Қазір әсіресе сергек болатын кезең!
“Басқаларға ұқсап ұйықтап қалмай, сергек те салауатты жүрейік!” (1 САЛОНИҚАЛЫҚТАРҒА 5:6).
1, 2. а) Помпеи және Геркуланум қандай қалалар болған? ә) Помпеи мен Геркуланумның тұрғындарының көбісі қандай ескертуді елеусіз қалдырған және мұның нәтижесі қандай болды?
БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ бірінші ғасырында Помпеи мен Геркуланум Везувий тауының етегінде орналасқан өркендеген қалалар еді. Бұл қалалар Рим ауқаттыларының бой жазып, сергитін жерлері ретінде танымал болған. Онда мыңнан аса көрермендер сиятын театрлар болған, ал Помпеидің амфитеатрына қала тұрғындары түгелдей дерлік сиып кететін. Помпеиде қазба жұмыстарын жүргізген археологтар 118 дәмхана мен асхана тапқан. Олардың кейбіреулері құмар ойындар ойнауға не жезөкшелерге арналған үйлер ретінде қызмет атқарған. Қабырғаларға салынған суреттер мен өзге де сақталып қалған көне заттардан онда азғындық пен ақшақұмарлықтың кеңінен тарағаны байқалады.
2 Б. з. 79 жылының 24 тамызында Везувий вулканы атқылай бастады. Вулконологтар сол екі қалаға алғашқы рет пемза мен күлдің жаууы — тұрғындарының қашып құтылуларына кедергі болмағанына сенімді. Көп адамдар қашып құтылған да. Алайда төніп тұрған қатерге баға бере алмағандар немесе қауіп төніп тұрғанын білдіретін белгілерді елең қылмаған өзгелер сонда қалуды шешеді. Содан түн ортасы болып қалған уақытта, ыстық газ, пемза мен ірілі-ұсақ кесек тастар гүрілдеп келіп, Геркуланумның үстіне төгіледі де, қалада қалған тұрғындардың барлығы астында қалып, тұншығып өледі. Келесі күні таң сәріде тап осындай лава Помпеи қаласына да төгіліп, онда тірі жан қалдырмайды. Қауіп төніп тұрғанын көрсететін белгілерді елеусіз қалдырғанның арты қандай қайғыға әкеліп соқты десеңші!
Яһуди жүйесінің соңы
3. Иерусалимнің күйреуі мен Помпеи мен Геркуланумда болған апаттың арасында қандай ұқсастық болған?
3 Помпеи мен Геркуланум апаты қаншалықты жан түршігерлік болғанмен, адам қолымен жасалған болса да, содан тоғыз жыл бұрын болған Иерусалим апаты одан да жойқын болған еді. “Адамзат тарихындағы ең ауыр қоршаулардың бірі” ретінде суреттелген Иерусалим апатында миллионнан аса яһудилер қаза болған. Сөйтсе де Помпеи мен Геркуланумда болған апатқа қатысты ескерту жасалғаны сияқты Иерусалимнің күйрейтініне қатысты да ескерту жасалған.
4. Иса ізбасарларына заманның ақыры жақын екендігін білдіретін қандай белгілер жөнінде ескерткен және бірінші ғасырда олар қалай орындалды?
4 Иса Мәсіх Иерусалимнің күйрейтіні жайында пайғамбарлық етіп, соның алдында соғыстар, ашаршылық, жер сілкіністер мен заңсыздық сияқты қорқынышты оқиғалардың болатынын айтып, алдын ала ескерткен. Ол жалған пайғамбарлар өз әрекеттерін жасап жататынын, бірақ, соған қармастан, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар дүние жүзіне уағыздалатынын айтқан (Матай 24:4—7, 11—14). Исаның сөздері қазіргі уақытта кең көлемде орындалып жатқан болса, ол уақытта кішкене көлемде орындалған. Тарихшылардың мәліметтеріне сай, Яһудеяда қатты ашаршылық болған (Елшілердің істері 11:28). Яһуди тарихшысы Иосиф Флавий қала күйрер алдында Иерусалим аймағында қатты жер сілкінісінің болғанын жазған. Иерусалимнің жойылатын уақыты жақындаған сайын толассыз көтерілістер, Яһудидің саяси топтарының арасындағы өзара қақтығыстар болып тұратын, сондай-ақ яһудилер мен яһуди еместер тұратын бірнеше қала тұрғындары бір-бірімен кескілесіп жататын. Осыған қарамастан, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар “аспан астындағы барлық адамзатқа” жарияланған (Қолостықтарға 1:23).
