«Мәсіхтің ой-ниетін» білудеміз
«“Жаратқан Иенің ойындағысын біліп, Оған ақыл бере алатын кім бар?” Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар» (1 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2:16).
1, 2. Ехоба өзінің Сөзінде Иса жайлы нені ашқанды қажет деп тапты?
ИСАНЫҢ түр-тұлғасы қандай болған? Оның өңі, шашы мен көздерінің түсі қандай болған? Бойы мен салмағы ше? Ғасырлар бойы кейбір өнер туындыларында Иса шындыққа негізделіп суреттелсе, басқа біреулерінде бұрыс та суреттеліп келді. Біреулері оны ер жүрек және жігерлі етіп көрсетсе, ал басқа біреулері әлсіз, жүдеу етіп суреттеген.
2 Алайда Киелі кітап Исаның сыртқы көрінісіне көңіл аудармайды. Оның орнына Ехоба одан әлдеқайда маңызды нәрсені, яғни Исаның қандай қасиеттер танытқанын көрсеткенді жөн көрді. Ізгі хабарларда Исаның не айтып, не істегені ғана айтылмайды, сонымен қатар оның сөздері мен істерінің артында тұрған сезімдері мен ой қалпы да көрсетіледі. Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған бұл төрт ізгі хабар елші Пауыл «Мәсіхтің ой-ниеті» деп атаған нәрсенің не екенін түсінуімізге мүмкіндік береді (1 Қорынттықтарға 2:16). Исаның ойымен, сезімімен және қасиеттерімен танысқанымыздың біз үшін маңызы зор. Неліктен? Оның кем дегенде екі себебі бар.
3. Мәсіхтің ой-ниетін білудің арқасында не нәрсемен танысамыз?
3 Біріншіден, Мәсіхтің ой-ниеті Ехоба Құдайдың да ой-ниетін түсінуімізге мүмкіндік береді. Иса өзінің Әкесін өте жақсы білгендіктен былай деп айтты: «Ұлының кім екенін Әкеден өзге ешкім білмейді. Әкенің кім екенін де тек Ұлы ғана біледі; және Ұлы Әкесін кімге көрсеткісі келсе, сол кісі біледі» (Лұқа 10:22). Былайша айтқанда, Иса: «Ехобаның қандай екенін білгілерің келсе, Маған қараңдар»,— деді десе де болады (Жохан 14:9). Сондықтан, Ізгі хабарларда Исаның ойы мен сезімі туралы не айтылатынын оқып білу арқылы, біз, шын мәнінде, Ехобаның ой қалпы мен сезімдерімен танысамыз. Бұндай білім Құдайымызға жақындауымызға мүмкіндік береді (Жақып 4:8).
4. Егер шынымен Мәсіхке еліктегіміз келсе, алдымен неменеге үйренуіміз керек және неліктен?
4 Екіншіден, Мәсіхтің ой-ниеті туралы білім «Оның ізімен жүруімізге» көмектеседі (1 Петір 2:21). Исаның жолын қуу дегеніміз жай ғана оның сөздері мен істеген істерін қайталау емес. Сөйлеген сөзіміз бен істеген істерімізге ойымыз бен сезіміміз әсер ететіндіктен, Мәсіхтің ізімен жүру үшін Иса сияқты «ойлауымыз» керек (Філіпіліктерге 2:5, ЖД). Басқаша айтқанда, шынымен Мәсіхке еліктегіміз келсе, алдымен кемелсіз адам болғанымызға қарамай мүмкіндігінше Иса сияқты ойлауға және сезінуге үйренуіміз керек. Сондықтан Ізгі хабарларды жазған адамдардың көмегімен Мәсіхтің ой-ниетін түсінуге тырысып көрелік. Алдымен, Исаның сезімі мен ойына ненің әсер еткенін талқылаймыз.
