Түбегейлі куәлік беруге үйреніңдер
“Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 1:8).
1, 2. Петірге қандай тапсырма берілді және мұны кім берген?
‘НАЗАРЕТТІК Иса бізге адамдарға айтып, Құдайдың тірілер мен өлілерді соттауға тағайындаған Кісісінің Өзі екенін жариялап, [“түбегейлі”, ЖД] куәлік келтіруге әмір етті’ (Елшілердің істері 10:38, 42). Осы сөздермен елші Петір Корнел мен оның отбасына ізгі хабарды уағыздау ісін оған Исаның өзі тапсырғанын түсіндірді.
2 Иса бұл тапсырманы қашан берген? Петір Исаның қайта тіріліп, көкке көтерілер кезінде айтқандары туралы ой жүгіртсе керек. Сол кезде Иса өзінің адал шәкірттеріне: “Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар”,— деп айтқан (Елшілердің істері 1:8). Алайда бұған дейін де Петір Исаның шәкірті ретінде өзінің оған деген сенімі туралы айтуға тиіс болатынын білген.
Үш жыл бойы үйрену
3. Иса қандай керемет жасады және Петір мен Әндірді не істеуге шақырды?
3 Иса б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, бірнеше айдан соң, Петір мен оның інісі Әндір балықшы болып жүрген Ғалилея теңізінің жағалауында уағыздайды. Олар түні бойы еңбектенеді, бірақ еңбектері зая кетеді. Сөйтсе де, Иса Петірге: ‘Көлдің терең жеріне жүзіп барып, балыққа ау сал’,— дейді. Олар Исаның айтқанын орындап ‘ауларын салғанда өте көп балық ұстап, балықтың көптігінен аулары жыртыла бастайды’. Осындай кереметті көргенде, Петірдің зәре-құты қалмайды, бірақ Иса оны жұбатып: “Қорықпа! Балық аулағаның сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін боласың”,— дейді (Лұқа 5:4—10).
4. а) Иса шәкірттерін куәлік етуге қалай дайындаған? ә) Шәкірттерінің қызметі қай жағынан Исанікінен ерекшеленеді?
4 Петір мен Әндір, сондай-ақ Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жохан да, қайықтарын қалдыра сала Исаға ереді. Үш жылға жуық уақыт бойы олар Исаға еріп жүріп, ізгі хабарды уағыздауға үйренеді (Матай 10:7; Марқа 1:16, 18, 20, 38; Лұқа 4:43; 10:9). Сол уақыттың соңында, б. з. 33 жылы 14 нисан күні, Иса оларға: “Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді, тіпті одан да зорларын істейді”,— дейді (Жохан 14:12). Исаның шәкірттері Иса сияқты түбегейлі куәлік берулері керек еді, бірақ анағұрлым үлкен көлемде. Олар көп кешікпей, өздерінің және болашақтағы барлық шәкірттердің осы “дүниенің ақыр соңына дейін” “күллі халықтарға” куәлік етулері керектігін түсінген еді (Матай 28:19, 20).
5. Исаның шәкірттеріне үйреткендерінің пайдасын көру үшін не істеуге болады?
5 Біз ‘ақыр заман жақындап қалған’ уақытта өмір сүрудеміз (Матай 24:3). Біз бірінші ғасырдағы шәкірттер іспетті Исамен бірге еріп жүрген де, оның адамдарға қалай уағыздағанын көрген де жоқпыз. Дегенмен де, Киелі кітаптан оның қалай уағыз айтқанын, сондай-ақ шәкірттеріне қандай нұсқаулар бергендігін оқу арқылы біздің де Исадан үйренуімізге болады (Лұқа 10:1—11). Алайда бұл мақалада біз Исаның шәкірттеріне көрсеткен тағы бір өте маңызды нәрсені, уағыздау қызметіне деген дұрыс көзқарасты, қарастыратын боламыз.
Адамдарға қамқорлық көрсету
6, 7. Исаның қызметін тиімді еткен оның қандай қасиеті және осы жағынан оған қалай еліктей аламыз?
