Ібіліс — жай ғана ырымшылдық емес
“Жаңа Өсиеттің басынан аяғына дейін Құдай мен Шайтанның — мейрімділік пен зұлымдық күштерінің — арасындағы үлкен қақтығыс айқын көрінеді. Мұндай ойды Киелі кітаптың осы бөлігін жазған адамдардың бір-екеуі ғана емес, бәрі бірдей қолдайды... Сол себепті Жаңа Өсиетте жазылған нәрселер айдан-анық: Шайтан — Құдайға және оның халқына әрдайым қастықпен қарайтын расында да бар зұлым тұлға” (The New Bible Dictionary).
ОЛАЙ болса, христиан әлеміндегі Киелі кітапқа сенеміз дейтін көптеген адамдар Ібілістің расында да бар екенін неге мойындамайды? Өйткені, шындығына келгенде, олар Киелі кітапты Құдайдың сөзі деп қабылдамайды (Еремия 8:9). Олардың ойынша, Киелі кітаптың жазушылары айналасындағы халықтардың пәлсапалық көзқарастарын білдірген, сол себепті олар Құдайдан келген шындықты тура жеткізбеген. Мысалы, католик теологі Ганс Кюнг былай деп жазған: “Сансыз көп жын-перілері бар Шайтан туралы ұғым... ерте кездегі иудаизмге Бабыл мифологиясынан енген, ал одан болса Жаңа Өсиетке енген” (On Being a Christian).
Бірақ Киелі кітап адамның емес, Құдайдың Сөзі. Сондықтан онда Ібіліс туралы айтылғандардың бәріне ерекше көңіл қойған дұрыс (2 Тімоте 3:14—17; 2 Петір 1:20, 21).
Иса Мәсіх Ібіліс туралы не ойлаған?
Иса Мәсіх Ібілістің бар екеніне сенген. Исаны сынаған оның ішіндегі белгісіз бір зұлымдық емес. Оған шабуыл жасаған расында да бар тұлға, кейінірек Иса оны “осы күнәкар дүниенің әміршісі” деп атаған (Жохан 14:30; Матай 4:1—11). Сондай-ақ Иса Мәсіх Шайтанның жалғыз емес екеніне, оның сыбайластары, яғни басқа да жын-перілердің, бар екеніне сенген. Иса “жын соққан” адамдарды сауықтырған (Матай 12:22—28). Тіпті бір атеистік энциклопедияда (A Rationalist Encyclopedia) осы шындыққа қатысты былай делінген: “Ізгі хабарларда айтылатын Исаның жын-перілердің барына сенгені теологтар үшін әрдайым кедергі тас болған”. Иса Мәсіх Ібіліс пен оның жын-перілері туралы айтқанда, Бабыл мифологиясынан келген нанымдарды қайталаған жоқ болатын. Ол Ібіліс пен жын-перілердің бар екенін білген.
Біз Исаның сол уақыттағы дін басыларына айтқан сөздерінен Ібіліс туралы көп нәрсе біле аламыз: “Сендердің рухани аталарың — әзәзіл, соның құмарлықтарын орындағыларың келеді. Ол әуел бастан кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ. Ол өтірікті өз болмысына сай айта береді, себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы” (Жохан 8:44).
Демек, Ібіліс (грек түпнұсқасындағы мағынасы “жалақор”) — “өтірікші”, әрі “өтіріктің бастауы” болған. Едем бағында Құдай туралы бірінші болып өтірік айтқан жаратылыс тап сол Ібіліс болатын. Ехоба біздің алғашқы ата-бабамызға егер олар жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жейтін болса, ‘өлетінін’ айтқан болатын. Шайтан болса жылан арқылы Құдайдың сөздерін өтірікке шығарды (Жаратылыс 2:17; 3:4). Сол себепті ол Киелі кітапта “әзәзіл, әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан абжылан” деген аттарымен аталады (Аян 12:9).
