ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
Неке бұзылғалы тұрған болса
1, 2. Некеде қиындықтар бар болса өзімізге қандай сұрақ қоюымыз керек?
ЛЮЧИЯ деген италиялық бір әйел 1988 жылы қатты жан күйзелісінде болдыa. Отасқандарына он жыл болған кезде оның отбасы ойран болды. Күйеуімен татуласуға әлденеше рет әрекеттенгенімен еш нәтиже шықпады. Сондықтан, мінездері үйлеспей, Лючия күйеуінен кетіп қалды. Енді болса екі қызын жалғыз өзі тәрбиелеуі керек болып отыр. “Некені сақтап қалу енді мүмкін еместігіне сенімді болатынмын”,— деп есіне алады Лючия сол уақытқа қарап.
2 Некеде қиындықтарың бар болса, саған Лючияның сезімі түсінікті шығар. Бәлкім некең сәтсіз болып шығып, енді оны сақтап қалу мүмкін бе екен деп ойлап жүрген шығарсың. Егер солай болса, өзіңнен “Құдайдың Киелі кітап арқылы некеде жетістікке жету үшін беріп отырған барлық кеңестерін орындап жүрмін бе?” деп сұрап, жан-жақты ойлану пайдалы (Забур 118:105).
3. Ажырасу кең етек алғанымен, көпшілік ажырасқан адамдар мен олардың отбасылары не сезінеді?
3 Ерлі-зайыптылардың арасында үлкен дау-жанжал туғанда, қиындықты ажырасу арқылы шешу жеңіл боп көрінуі мүмкін. Бірақ, көптеген елдерде ойран болған отбасыларының саны өмірі болмағандай күрт өскеніне қарамастан, жуырда болған зерттеулердің нәтижесі, ажырасқан ерлер мен әйелдердің көп пайызы айырылысқандарына өкінетіндігін көрсетті. Некеде қалғандарға қарағанда олардың көпшілігі тән және психика ауруларымен көбірек ауырады. Әке-шешесі ажырасып кеткен балаларда болатын абыржу мен қайғы жиі көптеген жылдар бойы басылмайды. Ажырасқан ерлі-зайыптылардың ата-аналары мен достары да қиналады. Ал некенің негізін Қалаушы — Құдай бұған қалай қарайды?
4. Некедегі қиындықтарды қалайша шешу керек?
4 Алдыңғы тарауларда Құдайдың некенің өмірлік болуын қалайтындығы айтылған болатын (Жаратылыс 2:24). Неге ендеше соншама көп некелер бұзылуда? Бұл кенеттен болмайды. Әдетте сақтандыратын белгілері болады. Некеде көзге көрінбейтін қиындықтар шешу мүмкін емес боп көрінгенге дейін өсе беруі, өсе беруі мүмкін. Алайда бұл қиындықтарды Киелі кітаптың көмегімен уақытында шешіп отырса, көптеген ажырасулардың алдын алуға болады.
КӨЗҚАРАСТАРЫҢ ӨМІР ШЫНДЫҒЫНА САЙ БОЛСЫН
5. Ерлі-зайыптылар өмір шындығына сай қандай жағдайға дайын болулары керек?
5 Кейде ерлі-зайыптылардың бірінің не екеуінің де іске асуы мүмкін емес арман-дерті қиындықтарға әкеп соқтырып жатады. Махаббат туралы романдар, көпшілікке танымал журналдар, теледидар бағдарламалары және кинофильмдер адамның осындай өмір шындығына сай келмейтін нәрселерге үміттеніп, армандауына ықпал етеді. Армандары орындалмай қалғанда адам өзін алданып қалғандай сезінеді, оның көңілі толмайды, тіпті ызаланады. Қалай екі кемелсіз адам некеде бақытқа қол жеткізе алады? Жақсы қарым-қатынас дамыту үшін күш жұмсау керек.
6. а) Киелі кітапта некеге қатысты қандай байсалды көзқарас айтылған? ә) Некедегі келіспеушіліктердің кейбір себептері қандай?