6 Неге Исаның куәлік етуі өте тиімді болған? Мұның бір себебі — ол адамдарға аса көңіл бөліп, әрі оларға қамқорлық көрсеткен. Забур жыршысы: ‘Кедей мен бейшараға мейірімін түсіреді’,— деп Иса туралы алдын ала айтқан (Забур 71:13). Ол бұл пайғамбарлықты мүлтіксіз жүзеге асырған. Киелі кітапта мынадай бір жағдай жайында айтылады: “Жиналған халық тобырын көргенде оларға Исаның жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара болатын” (Матай 9:36). Тіпті ауыр күнәға батқан адамдардың өздері оның қамқорлығын сезініп, оған жақындауға талпынған (Матай 9:9—13; Лұқа 7:36—38; 19:1—10).
7 Біз де адамдарға дәл сол сияқты қамқорлық көрсететін болсақ, қызметіміз тиімді болады. Қызметке шығар алдында жеткізетін мәліметіңнің олар үшін қаншалықты маңызды екендігін неге бір мезетке ойланбасқа? Олардың тек Құдай Патшалығы ғана шеше алатын проблемалары бар шығар, сол туралы ойланып көрші. Оларға дұрыс көзқараспен қара, өйткені хабарға кімнің құлақ асатынын білмейсің ғой. Бәлкім, келесі жолықтыратын адамың сен сияқты әлдебіреудің келіп жәрдем беруін сұрап, дұға етіп жүрген болса ше?!
Сүйіспеншілікпен әрекет ету
8. Исаға еліктеп, ізгі хабарды уағыздауға шәкірттерін не талпындырды?
8 Исаның жариялаған ізгі хабары адамзаттың алдында тұрған ең маңызды сұрақтар, яғни Ехобаның еркінің орындалуы, оның есімінің қастерленуі, сондай-ақ оның бүкіл әлемдік билігінің ақталуы, туралы болған (Матай 6:9, 10). Ол Әкесін сүйген, сондықтан соңына дейін мінсіздігін сақтап қалуға талпынған және осы сұрақтарды шешіп беретін Патшалық туралы түбегейлі куәлік еткен (Жохан 14:31). Исаның бүгінгі шәкірттерін де дәл сондай ниет талпындыратындықтан, олар қызметтерін бар ықыластарымен атқарады. Елші Жохан, ізгі хабарды уағыздау мен шәкірттер дайындау ісін қоса алғанда, ‘өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйетінімізді’ білдіретінін айтқан (Жоханның 1-хаты 5:3; Матай 28:19, 20).
9, 10. Құдайға деген сүйіспеншіліктен басқа тағы қандай сүйіспеншілік бізді түбегейлі куәлік беруге талпындырады?
9 Иса шәкірттеріне: “Сендер Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындаңдар! Өсиеттерімді көңілдеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер”,— деген (Жохан 14:15, 21). Демек, Исаға деген сүйіспеншілігіміз бізді шындық туралы куәлік етуге әрі оның өзге де нұсқауларын орындауға талпындыру керек. Қайта тіріліп келген Иса бірде Петірді: “Тоқты-қозыларымды бақ!.. Қойларымды бағып жүр!.. Қойларыма қарап жүр!” — деп шақырған. Мұны істеуге Петірді не талпындыру керек еді? Исаның Петірден: “Сен Мені... сүйесің бе?.. Сен Мені сүйесің бе?.. Сен Мені жақсы көресің бе?” — деп бірнеше рет қайталап сұрағанынан бұл сұрақтың жауабын көруге болады. Иә, Петірдің Исаға деген сүйіспеншілігі, оған деген ыстық сезімі түбегейлі куәлік етуге, Исаның ‘тоқты-қозыларын’ іздеп тауып, оларға рухани шопан болуға талпындыру керек-тін (Жохан 21:15—17).
10 Бүгінде біз Петір сияқты Исамен жеке таныс емеспіз. Сөйтсе де, Исаның біз үшін істегендерінің мәнін терең түсінеміз. Оның ‘күллі адамзат үшін жанын қиып’ асқан сүйіспеншілік танытқаны жүрегімізді ризашылыққа толтырады (Еврейлерге 2:9; Жохан 15:13). Пауылдың: “Мәсіхтің сүйіспеншілігі бізді алға басуға мәжбүр етеді... Мәсіхтің бәрі үшін өлгендігінің мақсаты — жаңа өмірге ие болғандардың енді тек өздері үшін емес, қайта, Оған бағышталып өмір сүрулері!” — деп жазған кездегі сезімін біз де сезінеміз (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15). Біз Исаның сүйіспеншілігін жоғары бағалайтынымызды әрі оған деген сүйіспеншілігімізді түбегейлі куәлік ету тапсырмасын жауапкершілікпен орындау арқылы көрсетеміз (Жоханның 1-хаты 2:3—5). Біз Исаның құрбандығын менсінбегендей, уағыздау ісіне ешқашан селқос қарағымыз келмейді (Еврейлерге 10:29).
