Барлық істе де сенімдісің бе?
“Кішкене істе сенімді болған үлкен істе де сенімді” (ЛҰҚА 16:10).
1. Ехобаның сенімді екені неден көрінеді?
ТАЛДЫҢ көлеңкесін бақылаған кезің болды ма? Ол күн бойына жылжып, әрі жылжыған сайын пішінін де өзгертіп отырады. Адамдардың талпыныстары да, уәделері де жиі көлеңке сияқты тұрақсыз. Ал Ехоба Құдай болса ешқашан өзгермейді. Шәкірт Жақып оны “нұр шашқан аспан денелерін жаратқан [Әкеміз]” дей отырып: “Аспан денелерінің көлеңкелері қозғала бергенмен, Құдайда ешқандай тұрақсыздық жоқ”,— деген (Жақып 1:17). Ехоба тіпті ұсақ-түйек нәрседе де тұрақты әрі оған барлық уақытта сенім артуға болады. Ол — “сенімді” Құдай (Заңды қайталау 32:4).
2. а) Сенімдіміз бе, жоқ па, мұны неге тексеріп көруіміз керек? ә) Сенімді болуға қатысты қандай сұрақтарды қарастырамыз?
2 Ехоба өзіне ғибадат етушілердің сенімді болғанына қалай қарайды? Дәуіт сияқты қарайды. Дәуіт олар туралы былай деген: “Менің көзім жердегі сенімді адамдарда, олар менімен бірге болу үшін; кімде-кім адалдық жолымен жүрсе, сол маған қызмет ететін болады” (Забур 100:6). Иә, Ехоба қызметшілерінің сенімді болғанына қуанады. Сондықтан да елші Пауыл: “Басқарушылардың әрқайсысынан сенімді болуы талап етіледі”,— деп бекер жазбаған (Қорынттықтарға 1-хат 4:2). Сенімді болу деген не? Өміріміздің қай салаларында сенімді әрекет етуіміз керек? ‘Адалдық жолымен жүргендерді’ қандай баталар күтіп тұр?
Сенімді болу деген не?
3. Сенімді екенімізді қалай білуге болады?
3 Еврейлерге 3:5-те ‘Мұсаның Құдайдың адал қызметшісі болғаны’ айтылады. Ол қалай адал болған? Киелі шатырды құру мен ұйымдастыру ісінде “Мұса барлығын да дәл Жаратқан Ие өзіне бұйырғандай етіп жасады” (Мысырдан шығу 40:16). Ехобаға ғибадат етушілер ретінде оған мойынсұнып қызмет етуімізбен сенімді екенімізді көрсетеміз. Бұған, сөз жоқ, ауыр сынақтар мен қиындықтарға кезіккенде, Ехобаға адал болып қалу жатады. Алайда сенімді екеніміз тек ауыр сынақтарға қалай төтеп бергенімізбен ғана анықталмайды. “Кішкене істе сенімді болған үлкен істе де сенімді,— деді Иса,— ал кішкене істе сенімсіз болған үлкен істе де сенімсіз” (Лұқа 16:10). Біз тіпті кішкентай болып көрінетін істе де сенімді болуымыз керек.
4, 5. “Кішкене істе” сенімді болғанымыз нені көрсетеді?
4 Күнделікті “кішкене істе” мойынсұнудың екі маңызды себебі бар. Бірінші себебі — бұл біздің Ехобаның билігіне қалай қарайтынымызды көрсетеді. Алғашқы адам жұбының, яғни Адам мен Хауаның, адалдығы қалай сыналғаны жайлы ойланып көрші. Қойылған талаптың олар үшін түк те қиындығы жоқ еді. Өйткені олар Едем бағындағы барлық жемістен жей алатын, тек бір ғана жеміс ағашының, яғни “жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың”, жемісін жемеулері керек еді (Жаратылыс 2:16, 17). Сол қарапайым бұйрыққа адалдықпен мойынсұнғандары алғашқы адам жұбының Ехобаның билігін қолдайтындарын көрсетер еді. Ехобаның нұсқауларына күнделікті құлақ асуымызбен Оның билігін жақтайтынымызды көрсетеді.
5 Екінші себебі — “кішкене істе” өзімізді қалай ұстағанымыз “үлкен істе де”, дәлірек айтқанда, өмірімізде үлкендеу сынаққа кезіккенде, қалай әрекет еткенімізге әсер етеді. Бұған мысал ретінде Даниял мен оның үш адал еврей жолдасы: Анания, Мисаил және Азарияны алайық. Олар б. з. б. 617 жылы Бабылға тұтқынға алынған болатын. Әлі жас кездерінде, жасөспірім шақтарында болуы керек, бұл төртеуі Набуходоносор патшаның сарайына әкелінеді. Сол жерде оларға “патшаның дастарқанынан күнделікті тамағы мен ішетін шарабын тағайындады және оларды үш жыл тәрбиелеп, сонан соң патшаның алдына алып келуді бұйырды” (Даниял 1:3—5).
