Ехоба “жуырда болатын жайттарды” ашады
“Бұл — Құдайдың өз құлдарына жуырда болатын жайттарды көрсету үшін Иса Мәсіхке берген аяны” (АЯН 1:1).
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?
Дәу мүсіннің қай бөліктері Англо-америкалық державаны бейнелейді?
Елші Жохан Англо-америкалық держава мен Біріккен Ұлттар Ұйымының қарым-қатынасын қалай суреттейді?
Даниял мен Жохан адамзат патшалықтарының жойылуын қалай суреттейді?
1, 2. а) Даниял мен Жоханның пайғамбарлықтарын салыстырғанымыз нені түсінуге көмектеседі? ә) Аңның алғашқы алты басы нені бейнелейді?
ДАНИЯЛ пайғамбар мен елші Жоханның жазбаларын салыстырғанымыз дүниеде болып жатқан және болашақта болатын оқиғалардың мәнін түсінуге көмектеседі. Жоханның жеті басты аң туралы аянынан, Даниялдың он мүйізді қорқынышты аң туралы айтқан сөздерінен және оның дәу мүсінге берген түсіндірмесінен не білуге болады? Бұл пайғамбарлықтарды түсінгеніміз бізді не істеуге талпындыру керек?
2 Жоханның жыртқыш аң туралы аянына назар аударайық (Аян 13-тар.). Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, аңның жеті басының алтауы — Мысыр, Ассур, Бабыл, Мидия мен Парсы, Грекия және Рим патшалықтарын бейнелейді. Бұлардың бәрі әйелдің ұрпағымен өштесті (Жар. 3:15). Рим империясы Жохан аян алған кезде және содан кейін бірнеше ғасыр бойы билік етті. Алайда Римнің орнына аяндағы жетінші бас келу керек еді. Бұл қандай патшалық болды және ол әйелдің ұрпағына деген өшпенділігін қалай көрсетті?
БРИТАНИЯ МЕН ҚҰРАМА ШТАТТАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН КҮШЕЮІ
3. Он мүйізі бар қорқынышты аң және оның он мүйізі нені бейнелейді?
3 Аян кітабының 13-тарауындағы жыртқыш аңның жетінші басы нені бейнелейтінін білу үшін, Жоханның аянын Даниялдың он мүйізі бар қорқынышты аң туралы аянымен салыстыруымыз керекa (Даниял 7:7, 8, 23, 24 оқы). Даниял көрген аң Рим империясын бейнелейді (12, 13-беттердегі кестені қара). Б. з. V ғасырында Рим империясы құлдырай бастады. Ал қорқынышты аңның он мүйізі осы империядан шығатын патшалықтарды бейнелейді.
4, 5. а) Кішкентай мүйіз не істеді? ә) Жыртқыш аңның жетінші басы нені бейнелейді?
4 Даниялдың аянында қорқынышты аңның басындағы төрт мүйізге, яғни төрт патшалыққа ерекше назар аударылады. Аңның басынан басқа бір “кішкентай мүйіз” шыққанда, оның үш мүйізі жұлынып қалатыны айтылған. Бұл пайғамбарлық Рим империясының отарындағы Англия дербес мемлекет болғанда орындалды. XVII ғасырға дейін Англияның айтарлықтай ықпалы болмады. Кезінде Рим империясының құрамында болған Испания, Нидерланды және Франция елдерінің ықпалы әлдеқайда мықты болды. Англия оларды бірінен соң бірін жеңіп, өз беделін арттырды. XVIII ғасырдың орта шенінде Англия әлем сахнасында бірінші орынға өрлей бастады. Алайда ол әлі жыртқыш аңның жетінші басы болған жоқ.
