Ехобаның сөзі тірі
Аян кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар (І бөлім)
ПАТМОС аралында тұтқында болған кезінде қарт елші Жохан 16 аян алады. Осы аяндарда ол Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің “Иеміздің күнінде” неге қол жеткізетінін көреді. Бұл “күн” 1914 жылы көкте Құдай Патшалығының орнауымен басталған, әрі Мәсіхтің мыңжылдық билігінің соңына дейін созылмақ. Шамамен б. з. 96 жылы елші Жохан жазған Аян кітабында осы жан тебірентерлік аяндар мәлімденеді.
Қазір Жоханға берілген алғашқы жеті аянды қамтитын Аян 1:1—12:17 тармақтардағы көңіл бұрарлық ойларды қарастырайық. Бұл аяндар біз үшін қызықты, өйткені онда қазір осы дүниеде болып жатқан жайттар айтылған және Ехобаның жақында қалай әрекет ететіні көрсетілген. Осы аяндарды сенім білдіріп оқығандар өздеріне жұбаныш пен жігер алары сөзсіз (Евр. 4:12).
‘ТОҚТЫ’ ЖЕТІ МӨРДІҢ АЛТАУЫН АШАДЫ
Ең алдымен, Жохан ұлылыққа бөленген Иса Мәсіхті көреді және ‘қағазға түсіріп, жеті қауымға салып жіберуі’ керек бірнеше хабар алады (Аян 1:10, 11). Сонан соң келесі аянда көкте тұрған тақты көреді. Тақ үстінде Отырғанның оң қолында жеті мөрмен бекітілген кітап, не шиыршық, бар екен. “Кітапты ашуға лайық” тұлға — тек “Яһуда руынан шыққан “Арыстан”, яки “жеті мүйізі мен жеті көзі бар Тоқты” ғана (Аян 4:2; 5:1, 2, 5, 6).
Үшінші аянда “Тоқты” алғашқы алты мөрді бірінен соң бірін ашқанда не болғаны айтылады. Алтыншы мөрді ашқанда, жер қатты сілкінеді және ‘қаһар шашатын күн’ келіп жетеді (Аян 6:1, 12, 17). Ал келесі аянда 144 000-ның маңдайына таңба салынып болмайынша, ‘жел соға алмастай етіп жердің төрт желін ұстаған төрт періште’ көрінеді. Сондай-ақ “тақ пен Тоқтының алдында” таңба салынбаған “өте үлкен тобыр” тұр екен (Аян 7:1, 9).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:4; 3:1; 4:5; 5:6. “Жеті Рух” деген тіркес нені білдіреді? Жеті саны Құдайдың көз алдында толықтылықты білдіреді. Демек, ‘жеті қауымға’ жіберілген хабар бүгінде дүниежүзі бойынша 100 000-нан астам қауымды құрайтын Құдай халқына қатысты (Аян 1:11, 20). Ехоба киелі рухын өз қалауын жүзеге асыру үшін беретіндіктен, “жеті рух” деген тіркес киелі рухтың толықтай әрекет етіп, пайғамбарлыққа ден қойғандарға түсінік беріп, батаға кенелтетінін білдіреді. Аян кітабында көбінесе жеті санына қатысты жайттар талқыланатынға ұқсайды. Мұнда жеті саны толықтылықты білдіретіндіктен, кітапта ‘Құдайдың қасиетті құпиясының жүзеге асуы’, не толықтай аяқталуы, сөз етіледі (Аян 10:7).
1:8 сілт., 17. “Альфа да Омега”, ‘Алғашқы және Соңғы’ деген лауазымдар кімге нұсқайды? “Альфа да Омега” деген лауазым Ехобаға қолданылады. Бұл одан бұрын да құдіретті Құдайдың болмағанын, кейін де болмайтынын көрсетеді. Ехоба — “Басы да Аяғы” (Аян 21:6; 22:13). Аян 22:13-те Ехоба “Алғашқы да Соңғы” (одан бұрын да, кейін де ешкім болмаған) деп аталғанмен, осы кітаптың бірінші тарауының мәнмәтінінен онда “Алғашқы және Соңғы” деген лауазымның Иса Мәсіхке қатысты қолданылғаны көрінеді. Ол рухани тұлға ретінде өлмес өмірге қайта тірілген алғашқы адам және осындай өмірге Ехобаның тікелей өзі тірілткен соңғысы (Қол. 1:18).