5, 6. а) Б. з. 66 жылы Исаның қандай пайғамбарлық сөздері орындалды? ә) Б. з. 70 жылы ақырында Иерусалим күйрегенде неге сонша көп адам қаза болды?
5 Б. з. 66 жылы, яһудилер римдіктерге қарсы көтеріліске шығады, ал Рим қолбасшысы Цестий Галл Иерусалимді қоршауға алады. Сол кезде Исаның шәкірттері оның: “Иерусалим қаласын әскерлер қоршап алғанын көрсеңдер, оның ойрандалатын кезінің жақындап қалғанын білесіңдер. Сол уақытта Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын, Иерусалимдегілер қаладан шығып, ал маңындағылар қалаға кірмей, қашып құтылсын!” — деген сөздерін естеріне алады (Лұқа 21:20, 21). Иерусалимді тастап, қашатын уақыт келген еді. Бірақ қаладан қалай шығуға болады? Күтпеген жерден Цестий Галл әскерімен бірге кейін шегініп, Иерусалим мен Яһудеядағы мәсіхшілердің Исаның сөздеріне құлақ асып, тауға қашып құтылуларына жол ашады (Матай 24:15, 16).
6 Төрт жылдан кейін, Құтқарылу мейрамы тойланып жатқанда, яһудилердің ереуілін түбегейлі басуға бел буған әскербасы Титтің қолбасшылығымен Рим әскері қайта оралды. Оның әскері Иерусалимді қоршауға алып, қаланың айналасына ешкім қашып құтыла алмастай етіп “бекіністер құрады” (Лұқа 19:43, 44). Соғыс қаупі төніп тұрғанына қарамастан, Рим империясының түкпір-түкпірінен яһудилер Құтқарылу мейрамын тойлау үшін, Иерусалимге жиналған болатын. Енді олар қақпанға түскендей еді. Иосиф Флавийдің айтуынша, римдіктердің шабуылынан өлім құшқандардың көбісі сол бейшаралар екенa. Ақырында Иерусалим ойрандалғанда, Рим империясында тұратын бүкіл яһудилердің жетіден бір бөлігі қаза болды. Иерусалим мен ғибадатхананың ойрандалуы, Яһуди мемлекеті мен оның Мұса заңына негізделген дінінің түп тамырымен құрығанын білдірдіb (Марқа 13:1, 2).
7. Иерусалим күйрегенде шынайы мәсіхшілер қалай аман қалған?
7 Б. з. 70 жылы мәсіхші яһудилер Иерусалимде қалғанда, сонда қалған өзге халықпен бірге қаза болып не тұтқынға алынар еді. Бірақ тарихи дәлелдерге сәйкес, олар Исаның 37 жыл бұрын айтқан ескертуіне құлақ асқан. Олар қаладан қашып шығып, қайтып оралмаған.
Елшілердің уақтылы жасаған ескертулері
8. Петір мәсіхшілердің не істеулері керек екендігін көрген және ол Исаның қандай сөздерін ойында тұтқан болса керек?