5 Британия ең мықты мемлекет болған соң оның Солтүстік Америкадағы отарлары бөлініп шығып, Құрама Штаттар мемлекетін құрды. Британия Құрама Штаттарға дербес мемлекет болуға жол беріп, оларды өзінің теңіз әскерімен қорғайтын. 1914 жылы Иеміздің күні басталғанда Британия тарихтағы ең ірі империя, ал Құрама Штаттар өнеркәсіп саласында жетекші ел болатынb. Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде Құрама Штаттар Британиямен ерекше одақ құрды. Осылайша аңның жетінші басы — Англо-америкалық держава — пайда болды. Бұл бас әйелдің ұрпағына қалай қарады?
6. Жетінші бас Құдай халқына қалай қарады?
6 Иеміздің күні басталған соң көп ұзамай жетінші бас Құдай халқына — Мәсіхтің бауырларының жердегі тамтығына — шабуылдай бастады (Мат. 25:40). Исаның сөздерінен көрінетіндей, ол көкте билік етіп отырған кезде әйел ұрпағының тамтығы жер бетінде Иеміздің ісін белсенді түрде атқарып жатады (Мат. 24:45—47; Ғал. 3:26—29). Англо-америкалық держава осы қасиеттілерге қарсы күресті (Аян 13:3, 7). Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде бұл патшалық Құдай халқын қудалап, олардың кейбір әдебиеттеріне тыйым салды және құл табының өкілдерін түрмеге жапты. Осылайша олардың уағыздау қызметі толықтай дерлік тоқтады. Ехоба жыртқыш аңның “екі куәгерді” өлтіретінін алдын ала айтқан болатын. Сондай-ақ Құдай Жоханға бұл қасиеттілердің қайта тірілетінін, яки уағыздау ісі қайта жаңғыратынын білдірді (Аян 11:3, 7—11). Ехоба куәгерлерінің тарихы осы пайғамбарлықтардың орындалғанын растайды.
АНГЛО-АМЕРИКАЛЫҚ ДЕРЖАВА ЖӘНЕ ТЕМІР МЕН ҚЫШ АРАЛАСҚАН АЯҚ
7. Дәу мүсіннің қай бөлігі жыртқыш аңның жетінші басына сәйкес келеді?
7 Жыртқыш аңның жетінші басы сияқты дәу мүсіннің аяғы да Англо-америкалық державаны бейнелейді. Британия Рим империясынан пайда болған. Құрама Штаттар Британиядан бөлініп шыққандықтан, оның да төркіні Рим деп айта аламыз. Сондықтан мүсіннің аяғы мен башпайлары да темірден еді. Алайда мұндағы темір қышпен араласқан (Даниял 2:41, 42 оқы). Дәу мүсін аяғының бұл бөлігі жыртқыш аңның жетінші басы сияқты Англо-америкалық державаның билік ететін кезін бейнелейді. Темір мен қыштың қосындысы таза темірдей берік болмайтыны сияқты, Англо-америкалық держава Рим империясындай мықты болмады. Қалайша?
8, 9. а) Жетінші патшалық темірдей қауқарын қалай көрсетті? ә) Аяқтағы қыш нені бейнелейді?
8 Бір кездері Англо-америкалық держава темірдей күшті болып тұрды. Мысалы, ол Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетті. Ол темірдей мықты күшін Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде де көрсеттіc. Соғыстан кейін де Англо-америкалық держава оқта-текте темірдей қауқарын көрсетіп отырды, бірақ бұрынғыдай емес. Қанша дегенмен аяқ пен башпайлардағы темір о бастан қышпен аралас болды ғой.
