Ехобаның сүйіспеншілікке толы басшылығына ересің бе?
“Бүкіл бұрыс жолдарды жақтырмаймын” (ЗАБ. 118:128).
1, 2. а) Досыңнан жол сұрағанда, оның не жайлы ескерткеніне риза болар едің және неге? ә) Ехоба өз қызметшілеріне нені ескертеді және не үшін?
КӨЗ АЛДЫҢА мынадай жағдайды елестетші: сен жол жүргелі тұрсың. Діттеген жеріңе жету үшін жолды жақсы білетін сенімді досыңның көмегіне жүгінесің. Ол жолды бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, былай дейтін шығар: “Келесі бұрылысқа жеткенде абай бол. Ол жерде тұрған жол белгісі дұрыс бағытты көрсетпейді. Соның кесірінен көп адам адасып кетіп жатады”. Досыңның қамыңды ойлағанына риза болып, ескертуіне құлақ асарың сөзсіз. Қандай да бір мағынада, Ехобаны сондай досқа теңеуге болады. Ол діттеген жерімізге жете алуымыз үшін, яғни мәңгілік өмірге ие бола алуымыз үшін, нақты нұсқаулар береді. Сондай-ақ дұрыс жолдан ауытқытып жіберуі мүмкін жайттарды да ескертеді (Заң. қ. 5:32; Ишая 30:21).
2 Осы және келесі мақалада дұрыс бағыттан ауытқытып жіберетін жайттарға қатысты Досымыз Ехоба Құдайдың айтқан ескертулерін қарастырамыз. Ехобаның мұны біздің қамымызды ойлайтындықтан әрі бізді жақсы көретіндіктен істейтінін ұмытпалық. Ол біздің діттеген жерімізге жеткенімізді қалайды. Адамдардың бұрыс шешім қабылдап, дұрыс жолдан ауытқып кеткенін көру оған ауыр тиеді (Езек. 33:11). Бұл мақалада бізге жаман жағынан ықпал ететін үш нәрсені қарастырамыз. Біріншісі — басқа адамдардың ықпалы, екіншісі — өз қалауларымыз, ал үшіншісі — сағым қуу. Осы нәрселердің қаншалықты қауіпті екенін және олардың ықпалына берілмеу үшін көктегі Әкеміз қалай жол көрсететінін біліп алуымыз керек. Киелі рухтың жетелеуімен забур жыршысы Ехобаға: “Бүкіл бұрыс жолдарды жақтырмаймын”,— деген (Заб. 118:128). Сен оның сөздеріне қосыласың ба? Олай болса, бұрыс жолдардан аулақ жүруге деген шешімімізді қалай нығайтуға болатынын қарастырайық.
“Көпшілікке ерме”
3. а) Қай жолмен жүруіміз керектігіне күмәндансақ, өзге жолаушыларға еру неге қауіпті? ә) Мысырдан шығу 23:2-де қандай маңызды принцип жазылған?
3 Ұзақ сапарға шыққанда, қай жолмен жүру керектігіне сенімсіз болсаң, не істер едің? Бәлкім, қасыңдағы жолаушылардың басым көпшілігі бір бағытты таңдаса, соларға ергің келер. Бірақ бұлай ету қауіпті. Өйткені олар сен діттеген жерге бармайтын шығар немесе өздері де адасып жүрген болуы мүмкін. Осы орайда ежелгі Исраил халқына берілген бір заңның астарындағы принципті қарастырып көрейікші. Ехоба сот ісінде төрелік айтатын билер мен куә болатындарға “көпшілікке ермеуді” ескерткен (Мысырдан шығу 23:2 оқы). Кемелсіз адамдардың өзгелердің ықпалымен шындықты бұрмалап жіберуі оп-оңай екенінде дау жоқ. Алайда көпшілікке ермеу принципі тек сот істерімен ғана шектеле ме? Әрине, жоқ.
4, 5. Ешуа мен Халеп қандай қысым көрген және оған төтеп беруге оларға не көмектескен?