8 Бүгінде осы зұлым заманды түгел құртып жіберетін анағұрлым зор қатер төніп келеді. Иерусалимнің күйреуінен алты жыл бұрын, елші Петір әсіресе қазіргі мәсіхшілер үшін өте қажетті әрі уақтылы кеңес берген: Сергек болыңдар! Петір мәсіхшілердің ‘Иеміздің өсиетін’ елеусіз қалдырмай, ‘шындап ойланулары’ керек екендіктерін көрген (2 Петір 3:1, 2). Петір мәсіхшілерді сергек болуға шақырғанда, Исаның өлерінен шамалы уақыт бұрын елшілеріне айтқан: “Ұдайы сақ та сергек болыңдар... Себебі Менің қайтып келген кезімнің қашан болатынын білмейсіңдер”,— деген сөздерін ойында тұтса керек (Марқа 13:33).
9. а) Кейбіреулер қандай қауіпті көзқарас дамытады? ә) Не себепті күмәнді көзқараста болу өте қауіпті?
9 Бүгінде кейбіреулер мысқылдап: “Оның қайтып келетіні жөніндегі уәдесімен не болды, ә?” — деп сұрайды (2 Петір 3:3, 4). Мұндай адамдар дүние ешқашан өзгермей, жаратылыстан бері болып келе жатқан нәрселер үнемі қайталана береді деп ойлайтын болса керек. Мұндай күмәнді көзқараста болу — қауіпті. Мұндай көзқарас қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды елемей, өз құмарлықтарымызды қанағаттандыруға жетелейді (Лұқа 21:34). Оның үстіне, Петір атап өткендей, мұндай мысқылшыл адамдар Нұхтың заманында дүние жүзін шайып кеткен топан судың болғанын ұмытып кеткен. Сол кезде дүние расында да өзгерген еді (Жаратылыс 6:13, 17; 2 Петір 3:5, 6).
10. Шыдамсыздана бастағандарды Петір қандай сөздермен жігерлендірді?
10 Петір оқырмандарының не себепті Құдайдың жиі бірден әрекет етпейтінін естеріне салу арқылы шыдамдылық дамытуларына көмектеседі. Алдымен Петір былай деді: “Қымбатты бауырластар, Жаратқан Иенің алдында бір күн мың жылдай, ал “мың жыл бір күндей” екенін жақсылап ұғып алыңдар” (2 Петір 3:8). Ехоба мәңгі өмір сүретін болғандықтан, жағдайды жан-жақты салмақтап-саралап әрекет ету үшін, ең қолайлы уақытты таңдай алады. Бұдан кейін Петір Ехобаның барлық адамдардың күнәларына өкінгенін қалайтындығына көңіл бөлді. Егер Құдай асығыс әрекет етсе көптеген адамдар жойылып кетуі мүмкін, ал шыдамдылық танытып отырғаны сондайлардың аман қалуына мүмкіндік береді (1 Тімотеге 2:3, 4; 2 Петір 3:9). Алайда Ехобаның шыдамдылық танытып отырғаны ол ешқашан әрекет етпейді дегенді білдірмейді. “Ехобаның күні ұры сияқты келеді”,— деді Петір (2 Петір 3:10, ЖД).
11. Рухани мағынада сергек болуымызға не көмектеседі және қалай бұл Ехобаның күнінің ‘тезірек келуіне’ ықпал етеді?
11 Петірдің теңеуі көңіл қоюға тұрарлық. Ұрыны ұстау оңай емес, бірақ ұрыны мезгіл-мезгіл қалғып кететін емес, түні бойы көз ілмей, сергек жүретін қарауыл байқайды. Қарауыл қалай сергек бола алады? Сергек болуға түні бойы тапжылмай отырғаннан гөрі, жүргеннің көбірек көмегі тиеді. Сол сияқты рухани жағынан белсенді болғанымыз мәсіхші ретінде сергек болуымызға көмектеседі. Сондықтан Петір бізді ‘жүріс-тұрысымызды Тәңірге бағыштап, қасиетті де Оған ұнамды’ істермен айналысуға шақырады (2 Петір 3:11). Мұндай істер үнемі ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оның тезірек келуіне’ ықпал етуімізге көмектеседі (2 Петір 3:12). Әрине, біз Ехобаның белгілеген күнін өзгерте алмаймыз. Оның күні өзі белгілеген уақытта келеді. Сөйтсе де, Ехобаға молынан қызмет етер болсақ, уақыт жылдам өтетін болады (1 Қорынттықтарға 15:58).
