Жұмақ орнататын үкімет
Иса жерде өмір сүрген кезде, ізбасарларын Құдай Патшалығының келуін тілеп дұға етуге үйреткен: “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!” (Матай 6:9, 10). Сонымен қатар ол әрқашан “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды” уағыздаған (Матай 4:23). Ол басқа еш нәрсе туралы осыншама көп әңгімелеген емес. Неге? Өйткені бүгінгі күні өмірімізді адам төзгісіз етіп отырған қиыншылықтардың барлығын Құдай Патшалық арқылы шешеді. Жақында Құдай осы Патшалық арқылы соғыстарды, аштықты, ауру мен қылмысты жойып, бірлік пен бейбітшілік орнатады.
Осындай дүниеде өмір сүргіңіз келер ме еді? Егер өмір сүргіңіз келсе, осы кітапшаны оқып шығуыңыз керек. Бұл кітапшадан Патшалықтың үкімет екенін, бірақ ол адамзат тарихында болған үкімет атаулының қай-қайсысынан да артық екенін білесіз. Сондай-ақ Құдай өзінің қызметшілеріне Патшалыққа қатысты ниетін керемет түрде бірте-бірте ашып отырғанын және Патшалық қазірдің өзінде сізге қалай көмектесе алатынын білетін боласыз.
Сіз қазірдің өзінде Құдай Патшалығының азаматы бола аласыз. Бірақ алдымен Патшалық туралы көбірек біліп алу керек. Сондықтан біз сізді осы кітапшаны мұқият оқып шығуға шақырамыз. Ондағы Патшалық туралы мәліметтің бәрі Киелі кітапқа негізделген.
Алдымен Құдай Патшалығына неліктен соншалықты мұқтаж екенімізді біліп алайық.
Адамзат тарихы Құдайдың алғашқы адамды кемелді етіп жаратып, жұмаққа қоныстандыруымен басталады. Ол кезде Патшалықтың қажеті жоқ еді.
Алайда алғашқы адам жұбы, Адам мен Хауа, бүлікші періште Шайтанның сөзіне еріп кетті. Шайтан Құдайды қаралап, олардың Құдайға қарсы бүлік шығаруына түрткі болды. “Күнәнің беретіні — (мәңгілік) өлім” болғандықтан, олар бұл қылықтары үшін лайықты түрде өлім жазасына ұшырады (Римдіктерге 6:23).
Кемелсіз, күнәкар адамның балалары кемелді бола алмайды. Сондықтан Адамның ұрпақтарының барлығы кемелсіз, күнәкар әрі ажалды болып туылды (Римдіктерге 5:12).
Сол уақыттан бастап күнә мен өлімнен құтылу үшін адамдарға Құдай Патшалығы қажет болды. Сонымен қатар бұл Патшалық Шайтанның қаралап айтқан сөздерін жоққа шығарып, Құдайдың есімін даңқтайды.
Ехоба Құдай адамзатты күнәдан құтқару үшін ерекше “ұрпақ” туылатынын уәде еткен (Жаратылыс 3:15). Бұл “ұрпақ” Құдай Патшалығының Патшасы болуға тиіс еді.
Бұл Ұрпақ кім болуы керек еді?
Адам күнәға батқаннан кейін шамамен 2000 жыл өткен соң, жер бетінде Ыбырайым есімді әділ кісі өмір сүрді. Ехоба оған туған қаласын тастап, Палестина жерінде шатырда өмір сүруді бұйырды.
Ыбырайым Ехобаның барлық талабын, тіпті аса бір ауырын да орындады. Ехоба оған ұлы Ысқақты құрбандыққа шалуды бұйырды.
Шын мәнінде, Ехоба адамның құрбандыққа шалынуын қалаған жоқ. Бірақ ол Ыбырайымның өзін қаншалықты жақсы көретінін білгісі келген еді. Ыбырайым Ысқақты өлтірмекші болып жатқан кезде, Ехоба оны тоқтатты.