Оның адам болып туылғанға дейінгі тіршілігі
5, 6. а) Араласып жүрген ортамыз бізге қалай әсер етеді? ә) Құдай Ұлы жерге келмес бұрын қандай ортада болды және ол оған қалай әсер етті?
5 Жақын араласып жүрген ортамыз бізге — ойымызға, сезімдеріміз бен іс-әрекетімізге — не жақсы, не жаман әсерін тигізедіa (Нақыл сөздер 13:20). Иса жерге келмей тұрып, аспанда қандай ортада болғанын қарастырайықшы. Жохан жазған Ізгі хабар біздің көңілімізді Исаның адам болып туылғанға дейін «Сөз» болғанына, яғни Құдайдың атынан сөйлегеніне аударады. Жохан былай дейді: «Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді. Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын» (Жохан 1:1, 2). Құдайда бастама болмағандықтан, Сөздің Құдаймен бірге қай кезден бастап болғанын көрсететін «әуел баста» деген сөз Құдай жаратуды бастаған уақытқа қатысты болуы керек (Забур 89:3). Иса «жаратылыс атаулының бәрінен бұрын туылған». Яғни, өзге рухани жаратылыстар мен физикалық дүниеден бұрын Ол бар болатын (Қолостықтарға 1:15; Аян 3:14).
6 Кейбір ғалымдардың анықтауынша, физикалық әлем кем дегенде 12 миллиард жыл бұрын пайда болған. Егер бұл анықтама біршама болса да шындыққа жуық болатын болса, Адам жаратылғанға дейін Құдайдың тұңғыш Ұлы миллиардтаған жылдар бойы Әкесімен тығыз байланыста болған. (Мика 5:2, салыстырыңдар.) Сол уақыт аралығында олардың арасында сүйіспеншілікке негізделген тығыз қарым-қатынас дамыды. Бейнелі сөздермен даналық ретінде көрсетілген осы тұңғыш Ұл адам болып туылмай тұрып былай деген: «Мен... Оның алдында әрдайым шаттанып жүрген [Ехобаның] күнделікті қуанышы едім» (Нақыл сөздер 8:30). Сансыз ғасырлар бойы сүйіспеншіліктің Қайнар көзімен тығыз қарым-қатынаста болғандығы Құдай Ұлына қатты әсер еткені сөзсіз (1 Жохан 4:8). Осы Ұл Әкесінің ойын, сезімдері мен іс-әрекетін өзгелерден әлдеқайда жақсы білді, әрі оның қасиеттерін көрсете білді (Матай 11:27).
Жердегі өмірі мен оның әсері
7. Құдайдың тұңғыш Ұлының жерге келуінің бір себебі неде?
7 Құдай Ұлы үшін әлі де үйрену керек нәрселер бар еді. Өйткені, Ехобаның ниеті бойынша, ол «біздің осал тұстарымызды түсініп, жаны ашитын» мейірімді Бас діни қызметкер болуы керек еді (Еврейлерге 4:15). Ұлдың адам ретінде жерге келуінің бір себебі осы міндетті алып жүруге лайық болуында еді. Тән мен қаннан тұратын адам ретінде жерде өмір сүрген кезінде көрген жағдайлар мен оған әсер еткен нәрселерді Иса бұрын тек аспаннан бақылаған еді. Ал жерде болған кезінде адам баласының сезімі мен эмоциясын ол өзі сезінді. Оның шаршаған, шөлдеген, тіпті қарны да ашқан кездері болды (Матай 4:2; Жохан 4:6, 7). Оның үстіне, ол әр түрлі қиыншылықтар мен қайғы-қасіретті де басынан кешірді. Осылайша «мойынсұнуға үйренгеннен» кейін, Ол енді Бас діни қызметкер міндетін атқаруға толық лайық болған еді (Еврейлерге 5:8—10).
8. Исаның жердегі өмірінің алғашқы жылдары туралы не білеміз?
