Ехобаның сөзі тірі
Жақып пен Петірдің хаттарындағы көңіл бұрарлық ойлар
БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан шамамен 30 жыл өткен соң, шәкірт Жақып — Исаның бауыры — рухани Исраилдің “он екі руына” арнап хат жазды (Жақ. 1:1). Оның мақсаты — оларды сенімдерінде нық тұруға әрі сынақтарда төзімділік танытуға шақыру. Сондай-ақ ол қауымдарда орын алған келеңсіз жайттарды түзетуге қатысты кеңес берді.
Рим императоры Нерон б. з. 64 жылы мәсіхшілерді жаппай қуғындады. Осының алдында ғана елші Петір оларға бірінші хатын жазып, сенімдерінде берік тұруға шақырды. Содан көп ұзамай жазған екінші хатында ол бір сенімдегілерді Құдай сөзіне ден қоюға талпындырды және келе жатқан Ехобаның күні жайында ескертті. Жақып пен Петір жазған хаттардағы хабарларға ден қойғанымыз бізге де пайдалы болары сөзсіз (Евр. 4:12).
‘СЕНІММЕН СҰРАҒАНДАРҒА’ ҚҰДАЙ ДАНАЛЫҚ БЕРЕДІ
Жақып былай деп жазды: “Сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты! Содан өтіп, сенімді екендігі дәлелденгеннен кейін ол бәйге жүлдесіндей “шынайы өмірдің тәжін” иемденбек”. ‘Сеніммен сұрағандарға’ Ехоба сынақтарға төтеп беруге қажетті даналық береді (Жақ. 1:5—8, 12).
Қауымда ‘ұстаз болатындарға’ да сенім мен даналық қажет. Тілді ‘бүкіл денемізді арамдай’ алатын “дененің кішігірім мүшесі” ретінде сипаттағаннан кейін, Жақып адамның Құдаймен қарым-қатынасына нұқсан келтіретін осы дүниелік бейімділіктерден сақтандырды. Сонымен қатар ол рухани ауырған адамның сауығу үшін қандай қадамдар жасауы керектігін атап өтті (Жақ. 3:1, 5, 6; 5:14, 15).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:13. Қай мағынада “мейірім соттаудан үстем”? Құдай алдында есеп бергенде, ол біздің өзгелерге көрсеткен мейірімімізді ескереді және Ұлының төлем құрбандығының негізінде кешіреді (Рим. 14:12). Бұл бізді барынша мейірімділік танытуға талпындырмай ма?
4:5. Жақыптың мұнда келтірген сөздері қай жерде “жазылған”? Ол нақты бір Жазба орнын келтірмеген. Бірақ киелі рухпен жазылған бұл сөздер, яғни “бойымызды мекендейтін рух басқаларды қызғаныштан көре алмайды” деген сөздер (сілтемені қара), келесідей тармақтардағы жалпы ойға негізделген болуы мүмкін: Жаратылыс 6:5; 8:21; Нақыл сөздер 21:10 және Ғалаттықтарға 5:17.
Біз үшін сабақ:
1:14, 15. Күнә дұрыс емес қалаулардан бастау алады. Сондықтан мұндай қалауларды дамытпауымыз керек. Қайта, үнемі рухани нығайтатын нәрселер жайлы ‘ойланып’, ой-санамыз бен жүрегімізді солармен толтыруымыз қажет (Філіп. 4:8).
2:8 сілт., 9. ‘Адамдарды сыртына қарап алалау’ сүйіспеншілікке негізделген ‘патша заңына’ қайшы. Сондықтан шынайы мәсіхшілер ешкімді алаламайды.
2:14—26. Біз Мұса заңын орындау арқылы не мәсіхші ретінде атқарған істеріміз арқылы емес, ‘сенім арқылы құтқарылдық’. Сенім құр Құдайға сенемін деп айтудан да көп нәрсені білдіреді (Ефес. 2:8, 9; Жох. 3:16). Ол бізді Құдайдың еркіне сай әрекет етуге талпындыру керек.
3:13—17. “Көктен келген даналық” “осы күнәкар дүниеге, өз бетімен жүрген ескі болмысымызға және жын-перілерге тән” даналықтан әлдеқайда жоғары екені шүбәсіз. Біз Құдай даналығын ‘көмілген қазынадай іздей’ беруіміз қажет (Нақ. с. 2:1—5).