Ыбырайымның сенімі берік болғандықтан, Ехоба оның ұрпақтарына Палестина жерін беруді уәде етті және уәде етілген Ұрпақ оның ұлы Ысқақтан шығатынын айтты (Жаратылыс 22:17, 18; 26:4, 5).
Ысқақтың Есау және Жақып деген егіз ұлы болды. Ехоба уәде етілген Ұрпақтың Жақыптың үрім-бұтағынан шығатынын айтты (Жаратылыс 28:13—15).
Ехоба Исраил деп жанама есім берген Жақыптың 12 ұлы болды және уақыт өте келе олардың бәрі балалы болды. Осылай Ыбырайымның ұрпағы көбейе бастады (Жаратылыс 46:8—27).
Олар тұрған аймақта қатты жұт басталғанда, Жақып бүкіл әулетімен Мысыр патшасы перғауынның шақыруы бойынша Мысырға көшіп барды (Жаратылыс 45:16—20).
Мысырда уәде етілген Ұрпақ Жақыптың Яһуда есімді ұлының үрім-бұтағынан шығатыны белгілі болды (Жаратылыс 49:10).
Жақып қайтыс болды, ал оның ұрпақтары көбейе-көбейе халыққа айналды. Сонда мысырлықтар олардан қорқа бастады да, оларды өздерінің құлдарына айналдырды (Мысырдан шығу 1:7—14).
Ақырында Құдай Исраил ұлдарын босатуын талап етіп, Мұса есімді әділ адамды сол кезде патшалық етіп отырған перғауынға жіберді (Мысырдан шығу 6:10, 11).
Перғауын оларды босатудан бас тартқандықтан, Құдай мысырлықтарға он жаза жіберді. Ал соңғы жаза ретінде мысырлықтардың тұңғыш ұлдарының барлығын өлтіруге періштесін жіберді (Мысырдан шығу 7—12 тараулар).
Құдай исраилдіктерге кешкі асқа бір тоқты сойып, оның қанын есіктерінің жақтауларына жағып қойса, періште оларға тиіспей, үйлерінің жанынан өтіп кететінін айтты. Осылайша исраилдіктердің тұңғыш ұлдары аман қалды (Мысырдан шығу 12:1—35).
Осыдан кейін перғауын исраилдіктерге Мысырдан кетуді бұйырды. Бірақ кейін ол ойынан қайтып, оларды қайтару үшін соңдарынан қуа жөнелді.
Ехоба Қызыл теңізді қақ жарып, исраилдіктерді өткізіп жіберді. Ал олардың ізіне түскен перғауынды әскерімен бірге су басып қалды (Мысырдан шығу 15:5—21).
Ехоба Исраил халқын шөл дала арқылы Синай тауының етегіне әкелді. Сол жерде Құдай оларға өз заңын беріп, егер олар осы заңды орындайтын болса, діни қызметкерлер патшалығы және қасиетті халық болатындарын айтып уәде берді. Демек исраилдіктердің уақыт өте келе Құдай Патшалығында маңызды рөл атқаратын мүмкіндіктері бар еді (Мысырдан шығу 19:6; 24:3—8).
Исраилдіктер Синай тауының маңында бір жылға жуық уақыт өмір сүрген соң, Ехоба оларды бабалары Ыбырайымға уәде еткен Палестина жеріне бастап алып барды.
Кейінірек Палестина жерінде Құдай исраилдіктерге өз патшаларын сайлап алуға жол берді. Осылайша Құдайдың жер бетіндегі патшалығы пайда болды.
Исраилдің екінші патшасы Яһуда әулетінен шыққан Дәуіт болды. Ол Исраилдің барлық жауларын жеңіп, Иерусалимді өз патшалығының астанасына айналдырды.