12. Қалайша әрқайсысымыз Ехобаның шыдамдылығының пайдасын көре аламыз?
12 Сондықтан Ехобаның күні кешігіп жатқандай болып көрінетіндердің бәрі Петірдің кеңесіне құлақ салып, Ехобаның белгілеген уақытын шыдамдылықпен күтуге шақырылады. Құдайдың шыдамдылық танытып отырған уақытын дұрыс қолдануымызға болады. Мысалы, біз мәсіхшілерге аса қажет қасиеттерді дамыта беруімізге, сондай-ақ ізгі хабарды мүмкіндігінше көбірек адамдарға уағыздауымызға болады. Егер сергек болсақ, Ехоба бізді осы заманның ақырында “мүлтіксіз пәк таза, тыныштықпен өмір сүрді” деп табады (2 Петір 3:14, 15). Бұдан артық сый бар ма?!
13. Пауылдың Салониқадағы мәсіхшілерге жазған қандай сөздерінің бүгінгі таңда ерекше мәні бар?
13 Пауыл да Салониқадағы мәсіхшілерге жазған бірінші хатында сергек болу жөнінде айтқан. Ол: “Басқаларға ұқсап ұйықтап қалмай, сергек те салауатты жүрейік!” — деген кеңес берді (1 Салониқалықтарға 5:2, 6). Бүгінде, бүкіл зұлым заманның жойылатын уақыты таяп қалғанда, бұл қандай орынды кеңес десеңші! Ехобаның қызметшілері адамдарды рухани нәрселер мүлдем қызықтырмайтын дүниеде өмір сүруде, әрі бұл оларға әсер етуі мүмкін. Сондықтан Пауыл: “Салауатты жүрейік, сеніміміз бен сүйіспеншілігімізді сауыт қылып, мәңгілік құтқарылуға деген үмітімізді дулыға етіп киейік!” — деп өсиет еткен (1 Салониқалықтарға 5:8). Құдай Сөзін үнемі зерттегеніміз, сондай-ақ ұдайы қауым кездесулеріне барып, бауырластарымызбен қарым-қатынаста болғанымыз Пауылдың кеңесіне құлақ асып, қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды есте ұстауымызға көмектеседі (Матай 16:1—3).
Миллиондаған адамдар сергек жүр
14. Бүгінде көптеген адамдардың Пауылдың сергек болыңдар деген кеңесіне құлақ салғандарына қандай көрсеткіштер нұсқайды?
14 Қазіргі уақытта Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазылған сергек болуға қатысты кеңеске құлақ асатын адамдар көп пе? Иә. 2002 қызмет жылында жариялаушылардың ең жоғарғы саны 2001 жылға қарағанда 3,1 пайызға өсіп, 6 304 645-ке жетті. Олар рухани мағынада сергек жүргендерінің дәлелі ретінде өзгелермен Құдай Патшалығы туралы сөйлесуге 1 202 381 302 сағат жұмсады. Олар уағыздау ісін аса маңызы жоқ іс ретінде қарастырмайды. Қайта, бұл — олардың өмірінде басты орынға ие. Солардың көбісінің көзқарасын Сальвадорда тұратын Эдуардо мен Ноеми көрсетті.
15. Сальвадорда көп адамдардың сергек жүргендерін қандай өсім көрсетті?
15 Бірнеше жыл бұрын Эдуардо мен Ноеми Пауылдың: “Дүниенің қазіргі қалпы жуырда сап болып, жойылмақ”,— деген сөздеріне ден қойды (1 Қорынттықтарға 7:31). Олар өмірлерін жеңілдетеді де, толық уақытты ізашар ретінде қызмет ете бастайды. Уақыт өте келе көптеген баталарға ие болып, аудандық және облыстық бақылаушы ретінде де қызмет етеді. Эдуардо мен Ноеми үлкен қиыншылықтарды бастан өткізгендеріне қарамастан, толық уақытты қызметті материалдық игіліктерден жоғары қойып, дұрыс шешім қабылдағандарына сенімді. Сальвадордағы, 2 454 ізашарды қоса алғанда, 29 269 жариялаушының көбісі осындай жанқиярлық рух танытуда. Өткен жылы аталмыш елде жариялаушылар санының екі пайызға өскен себептерінің бірі — осы.