3:18. Патшалық туралы ізгі хабардың тұқымын ‘татуластырушылар себу’ керек. Олай болса, біздің менмен, жанжалқой не қызба емес, татуластырушы болғанымыз маңызды.
‘СЕНІМДЕРІҢЕ БЕРІК БОЛЫҢДАР’
Петір бір сенімдегілерге ‘сөнбес үміттерін’, көктегі мұраларын, естеріне салды. Сондай-ақ олардың ‘таңдалған нәсіл, патшаның діни қызметкерлері, қасиетті ұлт’ екендіктерін айтты. Мойынсұнуға қатысты нақты кеңес берген соң, барлығын да ‘өзара ниеттес, қуаныш пен қайғыға ортақтас, бір-бірін туған бауырлардай сүйетін, қайырымды да кіші пейіл болуға’ шақырды (Пет. 1-х. 1:3, 4; 2:9; 3:8).
“Күллі дүние атаулының [яһуди жүйесінің] ақыры таяп” қалғандықтан, Петір бауырластарға ‘сиынып дұға ете алу үшін байсалды да салауатты болуға’ кеңес берді. Сосын, оларға: “Салауатты да сергек болыңдар!.. Сенімдеріңе берік болып, [Шайтанға] төтеп беріңдер!”— деді (Пет. 1-х. 4:7; 5:8, 9).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
3:20—22. Шомылдыру рәсімі арқылы қалай құтқарыламыз? Шомылдыру рәсімі — құтқарылғысы келетіндерге қойылатын талап. Бірақ оның өзі бізді құтқарып қала алмайды. Құтқарылу, негізінен, ‘Иса Мәсіхтің қайта тірілуінің’ арқасында жүзеге асады. Шомылдыру рәсімінен өтетін адам Исаның төлем құрбандығы ретінде жанын қиғанының, қайта тірілгенінің және өлілер мен тірілердің үстінен билік алып, ‘Құдайдың оң жағына отырғанының’ арқасында ғана құтқарылатынына сену керек. Осындай сенімге негізделген шомылдыру рәсімі ‘сегіз-ақ кісінің кемеге кіріп, топан судан құтқарылуына’ сай келеді.
4:6 сілт. ‘Ізгі хабар уағыздалған өлілер’ кімдер еді? Олар ізгі хабарды естімес бұрын, ‘күнә жасай бергендіктен рухани өлі’ болғандар (Ефес. 2:1). Алайда ізгі хабарға сенім білдірген соң, олар рухани тіріле бастады.
Біз үшін сабақ:
1:7. Сеніміміз аса бағалы болу үшін, оның сапасы тексерілген, не сыналған, болу керек. Осындай берік сенімнің арқасында ‘мәңгілікке құтқарыламыз’ (Евр. 10:39). Сондықтан сенімімізді тексеретін сынақтардан қашпауымыз қажет.
1:10—12. Періштелер Құдайдың ежелгі уақыттағы пайғамбарларының майланған мәсіхшілер қауымына қатысты жазған терең рухани шындықтарына қызығып, түсінуге ұмтылған. Бірақ бұл шындықтар мәсіхшілер қауымы пайда болғанда ғана айқындала түсті (Ефес. 3:10). Періштелерге еліктеп, біз де ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ түсінуге ұмтылуымыз керек емес пе? (Қор. 1-х. 2:10).
2:21. Бізге үлгі қалдырған Иса Мәсіхке еліктеп, Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдауда тіпті өлімге дейін азап шегуге дайын болуымыз керек.
5:6, 7. Барлық уайымымызды Ехобаға сеніп тапсырсақ, ол ертеңгі күн туралы уайымға салынбай, шынайы ғибадатты әрқашан өмірімізде бірінші орынға қоюға көмектеседі (Мат. 6:33, 34).
‘ЕХОБАНЫҢ КҮНІ КЕЛЕДІ’
Петір былай деп жазды: “Пайғамбарлық сөздер ешқашан адам баласының қалауымен пайда болған емес, қайта, Құдайға бағышталған қасиетті адамдарға Оның хабарларын айтуға Құдайдың Киелі Рухы қозғау салып отырды”. Пайғамбарлық сөздерге көңіл бөлгеніміз бізді “жалған ұстаздар” мен басқа да қауіпті адамдардан қорғайды (Пет. 2-х. 1:21; 2:1—3).
