11-ТАРАУ
Құдай періштелерінің көмегі
КЕЙБІР адамдар көзге көрінетін нәрсеге ғана сенеміз дейді. Алайда бұл — ақымақтық. Өйткені көзге көрінбейтін нәрсе көп. Сен солардың қайсысын білесің? ~
Мысал ретінде бәріміз жұтып жүрген ауаны алайық. Сен оны сезесің бе? ~ Алақаныңды ашып, оған үрлеп көрші. Бірдеңе сездің бе? ~ Әрине, сездің, бірақ ауаны көрген жоқсың, солай ма? ~
Өткен тарауларда бізге көрінбейтін рухани тұлғалар жайлы әңгімелескен едік. Олардың жақсылары мен жамандары бар екенін де білдік. Көзге көрінбейтін жақсы рухани тұлғалардың есімдерін айтшы. ~ Дұрыс, Ехоба Құдай, Иса және жақсы періштелер. Ал жаман періштелер бар ма? ~ Киелі кітап бар дейді. Олар жайлы не білгеніңді айтып берші. ~
Бір білетініміз — жақсы періштелер де, жаман періштелер де бізден күшті. Ұлы Ұстазымыз періштелер туралы көп нәрсе білген. Өйткені ол бала болып жерде туылмас бұрын, өзі де періште болған. Әрі басқа періштелермен бірге көкте өмір сүрген. Иса миллиондаған періштені таниды. Қалай ойлайсың, сол періштелердің есімі бар ма? ~
Ой жүгіртіп көрейік. Құдай әрбір жұлдызды атымен атайтынын білеміз. Ендеше, ол барлық періштеге де есім бергеніне сенімді бола аламыз. Сондай-ақ періштелер бір-бірімен сөйлеседі. Өйткені Киелі кітапта “періштелердің тілі” жайлы айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 13:1). Сеніңше, олар не жайлы сөйлеседі? Біздер жайлы сөйлесе ме екен? ~
Шайтанның періштелері, не жындары, бізді Ехобаға мойынсұнбауға итермелейтінін білеміз. Демек, олар мұны қалай іске асыруға болатыны жайлы сөйлеседі. Олар бізді өздеріне ұқсатқысы келеді, ал Ехоба мұны қаламайды. Құдайдың адал періштелері ше, олар да біз жайлы сөйлесе ме? ~ Иә. Өйткені олар бізге көмектесуді қалайды. Ал қазір жақсы періштелер Ехобаның қызметшілеріне қалай көмектескенін айтып берейін.
Ертеде Бабыл деген елде Даниял есімді пайғамбар өмір сүрген. Сол жердің халқы Ехобаны жақсы көрмейтін. Олар тіпті Ехоба Құдайға дұға ететін адамды жазалаймыз деген заң шығарды. Бірақ Даниял Ехобаға дұға етуін тоқтатпады. Сонда адамдар оған не істегенін білесің бе? ~
Жаман адамдар Даниялды арыстандардың орына тастады. Сөйтіп, Даниял аш арыстандардың арасында жалғыз өзі қалды. Сосын не болғанын білесің бе? ~ “Құдай періштесін жіберіп, арыстандардың аузын жауып тастады”,— деп жазды Даниял. Қандай ғажап, жыртқыштар Даниялға тиіскен жоқ! Демек, періштелер Ехобаның қызметшілеріне керемет жолмен көмектесе алады екен (Даниял 6:18—22).
Ал енді Петірмен түрмеде не болғанын қарастырайық. Оның Ұлы Ұстазымыз Иса Мәсіхтің досы болғаны есіңде шығар. Ол адамдарға Исаның Құдай Ұлы екенін айтып жүрді. Бұл кейбір адамдарға ұнамады. Сондықтан оны түрмеге жапты. Қашып кетпесін деп, Петірдің қасына күзетші етіп сарбаздарды қойды. Осындай қиын жағдайда оған кім көмектесе алар еді? ~
Қолы шынжырмен байлаулы Петір екі күзетшінің ортасында ұйықтап жатқан. Бір уақытта Ехобаның періштесі пайда болып, түрменің іші жарқырап кетті. Сөйтіп, ол Петірді бүйірінен түртіп оятып: “Тезірек тұр!”— деді.
