Ехобаның сөзі тірі
Аян кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар (ІІ бөлім)
ЕХОБА Құдайға ғибадат ететіндер мен етпейтіндерді алда не күтіп тұр? Ал Шайтан мен оның жын-перілерін ше? Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде мойынсұнғыш адамзат қандай баталарға кенеледі? Осы және басқа да маңызды сұрақтардың жауабын Аян 13:1—22:21 тармақтардан табуға боладыa. Бұл тарауларда елші Жоханның бірінші ғасырдың соңына таман алған он алты аянының соңғы тоғызы жазылған.
Жохан: “Осы пайғамбарлық хабардың сөздерін оқып беретіндер де, оларды тыңдап, жазылғандарды ұстанатындар да бақытты!”— деп жазды (Аян 1:3; 22:7). Аян кітабын оқып, білгенімізді іс жүзінде қолданғанымыз Құдайға дұрыс ниетпен қызмет етуге талпындырады, Құдай мен оның Ұлы Иса Мәсіхке деген сенімімізді нығайтады және болашаққа керемет үміт бередіb (Евр. 4:12).
ҚҰДАЙДЫҢ ҚАҺАРЫНА ТОЛЫ ЖЕТІ ТОСТАҒАННЫҢ ТӨГІЛУІ
“Ұлттар ашу-ызаға кенелді,— делінген Аян 11:18-де,— алайда Сенің [Құдай] қаһарыңды шашып... жерді құртқандардың өздерін құртатын кезің жетті”. 8-аяннан көрінетіндей, Құдайдың қаһарына мінуіне ‘он мүйізі, жеті басы бар айуанның’ әрекеті себеп болады (Аян 13:1).
Тоғызыншы аянда Жохан “Сион төбесінде тұрған Тоқтыны” және қасындағы “жүз қырық төрт мың адамды” көреді. Олар “адамзат арасынан төлемдері өтеліп” алынғандар (Аян 14:1, 4). Содан кейін періштенің хабары жазылған. Ал келесі аянда Жохан ‘жеті пәлеге ұшырататын жеті періштені’ көреді. Ехобаның өзі осы періштелерге “Құдайдың қаһарына толы жеті тостағанды” Шайтанның дүниесінің түрлі бөліктеріне төгуді бұйыратын болса керек. Тостағандарда Құдайдың жүзеге асыратын үкімдері мен соты жайлы ескертулер бар (Аян 15:1; 16:1). Бұл екі аянда үшінші пәлемен, не қасіретпен, және жетінші кернейдің тартылуымен байланысты Патшалықтың басқа да үкімдеріне қатысты егжей-тегжейлі мәлімет келтірілген (Аян 11:14, 15).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
13:8. ‘Тоқтының Мәңгілік өмір кітабы’ деген не? Бұл — көктегі Патшалықта Иса Мәсіхпен бірге билік ететіндердің есімдері ғана жазылған бейнелі кітап, не шиыршық. Онда әлі де жер бетінде өмір сүріп жатқан көкте өмір сүруге үміттенетін майланған мәсіхшілердің есімдері де бар.
13:11—13. Қалайша қос мүйізді айуан айдаһарша әрекет етеді және көктен жерге от түсіреді? Қос мүйізді айуанның — Англо-Америка дүниежүзілік державасының — айдаһарша сөйлегені адамдарға өзінің билік ету жүйесін қабылдату үшін қорқытып, қысым мен зорлық-зомбылық көрсетуін білдіреді. Оның көктен жерге от түсіруі ХХ ғасырдағы екі дүниежүзілік соғыста да зұлымдықты жойғанын және коммунизмді жеңгенін айтып, шынайы пайғамбар ретінде әрекет еткен сыңай танытқанын көрсетеді.
16:17. Жетінші тостаған төгілген ‘ауа’ нені білдіреді? ‘Ауа’ Шайтанға тән ой қалыпты, ‘Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухты [ой-ниетті]’, бейнелейді. Шайтанның зұлым дүниесіне жататындардың барлығы осы улы ауамен тыныс алуда (Ефес. 2:2).
Біз үшін сабақ:
13:1—4, 18. Адамзат үкіметтерін бейнелейтін ‘айуан’ “теңізден”, яғни буырқанған адамзат арасынан, шыққан (Ишая 17:12, 13; Дан. 7:2—8, 17). Шайтан жаратқан және күш берген бұл айуанда 666 деген сан бар. Бұл сан оның қаншалықты кемелсіз екенін білдіреді. Айуанның нені бейнелейтінін түсінгеніміз жалпы адамзат сияқты оған тамсанып соңынан еруге не ғибадат етпеуге көмектеседі (Жох. 12:31; 15:19).