8 Жердегі өмірінің алғашқы жылдарында Иса қандай жағдайларды бастан кешірді екен? Оның балалық шағы жайында өте аз жазылған. Оның туылуына байланысты оқиғалар туралы Матай мен Лұқа ғана жазған. Ізгі хабарды жазғандар Исаның жерге келмес бұрын аспанда өмір сүргенін білген. Исаның жерге келгенде қандай қасиеттер танытуына, басқа нәрселерден гөрі, адам болып туылғанға дейінгі тіршілігі көп әсер етті. Бірақ ескере кететін бір жай, Исаның кәдімгі адам болғаны. Кемелді болғанымен, ол адам баласының нәрестелік, жеткіншек, жас өспірім және ересек шақ сияқты даму кезеңдерінің барлығынан өтті. Осы уақыттың бәрінде ол көп нәрсеге үйренді (Лұқа 2:51, 52). Киелі кітаптан өмірінің алғашқы кезеңінде Исаға әсер еткен біраз нәрселерді көруге болады.
9. а) Исаның кедей отбасында дүниеге келгенін қайдан білеміз? ә) Иса қандай жағдайда ер жеткен болса керек?
9 Сірә, Иса кедей отбасында дүниеге келген болса керек. Бұны оның туылғанына қырық күндей толғанда Жүсіп пен Мәриямның ғибадатханаға алып келген құрбандығынан байқауға болады. Олар құрбан шалуға арналған тоқты мен күнә төлемін өтеу құрбандығына арналған жас көгершін немесе орман кептерінің орнына, «орман кептерінің бір жұбын немесе көгершіннің екі балапанын» алып келді (Лұқа 2:24). Мұсаның заңы бойынша, мұндай құрбандықты кедей адамдар әкелетін болған (Леуі 12:6—8). Уақыт өткен сайын, Жүсіп пен Мәриямның шағын отбасы өсіп-өне түсті. Исаның керемет түрде туылуынан кейін, олардың кем дегенде тағы алты баласы болды (Матай 13:55, 56). Сол себепті Иса үлкен отбасында ер жеткен. Сірә, оның отбасы қарапайым болған болса керек.
10. Мәриям мен Жүсіптің Құдайдан қорыққанын неден көруге болады?
10 Иса Құдайдан қорқатын, қамқор ата-ананың қолында өсті. Оның анасы Мәриям тамаша адам болған. Оған Жәбірейіл періштенің қалай сәлем бергенін есімізге түсірейікші: «Сәлем саған, Құдай жарылқаған жан! Иеміз саған жар» (Лұқа 1:28). Жүсіп те діндар адам еді. Ол жыл сайын Құтқарылу мейрамын мерекелеу үшін 150 шақырым жердегі Иерусалимге сапар шегетін. Мейрамға қатысу тек ер адамдардан талап етілсе де, Мәриям да бірге баратын (Мысырдан көшу 23:17; Лұқа 2:41). Бір жолы, Иерусалимге сапар шеккен кезде, Жүсіп пен Мәриям 12 жасар Исаны көп уақыт іздеп, ақырында ғибадатханада оқытушылардың арасынан табады. Сонда уайым жеген ата-анасына Иса былай деп жауап береді: «Мен Әкемнің ісімен шұғылдануға тиістімін, әлде мұны білмейсіздер ме?» (Лұқа 2:49). «Әке» деген сөз жас өспірім Исаны өте ыстық сезімге бөлейтін болған болса керек. Біріншіден, шын Әкесінің Ехоба екендігі оған айтылған болса керек. Екіншіден, асырап алған әкесі Жүсіп те жақсы әке болған болса керек. Әрине, Ехоба өзінің қымбатты Ұлына қамқорлық етуді мейірімсіз, қатыгез адамға тапсырмас еді.
11. Иса қандай кәсіпке үйренді және ол уақытта бұл кәсіптің қандай ерекшеліктері болған?