9 Ехобаның қызметшілері бұрыннан бері мүсіннің аяғы мен башпайлары нені бейнелейтінін білгісі келді. Даниял 2:41-де темір мен қыш араласқан аяқ көптеген патшалықтарды емес, бір ғана “патшалықты” білдіретіні айтылған. Демек, қыш Англо-америкалық державаның құрамдас бөліктерін бейнелейді. Олар бұл патшалықтың таза темірмен бейнеленген Рим империясындай берік болуына кедергі жасап отыр. Даниялдың кітабында қыш “адам ұрпағын”, яғни қарапайым халықты, білдіретіні айтылған (Даниял 2:43 (ЖД) оқыd). Англо-америкалық державаның қол астындағы адамдар азаматтық құқықтары үшін күресіп келді, жұмысшыларды қорғайтын кәсіподақтарын құрды, тіпті тәуелсіздік алуға ұмтылды. Осылайша қарапайым халық Англо-америкалық державаның темірдей күшті болуына мұрша бермей келеді. Оның үстіне, адамдардың саяси көзқарастары әртүрлі. Сол себепті өзге үміткерлерден сәл көбірек дауыс жинап, билікке келген саясаткерлер саясатын жүргізейін десе, қалың жұрттан жеткілікті қолдау таппайды. Даниял бұл патшалықтың “кейбір бөлімдері темірдей қатты әрі күшті, ал басқалары қыш сияқты морт сынғыш болатынын” алдын ала айтқан болатын (Дан. 2:42; Тім. 2-х. 3:1—3).
10, 11. а) “Аяқ пен башпайлардың” болашағы қандай? ә) Башпайлардың санына қатысты қандай тұжырым жасауға болады?
10 Бүгінде де Британия мен Құрама Штаттар одақтас болып келеді. Олар жиі маңызды істерде бір-бірін қолдап отырады. Дәу мүсін туралы пайғамбарлықта мүсіннің аяқтары оның соңғы бөлігі, ал жыртқыш аң туралы пайғамбарлықтағы жетінші бас та аңның соңғы басы. Демек, Англо-америкалық державаны ешқандай үкімет алмастырмайды. Бұл патшалық мүсіннің темір балтырымен бейнеленген Римге қарағанда әлсіз болғанымен, өздігінен құламайды.
11 Башпайлардың саны бірдеңені білдіре ме? Ойлап көрші, басқа аяндарда Даниял нақты сандарды атаған. Мысалы, ол түрлі аңдардың бастарында қанша мүйіз болғанын ерекше атап кеткен. Неліктен? Өйткені бұл сандардың белгілі бір мағынасы бар. Алайда дәу мүсін туралы айтқанда, Даниял башпайлардың санын атаған жоқ. Ендеше қолдарының, саусақтарының және аяқтарының саны ештеңені білдірмейтіні сияқты, мүсін башпайларының саны да ештеңені білдірмейді. Даниял башпайлардың темір мен қыштан екенін айтты. Бұдан шығатын қорытынды: Құдай Патшалығын бейнелейтін “тас” дәу мүсіннің аяғына келіп соғылғанда, дүниені Англо-америкалық держава билеп тұрады (Дан. 2:45).
АНГЛО-АМЕРИКА ЖӘНЕ ҚОС МҮЙІЗДІ ЖЫРТҚЫШ АҢ
12, 13. Қос мүйізді аң нені бейнелейді және не істейді?
12 Англо-америкалық держава темір мен қыштың қоспасы болғанымен, Исаның Жоханға берген аянынан бұл патшалықтың осы дүниенің соңғы күндері маңызды рөл атқаратыны көрінеді. Қалайша? Жохан айдаһарша сөйлеген қос мүйізді жыртқыш аңды көрді. Бұл бір түрлі аң нені бейнелейді? Оның екі мүйізі болғандықтан, ол қос патшалықты — Англо-америкалық державаны — білдіреді. Алайда бұл жерде ол ерекше бір істі атқаруда (Аян 13:11—15 оқы).
13 Бұл қос мүйізді аң адамдарға жеті басты он мүйізді жыртқыш аңның мүсінін жасауды “айтады”. Жохан бұл мүсіннің пайда болатынын, жоқ болып кететінін және қайтадан пайда болатынын айтты. Мұның бәрі Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған бір ұйымның басынан өткен. Бұл ұйым Британия мен Құрама Штаттар бастау берген Ұлттар Лигасы еді. Оның мақсаты дүниедегі патшалықтарды біріктіріп, солардың атынан сөйлеу болдыe. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, Ұлттар Лигасы жоқ болып кетті. Соғыс кезінде Құдай халқы жыртқыш аңның мүсіні Аян кітабындағы пайғамбарлыққа сай қайтадан пайда болатынын жариялады. Бұл солай болды да. Қазір бұл ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымы деп аталады (Аян 17:8).