2:7. ‘Құдайдың пейіш бағы’ деген не? Бұл сөздер майланған мәсіхшілерге қатысты айтылғандықтан, “пейіш” сөзі көктегі жұмақ іспетті мекенге, Құдайдың тұрағына, нұсқайды. Адал майланған мәсіхшілер ‘мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісінен жейтін’ болады, яғни олар өлместік сыйын иеленеді (Қор. 1-х. 15:53).
3:7. Иса қашан ‘Дәуіттің кілтін’ алды және оны қалай қолданып келеді? Б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімінен өткенде, Иса Дәуіт әулетінен шыққан болашақ Патша ретінде тағайындалды. Алайда ол б. з. 33 жылы көкте Құдайдың оң жағына отырғанға дейін Дәуіттің кілтін алған жоқ. Көкте ол Дәуіт Патшалығының барлық құқығын мұра етті. Содан бері Иса кілтті Патшалықтың ісіне қатысты мүмкіндіктерге жол ашу үшін қолдануда. Ол 1919 жылы “адал да ақылды құлды” “бүкіл меншігін қараушы етіп” тағайындауымен “Дәуіт шаңырағының кілтін” құл табының ‘белдігіне тақты’ (Ишая 22:22; Мат. 24:45 ЖД, 47).
3:12. Исаның ‘жаңа аты’ деген нені білдіреді? Бұл ат Исаның жаңа дәрежесі мен артықшылықтарын білдіреді (Філіп. 2:9 сілт., 10, 11). Бұл есімді Иса сияқты ешкім біле алмайды, ол оны көктегі адал бауырларына жазып, олармен тығыз қарым-қатынас орнатады (Аян 19:12). Иса олармен тіпті өз артықшылықтарымен бөліседі.
Біз үшін сабақ:
1:3. ‘Бұлардың іске асатын [Құдайдың Шайтанның дүниесін соттайтын] уақыты таяп қалғандықтан’, Аян кітабындағы хабарды түсініп әрі оған сай әрекет ету аса маңызды.
3:17, 18. Рухани бай болу үшін Исадан “отпен балқытылып тазартылған “саф алтынды” сатып алуымыз қажет, яғни игі істерге бай болуға ұмтылуымыз керек (Тім. 1-х. 6:17—19). Сонымен қатар Мәсіхтің ізбасарлары екенімізді айқын көрсететін “аппақ киім” киюіміз қажет. Сондай-ақ рухани қырағы болу үшін “көзге жағатын шипалы майды”, яғни “Күзет мұнарасы” сияқты басылымдардағы кеңестерді, қолдануымыз керек (Аян 19:8).
7:13, 14. Жиырма төрт ақсақал көкте ұлылыққа бөленген 144 000-ды бейнелейді. Көкте олар тек патша емес, діни қызметкерлер ретінде де қызмет етеді. Олар ежелгі Исраилдегі Дәуіт патша 24 топқа бөлген діни қызметкерлермен бейнеленген. Ақсақалдардың бірі Жоханға “өте үлкен тобырдың” кім екенін ашады. Демек, майланған мәсіхшілердің қайта тірілуі 1935 жылдан біраз уақыт бұрын басталса керек. Неге бұлай деуге болады? Өйткені сол жылы жердегі Құдайдың майланған қызметшілеріне өте үлкен тобырдың нақты кім екені белгілі болды (Лұқа 22:28—30; Аян 4:4; 7:9).
ЖЕТІНШІ МӨР АШЫЛҒАНДА, ЖЕТІ КЕРНЕЙ ТАРТЫЛАДЫ
Тоқты жетінші мөрді ашады. Бұдан кейін жеті періштеге жеті керней беріледі. Алтауы кернейлетіп, адамзаттың “үштен біріне”, мәсіхшілер әлеміне, шығарылған үкімді жариялайды (Аян 8:1, 2, 7—12; 9:15, 18). Жохан бесінші аянында осыны көреді. Бұдан кейінгі аянда ол кішкентай кітапты, не шиыршықты, жейді және киелі үйді өлшейді. Жетінші керней тартылған соң: “Әлемді басқару билігі Жаратқан Иеміздікі және Оның тағайындаған Патшасы Мәсіхтікі!”— деген қатты дауыстар шығады (Аян 10:10; 11:1, 15).
