Ехобаның ұлы күні жақындап қалғандықтан, рухани жетілу үшін алға басыңдар
“Одан бетер жетілу үшін алға басайық” (ЕВР. 6:1).
1, 2. Бірінші ғасырда Иерусалим мен Яһудея аймағында тұратын мәсіхшілерге ‘тауларға қашып құтылуға’ қандай мүмкіндік туды?
ИСА жерде қызмет еткен кезінде, шәкірттері қасына келіп: “Сіздің қайта келуіңіз бен ақыр заманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады (Мат. 24:1—3, 15—22). Исаның оларға жауап ретінде айтқан пайғамбарлығы алғаш рет бірінші ғасырда орындалды. Осы пайғамбарлыққа сай, яһуди жүйесі жойылар алдында ерекше оқиға орын алу керек еді. Мұны көргенде ‘Яһудея аймағындағылар тауларға қашып құтылуы’ керек болды (Мат. 24:1—3, 15—22). Исаның шәкірттері осы белгіні танып-біліп, оның нұсқауына сай әрекет етер ме екен?
2 Шамамен отыз жыл өткен соң, б. з. 61 жылы елші Пауыл Иерусалимде және оның айналасында тұратын мәсіхшілерге пәрменді сөздермен хат жазды. Ол кезде ‘ауыр азаптың’ басталғанын білдіретін оқиғаның орын алуына бес жылдай ғана уақыт қалғаны Пауылға да, өзгелерге де беймәлім еді (Мат. 24:21 сілт.). Б. з. 66 жылы Цестий Галл Рим әскерін Иерусалимге бастап алып келді. Бірақ олар аяқ астынан шегінді де, мәсіхшілерге қауіпсіз жерге қашып кетуге мүмкіндік туды.
3. Пауыл еврей мәсіхшілерін не істеуге шақырды және неге?
3 Иса айтып кеткен “белгіні” танып-біліп, қашып құтылу үшін мәсіхшілер қырағылық пен рухани көрегендік танытулары қажет еді. Алайда олардың кейбірі ‘зейін қойып тыңдамауға’ әдеттеніп кетті. Олар ‘жұтатын сүтті’ қажет ететін рухани сәби сияқты еді (Еврейлерге 5:11—13 оқы). Тіпті ондаған жыл бойы шындық жолында жүрген кейбір мәсіхшілердің Құдайдан алыстап бара жатқаны байқалды (Евр. 3:12). Өзге біреулері зұлмат ‘күн таяп қалған’ кезде мәсіхшілер кездесуіне бармай қалуды “дағдыға” айналдырды (Евр. 10:24, 25). Пауыл оларды: “Мәсіхтің Ізгі хабарының ең бастапқы тәлімін былай қойып, одан бетер жетілу үшін алға басайық”,— деп шақырды. Бұл уақтылы айтылған сөздер еді (Евр. 6:1).
4. Рухани сергек болу неліктен маңызды және бұлай етуге не көмектеседі?
4 Біз Исаның айтып кеткен пайғамбарлығы ақырғы рет орындалып жатқан уақытта өмір сүрудеміз. Шайтанның дүниесі түптамырымен жойылатын “Жаратушы Иенің ұлы күні жақындап қалды” (Соф. 1:14). Сол себепті қазір рухани сергек болатын уақыт (Пет. 1-х. 5:8). Біз солай етіп жүрміз бе? Рухани толысқан адам болғанымыз қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды әрдайым есте ұстауға көмектеседі.
Рухани толысуға не жатады?
5, 6. а) Рухани толысуға не жатады? ә) Рухани толысу үшін қандай екі салада күш салуымыз қажет?
5 Пауыл бірінші ғасырдағы еврей мәсіхшілерін рухани толысуға шақырумен қатар, бұған не жататынын да түсіндірді (Еврейлерге 5:14 оқыa). “Кемеліне келгендер”, яғни рухани толысқандар, ‘сүтті’ қанағат тұтпайды. Олар ‘қатты тағамды’ қабылдайды. Сол себепті олар “бастапқы қарапайым тәлімді” де, ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ да біледі (Қор. 1-х. 2:10). Сондай-ақ олардың түйсіну қабілеті білгендерін іс жүзінде қолдану арқылы машықтанған. Осының арқасында олар жақсы мен жаманды айыра алады әрі шешім қабылдарда қай принципті қалай қолдану керектігін біледі.
