Алдын ала айтылғандай, барлығын да жаңадан жаратып жатырмын
“Сонда тақта Отырған: “Міне, барлығын жаңадан жаратып жатырмын”,— деді. Тағы ол былай деп қосты: “Бұл сөздер сенуге тұрарлық және шынайы” (АЯН 21:5).
1, 2. Қандай түсінікті себептермен көптеген адамдар болашақ туралы ойланғанды ұнатпайды?
“ЕРТЕҢ не боларын кім білсін” деген немесе ойлаған кездерің болған ба? Неліктен адамдардың болашақта не болатынын болжауға да батылы бармайтынын және менменсіп болашақта не болатынын алдын ала айта аламын дейтіндерге сенбейтінін түсінуге болады. Өйткені адамдар айлар немесе жылдар өткен соң не болатынын алдын ала тура айтуға қабілетсіз.
2 “Форбз” журналының бір нөмірі уақыт тақырыбына арналды. Онда теледидарда деректі хабарларды жүргізуші Роберт Крингели былай деп жазды: “Қалай болғанда да уақыт бәрімізді бірдей алдайды. Бірақ уақыттан ешкім де болжағыштардан көп зиян шекпейді. Болашақты болжап білуге тырысу ойынмен тең және бұл ойында біз әрқашан да ұтыламыз десек те боларлық... Сөйтсе де білгішсымақтар тоқтар емес”.
3, 4. а) Кейбіреулер жаңа мыңжылдыққа қандай зор сеніммен қарайды? ә) Өзгелердің болашаққа деген шындық тұрғысынан қарағандағы көзқарасы қандай?
3 Жаңа мыңжылдыққа өте көп көңіл бөлінетіндіктен, қазір көптеген адамдардың болашақ туралы ойланатынын байқаған боларсыңдар. Өткен жылдың басында “Маклинз” журналында былай делінді: “Көптеген канадалықтар үшін 2000 жыл жай ғана күнтізбедегі кезекті жылдардың бірі ғана, алайда ол, шын мәнінде, жаңа өмірдің бастауы болуы мүмкін”. Йорк университетінің профессоры Крис Дьюдни адамдардың көпшілігінің жағдайдың жақсаратынына үміт артуының келесі себебін айтты: “Жаңа мыңжылдық, шын мәнінде, қорқынышты болған ғасырдың кесапаттарынан арылуды білдіреді”.
4 Бұл өзіміздің қалауымызды шындыққа теңеуге тырысу емес пе екен? Канадада өткізілген сұрақтың нәтижесі бойынша, сұралғандардың 22%-ы ғана “2000 жылдың жаңа өмірдің бастауы болатынына сенеді”. Ал сұралғандардың жартысына жуығы алғашқы 50 жылдың ішінде “дүниежүзілік жаңа қақтығыс” — дүниежүзілік соғыс болады деп сенеді. Көптеген адамдардың жаңа мыңжылдық біздің қиыншылықтарымызды шешіп, “барлығын жаңадан жарата” алмайтынын түсінетіні анық. Британ Корольдік қоғамының бұрынғы президенті Майкл Атиа мырза былай деп жазды: “Тез арада болып жатқан өзгерістер... жиырма бірінші ғасырдың бүкіл өркениет үшін күрделі қиыншылықтар алып келетінін білдіреді. Халықтың өсуі, табиғи қордың жетіспеуі, қоршаған ортаның ластануы және қайыршылық күйдің барлық жерге тарауы сияқты қиыншылықтар қазірдің өзінде бізге салмақ салуда және мүмкіндігінше тез арада шешуді қажет етеді”.
5. Болашақ жайында сенімді мәліметті қайдан табуға болады?