11 Назаретте тұрған кезінде Иса балташы кәсібіне үйренді. Оны үйреткен асырап алған әкесі Жүсіп болса керек. Исаның бұл кәсіпті жақсы меңгергені сонша, оны да «балташы» деп атаған (Марқа 6:3). Ол уақытта балташылар там соғуға қатысты жұмыстар атқаратын болған, жиһаздар (оның ішінде үстелдер, орындықтар мен отырғыштар) және ауыл шаруашылық құралдарын жасаған. Б. з. б. ІІ ғасырда өмір сүрген Юстин Мученик өзінің «Трифомен әңгіме» деген шығармасында Иса туралы былай деп жазды: «Адамдар арасында өмір сүрген кезінде ол, балташы болып жұмыс істеуге әдеттеніп, соқа және мойынтұрық жасайтын». Бұл оңай жұмыс емес еді. Өйткені ертеде балташылардың дайын ағаш сатып алуға мүмкіндіктерінің болғаны екіталай болған. Ол өзі барып ағашты таңдап, шауып алып келетін болған болса керек. Сондықтан, күнкөріске қаржы табудың қиындықтары, тапсырыскермен қалай келісу және қаржыны қалай үнемдеу Исаға таныс болған болуы керек.
12. Неліктен Жүсіп Исадан бұрын қайтыс болған деп есептеуге болады және бұл Иса үшін нені білдірді?
12 Әсіресе Жүсіптің одан бұрын қайтыс болғанын ескеретін болсақ, баланың үлкені ретінде Иса отбасын қамтамасыз етуде көмек көрсеткен болуы керекb. 1900 жылдың 1 қаңтарындағы «Сион Күзет мұнарасында» былай делінген болатын: «Әдетте, Жүсіп Исаның жас күнінде қайтыс болғандықтан, Иса балташы кәсібін игеріп, отбасының тірегі болған деп саналады. Бұған бір дәлелді Исаның өзі балташы деп аталған Жазба орнынан табуға болады. Ол Жазба орнында анасы мен бауырлары ғана аталып, ал Жүсіп жайында еш нәрсе айтылмайды (Марқа 6:3). Сондықтан Иеміз он сегіз жыл бойы — сол [Лұқа 2:41—49 тармақтарда жазылған] оқиғадан бастап шомылдыру рәсімінен өткенге дейін — күнделікті міндеттерін атқарған болуы әбден мүмкін». Жан жарын жоғалтқан Мәриям мен әкесінен айырылған Жүсіптің өзге балаларымен бірге Исаға да жақыны қайтыс болғандағы қайғы таныс болған болуы керек.
13. Қызметін бастаған кезде Иса неліктен өзге ешкімде жоқ білімге, түсінікке және сезімге ие болды?
13 Исаны жеңіл өмір күтіп тұрмағаны анық. Ол қарапайым адамдардың өмірі қандай болатынын өз басынан кешті. Ал б. з. 29 жылы Иса үшін Әкесі берген тапсырманы орындайтын уақыт келді. Сол жылдың күзінде Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, Құдайдың рухани Ұлы ретінде туылды. Оған «көктер ашылды», яғни ол өзінің адам болып туылғанға дейінгі аспандағы өмірін және сонымен байланысты ойлары мен сезімдерін еске түсірген болуы керек (Лұқа 3:21, 22). Сондықтан Иса қызметін бастаған кезде басқа еш адамда жоқ білімге, түсінікке және сезімге ие болды. Ізгі хабарларды жазған адамдар өздерінің хабарларының көп бөлігін Исаның қызметіне қатысты оқиғаларға бекер арнамаса керек. Сөйтсе де олар Исаның істері мен сөздерінің барлығын жазып қалдыра алған жоқ (Жохан 21:25). Бірақ олардың рухтың жетелеуімен жазып қалдырғандарының өзі де біздің ең ұлы адамның ой-ниетін түсінуімізге көмектеседі.
Иса қандай адам болған
14. Исаның мейірімді және сезімтал болғанын Ізгі хабарлардан қалай байқауға болады?