Дәуіт билік еткен уақыттағы оқиғалар патшаны Ехоба қолдап отырса, оны жердегі әміршілердің ешқайсысы жеңе алмайтындығын көрсетеді.
Ехоба уәде етілген Ұрпақ Дәуіттің үрім-бұтағынан шығатынын айтты (Патшалықтар 2-жазба 7:12—16).
Дәуіттен кейін оның ұлы Сүлеймен патшалық етті. Ол дана патша болды және ол билік еткен уақытта Исраил халқы көркейген елге айналды.
Сонымен қатар Сүлеймен Иерусалимде Ехобаға арнап ғажап ғибадатхана салды. Исраилде Сүлеймен билік еткен уақыттағы халықтың жағдайы Құдайдың жақында орнайтын Патшалығының адамзатқа әкелетін кейбір баталарын көрсетеді (Патшалықтар 3-жазба 4:24, 25).
Бірақ Сүлейменнен кейінгі патшалардың көбісі Құдайға деген адалдықтарын сақтамады.
Алайда Иерусалимде Дәуіттің ұрпақтары билік етіп отырғанда, Ехоба Ишая пайғамбар арқылы болашақта Дәуіттің Ұлы бүкіл жер бетін адалдықпен басқаратынын мәлім етті. Уәде етілген Ұрпақ та сол болуға тиіс еді (Ишая 9:6, 7).
Ишая пайғамбар оның билігінің салтанаты Сүлейменнің билігінен анағұрлым асып түсетінін айтты (Ишая 11, 65-тараулар).
Енді бұл Ұрпақтың кім болатыны Құдайдың қызметшілерін бұрынғыдан да бетер қызықтыра түсті.
Алайда бұл Ұрпақ келгенше, Исраил патшаларының бұзылып кеткені сонша, б.з.б. 607 жылы Ехоба бұл халықты бабылдықтардың жаулап алып, көпшілігін Бабылға тұтқынға алып кетуіне жол берді. Бірақ Құдай өз уәдесін ұмытқан жоқ. Әлі де Дәуіттің үрім-бұтағынан Ұрпақ туылуы керек еді (Езекиел 21:25—27).
Исраил халқының жағдайынан дана әрі адал патшаның билігі халыққа шектеулі ғана пайда әкелетінін көріп отырмыз. Адал адам дүниеден өткен соң, олардың мирасқорлары адал болмауы мүмкін. Онда үмітті кімге артуға болады? Уәде етілген Ұрпаққа.
Ақырында мыңдаған жылдар өткен соң, Ұрпақ пайда болды. Бұл Ұрпақ кім болды екен?
Бұл сұрақтың жауабын бір періште Мәриям атты күйеуге шықпаған исраилдік қызға айтты. Ол Мәриямға ұл тауып, оның атын Иса деп қоятынын айтты. Одан соң былай деді:
“Ол өте мәртебелі болып, Құдай Тағаланың рухани Ұлы деп аталады. Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды. Иса... Патшалық құратын болады” (Лұқа 1:32, 33).
Сонымен, уәде етілген Ұрпақ Иса болуы керек еді. Ол ақыр аяғында Құдай Патшалығының Патшасы болмақ. Бірақ өзіне дейін өмір сүрген әділ адамдардан Исаның қандай айырмашылығы бар еді?
Иса ғажайып түрде туылды. Оның анасы күйеуге шықпаған қыз болғандықтан, оның адами әкесі болған жоқ. Жерде туылмас бұрын Иса көкте өмір сүрген, сосын, Құдай өзінің киелі рухы — әрекет етуші күші — арқылы оны Мәриямның құрсағына салған болатын. Сондықтан да ол Адамның күнәсін мұра етіп алған жоқ. Иса өмірінде бір де бір рет күнә жасаған жоқ (Петірдің 1-хаты 2:22).
30 жасында Иса шомылдыру рәсімінен өтті.
Ол адамдарға Құдай Патшалығын уағыздады, ал кейін өзінің сол Патшалықтың Патшасы екендігін айтты (Матай 4:23; 21:4—11).
