Исаға елікте. Құдайға ұнамды түрде ғибадат ет
Құдай сүйіспеншілікпен ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан’ адамдарды өзіне ғибадат етуге шақыруда (Аян 7:9, 10; 15:3, 4). Осы шақыруды қабыл алғандар ‘Жаратушының сұлулығына қызыға қарай’ алады (Заб. 26:4 Тт; 89:17). Олар забур жыршысы іспетті Құдайды мадақтап: “Келіңдер, тағзым етейік Иемізге иіліп, Жаратушымыз Тәңір алдында тізе бүгіп!”— деп дауыстайды (Заб. 94:6).
Құдай аса жоғары бағалайтын ғибадат
Құдайдың жалғыз Ұлы болған Иса Әкесінің өзінен оның ой қалпын, принциптері мен нормаларын үйренді. Сондықтан ол адамдарға Құдайға дұрыс ғибадат етудің жолын көрсете алды. Ол: “Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды”,— деді (Жох. 1:14; 14:6).
Иса Әкесіне кішіпейілділікпен мойынсұнудың керемет үлгісін көрсетті. Ол: ‘Еш нәрсені өз еркіммен істемей, тек Әкем қалай үйретсе, солай сөйлеймін’,— деді. Сосын: ‘Мен әрқашан Оған ұнайтынды істеймін’,— деп қосты (Жох. 8:28, 29). Қалайша ол Әкесіне ұнайтынды істеген?
Ең алдымен, ол Әкесіне шексіз берілген еді, ал бұл Құдайға ғибадат етудің мәні болып табылады. Иса Әкесін сүйетінін оған мойынсұну және еркін орындау арқылы көрсетті, тіпті бұл үшін үлкен құрбандыққа барды (Філіп. 2:7, 8). Шәкірт дайындау ісі де Исаның ғибадатының бір маңызды бөлігі болған. Бұған белсене атсалысқаны сонша — оған сенгендер де, сенбегендер де оны Ұстаз деп атаған (Мат. 22:23, 24; Жох. 3:2). Оның үстіне, ол өзін көп ойламай, өзгелерге қызмет ету үшін бар уақыты мен күшін жұмсап, жанқиярлық танытқан, әрі бұдан өзін бақытты сезінген (Мат. 14:13, 14; 20:28). Тынбай қызмет етіп жүрсе де, ол көктегі Әкесіне дұға етуге әрдайым уақыт тапқан (Лұқа 6:12). Құдай Исаның осындай ғибадатын аса жоғары бағалады.
Құдайға ұнамды болуға ұмтыл
Ехоба Ұлының өмір салтын көріп, оған риза екенін айтты (Мат. 17:5). Алайда Исаның адал өмір кешіп жүргенін Шайтан Ібіліс те көрді, сөйтіп, оны ерекше нысанасына айналдырды. Не себепті? Өйткені сол уақытқа дейін Құдайға толық мойынсұнып, оған мінсіз ғибадат еткен адам баласы болмаған еді. Ібіліс Исаның Ехобаға ұнамды ғибадатын тоқтатқысы келді (Аян 4:11).
Шайтан Исаны адалдығынан тайдырмақ болып, бір ұсыныс жасады. Ол ‘оны бір биік таудың басына шығарып, Оған әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетті’. Сосын, оған: “Егер аяғыма жығылып табынсаң, бұлардың бәрін де Саған беремін”,— деді. Иса не істеді? Ол: “Кет қасымнан, шайтан! “Құдай Иеңе ғибадат етіп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!” деп жазылған ғой!”— деді (Мат. 4:8—10). Иә, Иса Шайтанға тағзым етудің, қаншалықты пайдалы болып көрінбесін, жалған тәңірге табынушылық екенін түсінген. Ехобадан басқа біреуге бір рет болса да тағзым ету оның ойына келмеген.
Шайтан өзіне ғибадат еткізу үшін бізге әлемнің барлық мемлекеттері мен сән-салтанатын ұсына қоймас. Дегенмен ол шынайы мәсіхшілердің Құдайға деген ғибадатын ластауға әлі де тырысып бағуда. Ібіліс біздің Ехобадан басқа біреуге не басқа нәрсеге ғибадат еткенімізді қалайды (Қор. 2-х. 4:4).