Ең басты істен ауытқымау
11, 12. Иса мына дүниеге қандай мақсатпен келген және шындық туралы куәлік етуді маңызды деп санайтынын қалай көрсеткен?
11 Иса Понти Пилаттың алдында тұрғанда: “Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім”,— деген (Жохан 18:37). Шындық туралы куәлік беруге Иса еш нәрсенің кедергі болуына жол бермеген. Шындық туралы куәлік ету ол үшін Құдайдың еркі болған.
12 Осыған қатысты Исаны Шайтанның сынағаны сөзсіз. Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, көп ұзамай Шайтан оған “әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетіп” жер жүзінде ең ұлы адам болуға ұсыныс жасайды (Матай 4:8, 9). Кейінірек, яһудилер де Оны патша қылмақ болады (Жохан 6:15). Кейбіреулер Иса сол ұсыныстарды қабыл алғанда, оның қандай игіліктер жасауы мүмкін екенін ойлап, патша ретінде адамзат үшін әлдеқайда көп жақсылық жасаған болар еді деп ойлайтын шығар. Алайда Иса мұндай ойдан аулақ болған. Ол шындық туралы куәлік етуді ең маңызды іс деп санаған.
13, 14. а) Иса не нәрсенің басты ісінен назарын басқа жаққа ауытқытып жіберуіне жол бермеген? ә) Ол бай болмаса да, не істеді?
13 Сонымен қатар Иса байлыққа ұмтылып, назарының басқа жаққа ауытқуына жол бермеген. Сондықтан оның дәулеті шалқып жатпаған. Оның тіпті өз үйі де болмаған. Бірде ол: “Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ”,— деген (Матай 8:20). Иса өлгенде, Киелі кітапқа сәйкес оның бір ғана бағалы заты, Римдік жасақшылар жеребе тастап бөліп алған жамылғысы ғана, болған (Жохан 19:23, 24). Сонда Иса босқа өмір сүрген бе? Әрине, жоқ!
14 Иса қайырымдылық жасайтын ең бай деген адамның қолынан келетін игі істен әлдеқайда көп іс атқарған. Пауыл: “Иеміз Иса Мәсіхтің рақымдылығын жақсы білесіңдер: Ол ерен бай бола тұра, рухани баюларың үшін бәрінен бас тартып, жоқшылыққа ұшырады!” — деп айтқан (Қорынттықтарға 2-хат 8:9; Філіпіліктерге 2:5—8). Бірақ бай болмаса да, ол момын адамдар үшін мәңгілік кемелді өмірдің есігін ашты. Біз оған қаншалықты ризамыз десеңдерші! Біз оның өміріндегі ең маңызды істі атқарып, Құдайдың еркін орындау арқылы сыйға жеткендігіне қандай қуаныштымыз! (Жохан 4:34; Елшілердің істері 2:32, 33, 36).
15. Байлықтан да әлдеқайда маңызды не?
15 Бүгінде Исаға еліктегісі келетін мәсіхшілер де байлыққа ұмтылудың назарларын ауытқытуына жол бермейді (Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Олар байлықтың өмірді жайлы ететінін мойындайды, бірақ болашақтағы мәңгілік өмірдің байлыққа байланысты емес екендігін біледі. Өлгенде Исаның сыртқы киімі бағалы саналмаған, сол сияқты мәсіхші үшін де өлген кездерінде мал-мүлік еш маңызды болып есептелмейді (Екклесиаст 2:10, 11, 17—19; 7:12). Мәсіхші өлгенде, ол үшін шын маңызды нәрсе — Ехоба және Иса Мәсіхпен қарым-қатынасы (Матай 6:19—21; Лұқа 16:9).
Қарсылыққа кезіккенде қорықпаңдар
16. Иса қарсылықтарды қалай қабыл алған?