4 Шындығына келгенде, кез келген жағдайда “көпшілікке еріп” кету қаупі бар. Мұндай жағдай аяқ астынан тууы әрі оған қарсы тұру қиынның қиыны болуы мүмкін. Мысалы, Ешуа мен Халеп осындай қысымға кезіккен. Ол екеуі өзге 10 тыңшымен Уәде етілген жерді барлауға жіберілген еді. Тыңшылар қайта оралғанда, олардың 10-ы сол жерді өте жағымсыз етіп суреттеп, халықтың көңіліне қорқыныш ұялатты. Олар тіпті сол елдің кей жерлерін тілазар періштелер мен әйелдерден туған нефилимдердің ұрпағы, яғни алыптар, мекендейтінін айтты (Жар. 6:4). Алайда бұлай болуы мүмкін емес еді. Себебі перілер мен адамдардан туған зұлым алыптар көп ғасыр бұрын болған топан су кезінде ұрпақ қалдырмай, түп-тамырымен жойылған болатын. Бірақ сенімі әлсіз исраилдіктер бұл еш негізсіз айтылған сөздерге иланып қалды. Он тыңшының жағымсыз хабарын естіген халық лезде қорқынышқа беріліп, әбігерге түсті. Көп ұзамай олардың басым көпшілігі Уәде етілген жерге кіруге қатысты Ехобаның басшылығының дұрыс емес берілгеніне сенімді болды. Осындай дүрбелең кезеңде Ешуа мен Халеп не істеді екен? (Ру. сан. 13:25—33).
5 Олар “көпшілікке ермеді”. Халықтың жақтырмағанына, тіпті таспен ұрып өлтіргісі келгеніне қарамастан, ол екеуі тайсалмай шындықты айтты. Неге олар батыл болды? Өйткені Ехобаға нық сенді. Сенімі бар адамдар негізсіз айтылған сөздер мен Ехоба Құдайдың уәделерінің айырмашылығын бірден көре алады. Кейінірек, Ешуа мен Халеп сенімдері жөнінде әңгімелегенде, барша халыққа Ехобаның әрқашан сөзінде тұратынын айтқан (Ешуа 14:6, 8; 23:14 оқыa). Олар Құдайлары Ехобаны сүйген, сондықтан сенімнен жұрдай көпшілікке еріп, оның жүрегін ауыртуды қаламаған. Осылайша бізге керемет үлгі қалдырған (Ру. сан. 14:1—10).
6. Қай кезде көпшілікке ергіміз келуі мүмкін?
6 “Көпшілікке ергің” келген кездерің болған ба? Бұл көпшілікті Ехобаның өнегелілікке қатысты нормаларын аяқ асты ететін құдайдан безген адамдар құрайды. Көңіл көтеру мен демалуға келгенде олар өздерінің жаңсақ ойларын ұстанады, бізді де соған итермелейді. Олар бүгінде кең тараған өнегесіздік, қатыгездік пен спиритизмге толы теледидар бағдарламаларының, фильмдер мен бейне ойындардың еш зияны жоқ дегенге сендіргісі келеді (Тім. 2-х. 3:1—5). Өзің не отбасыңмен бірге көңіл көтеруді шешкенде, не істейсің? Дұрыс пен бұрысқа қатысты өзгелердің көзқарасына негізделіп таңдау жасайсың ба? Бұлай еткенің — көпшілікке ергенің.
7, 8. а) “Түйсіну қабілетін” қалай машықтандыруға болады және неге бұл қатаң ережелер тізімін ұстанудан әлдеқайда дұрыс? ә) Неге көптеген мәсіхші жастардың үлгісі жанға жылы тиеді?
7 Ехоба шешім қабылдауымызға көмектесетін керемет сый берді. Бұл — “түйсіну қабілеті”. Алайда оны “қолдану арқылы машықтандыру” керек (Евр. 5:14). Бірақ көпшілікке ергеніміз де, ар-ұжданға қатысты мәселелерде өзгелердің айтқанымен жүргеніміз де түйсіну қабілетімізді машықтандырмайды. Сол себепті Ехоба куәгерлеріне тыйым салынатын фильмдер, кітаптар мен сайттардың тізімі берілмейді. Өйткені бұл дүние өте жылдам өзгеретіндіктен, мұндай тізім жасала салысымен-ақ ескіріп қалар еді (Қор. 1-х. 7:31). Одан да сорақысы — мұндай тізімнің берілгені Киелі кітап принциптерін мұқият әрі дұға ете отырып таразылау, сондай-ақ сол принциптерге негізделіп шешімдер қабылдау қабілетінен айырар еді (Ефес. 5:10).
