Ехобаның сөзі тірі
Жохан мен Яһуданың хаттарындағы көңіл бұрарлық ойлар
ЕЛШІ ЖОХАННЫҢ шамамен б. з. 98 жылы Ефесте жазған үш хаты Киелі Жазбалардың соңғы кітаптарының қатарына жатады. Алғашқы екі хатында ол мәсіхшілерді нұрда жүре беруге және жолдан таюшылыққа қарсы тұруға шақырды. Ал үшінші хатында Жохан мәсіхшілерді шындықта жүруге ғана емес, бір-бірімен қызметтес болуға да талпындырды.
Исаның бауыры Яһуда өзінің Палестинада жазған хатында, б. з. 65 жылы болса керек, мәсіхші бауырластарды қауымға білдіртпей ұрланып еніп алған зұлым адамдардан сақтануды ескертіп, олардың жаман ықпалына берілмеуге қатысты кеңес береді. Жохан мен Яһуданың хаттарындағы кеңестерге құлақ асқанымыз қиыншылықтарға қарамастан сенімімізді берік сақтауға көмектеседі (Евр. 4:12).
НҰРДА ТҰРЫП, СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН ЖӘНЕ СЕНІММЕН ЖҮРЕЙК
Мәсіхпен қатынаста тұрғандардың барлығына арналған Жоханның бірінші хатында жолдан таюшылыққа қарсы тұруға және шындық пен әділдікті мықтап ұстануға көмектесетін кеңестер бар. Елші Жохан нұрда тұрып, сүйіспеншілік пен сенім таныту керектігіне баса назар аударады.
Ол: “Егер Құдайға ұқсап нұрда тұрсақ, онда өзара байланыста боламыз”,— деп жазды. Сондай-ақ Құдай сүйіспеншіліктің қайнар көзі болғандықтан, Жохан: “Бір-бірімізді сүйейік!”— деді. “Құдайды сүйгеніміз” өсиеттерін орындауға талпындырады, ал Ехоба Құдайға, оның Сөзіне және Ұлына деген сеніміміз күнәкар дүниені жеңуге көмектеседі (Жох. 1-х. 1:7; 4:7; 5:3, 4).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:7, 8. Жохан “көне” және “жаңа” деп қандай өсиетті айтты? Ол бауырластарға деген жанқияр сүйіспеншілік жайлы өсиетті айтты (Жох. 13:34). Оны “көне” деп атаған себебі — Иса бұл өсиетті Жохан бірінші хатын жазғаннан 60 жыл бұрын берген болатын, әрі ол бауырластарға “бастапқыдан”, яғни мәсіхші болған кездерінен бері белгілі еді. Ал өсиеттің “жаңа” деп аталған себебі — ол ‘маңайыңдағы адамды өзіңдей сүйіп’ қана қоймай, жанқиярлық сүйіспеншілік танытуға шақырады (Леуі. 19:18; Жох. 15:12, 13).
5:5—8. Су, қан және рух ‘Иса Құдайдың рухани Ұлы’ екенін қалай растады? Сумен шомылдыру рәсімінен өткенде, Ехоба Исаны Ұлы ретінде мақұлдайтынын көрсетті. Осылайша су Исаның Құдай Ұлы екенін растады (Мат. 3:17). Исаның ‘бәрін күнәның құлдығынан босатып, төлемін өтеу’ үшін берілген қаны да, немесе өмірі, оның Құдай Ұлы екенін көрсетті (Тім. 1-х. 2:5, 6). Сондай-ақ шомылдыру рәсімінен өткенде, Исаның үстіне киелі рух төгіліп, ‘ол игі істер жасап, шайтан буғандарды айықтырып, ел аралап жүре’ алды. Осылай киелі рух Исаның Құдай Ұлы екеніне куәлік етті (Жох. 1:29—34; Ел. іс. 10:38).
Біз үшін сабақ:
2:9—11; 3:15. Мәсіхші қандай да бір нәрсенің не біреудің бауырласына деген сүйіспеншілігін жоюына жол берсе, мұнысы оның түнекте жүргенін, қайда кетіп бара жатқанын білмейтінін көрсетеді.
ШЫНДЫҚ ЖОЛЫМЕН ЖҮРЕ БЕРІҢДЕР
Жохан екінші хатын келесі сөздермен бастайды: “Құдай таңдаған бәйбіше мен оның балаларына ақсақалдан дұғай сәлем!” Сондай-ақ Жохан бәйбішенің ‘балаларының арасынан шындық жолымен жүрген бірнешеуін көргеніне қатты қуанғанын’ айтады (Жох. 2-х. 1, 4).
Бауырластарды бір-біріне деген сүйіспеншілік дамытуға шақырған соң, Жохан: “Сүйіспеншілік Оның өсиеттері бойынша жүруімізде”,— дейді. Сондай-ақ ол ‘азғырушылар және Мәсіхке қарсы шығушылар’ туралы ескертеді (Жох. 2-х. 5—7).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1, 13. “Құдай таңдаған бәйбіше” деген кім? Мұнда Жохан бәйбіше деп нақты бір әйелге нұсқаған болуы мүмкін. Я болмаса қудалаушыларды шатастыру үшін нақты бір қауымды бейнелі тілмен осылай атады. Егер соңғысы рас болса, бәйбішенің балалары сол қауымдағы бауырластарды білдірген, ал ‘бауырласының балалары’ деп Жохан басқа бір қауымның мүшелеріне нұсқаған болар.
Біз үшін сабақ:
2, 4. Шындықты — Киелі кітаптағы барлық ілімдерді — білу және оларды ұстану құтқарылуымыз үшін маңызды (Жох. 3-х. 3, 4).