6 Пауыл: “Беттеген бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін Мәсіх туралы естігенімізге мықтап ден қоюымыз керек”,— деп жазды (Евр. 2:1). Біз сенімнен ауытқып кеткенімізді аңғармай да қалуымыз мүмкін. Бұған жол бермеу үшін рухани шындыққа мықтап ден қойғанымыз маңызды. Сондықтан өзімізден былай деп сұрағанымыз абзал: “Мен бастапқы қарапайым тәліммен ғана шектелемін бе? Рухани шындықтарды еш ойланбастан, үйреншікті нәрсе ретінде қабылдап жүрген жоқпын ба? Рухани өсу үшін не істеуіме болады?” Рухани толысу үшін, кем дегенде, екі салада бар күшімізді салуымыз қажет. Біз Құдай Сөзін жетік білуіміз және мойынсұнуды үйренуіміз керек.
Құдай Сөзін жетік біл
7. Құдай Сөзін жетік білгеніміздің қандай пайдасы бар?
7 Пауыл былай деп жазды: “Сүтпен” қоректенетіндер Құдай алдында ақталу туралы Ізгі хабарды әлі де не ұқпайды [немесе білмейді], не дұрыс қолдана да алмайды. Олар — рухани сәбилер” (Евр. 5:13). Рухани толысу үшін біз Құдай сөзін, яғни оның бізге жолдаған хабарын, жетік білуіміз қажет. Құдайдың хабары оның Сөзінде жазылғандықтан, біз Киелі кітапты және “адал да ақылды құлдың” басылымдарын мұқият зерттеуіміз керек (Мат. 24:45—47 ЖД). Осының арқасында Құдайдың ой қалпын танып-білеміз, ал бұл түйсіну қабілетімізді машықтандыруға көмектеседі. Архидb есімді мәсіхшінің мысалын қарастырып көрейік. Ол былай дейді: “Киелі кітапты жүйелі түрде оқу туралы кеңес менің өміріме қатты әсер етті. Оны түгел оқып шығу үшін екі жылға жуық уақытым кетті, алайда мен Жаратушымен енді ғана танысып жатқандай болдым. Мен оның жолдарын, нені ұнатып, нені ұнатпайтынын, зор құдіреті мен шексіз даналығын білдім. Киелі кітапты күнделікті оқығаным өмірдегі ең ауыр қиындықтарға төзуге көмектесті”.
8. Құдай Сөзі бізге қалай әсер ете алады?
8 Құдай Сөзін күнделікті оқитын болсақ, ондағы хабардың бізге ‘әсер’ етуіне мүмкіндік береміз (Еврейлерге 4:12 оқы). Бұл біздің болмысымызды қалыптастырады әрі Ехобаға ұнамды бола түсуге көмектеседі. Киелі кітапты оқып, оқығандарыңның үстінен ой жүгірту үшін саған көбірек уақыт бөлу керек емес пе екен?
9, 10. Құдай Сөзін жақсы білу үшін не қажет? Мысал келтір.
9 Киелі кітапты жақсы білу үшін ондағы хабармен таныс болу жеткіліксіз. Пауылдың күндеріндегі рухани сәбилер Құдай Сөзінде не жазылғанын білген болу керек. Бірақ олар ондағы принциптерді өмірлерінде қолданып, пайдасын көрмеді. Шешім қабылдағанда Құдай Сөзін басшылыққа алмағандықтан олар оны білмеді.
10 Құдай Сөзін білу үшін ондағы хабармен танысып, білгендерімізді іс жүзінде қолдануымыз қажет. Кейл есімді бауырласымызбен болған жағдайды қарастырайық. Бірде оның әріптесі екеуінің арасында келіспеушілік туындаған еді. Сонда ол не істеді? Кейл былай дейді: “Бірден Римдіктерге 12:18-дегі сөздер есіме түсті. Онда: “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар”,— делінген. Осы кеңеске сай, мен жұмыстан кейін әріптесіммен сөйлесуді шештім”. Бұл әңгіме жақсы нәтиже әкелді: олар татуласты әрі мәселені осылай шешкені үшін әріптесі Кейлге жылы лебіз білдірді. “Киелі кітап принциптерін қолданар болсақ, қателеспейтінімізге көзім жетті”,— дейді Кейл.
Мойынсұнуды үйрен
11. Ауыр жағдайға тап болғанда мойынсұнушылық таныту қиын болатыны неден көрінеді?