8 Киелі кітап принциптеріне негізделіп қабылдаған шешімдеріміз өзгелерге ұнамауы мүмкін. Мысалы, мәсіхші жастарымызды мектептегілер үнемі өзгелерге еліктеуге итермелейтін шығар (Пет. 1-х. 4:4). Сондықтан жас және ересек мәсіхшілердің Ешуа мен Халептің сеніміне еліктеп, “көпшілікке ермей” жүргені қандай тамаша!
“Жүрек әміріне және көз жетегіне еріп кетпе”
9. а) Жолға шыққанда, өз сезіміміздің жетегінде кету неге қауіпті болуы мүмкін? ә) Руларды санау 15:37—39 тармақтардағы заңды ұстану ежелдегі Құдай халқы үшін неге маңызды болған?
9 Бізге кері әсер ететін екінші нәрсе — өз қалауларымыз. Көз алдыңа мынадай жайтты елестетіп көрші: діттеген жеріңе жету үшін жолға шықтың делік. Қолыңдағы картаны қолданбастан, әдемі болып көрінген кез келген жолмен жүре берсең не болар еді? Осылай сезімнің жетегінде кетсең, діттеген жеріңе жетпейтінің анық. Осы орайда Ехобаның ежелгі Исраилге берген тағы бір заңын қарастырып көрейік. Киімдерінің етегіне шашақ тігуге және көк жіп өткізуге қатысты исраилдіктерге берілген заңды бүгінде көп адам түсінбейтін болар (Руларды санау 15:38, 39 оқыb). Ал сен бұл заңның неге маңызды болғанын түсінесің бе? Оны ұстанғандары Құдай халқын айналасындағы жалған тәңірлерге табынатын халықтардан ерекшелендіретін, әрі олардан іргесін аулақ ұстауға көмектесетін. Ехобаның ықыласына ие болу үшін мұның маңызы зор еді (Леу. 18:24, 25). Сонымен қатар бұл заңның берілуінің тағы бір себебі болған. Соны қарастыру арқылы мәңгілік өмірге апаратын жолдан ауытқытып жіберуі мүмкін екінші қауіп жөнінде көбірек білеміз.
10. Адамның болмысын Ехобаның жақсы білетіні неден көрінеді?
10 Ехоба бұл заңды қандай себеппен бергенін: “Өздеріңді бұзық істерге жетелейтін өз жүрек әміріне және көз жетегіне еріп кете бермеулерің үшін”,— деп түсіндірді. Ол адамның болмысын өте жақсы білетіндіктен осылай деген. Адамның жүрегі көрген нәрселеріне оп-оңай еліге кететіні оған белгілі. Киелі кітапта мынадай ескерту бар: “Басқалардың бәрінен де адам жүрегі құрық бойламас қулыққа толы болады және мүлде бұзылатын да сол; оның түбіне кім бойлай алсын?” (Ерм. 17:9). Ендеше Ехобаның исраилдіктерге берген ескертуі қаншалықты орынды болған десеңші! Олардың айналасындағы жалған тәңірлерге табынатын халықтарға қарап, көргендерін істеуге елігіп кетуге бейім екенін Ехоба жақсы білген. Исраилдіктер солар сияқты киінгілері келуі, ал ақыр соңында, солар сияқты ойлауды және әрекет етуді қалауы мүмкін еді (Нақ. с. 13:20).
11. “Жүрек әмірі мен көздің жетегіне ерудің” қандай қаупі бар?
11 Ал бүгінгі күні қулыққа толы жүрегіміздің көрген нәрселерімізге елігуі одан да оңай. Өйткені қазіргі дүниедегі нәрселердің бәрі бұрыс қалаулардың жетегінде жүруге итермелеуге бағытталған. Олай болса, Руларды санау 15:39-дағы принципті қалай қолдануға болатынын қарастырайық. Мектепте, жұмыста немесе тұратын жеріңдегі адамдар киім киюде барған сайын арсызданып бара жатса, бұл саған әсер етуі мүмкін бе? “Жүрегіңнің әміріне және көзіңнің жетегіне ерер” ме едің? Ал ақыр соңында солардың деңгейіне түсіп, солар сияқты киіне бастар ма едің? (Рим. 12:1, 2).