6. Бабылдың патша сарайында Даниял мен оның үш жолдасы қандай сынаққа кезікті?
6 Алайда Бабыл патшасының берген тамағы бұл төрт жас еврей жігітіне қиындық тудырады. Себебі патшаның дәмді асында Мұса заңында тыйым салынған тағамдар болғанға ұқсайды (Заңды қайталау 14:3—20). Сондай-ақ сойылған жануарлардың қаны дұрыстап ағызылмаған болса керек, ал мұндай етті жеу Құдай Заңын бұзғандық болар еді (Заңды қайталау 12:23—25). Сонымен қатар тағам жалған тәңірлерге ұсынылған болуы мүмкін, өйткені бабылдықтарда бас қосып тамақтанар алдында осылай ететін әдет-ғұрып болған.
7. Даниял мен үш досының мойынсұнғыштығы нені көрсетті?
7 Белгілі бір тамаққа шектеу қою дегенге патша сарайындағылар, әрине, аса мән бермейтін. Алайда Даниял мен достары жүректерінде Құдай Заңында тыйым салынған тағаммен өздерін арамдамауды шешкен болатын. Бұл олардың Құдайға шексіз берілгендігі мен адалдығына қатысты мәселе еді. Сондықтан өздеріне көкөніс пен су беруді сұрайды және олардың дегендері болады (Даниял 1:9—14). Бүгінде кейбіреулерге сол төрт жігіттің әрекеті болмашы нәрседей көрінетін шығар. Алайда олардың Құдайға мойынсұнғандары даулы сұрақта Ехобаның билігін жақтайтындарын көрсетті.
8. а) Үш еврей жігіті адалдықтарын тексеретін қандай шешуші сынаққа кезікті? ә) Оның нәтижесі қандай болды және бұл нені көрсетеді?
8 Онша мәні жоқ болып көрінуі мүмкін нәрседе сенімді болып қалғандары Даниялдың үш досын одан да үлкен сынаққа төтеп беруге дайындады. Даниял кітабының 3-тарауын ашып, үш еврейді Набуходоносор тұрғызған алтын мүсінге табынудан бас тартқаны үшін қалай өлтірмекші болғанын оқып көр. Патшаның алдына әкелінгенде, олар өз шешімдері жайлы нық сеніммен: “Қызмет ететін Құдайымыздың бізді лаулап жанған пештен құтқаруға күші жетеді, әрі, патша, сенің қолыңнан да құтқарады. Ондай болмаған күнде де, патша, сенің құдайларыңа және орнатқан алтын мүсініңе табынбайтынымыз саған мәлім болсын”,— дейді (Даниял 3:17, 18). Ехоба оларды құтқарды ма? Үш жігітті лаулап жанған пешке тастағандар өліп кетеді де, адал үш еврей пештен тіпті еш жерлері отқа шарпылмастан, аман-есен шығады. Олардың адалдық танытуды әдетке айналдырғандары шешуші сынақ кезінде де сенімді болып қалуларына көмектескен. Бұл кішкене істе сенімді болудың маңызды екенін көрсетпей ме?
“Әділетсіз” байлықты қолдануда сенімді болу
9. Лұқа 16:10-дағы Исаның сөздерінің мәнмәтінінде не айтылады?
9 Кішкене болып көрінетін істе сенімді болған маңызды істерде де сенімді болатыны жайлы принципті айтпас бұрын, Иса тыңдаушыларына: “Байлықтың өзі негізінде әділетсіз болса да, ол біткенде Құдай сендерді мәңгілік мекендерге қабылдасын деп байлықтарыңмен өздеріңе достар табыңдар!”— деп кеңес берді. Сонан соң кішкене істе сенімді болу туралы айтып: “Сондықтан, егер бұ дүниелік байлықтарың барда сенімді болмасаңдар, сендерге көктегі шынайы байлықты кім сеніп тапсырады? ...Ешбір қызметші екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайды. Сол сияқты сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!”— деген (Лұқа 16:9, 10—13, сілтемені қараңдар).
10. “Әділетсіз” байлығымызды жұмсауда сенімді екенімізді қалай көрсетуімізге болады?
