Олар “өмір суының” бұлақтарына жетелеуге лайық
“Тоқты олардың бағушысы болып, “өмір суының” бұлақтарына жетелейді” (АЯН 7:17)
1. Киелі кітапта майланған мәсіхшілерді кім деп атаған және оларға Иса қандай іс тапсырды?
КИЕЛІ КІТАПТА Мәсіхтің жердегі мүддесі үшін қызмет ететін майланған мәсіхшілерді “адал да ақылды құл” (ЖД) деп атаған. 1918 жылы Мәсіх “құлды” тексергенде, олардың ‘ас-суды уақтылы’ беріп, адал қызмет етіп жүргендерін көрді. Сондықтан риза болған Иса, Қожайын, оларды “бүкіл меншігіне қараушы” етіп тағайындады (Матай 24:45—47 оқы). Осылайша майланған мәсіхшілер көктегі мұраларын иемденбес бұрын, Ехобаға ғибадат ететін адамдар үшін қызмет етеді.
2. Исаның меншігіне не жатады?
2 Қожайын әдетте өз меншігіне билігін жүргізеді және оларды қалай қолданамын десе, өз еркінде. Ехоба Патша етіп тағайындаған Иса Мәсіхтің жер бетіндегі меншігіне Патшалыққа қатысы бар барлық нәрселер мен оның азаматтары кіреді. Патшалықтың азаматтарына елші Жохан аянында көрген “өте үлкен тобыр” да жатады. Жохан оларды былай деп сипаттады: “Қарасам, ешбір адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобырды көрдім. Олар әрбір ұлттан, халықтан, тілден шығып, тақ пен Тоқтының алдында ақ шапан киіп, қолдарына пальма бұтақшаларын ұстап тұр екен” (Аян 7:9).
3, 4. Өте үлкен тобыр қандай мәртебеге ие болған?
3 Өте үлкен тобырдың мүшелері ‘басқа қойлардың’ құрамына кіреді (Жохан 10:16). Олардың жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүру үміті бар. Олар Исаның ‘“өмір суының” бұлақтарына жетелейтініне’ және ‘Құдай барлық көз жастарын сүртіп тастайтынына’ сенімді. Бұл үмітті есте ұстай отырып, “олар шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылды” (Аян 7:14, 17). Исаның құрбандығына сенімдерін білдіргендіктен, Құдай оларды “шапандарын аппақ қылғандар” деп есептейді, Ыбырайым сияқты өзінің достары ретінде әділ деп жариялайды.
4 Оның үстіне, күн сайын көбейіп жатқан өте үлкен тобыр Құдайдың көз алдында әділ болғандықтан, осы зұлым дүние жойылатын ауыр азаптан аман өтеді (Жақ. 2:23—26). Сондай-ақ олар Ехобаға жақындай алады және топ ретінде Һар-Магедоннан аман қалады (Жақ. 4:8; Аян 7:15). Олар тәуелсіздік рухын танытпайды, қайта, көктегі Патшаның және жердегі майланған бауырластарының басшылығына мойынсұнуға дайын.
5. Майланған бауырластарына өте үлкен тобыр қандай қолдау көрсетуде?
5 Майланған мәсіхшілер Шайтан дүниесінің жағынан қатты қарсылық көруде, әрі бұл жалғаса береді. Соған қарамастан олар өте үлкен тобырды құрайтын серіктерінің өздерін қолдайтынына сенімді. Майланғандар қазір сан жағынан шамалы ғана, ал өте үлкен тобырдың саны жыл сайын шамамен жүз мыңдаған адамға өсіп отыр. Сондықтан майланғандар дүниежүзіндегі 100 000 мәсіхшілер қауымының әр-біріне жеке көңіл бөле алмайды. Алайда басқа қойлар оларға қолдау көрсетіп, араларындағы қабілетті ерлер қауымда ақсақал ретінде қызмет етуде. Осылайша олар “адал да ақылды құлға” сеніп тапсырылған миллиондаған мәсіхшілердің қамын ойлауда.
6. Пайғамбарлыққа сай, майланған мәсіхшілерді серіктері қалай қолдайды?