14. Жыртқыш аңның мүсіні қай мағынада “сегізінші патша” болады?
14 Жохан аңның мүсінін “сегізінші патша” деп атады. Қандай мағынада? Ол жыртқыш аңның сегізінші басы болған жоқ. Ол аңның мүсіні ғана. Бұл мүсінге билікті оның бас қолдаушысы Англо-америкалық держава және Біріккен Ұлттар Ұйымында мүшелік ететін мемлекеттер береді (Аян 17:10, 11). Жоханның оны “патша” деп атауының себебі — оған күллі дүниеге әсер ететін бір істі жүзеге асыруға билік беріледі.
АҢНЫҢ МҮСІНІ ЖЕЗӨКШЕ ӘЙЕЛДІ ЖАЛМАЙДЫ
15, 16. Жезөкше әйел нені бейнелейді және діннің бүгінгі халі қандай?
15 Жохан жеті басты аңның мүсіні болған ал қызыл жыртқыш аңның үстінде отырған жезөкше әйелді көрді. Оның аты — “Ұлы Бабыл” (Аян 17:1—6). Бұл жезөкше барлық жалған діндерді бейнелейді. Ұлы Бабылдың басым бөлігін христиан әлемінің шіркеулері құрайды. Жалған діндер жыртқыш аңның мүсініне батасын беріп, оған билік жүргізуге тырысып келді.
16 Аянда жезөкше әйелдің “сулардың” үстінде отырғаны айтылады. Бұл сулар оны қолдайтын халықтарды білдіреді. Алайда Иеміздің күнінде “сулар” кеуіп қалады, яғни адамдар Ұлы Бабылды бұрынғыдай қолдамайтын болады (Аян 16:12; 17:15). Мысалы, аңның мүсіні алғаш рет пайда болған кезде, христиан әлемінің шіркеулері Батыс елдеріне зор ықпал етіп отырды. Ал бүгін әлгі шіркеулер мен дін қызметшілерінің жұрт алдында қадірі кеткен. Кейбіреулер тіпті әлемдегі проблемалардың көбісі діннің кесірінен деп ойлайды. Сондай-ақ дінді атымен жоқ қылу керек деп жар салатындар да аз емес.
17. Жуырда жалған дінмен не болады және неге?
17 Дегенмен жалған дін бірте-бірте күшінен айырылып, жоқ болып кетпейді. Жезөкше әйелдің ықпалы зор болып қала береді әрі ол патшаларға дегенін істетуге тырысады. Бірақ жуырда Құдай “олардың жүректеріне өз ойын салып, жүзеге асыртады” (Аян 17:16, 17 оқы). Ехоба Құдай Шайтан дүниесінің үкіметтерін жалған дінге тап беруге талпындырады. Олар жезөкшені биліктен айырып, байлығын талан-таражға салады. Осыдан 20—30 жыл бұрын дін атаулымен мұндай нәрсе болуы мүмкін еместей көрінді. Бүгінде бұл жезөкше әйел ал қызыл жыртқыш аңның үстінде теңселіп отыр. Десе де ол отырған орнынан жайлап сырғып түспейді. Аң оны аяқ астынан құлатып, оңдырмайды (Аян 18:7, 8, 15—19).
АҢДАР ЖОЙЫЛАДЫ
18. а) Жыртқыш аң не істейді және мұның арты не болады? ә) Даниял 2:44-ке сай, Құдай Патшалығы қандай патшалықтарды жояды? (17-беттегі қоршауды қара).