10 Исаның Лұқа 16:10-ғы сөздерінің мәнмәтініне сай, “әділетсіз” байлық негізінен қолда бар дүние-мүлікті білдірген. Оның әділетсіз деп аталу себебі — материалдық байлық, әсіресе ақша, күнәкар адамдардың қолында. Оның үстіне, байлыққа құмарту әділетсіз істерге итермелеуі мүмкін. Материалдық игіліктерімізді даналықпен қолдануды үйрене отырып, біз сенімді екенімізді көрсетеміз. Оларды тек қара басымызға жұмсағанның орнына, Патшалықтың мүддесін қолдау және мұқтаждарға көмектесу үшін қолданғымыз келеді. Осы жағынан сенімді болуымызбен Ехобамен және Иса Мәсіхпен, яғни “мәңгілік мекендердің” иелерімен, достасамыз. Олар болса бізді көкте не жерде мәңгі өмір сүретін мекендерге қабылдайды.
11. Неге үй иесіне Ехоба Куәгерлерінің дүниежүзілік ісіне ерікті садақа алатынымызды айтудан тартынбауымыз керек?
11 Сонымен қатар Патшалық хабарын жариялап, Киелі кітап не соған негізделген әдебиетті ұсынған кезде, Ехобаның халқы атқарып жатқан дүниежүзілік іске ерікті садақа қабылдайтынымызды түсіндіргенде, адамдарға қандай мүмкіндік беретініміз жайлы да ойланып көрші. Оларға материалдық игіліктерін даналықпен қолдануға мүмкіндік бермейміз бе?! Лұқа 16:10-дағы сөздер негізінен материалдық игілікке қатысты айтылғанмен, ондағы принципті өміріміздің әр түрлі саласында қолдануға болады.
Адалдық өте маңызды
12, 13. Адалдықты қандай салаларда көрсете аламыз?
12 Елші Пауыл: “Ар-ұжданымыздың таза екеніне сенімдіміз, барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз”,— деп жазған (Еврейлерге 13:18). “Барлық жағдайда” дегенге қаржы-қаражатқа қатысты мәселенің бәрі де кіреді. Біз қарыздарымыз бен алым-салығымызды дер кезінде және адалдықпен төлейміз. Неге? Себебі мұны ар-ұжданымыз таза болу үшін, бірақ, ең бастысы, Құдайды сүйгендіктен және оның нұсқауларына мойынсұнғымыз келгендіктен істейміз (Римдіктерге 13:5, 6). Ал егер біреудің затын тауып алсақ ше? Оны иесіне қайтарып беруге барынша тырысамыз. Адамға затын не үшін қайтарып бергенімізді түсіндіргенде, қандай тамаша куәлік беріледі!
13 Барлық істе сенімді де адал болу деген жұмыс орнымызда да адал болу керек дегенді білдіреді. Жұмыста адал болуымызбен Құдайымыздың қандай екенін көрсетеміз. Біз жалқауланып, жұмыс уақытын ‘ұрламаймыз’. Қайта, Ехоба үшін істеп жүргендей бар ынтамызбен еңбектенеміз (Ефестіктерге 4:28; Қолостықтарға 3:23). Еуропаның бір елінде жұмысшылардың үштен бірі ауырып қалғаннан жұмыстан босату туралы дәрігерден жалған анықтама алады екен. Ал Құдайдың шынайы қызметшілері болса жұмысқа бармай қалудың сылтауын іздемейді. Кейде жұмыс берушілер Ехоба Куәгерлерінің адал әрі бар ынтасымен еңбектенетінін көріп, қызмет дәрежелерін көтеруді ұсынып та жатады (Нақыл сөздер 10:4).
Мәсіхшілер қызметінде сенімді болу
14, 15. Мәсіхшілер қызметінде сенімді екенімізді көрсетудің кейбір жолдары қандай?
14 Өзімізге сеніп тапсырылған қызметімізде сенімді екенімізді қалай көрсетеміз? Киелі кітапта: ‘Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық: Оның “Жаратқан Ие” деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптейік’,— делінген (Еврейлерге 13:15). Қызметімізде сенімді екенімізді көрсетудің ең басты жолы — оған үнемі қатысу. Бір ай бойы Ехоба мен оның ниеті жайлы өзгелерге ауыз ашпауға қандай себеп болуы мүмкін? Уағыздау ісіне үнемі қатысқанымыз қабілетімізді арттырып, қызметте нәтижелі болуымызға да көмектеседі.