6 Майланған мәсіхшілерге басқа қойлардан тұратын серіктерінің қолдау көрсететінін Ишая пайғамбар алдын ала айтып кеткен болатын. Ол былай деген: ‘Жаратқан Ие таңдаған халқына мынаны да айтады: “Мысырдың істері [“ақы алмайтын жұмысшылары”, ЖД] мен Құштың саудасы сенікі болмақ. Себаның бойшаң адамдары да сенің жағыңа өтіп, меншігіңе айналады. Олар шынжырланған күйде артыңнан ереді’ (Ишая 45:14). Жерде өмір сүруге үміттенетін мәсіхшілер майланған құл табы мен оның Басқарушы кеңесінің, бейнелі мағынада, соңынан еріп, басшылығына мойынсұнады. “Ақы алмайтын жұмысшы” ретінде басқа қойлар Исаның жердегі майланған ізбасарларына тапсырған істі, яғни дүниежүзілік уағыздау ісін, қолдау үшін күш-қуаттары мен дүние-мүлкін жұмсауға дайын (Ел. іс. 1:8; Аян 12:17).
7. Өте үлкен тобыр не үшін тәлім алуда?
7 Өте үлкен тобырдың мүшелері майланған мәсіхшілерге қолдау көрсетеді және олардан тәлім алады. Себебі олар Һар-Магедоннан аман өтіп, жер бетінде өмір сүретін адамзат қоғамының бастамасы болмақ. Бұл қоғам берік әрі тұрақты болуы тиіс, және оның мүшелері Қожайынның нұсқауын орындауға қабілетті әрі дайын болуы керек. Бүгінде әрбір мәсіхшінің Патша Иса Мәсіхке қызмет ете алатынын көрсетуге мүмкіндігі бар. Сенімі мен адалдығын көрсету арқылы ол жаңа дүниеде Патшаның айтқанын орындауға дайын екенін дәлелдейді.
Өте үлкен тобыр сенімін дәлелдеуде
8, 9. Өте үлкен тобыр сенімін қалай дәлелдеуде?
8 Майланған мәсіхшілердің серіктері сенімдерін түрлі жолмен дәлелдеуде. Біріншіден, олар майланғандарды Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялау ісінде қолдайды (Мат. 24:14; 28:19, 20). Екіншіден, олар Басқарушы кеңестің беріп отырған басшылығына дайындықпен мойынсұнады (Евр. 13:17; Зәкәрия 8:23 оқы).
9 Үшіншіден, өте үлкен тобыр майланған бауырластарын Ехобаның әділ принциптерін ұстанып өмір сүру арқылы қолдайды. Олар “сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық” деген қасиеттерді дамытуға тырысады (Ғал. 5:22, 23). Бүгінде осы қасиеттерді емес, ‘ескі күнәкар болмысымыздан туындайтын’ қасиеттерді таныту кең тараған. Дегенмен өте үлкен тобырдың мүшелері “жеңіл жүріс, азғындық пен ұстамсыздық, жалған тәңірлерге табынушылық пен сиқыршылық; қаскөйлік, ұрыс-керіс, қызғаныш, ашу-ыза, жеке бастың абыройын ойлау, ала ауыздық туғызу, жік салу, күншілдік, кісі өлтіру, маскүнемдік, жүгенсіздік және сол сияқты” істерден аулақ жүру үшін, белді бекем буған (Ғал. 5:19—21).
10. Өте үлкен тобыр не істеуге белді бекем буған?
10 Кемелсіз болғандықтан, киелі рухтың жемісін дамытып, күнәкар болмыстың істерінен аулақ жүру және Шайтан дүниесінің ықпалына төтеп беру бізге оңай емес. Әлсіздікке беріліп қалғанда немесе денсаулық нашарлағанда, ұнжырғамыз түседі. Әйтсе де мұның сенімімізді әлсіретуіне не Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді суытуына жол бермейміз. Біз Ехобаның өз уәдесінде тұрып, өте үлкен тобырды ауыр азаптан аман алып өтетінін білеміз.
11. Мәсіхшілердің сенімін әлсірету үшін Шайтан қандай әдістерді қолданады?