Жетінші аянда Аян 11:15, 17-де айтылған жайттарға қатысты көбірек мәлімет беріледі. Аспанда бір керемет зор көрініс, немесе белгі, көрінеді. Көктегі әйел дүниеге ұл әкеледі. Ібіліс көктен қуылады. Көктегі әйелге қатты ашуланған ол “оның ұрпағының қалғандарымен шайқасуға аттанады” (Аян 12:1, 5, 9, 17 ЖД).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
8:1—5. Неліктен көкте тыныштық орнады және бұдан кейін жерге не лақтырылды? ‘Құдай халқының мінажаттары’ естілу үшін көкте бейнелі тыныштық орнайды. Бұл бірінші дүниежүзілік соғыстың соңында болған еді. Майланған мәсіхшілердің көбі басқа ұлттар дәурені аяқталғанда көкке көтеріледі деп күткенмен, бұлай болған жоқ. Соғыс жылдары олар қиын кезеңді бастан өткізді. Сондықтан басшылық сұрап, жалбарына дұға етті. Дұғаларына жауап ретінде періште жерге бейнелі от лақтырды, бұл майланған мәсіхшілерді рухани жалындатты. Саны аз болса да, олар Құдай Патшалығын жанып тұрған мәселе еткен дүниежүзілік уағыздау науқанын бастап, осылайша мәсіхшілер әлемін отпен өртеді. Киелі кітаптағы күннің күркірі іспетті ескертулер жарияланды, Жазбалардағы шындық найзағайдай жарқылдады және жер сілкінісінен шайқалған ғимараттар сияқты, дүниедегі жалған діндердің негізі шайқалды.
8:6—12; 9:1, 13; 11:15. Қашан жеті періште кернейлерін тартуға дайындалды және олар қашан және қалай кернейлетті? Жеті кернейді тартуға дайындалу жердегі жаңадан күш алған Жохан табының мүшелеріне 1919 жылдан 1922 жылға дейін басшылық беруді қамтыды. Сол кезде майланғандар бар күшін уағыздау ісін қайта ұйымдастыру мен баспаханалар салуға жұмылдырды (Аян 12:13, 14). Ал кернейлердің тартылуы Құдай халқының періштелермен қызметтесе отырып, Ехобаның Шайтанның дүниесіне шығарған үкімін батылдықпен жариялауын білдірді. Көңіл қоярлық жайт, бұл іс 1922 жылы Сидар-Пойнтта (Огайо) өткен конгресте басталып, ауыр азапқа дейін жалғасын таппақ.
8:13; 9:12, 11:14. Қай мағынада соңғы үш керней “қасіретті” жариялайды? Алғашқы төрт керней мәсіхшілер әлемінің рухани өлі күйін әшкерелесе, соңғы үшеуінің жариялаған “қасіреттері” ерекше оқиғалардың орын алатынын көрсетеді. Бесінші керней даусы Құдай халқының 1919 жылы әрекетсіз күйді білдіретін ‘терең тұңғиықтан’ босатылуы мен мәсіхшілер әлемін қинаған індет іспетті болған тоқтаусыз атқарылған уағыз ісімен байланысты (Аян 9:1). Алтыншысы тарихтағы ең үлкен атты әскер шабуылына, яғни 1922 жылы басталған дүниежүзілік уағыздау науқанына, қатысты. Ал соңғы керней Мәсіхтің Патшалығының туылуымен байланысты.
Біз үшін сабақ:
9:10, 19. “Адал да ақылды құлдың” басылымдарында сенімді әрі Киелі кітапқа негізделген “шағып алатын” хабар бар (Мат. 24:45 ЖД). Бұл хабар шегірткелердің “шаяндікі сияқты құйрықтары мен улы тістері” тәрізді және ‘құйрықтары жыландарға ұқсайтын’ атты әскердің аттары іспетті. Неге? Өйткені бұл басылымдар Ехобаның “кек алатын” күні жайлы ескертеді (Ишая 61:2). Олай болса, бұл әдебиеттерді батылдықпен әрі құлшыныспен таратайық.
9:20, 21. Өздерін мәсіхші емес санайтын халықтардың ішіндегі көптеген момын адамдар біздің хабарымызды қабыл алды. Алайда ‘аман қалғандар’ деп аталатын осы халықтар жаппай шындық жолына түседі деп күтпейміз. Сөйтсе де қызметімізді әрі қарай жалғастыра береміз.
12:15, 16. “Жер”, яғни Шайтан дүниесінің бөліктері немесе әртүрлі елдегі билік иелері, діни сенім бостандығын қолдады. 1940 жылдан бастап олар “айдаһардың аранынан шыққан өзенді [қудалауларды] жұтып қойды”. Шынында да, Ехоба қаласа, үкімет басындағыларға өз еркін жүзеге асыруға ықпал ете алады. Ендеше Нақыл сөздер 21:1-де: “Патшаның жүрегі Жаратқанның қолында Ұқсайды аққан суға өзен салаларында, Жаратқан бағыттайды оны қалаған жағына”,— деп орынды айтылған. Бұл біздің Құдайға деген сенімімізді нығайту керек.