Ібіліс жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш туралы өтірік айтты. Оның айтуынша, Құдай жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеуге негізсіз тиым салуымен өзінің билігін шектен тыс қолданды. Ібіліс Адам мен Хауаға өздері үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін шеше алатын “Құдай сияқты болатындарын” айтты. Шайтан Адам ата мен Хауа ананың ерік бостандығы бар болғандықтан, олардың Құдайдан толықтай тәуелсіз болу керек екендеріне меңзеді (Жаратылыс 3:1—5). Ібіліс Құдайдың басшылық ету тәсілінің дұрыстығын дауға салып, маңызы зор мәселелерді көтерді. Сондықтан Ехоба осы мәселелердің шешілуі үшін уақыт белгіледі. Бұл Шайтанға өмір сүруге біраз уақыт берілгенін білдіреді. Бүгінде оған берілген уақыттың ақыры таяп қалды (Аян 12:12). Дегенмен Исаның уақытындағы дін мұғалімдері мен парызшылдар секілді адамдарды қолданып, Ібіліс өзінің жалған ілімдерін кеңінен тарату арқылы әлі күнге дейін адамзатты алдап-арбап Құдайдан алыстатуда (Матай 23:13, 15).
Сондай-ақ Иса Ібіліс туралы “ол әуел бастан кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес [“тұра алмаған”, СА]” деген. Бұл Ехобаның Ібілісті кісі өлтіруші етіп жаратып, Құдайға қарсыласқандарды қинау үшін тозақтың әміршісі етіп қойды дегенді білдірмейді. Киелі кітапта айтылған “тозақ” Шайтанның мекендейтін жері емес, ол бүкіл адамзаттың ортақ моласы (Елшілердің істері 2:25—27, СА; Аян 20:13, 14, СА).
Бастапқы кезде Ібіліс, рухани жаратылыс, “ақиқат жағында” тұрған болатын. Бір кездері ол Ехобаның көктегі отбасының мүшесі, оның кемелді рухани ұлы, болған. Бірақ ол “ақиқат жағында тұра алмаған”. Ол өзінің жолы мен өзінің жалған принциптерін артық көрді. Ібіліс “әуел бастан” кісі өлтіруші болған, бірақ Құдайдың ұлы болған бұл періште, о баста Ібіліс болып жаратылмаған болатын. Ол Ехобаға қарсы қастықпен бүлік шығарып, Адам мен Хауаға өтірік айтып Ібіліс атанды. Ібіліс Мұсаның кезіндегі Ехобаға қарсы шыққан адамдарға ұқсайды. Олар туралы былай делінген: “Бірақ олар азғындыққа салынып, өз кемістіктерінің кесірінен Құдайдың балалары болудан қалды” (Заңды қайталау 32:5). Шайтан туралы да тап солай деуге болады. Ол Құдайға қарсы шықты және Адам мен Хауаның, сондай-ақ бүкіл адамзаттың өліміне жауапты болды, сөйтіп “кісі өлтіруші” атанды (Римдіктерге 5:12).
Бүлікші періштелер
Шайтан шығарған бүлікке басқа да періштелер қосылды (Лұқа 11:14, 15). Олар Нұхтың күндерінде “өздерінің мекен-тұрағын тастап” әйелдермен жыныстық қатынаста болу үшін адам кейпіне енген болатын (Яһуда 6; Жаратылыс 6:1—4; 1 Петір 3:19, 20). Шайтанның бүлігіне ‘аспандағы жұлдыздардың үштен бірі’ немесе рухани жаратылыстардың аз ғана бөлігі қосылды (Аян 12:4).
Ібіліс бейнелеулерге толы Аян кітабында “оттай қызыл алып айдаһар” ретінде суреттеледі (Аян 12:3). Неге? Шын мәнінде оның кейіпінің адам шошырлық ұсқынсыз болғандығынан емес. Шындығында біз рухани жаратылыстардың денелерінің қандай екенін білмейміз, бірақ өзге періштелерден Шайтанның денесінің айырмашылығы жоқ болуы ықтимал. Алайда “оттай қызыл алып айдаһар” деген бейнелі сөз Ібілістің өзіне тән күші мен оның ашкөз, залалды, әрі жойқын рухын көрсетеді.