12, 13. а) Көзіміз жаман нәрсеге түссе не істеуіміз керек? ә) Бізді өзгелерде бұрыс құмарлық оятудан аулақ болуға не талпындырады?
12 Ұстамдылық танытудың маңызы аса зор. Көзіміз жаман нәрсеге түссе, адал Әйүптің үлгісін еске алайық. Ол көзімен шарт жасасып, өз әйелінен басқа әйелге ынтыға қарамауға берік шешім қабылдаған (Әйүп 31:1). Сол сияқты, Дәуіт патша да: “Арам нәрселерге еш көз салмаймын”,— деген (Заб. 100:3). Ар-ұжданымызды былғайтын және Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзуы мүмкін кез келген нәрсе біз үшін “арам” болады. Бұған көзімізге тартымды көрінетін және жүрегімізді жамандыққа азғыратын нәрселер жатады.
13 Өзіміз де басқалардың бойында бұрыс құмарлықтың оянуына түрткі болатын, былайша айтқанда, “арам нәрсе” болғымыз келмесі анық. Сондықтан рухтың жетелеуімен жазылған Киелі кітаптағы қарапайым да жарасымды киінуге қатысты кеңеске атүсті қарамаймыз (Тім. 1-х. 2:9). Қарапайым адам тек өз қалауымен жүрмейді. Біз өзгелердің ар-ұжданы мен сезімдерін ескеріп, көзқарастарын сыйлауымыз керек (Рим. 15:1, 2). Мәсіхшілердің қауымдарында киім киюде керемет үлгі көрсетіп жүрген мыңдаған жастар бар. “Жүрек әміріне және көздің жетегіне ермей”, барлық істерімен Ехобаның көңілінен шығуды қалайтын жастарымызды біз мақтан тұтамыз!
“Ешқандай пайдасы жоқ” сағымға ерме
14. Самуил пайғамбар “ешқандай пайдасы жоқ” нәрсеге ерудің қаупі жөнінде не деген?
14 Жолың ұшы-қиыры жоқ шөл даладан өтеді делік. Сағымға еріп, бағытыңнан ауытқып кетсең не болар еді? Мұның құны өміріңе тең болуы мүмкін. Ехоба сағымға ерудің қауіпті екенін жақсы біледі. Исраилдіктермен болған оқиғаны қарастырып көрейікші: олар айналасындағы халықтар сияқты, адами патшалары болғанын қалады. Мұнымен олар ауыр күнә жасаған, өйткені бұл Патшалары Ехобадан бас тартумен тең болған. Ехоба олардың қалауын орындағанмен, Самуил пайғамбар арқылы “ешқандай пайдасы жоқ” нәрсеге ерудің қаупі бар екенін ескерткен (Патшалықтар 1-жазба 12:21 оқы).
15. Қай мағынада исраилдіктер сағым қуған?
15 Исраилдіктер Ехобадан гөрі патшаға көбірек сенім артуға болады деп ойлаған ба? Солай ойлаған болса, олар шынымен-ақ сағым қуған! Ал бір сағымға ерген адамның Шайтанның басқа да сағымдарына алдануы оп-оңай. Мысалы, патшалар халықтың пұтқа табынып кетулеріне түрткі болуы мүмкін еді. Пұтқа табынатындар барлығын жаратқан көзге көрінбейтін Құдайдан гөрі көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын ағаш пен тастан жасалған мүсіндерге арқа сүйеген дұрыс деген жаңсақ ойда. Алайда елші Пауыл пұттардың “түкке тұрғысыз” екенін айтқан (Қор. 1-х. 8:4). Олар көре де, ести де, сөйлей де, әрекет ете де алмайды. Пұттарды көзбен көріп, қолмен ұстауға болады, бірақ оларға табынғаның — “ешқандай пайдасы жоқ” нәрсеге ергенің. Өйткені олар еш құтқара алмайды (Заб. 113:12—16).
16. а) Бүгінде Шайтан көп адамды сағым қууға қалай азғыруда? ә) Ехобамен салыстырғанда неге мал-мүлікті “ешқандай пайдасы жоқ” сағым деуге болады?
