Қашуымыз керек жаман істер
“Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды [“қашуды, ЖД] сендерге кім үйретті?” (МАТ. 3:7).
1. Қашуға қатысты Киелі кітапта қандай мысалдар бар?
“ҚАШУ” сөзін естігенде, есіңе қандай оқиға түседі? Бәлкім, кейбіреулердің есіне Потифардың әйелінің азғыруынан қашып бара жатқан жас әрі сымбатты Жүсіп түсетін шығар (Жар. 39:7—12). Басқалар Исаның: ‘Иерусалим қаласын әскерлер қоршап алғанын көргенде, Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын!’— деген ескертуіне құлақ асып, б. з. 66 жылы Иерусалимнен қашқан мәсіхшілер жайлы ойланар (Лұқа 21:20, 21).
2, 3. а) Жақия дінбасыларына шын мәнінде не айтқысы келді? ә) Иса Жақияның ескертуінің орынды екенін қалай растады?
2 Бұл мысалдардан тура мағынада қашу керек болғаны көрінеді. Бүгінде мәсіхшілер барлық елде тұрады, сондықтан оларға бейнелі мағынада қашу керек. Шомылдыру рәсімін орындаған Жақия “қашу” сөзін дәл осы мағынада қолданған еді. Оны көруге келген адамдардың арасында өкінуді қажет деп есептемеген яһуди дінбасылары да болған. Олар күнәларына өкінудің белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан қарапайым халыққа менсінбей қарады. Сондықтан Жақия екіжүзді осы дінбасыларды: “Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды [“қашуды”, ЖД] сендерге кім үйретті?”— деп батыл айыптады (Мат. 3:7, 8).
3 Жақия қандай да бір жерге қашу керектігін айтқысы келген жоқ. Ол Құдай сотының, яғни оның қаһарлы жазасының жақындағанын ескертті; әрі дінбасылардың есіне сол күннен аман қалғылары келсе, өкінуге лайықты іс істеу керектігін салды. Кейінірек, Иса да өз қатыгездіктерімен Шайтанның ұрпақтары екенін көрсеткен дінбасыларын батыл әшкереледі (Жох. 8:44). Ол оларды “жыланның ұрпақтары” деп атап, Жақияның сөзін растады да: “Жаһаннамнан қалай қашып құтылмақсыңдар?”— деген сұрақ қойды (Мат. 23:33, ЖД). Мұнда Иса “Жаһаннам” деп нені айтқысы келді?
4. Иса “Жаһаннам” сөзін не үшін қолданды?
4 Жаһаннам Иерусалимнің сыртындағы қоқыс пен өлген малды өртейтін жердің атауы болған. Сондықтан Иса бұл сөзді мәңгілік өлімнің бейнесі етіп қолданды. (27-бетті қара.) Оның сұрағынан дінбасыларының тап ретінде біржола жойылуға лайық екені көрінеді (Мат. 5:22, 29).
5. Жақия мен Исаның ескертуінің орындалғаны тарихтан қалай көрінеді?
5 Яһуди дінбасылары Иса мен оның ізбасарларын қудалап, күнәларына күнә қосты. Кейінірек, Жақия мен Иса ескерткен қаһарлы күн келді. Бұл ‘қаһарлы жазаға’ Иерусалим мен Яһуда аймағы ғана ұшырағандықтан, ол жерден тура мағынада қашып құтылуға мүмкіндік болған. Құдайдың қаһарлы жазасы б. з. 70 жылы Рим әскері Иерусалим мен ондағы ғибадатхананы жойғанда жүзеге асты. Иерусалим бұрын-соңды мұндай ‘ауыр азапты’ көрген емес еді. Қыруар адам қаза болды, қалғаны тұтқынға алынды. Бұл қазір өзін мәсіхшімін деп жүрген көп адамның және басқа діндердің өкілдерінің басына түсетін жойылудың бұдан да зор болатынын көрсетеді (Мат. 24:21).
Қашуымыз керек болашақтағы қаһарлы жаза
6. Ертедегі мәсіхшілердің қауымында кімдер пайда бола бастады?
6 Ертедегі мәсіхшілер қауымында кейбіреулер Мәсіх жолынан тайып, басқаларды да азғырды (Ел. іс. 20:29, 30). Исаның елшілері қауымды жолдан таюшылықтан ‘ұстап тұрғандай’ әрекет еткен еді. Алайда олар қайтыс болғаннан кейін, жалған мәсіхшілердің секталары бой көтере бастады. Бүгінде мәсіхшілер әлемі бір-біріне қайшы келетін діни ағымдарға толы. Киелі кітап пайда болатын мәсіхшілер әлемінің дінбасыларын “әділетсіздіктің қолдаушысы” және “мүлдем құритын кісі” деп топ ретінде сипаттап, олардың ‘Иеміз Иса қайтып келіп, бәріне салтанатты түрде көрінгенде мүлдем жоятынын’ алдын ала айтқан (Сал. 2-х. 2:3, 6—8).