Қазіргі уақытта Шайтан мен оның жын-перілерінің іс-әрекеттері әлдеқайда шектеулі. Бұрын олар басқа жаратылыстардың кейпіне ене алған болса керек, қазір олай ете алмайды. Иса Мәсіхтің қолындағы Құдай Патшалығы 1 914 жылы орнатылғаннан соң көп ұзамай олар көктен қуылып жердің төңірегіне тасталды (Аян 12:7—9).
Ібіліс — қаһарлы жау
Дегенмен бүгінде Ібіліс — қаһарлы жау. Ол “ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүр” (1 Петір 5:8). Ол біздің күнәкар болмысымызға тән белгісіз бір зұлымдық қана емес. Біздің күнделікті өзіміздің күнәкар бейімділігімізбен күресетініміз сөзсіз (Римдіктерге 7:18—20). Бірақ біздің басты күресіміз — ‘қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне, дүниені билеп-төстеушілеріне — көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күрес’ (Ефестіктерге 6:12).
Ібілістің ықпалы қаншалықты ауқымды? Елші Жохан: “Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр”,— деген (1 Жохан 5:19). Әрине, біз Шайтан туралы ойға салынып, бойымызды ырымшыл қорқыныш билегенін қаламаймыз. Бірақ Шайтанның санамызды ақиқатқа соқыр қылып, Құдайдың алдында біздің адалдығымыздан айырылғанымызды көксеп жасайтын іс-әрекеттеріне төтеп беріп, сергек болғанымыз ақылдылыққа жатады (Әйүп 2:3—5; 2 Қорынттықтарға 4:3, 4).
Құдайдың еркін орындағысы келетіндерге Ібіліс әрқашан ашықтан-ашық шабуыл жасамайды. Кейде ол “нұрлы періште” болып көрінеді. Елші Пауыл осы қауіп-қатерге қатысты мәсіхшілерді былай деп ескерткен: “Әзәзіл жыланның қулықпен Хауа ананы алдап, күнәға батырғанындай, кейбіреулер сендердің ой-саналарыңды Мәсіхке деген адалдық пен пәк берілгендіктеріңнен ауытқытып жүрмесін деп уайымдаймын” (2 Қорынттықтарға 11:3, 14).
Сондықтан біз ‘салауатты да сергек болып,’ және де ‘сенімімізде берік болып, оған төтеп беруіміз’ керек (1 Петір 5:8, 9; 2 Қорынттықтарға 2:11). Оккультизмнің қандай да бір түрімен айналысып Шайтанның қолындағы ойыншығы болып қалудан аулақ болыңдар (Заңды қайталау 18:10—12). Ібіліс сынағанда Иса Мәсіхтің көбісінше Жазбаларға жүгінгенін есте ұстай отырып, Құдай Сөзін ықылас қойып зерттеңдер (Матай 4:4, 7, 10). Құдайдан киелі рух сұрап дұға етіңдер. Шайтан күнәкар болмысымыздан туатын қылықтарды істеуімізге түрткі болуға шебер, ал киелі рухтың жемістері біздің осындай қылықтардан аулақ болуымызға көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:16—24). Сондай-ақ Ібіліс пен оның жын-перілерінің қандай да бір қысымын сезген уақытта Ехобаға бар көңілдеріңмен дұға етіңдер (Філіпіліктерге 4:6, 7).
Ібілістен қорқудың керегі жоқ. Ехоба оның кез келген қастық іс-әрекеттерінен қорғайтын сенімді қорған уәде етеді (Забур 90:1—4; Нақыл сөздер 18:10; Жақып 4:7, 8). Елші Пауыл былай деген: “Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер!”. Сонда ‘Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере аласыңдар’ (Ефестіктерге 6:10, 11).
[5-беттегі сурет]
Иса Мәсіх Ібілістің расында да бар тұлға екенін білген
[6-беттегі сурет]
“Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр”
[Түпдерек]
NASA photo
[7-беттегі суреттер]
Құдай Сөзін зерттеп және үнемі дұға етіп, Ібіліске қарсы тұрыңдар