Иса Мәсіх өлімге дейін адал болып қалды. Ол мінсіздігін сақтау арқылы Ехобаны мадақтады. Бұрын-соңды ешбір адам баласы оны бұлай мадақтаған емес-тін. Бүгінде шынайы мәсіхшілер ретінде біз Исаның адалдығына еліктеп, Жаратушыға ғибадат етуді бәрінен жоғары қоямыз. Расында да, Құдаймен жақсы қарым-қатынасымыз — ең құнды байлығымыз.
Құдайға ұнамды ғибадаттың баталары
Құдайдың алдындағы “таза да мінсіз діншілдік [не ғибадат]” көп бата әкеледі (Жақ. 1:27). Мысалы, бүгінде адамдар күннен-күнге ‘өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, жақсылықты жек көретін’ болып бара жатыр (Тім. 2-х. 3:1—5). Алайда біз Құдайдың отбасында, яғни Құдайдың нормаларын ұстануға барынша тырысып ғибадат етіп жүрген таза әрі жақсы адамдардың арасында, болу мәртебесіне иеміз. Мұндай орта жанымызға жай береді емес пе?!
Осы лас дүниеден аулақ жүрсек, ар-ұжданымыз таза болады. Бұл да — біз үшін бата. Біз ар-ұжданымызды Құдайдың әділ принциптеріне және оның заңына қайшы келмейтін патша заңына мойынсұну арқылы таза сақтағымыз келеді (Мар. 12:17; Ел. іс. 5:27—29).
Құдайға жан-тәнімізбен ғибадат етудің басқа да баталары бар. Өзіміздің емес, Құдайдың еркін орындауға ден қойсақ, өміріміз мағыналы болып, қанағат сезінеміз. Сондай-ақ “бүгін ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өлеміз” деген көзқарастан аулақпыз, өйткені Жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге үмітіміз бар (Қор. 1-х. 15:32).
Аян кітабынан Құдай алдында таза болғандардың “ауыр азаптан” аман өтетінін көруге болады. Онда: “Тақта Отырған олардың арасында бірге тұрып, баспана болады”,— делінген (Аян 7:13—15). Тақта Отырған — әлемдегі ең ұлы Тұлға Ехоба Құдайдың өзі. Ол бізді болашақта қонағы ретінде баспанасына кіргізіп, барлық қауіп-қатерден қорғап, қамқорлық жасайтын кезді көз алдыңа елестетіп көрші! Қазірдің өзінде біз қандай да бір шамада оның қорғанышы мен қамқорлығын көріп жүрміз.
Оның үстіне, Құдайға ұнамды түрде ғибадат етіп жүргендердің бәрі “өмір суының” бұлақтарына” жетеленгендер ретінде суреттеледі. Бұл жан сергітерлік бұлақтар Ехобаның мәңгілік өмірге жетуіміз үшін қарастырған барлық шарасын білдіреді. Иә, Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында ‘Құдай барлық көз жасты сүртіп тастамақ’ (Аян 7:17). Жер бетінде мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болып, кемелділікке бет алған адамдар шексіз қуанышқа кенелетін болады. Қазірдің өзінде Құдайдың бақытты қызметшілері қуанышпен дауыстап, Ехобаға шын жүректен ризашылықтарын білдіруде және періштелермен бірге ғибадат етуде. Бұл періштелер көкте: “Бүкіл әлемнің Иесі — Құдай, Сенің істерің ұлы да керемет! Халықтардың Патшасы, Сенің жолдарың шынымен әділ де дұрыс! Жаратқан Ие, кім Сенен қорықпас? Сенің атыңның ұлылығын жариялаудан кім бас тартпақ? Жалғыз Сен ғана толықтай қасиеттісің! Барлық халықтар Сенің алдыңа келіп, Бас ұрып ғибадат ететін болады. Себебі Сенің әділ үкімдерің айқын болды”,— деп шырқауда (Аян 15:3, 4).
[27-беттегі сурет]
Шайтан өзіне ғибадат еткізу үшін бізге не ұсынуда?