7. Неге мәсіхшілер әлемінің басшыларын “әділетсіздіктің қолдаушысы” деуге болады?
7 Мәсіхшілер әлемінің дінбасылары Киелі кітапқа қайшы келетін ілімдерді, мерекелер мен әдет-ғұрыптарды ойлап тауып, миллиондаған адамды алдау арқылы әділетсіздік не заңсыздық жасауда. “Мүлдем құритын кісі” тобына жататын бүгінгі күнгі діни жетекшілер, Иса айыптаған дінбасылары сияқты, қайта тірілуге үмітінен айырылып, біржола жойылмақ (Сал. 2-х. 1:6—9). Алайда мәсіхшілер әлемі мен басқа да жалған діндердің басшыларына алданып қалған адамдардың жағдайы қандай болмақ? Мұның жауабын білу үшін, б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің жойылуына әкеп соққан оқиғаны қарастырайық.
Бабылдан қашыңдар
8, 9. а) Бабылдағы яһудилерге Еремия қандай пайғамбарлық хабар айтты? ә) Яһудилерге қандай мағынада қашуға мүмкіндік туды?
8 Еремияның Иерусалимнің жойылуы туралы айтқан пайғамбарлығы б. з. б. 607 жылы орындалды. Сондай-ақ ол Құдай халқының тұтқынға алынатынын, бірақ “жетпіс жыл толғанда” өз еліне қайта оралатынын айтқан (Ерм. 29:4, 10). Яһудиліктер Бабылда тұтқында болғандықтан, Еремия оларға жергілікті халықтың жалған ғибадатынан аулақ болу керектігіне қатысты маңызды хабар айтады. Осылайша олар уақыты келгенде, Иерусалимге қайта оралып, таза ғибадатты қалпына келтіруге дайын бола алар еді. Б. з. б. 539 жылы мидиялықтар мен парсылар Бабылды басып алады. Алайда бұдан көп ұзамай, II Кир патша яһудиліктердің еліне қайта оралуына және Иерусалимдегі Ехобаның ғибадатханасын қайта тұрғызуға жарлық береді (Езра 1:1—4).
9 Мыңдаған яһудиліктер мүмкіндікті пайдаланып, елдеріне қайта оралды (Езра 2:64—67). Осылайша олар Еремияның пайғамбарлық мәні бар бұйрығын орындап, белгілі бір мағынада “қашты”, яғни Бабылдан ‘бөлініп шықты’ немесе ‘кетті’ (Ерм. 51:6, 45, 50). Алайда Иерусалим мен Яһудеяға оралуға барлығының жағдайы болмады. Сондықтан Бабылда қалса да, Иерусалимдегі шынайы ғибадатқа қолдау көрсетіп, жалған ғибадатқа араласпағандарды, мысалы, қарт Даниял пайғамбарды, Құдай батасынан айырмады.
10. “Ұлы Бабыл” қандай “жексұрындықтары” үшін жауапты?
10 Бүгінде миллиардтаған адам Бабылдан бастау алған түрлі жалған діндерді ұстануда (Жар. 11:6—9). Бұл діндердің барлығы “Әлемдегі барлық опасыздық пен жексұрындық жасайтындардың анасы” болып табылатын ‘ұлы Бабылды’ құрайды (Аян 17:5). Жалған діндер ұзақ уақыттан бері осы дүниенің саяси басшыларын қолдап келді. Көптеген соғыстың болуына себепші болғандықтан, жүздеген миллион “өлгендердің” қаны солардың мойнында. Бұл — оның “жексұрын” істерінің бірі ғана (Аян 18:24). Бұдан басқа ұлы Бабыл өзінің діни қызметшілері мен шіркеудің беделді адамдарының балаларды қолдану сияқты азғындықтарына көз жұмып келеді. Олай болса, Ехоба Құдайдың осы жалған діндерді жақында жер бетінен жоқ қылатынына таңғалуымыз керек пе?! (Аян 18:8).
11. Ұлы Бабыл жойылғанға дейін мәсіхшілерге қандай міндет жүктелген?
