлерге 13:15). Бұл — Әбіл, Нұх, Ыбырайым сияқты адамдардың берген құрбандықтарын еске салады.
12, 13. Өртелетін құрбандық бергенде исраилдіктер нені мойындайтын болған, және тап сондай рухты біз қалай таныта аламыз?
12 Өртелетін құрбандық бергенде исраилдіктер мұны ‘Ехобаның алдында өз еркімен істейтін’ (Леуі 1:3, ЖД). Осындай құрбандық беру арқылы олар Ехобаның өз халқына молынан батасын беріп, әрі оларға зор сүйіспеншілік танытып отырғанын жұрт алдында өз еркімен жариялайтын, немесе мойындайтын. Өртелетін құрбандықтың ерекшелігін еске алайықшы: құрбандық беретін орында құрбандыққа шалынған мал түгел өртелетін, ал бұл болса шын берілгендік пен толық бағыштағанды көрсететін лайықты белгі болып табылады. Осыған сәйкес Ехобаға бар көңілімізбен және шын жүректен ‘мадақтау құрбандығын, яғни тіліміздің жемісін, әкелу’ арқылы біз төлем құрбандығына сенетіндігімізді, сонымен қатар осы сыйға деген ризашылығымызды білдіреміз.
13 Мәсіхшілер тура мағынадағы құрбандықтар, яғни мал немесе өсімдіктерден құрбандық бермегенімен, олар Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялауға және Иса Мәсіхке шәкірттер дайындауға міндетті (Матай 24:14; 28:19, 20). Құдайдың тілалғыш адамдарға дайындаған керемет нәрселерін көптеген адамдардың білуі үшін, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жұрт алдында жариялау мүмкіндігін пайдаланып жүрсіңдер ме? Қызығушылық танытқандарға білім беру және олардың Иса Мәсіхтің шәкірті болуына көмектесу үшін шын көңілден уақыт бөліп, күш салып жүрсіңдер ме? Біздің жан сала қызмет еткендігіміз өртелетін құрбандықтың хош иісі іспетті Құдайға ұнамды болады (1 Қорынттықтарға 15:58).
Құдаймен және адамдармен қарым-қатынастарыңа қуаныңдар
14. Пауыл Еврейлерге 10:24, 25-те жазылған сөздер мен алғыс құрбандықтарының арасынан қандай параллель жүргізеді?
14 Ақыр аяғында Пауыл біздің, яғни Құдайға мінажат етушілердің, бауырластарымызбен қарым-қатынасымыздың қандай болуы керек екендігіне аса көңіл аударған. “Бір-бірімізге зер салып, сүйіспеншілік пен жақсы істерге шабыттандырайық. Кейбіреулердің әдетке айналдырғанындай, өз қауымымызды қалдырмайық; сол күннің жақындағанын байқаған сайын бір-бірімізді жақсылыққа баулиық [“жігерлендірейік”, ЖД] “(Еврейлерге 10:24, 25). “Сүйіспеншілік пен жақсы істерге шабыттандыру”, “қауым” және “бір-бірімізді жігерлендіру” деген сөздер исраилдіктердің алғыс құрбандықтарының Құдай халқына тигізген пайдасын еске салады.
15. Алғыс құрбандығы мен мәсіхшілердің кездесулерінің арасынан қандай параллельді байқауға болады?
15 “Алғыс құрбандығы” деген тіркес кейде “бейбіт құрбандық” деп те аударылады. Мұндағы “бейбіт” дегенді білдіретін еврей сөзі көпше тұрде жазылған. Сірә, осындай құрбандықтарға қатысу Құдаймен және бір сенімдегі бауырластармен тату қарым-қатынаста болуды білдіретін болса керек. Алғыс құрбандығы жөнінде бір ғалым былай деген: “Бұл, Келісім Құдайымен қарым-қатынаста болатын нағыз қуанышты кезең болатын; осы уақытта Құдай, Исраилге мейірімі түсіп, олардың құрбандық берген кезде жайған дастарқандарына Қонақ болатын, бірақ осыған қарамастан Ол әрқашан исраилдіктердің Қожайыны болып қалатын”. Бұл, Исаның: “Екі немесе үш кісі қайда болса да Менің атымнан жиналса, сонда Мен олардың орталарындамын”,— деген уәдесін есімізге салады (Матай 18:20). Мәсіхшілердің әрбір кездесуіндегі бауырластық қарым-қатынас және жігер беретін өсиеттер бізге орасан зор пайдасын тигізеді, сонымен қатар Иеміз Иса Мәсіхтің біздің арамызда екендігі жөнінде ой жүгірткендігіміз де қуанышқа бөлейді. Осындай нәрселер мәсіхшілердің кездесулерін қуанышты кезеңге айналдырады, әрі сенімді нығайтады.