Сондай-ақ ол көп кереметтер жасады.
Ол ауруларды сауықтырды (Матай 9:35).
Ашыққандарды керемет түрде тамақтандырды (Матай 14:14—22).
Тіпті өлілерді де қайта тірілтті (Жохан 11:38—44).
Бұл кереметтер Исаның Құдай Патшалығының Патшасы болғанда адамзат үшін не істейтіндігін көрсетеді.
Дәуіт патшаның Иерусалимді өз патшалығының астанасы еткені есіңізде ме? Иса Құдай Патшалығының жерде емес, көкте болатынын айтқан (Жохан 18:36). Сондықтан бұл Патшалық “көктегі Иерусалим” деп аталады (Еврейлерге 12:22, 28).
Иса осы Патшалықтың азаматтары ұстанатын заңдарды берді. Ол заңдар Киелі кітапта жазылған. Олардың ең маңызды екеуінде адамдар Құдайды және бір-бірін сүюлері керек екені айтылған (Матай 22:37—39).
Сонымен қатар Иса билікті жалғыз жүргізбейтінін айтты. Құдай онымен бірге көкте билік етуге кейбір адамдарды таңдап алуы керек еді (Лұқа 12:32; Жохан 14:3). Олардың саны қанша болуы керек еді? Аян 14:1-де 144000 екені айтылған.
Егер көкте Исамен бірге 144000 адам ғана билік ететін болса, қалған адамдар үшін қандай үміт бар?
Киелі кітапта: “Кіші пейілділер бақытты: Олар жерді иемденетін болады!”— деп жазылған (Матай 5:5).
Жер бетінде мәңгі өмір сүретін адамдар “басқа қойлар” деп аталады (Жохан 10:16).
Сонымен, әділ адамдарды екі түрлі болашақ күтіп тұр. 144000 адамды Иса Мәсіхпен бірге билік ету үшін Ехоба Құдай көкке шақырады. Ал қалған миллиондаған адамның Патшалықтың азаматтары ретінде жер бетінде мәңгі өмір сүруге берік үміті бар (Аян 5:10).
Шайтан Исаны жек көрген, сондықтан оған қарсылық көрсеткен. Иса Ізгі хабарды үш жарым жыл уағыздаған соң, Шайтан адамдардың Исаны тұтқындап, бөренеге шегелеп өлтіруіне түрткі болды. Неге Құдай бұған жол берді?
Бәріміз Адам атадан тарағандықтан, күнә жасайтынымыз, сондықтан өлімге лайық екеніміз есіңізде шығар (Римдіктерге 6:23).
Сондай-ақ керемет түрде туылғандықтан, Исаның кемелді адам ретінде өлімге лайық емес екендігін де еске алайық. Осыған қарамастан Құдай Шайтанға ‘Исаның өкшесін шағып’ өлтіруіне жол берді. Бірақ Құдай Исаны мәңгі өлмейтін рухани жаратылыс ретінде қайта тірілтті. Ол кемелді адам ретінде өмір сүру құқынан әлі айырылмағандықтан, енді осы құқығын адамзатты күнәдан құтқару үшін қолдана алатын болды (Жаратылыс 3:15; Римдіктерге 5:12, 21; Матай 20:28).
Исаның құрбандығының мәнін толық түсінуіміз үшін Киелі кітап ол жайында пайғамбарлық бейнелер арқылы әңгімелейді.
Мысалы, Ехоба Ыбырайымның сүйіспеншілігін тексеріп, одан ұлын құрбандыққа шалуды талап еткені есіңізде ме?
Бұл Исаның құрбандығының пайғамбарлық бейнесі болатын. Осы оқиғадан Ехобаның адамзатқа деген сүйіспеншілігінің зор болғаны сонша, біз өмір сүрсін деп өзінің Ұлы Исаның өлуіне жол бергені көрінеді (Жохан 3:16).