13:16, 17. ‘Сатып алу, сату’ сияқты күнделікті тұрмыс қамын жасағанда қиындықтарға кезігуіміз мүмкін, бірақ қысымға беріліп, айуанның өмірімізді басқаруына жол бермеуіміз керек. Айуанға ‘қолымызға не маңдайымызға таңба’ салдыру оның іс-әрекетімізді басқаруына не ой қалпымызға әсер етуіне жол берумен пара-пар болар еді.
14:6, 7. Періштенің жар салуы бізді көкте орнаған Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды шұғыл түрде жариялауға талпындыру керек. Сондай-ақ біз Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарға Құдайдан қорқуды және оны дәріптеуді үйренуге көмектесуіміз қажет.
14:14—20. “Жер бетіндегі өнімді жинайтын уақыт”, яғни аман қалатындарды жинау уақыты, аяқталғанда, періштенің жердегі жиналған ‘жүзім бұтасын’ ‘Құдайдың төгілетін зор қаһарын білдіретін’ “жүзім шырынын сығып алатын орынға” лақтыратын уақыты келеді. Сонда ‘жүзім бұтасы’ — ‘жүзім шоқтары’ іспетті жаман жемістері бар Шайтанның адамзат үстінен жүргізіп отырған көзге көрінетін бұзылған билік жүйесі — мәңгілікке жойылады. Сондықтан “жердегі жүзім бұтасының” ықпалына берілмеуге бел буайық.
16:13—16. “Үш жын [“рухтандырылған арам сөздер” ЖД]” жын-перілердің үгіт-насихатын білдіреді. Бұл үгіт-насихаттың мақсаты — жер бетіндегі патшаларды Құдай қаһарының жеті тостағанының төгілуінің ықпалына берілмеуге талпындыру және оларды Ехобаға қарсы қою (Мат. 24:42, 44).
16:21. Осы дүниенің соңы жақындаған сайын, Шайтанның зұлым дүниесіне Ехобаның шығарған үкімі жайлы хабар ерекше ауыр, зілді сөздермен жеткізілуі мүмкін. Бұл сөздер тас бұршақпен бейнеленгенге ұқсайды. Соған қарамастан адамдардың басым көпшілігі Құдайды балағаттап, тілдеуін доғармайды.
ЖЕҢІМПАЗ ПАТШАНЫҢ БИЛІК ЕТУІ
“Ұлы Бабыл”, дүниежүзілік жалған діндер империясы, Шайтанның зұлым дүниесінің жексұрын бөлігі болып табылады. 11-аянда ол “ал қызыл айуанның үстінде отырған” “аты шулы опасыз әйел” ретінде суреттелген. Оны өзі отырған айуанның ‘он мүйізі’ біржола көзін құртады (Аян 17:1, 3, 5, 16). Келесі аянда осы жезөкше әйел “ұлы қалаға” теңеледі, әрі онда оның құлайтыны мен Құдай халқының тез арада ‘одан шығу’ керектігі жарияланады. Ұлы қаланың құлағанына көп адам қайғырып, жоқтайды. Алайда көкте зор қуаныш болады, өйткені “Тоқтының үйленетін уақыты” келіп жетеді (Аян 18:4, 9, 10, 15—19; 19:7). Ал 13-аянда “ақ боз атты” халықтармен соғысуға шығып, Шайтанның зұлым дүниесін жояды (Аян 19:11—16).
Ал ‘ежелгі жылан, яғни әзәзіл шайтанмен’ не болмақ? Ол қашан “отты көлге тасталады”? Бұл — 14-аянда сөз болатын тақырыптардың бірі (Аян 20:2, 10). Соңғы екі аянда Мәсіхтің мыңжылдық билігінің кезінде қандай өмір болатынына жарық төгіледі. ‘Аянның’ соңына қарай Жохан ‘көше ортасымен төменге қарай ағып жатқан өмір суының өзенін’ көреді және ‘жаны сусаған әркімнің’ одан ішуге шақырылғанын естиді (Аян 1:1; 22:1, 2, 17).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
17:16; 18:9, 10. Неге “жер патшалары” өздері көзін жойған нәрсеге қайғырады? Олар өз бастарын ойлап қайғырады. Ұлы Бабыл жойылған соң, жер патшалары оның өздері үшін қаншалықты пайдалы болғанын түсінетін болса керек. Өйткені Ұлы Бабыл олардың жауыз істерін дінмен бүркемелеген. Сондай-ақ ол оларға жастарды соғысқа тартуға көмектескен. Оның үстіне, Ұлы Бабыл адамдарды патшаларға бағындырып ұстауда маңызды рөл атқарған.