16 Шайтан бүгінде де шеберлікпен адамдарды сан алуан сағымның соңынан еруге азғыруда. Мысалы, оған еліккен сансыз көп адам дүние-мүліктен қорғаныш іздейді. Олар ақша, мал-мүлік пен жоғары ақылы жұмыс бақытқа бөлейді деп ойлайды. Алайда денсаулық сыр берсе, экономика дағдарысқа ұшыраса немесе табиғи апат болса, дүние-мүліктің пайдасы бола ма? Адамның жаны күйзелсе, өмірден мән-мағына көрмесе, бағыт-бағдар таба алмай жүрсе не өмір жайлы маңызды сұрақтарға жауап іздесе мал-мүліктен қайыр бола ма? Ал өлім аузындағы адамды ол аман алып қала ала ма? Егер дүние-мүлік рухани қажеттіліктерімізді қанағаттандырады деп үміттенсек, көңіліміз қалары сөзсіз. Ол бізді бақытты ете алмайды, ауру мен өлімнен де аман сақтап қала алмайды. Иә, дүние-мүлік — “ешқандай пайдасы жоқ” сағым (Нақ. с. 23:4, 5). Ал Құдайымыз Ехобаға барлық жағдайда толықтай сенім артуға болады. Онымен тығыз қарым-қатынастағы адам ғана нағыз бақыт пен қауіпсіздік сезіне алады. Ал бұл зор бата емес пе?! Сағым қуамыз деп, ешқашан Ехобадан бас тартып жүрмейік.
17. Бізге кері әсер ететін жоғарыда қарастырған жайттарға қатысты не істеуді шештің?
17 Өмір жолында Досымыз Ехобаның бағыт көрсетіп отырғанына қуанышты емеспіз бе? Егер оның көпшілікке ермеуге, жүрек әмірі мен көз жетегінде кетпеуге және ешқандай пайдасы жоқ сағым қумауға қатысты сүйіспеншілікпен берген ескертулеріне құлақ асар болсақ, діттеген жерімізге, яғни мәңгілік өмірге, жетуіміз әбден мүмкін. Келесі мақалада бұрыс жолдарды жек көруге әрі олардан аулақ болуға қатысты Ехобаның берген тағы да үш ескертуін қарастырамыз (Заб. 118:128).
[Сілтемелер]
a Ешуа 14:6, 8: “Иуданың ұлдары Галгалға Иисусқа келді. Келді де, Иефоннияның ұлы, Кенезеялық Халев оған былай деді: Жаратушы Ие Кадес-Варнада Құдайдың пендесі Мұсаға мен туралы және сен туралы не айтқанын білемісің; Менімен бірге барған бауырларым халықтың жүрегін шайлықтырды. Ал мен болсам өзімнің Құдайым — Жаратушы Иенің дегенін бұлжытпай орындадым”.
Ешуа 23:14: “Міне, бүгін мен күллі жердің сапарына аттанғалы жатырмын. Ал сендер болсаңдар өз Құдайларың — Жаратушы Ие сендер туралы айтқан ізгі сөздердің бірде-біреуі бос кетпегенін бүкіл жан-жүректеріңмен сезесіңдер; сендер үшін бәрі орындалды, бірде-бір сөз іске аспай қалған жоқ”.
b Руларды санау 15:38, 39: “Исраил ұрпағына хабарла және оларға айт: өз руларында киетін үстеріндегі киімдерінің жиектеріне олар өздеріне тән ілгек баулар [“шашақ” ЖД] қадап алатын болсын және де осы жиектердегі ілгек бауларға жасыл [“көк” ЖД] жүннен иірілген жіп өткізсін; Және де осы ілгек баулардағы әлгі жіптер сендер соған көз салған кезде Жаратушының барлық өсиеттерін еске түсірулерің және оларды орындауларың, әрі өздеріңді бұзық іске жетелейтін өз жүрек әміріңе және көз жетегіне еріп кете бермеулерің үшін”.
Қалай ойлайсың?
Төмендегі жазба орындарындағы принциптерді қалай қолданар едің?
[11-беттегі сурет]
Көпшілікке ергің келген кездерің болған ба?
[13-беттегі сурет]
Сезімнің жетегінде жүру неге қауіпті?
[14-беттегі сурет]
Сен сағым қуып жүрген жоқсың ба?