16. Алғыс құрбандығымен салыстырар болсақ, мәсіхшілердің кездесулерін ерекше қуанышқа бөлейтін нәрселер нелер?
16 Алғыс құрбандығын бергенде малдың майы түгелдей — іш майы, бүйректеріндегі, бауыры мен белдемесіндегі майы, сондай-ақ қойдың құйрығы — құрбандық шалатын орында Ехобаға бағышталып өртелетін (Леуі 3:3—16). Май жануардың ең нәрлі әрі ең бағалы бөлігі болып есептелетін. Малдың майын бағыштау Ехобаға ең жақсы нәрсені беруді білдіретін. Мәсіхшілердің кездесулерін қуанышты кезеңге айналдыратын нәрсе — біздің онда өсиет алатындығымыз ғана емес, Ехобаны мадақтайтындығымыз да. Мұны біз, шын жүректен ән айтуға — үлесіміз қарапайым болса да, бар күшімізді салып — қатысу арқылы, зер салып тыңдау және мүмкіндік туған жағдайда түсінік беру арқылы жасай аламыз. Забур жыршысы: “Иаһты мадақтаңдар!” — деп дауыстаған,— “Ехобаға арнап жаңа ән шырқаңдар! Қасиеттілердің қауымында Оны мадақтаңдар!” (Забур 149:1, ЖД).
Бізді Ехобаның мол батасы күтіп тұр
17, 18. а) Иерусалимдегі ғибадатхананың салтанатты ашылу мерекесінде Сүлеймен қандай аса үлкен құрбандық берді? ә) Ғибадатхананың ашылу салтанаты халықты қандай баталарға ие етті?
17 Иерусалимдегі ғибадатхананың салтанатты ашылу мерекесінде — б. з. б. 1026 жылдың жетінші айында — Сүлеймен патша “өртелетін құрбандық пен астық құрбандығын және алғыс құрбандығының майын ұсынып”, “Тәңірге [“аса үлкен”, ЖД] құрбандық берді”. Астық құрбандығын есептемегенде, барлығы 22 мың ірі қара және 120 мың ұсақ мал құрбандыққа шалынған болатын (3 Патшалық 8:62—65).
18 Мұндай салтанатқа қаншама шығын шыққанын және оның қаншама еңбекті қажет еткенін елестете аласыңдар ма? Сөйтсе де Исраилдің алған батасы жұмсалған шығыннан әлдеқайда асып түскендігі сөзсіз. Салтанатты мереке біткен соң, Сүлеймен “халықты таратты. Сонда халық патшаға батасын беріп, Тәңірдің, құлы Дәуітке және халқы Исраилге жасаған игі істері үшін іштей қуанып, шаттана шатырларына қайтты” (3 Патшалық 8:66). Сүлеймен дұрыс айтқан: “Тәңірдің батасы байытады, қамықтырмайды” (Нақыл сөздер 10:22).
19. Қазіргі уақытта және болашақта Ехобаның беретін мол батасына ие болу үшін біз не істей аламыз?
19 Біз ‘болашақ жарылқаулардың көлеңкесінің’ сол жарылқаулардың ‘өзіне’ айналған кезде өмір сүріп жатырмыз (Еврейлерге 10:1). Иса Мәсіх алдын ала бейнелермен берілген ұлы Бас діни қызметкердің міндетін мойнына алып, көктің өзіне еніп қойды және оның құрбандығына сенетіндердің барлығының төлемін өтеу үшін өзінің қанының құнын ұсынды (Еврейлерге 9:10, 11, 24—26). Осы ұлы құрбандықтың арқасында, сондай-ақ егер Құдайға таза және арамдалмаған мадақтау құрбандығын әкелер болсақ, біз де ‘іштей қуанып, шаттанатын’ боламыз және Құдайдың мол бата беретініне үміт артып алға басатын боламыз (Малахия 3:10).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Таурат заңындағы құрбандықтар мен Құдайға ұсынылатын заттар туралы мәлімет бізге қандай тәлім және жігер береді?
• Құрбандық Құдайға ұнамды болу үшін ол ең алдымен қандай талапқа сай болуы керек және мұның біздер үшін қандай мәні бар?
• Өртелетін ерікті құрбандықтарға балама ретінде біз Құдайға не ұсына аламыз?
• Мәсіхшілердің кездесулері қай жағынан алғыс құрбандығына ұқсайды?
[12-беттегі сурет]
Исаның төлем құрбандығын Ехоба адамзатты құтқару үшін берген болатын.
[14-беттегі сурет]
Біздің қызметіміз Ехобаға ұнамды болуы үшін, біз арамдалу атаулыдан аулақ болуымыз керек.
[15-беттегі сурет]
Қызметке қатысу арқылы біз жұрт алдында Ехобаның ізгілікті екендігін мойындаймыз.