-
Адамзат жерді қашанғы бүлдіре бермек?Күзет мұнарасы, 2014 | 1 қыркүйек
-
-
Адамзат жерді қашанғы бүлдіре бермек?
“Ұрпақтар бірінен соң бірі келіп-кетіп жатады, ал жер сол тұрған күйі тұра береді”(СҮЛЕЙМЕН ПАТША, Б. З. Б. ХІ ҒАСЫР)a.
Ежелде өмір сүрген Киелі кітап жазушысы осы сөздерімен адам ғұмырының өткіншілігін жердің тұрақтылығымен салыстырған. Шынында да, мыңдаған жыл бойы бір ұрпақ келіп, бір ұрпақ кетіп жатыр. Ал Жер ғаламшары сол қалпы тұр, ол әлі күнге дейін өмір сүруге қолайлы.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дүние зор қарқынмен өзгере бастады. Адамзат небәрі 70 жылдың ішінде байланыс, тасымалдау және технология салаларында таңғаларлық ілгерілеудің, ал соның арқасында бұрын-соңды болмаған экономикалық өзгерістердің куәсі болып отыр. Қазіргі уақытта көп адам бұрын ойға да келмеген тұрмыс жағдайының рақатын көруде. Сондай-ақ осы уақыт аралығында жер тұрғындары үш есе дерлік көбейді.
Алайда мұның жаман салдары да бар. Адамзаттың іс-әрекеттері жер бетінде қалыптасқан табиғи айналымдарды бұзды. Кейбір ғалымдардың айтуынша, біз Антропоцен деп аталған жаңа геологиялық дәуірде өмір сүрудеміз. Бұл — адамзаттың жерге тигізетін әсері күшейе бастаған дәуір.
Киелі кітапта адамдардың “жерді бүлдіретіні” алдын ала айтылған (Аян 11:18). Біз сол уақытта өмір сүріп жатырмыз ба? Жерге әлі қаншалықты зиян келтірілмек? Ол қайта қалпына келмейтін күйге жете ме? Адамзат жерді қашанғы бүлдіре бермек?
ЖЕР ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛМЕЙТІН КҮЙГЕ ЖЕТЕ МЕ?
Жер бетіндегі өзгерістердің беталысы қандай? Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, өзгерістердің әсерін нақты болжап айту өте қиын. Сондықтан олар салдары қайғылы болатын кезеңге жақындап қалдық деп уайымдайды. Бұл климаттың күтпеген жерден күрт өзгеруінен болуы мүмкін.
Мысалы, Батыс Антарктика мұз қабатын алайық. Жердегі температура үздіксіз көтеріле берсе, мұз қабатының еруі қалпына келместей деңгейге жетеді деген күдік бар. Мұз қабаты күн сәулесін шағылыстырады. Ол жұқарып, кішірейе берсе, астындағы мұхиттың беті ашылады. Тұңғиық мұхит күн сәулесін шағылыстырмайды, қайта, ыстықты өзіне тартады. Бұл өз кезегінде мұз қабатының одан бетер еруіне ықпал етеді. Нәтижесінде кері қайтпайтын қауіпті процесс басталады. Ал мұның салдарынан су деңгейі көтеріліп, жүздеген миллион адам апатқа ұшырайды.
-