11 Бұл істерді білетін шынайы мәсіхшілерге ұлы Бабылдың мүшелерін ескерту міндеті жүктелген. Сондықтан олар Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді таратады. Бұл әдебиеттерді Иса рухани ‘ас-суды уақтылы беруді’ тапсырған “адал да ақылды құл” шығаруда (Мат. 24:45, ЖД). Хабарға қызығушылық танытқан адамдармен Киелі кітапты зерттеу сабағы өткізіледі. Олар кеш болмай тұрғанда ‘Вавилонның арасынан қашу’ керектігін түсінеді деп үміттенеміз (Ерм. 51:6; Аян 18:4).
Жалған тәңірлерге табынудан аулақ болыңдар
12. Ехоба бейнелер мен пұттарға табынуға қалай қарайды?
12 Ұлы Бабылдың жексұрын істерінің тағы бірі — бейнелер мен пұттарға табыну. Құдай оларды “жексұрындықтар” деп атады (Заң. қ. 29:17). Құдайға ұнамды болғысы келетіндердің барлығы да пұтқа табынушылықтан аулақ болулары керек. Себебі ол: “Жаратқан Иемін [“Ехоба”, ЖД] бұл Менің есімім. Даңқымды басқаға бере салмаймын, Жалған тәңірлермен оны бөліспеймін”,— дейді (Ишая 42:8).
13. Жалған тәңірлерге табынушылықтың қандай жасырын түрлерінен аулақ болуымыз керек?
13 Құдай Сөзі жалған тәңірлерге табынушылықтың жасырын түрлерін де айыптайды. Мысалы, онда ашкөздік “жалған тәңірлерге” табынумен пара-пар екені айтылған (Қол. 3:5). Біреудің затын қалау — ашкөздіктің бір түрі (Мыс. ш. 20:17). Шайтан Ібіліске айналған періште Ең жоғарғы болуды және басқалардың өзіне ғибадат еткенін қалады (Лұқа 4:5—7). Нәтижесінде ол Ехобаға қарсы шығып, Хауаны Құдай тыйым салған іске итермеледі. Адам ата да сүйіспеншілікке толы Әкесіне мойынсұнуды емес, әйелімен бірге болуды көбірек қалап, өзімшілдікке жол берді де, белгілі бір мағынада жалған тәңірге табынды. Ал қаһарлы күннен аман қалғысы келетіндердің бәрі Ехобаға ғана ғибадат етіп, ашкөздік атаулыдан аулақ болулары керек.
“Азғындықтан аулақ болыңдар”
14—16. а) Неліктен Жүсіп жақсы үлгі қалдыра алды? ә) Әдепсіз жыныстық қалауға берілмеу үшін не істеуіміз керек? б) Азғындықтан қай кезде аулақ бола аламыз?
14 Қорынттықтарға 1-хат 6:18 оқы. Потифардың әйелі Жүсіпті азғырмақ болғанда, ол қашып кетеді. Бұл барлық мәсіхшіге, некедегілерге де, бойдақтарға да, керемет үлгі болып табылады. Жүсіптің ар-ұжданы Құдайдың ертедегі іс-әрекеттерінен танылған көзқарасына негізделіп тәрбиеленгені сөзсіз. Егер азғындықтан аулақ бол деген бұйрыққа мойынсұнғымыз келсе, біз өз жарымыздан бөтен біреуге жыныстық құмарлық оятатын нәрселерден қашуымыз керек. Киелі кітапта бізге былай делінген: “Күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей! Құдайға мойынсұнбайтындарға осындай күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр” (Қол. 3:5, 6).
15 Құдайдың “қаһарлы соты төніп тұр” деген сөздерге көңіл бөлейікші. Осы дүниедегі адамдардың көбісі заңсыз жыныстық қатынастарды қалайды әрі соған барады. Демек, біз мәсіхшілер ретінде мұндай қалауларға берілмес үшін Құдайдан дұға етіп, көмек пен киелі рух сұрауымыз керек. Бұған қоса, Киелі кітапты зерттегеніміз, мәсіхшілер қауымына барғанымыз және ізгі хабарды уағыздағанымыз бізге ‘Киелі Рухпен өмір сүруге’ көмектеседі. Сонда ‘ескі күнәкар болмысымыздың қалауы іске аспайды’ (Ғал. 5:16).
16 Шынында да, егер әдепсіз бейнелерді көретін болсақ, ‘Киелі Рухпен өмір сүре’ алмаймыз. Әрбір мәсіхші жыныстық қалауларды оятатын мәліметтерді оқудан, көруден немесе тыңдаудан аулақ болуы керек. Сондай-ақ “Құдайдың адамдарына” осындай тақырыптарға қатысты әзіл айту немесе оларды талқылау дұрыс емес (Ефес. 5:3, 4). Осылай ететін болсақ, сүюші Әкеміз біздің қаһарлы жазадан аман қалып, әділ жаңа дүниеде өмір сүруді шын қалайтынымызды көреді.