16 Иса қарсылықтың шындық жайында куәлік етуден назарын ауытқытып жіберуіне жол бермеген. Тіпті қызметінің аяғында жанын құрбандыққа беретінін білсе де, салы суға кетпеген. Иса жайында Пауыл: “Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа [“азап шегу бөренесіне”, ЖД] шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдай тағының оң жағындағы орнына жайғасып отырды”,— деді (Еврейлерге 12:2). Көңіл аударшы, Иса ‘қорлықты елемеген’. Ол жауларының өзі туралы не ойлайтынына мән бермеген. Қайта, ең алдымен, Құдайдың еркін орындауды назарында ұстаған.
17. Исаның шыдамды болғанынан не нәрсеге үйрене аламыз?
17 Исаның үлгісіне нұсқап, Пауыл мәсіхшілерді: “Оның күнәкарлардың қаншама жауыздықтарына шыдағанын ескеріңдер! Осылай сендер де қажымаңдар, жігерлеріңді жасытпаңдар!” — деп талпындырған (Еврейлерге 12:3). Рас, күн сайын қарсылықтарға кезігу не қорлық көру қажытуы мүмкін. Осы дүниенің тартып әкететін әсеріне, бәлкім, туған-туыстарымыздың “өз жағдайыңды жаса” деген сөздеріне үнемі қарсы тұру қажытып жіберетін шығар. Бірақ табандылықпен Құдай Патшалығын өмірімізде бастапқы орынға қоя отырып, Иса сияқты біз де Ехобаның күшіне арқа сүйей аламыз (Матай 6:33; Римдіктерге 15:13; Қорынттықтарға 1-хат 2:4).
18. Исаның Петірге айтқан сөздерінен қандай жақсы сабақ алуымызға болады?
18 Шәкірттеріне өлімінің жақын қалғаны туралы айта бастағанынан Исаның назары басты мақсатынан ауытқымайтыны көрінді. Петір Исаға: ‘Құдай сақтасын, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін’,— деп, өзін аяуға шақырған. Бірақ Иса Ехобаның еркін орындауға деген шешімін әлсіретуі мүмкін кез келген нәрсені тыңдаудан бас тартқан. Ол Петірден теріс айналып: “Менен аулақ кет әзәзіл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың”,— деген (Матай 16:21—23). Біз де адамдардың ойларынан үзілді-кесілді бас тартып, әрқашан Құдайдың ойын басшылыққа алып жүрейік.
Құдай Патшалығы мәңгілік игіліктерге жеткізеді
19. Иса көптеген кереметтер жасағанымен, ол үшін ең маңыздысы не болған?
19 Иса өзінің Мәсіх екендігін дәлелдеу үшін көптеген кереметтер жасаған. Ол тіпті өлгендерді де тірілткен. Мұндай істері үшін қалың жұрт Исаны жақын тартқан, бірақ ол жерге тек қайырымдылық ісімен айналысу үшін келмеген. Ол шындық туралы куәлік беру үшін келген. Иса өзі жасаған кез келген игіліктің уақытша екенін, тіпті өзі тірілткен адамдардың да қайтадан өлетінін білген. Ол тек шындық туралы куәлік ету арқылы адамдардың мәңгілік өмірге жетулеріне көмек бере алар еді (Лұқа 18:28—30).
20, 21. Шынайы мәсіхшілер игі іс жасағанда қалай байсалдылық сақтайды?
20 Бүгінде әлдебіреулер Исаға еліктеуге тырысып, кедейлерге арнап ауруханалар тұрғызып не басқа да қайырымдылық істерін жасап жатады. Кейде олар үлкен құрбандықтарға барады, әрі олардың ізгі ниеттері мақтауға тұрарлық, бірақ олардың жасаған кез келген игі істері уақытша ғана пайда әкеледі. Тек Құдай Патшалығы ғана мәңгі-бақи игілікке жеткізеді. Сондықтан Ехоба Куәгерлері Иса сияқты Құдай Патшалығы туралы шындыққа куәлік етуге ерекше назар аударады.
21 Шынайы мәсіхшілер, әрине, игі іс атқаруда. Пауыл: “Мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!” — деп жазған (Ғалаттықтарға 6:10). Қиын шақтарда не көршілеріміз бен бауырластарымыздың әлдебіреулері мұқтаждыққа тап бола қалса, ‘жақсылық істеуге’ асығамыз. Бірақ біз үшін ең маңыздысы шындық туралы түбегейлі куәлік беру болып қала береді.