16. Кот-д’Ивуардағы бір жас бауырласымыз қандай көзқарас танытқан?
16 Кот-д’Ивуарда тұратын бір жас мәсіхші жігіт те осындай көзқарас танытты. Ол филиалға жазған хатында былай деді: “Мен қызмет көмекшісімін. Алайда өзім үлгі көрсетпегендіктен, бауырластарымды ізашарлық қызметке талпындыра алмайтынмын. Сондықтан табысы жақсы жұмысымды тастап, көбірек қызмет етуге мүмкіндік беретін жеке кәсіпорын аштым”. Бұл жас жігіт Кот-д’Ивуардағы 983 ізашардың бірі болды. Онда былтыр жариялаушылардың саны бес пайызға өсіп, 6 701 жариялаушы қызмет еткен.
17. Бельгиядағы бір жас бауырлас қалыптасып қалған көзқарастың өзін қорқытуға жол бермегенін қалай көрсеткен?
17 Бельгиядағы 24 961 жариялаушы әлі де діни төзімсіздік, қалыптасып қалған көзқарас пен дискриминацияның салдарынан үнемі қиыншылықтарға кезігуде. Бірақ олар қорықпастан, құлшыныспен қызмет етуде. Он алты жасар бір Куәгер мектепте этика сабағында біреудің Ехоба Куәгерлерін секта деп атағанын естігенде, мұғалімінен Ехоба Куәгерлері туралы дәлірек мәлімет беруге рұқсат сұрайды. Ол “Танысыңдар. Ехоба Куәгерлері ұйымы” бейнетаспасы мен “Ехоба Куәгерлері. Олар кімдер?” брошюрасын қолданып, Куәгерлердің шын мәнінде кім екендерін түсіндіріп бере алды. Берілген мәлімет жақсы қабылданып, содан кейінгі аптада оқушылар түгелдей Ехоба Куәгерлерінің діни сенімі туралы сұрақтардан тұратын сынақ жұмысын жазады.
18. Экономикалық қиыншылықтардың Аргентина мен Мозамбиктегі жариялаушылардың Ехобаға қызмет етулеріне кедергі етпегені неден көрінеді?
18 Осы дүниенің соңғы күндерінде мәсіхшілердің көбісі үлкен қиыншылықтарға кезігуде. Сөйтсе де олар алған бағыттарынан таймауға тырысуда. Экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, өткен жылы Аргентинадағы Куәгерлердің саны тағы да ең жоғарғы көрсеткішке, яғни 126 709-ға жеткені хабарланды. Мозамбикте кедейлік кеңінен тараған болса да, уағыздау ісіне қатысушылардың саны төрт пайызға өсіп, 37 563-ке жеткен. Албанияда көп адамдар үшін күн көру өте ауыр, десе де жариялаушылардың саны он екі пайызға өсіп, ең жоғарғы көрсеткіш 2 708-ге жеткені мәлімделді. Егер Ехобаның қызметшілері Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қояр болса, Оның рухының әрекет етуіне қиыншылықтардың кедергі бола алмайтыны анық (Матай 6:33).
19. а) Неге негізделіп Киелі кітаптың шындығына сусаған қой іспетті адамдар әлі де көп деуге болады? ә) Жылдық есептегі қандай дәлелдер Ехобаның қызметшілерінің рухани мағынада сергек екендіктерін көрсетеді? (12—15 беттердегі кестеге қараңдар.)