6 Киелі кітап — тиімді кітап. Бұл кітап некенің қуанышқа бөлейтіндігін мойындайды, дегенмен “үйленгендер өмірлерінде көп ауыртпалық көреді” деп ескертеді (1 Қорынттықтарға 7:28). Бұған дейін айтылып кеткендей, ерлі-зайыптылардың екеуі де кемелсіз, әрі қателесуге бейім. Олардың ақыл-ойымен, жан дүниесімен қабылдау қабілеттері және тәрбиесі әрқалай. Кейде ақшаның, балалардың және туысқандарының кесірінен қиындық туады. Егер бірге болуға жеткілікті уақыт бөлмейтін болса, не жыныстық қатынас жағынан қиындықтары бар болса, бұл да дау-жанжалға әкеп соқтыруы мүмкінb. Мұның бәрін жөнге келтіру үшін уақыт керек, дегенмен жігерлі болыңдар! Мұндай қиындықтарды бірге қарсы алып, екеуіне де ыңғайлы етіп шешу көптеген ерлі-зайыптылардың қолынан келеді.
КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДІ ТАЛҚЫЛАҢДАР
7, 8. Ерлі-зайыптылар өзара түсініспей қалса немесе жандарына тисе, мұны Киелі кітап бойынша қалай шешуге болады?
7 Көпшілігіне жанына батқан, түсінбеген нәрселерін, болмаса кемшіліктерін айтқанда сабыр сақтау қиын. “Сен мені түсінбеген сияқтысың”,— деп бірден айтудың орнына, адам қобалжып, түймедейді түйедей етуі мүмкін. Көпшілігі: “Сен тек өзіңді ойлайсың. Сен мені сүймейсің”,— деуі мүмкін. Дауласқысы келмей жұбайы үндемей қоя салуы мүмкін.
8 Ең дұрысы — Киелі кітаптағы “ашуланғанда, күнә жасамаңдар; күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар” деген кеңесті орындау (Ефестіктерге 4:26). Отасқандарына алпыс жыл болған бір ерлі-зайыптылардан некедегі жетістіктерінің сырын сұрайды. Сонда күйеуі: “Келіспей қалған нәрсеміз қандай түкке тұрғысыз болса да, оның басын ашып алмай ұйықтамауды үйрендік”,— деп жауап береді.
9. а) Киелі кітап пікір алмасудың маңызды бөлігі ретінде нендей нәрсеге нұсқайды? ә) Ерлі-зайыптылар, бұл үшін тіпті кіші пейілділік пен батылдық қажет болса да, жиі не істеулері керек?
9 Күйеуі мен әйелінің пікірлері әрқалай болғанда, олардың әрбірі “тыңдауға — жылдам, сөзге — баяу, ашуға — баяу” болуы керек (Жақып 1:19). Бір-бірін мұқият тыңдағаннан соң, олардың екеуі де өздерінің кешірім сұраулары керек екендігін түсінуі мүмкін. (Жақып 5:16). “Мен сенің жаныңа тиіп кеттім, кешірші мені” деген сөздерді шын жүректен айту үшін кіші пейілділік пен батылдық керек. Дегенмен келіспеушілікті осылай шешудің ерлі-зайыптылар үшін пайдасы зор. Бұл оларға қиындықты шешуге ғана емес, сонымен қатар бір-бірімен пікір алмасудан көп қанағат алуға ықпал ететін жылы әрі тығыз қарым-қатынас дамытуға көмектеседі.
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛЫҚ МІНДЕТТІ ОРЫНДАУ
10. Пауылдың қорынттықтарға берген қандай кеңесі бүгінгі мәсіхшілер үшін қорған бола алады?
10 Елші Пауыл қорынттықтарға жазғанда, оларға “азғындықтан сақтану үшін” некеге тұруға кеңес берді (1 Қорынттықтарға 7:2). Бүгінгі күні де жағдай тура ежелгі Қорынттағыдай, тіпті одан да жаман. Осы дүниелік адамдар бір-бірімен ұялмай-қызармай талқылайтын азғындық туралы тақырыптар, ашық-шашық киім, журналдар мен кітаптарда жазылып, теледидар хабарлары мен кинофильмдер арқылы көрсетіліп жатқан адамдардың жыныстық қатынасқа құмарлығын оятатын оқиғалар — бұлардың бәрі заңсыз жыныстық қатынасқа итермелейді. Осыған ұқсас ортада өмір кешкен қорынттықтарға елші Пауыл: “Құмарлықтың отына күйіп-жанғанша, үйленгендері жақсы”,— деген болатын (1 Қорынттықтарға 7:9).
11, 12. а) Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қандай міндеті бар және оны орындауға деген олардың көзқарасы қандай болуы керек? ә) Ерлі-зайыптылық міндетті орындаудан уақытша бас тартуға тура келген жағдайда не істеу керек?