Петір: “Соңғы заманда... сендерді келемеждейтін адамдардың шығатынын біліңдер”,— деп ескертті. Алайда “Ехобаның күні ұры сияқты келеді”. Ол хатын: “Ехобаның күнінің келуін күтіп, оны естеріңде берік ұстаңдар”,— деген дана кеңеспен аяқтады (Пет. 2-х. 3:3, 10—12 ЖД).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:19. ‘Шолпан жұлдызы’ деген кім, ол қашан шықты және оның шыққанын қалай біле аламыз? ‘Шолпан жұлдызы’ — Патшалық билікке келген Иса Мәсіх (Аян 22:16). 1914 жылы Патша ретінде Иса бүкіл жаратылыстың алдына шығып, жаңа күннің басталғанын көрсетті. Исаның салтанатты ұлылығы мен Патшалық билігін алдын ала көрсеткен аян Құдайдың пайғамбарлық сөзінің сенімді екеніне баса назар аударады (Мар. 9:1—3). Бұл сөздерге ден қойғанымыз жүрегімізге сәулесін шашып, түсінік құяды. Осыдан Шолпан жұлдызының шыққанын білеміз.
2:4. “Тозақ” деген не және бүлікшіл періштелер оған қашан тасталды? “Тозақ” деп түпнұсқадағы “тартар” сөзі аударылған. Тартар — адам баласына емес, тек рухани жаратылыстарға ғана арналған қапас сияқты жағдай. Ондай жағдайдағылардың санасын қараңғылық басып, рухани жарықты көрмейді әрі Құдайдың ниеттерін түсінбейді. Оларда болашаққа деген үміт жоқ. Құдай мойынсұнбаған періштелерді тартарға Нұхтың күндерінде тастаған. Олар сол масқара әрі ең төмен саналатын күйде біржола жойылғанға дейін болады.
3:17. Петір “алдын ала біліп” деп нені айтқысы келді? Ол киелі рухтың өзіне және Киелі кітаптың басқа да жазушыларына білдірген болашақтағы оқиғалар жайлы білімді айтқан. Бірақ бұл білім шектеулі болғандықтан, ертедегі мәсіхшілер келешектегі оқиғаларды бүге-шүгесіне дейін білмеген. Олар алдағы жайттардың жалпы жобасын ғана білген.
Біз үшін сабақ:
1:2, 5—7. Сенім, төзімділік, Тәңірге бағышталғандық сияқты қасиеттерді дамытуға барынша күш салғанымыз ‘Құдай мен Иеміз Исаны жақыннан танып білуге’ көмектесіп қана қоймай, осы білімді өмірімізде ‘пайдалы, өнімді’ етеді (Пет. 2-х. 1:8).
1:12—15. ‘Шынайы ілімді берік ұстану’ үшін, қауым кездесулері, жеке зерттеу мен Киелі кітапты оқу арқылы оларды еске салып отыруымыз керек.
2:2. Жүріс-тұрысымыз Құдай мен оның ұйымына кір келтірмейтіндей болу керек (Рим. 2:24).
2:4—9. Ехобаның бұрынғы істерін ескерсек, оның ‘Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді көріп жатқан қуғын-сүргіннен құтқарып, ал әділетсіздерді қиямет соты болатын күнге дейін сақтап, жазалаудың’ жолын білетініне сенімді бола аламыз.
2:10—13. ‘Абыройлы билеушілер’, яғни мәсіхші ақсақалдар, кейде қателік жіберіп жатса да, оларды жамандамаймыз (Евр. 13:7, 17).
3:2—4, 12. ‘Өткен замандарда Құдайдың қасиетті пайғамбарлары айтып кеткен сөздерге және Иеміз бен Құтқарушымыздың өсиетіне’ мұқият ден қойғанымыз Ехобаның күні жақын екенін ұмытпауға көмектеседі.
3:11—14. ‘Ехобаның күнінің келуін күтіп, оны есте берік ұстап’ (ЖД) жүргендер ретінде: 1) тәндік, ой-сана, моральдық және рухани тазалықты сақтау арқылы ‘жүріс-тұрысымыз қасиетті болу’ керек; 2) Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау сияқты ‘Тәңірге ұнамды’ істерді молынан істеуіміз қажет; 3) барлық нәрсені таза ниетпен істеу арқылы және осы дүниемен арамданбау арқылы жүріс-тұрысымыз бен қасиеттеріміз “мүлтіксіз пәк таза” болу қажет; 4) Құдаймен, мәсіхші бауырластармен және өзгелермен ‘тыныштықта’, немесе татулықта, болуымыз керек.