Ехобаның исраилдіктерді Мысыр құлдығынан қалай босатып алғаны және періштесіне оларға тиіспей, үйлерінің жанынан өтіп кетуге бұйырып, олардың тұңғыш ұлдарын аман алып қалғаны есіңізде ме? (Мысырдан шығу 12:12, 13).
Бұл пайғамбарлық бейне болатын. Тоқтының қаны исраилдіктердің тұңғыш ұлдарының өмірін сақтап қалғаны сияқты, Исаның төгілген қаны да оған сенім артқандардың өмірін сақтап қалады. Сол түнде болған оқиғалар исраилдіктерге бостандық әкелген болса, Исаның өлімі адамдарды күнә мен өлімнің құлдығынан босатады.
Сол себепті де Иса туралы Киелі кітапта: ‘Құдайдың құрбандыққа жіберген “Тоқтысы”! Ол адамзаттың күнәсын өз мойнына артады’,— деп жазылған (Жохан 1:29).
Алайда Иса жерде болған кезінде шәкірттер жинап, оларды Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауға үйретті. Олар тіпті Иса өлгеннен кейін де уағыздай берулері керек еді (Матай 10:5; Лұқа 10:1).
Бұлар Исамен бірге оның Патшалығында билік етуге таңдалған адамдардың алғашқылары болатын (Лұқа 12:32).
Таурат заңын ұстанатын болса, “діни қызметкерлердің патшалығы” болатынына қатысты Құдайдың яһудилерге берген уәдесі есіңізде ме? Енді оларда Исаны қабылдайтын болса, Құдай Патшалығынан орын алып, көкте діни қызметкерлер болатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ олардың көпшілігі Исаны мойындамады.
Сол кезден бастап яһудилер Құдай таңдаған халық болудан, ал Палестина Уәде етілген жер болудан қалды (Матай 21:43; 23:37, 38).
Иса өмір сүрген уақыттан бастап қазіргі уақытқа дейін Ехоба көктегі үкіметте Исамен бірге билік ететін адамдарды жинап жатыр. Олардың бірнеше мыңы әлі де жер бетінде өмір сүруде. Біз оларды майланған тамтық деп атаймыз (Аян 12:17).
Енді сіз Құдай Патшалығының не екенін түсінейін дедіңіз. Бұл — көктегі үкімет, оның Патшасы — Иса Мәсіх, онымен бірге билік етуге жерден 144000 адам таңдалған. Бұл үкімет жердегі әділ адамдардың үстінен басшылық етіп, жер бетіне бейбітшілік орнатады.
Иса өлген соң, Ехоба оны көктегі өмірге қайта тірілтті. Ол Құдайдың өзіне Патша ретінде билік ететін уақытының келгенін айтқанша күтіп отырды (Забур 109:1). Бұл уақыт қашан келу керек еді?
Кейде Ехоба адамдарға түс арқылы Патшалық туралы кейбір жайттарды білдіріп отырған.
Даниялдың күндерінде Ехоба Бабыл патшасы Набуходоносорға осындай түс көрсетті. Түсінде ол алып ағашты көрді (Даниял 4:7—34).
Біреулер ағашты шауып тастады да, оның діңгегін жеті жылға құрсаулап қойды.
Бұл ағаш Набуходоносорды бейнелеген еді. Жеті жылға құрсауланып тасталған діңгек сияқты, Набуходоносор да ақылынан адасып жеті жыл жүрді. Сосын, ол сауығып кетті.
Бұның барлығы пайғамбарлық бейне болатын. Набуходоносор Ехобаның бүкіләлемдік билігін бейнелеген. Бастапқыда ол өз билігін Иерусалимде Дәуіт патшаның ұрпақтары арқылы жүргізіп отырған. Б.з.б. 607 жылы Иерусалимді бабылдықтар жаулап алғанда, Дәуіттің ұрпақтары билік жүргізуін тоқтатты. Бұл билік “кімге тиесілі болса, Сол келгенше,” Дәуіттің ұрпағынан ешбір патша шықпауға тиіс еді (Езекиел 21:27). Бұл билік Иса Мәсіхке тиесілі болып шықты.