Исаның үлгісінен сабақ ал
22. Мәсіхшілер неге уағыздайды?
22 Пауыл: “Ізгі хабарды уағыздамасам, қасіретке қалар едім”,— деп жазған (Қорынттықтарға 1-хат 9:16). Ол ізгі хабарға немқұрайды қарамаған, себебі уағыздау қызметі өз үшін де, өзгелер үшін де өмірді білдірген (Тімотеге 1-хат 4:16). Біз де қызметімізге осындай көзқараспен қараймыз. Біз көршілерімізге жәрдем беруді және Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді көрсетуді қалаймыз. Сондай-ақ Исаға деген сүйіспеншілігімізді әрі оның бізге көрсеткен сүйіспеншілігін жоғары бағалайтынымызды дәлелдегіміз келеді. Сондықтан ізгі хабарды уағыздап, ‘бұдан былай күнәкар болмысымыздың құмарлықтарына сай емес, Құдайдың еркіне бағынып’ өмір сүреміз (Петірдің 1-хаты 4:1, 2).
23, 24. а) Балық туралы кереметтен қандай сабақ алуымызға болады? ә) Бүгінде кімдер түбегейлі куәлік беруде?
23 Өзгелер келеке-мазақ қылса, я болмаса хабарымыздан ашумен бас тартса, Иса іспетті біз де назарымыздың басты ісімізден ауытқып кетуіне жол бермейміз. Исаның Петір мен Әндірді шәкірт болып еріп жүруге шақырғанда жасаған кереметінен сабақ аламыз. Егерде Исаға мойынсұнатын болсақ, бейнелеп айтқанда, өнімсіз болып көрінетін суға ау салсақ, балық аулау ісіміз нәтижелі болатынын түсінеміз. Көптеген “балық аулаушы” мәсіхшілер өнімсіз болып көрінген аймақтарға ау салып, уақыт өте келе, жақсы өнім алуда. Өзгелері болса “балығы көбірек” жерлерге көшіп, нәтижеге жетуде. Қайда болмасақ та, біз “балыққа ау салуды” доғармаймыз. Біз Исаның жер бетінің ешбір бөлігінде уағыздау қызметі аяқталды деп әлі айтпағанын білеміз (Матай 24:14).
24 Бүгінде 230 дан астам елде алты миллионнан аса Ехоба Куәгерлері уағызда белсенділік танытуда. Олардың 2004 қызмет жылында атқарған уағыздау ісінің дүниежүзілік жылдық есебі “Күзет мұнарасы” журналының 2005 жылғы 1 ақпандағы санында келтірілетін болады. Қызмет жылының есебі Ехобаның уағыздау ісіне ағыл-тегіл батасын төгіп отырғандығын көрсетеді. Әлі уақыт барда Пауылдың: ‘Құдай сөзін уағызда! Мұны әрдайым орындауға табандылықпен ұмтыл’,— деп айтқан сөздерін жүрегімізбен қабыл алуды жалғастыра берейік (Тімотеге 2-хат 4:2). Біз Ехобаның уағыздау қызметінің соңы жетті деп айтатын уақытқа дейін, түбегейлі куәлік беруді жалғастыра берелік.
Осы жылдан бастап Ехоба Куәгерлерінің қызмет жылының дүниежүзілік есебі “Күзет мұнарасы” журналының 1 қаңтарында емес, ақпанның 1 жұлдызындағы нөмірінде басылады.
Жауап бере аласыңдар ма?
• Қалай біз Исаның шәкірттеріне үйреткендерінің пайдасын көре аламыз?
• Исаның уағыздаған адамдарына деген көзқарасы қандай болған?
• Бізді түбегейлі куәлік беруге не талпындырады?
• Қандай салаларда біз де Иса іспетті назарымызды Құдайдың еркін орындаудан ауытқытуына жол бермейміз?
[24-беттегі сурет]
Егерде біз адамдарға Иса көрсеткендей қамқорлық көрсететін болсақ, қызметіміз тиімді болады
[25, 26-беттегі сурет]
Иса жер бетіне ең алдымен шындық туралы куәлік етуге келген
[26-беттегі суреттер]
Ехоба Куәгерлері түбегейлі куәлік беруге аса назар аударады