11 Ауыр жағдайға тап болғанда, Киелі кітаптан алған білімімізге сай әрекет ету әсіресе қиын болуы мүмкін. Мысалы, Ехоба Исраил ұлдарын Мысыр құлдығынан босатқаннан кейін, көп ұзамай олар ‘Мұсаға ұрысты’ және ‘Жаратқан Иеге сенбеушілік танытып, Оны еркінсіп сынады’. Неліктен? Бұған ауыз судың тапшылығы себеп болды (Мыс. ш. 17:1—4). Құдаймен келісім жасасып, ‘Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындауды’ уәде еткеннен кейін, екі ай өтпей жатып исраилдіктер жалған тәңірлерге табынбауға қатысты заңды бұзды (Мыс. ш. 24:3, 12—18; 32:1, 2, 7—9). Неге? Мұса Хориб тауына көтеріліп, ұзақ уақыт келмей қойғандықтан, олардың бойларын үрей билеген болар. Бәлкім, олар амалектіктер қайтадан шабуыл жасаса, қорғана алмай қаламыз деп ойлаған шығар. Алдыңғы шайқаста Мұса қолдарын көтеріп тұрғандықтан, олар жеңіске жеткен еді ғой (Мыс. ш. 17:8—16). Қалай болған күнде де, исраилдіктер мойынсұнғыш болғысы келмеді (Ел. іс. 7:39—41). Пауыл мәсіхшілерді Уәде етілген жерге кіруге қорыққан исраилдіктер сияқты тілазар болып кетпеу үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге шақырған (Евр. 4:3, 11).
12. Иса мойынсұнуды қалай үйренді және мұның қандай пайдасы болды?
12 Рухани толысу үшін Ехобаға толық мойынсұнуымыз керек. Иса Мәсіхтің үлгісінен көрінетіндей, адам мойынсұнушылыққа жиі ауыр азаптар шегу арқылы үйренеді (Еврейлерге 5:8, 9 оқы). Иса көкте болған кезінде Әкесіне мойынсұнған. Алайда жерге келгенде, Әкесінің еркін орындау үшін оған тән мен жан азабын шегуге тура келді. Иса аса ауыр жағдайда мойынсұнушылық танытты. Осылайша ол “кемелділікке жеткізіліп” (ЖД), Құдайдың өзіне дайындаған орнын иеленуге, яғни Патша мен бас діни қызметкер болуға, лайық болды.
13. Мойынсұнуды үйренгеніміз неден көрінеді?
13 Біз туралы не деуге болады? Қиын жағдайларда да Ехобаға мойынсұнуға дайынбыз ба? (Петірдің 1-хаты 1:6, 7 оқы). Құдай бізге құлықтылық нормаларын ұстану, шыншыл болу, тілді дұрыс қолдану, Киелі кітапты оқу мен зерттеу, мәсіхшілердің кездесулеріне бару және уағыз ісіне атсалысуға қатысты анық нұсқаулар берген (Ешуа 1:8; Мат. 28:19, 20; Ефес. 4:25, 28, 29; 5:3—5; Евр. 10:24, 25). Бұларды тіпті оңай болмаған кездері де орындаймыз ба? Біздің мойынсұнғыш болғанымыз рухани толысып жатқанымызды көрсетеді.
Рухани толысудың пайдасы
14. Рухани толысуға ұмтылу біз үшін қорғаныш болатынын көрсететін мысал келтір.
14 Жақсы мен жаманды айыруға әбден машықтанған түйсіну қабілеті ‘ұяттан безген’ осы дүниеде мәсіхші үшін нағыз қорғаныш болып табылады (Ефес. 4:19). Жазбаларға негізделген басылымдарды қатты бағалайтын әрі оларды үнемі оқып тұратын Джеймс есімді бауырластың мысалын қарастырайық. Оның әріптестерінің бәрі әйелдер болатын. Джеймс былай дейді: “Олардың көпшілігінің өнегесіз екені анық байқалатын, алайда бір әріптесім әдепті көрінді әрі Киелі кітапқа қызығушылық танытты. Алайда екеуіміз жеке қалып кеткенде, ол мені азғындыққа азғыра бастады. Мен алғашында оны ойнап тұр екен деп ойладым. Бірақ байқасам, ол тоқтар емес. Сол мезетте жұмыс орнында дәл осындай сынаққа кезіккен бауырластың “Күзет мұнарасында” жазылған мысалы есіме түсті. Мақалада Потифардың әйелі азғырмақ болған Жүсіптің оқиғасы келтірілген болатынc. Мен бірден қызды итеріп жібердім де, ол жүгіріп шығып кетті” (Жар. 39:7—12). Джеймс істің насырға шаппағанына әрі ар-ұжданының таза сақталғанына қуанышты болды (Тім. 1-х. 1:5).
15. Рухани толысуға ұмтылғанымыз бейнелі жүрегімізді қалай нығайтады?
15 Сондай-ақ рухани толысуға ұмтылғанымыздың арқасында бейнелі жүрегіміз нығаяды және ‘түрлі бөтен ілімдерге ілесіп кетуден’ аулақ боламыз (Еврейлерге 13:9 оқы). Сонымен қатар “маңыздырақ” нәрселерді әрдайым назарда ұстаймыз (Філіп. 1:9, 10). Нәтижесінде біздің игілігімізді ойлап жасаған барлық істері үшін Құдайға деген ризашылығымыз артады (Рим. 3:24). Иә, ‘ұғынуға келгенде ересектей кемелді болған’ мәсіхшінің ризашылық сезімі арта береді әрі Ехобамен қарым-қатынасы нығаяды (Қор. 1-х. 14:20).