5 “Егер адамдар болашақты болжай алмайтын болса, ол туралы мүлдем ойламай-ақ қойған жақсы емес пе?”— деп сұрарсың мүмкін өзіңнен. Ешқашан олай етуге болмайды! Иә, адамдардың болашақты тура болжай алмайтыны рас, бірақ болашақты тура болжау басқа ешкімнің қолынан келмейді деп ойламауымыз керек. Сонда бұл кімнің қолынан келеді? Неліктен болашаққа зор сеніммен қарауымызға болады? Толық жауапты алдын ала айтылып кеткен төрт ерекше пайғамбарлықтан табуыңа болады. Бұл пайғабтарлықтар Киелі кітапта жазылған. Киелі кітап — ең көп тараған және ең көп оқылатын кітап, сөйте тұра көптеген адамдар оны дұрыс түсінбейді және ескермейді. Бұл кітап туралы не ойласаң да, онымен қаншалықты жақсы таныс болсаң да, сен үшін осы негізгі төрт тармақты қарастырған маңызды. Бұл жазба орындарында шынымен де болашақ суреттелген. Иә, керемет болашақ! Оның үстіне бұл төрт негізгі пайғамбарлық сені және жақындарыңды қандай болашақ күтіп тұрғанын көрсетеді.
6, 7. Ишая қай уақытта пайғамбарлық етті және оның алдын ала айтқандары қалай керемет түрде орындалды?
6 Бұл пайғамбарлықтардың біріншісі Ишая кітабының 65-тарауында жазылған. Оны оқымас бұрын қашан және қандай жағдайда жазылғанын анықтап алайық. Бұл сөздерді жазған Құдайдың пайғамбары Ишая иудей патшалығы жойылардан жүз жылдан аса уақыт бұрын өмір сүрген. Бұл патшалық, Ехоба азғын иудейліктерді қорғаусыз қалдырып, Бабылдықтарға Иерусалимді күйретіп, оның тұрғындарын тұтқынға алып кетуге жол берген кезінде жойылды. Бұл пайғамбарлық Ишая айтқаннан кейін жүз жылдан аса уақыт өткен соң орындалды (2 Шежіре 36:15—21).
7 Тарихи жағдайды еске түсірейікші. Ишая Құдайдың басшылығымен әлі туылмаған парсы Кирдің есімін алдын ала айтты, ал ол болса ақыр аяғында Бабылды жаулап алды (Ишая 45:1). Кир иудейлердің б. з. б. 537 жылы өз отанына оралуларына жол ашты. Бір таңғаларлығы, 65-тараудан оқитынымыздай, Ишая иудейлердің қайта оралатынын алдын ала айтқан болатын. Ол қайта оралған исраилдіктердің қандай жағдайда өмір сүретіндерін толық суреттеді.
8. Ишая алдын ала қандай бақытты болашақты айтты және оның пайғамбарлығындағы қандай сөздер бізді аса қызықтырады?
8 Ишая 65:17—19 былай деп оқимыз: “Мен жаңа аспан мен жаңа жер жасап жатырмын; алдыңғылар енді еске алынбайды да, көңілімізге келмейді де. Ал сендер Менің жаратып жатқандарыма мәңгі шаттанып, қуанатын боласыңдар: өйткені міне, Иерусалимді шаттыққа, ал халқын қуанышқа жаратып жатырмын. Сөйтіп Иерусалим үшін қуанып, халқым үшін шаттанатын боламын; бұдан былай онда жылаған және зарлаған үн естілмейтін болады”. Ишаяның суреттегені иудейлер Бабылда өмір сүрген кездегі жағдайдан әлдеқайда жақсы болғаны сөзсіз. Ишая шаттық пен қуаныш болатынын айтты. Ал енді “жаңа жер мен жаңа аспан” деген сөздерге көңіл аударайық. Бұл — осы сөйлемше кездесетін Киелі кітаптағы төрт жердің біріншісі. Олардың төртеуі де болашағымызға тікелей қатысты. Онда болашақта не болатыны алдын ала айтылған.
9. Ишая 65:17—19 тармақтардағы пайғамбарлық ежелгі иудейлерге байланысты қалай орындалды?