18 Жалған дін жойылған соң жыртқыш аң, яғни Шайтанның билігіндегі саяси ұйымдар, Құдай Патшалығына қарсы шығады. Бірақ көкке жете алмайтындықтан, әлемнің патшалары Құдай Патшалығын қолдайтын адамдарға кәрін төгеді. Мұның арты немен бітетіні белгілі (Аян 16:13—16; 17:12—14). Даниял соңғы шайқас туралы бір жайтты айтып кетті (Даниял 2:44 оқы). Құдай Патшалығы Аян 13:1-де айтылған жыртқыш аңды, оның мүсінін және қос мүйізді аңды жояды.
19. Біз не нәрсеге сенімді бола аламыз және қазір не істейтін уақыт?
19 Біз жыртқыш аңның жетінші басы билік етіп жатқан заманда өмір сүріп жатырмыз. Жыртқыш аңның бұдан басқа басы шықпайды. Ал жалған діндер Англо-америкалық державаның тұсында жойылатын болады. Даниял пайғамбар мен елші Жохан алдын ала айтқан жайттардың бәрі дәл орындалды. Олай болса, жуырда жалған дін жойылып, Армагеддон шайқасы келетініне сенімді бола аламыз. Құдай бізге алда не күтіп тұрғанын бүге-шігесіне дейін ашты. Ал біз оның пайғамбарлары арқылы берген ескертулеріне ден қойып жүрміз бе? (Пет. 2-х. 1:19). Иә, қазір Ехобаның жағына шығып, оның Патшалығын қолдайтын уақыт! (Аян 14:6, 7).
[Сілтемелер]
a Киелі кітапта он саны жиі толықтықты білдіреді. Демек, он мүйіз Рим империясынан шыққан патшалықтардың барлығын білдіреді.
b Британия мен Құрама Штаттар XVIII ғасырдан бері бар. Алайда Жоханның аянынан көрінетіндей, олар Иеміздің күні басталғанда ғана бір державаны құрайтын болады. Олай дейтін себебіміз — Аян кітабындағы пайғамбарлықтар “Иеміздің күніне” қатысты жазылған (Аян 1:10). Британия мен Құрама Штаттар Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде бірігіп әрекет ете бастады.
c Даниялдың пайғамбарлығына сай, бұл патшалық Екінші дүниежүзілік соғыста “таңғалдыратындай ғаламат ойран туғызды” (Дан. 8:24). Мәселен, Құрама Штаттар Англо-америкалық державаның жауына екі атом бомбасын тастап, бұрын-соңды болмаған көлемде ойран туғызды.
d Даниял 2:43 (ЖД): “Өзің көрген сол көріністегі темірдің қышпен араласқаны іспетті, сол бөлімдері адамзат ұрпағымен араласады. Бірақ темірдің қышпен біртұтас бола алмайтынындай, араларында шынайы бірлік болмайды”.
e “Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!” (ор.) кітабының 240, 241, 253-беттерін қара.
[17-беттегі қоршау]
“ОСЫ ПАТШАЛЫҚТАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ” ДЕГЕН ҚАЙ ПАТШАЛЫҚТАР?
“Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасында” Даниял 2:44-те Құдай патшалығы “осы патшалықтардың барлығын біржола қиратады” делінген. Бұл пайғамбарлық дәу мүсіннің әртүрлі бөліктері бейнелейтін патшалықтарға ғана нұсқайды.
Даниял 2:44-те жер бетіндегі патшалықтардың барлығымен не болатыны айтылмаған. Бұл туралы Аян кітабынан білеміз. Одан көрінетіндей, “Құдіретті Құдайдың ұлы күні” “жержүзінің патшалары” Ехобаға қарсы соғысу үшін жиналады (Аян 16:14; 19:19—21). Демек, Армагеддон шайқасында мүсіннің әртүрлі бөліктерімен бейнеленген патшалықтар ғана емес, адамдардың барлық үкіметтері жойылады.