Ехобаның күнінде не әшкере болады?
‘Ұрының табан астынан түсетіні сияқты, Иеміздің қайта оралатын күні де білдіртпей кенеттен келмек. Жердің өзі де, ондағы адам қолымен істелгеннің бәрі де өртеніп жоқ болады’ (ПЕТ. 2-Х. 3:10).
1, 2. а) Осы зұлым дүние қалай жойылады? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
БҮГІНГІ зұлым дүниенің іргесі адамзат баласы Ехобадан тәуелсіз, өздері-ақ жерге иелік ете алады деген өтірікке қаланған (Заб. 2:2, 3). Негізі жалған әлдененің мәңгі тұруы мүмкін бе? Әрине, жоқ! Сөйткенмен де, бізге Шайтанның дүниесі өздігінен құрып, жоқ болатын уақытты күтудің қажеті жоқ. Құдай бұл дүниені өзі белгілеген уақытта, өз жолымен жояды. Ехобаның бұл әрекеті оның әділдігі мен сүйіспеншілігін паш етеді (Заб. 91:8; Нақ. с. 2:21, 22).
2 “Ұрының табан астынан түсетіні сияқты,— деп жазды елші Петір.— Иеміздің қайта оралатын күні де білдіртпей кенеттен келмек. Сол күні аспан қатты шумен жоқ болып, дүниенің құрамдас бөліктері өртеніп құрып кетеді. Жердің өзі де, ондағы бүкіл жаратылыс пен адам қолымен істелгеннің бәрі де өртеніп жоқ болады” (Пет. 2-х. 3:10). Бұл тармақта қандай “аспан” мен “жер” туралы айтылып тұр? Өртеніп құрып кететін “дүниенің құрамдас бөліктері” дегеніміз не? Сондай-ақ Петірдің ‘жер және ондағы адам қолымен істелгеннің бәрі де өртеніп жоқ болады’ деген сөздері нені білдіреді? Бұл сұрақтардың жауаптарын білсек, жақында келетін қорқынышты күнге дайын боламыз.
Жоқ болатын аспан мен жер
3. Петірдің 2-хаты 3:10-да айтылған “аспан” нені білдіреді және ол қалай жоқ болады?
3 Киелі кітапта “аспан” жиі халыққа үстемдік ететін билеушілерді бейнелейді (Ишая 14:13, 14; Аян 21:1, 2). Демек, көп ұзамай жоқ болатын “аспан” осы дүниеге билік етіп отырған адами үкіметтерді білдіреді. Ал олардың “қатты шумен” немесе “қатты гүрілмен” (сілтеме) жоқ болуы жылдам жойылып кететіндерін білдірсе керек.
4. “Жер” нені білдіреді және ол қалай жойылады?
4 “Жер” дегеніміз Құдайдан безген адамзат. Нұхтың кезінде болған адамдар қоғамы Құдайдың үкімімен Топан суда жойылды. “Тәңіріміз осы қазіргі аспан мен жерді де әділетсіздердің сотталып, тозаққа түсетін күні отпен қиратуға қалдырып отыр” (Пет. 2-х. 3:7). Құдайдан безген адамдар Топан суда бір сәтте жоқ болған болса, келе жатқан ‘ауыр азап’ кезінде зұлымдық біртіндеп жойылады (Аян 7:14). Алдымен Құдай осы дүниенің саяси күштерін өзі жек көретін опасыз әйелді, яғни Ұлы Бабылды, жоюға талпындырады (Аян 17:5, 16; 18:8). Ал ауыр азаптың соңында болатын Һар-Магедон шайқасы кезінде Ехоба Шайтанның дүниесінің қалған бөлігін түп тамырымен жоқ қылады (Аян 16:14, 16; 19:19—21).
“Дүниенің құрамдас бөліктері... құрып кетеді”
5. Бейнелі ‘құрамдас бөліктерге’ не жатады?
