НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ДҮНИЕНІ ДҮР СІЛКІНДІРГЕН СОҒЫС
Соғыс пен қайғы-қасіреттің артында кім тұр?
1918 жылдың 11 қарашасында Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Сол күні барлық жұмыс орындары уақытша жабылып, адамдар көшеге шығып, шаттана би биледі. Бірақ олардың қуаныштары ұзаққа созылмады. Дүниежүзілік соғыстың ізін суытпай, адамзаттың басына пулеметтің оғынан да жойқын апат төнді.
1918 жылдың маусымында “испан тұмауы” деп аталған індет Францияның майдан даласын жайлап алды. Көп ұзамай бұл індеттің қаншалықты қауіпті екені белгілі болды. Мысалы, бірнеше айдың ішінде Францияда осы аурудан өлген американдық сарбаздардың саны жау қолынан қаза болғандардың санынан асып түсті. Осы тұмауға шалдыққан сарбаздар соғыстан кейін елдеріне қайтқанда, бұл індет жержүзіне тез тарап кетті.
Сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдары экономика құлдырап, кедейлік пен ашаршылық кең етек алды. 1918 жылы соғыс қимылдары аяқталған соң, Еуропа тұрғындарының басым бөлігі аштыққа ұшырады. Ал 1923 жылға қарай Германияның ақшасы құнсызданып кетті. Алты жылдан кейін күллі әлем экономикасы құлдырады. Ақыр аяғында, 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Қандай да бір мағынада бұл бірінші бүкіләлемдік қақтығыстың жалғасы болды. Осы апаттардың бірінен соң бірінің орын алуына не себеп болды?
СОҢҒЫ КҮНДЕРДІҢ БЕЛГІСІ
Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар қандай да бір тарихи оқиғалардың, соның ішінде Бірінші дүниежүзілік соғыстың да, не себепті орын алғанын түсінуге көмектеседі. Иса пайғамбар “мемлекет мемлекетке қарсы” шығатынын және бүкіл дүниеге ашаршылық пен індеттер тарайтынын алдын ала айтқан (Матай 24:3, 7; Лұқа 21:10, 11). Ол шәкірттеріне осындай апаттар соңғы күндердің белгісі болатынын айтып кетті. Ал Киелі кітаптың Аян кітабынан жердегі қайғы-қасіреттің көктегі соғыспен қандай байланысы бар екендігін білуге болады (“Жердегі соғыс пен көктегі соғыс” деген қоршауды қараңыз.).
Аян кітабында төрт салт атты жайлы жазылған. Осы салт аттылардың үшеуі Иса пайғамбар айтып кеткен соғыс, ашаршылық пен індетті бейнелейді (“Төрт салт атты шауып келе жатыр” деп аталатын қоршауды қараңыз.). Бірінші дүниежүзілік соғыс осы күнге дейін жалғасып келе жатқан қайғы-қасіретке бастама берді. Киелі кітапта мұның бәріне себепкер болған, былайша айтқанда, мылтықтың шүріппесін басқан Шайтан екені ашық жазылған (Жоханның 1-хаты 5:19). Оның билігіне қашан тоқтау қойылады?
Аян кітабында Шайтанның “уақыты аз қалғаны” нақты айтылған (Аян 12:12). Сол себепті ол қатты ашуланып, жер бетінде адам айтқысыз қасіреттің орын алуына түрткі болуда. Бірақ бүгінгі қиыншылықтар Шайтанның уақыты соңына таяп қалғанын дәлелдейді.
ШАЙТАННЫҢ ІСТЕРІ ТОЛЫҚТАЙ ТАЛҚАНДАЛАДЫ
Бірінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихының бағытын өзгерткен оқиға болғаны шүбәсіз. Ол төңкерістер мен адамзат көсемдеріне деген сенімсіздікке түрткі болып, ең жойқын соғыстардың заманына бастама берді. Сондай-ақ бұл соғыс Шайтанның көктен лақтырылғанын айқын дәлелдейді (Аян 12:9). Дүниенің осы көзге көрінбейтін билеушісі уақытының аз қалғанын білетін залым диктатор сияқты әрекет етті. Оның билік ететін уақыты аяқталғанда, Бірінші дүниежүзілік соғыс әкелген қиын-қыстау заманның да соңы келеді.
Киелі кітаптың пайғамбарлығына сай, біздің көктегі Патшамыз Иса жуырда “Ібілістің істерін талқандайтынына” сенімді бола аламыз (Жоханның 1-хаты 3:8). Миллиондаған адам Құдай Патшалығы келсін деп дұға етеді. Сіз ше? Осы Патшалықтың арқасында адал адамдар жер бетінде Шайтанның емес, Құдайдың еркі орнайтынына куә болады (Матай 6:9, 10). Құдай Патшалығы билік еткенде, жер бетінде ешқандай соғыс болмайды! (Забур 45:10). Осы Патшалық жайлы білім алып, бүкіл әлемде бейбітшілік орнайтын кездің куәсі болыңыз! (Ишая 9:6, 7).
a Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 8-тарауын қараңыз.