11 Сондықтан Киелі кітап некеде тұрған мәсіхшілерге: “Күйеуі әйеліне, ал әйелі күйеуіне тиісті ықылас көрсетулері керек”,— деп бұйырады (1 Қорынттықтарға 7:3). Байқап қарайықшы, екпін алуға емес, беруге түсіп тұр. Некедегі жыныстық қатынас жұбайлардың екеуі бірдей тек өзгенің игілігін ойлағанда нағыз қанағат әкеледі. Мысалы, Киелі кітап күйеулерге әйелдеріңмен “алған білімдеріңе сәйкес” қарым-қатынас жасаңдар деп бұйырады (1 Петір 3:7, ЖД). Бұл ерлі-зайыптылардың арасындағы жыныстық қарым-қатынаста әсіресе маңызды. Күйеуінен жұмсақтық көрмейтін әйелді өзара жыныстық қатынастың қуантуы екіталай.
12 Кейбір жағдайларда ерлі-зайыптылардың біріне жыныстық қатынастан бас тартуға тура келуі мүмкін. Әйел айдың белгілі бір күндерінде не қатты шаршағанда осылай істеуі мүмкін. (Леуі 18:19, салыстырыңдар.) Жұмысында үлкен жағымсыз жағдай болып, эмоциялық жағынан қатты таусылғанда күйеу де осылай істеуі мүмкін. Ерлі-зайыптылық міндетті орындаудан уақытша бас тартуға тура келгенде, ең жақсысы — бір-біріне бәрін ашып айтып, “келісіп” тірлік ету (1 Қорынттықтарға 7:5). Бұл жұбайлардың дереу жаманға жоруына жол бермейді. Бірақ әйелі ерлі-зайыптылық міндетті орындаудан бас тартып қасарысатын болса, немесе күйеуі міндетін сүйіспеншілікпен орындаудан саналы түрде бас тартатын болса, екінші өмірлік жардың азғыруларға қарсы тұра алуы қиындайды. Мұндай жағдайда некеде қиындық тууы мүмкін.
13. Өзінің ақыл-ойын таза сақтау үшін мәсіхшілер не істей алады?
13 Барлық мәсіхшілер сияқты, Құдайдың үйленген қызметшілері де таза емес әрі адами болмысқа жат ықылас оятатын порнографиядан аулақ жүрулері керек (Қолостықтарға 3:5). Сондай-ақ қарама-қарсы жынысты адамдармен қарым-қатынаста не ойлап, не істеп жүргенін қадағалаулары керек. Иса: “Кімде-кім бір әйелге құмарлықпен қараса, ол сол сәтте-ақ өзінің қөңілінде онымен неке адалдығын бұзған болады”,— деп ескерткен болатын (Матай 5:28). Киелі кітаптағы жыныстық қатынасқа қатысты кеңестерді қолдану арқылы ерлі-зайыптылар азғыруларға қарсы тұрып, неке адалдығын бұзудың алдын ала алады. Некедегі жақындасудан олар әрі қарай да ләззат алып, мұны некенің негізін Қалаушы Ехобаның сыйы ретінде бағалай алады (Нақыл сөздер 5:15—19).
КИЕЛІ КІТАПТЫҢ АЖЫРАСУҒА БЕРЕР НЕГІЗІ
14. Кейде қандай қайғылы жағдай пайда болып жатады? Неліктен?
14 Бақытымызға орай, некеде тұрған мәсіхшілердің көпшілігі пайда болып жатқан кез келген қиындықтарды жеңуде. Алайда кейде жағдай басқаша болып жатады. Адамдар кемелсіз болғандықтан, әрі Шайтан билеп отырған күнәкар дүниеде өмір сүріп отырғандықтан, кейбір некелер бұзылуға жақын (1 Жохан 5:19). Осындай қиын жағдайларда мәсіхшілер не істеуі керек?
15. а) Киелі кітапта ажырасып, қайтадан некеге тұруға негіз болатын қандай жалғыз себеп бар? ә) Неліктен кейбіреулер неке адалдығының бұзылғанына қарамастан ажыраспауды ұйғарады?