9 Ишаяның алдын ала айтқаны тура келіп, Ишая 65:17—19 тармақтардағы сөздер иудейлер отанына оралып таза мінажатты қайта қалпына келтірген кезде алғаш рет орындалды (Езра 1:1—4; 3:1—4). Әрине, олардың қандай да бір өзге планетаға емес, Жердегі өз отандарына қайта оралғандары анық. Бұл “жаңа аспан мен жаңа жер” дегенде Ишаяның нені айтқысы келгенін түсінуімізге көмектеседі. Бізге, Нострадамус пен басқа да сәуегейлердің көмескі болжамдарын түсінуге тырысқан адамдар сияқты, жорамал жасап әуреленудің қажеті жоқ. Ишаяның не айтқысы келгенін Киелі кітаптың өзі түсіндіреді.
10. Ишаяның пайғамбарлығындағы жаңа “жер” нені білдіреді?
10 Киелі кітапта “жер” сөзі әрқашан жер шарын білдіре бермейді. Мысалы Забур 95:1-де былай делінген: “Бүкіл жер жүзі, Тәңірге арнап ән айтыңдар”. Планетамыздың, құрлық пен ұшы-қиырсыз мұхиттардың, ән айтпайтынын білеміз. Ән айтатын — адамдар. Иә, Забур 95:1-де жерде өмір сүріп жатқан адамдар жайлы айтылғанa. Бірақ Ишая 65:17-де сонымен қатар “жаңа аспан” жайлы да айтылған. Егер “жаңа жер” отанына оралған иудейлердің жаңа қоғамын білдіретін болса, “жаңа аспан” нені білдіреді екен?
11. “Жаңа аспан” деген тіркес неге қатысты айтылады?
11 Макклинток пен Стронгтің “Киелі кітап, діни ілімдер және шіркеу әдебиеттері энциклопедиясында” былай делінген: “Пайғамбарлық аяндағы көрініс қандай болмасын, кәдімгі аспанның жерден жоғары тұрып, оны басқарып тұрғандай көрінетіндігі сияқты, барлық уақытта аспан сөзі өзінің қол астындағылардан жоғары тұрып, оларды басқаратын жалпы күштерді... білдіреді”. “Аспан мен жер” тіркесіне келер болсақ, энциклопедияның түсіндіруінше, “пайғамбарлық тілде ол қоғамның әр топтарындағы адамдардың саяси жағдайын білдіреді. Аспан билікті білдіреді; ал жер — сол билікке бағынатын адамдар”.
12. Ежелгі иудейлерде “жаңа аспан мен жаңа жер” туралы пайғамбарлық қалай орындалды?
12 Отанына оралған иудейлер жаңа дүние деп айтарлықтай жағдайда өмір сүрді. Жаңа үкімет орнаған болатын. Дәуіт патшаның ұрпағы Зоровавел — басқарушы, ал Иоседектің ұлы Иса — діни қызметкер болды (Нағай 1:1, 12; 2:21; Зәкәрия 6:11). Олар “жаңа аспанды” құрады. Олар нені басқарды екен? “Жаңа жерді”, яғни Иерусалим мен Ехобаға мінажат етуге арналған ғибадатхананы қайта қалпына келтіру үшін отанына қайта оралған тазарған адамдар қоғамын. Демек сол ежелгі иудейлердің кезінде жаңа аспан мен жаңа жер туралы пайғамбарлық іс жүзінде орындалды.
13, 14. а) “Жаңа аспан мен жаңа жер” тіркестері қолданылған тағы қандай Жазба орнын қарастырғанымыз жөн? ә) Петірдің пайғамбарлығы неліктен бүгінгі күнге тікелей қатысты?
13 Бірақ ең маңызды нәрсені есімізден шығармайық: талқылап жатқандағы мақсат — жай ғана Киелі кітапқа түсінік беріу немесе, тарихқа қысқаша шолу жасау емес. Неге бұлай екенін “жаңа аспан мен жаңа жер” деген сөздер кездесетін тағы бір жерге көңіл бөлгенде түсінесің. Бұл — Петірдің 2-хатының 3-тарауы. Онда біздің болашағымыз туралы айтылғанын байқаймыз.