16. Бір бауырласқа ‘мызғымас жүрекке’ ие болуға не көмектесті?
16 Луиза есімді бауырлас шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін біраз уақыт бойы басқалардың көңілінен шығуды ғана ойлағанын айтады. “Мен жаман ештеңе жасап жүрген жоқ едім,— дейді Луиза.— Алайда менде Ехобаға қызмет етуге деген зор ықылас болмады. Ехобаға барымды беріп жатқанымды сезіну үшін қандай да бір өзгерістер жасауым керектігін түсіндім. Мен, ең алдымен, Ехобаға деген қызметімді жан-тәніммен атқаруым керек болды”. Осылай еткеннің арқасында Луиза ‘мызғымас жүрекке’ ие болды әрі бұл оған кейіннен ауыр науқасқа төзуге көмектесті (Жақ. 5:8). Луиза былай дейді: “Маған көп күш жұмсауға тура келді, бірақ осының арқасында мен Ехобаға жақындай түстім”.
‘Шын жүректен құлақ ас’
17. Неліктен бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің мойынсұнушылық танытуы аса маңызды болды?
17 Бірінші ғасырда Иерусалим мен Яһудея аймағында тұрған мәсіхшілер Пауылдың жетілу үшін алға басуға қатысты кеңесіне құлақ асқанның арқасында өмірлерін аман сақтап қалды. Олар зор көрегендік танытып, ‘тауларға қашып құтылатын’ уақытты білдіретін Иса айтып кеткен белгіні тани білді. ‘Киелі үйді бос қалдыратын жексұрын нәрсенің сол жерде’ тұрғанын, яғни Рим әскерлерінің Иерусалимді қоршап, ішіне кіруге тырысқанын көргенде, мәсіхшілер қашатын уақыт келгенін түсінді (Мат. 24:15, 16). Исаның нұсқауына құлақ асқан мәсіхшілер Иерусалимнен кетіп, Евсевий деген тарихшының айтуынша, “Ғалақаттың таулы аймағындағы Пелла деген қалаға қоныстанды”. Сөйтіп, олар Иерусалимде бұрын-соңды болмаған алапаттан аман қалды.
18, 19. а) Неліктен бүгінде мойынсұнғыш болу аса маңызды? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
18 Бүгінде біз де рухани толысуға ұмтылып, мойынсұнуды үйренгеннің арқасында “ауыр азаптың” болатыны туралы Исаның пайғамбарлығы кең көлемде орындалғанда, өмірімізді сақтап қала аламыз (Мат. 24:21 сілт.). Болашақта ‘адал қызметшінің’ шұғыл әрекетті талап ететін кез келген басшылығына құлақ асуға дайынбыз ба? (Лұқа 12:42). ‘Шын жүректен құлақ асуды’ үйренгеніміз қандай маңызды десеңші! (Рим. 6:17 Тт).
19 Рухани толысу үшін біз түйсіну қабілетімізді машықтандыруымыз қажет. Бұл үшін Құдай Сөзін жетік білуге және мойынсұнуды үйренуге талпынуымыз керек. Рухани жетілуге ұмтылған жастар біраз қиындықтарға кезігуі мүмкін. Келесі мақалада оларды жеңуге не көмектесетіні қарастырылады.
[Сілтемелер]
a Еврейлерге 5:14 (ЖД): “Қатты тағам” болса кемеліне келіп, іс жүзінде қолдану арқылы түйсіну қабілетін жақсы мен жаманды айыруға машықтандырғандарға арналған”.
b Кейбір есімдер өзгертілген.
c “Күнәға қарсы тұруға көмектескен батылдық” деген мақаланы қара (“Күзет мұнарасы” (ор.) 1 қазан 1999 жыл.).
Не білдіңдер?
• Рухани толысуға не жатады және бұл үшін не істеуіміз қажет?
• Рухани толысу үшін Құдай Сөзін жетік білгеніміз неге маңызды?
• Мойынсұнуды қалай үйренуге болады?
• Рухани толысудың қандай пайдасы бар?
[10-беттегі сурет]
Қиындықтарды Киелі кітап принциптерінің көмегімен шешкеніміз рухани толысуға талпынатынымызды көрсетеді
[12, 13-беттегі сурет]
Ертедегі мәсіхшілер Исаның нұсқауына құлақ асқанның арқасында аман қалды