14 Ізгі хабарлардағы мәліметтерге сәйкес, Иса мейірімді және сезімтал болған. Оны әр түрлі жағдайларда әр түрлі сезім билеген: алапеспен ауырған адамға жаны ашыды (Марқа 1:40, 41); халықтың қайырымсыздығына қайғырды (Лұқа 19:41, 42); ашкөз ақша айырбастаушыларға орынды ашу білдірді (Жохан 2:13—17). Жаны аши білген Иса толқып кетіп, көзіне жас та алатын; ол ешқашан сезімін жасырған емес. Жақын досы Елазар қайтыс болғанда, оның қарындасы Мәриямның жоқтау айтып жылағанын көріп толқып кетті де, бүкіл елдің алдында көзіне жас алды (Жохан 11:32—36).
15. Адамдармен қарым-қатынасында Иса қалай сезімталдық танытты?
15 Исаның сезімталдығы әсіресе адамдармен қарым-қатынасында ерекше көрінді. Ол жарлылар мен езілгендерге қол ұшын беріп, оларға «жандарына тыныштық табуға» көмектесті (Матай 11:4, 5, 28—30). Ол, ақырын келіп Оның киімінің шетіне қол тигізген қансыраумен ауырған әйел және ешкім айғайын тоқтата алмаған бишара соқыр сияқты бақытсыздыққа душар болған адамдардың мұқтаждықтарына көңіл бөлуге әрқашан уақыт табатын (Матай 9:20—22; Марқа 10:46—52). Иса адамдардың жақсы жақтарын іздеп, оларды мақтайтын; бірақ қажет кезінде сөгіс айтуға да даяр болған (Матай 16:23; Жохан 1:47; 8:44). Ол кезде әйелдердің құқы шектеулі болғандығына қарамастан, ол олармен араласқанда байсалдылық танытқан, оларды құрметтеп, олардың адамгершілік қасиеттерін сыйлаған (Жохан 4:9, 27). Сондықтан кейбір әйелдердің оған қуана-қуана «қолдарындағы барымен» қызмет істегені таңғалдырмайды (Лұқа 8:3).
16. Исаның өмірге және дүние-мүлікке деген көзқарасының байыпты болғанын неден көруге болады?
16 Исаның өмірге деген көзқарасы байыпты болған. Ол дүние-мүлікті ең маңызды нәрсе ретінде қарастырған жоқ. Оның дүние-мүлкі өте аз болған болса керек. Ол өзінің «бас паналайтын орны да жоқ» екенін айтқан (Матай 8:20). Сөйте тұра, Иса айналасындағылардың қуанышын бөлісе білген. Бір жолы ол үйлену тойына келді. Ал мұндай отырыстарда әдетте музыка мен ән айтып, көңіл көтеретін. Бірақ оның мақсаты мейрамның шырқын бұзу болған жоқ. Қайта ол онда өзінің ең алғашқы кереметін жасады. Шарап таусылып қалған шақта, ол суды жақсы шарапқа, «адамның көңілін көтеретін» сусынға, айналдырды (Забур 103:15; Жохан 2:1—11). Жиналған жұрт әрі қарай да көңіл көтеріп, күйеу жігіт пен қалыңдық ыңғайсыз жағдайда қалған жоқ. Оның Құдайға қызмет атқарып, ұзақ та ынталы еңбек еткені туралы Ізгі хабарларда жазылған көп оқиғалардан Исаның байсалдылығын көруге болады (Жохан 4:34).
17. Исаның керемет ұстаз болғаны неліктен таңғалдырмайды және оның ілімдерінен нені байқауға болатын еді?
17 Иса керемет ұстаз болған. Өзгелерге тәлім берген кезде ол күнделікті өмірде кездесетін, өзіне жақсы таныс нәрселерді мысал ретінде қолданатын (Матай 13:33; Лұқа 15:8). Ол тәлім бергенде өте керемет тәсіл қолданған: әрқашан анық, қарапайым тілде және мәселеге тікелей қатысы бар нәрселерді айтқан. Бірақ ең маңыздысы — оның не туралы оқытқандығы. Оның тәлімдерінен тыңдаушыларын Ехобаның ойларымен, сезімдерімен және жолдарымен таныстыруға деген шынайы ықыласты байқауға болатын еді (Жохан 17:6—8).