15 Осы кітаптың екінші тарауында айтылып кеткендей, Киелі кітапта, ажырасып, қайта некеге тұруға негіз болатын жалғыз ғана себеп бар. Бұл — неке адалдығының бұзылуы (Матай 19:9)c. Жұбайыңның адал еместігін растайтын нақты айғақтарың бар болса, сен шешім қабылдауды қажет ететін қиын жағдайдасың. Некені сақтап қалған дұрыс па, әлде ажырасқан дұрыс па? Бұл жерде ешқандай да нақты ереже жоқ. Кейбір мәсіхшілер істеген ісіне шын жүректен өкінген өмірлік жарын толық кешіреді де, әрі қарай жақсы өмір кешіп жатады. Басқалары болса балалары үшін жұбайымен ажыраспауды ұйғарып жатады.
16. а) Кейбіреулердің адасқан өмірлік жарымен ажырасуына себеп болатын не? ә) Неліктен ажырасу-ажыраспауды ұйғарғанда кінәсы жоқ жұбайды ешкім сынамауы керек?
16 Екіншіден, күнәкар қылық жүктілікке немесе жыныстық жолмен берілетін ауру жұқтыруға әкеп соқтырған шығар. Болмаса, балаларды ата-ананың бірінің зорлауынан қорғау керек шығар. Шешім қабылдамас бұрын көп нәрсені алдын ала ойлап алу керек екені анық. Алайда неке адалдығын бұзғандығын білгеннен кейін жұбайыңмен жыныстық қатынасқа түсетін болсаң, мұнымен сен оны кешіргендігіңді және некені сақтап қалғың келгендігін көрсетесің. Мұндай жағдайда ажырасып, қайтадан некеге тұруға негіз болатын Киелі кітапта себеп енді жоқ. Ешбір адам килігіп, қабылдайтын шешіміңе ықпал етуге тырыспауы керек, сондай-ақ қабылдаған шешімің үшін сені сынауға ешкімнің құқығы жоқ. Шешкен де өзің, соған сай өмір кешетін де өзің. “Әркім өз жүгін өзі көтереді” (Ғалаттықтарға 6:5).
БӨЛЕК ТҰРУҒА НЕГІЗ
17. Киелі жазбаға сәйкес, неке адалдығы бұзылмаған жағдайда бөлек тұру мен ажырасу нендей нәрсеге құқылы етпейді?
17 Өмірлік жар неке адалдығын бұзбаса да бөлек тұруды немесе, бәлкім, ажырасуды ақтауға болатын жағдай болуы мүмкін бе? Иә, мүмкін, бірақ мұндай жағдайда мәсіхшінің басқа өмірлік жар іздеуге бас бостандығы жоқ (Матай 5:32). Киелі кітап бөлек тұруға мүмкіндік бергенімен, ол “салт басты болып қала берсін, не күйеуімен қайта татулассын” деп қосады (1 Қорынттықтарға 7:11). Қандай аса қиын жағдайларда бөлек тұру парасаттылыққа жатуы мүмкін?
18, 19. Қандай аса қиын жағдайлар ерлі-зайыптылардың бірін қайтадан некеге тұруға мүмкіндігі болмайтындығына қарамастан сот шешімі бойынша бөлек тұруға не болмаса ажырасуға мәжбүр етуі мүмкін?
18 Күйеудің жалқаулығы мен зиянды әдеттерінің кесірінен отбасы тіршілік етуге қажетті қаражаттан жұрдай болуы мүмкінd. Мүмкін отбасының табысының бәрін ойынға ұтқызатын шығар немесе есірткі мен спиртті ішімдіктерге жұмсайтын шығар. Киелі кітапта: “Үй ішінің қамын ойламайтын адам — сенімінен бас тартқан, тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман”,— делінген (1 Тімотеге 5:8). Мұндай адам өміріне өзгеріс енгізуден бас тартатын болса, тіпті әйелінің тапқан-таянғанын да өзінің жаман әдетін қанағаттандыру үшін шашып жүрген болар, әйелі, егер тұрып жатқан елдің заңында қарастырылған болса, сот шешімі бойынша бөлек тұру құқығына ие болып, өзінің және балаларының игілігін қорғауды ұйғаруы мүмкін.
19 Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың бірі жарының денсаулығына, тіпті өміріне нұқсан келетіндей дәрежеде қайта-қайта ұрып-соғып барынша қатыгездік көрсететін болса, осындай заңды шара туралы ойлауға болады. Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың бірі екіншісін Құдайдың талаптарын бұзуға қалай да мәжбүр етуге үнемі тырысатын болса, әсіресе рухани саулығына қауіп төнетін болса, бөлек тұру туралы ойлауға болады. Осындай қауіпті жағдайды бастан кешіп отырған жар ‘адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдаудың’ бірден-бір жолы сот шешімі бойынша бөлек тұру құқығын алу деген ұйғарымға келуі мүмкін (Елшілердің істері 5:29).
20. а) Отбасы ойран болғалы тұрғанда рухани толысқан достары мен қауым қариялары нені ұсына алады және олар нені ұсынбауы керек? ә) Киелі кітаптағы бөлек тұру және ажырасу туралы тармақтар некеде тұрғандар үшін ненің сылтауына айналмауы керек?
20 Кез келген шектен тыс қатыгездік жасалған жағдайда кінәсы жоқ адамға, өмірлік жарынан кетуге не онымен бірге қалуға мәжбүр болатындай етіп, ешкім қысым көрсетпеуі керек. Рухани толысқан достары мен қауым қариялары демеу болып, Киелі кітапқа негізделген кеңестер бере алғанымен, олар күйеу мен әйелдің арасында болып жатқан нәрселерді егжей-тегжейіне дейін білмейді. Оны Ехоба ғана біледі. Әрине, некені бұзу үшін мәсіхші әйел негізсіз сылтау қолданатын болса, оның Құдайдың неке құрылымын сыйламағаны. Ал отбасында қалу өте қауіпті болса, бөлек тұруды ұйғарғаны үшін мәсіхші әйелді ешкім сынамауы керек. Мұны бөлек тұруды ұйғарған мәсіхші күйеуге байланысты да айтуға болады. “Бәріміз де қиямет күні Құдайдың алдына барамыз” (Римдіктерге 14:10).
БҰЗЫЛҒАЛЫ ТҰРҒАН НЕКЕНІҢ САҚТАЛЫП ҚАЛУЫ
21. Киелі кітаптың некеге қатысты кеңестерінің көмектесетінін қандай мысал көрсетіп отыр?
21 Бұған дейін айтылған Лючия күйеуінен кетіп қалғанына үш ай болғанда Ехоба Куәгерлерін кездестіреді де, олармен бірге Киелі кітапты зерттеуді бастайды. “Мен қатты таңғалдым, өйткені Киелі кітапта менің қиындықтарымның тиімді шешімдері бар екен,— дейді Лючия.— Оқығаныма бар болғаны бір-ақ апта болғанда менің күйеуіммен қайта татуласқым келді. Қазір мен Ехоба бұзылғалы тұрған некелерді қалай аман сақтап қалу керектігін біледі деп айта аламын, өйткені оның ілімдері ерлі-зайыптыларды бір-бірін сыйлауға үйретеді. Ехоба Куәгерлері отбасыларын бұзады-мыш деген тұжырым жалған. Менің жағдайымда тап керісінше болды”. Лючия Киелі кітап принциптерін өмірде қолдануды үйренді.
22. Ерлі-зайыптылардың бәрінің нендей нәрсеге батыл сенуіне болады?
22 Лючия көп мысалдардың бірі ғана. Неке ауыр жүк емес, керісінше, бата болуы керек. Сол үшін де бізге Ехоба некеге қатысты кеңестердің тамаша қайнар көзі — өзінің баға жетпес Сөзін берді. Киелі кітап “ақылсыздарды парасатты етеді” (Забур 18:8—12). Ол бұзылғалы тұрған көптеген некелерді аман сақтап қалған және соның көмегімен көптеген отбасылары үлкен қиындықтарын шешкен. Ехоба Құдайдың беріп жатқан кеңестеріне ерлі зайыптылардың барлығы да сенім артқай. Ол кеңестер шынында да көмектеседі!
a Есімі өзгертілген.
b Бұл сұрақтардың кейбірі алдыңғы тарауларда қарастырылған болатын.
c “Неке адалдығын бұзу” деп аударылып отырған Киелі кітаптың “порнея” деген сөзі сондай-ақ жарының көзіне шөп салуды, гомосексуализмді, малмен жыныстық қатынаста болуды және жыныс мүшелері қолданылатын басқа да тыйым салынған істерді саналы түрде істеуді білдіреді.
d Бұл күйеуі отбасын қамтамасыз еткісі келетін, бірақ өзі өзгерте алмайтын себептермен мұны істей алмайтын — мысалы ол науқас болған не жұмыс таба алмай жүрген — жағдайларға қатысты емес.