Б.з.б. 607 жылдан бастап Исаның билігі басталғанға дейін қанша уақыт өту керек еді? Пайғамбарлық жеті жыл өту керек еді. Бұл 2520 жылға тең (Аян 12:6, 14). Ал б.з.б. 607 жылдан бастап 2520 жылды санасақ, б.з. 1914 жылына келеміз.
Демек Иса көкте 1914 жылдан бастап билік ете бастады. Бұдан кейін не болды?
Киелі кітаптағы елші Жохан көрген аян осы сұраққа жауап береді.
Ол көкте бір әйелдің ұл баланы дүниеге әкелгенін көрді (Аян 12:1—12).
Бұл әйел Құдайға қызмет ететін періштелерден тұратын Құдайдың көктегі ұйымын бейнелейді. Ал ұл бала — Құдай Патшалығының бейнесі. Ол 1914 жылы “туылды”.
Содан соң не болды? Ең алдымен Иса Патша ретінде Шайтан мен оның бүлігіне қосылған періштелерді көктен жерге лақтырып тастады (Аян 12:9).
Бұдан кейін не болғаны Киелі кітапта былай суреттеледі: “Қуаныңдар, көк және оны мекендегендердің бәрі де! Алайда жер мен теңізде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:12).
Сондықтан Иса көктегі билігін бастаған кезде, оның жаулары жерде белсенді әрекет ете бастады. Киелі кітапта алдын ала айтылғандай, Иса жауларының арасында билік етуді бастады (Забур 109:1, 2).
Бұл адамзатқа қалай әсер етуі керек еді?
Иса соғыстар, ашаршылық, аурулар мен жер сілкіністері болады деген (Матай 24:7, 8; Лұқа 21:10, 11).
Өзіміз көріп отырғандай, бұндай жағдай 1914 жылдан басталды. Бұл — Патшалықтың билігі сол уақытта басталғандығының тағы да бір дәлелі.
Аян кітабында адамдар ‘жерді құртатын’ болады делінген (Аян 11:18). Біз бұл сөздердің де әсіресе 1914 жылдан бастап орындалып жатқанын көріп отырмыз.
Бұған қоса елші Пауыл адамдардың ‘өзімшіл, ақшақұмар, ата-аналарына бағынбайтын, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз’ болатындығын айтқан (Тімотеге 2-хат 3:1—5).
Сіз бүгінгі өмірдің неге соншалықты қиын екенін енді білесіз. Шайтан белсенді әрекет етуде. Бірақ Құдай Патшалығы да белсенді әрекет етуде.
1914 жылдан кейін көп ұзамай Исамен бірге көкте билік етуге үміті бар тамтық Патшалықтың орнағаны жөнінде ізгі хабарды жариялай бастады. Иса айтып кеткендей, бұл хабар бүкіл жер бетіне тарады (Матай 24:14).
Бұл хабар қандай мақсатпен жариялануда?
Бірінші мақсат — адамдарды Құдай Патшалығы туралы құлақтандыру.
Екіншісі — оларға Патшалықтың азаматы болғылары келе ме, жоқ па, соны шешуге көмектесу.
Иса біздің күндерімізде адамдар қой іспеттес және серке іспеттес болып екіге бөлінетінін айтып кеткен (Матай 25:31—46).
“Қойлар” — Иса мен оның бауырластарын жақсы көретін адамдар. Ал “серкелер” оны да, оның бауырластарын да жақсы көрмейтін адамдар.
“Қойлар” мәңгілік өмірге ие болады, ал “серкелер” ие болмайды.
Осының бәрі Патшалық туралы ізгі хабардың жариялануының арқасында іске асады.