11 Дегенмен нақ жауымыз Ібіліс екенін және оның оңайлықпен берілмейтінін білгендіктен, біз үнемі сергек жүреміз (Петір 1-х. 5:8 оқы). Жолдан тайғандар мен басқа адамдар арқылы ол ұстанып жүрген ілімдерімізді жалған етіп көрсетуге тырысуда. Алайда бұл әдіс ешқашан жүзеге асқан емес. Кейде қудалаудың нәтижесінде уағыздау ісі бәсеңдеуі мүмкін, алайда қудалау жиі бауырластардың сенімін нығайтып жатады. Сөйтсе де Шайтанның сенімімізді әлсіретуге тиімді деп есептейтін әрі жиі қолданатын бір әдісі бар. Ол ұнжырғамыздың түскенін қолданып қалуға тырысады. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге: “[Исаның] күнәкарлардың қаншама жауыздықтарына шыдағанын ескеріңдер! Осылай сендер де қажымаңдар, жігерлеріңді жасытпаңдар!”— деп, ескерту берілген болатын (Евр. 12:3).
12. Ұнжырғасы түсіп жүргендерге Киелі кітапта қандай кеңестер берілген?
12 Өзіңді әрі қарай күресе алмайтындай сезінгенсің бе? Немесе өзіңді түкке тұрғысыз есептеген кездерің болған ба? Ехобаға қызмет етуіңе кедергі жасау үшін, Шайтан мұндай сезімді қолданып қалуға тырысады. Оған жол берме. Киелі кітапты терең зерттеу, шын ықыласпен дұға ету, қауым кездесулеріне үнемі бару мен бауырластармен араласу сеніміңді нығайтады және ‘жігеріңді жасытпауға’ көмектеседі. Ехоба күш-қуат беріп, қайтадан аяққа тұрғызуды уәде еткен, әрі ол сөзінде тұрады (Ишая 40:30, 31 оқы). Басты назарыңды Патшалықтың мүддесі үшін қызмет етуге аудара бер. Алаңдататын жайттардан аулақ болып, басқаларға көмектесудің қамын ойла. Сонда ұнжырғаң түссе де, төзуге қажетті күш-жігер аласың (Ғал. 6:1, 2).
Ауыр азаптан аман өтіп, Жаңа дүниеге кіру
13. Һар-Магедоннан аман өткендерді қандай іс күтіп тұр?
13 Һар-Магедоннан кейін қайта тірілген қыруар күнәкарды, немесе әділетсіздерді, Ехобаның жолымен жүруді үйрету керек болады (Ел. іс. 24:15). Олар Исаның төлем құрбандығы жайлы білулері және оның игілігін көру үшін соған деген сенімін қалай көрсету керек екенін үйренулері қажет болады. Сондай-ақ олар жалған діни көзқарастарын өзгертіп, бұрынғы өмір салттарынан бас тартулары тиіс. Шынайы мәсіхшілерге тән қасиеттер дамытып, жаңа адам болып өзгерулері керек (Ефес. 4:22—24; Қол. 3:9, 10). Аман қалған басқа қойлар үшін сол уақытта жұмыс көп болады. Зұлым дүниенің қуғын-сүргіні болмайтын әлемде осындай үлкен істі атқарып, Ехобаға қызмет ету зор қуанышқа бөлейтін болады!
14, 15. Ауыр азаптан аман өткендер мен қайта тірілгендер не туралы сөйлесуі мүмкін?
14 Иса жерге келгенге дейінгі Ехобаның адал қызметшілері де көп нәрсені білулері керек болады. Олар өздері күткен, бірақ ешқашан көрмеген Мәсіхтің кім болғанын біле алады. Бұл қызметшілер Ехобаның өсиеттерін орындауға дайын екендіктерін бұрынғы өмірлерінде көрсеткен болатын. Ойлап көрші, Даниялға өзі жазған, бірақ түсіне алмаған пайғамбарлықтардың қалай орындалғанын айтып беру біз үшін неткен қуанышты жайт, әрі үлкен мәртебе болмақ! (Дан. 12:8, 9).