14 Петір бұл хатты иудейлер отанына қайта оралғаннан кейін 500 жылдан аса уақыт өткен соң жазған. Бұны Петір, Исаның елшілерінің бірі ретінде, 2 Петір 3:2-де “Иеміз” делінген Мәсіхтің ізбасарларына жазған еді. Петір 4-тармақта Исаның “келетіні туралы уәде” жайындағы мәселені көтереді. Сол себепті бұл пайғамбарлық бүгінгі күнге тікелей қатысты. Көптеген деректер бойынша Бірінші дүниежүзілік соғыстың уақытынан бері Иса Құдайдың аспандағы Патшалығының Басқарушысы ретінде билікке келді (Аян 6:1—8; 11:15, 18). Петірдің осы тараудағы басқа да алдын ала айтқандарымен бірге қарастырғанда бұның ерекше мәні бар екендігі байқалады.
15. Петірдің “жаңа аспан” жөніндегі пайғамбарлығы қалай орындалуда?
15 2 Петір 3:13-те біз мынаны оқимыз: “Дегенмен біз Құдайдың уәдесіне сай әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жерді күтудеміз”. Аспанда таққа отырған Исаның “жаңа аспанның” бас Басқарушысы екенін білетін шығарсыңдар (Лұқа 1:32, 33). Бірақ Киелі кітаптың басқа тармақтарынан оның жалғыз басшылық етпейтінін көруге болады. Иса елшілері мен басқа адамдардың да өзі сияқты аспанда болатынын уәде етті. Еврейлерге жазған хатында Пауыл оларды “аспанға шақырылғандар” деп атады. Ал Иса олардың өзімен бірге аспандағы тақта отыратындығын айтты (Еврейлерге 3:1; Матай 19:28; Лұқа 22:28—30; Жохан 14:2, 3). Сонымен, Исамен бірге басқалар да жаңа аспанның бөлігі ретінде билік ететін болады. Ал “жаңа жер” деп Петір нені айтты екен?
16. Қазірдің өзінде қандай “жаңа жер” бар?
16 “Жаңа аспан мен жаңа жер” туралы пайғамбарлық отанына қайта оралған иудейлердің кезінде жаңа аспанның басшылығына бағынған адамдарға қатысты орындалғанындай, 2 Петір 3:13-тегі пайғамбарлық та тап солай орындалады. Бүгінгі күні миллиондаған адамдар осы басшылыққа қуана мойынсұнуда. Олар осы үкімет жүргізіп отырған ағарту бағдарламасының пайдасын көріп, оның Киелі кітапта жазылған заңдарын орындауға тырысуда (Ишая 54:13). Олар “жаңа жердің” негізі, өйткені олар әр ұлттан, тілден, нәсілден шыққан бірлескен халықты құрап, басшылық етіп отырған Патша Иса Мәсіхтің басшылығымен жұмыс атқаруда. Сендер де осы халықтың қатарына қосыла аласыңдар! (Мика 4:1—4).
17, 18. Неліктен 2 Петір 3:13 болашаққа сеніммен қарауымызға себеп болып табылады?
17 Бірақ, бар болғаны осы ғана, болашақ жайлы толық біле алмаймыз деп ойламаңдар. Шындығында, Петірдің 2-хатының 3-тарауының контексіне сәйкес, алдымызда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Петір 5 және 6-тармақтарда Нұхтың күндеріндегі Топан су туралы, яғни сол кездегі зұлым дүниені жойған тасқын жайлы, жазады. Ал 7-тармақта Петір бүгінгі ‘аспан мен жердің’, яғни үкіметтер мен халықтардың, ’сот күнінде әділетсіз адамдардың жойылатын уақытқа сақталып тұрғандығын’ айтады. Бұл сөздер “бүгінгі аспан мен жер” деген сөздердің материалдық Әлемге емес, адамдар мен олардың басшыларына қатысты екенін дәлелдейді.