Ишая пайғамбар былай деген:
“Кейінгі заманда Жаратқан Иенің Киелі үйі тұрған Сион тауы Бастысы болады бар тау-төбелердің. Бәрінен де оның атақ-даңқы Әлдеқайда жоғары боп қалады. Барлық халықтардың адамдары Соған қарай ағылатын болады” (Ишая 2:2).
Біз ‘кейінгі заман’ деп аталған уақытта өмір сүрудеміз.
Ехобаның ‘Киелі үйінің атақ-даңқы’ жалған діндерден “жоғары”.
“Енді жүріңдер, Жаратқан Иенің, Жақыптың халқы сиынған Құдайдың, Сион тауындағы киелі үйіне Өрлеп барайық барлығымыз, кәне! Сол жерде Тәңір Иеміз біздерге Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейік, Әділетті еркін орындай берейік! — Деп, көбі жолға шығады бірігіп” (Ишая 2:3).
Осы сөздерге сәйкес, қазір барлық халықтан шыққан көптеген адам Ехобаға ғибадат етуге жиналуда әрі басқаларды да шақыруда. Олар Ехобаға ұнамды өмір сүруді үйренуде.
“Енді олар төс үстінде қаруын Қайта соққылап, соқаға қылышын Айналдырады, ораққа найзасын. Халықтар енді қайтып ешқашан да Бір-біріне қарсы қару көтермейді, Олар соғысуды тіптен үйренбейді” (Ишая 2:4).
Ехобаға ғибадат ететін адамдар бірлікте әрі бейбіт өмір сүруде
Құдай Патшалығының әрекет етуінің нәтижесінде дүниежүзі бойынша миллиондаған адам осы Патшалықтың азаматы болды.
Олар Мәсіхпен бірге көкте билік етуге үміті бар тамтықтың айналасына жиналуда.
Құдайдың ұйымы оларды рухани ас-сумен қамтамасыз етіп отыр (Матай 24:45—47).
Олар бір-бірін шын сүйетін халықаралық бауырластықты құрайды (Жохан 13:35).
Олар жан дүние тыныштығын сезінуде әрі болашаққа үмітпен қарайды (Філіпіліктерге 4:7).
Жақында ізгі хабарды жариялау ісі тоқтайды. “Қойлардың” барлығы жиналады. Бұдан кейін Патшалық не істейді?
Дәуіт патшаның Құдай халқының барлық жауларын жеңгені есіңізде ме? Иса Патша да дәл солай етеді.
Бір күні Набуходоносор патша түсінде сол уақыттан бастап біздің күндерімізге дейінгі дүниежүзіне үстемдік ететін ірі мемлекеттердің барлығын бейнелейтін алып мүсінді көрді.
Сосын, ол бір тастың таудан бөлініп келіп, мүсінді күл-талқан қылып қиратқанын көрді. Бұл тас Құдай Патшалығын білдіреді.
Бұл аян қазіргі зұлым дүниенің жойылуын білдіреді (Даниял 2:44).
Мысалы, Патшалық келесі нәрселерді жояды.
Жалған дін теңізге лақтырылған диірмен тасындай ғайып болады (Аян 18:21).
Сол себепті Құдайды жақсы көретін адамдардың барлығы КІДІРМЕСТЕН жалған діннен шығуға шақырылуда (Аян 18:4).
Сосын, Иса Патша “халықтарды шауып тастайды”; ол оларды “темір таяқпен бағады” (Тт) (Аян 19:15).
Сондықтан Ехоба куәгерлері алым-салықтарды төлеп, үкімет заңдарына бойсұнғандарымен, саясатқа араласпайды.
Ақыр аяғында “айдаһар”, яғни Шайтан, түпсіз тұңғиыққа тасталады (Аян 20:2, 3).
Бұл апаттан Исаға Патша ретінде мойынсұнатын қой іспеттес адамдар ғана аман қалады (Матай 25:31—34, 41, 46).