19 Былтыр дүние жүзі бойынша орта есеппен ай сайын 5 309 289 адаммен үй жағдайында Киелі кітапты зерттеу сабағы өткізілгендігі, әлі де Киелі кітаптың шындығына сусаған қой іспетті адамдардың көп екендігін көрсетеді. Ал Еске алу кешіне қатысқан 15 597 746 адамның көпшілігі әлі Ехобаның белсенді қызметшілері бола қоймағандар. Олар әрі қарай да білімдерін тереңдетіп, Ехоба мен бауырластыққа деген сүйіспеншіліктерін арттыра бергей. “Басқа қойлардан” тұратын “өте үлкен тобырдың” Жаратушыларына “күні-түні киелі үйінде” өнімді қызмет атқарып жүргендері көңілді толқытады (Аян 7:9, 15; Жохан 10:16).
Луттың үлгісі
20. Лутпен болған жайттан біз қандай сабақ аламыз?
20 Әрине, Құдайдың адал қызметшілерінің де қай уақытта өмір сүріп жатқандарын естен шығарып алатын кездері болады. Ыбырайымның немере інісі Лутты еске түсірейікші. Ол өзіне келген екі періштеден Құдайдың Содом мен Ғомораны жоятыны жөнінде естиді. Бұл хабар ‘арсыз адамдардың бұзық қылықтары үшін қатты қиналып’ жүрген Лутты таңғалдырмайды (2 Петір 2:7). Бірақ періштелер оны Содомнан тезірек шығарғысы келгенде, ол күйбелеңдеп жүріп алады. Періштелер Лут пен оның отбасын қаладан сүйрелеп алып шықты десе де болады. Кейінірек Луттың әйелі періштелердің ескертуін елеусіз қалдырып, артына қарамақ болып кері бұрылды. Ол ескертуге немқұрайды қарағандықтан өлім құшты (Жаратылыс 19:14—17, 26). Иса: “Луттың әйелімен болған жайтты естеріңе түсіріңдер!” — деп ескерткен (Лұқа 17:32).
21. Неге қазір барынша сергек болатын уақыт?
21 Помпеи мен Геркуланумда болған апат, Иерусалимнің қоршауға алынып күйреуі, сондай-ақ Нұхтың заманында болған топан су мен Луттың заманында болған жайттардың барлығы жасалған ескертулерге құлақ асқанның маңыздылығын көрсетеді. Ехобаның қызметшілері ретінде біз де осы заманның ақырында өмір сүріп жатқанымыздың белгісін білеміз (Матай 24:3). Біз жалған діннен аулақ жүреміз (Аян 18:4). Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер іспетті біз де ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіруді’ қалауымыз керек (2 Петір 3:12). Иә, біз үшін қазір әсіресе сергек болатын кез! Сергек болу үшін не істеуіміз керек, қандай қасиеттер дамытуымыз керек? Бұл сұрақтар келесі мақалада қарастырылады.
[Сілтемелер]
a Бірінші ғасырда Иерусалим тұрғындарының 120 000-нан астам болуы екіталай. Евсевийдің есептеп шығарғанына қарағанда, б. з. 70 жылы Құтқарылу мейрамын тойлауға Иерусалимге Яһудеяның аймақтарынан 300 000 адам келген. Қалғандары Рим империясының өзге жерлерінен келген болу керек.
b Ехобаның көзқарасы бойынша, б. з. 33 жылы Мұсаның заңы жаңа келісімге ауыстырылған болатын (Ефестіктерге 2:15).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Не нәрсе мәсіхші яһудилердің Иерусалим апатынан қашып құтылуына мүмкіндік берді?
• Елші Петір мен Пауыл жазған қандай кеңес сергек болуымызға көмектеседі?
• Кімдер бүгінде барынша сергек жүр? Бұған қандай дәлелдер бар?
• Лут пен оның әйелі туралы хабардан біз не нәрсеге үйренеміз?
[20—23 беттердегі таблица]
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ 2002 ҚЫЗМЕТ ЖЫЛЫНЫҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕСЕБІ
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
[24-беттегі суреттер]
Белсенді болу мәсіхшілердің сергек жүруіне көмектеседі