5 Құрып кететін “дүниенің құрамдас бөліктері” дегеніміз не? Петір осы дүниеде Құдайға ұнамайтын көзқарас, мінез-құлық және мақсаттар тудыратын негізгі нәрселер жайында айтқан. “Құрамдас бөліктерге” Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін “осы дүниелік рух” жатады (Қор. 1-х. 2:12; Ефестіктерге 2:1—3 оқы). Осы рух немесе “ауа” бүкіл Шайтанның дүниесін жайлаған. Ол адамдарды “ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің” менмен де бүлікшіл әміршісі Шайтан сияқты ойлауға, жоспарлауға, сөйлеуге және әрекет етуге талпындырады.
6. Осы дүниенің рухы неден көрініс табады?
6 Сол себепті осы дүниенің рухына уланған адамдар біліп-білмей саналары мен жүректеріне Шайтанның әсер етуіне жол беріп, оның ойы мен көзқарасын танытуда. Осылайша Құдай еркін ескермей, қалағандарын істеуде. Олар менмендікпен немесе өзімшілдікпен әрекет етеді, билікке қарсы шығады және ‘күнәкар құмарлықтар мен көздің қомағайлығына’ беріледі (Жоханның 1-хаты 2:15—17 оқы)a.
7. Неліктен ‘жүрегімізді таза сақтауымыз’ керек?
7 Олай болса, араласатын ортаны, оқитын мәліметті, көңіл көтеру түрі мен Интернеттегі веб-сайтты таңдағанда, Құдайдан келетін даналық танытып, ‘жүрегімізді таза сақтағанымыз’ қаншалықты маңызды десеңші! (Нақ. с. 4:23). Елші Пауыл былай деп жазған: “Қайдағы біреу пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен сендерді өзіне баурап алмасын, байқаңдар! Адамдар ойлап шығарған аңызға негізделген ондай ілім Мәсіх туралы емес, әлемдегі тұрпайы рухани күштер туралы үйретеді” (Қол. 2:8). Ехобаның күні жақындаған сайын бұл ескертудің маңыздылығы арта түседі, өйткені сол күннің қайталанбас “қызуы” Шайтан дүниесінің барлық “құрамдас бөліктерін” өртеп, олардың Құдай қаһарына төзе алмайтынын әшкерелейді. Бұл жайт Малахи 4:1-дегі сөздерді еске салады: ‘Аптабы жалындаған пештей боп бір күн туады; сол уақытта адалдықты аттағандардың бәрі сабан құрлы болады да туашақ күн оларды жалынмен бір-ақ жалмайды’.
‘Жердің өзі де, ондағының бәрі де әшкереленеді’
8. Жер мен ондағылардың бәрі қалай “әшкереленеді”?
8 Петір “жер мен ондағының бәрі әшкереленеді” деуімен не айтқысы келген еді? “Әшкереленеді” деген сөз “ашылады, әйгілі болады” дегенді де білдіреді. Петір ауыр азап кезінде Ехоба Шайтан дүниесінің өзіне және патшалығына қарсы екенін және жойылуға лайық екенін әйгілі ететінін айтқан. Ишая 26:21-де осы күн жайлы мынадай пайғамбарлық жазылған: “Енді міне, Жаратушы Ие заңсыздықтары үшін жер тұрғындарын жазалау мақсатымен Өз тұрағынан шығады, жер өзі жұтқан қанды қайта ағызады және мүрденің бетін қайтадан жаппайды”.
9. а) Біз неден аулақ болуымыз керек және неліктен? ә) Бойымызда нені дамытуымыз керек және неге?
9 Ехобаның күні келгенде осы дүние мен оның зұлым рухының ықпалына берілген адамдардың шынайы болмысы әшкере болып, олар тіпті бір-бірін өлтіруге де барады. Олардың “жақынына қолын көтеруіне” бүгінде кең тараған зорлық-зомбылыққа толы көңіл көтеру түрлері себеп болуы әбден мүмкін (Зәк. 14:13). Олай болса, бойымызда менмендік пен өзімшілдік сияқты Құдай жек көретін мінез-құлық тудыратын фильмдер, кітаптар, бейне ойындар және басқа да нәрселерден аулақ болғанымыз қаншалықты маңызды десеңші! (Пат. 2-ж. 22:28; Заб. 10:5). Қайта, Құдайдың киелі рухының жемісін құрайтын қасиеттер дамытайық, өйткені мұндай қасиеттер Құдайдың күнінің бейнелі қызуына төтеп бере алады (Ғал. 5:22, 23).