Елші Жохан апаттан аман қалған “қойлар” туралы аян көрген болатын.
“Содан соң қарасам, ешбір адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобырды көрдім. Олар әрбір ұлттан, халықтан, тілден шығып, тақ пен Тоқтының алдында ақ шапан киіп, қолдарына пальма бұтақшаларын ұстап тұр екен” (Аян 7:9).
“Өте үлкен тобыр” ізгі хабарға құлақ асқан адамдардан тұрады.
Бұл — “ауыр азаптан” өткен адамдар (Аян 7:14, сілтеме).
“Пальма бұтақшалары” — олардың Исаны өз Патшалары ретінде мойындайтындарының белгісі.
“Ақ шапан” олардың Исаның құрбандығына сенетіндерін көрсетеді.
“Тоқты” — Иса Мәсіх.
Бұл адамдар қандай баталарға ие болады? Исраил елін адал патша Сүлеймен билеген уақытта халықтың бақытты өмір сүргені есіңізде ме? Бұл Иса Патша билік еткен уақыттағы жерде өмір сүретін адамдардың бақытты өмірінің кішігірім бейнесі болған.
Ишая пайғамбар айтып кеткендей, адамдардың арасында, сондай-ақ адамдар мен жан-жануарлардың арасында тура мағынада татулық орнайды (Забур 45:10; Ишая 11:6—9).
Иса жерде қызмет еткенде ауруларды сауықтырғанындай, болашақта да адамзатты барлық ауру-сырқаудан арылтады (Ишая 33:24).
Көптеген ашыққан адамдарды тамақтандырғанындай, адамзатты азық-түлік тапшылығынан арылтады (Забур 71:16).
Өлілерді қайта тірілткеніндей, Құдай Патшалығына мойынсұнуға толық мүмкіндіктері болмай өліп кеткен адамдарды да қайта тірілтеді (Жохан 5:28, 29).
Ол адамзатты бірте-бірте Адам ата жоғалтып алған кемелділікке жеткізеді.
Расында да, керемет болашақ емес пе?! Сіз оны көргіңіз келе ме? Олай болса, қазірден Құдай Патшалығына мойынсұнып, “қойлардың” қатарына қосылыңыз.
Киелі кітапты зерттеп, Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх жайында білім алыңыз (Жохан 17:3).
Патшалықтың азаматтары болған басқа адамдармен қарым-қатынаста болыңыз (Еврейлерге 10:25).
Патшалықтың заңдарымен танысып, оларды орындаңыз (Ишая 2:3, 4).
Өміріңізді Ехобаға қызмет етуге арнап, шомылдыру рәсімінен өтіңіз (Матай 28:19, 20).
Ехоба Құдайға ұнамайтын ұрлық, өтірік, азғындық және маскүнемдік сияқты жаман қылықтардан аулақ болыңыз (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11).
Патшалық туралы ізгі хабарды жариялау ісіне қатысыңыз (Матай 24:14).
Сонда Адам ата өз ұрпақтарына бере алмаған Жұмақтың қайта қалпына келгенін өз көзіңізбен көресіз. Сонымен қатар: “Көктегі тақтан былай деген зор дауысты естідім: “Қараңдар, Құдайдың адамдар арасындағы мекені! Ол солармен бірге тұрып, олар Оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың Өзі солармен бірге мекендеп, олардың Құдайы болады! Ол барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды”,— деген сөздердің орындалғанын көретін боласыз (Аян 21:3, 4).
[20-беттегі кесте]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
Б.з.б. 607ж. Б.з. 1914 ж.
б.з.б. б.з.
500 1000 1500 2000 2520
[11-беттегі суреттер]
Ыбырайым
Ысқақ
Жақып
Яһуда
Дәуіт
[14-беттегі сурет]
144000
[16-беттегі суреттер]
Адам
Иса