‘Ақшақұмарлықтан’ аулақ болыңдар
17, 18. Неге ‘ақшақұмарлықтан’ аулақ болуымыз керек?
17 Пауыл Тімотеге жазған бірінші хатында құл болып жүрген мәсіхшілердің басшылыққа алуы керек принципке назар аударды. Олардың кейбіреулері қожайындары мәсіхші болғандықтан, қандай да бір материалдық игіліктер дәметкен болса керек. Ал басқа біреулері бауырластарды өз пайдасы үшін қолданып қалғысы келген болуы мүмкін. Сондықтан Пауыл ‘Құдайға ұнамдылық [“берілгендік”, ЖД] — байлыққа қол жеткізудің жолы деп санайтындарға’ қатаң ескерту айтты. Бар жамандықтың түп тамыры — ақшақұмарлық. Ол байларға да, кедейлерге де зиян (Тім. 1-х. 6:1, 2, 5, 9, 10).
18 ‘Ақшақұмарлықтың’ немесе ақшаға келетін маңызсыз заттарды құмартудың кесірінен Құдаймен қарым-қатынасы бұзылған адамдардың мысалы есіңде ме? (Ешуа 7:11, 21; Пат. 4-ж. 5:20, 25—27). Пауыл Тімотеге: “Сен, Құдайдың адамы, мұндайлардан алшақ жүріп, әрдайым әділетті, Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім, сүйіспеншілік, төзімділік пен ілтипаттылыққа ұмтыла бер”,— деді (Тім. 1-х. 6:11). Құдайдың төніп тұрған қаһарлы күнінен аман қалу үшін осы кеңеске құлақ асу өте маңызды.
‘Жастықтың құмарлықтарынан бас тартыңдар’
19. Жастарға не қажет?
19 Нақыл сөздер 22:15 оқыa. Жүректегі ақымақтық жас адамды түзу жолдан оңай тайдыра алады. Мұндайда Киелі кітапқа негізделген түзету шарасының көмегі зор. Ата-анасы Куәгер емес көп жастар Киелі кітаптың кеңестеріне жүгінеді. Ал басқалар болса қауымдағы толысқан бауырластардың дана кеңестерінің игілігін көріп жүр. Кім берсе де, Киелі кітапқа негіздеп берілген кеңеске құлақ асқан адам қазір де, болашақта да бақытты бола алады (Евр. 12:8—11).
20. Жастарға теріс жолдан бас тартуға не көмектеседі?
20 Тімотеге 2-хат 2:20—22 оқы. Түзету мен дұрыс тәрбие алмаған көп жастар теріс жолға түсіп, бақталастық, ашкөздік, азғындық, ақшақұмарлық және қызық қууға беріліп кеткен. Киелі кітап бұларды бас тартуымыз керек ‘жастықтың құмарлықтарына’ жатқызады. Сондықтан мәсіхші жастарға кез келген теріс ықпалдан қорғану керек. Бұл үшін “пәк жүрекпен Иемізге сиынатындардың” қасиеттерін дамытуға шақырған Құдай кеңесіне құлақ асқан жөн.
21. Иса Мәсіх өзінің ізбасарларына қандай керемет уәде берді?
21 Жасымыз да, кәріміз де теріс жолға салуға тырысатындарды тыңдамайтын болсақ, ‘бөтен кісінің ... даусын танымай’ қашып кететін қойға теңелген Исаның ізбасарларының бірі екенімізді көрсетеміз (Жох. 10:5). Алайда Құдайдың қаһарлы күнінен аман қалу үшін зиянды нәрселерден аулақ болу жеткіліксіз. Біз жақсы қасиеттер дамытуға да ұмтылуымыз керек. Келесі мақалада мұның жетеуін қарастырамыз. Бұл туралы көбірек білгеніміз жөн, себебі Иса: “Соларға [қойларыма] мәңгілік өмір беремін, олар ешқашан құрымайды, ешкім оларды Менің қолымнан тартып алмайды”,— деп керемет уәде берген (Жох. 10:28).
[Сілтеме]
a “Жас жігіттің жүрегіне ақымақтық ұялапты, алайда түзу жолға салатын қамшы оның бойынан соны қуып шығады” (Нақ. с. 22:15, Тт)
Қалай жауап берер едіңдер?
• Иса дінбасыларына қандай ескерту айтқан?
• Миллиондаған адамға қандай қауіп төніп тұр?
• Жалған тәңірлерге табынудың қандай жасырын түрлерінен қашуымыз керек?
[8, 9-беттердегі суреттер]
“Қашу” деген сөзді естігенде, ойыңа не келеді?