Сонда оның қолындағы шынжырлары сыпырылып түсті. Періште оған: “Киініп, сандалыңды байла”,— деді. Күзетшілер болса оған кедергі жасай алмады, өйткені Петірге періште көмектесіп жатты. Олар темір қақпаның алдына келгенде, тағы бір ғажайып болды. Темір қақпа өзінен-өзі ашыла кетті! Осылай періште Петірді уағызын жалғастыра беруі үшін түрмеден босатты (Елшілердің істері 12:3—11).
Құдайдың періштелері бізге де көмектесе ала ма? ~ Әрине, көмектесе алады. Бірақ бұл періштелер бізді кез келген жамандықтан сақтайды дегенді білдіре ме? ~ Жоқ, ақымақтық жасасақ, періштелер бізді қауіптен сақтамайды. Алайда ақымақтық жасамасақ та, кейде зиян шегуіміз мүмкін. Өйткені Құдай періштелерге бізді барлық жағдайда қорғаңдар демеген. Құдай оларға басқа бір ерекше іс тапсырған.
Киелі кітапта бір періштенің барлық жердегі адамдарға: “Құдайға ғибадат етіңдер!”— деп жатқаны жазылған (Аян 14:6, 7). Мұны ол қалай айтып жатыр? Әрбір адам есту үшін аспаннан айқайлап жатыр ма? ~ Жоқ. Құдай туралы адамдарға айтып жүрген — Исаның жердегі ізбасарлары, ал періштелер болса оларға бұл істе басшылық беруде. Періштелер Құдай туралы шынымен білгісі келетін адамдарға ізгі хабар жету үшін жағдай жасауда. Біз де уағыздау ісіне қатыса аламыз, сонда олар бізге де көмектеседі.
Ал Құдайды жақсы көрмейтін адамдар бізге қиындық тудырса немесе түрмеге жапса, періштелер бізді босата ала ма? ~ Босата алады. Бірақ олар барлық уақытта бұлай істей бермейді.
Мұны Исаның ізбасары Пауылдың жағдайынан көреміз. Ол тұтқын ретінде кемеде келе жатып, дауылға тап болады. Сол кезде періштелер оны бірден босатып жібермеді. Өйткені басқа адамдар да Құдай туралы шындықты есту керек еді. Періште оған: “Қорықпа, Пауыл. Сен әлі патшаның алдында тұруың қажет”,— деді. Иә, Пауыл үлкен билеушінің алдында уағыз айту керек еді. Пауыл қайда жүрсе де, періштелер мұны біліп отырған, әрі оған көмектескен. Құдайға шын жүректен қызмет етсек, періштелер бізге де көмектеседі (Елшілердің істері 27:23—25).
Жақында періштелер тағы бір маңызды іс атқарады. Бұл — зұлым адамдардың жойылуымен байланысты іс. Шынайы Құдай өзіне ғибадат еткісі келмейтіндердің барлығын құртып жоқ қылмақ. Періштелерді көрмесек, олардың бар екеніне сенбейміз деген адамдар қаншалықты қателескенін түсінетін болады (Салоникалықтарға 2-хат 1:6—8).
Бұл жайттың бізге қандай қатысы бар? ~ Егер біз Құдай періштелерінің жағында тұрсақ, олар бізге көмектеседі. Ал біз олардың жағындамыз ба? ~ Егер Ехобаға қызмет етіп жүрсек, солардың жағында болғанымыз. Онда басқаларды Ехобаға қызмет етуге шақыруымыз керек.
Періштелер адамдардың өміріне қалай әсер ететінін білу үшін келесі тармақтарды оқиық: Забур 33:8; Матай 4:11; 18:10; Лұқа 22:43 және Елшілердің істері 8:26—31.