8—11. ‘Құдай Әке мен Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхтің рақымы, мейірімі және тыныштығынан’, сондай-ақ бауырластарымызбен жақсы қатынастан айырылғымыз келмесе, рухани күйімізді ‘байқап жүруіміз’ және ‘Мәсіхтің ілімімен жүрмей, одан шығып кеткен адамдардан’ аулақ болуымыз керек (Жох. 2-х. 3).
ШЫНДЫҚТЫ ТАРАТУҒА ҮЛЕСІМІЗДІ ҚОСАЙЫҚ
Жохан үшінші хатын Гай деген досына арнаған. Ол: “Рухани балаларымның шындық жолымен жүріп жатқанын естуден артық маған қуаныш жоқ”,— деп жазды (Жох. 3-х. 4).
Жохан Гайды аралаушы бақылаушы ретінде қызмет етіп жүрген бауырластарға қонақжайлық көрсетіп жүргені үшін мақтады. Жохан: “Осындай кісілерді қолдау — біздің міндетіміз; шындықты таратуға осылай үлесімізді қосамыз”,— деп айтты (Жох. 3-х. 5—8).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
11. Неліктен кейбіреулер жамандық жасайды? Шындыққа етене жабыспағандықтан, кейбіреулер Құдайды білмейді, яғни оны елемейді. Сондықтан олар Құдай өздерін көрмей тұрғандай әрекет етеді (Езек. 9:9).
15. Жохан “достар” деп кімдерді айтқан? Бұл жерде ол “достар” сөзін бір-бірімен тығыз қарым-қатынастағы адамдарға қатысты емес, жалпы бауырластарға қатысты қолданған.
Біз үшін сабақ:
4. Қауымдағы рухани толысқан бауырластар жастардың “шындық жолымен жүріп жатқанын” көріп қатты қуанады. Ал ата-аналар балаларына рухани нәрселерді жақсы көруді үйрете алғандарына қалай қуанады десеңші!
5—8. Аралаушы бақылаушылар, миссионерлер, Бетелде қызмет ететіндер және ізашарлар бауырластар үшін көп еңбек етеді. Бұған оларды бауырластарға және Ехобаға деген сүйіспеншілік талпындырады. Біз олардың сенімдеріне еліктеуіміз керек. Сондай-ақ олар сүйіспеншілігіміз бен қолдауымызға лайық.
9—12. Біз өсекші Диотрефке емес, адалдықтың үлгісін көрсеткен Деметірге еліктеуіміз керек.
‘ӘРДАЙЫМ ҚҰДАЙДЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ БӨЛЕНІҢДЕР’
Яһуда қауымға ‘ұдайы наразылық білдіріп, күңкілдеп жүретін адамдардың’ еніп алғанын айтты. “Олар жаман құмарлықтарына салынып, бас пайдалары үшін мақтанып, өзгелерге жағымпазданады” (Яһд. 4, 16).
Мәсіхшілер жаман әсерге қалай қарсы тұра алады? Яһуда былай деп жазды: “Сендер Иеміз Иса Мәсіхтің елшілерінің алдын ала айтып кеткендерін естеріңе түсіріңдерші, қымбатты бауырластарым!” Сосын, ол: “Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп, жамандық атаулыдан сақтаныңдар”,— деді (Яһд. 17—21).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
3, 4. Неліктен Яһуда ‘шынайы ілімді қорғауға’ шақырды? Себебі қауымға ‘бірқатар арсыз адамдар білдіртпей ұрланып еніп алған еді’. ‘Олар азғындықтарына сылтау ету үшін Құдайымыздың рақымы туралы Ізгі хабарды бұрмалайтын’.
20, 21. Қалай ‘әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп жамандық атаулыдан сақтана’ аламыз? Мұның үш жолы бар: 1) Құдай Сөзін мұқият зерттеу мен уағыздау ісіне құлшына атсалысу арқылы ‘Тәңірдің қасиетті ілімінің негізінде рухани өсіп толысуға ұмтылу’, 2) ‘Киелі Рухтың жетелеуімен сиыну’, 3) мәңгілік өмірге жол ашқан Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына сенім таныту (Жох. 3:16, 36).
Біз үшін сабақ:
5—7. Зұлымдар Ехобаның сотынан қашып құтыла ала ма? Яһуда келтірген үш мысалдан көрінетіндей, бұл мүмкін емес.
8—10. Біз бас періште Михайлге еліктеп, Құдай билік берген адамдарға құрмет көрсетуіміз керек.
12 сілт. Жалған сүйіспеншілік танытатын жолдан таюшылар көзге көрінбейтін, су астындағы қауіпті құздар секілді. Жалған ұстаздар жомарт болып көрінуі мүмкін, алайда рухани жағынан оларды жел айдаған жаңбырсыз ақша бұлтқа теңеуге болады. Сондай-ақ олар күзде жеміс бермейтін біржола өлген ағаш секілді пайдасыз. Мұндайларды тамырымен жұлынған ағаш сияқты, жойылу күтіп тұр. Жолдан тайғандардан аулақ болғанымыз даналыққа жатады.
22, 23. Шынайы мәсіхшілер арам істерден жиренеді. ‘Күмәнданып жүргендерді’ мәңгілікке жойылудан құтқарып алу үшін, қауымның рухани толысқан мүшелері, әсіресе бақылаушылар, оларға рухани көмек көрсетеді.
[28-беттегі суреттер]
Су, рух және қан ‘Иса Құдайдың рухани Ұлы’ екенін растады