18 Келесі тармақтарда Петір жақындап келе жатқан Ехобаның күні үлкен тазарту болып, 13-тармақта айтылған жаңа аспан мен жаңа жерге жол ашатынын жазады. Осы тармақтың соңындағы “әділдік орнаған” деген сөздерге көңіл аударайықшы. Бұл сөздер алдымызда күтіп тұрған түпкілікті жақсаруларға куәлік етіп, қандай да бір шынында жаңа нәрсеге, өмір адамдарға бүгінгіден қарағанда көп қуаныш әкелетін уақытқа үміттендірмейді ме? Егер мұны жете түсінсеңдер, Киелі кітаптың нені алдын ала айтып отырғанын түсінгендерің. Ал мұны барлық адамдар түсіне бермейді.
19. Аян кітабында жазылған болашақтағы “жаңа аспан мен жаңа жер” қандай контексте айтылған?
19 Әрі қарай қарастырайық. Біз Ишая 65-тараудағы және 2 Петір 3-тараудағы “жаңа аспан мен жаңа жер” деген сөздер кездесетін тармақтарды қарастырдық. Енді бұл сөздер кездесетін тағы бір жерге, яғни Аян кітабының 21-тарауына, көңіл бөлейікші. Суреттелген оқиғалардың қашан және қайда болғанын білгеніміз жақсы. Екі тарау бұрын, 19-тарауда, бейнелі тілде соғыс суреттелген. Бірақ бұл — халықтар арасындағы соғыс емес. Соғысатын екі жақтың бірі — “Құдайдың Сөзі”. Бұл Иса Мәсіхтің лауазымы екенін білетін боларсыңдар (Жохан 1:1, 14). Ол аспанда, және ол осы көріністе өзінің аспандағы әскерімен бірге суреттелген. Олар кімге қарсы соғыс жүргізуде? Бұл тарауда “патшалар”, “мыңбасылар” және “кішілер мен ұлылар” делінген басқа да адамдар аталады. Бұл соғыс жақындап келе жатқан Ехобаның зұлымдарды жоятын күнін білдіреді (2 Салониқалықтарға 1:6—10). Аянның келесі 20-тарауы ‘ежелгі жылан, яғни шайтан ібілістің’ қалай аластатылатынын суреттеумен басталады. Осыны есімізде ұстап, енді Аянның 21-тарауына көңіл бұрайықшы.
20. Аян 21:1-де болашақтағы қандай маңызды өзгерістер жайында айтылады?
20 Елші Жохан бізді ойландыратын сөздермен бастайды: “Мен жаңа аспан мен жаңа жерді көрдім, өйткені ескі аспан мен ескі жер өткен, теңіз де жоқ”. Ишая кітабының 65-тарауы мен Петірдің 2-хатының 3-тарауынан білгеніміздің негізінде бұл сөздер дәл мағынадағы аспан мен, суларды қоса алғандағы біздің планетамызды білдірмейтінін сеніммен айта аламыз. Өткен тараулардан көргеніміздей, зұлым адамдар мен олардың басшылары,— сондай-ақ көрінбейтін басшылары Шайтан да болмайды. Сонымен, Аянның 21-тарауында жерде өмір сүретін адамдар да болатын жаңа дүние уәде етілген.
21, 22. Жохан бізді қандай баталарға ие болатынымызға сендіреді және көз жасын сүртеді деген нені білдіреді?
21 Осы керемет пайғамбарлықтағы келесі сөздер барлығы тура осылай болатынын көрсетеді. 3-тармақ Құдайдың адамдармен бірге болып, өзінің еркін орындап жүрген адамдарға қамқорлық көрсететіні туралы сөздермен аяқталады (Езекиел 43:7). 4, 5-тармақтарда Жохан былай деп жалғастырады: “Өлім енді болмайды; жылау да, зарлау да, ауру да енді болмайды; өйткені бұрынғы өткен. Сонда тақта Отырған: “Міне, барлығын жаңадан жаратып жатырмын”,— деді. Тағы ол былай деп қосты: ‘Мұны жазып қой, өйткені бұл сөздер сенуге тұрарлық және шынайы!’”. Қандай жігерлендіретін пайғамбарлық десеңші!