15 Қайта тірілген қызметшілер бізден көп жайтты біле алғанымен, біздің де олардан көп нәрсе сұрағымыз келері анық. Олар бізге Киелі кітапта жазылған оқиғалардың бүге-шігесін айтып бере алады. Мысалы, шомылдырушы Жоханнан бөлесі Иса жайлы кейбір жайттарды білу қандай қызықты болады десеңші! Осындай адал куәгерлерден білген нәрселеріміз қазір оқып жүрген Құдай Сөзі үшін ризашылығымызды арттыра түсері сөзсіз. Ехобаның өмірден өткен адал қызметшілері — осы соңғы заманда өте үлкен тобырдың қайтыс болған мүшелері де — әлдеқайда жақсы өмірге қайта тіріледі. Олар Ехобаға қызмет етуді Шайтан билеген заманда бастаған. Ал енді әлдеқайда жақсы өмір орнаған жаңа дүниеде қызметтерін жалғастыру олар үшін қандай қуанышты болады десеңші! (Евр. 11:35; Жох. 1-х. 5:19).
16. Пайғамбарлыққа сай, Сот күні қалай жүретін болады?
16 Сот күнінің белгілі бір кезеңінде кітаптар ашылатын болады. Барлық тірі адамдар сол кітаптар мен Киелі кітапта жазылғандар бойынша сотталып, мәңгілік өмірді алуға лайық не лайық емес екендері шешіледі (Аян 20:12, 13 оқы). Сот күнінің соңында әрбір адамға бүкіл әлемдік билікке қатысты дауда кімнің жағында екенін көрсету мүмкіндігі беріледі. Ол Құдай Патшалығына мойынсұнып, “өмір суына” жетелейтін Тоқтының басшылығына көне ме? Әлде, Құдай Патшалығын мойындамай, оған қарсылық көрсете ме? (Аян 7:17; Ишая 65:20). Жер бетіндегі барлық адам өз еріктерімен, күнә мен зұлым дүниенің ықпалынсыз, шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Сонда Ехобаның соңғы сотының әділ болғанына ешкім де дау туғызбайтын болады. Тек зұлымдар ғана біржолата жойылады (Аян 20:14, 15).
17, 18. Майланған мәсіхшілер мен басқа қойлар Сот күніне қатысты қандай жайтты асыға күтуде?
17 Патшалыққа кіруге лайық деп есептелген қазіргі күнгі майланған мәсіхшілер Сот күнінде билік ету мәртебесін тағатсыздана күтуде. Бұл мәртебе оларды Петірдің бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге берген келесі кеңесіне құлақ асуға талпындырады: “Құдайдың өздеріңді меншікті халқы болуға шақырып, таңдап алғанын өмірлеріңмен нық бекітуге ынтамен ұмтылыңдар! Егер солай істесеңдер, ешқашан да тура жолдан тайып кетпейтін боласыңдар. Осылайша сендерге Иеміз бен Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің мәңгілік Патшалығының “қақпасы” айқара ашылып, оған емін-еркін кіресіңдер” (Пет. 2-х. 1:10, 11).
18 Басқа қойлар майланған бауырластары үшін қуанып, оларды қолдауға белді бекем буған. Құдайдың достары болғандықтан, олар бар ынтамен қызмет етуге ұмтылуда. Сот күні олар Ехобаның орнатқан тәртібін қолдап, өмір суына жетелеген Исаға мойынсұнуға қуанышты болады. Осылайша олар Ехобаның мәңгі бақи жердегі қызметшілері болуға лайық екенін көрсетеді (Рим. 8:20, 21; Аян 21:1—7).
Естеріңде ме?
• Исаның меншігіне не жатады?
• Өте үлкен тобыр майланған бауырластарын қалай қолдауда?
• Өте үлкен тобырға қандай мәртебе берілген және оларды болашақта не күтіп тұр?
• Сот күні жайлы не ойлайсың?
[25-беттегі сурет]
Өте үлкен тобыр шапандарын Тоқтының қанына “жуып” аппақ қылған
[27-беттегі сурет]
Қайта тірілген адал қызметшілерден нені сұрағың келеді?