19:12. Қалайша белгісіз есімін Исадан басқа ешкім де білмейді? Бұл есім Исаның Иеміздің күнінде ие болатын, Ишая 9:6-да келтірілгендей, дәрежесі мен мәртебелерін білдірсе керек. Бұл мәртебелері ерекше болғандықтан және осындай жоғары дәрежеге ие болудың не екенін тек өзі түсіне алатындықтан, бұл есімді Исадан басқа ешкім де білмейді деуге болады. Алайда ол осы мәртебелерінің кейбірімен қалыңдық табының мүшелерімен бөліседі, былайша айтқанда, ‘оларға Өзінің жаңа атын жазады’ (Аян 3:12).
19:14. Һар-Магедонда Исаның соңынан еретіндер кімдер? Құдай шайқасында Исаға еретін ‘көктегі әскерлер’ қатарына періштелер мен көктегі сыйларын алған жеңімпаз майланғандар кіреді (Мат. 25:31, 32; Аян 2:26, 27).
20:11—15. ‘Мәңгілік өмір кітабына’ кімдердің есімдері жазылған? Бұл кітапта мәңгілік өмір сыйына ие болатындардың — майланған мәсіхшілердің, өте үлкен тобырдың мүшелері мен ‘әділеттілердің қайта тірілуі’ кезінде тірілетін Құдайдың адал қызметшілерінің — есімдері бар (Ел. іс. 24:15 Тт; Аян 2:10; 7:9). Ал ‘әділетсіз адамдардың қайта тірілуі’ кезінде тірілетіндердің есімдері бұл кітапқа Исаның мыңжылдық билігі кезінде ашылған “шиыршықтарда жазылған” (ЖД) нұсқауларға сай әрекет еткенде ғана жазылады. Алайда бұл есімдер өшпейтін сиямен жазылмайды. Майланғандардың есімдері жердегі өмірінің соңына дейін адалдығын дәлелдеген кезде мәңгілікке қалады (Аян 3:5). Ал жер бетінде өмір сүретіндердің есімдері мың жылдың соңында болатын ақырғы сынақтан өткенде, кітапта біржола қалады (Аян 20:7, 8).
Біз үшін сабақ:
17:3, 5, 7, 16. “Көктен келген даналық” бізге ‘әйелдің және оны көтеріп жүрген [ал қызыл] айуанның құпиясының мәнін’ түсінуге көмектеседі (Жақ. 3:17). Бұл бейнелі айуан Ұлттар Лигасы ретінде бастама алып, кейіннен Біріккен Ұлттар Ұйымы ретінде қайта пайда болды. Осы құпияның мәнін түсінгеніміз бізді Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар мен Ехобаның сот күні жайлы құлшыныспен жариялауға талпындыру керек емес пе?
21:1—6. Патшалықтың билігі кезінде алатын баталарымыз жөніндегі пайғамбарлықтардың орындалатынына кәміл сенуімізге болады. Неге? Өйткені оларға қатысты: “Түгел орындалды!”— делінген.
22:1, 17. ‘Өмір суының өзені’ Ехобаның тілалғыш адамзатты күнә мен өлімнен айықтыру үшін қолданатын шараларын бейнелейді. Қазір де белгілі бір мөлшерде бұл суға қол жеткізуге болады. Келіп, осы суды тегін алуға қатысты шақыруды ризашылықпен қабылдап қана қоймай, оны бар ынтамызбен өзгелерге де ұсыналық!
[Сілтемелер]
a Аян 1:1—12:17 тармақтардың талқылануын “Аян кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар (І бөлім)” мақаласынан қара (“Күзет мұнарасы”, 15 қаңтар 2009 жыл).
b Аян кітабындағы әрбір тармақтың талқылануын “Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!” (ор.) кітабынан қара.
[5-беттегі сурет]
Патшалықтың билігі кезінде тілалғыш адамзат қандай керемет баталарға ие болады десеңші!