22 Бір сәтке тоқтап, Киелі кітаптың болашақ туралы не айтатынына көңіл аударайықшы. “Құдай олардың көз жасын сүртеді”. Бұл жерде сезімтал көздерімізді әрқашан жуып отыратын жас пен қуаныштан болатын жас айтылып отырған жоқ. Құдай қайғы-қасіреттің, бақытсыздықтың, түңілудің, ауыру мен азаптың себебінен шыққан көз жасты сүртеді. Бұлай екеніне неліктен сенімдіміз? Өйткені осы тармақта Құдайдың керемет түрде көз жасын сүртемін деген уәдесі өлімнің, жылаудың, зарлаудың және аурудың жойылуына байланысты айтылған (Жохан 11:35).
23. Жоханның пайғамбарлығына сәйкес қандай жағдайлар міндетті түрде жойылады?
23 Бұл қатерлі ісік, инсульт, жүректің ұстап қалуы, тіпті өлімнің де жойылатынын дәлелдемей ме? Ауру, қайғылы оқиға немесе табиғи апат қайсымыздың жақындарымызды алып кетпеген? Құдай енді өлімнің болмайтынын уәде етеді, яғни ол кезде туылатын нәрестелер ер жетіп, қартайып, содан соң өлу үшін өмірге келмейтін болады. Сонымен қатар қартайған шақта көп кездесетін Альцгеймер дерті, сүйек тканінің ыдырауы (остеопороз), фиброз ісігі, су қараңғы (глаукома), көзді шел басу (катаракта) сияқты аурулар енді болмайды.
24. “Жаңа аспан мен жаңа жер” орнаған уақытта адамдар қандай баталарға ие болады және тағы нені қарастырамыз?
24 Әрине, өлім, кәрілік, ауру жойылған соң жылау мен зарлауға себеп аз болатынымен келісесіңдер. Ал қайыршылық күй, балаларды қорлау мен тегі мен түсіне байланысты кемсіту туралы не айтуға болады? Егер бүгінгі күні жиі кездесетін осы жағдайлар жойылмайтын болса, жылау мен зарлау тоқтамайды. Сондықтан бүгінгі күні қасірет шектіріп жатқан нәрселер “жаңа аспан мен жаңа жердің” уақытында болмайды. Қандай керемет өзгерістер десеңші! Әзірге біз Киелі кітаптағы “жаңа аспан мен жаңа жер” деген сөздер кездесетін төрт жердің үшеуін ғана қарастырдық. Енді тағы бір жері қалды. Ол біз қарастырған жерлермен тығыз байланысты және Құдайдың “жаңа аспан мен жаңа жер” туралы уәдесін орындайтын уақытын неліктен қуанышпен күтуімізге болатынына ерекше көңіл аударады. Бұл пайғамбарлық туралы және біздің бақытымыз үшін қандай маңызы бар екендігі туралы келесі мақалада айтылады.
[Сілтеме]
a “Жаңа ағылшын Киелі кітабында” Забур 95:1 былай берілген: “Тәңірге арнап ән айтыңдар, жер бетіндегі барлық адамдар” (The New English Bible). “Ағылшынның Қазіргі заман аудармасында” (Contemporary English Version) былай деп оқимыз: “Жер бетіндегі әркім Тәңірді мадақтап ән айтсын”. Бұл Ишая “жаңа жер” тіркесін отанына қайта оралған Құдай халқына қатысты қолданды деген ұғыммен сәйкес келеді.
Естеріңде ме?
• Киелі кітаптың қандай үш жерінде “жаңа аспан мен жаңа жер” туралы алдын ала айтылған?
• “Жаңа аспан мен жаңа жер” жайындағы пайғамбарлық ежелгі иудейлерде қалай орындалды?
• Петір айтқан “жаңа аспан мен жаңа жер” жайындағы пайғамбарлық қалай орындалады?
• Аян кітабының 21-тарауы қалайша бізге бақытты болашаққа үміттендіреді?
[10-беттегі сурет]
Ехобаның алдын ала айтқанындай, Кир иудейлердің б. з. б. 537 жылы отанына қайта оралуы үшін жол ашты.