18, 19. а) Иса өзінің Әкесін қалай айқын бейнеледі? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
18 Көрнекі мысалдарды жиі қолданған Иса Әкесінің қасиеттерін есте қаларлықтай айқын бейнелейтін. Құдайдың мейірімділігі туралы жалпы айтып қана қою бір басқа. Ал Ехобаны, қайта оралған ұлын көріп, көңілі қатты босап, «алдынан жүгіріп шығып, құшақтап бауырына басып, бетінен сүйген», кешірім етуге дайын әкеге теңеу мүлдем басқа нәрсе (Лұқа 15:11—24). Діни жетекшілер қарапайым халыққа жоғарыдан қарайтын қатал мәдениеттен бас тартып, Иса Әкесінің барлық адамды қабылдауға дайын екенін, Оған мақтаншақ парызшылдың жасанды дұғасынан гөрі кіші пейіл салықшының өтініші ұнамды екенін түсіндірді (Лұқа 18:9—14). Иса Ехобаны, оның еркінсіз торғай екеш торғай да жерге құлап түспейтін, қамқор Құдай ретінде көрсетті. Иса өзінің шәкірттерін: «Қорықпаңдар: Көптеген торғайлардан сендер артықсыңдар ғой»,— деп жұбатты (Матай 10:29, 31). Халықтың неліктен Исаның «үйретуіне таң қалысып», оны тыңдауға талпынғаны түсінікті (Матай 7:28, 29). Бір жолы, ешқандай азықтары болмаса да, «көптеген жұрт» үш күн бойы оның жанында болды! (Марқа 8:1, 2).
19 Өзінің Сөзінде Мәсіхтің ой-ниетін ашқаны үшін Ехобаға қаншалықты ризамыз десеңші! Бірақ қалай Мәсіхтің ой-ниетін дамытып, оны өзгелермен араласқанда қалай таныта аламыз? Бұл келесі мақалада талқыланады.
[Сілтемелер]
a Рухани жаратылыстарға да араласып жүрген ортасының әсер ететінін Аян 12:3, 4-тен көруге болады. Шайтан онда өзінің әсерімен басқа да «жұлдыздарды», немесе Құдайдың рухани ұлдарын, өзімен бірге бүлікке қатысуға азғырған «айдаһар» ретінде көрсетілген. (Аюп 38:7, салыстырыңдар.)
b Тікелей Жүсіп жайлы, соңғы рет, 12 жасар Исаны ғибадатханадан тапқан кездегі оқиғада айтылған. Киелі кітапта Иса қызметін бастаған кездегі Қана қаласында өткен үйлену тойында Жүсіп те болды делінбеген (Жохан 2:1—3). Б. з. 33 жылы бағанада шегелеулі тұрған Иса өзінің сүйікті елшісі Жоханға Мәриямға қамқорлық етуді тапсырды. Егер Жүсіп тірі болса, Иса бұлай етпеген болса керек еді (Жохан 19:26, 27).
Естеріңде ме?
• Неліктен Мәсіхтің ой-ниетін білгеніміздің біз үшін маңызы зор?
• Адам болып туылғанға дейін Иса қандай ортада болды?
• Жерде өмір сүрген кезінде Иса қандай жағдайларды басынан кешті және нендей нәрселер оған әсер етті?
• Ізгі хабарлардан Мәсіхтің қандай қасиеттерін көруге болады?
[5-беттегі сурет]
Иса үлкен отбасында өсіп ер жеткен. Сірә, оның отбасы қарапайым болған болса керек.
[6-беттегі суреттер]
Оқытушылар он екі жастағы Исаның «ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалды».