‘Құдай рақымының басқарушысысың’ ба?
“Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар” (РИМ. 12:10).
1. Киелі кітапта жұбаныш беретін қандай сөздер бар?
КИЕЛІ КІТАПТА Ехобаның бізді еңсеміз түскенде не жүрегіміз жараланғанда қолдайтыны көп рет айтылған. Мысалы, жұбаныш беретін келесі сөздерге назар аударшы. “Жаратушы барлық жағдайы нашарларды қолдайды және бұзық ниеттілердің [“еңсесі түскендердің” ЖД] барлығын қалпына келтіреді”. “Ол жүрегі уайым-қайғыға батқандарды айықтырады және олардың қайғыларын емдеп жазады” (Заб. 144:14; 146:3). Бұған қоса, көктегі Әкеміздің өзі былай дейді: “Мен, сиынатын Құдай Иең, Сені оң қолыңнан сүйемелдеймін. Қорықпа, Мен сені қолдап қорғаймын!— деп саған берік уәде беремін” (Ишая 41:13).
2. Ехоба өз қызметшілеріне қалай қолдау көрсетеді?
2 Алайда көкте мекендейтін Ехоба бізді қалай ‘қолымыздан сүйемелдейді’? Қалайша ол қайғыдан ‘еңсесі түскендерді қалпына келтіреді’? Ехоба Құдай әртүрлі жолмен қолдау көрсетеді. Мысалы, ол киелі рухы арқылы халқына ‘өз күштерінен артық күш’ береді (Қор. 2-х. 4:7 ЖД; Жох. 14:16, 17). Сондай-ақ Құдайдың қызметшілері киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзіндегі хабардан жігер алады (Евр. 4:12). Ехоба бізді тағы басқа бір жолмен нығайтады. Мұны Петірдің бірінші хатынан білуге болады.
‘Сан қилы жолмен көрсетілетін Құдай рақымы’
3. а) Қиыншылықтар жайлы елші Петір не айтты? ә) Петірдің бірінші хатының екінші жартысында не талқыланады?
3 Елші Петір киелі рухпен майланған сенушілерге жолдаған хатында оларды алда зор баталар күтіп тұрғандықтан қуануға келелі себеп бар екенін жазады. Содан кейін олардың ‘біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көретінін’ айтады (Пет. 1-х. 1:1—6). Осы тармақтың түпнұсқасында “сан-қилы қуғын-сүргін” делінген. Демек, мәсіхшілерді алда әртүрлі қиыншылық күтіп тұрды. Бірақ Петір бауырластарын алдағы сан-қилы сынақтардан өте аламыз ба, жоқ па, деген оймен қалдырған жоқ. Қайта, ол мәсіхшілердің кез келген қиындықты жеңуге Ехоба көмектесетініне сенімді болулары керек екенін көрсетті. Оның бұл сөздерін ‘күллі дүние атаулының ақырына’ қатысты мәселелер талқыланған бірінші хатының екінші жартысынан табуға болады (Пет. 1-х. 4:7).
4. Неліктен Петірдің 1-хаты 4:10-дағы сөздер бізге жұбаныш береді?
4 Петір былай деп жазды: “Сан қилы жолмен көрсетілетін Құдай рақымының жақсы басқарушылары ретінде әрқайсың алған сыйларыңды шамасына қарай бір-біріңе қызмет етуге қолданыңдар” (Пет. 1-х. 4:10 ЖД). Мұнда Петір тағы да “сан қилы” деген сөз қолданған. Былайша айтқанда ол: “Басымызға түсетін қиыншылықтардың түрі көп болады, алайда Құдайдың рақымы да көп жолмен көрсетіледі”,— деген. Неліктен бұл сөздер жұбаныш береді? Себебі бұл сөздер қиыншылықтың қандай түріне кезіксек те, Құдай рақымының соған сай көрсетілетініне нұсқайды. Ал Ехобаның рақымы бізге қалай көрсетілетінін байқадың ба? Мәсіхші бауырластарымыз арқылы көрсетіледі.
“Бір-біріңе қызмет етіңдер”
5. а) Әрбір мәсіхші не істеуі керек? ә) Қандай сұрақтар туындайды?
5 Петір мәсіхшілер қауымындағылардың бәріне: “Ең бастысы бір-біріңді шынайы сүйіңдер”,— деген. Содан кейін: “Алған сыйларыңды шамасына қарай бір-біріңе қызмет етуге қолданыңдар”,— деп қосты (Пет. 1-х. 4:8, 10 ЖД). Демек, қауымдағы әрбір мәсіхші бауырласын жігерлендіруі керек. Ехоба бізге өзінің бір құнды нәрсесін сеніп тапсырған, әрі біз оны басқаларға үлестіруге міндеттіміз. Бұл не нәрсе? Петір оны “сый” деп атаған. Ол қандай сый? Оны қалай ‘бір-бірімізге қызмет етуге қолдана’ аламыз?
6. Мәсіхшілерге қандай сыйлар берілген?
6 Құдай Сөзінде: “Көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де [сыйлық та] игі”,— делінген (Жақ. 1:17). Расында да, Ехоба өз халқына берген сыйдың бәрі оның рақымының белгісі болып табылады. Оның бізге берген ең керемет сыйы — киелі рухы. Осы сыйдың арқасында біз сүйіспеншілік, ізгілік және ілтипаттылық сияқты Құдайға ұнамды қасиеттер дамыта аламыз. Ал мұндай қасиеттер, өз кезегінде, бір сенімдегі мәсіхшілерге бауырмалдық танытуға және қолдау көрсетуге талпындырады. Сондай-ақ нағыз даналық пен білім — киелі рухтың арқасында ие бола алатын сыйлар (Қор. 1-х. 2:10—16; Ғал. 5:22, 23). Өзіміздегі бар күш-қуатты, түрлі қабілеттеріміз бен дарындарымызды да көктегі Әкемізді мадақтау үшін қолданылатын сыйлар деп қарастыруымызға болады. Біз қабілеттеріміз бен қасиеттерімізді мәсіхші бауырластарымызға Құдай рақымын көрсетудің құралы ретінде қолдануға міндеттіміз.
“Сыйларыңды қызмет етуге қолданыңдар”. Қалай?
7. а) ‘Сыйдың шамасына қарай’ деген нені білдіреді? ә) Өзімізге қандай сұрақтар қойған жөн және неге?
7 Петір алған сыйларымызға қатысты тағы былай деп жазған: “Алған сыйларыңды шамасына қарай... қолданыңдар”. ‘Сыйдың шамасына қарай’ деген әр адамдағы қасиет пен қабілеттің түрі де, мөлшері де әртүрлі болатынын білдіреді. Дегенмен мәсіхшілердің әрқайсысы ‘алған сыйларын [кез келген сыйды] бір-біріне қызмет етуге қолдануға’ шақырылады. Сондай-ақ сыйды ‘жақсы басқарушылар ретінде... қолданыңдар’ деген сөздер бұйрық болып табылады. Олай болса, өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: Мен өзіме берілген сыйларды шынымен мәсіхші бауырластарымды нығайту үшін қолданамын ба? (Тім. 1-х. 5:9, 10). Әлде Ехоба берген қабілеттерімді көбінесе өз мүддем үшін, мысалға байлық пен мансап үшін, қолданып жүрмін бе? (Қор. 1-х. 4:7). Алған сыйларымызды ‘бір-бірімізге қызмет етуге қолданғанымыз’ Ехобаға ұнайды (Нақ. с. 19:17; Еврейлерге 13:16 оқы).
8, 9. а) Мәсіхшілер дүниежүзіндегі бауырластарына қалай қызмет етеді? ә) Сенің қауымыңда бауырластар бір-біріне қалай көмектеседі?
8 Құдай Сөзінде бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің бір-біріне түрлі жолдармен қызмет еткені жазылған (Римдіктерге 15:25, 26; Тімотеге 2-хат 1:16—18 оқы). Бүгін де шынайы мәсіхшілер сыйларын бауырластарының игілі үшін қолданып, берілген бұйрықты шын жүректен орындап жүр. Қазір мұның кейбір мысалын қарастырып көрейік.
9 Көптеген ер бауырластар қауым кездесулеріндегі баяндамаларды дайындау үшін ай сайын көп уақыттарын жұмсайды. Олар Киелі кітапты жеке зерттеу кезінде тапқан бағалы рухани ойларды кездесулерде айтып, қауымдағылардың бәрін нығайтады (Тім. 1-х. 5:17). Бір сенімдегі мәсіхшілерге жылулық пен жанашырлық танытып жүрген бауырластар да аз емес (Рим. 12:15). Кейбіреулер “жаны күйзелгендерді” (ЖД) жігерлендіріп, олармен бірге дұға етеді (Сал. 1-х. 5:14). Бақа біреулері сынаққа кезігіп жүрген бауырластарға жігерлендіретін сөздер жазып, қамқорлық көрсетеді. Тағы басқалары денсаулығы нашар бауырластарға қауым кездесулерге баруға көмектеседі. Мыңдаған Куәгерлер апаттардан зардап шеккен бауырластардың үйлерін қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысады. Осындай қамқор мәсіхшілердің көрсетіп жатқан бауырмалдығы мен көмегі “сан қилы жолмен көрсетілетін Құдай рақымының” көрінісі болып табылады (Петірдің 1-хаты 4:11 оқы).
Қайсысы маңыздырақ?
10. а) Пауыл Ехоба алдындағы қызметтің қандай екі қыры бар екенін мойындаған? ә) Біз Пауылға қалай еліктейміз?
10 Құдайдың қызметшілеріне бауырластарының игілігі үшін қолдану керек сый ғана емес, маңайындағыларға тарату керек ізгі хабар да берілген. Елші Пауыл Ехобаның алдындағы қызметтің осындай екі қыры бар екенін мойындаған. Ол Ефестегі қауымның мүддесі үшін өзіне “Құдай рақымын басқару ісі” тапсырылғаны туралы жазған (Ефес. 3:2 ЖД). Сондай-ақ ол: “Құдай лайық деп тауып, Ізгі хабарды бізге сеніп тапсырды”,— деп жазған (Сал. 1-х. 2:4). Бізге де Құдай Патшалығы туралы хабарды уағыздау ісі тапсырылғанын мойындаймыз. Бұл істі құлшына атқару арқылы біз ізгі хабардың қажымас жариялаушысы болған Пауылдың үлгісіне еліктейміз (Ел. іс. 20:20, 21; Қор. 1-х. 11:1). Патшалық туралы хабарды уағыздау адамдардың өмірі үшін маңызды екенін түсінеміз. Алайда уағыздау ісін атқара жүріп, бауырластармен ‘рухани дарындармен бөлісудің’ мүмкіндіктерін іздеу арқылы да біз Пауылға еліктеуге тырысамыз (Римдіктерге 1:11, 12; 10:13—15 оқы).
11. Уағыздау және бауырластарымызды нығайту міндеттерімізді қалай қарастыруымыз керек?
11 Қызметіміздің осы екі қырының қайсысы маңыздырақ? Бұл құстың екі қанатының қайсысы маңыздырақ деп сұрағанмен тең. Ұшу үшін құсқа қанатының екеуі де қажет екені айтпаса да түсінікті. Сол сияқты мәсіхші ретіндегі міндетімізді толық орындау үшін, қызметіміздің осы екі саласына да атсалысуымыз қажет. Сондықтан ізгі хабарды уағыздау мен мәсіхші бауырластарымызды нығайтуды бір-біріне қатысы жоқ деп емес, қайта, елші Петір мен Пауыл іспетті, бұларды бір-бірін толықтыратын міндет деп қарастырамыз. Қалайша?
12. Қалай Ехобаның қолындағы құрал ретінде қызмет ете аламыз?
12 Жариялаушы ретінде біз тәлім беру қабілетімізді қолданып, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды адамдардың жүректеріне жеткізуге тырысамыз. Осылайша біз оларға Мәсіхтің шәкірті болуға көмектесеміз. Сондай-ақ өзіміздегі бар қабілет пен басқа да сыйларды қолданып, бауырластарды жылы сөз бен игі істеріміз арқылы жігерлендіреміз, яғни оларға Құдайдың рақымын көрсетеміз (Нақ. с. 3:27; 12:25). Осылайша бауырластарға Мәсіхтің шәкірті болып қала беруге көмектесеміз. Бізде қызметтің екі саласына, яғни адамдарға уағыздау мен ‘бір-бірімізге қызмет етуге’, атсалысу арқылы Ехобаның қолында құрал болудың керемет мүмкіндігі бар (Ғал. 6:10).
Бір-біріңді бауырлардай сүйіңдер
13. ‘Бір-бірімізге қызмет етуді’ доғарсақ, нәтижесі қандай болады?
13 Пауыл бауырластарды: “Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар”,— деп шақырды (Рим. 12:10). Шынында да, бауырластарымызға деген сүйіспеншілік оларға Құдай рақымының басқарушысы ретінде шын жүректен қызмет етуге талпындырады. Егер Шайтанның ықпалына беріліп, ‘бір-бірімізге қызмет етуді’ доғарсақ, ынтымағымыз да әлсірейді (Қол. 3:14). Ал бұл, өз кезегінде, уағыздау ісіндегі құлшынысымызды бәсеңдетеді. Сондықтан Шайтан бізді құлату үшін бір қанатымызға зақым келтірудің өзі жеткілікті екенін жақсы біледі.
14. ‘Бір-бірімізге қызмет ету’ кімдер үшін пайдалы? Мысал келтір.
14 ‘Бір-бірімізге қызмет ету’ Құдай рақымын алатындарға ғана емес, оны беретіндерге пайдалы (Нақ. с. 11:25). Иллинойста (АҚШ) тұратын ерлі-зайыпты Райен мен Раниді мысалға алайық. Катрина дауылы жүздеген Куәгердің үйлерін қиратып кеткенін естігенде, олар бауырластарына сүйіспеншілік танытуға ұмтылады. Олар жұмыстары мен пәтерлерін тастап, ескі автоприцеп сатып алады да, оны жөндеп, 1 400 шақырым жердегі Луизианаға жол жүреді. Ерлі-зайыптылар онда бір жылдан аса уақыт тұрып, уақыттарын, күш-қайраттарын мен қаражаттарын бауырластарының игілігіне жұмсайды. “Осы іске ерікті түрде қатысқанымның арқасында мен Құдайға жақындай түстім. Сондай-ақ мен Ехобаның өз халқына қалай қамқор болғынын көрдім”,— деді 29 жастағы Райен. Әрі қарай ол былай деді: “Жасы үлкен бауырластармен бірге қызмет етіп, бауырластардың қамын жеуді үйрендім. Сондай-ақ біз сияқты жастардың Ехобаның ұйымында көп іс атқара алатынын түсіндім”. Ал 25 жастағы Рани былай деді: “Өзгелерге көмектесе алғаныма қуаныштымын. Мен өзімді бұрын-соңды мұншалықты бақытты сезінген емеспін. Осы керемет іске қатысқанымның болашақта да көп пайдасын көретініме сенімдімін”.
15. Біз не істеуді доғармаймыз?
15 Шынында да, Құдайдың бұйрықтарына мойынсұнып ізгі хабарды уағыздау және бауырластарды жігерлендіру бәріне де бата әкеледі. Көмек алған адамдар рухани нығаяды, ал біз беруден келетін нағыз қуанышты сезінеміз (Ел. іс. 20:35). Әрбір бауырлас басқалардың мүддесін ойласа, бүкіл қауымның сүйіспеншілігі арта түседі. Оның үстіне, бір-бірімізге танытатын сүйіспеншілік пен бауырмалдық біздің шынайы мәсіхшілер екенімізді көрсетеді. Иса: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жох. 13:35). Ең бастысы, Қамқор Әкеміз Ехобаға еліктеп, бауырластарды жігерлендіруді қалағанымыз Оған мадақ пен құрмет әкеледі. Олай болса, ‘Құдай рақымының жақсы басқарушылары ретінде әрқайсымыз алған сыйымызды бір-бірімізге қызмет етуге қолдануға’ бізде келелі себеп бар! Құдай рақымының басқарушысы ретінде қызмет ете бересің бе? (Еврейлерге 6:10 оқы).
Естеріңде ме?
• Ехоба өз қызметшілерін қандай жолдармен нығайтады?
• Бізге не берілген?
• Бауырластарымызға қызмет етудің кейбір жолдары қандай?
• Құдайдан алған сыйды ‘бір-бірімізге қызмет етуде’ қолдана беруге бізді не талпындырады?
[13-беттегі суреттер]
Сен ‘сыйды’ не үшін қолданасың — басқалардың игілігі үшін бе, әлде өзің үшін бе?
[15-беттегі суреттер]
Біз адамдарға ізгі хабарды уағыздаймыз әрі бауырластарға қолдау көрсетеміз
[16-беттегі сурет]
Ерікті қызметшілер жаңқиярлық рухтары үшін мақтауға лайық