15 Қызметте сенімді екенімізді көрсетудің өзге бір жолы — “Күзет мұнарасы” мен “Біздің патшалық қызметіміздегі” кеңестерді қолдану. Берілген не өзге де тиімді ұсыныстарды дайындап, қолданғанда, қызметіміздің әлдеқайда нәтижелі болатынын байқамаймыз ба?! Патшалық туралы хабарға қызығушылық білдіргендерге тез арада-ақ қайта оралып барамыз ба? Ал қызыққан адамдармен Киелі кітап зерттеу сабағын бастаған жағдайда не істейміз? Зерттеу сабақтарын үнемі өткізіп тұруда сенімді әрі адалмыз ба? Қызметімізде сенімді болғанымыздың арқасында тыңдаушыларымыз да, өзіміз де өмірге ие бола аламыз (Тімотеге 1-хат 4:15, 16).
Бұл дүниеден бөлек жүру
16, 17. Осы дүниеден бөлек жүретінімізді қалайша көрсете аламыз?
16 Иса Құдайға айтқан дұғасында ізбасарлары туралы: “Бұларға Сенің хабарыңды білдірдім. Күнәкар дүние оларды жек көріп келеді, себебі Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да сондай емес. Сенен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын. Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес”,— деген (Жохан 17:14—16). Біз бейтараптық, діни мейрамдар мен әдет-ғұрыптар, азғындық сияқты үлкен мәселелерде осы дүниелік болмауға белімізді бекем буған шығармыз. Бірақ кішкене істер жайлы не деуге болады? Тіпті өзіміз де байқамай, осы дүниенің ықпалына беріліп кетуіміз мүмкін бе? Егер абай болмасақ, мысалы, қадіріңді түсіретін және орынсыз киімдер кие бастау қалай оп-оңай десеңші! Сенімді болу киім киіп, сәнденгенде, “қарапайым да сыпайы [“есті”, ЖД]” болуды білдіреді (Тімотеге 1-хат 2:9, 10). Иә, ‘қызметіміз ұятқа қалмасын деп, жұрттың Ізгі хабарды қабылдауларында іс-әрекетімізбен ешкімге ешқандай кедергі жасамаймыз. Қайта, барлық істе де Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтыламыз’ (Қорынттықтарға 2-хат 6:3, 4).
17 Ехобаны дәріптеуді қалайтындықтан, қауым кездесулеріне лайықты киініп барамыз. Көп болып жиналатын аудандық және облыстық конгрестерге де осылай киінеміз. Киіміміз қолайлы әрі әдепті болу керек. Бұл бізді бақылайтындарға куәлік береді. Пауыл мен оның мәсіхші серіктерін бақылағаны сияқты, бізді тіпті періштелер де бақылап отырады (Қорынттықтарға 1-хат 4:9). Сондықтан барлық уақытта лайықты киінуіміз керек. Кейбіреулер үшін киім талғауда сенімді болу болмашы нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ Құдай мұны маңызды деп есептейді.
Сенімді болғандар алатын бата
18, 19. Сенімді болу қандай баталар әкеледі?
18 Шынайы мәсіхшілерді “Тәңірдің сан қилы рақымының үлгілі үй басқарушылары” деп айтады. Міне, сол үшін де олар ‘Тәңірдің өздеріне беретін күш-қуатына’ арқа сүйейді (Петірдің 1-хаты 4:10, ЖД, 11). Сонымен қатар Құдайдың рақымының арқасында үй басқарушылар ретінде өзімізге тиесілі емес көп нәрсе, мысалы, қызмет сеніп тапсырылған. Құдай беретін күшке, яғни өз күшімізден артық “шексіз зор құдіретке”, арқа сүйейтін болсақ, үлгілі үй басқарушылар екенімізді көрсетеміз (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Бұл бізді алда кезігуіміз мүмкін кез келген сынаққа дайындайды.
19 Забур жыршысы: “Барлық әділ жандар, Тәңірді жақсы көріңдер; Сенімділерді Тәңір сақтайды”,— деп жырлаған (Забур 30:24). Олай болса, Ехобаның ‘барлық адамдардың құтқарылуын қалайтын, әрі Ізгі хабарға сенушілердің [“сенімділердің”, ЖД] бәрін құтқаратын’ Құдай екеніне толық сенімді бола отырып, сенімді болып қалуға белді бекем буалық (Тімотеге 1-хат 4:10).
Естеріңде ме?
• Неге біз “кішкене істе сенімді” болуымыз керек?
• Адалдық танытуда...
• қызметімізде...
• осы дүниеден бөлек жүруде...
• қалай сенімді бола аламыз?
[18-беттегі суреттер]
Кішкене істе сенімді болған үлкен істе де сенімді
[21-беттегі сурет]
‘Барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз’
[21-беттегі сурет]
Сенімді екенімізді көрсетудің керемет жолы — уағыздау қызметіне жақсылап дайындалу
[22-беттегі сурет]
Киім кигенде, сәнденгенде қарапайым бол