“Жаңа аспан мен жаңа жер”
10, 11. “Жаңа аспан” мен “жаңа жер” деген нені білдіреді?
10 Петірдің 2-хаты 3:13 оқы. “Жаңа аспан” дегеніміз — 1914 жылы Құдайға сенбейтін халықтар дәурені аяқталғанда, көкте құрылған Құдай Патшалығы (Лұқа 21:24). Бұл Патшалықта Иса Мәсіхпен бірге 144 000 майланған мәсіхші билік етеді. Олардың көбісі көктегі сыйларына ие болып қойған. Аян кітабында Жохан осы таңдап алынғандар туралы былай деген: “Көктен, Құдайдың қасынан түскен қасиетті қаланы — жаңа Иерусалимді байқадым, ол күйеуінің алдынан шығуға безеніп киінген қалыңдықтай дайындалған еді” (Аян 21:1, 2, 22—24). Иерусалим қаласында ежелгі Исраил патшасының тағы орналасқан болатын. Ал жаңа Иерусалим мен күйеу жігіт жаңа дүниені басқаратын үкіметті құрайды. Бұл қаланың көктен ‘түсуі’ оның көктегі тұрағынан жер бетіне билік жүргізетінін білдіреді.
11 “Жаңа жер” дегеніміз — жер бетінде өмір сүретін және Құдай Патшалығының билігіне даярлықпен мойынсұнатын жаңа қоғам. Қазіргі дүниенің өзінде Құдай халқының арасында рухани жұмақ орнаған. Ал ‘болашақ әлем’, яғни жаңа дүние орнағанда, бүкіл жер шарындағы жағдай осы рухани жұмаққа сай болады (Евр. 2:5). Жаңа қоғамның мүшесі болу үшін біз не істеуіміз керек?
Ехобаның ұлы күніне дайындал
12. Неліктен Ехобаның күні осы дүние үшін күтпеген жерден келеді?
12 Пауыл да, Петір де Ехобаның күні ‘ұры’ сияқты күтпеген жерден келетінін айтқан (Салониқалықтарға 1-хат 5:1, 2 оқы). Тіпті сол уақытты тағатсыздана күтіп жүрген шынайы мәсіхшілер үшін де бұл күн күтпеген уақытта сап ете қалады (Мат. 24:44). Ал осы дүниелік адамдар үшін бұл күтпеген жайт болып қана қоймайды. Елші Пауыл былай деп жазған: “Жұрт “Бәрі тыныш, қауіпсіз” деп жүргенде апат аяғы ауыр әйелдің толғағындай табан астынан болады. Сонда ешкім қашып құтыла алмайды” (Сал. 1-х. 5:3).
13. “Бәрі тыныш, қауіпсіз” дегенге алданып қалмау үшін не істеуіміз керек?
13 “Бәрі тыныш, қауіпсіз” деген сөздер — жындардың тағы бір өтірігі ғана. Ехобаның қызметшілері бұған алданбайды. Пауыл: “Сендер, бауырластар, түнекте тұрмай, сол күні ұры түскендей қапыда қалмайсыңдар, бәрің де жарықта және күнде жүресіңдер ғой”,— деп жазған (Сал. 1-х. 5:4, 5). Олай болса, әрі қарай да жарықта жүріп, Шайтанның дүниесінің түнегінен аулақ болайық. Петір былай деген: “Қымбатты бауырластар, бұны алдын ала біліп, сақ болыңдар: ұяты жоқ, тура жолдан адасқан адамдарға [мәсіхшілер қауымына енген жалған ұстаздарға] ілесіп, берік негіздеріңнен айырылып қалып жүрмеңдер!” (Пет. 2-х. 3:17).
14, 15. а) Ехоба қалай бізге құрмет көрсетуде? ә) Рухтың жетелеуімен жазылған қандай сөздерге мұқият ден қойғанымыз жөн?
14 Ехоба бізге “сақ болыңдар” деп айтып қана қоймайды. Ол мейіріммен “алдын ала” ескертіп, болашақ туралы жалпы білім беру арқылы бізге құрмет көрсетуде.
15 Өкінішке қарай, кейбір мәсіхшілер сергек болуға қатысты ескертулерге атүсті немесе тіпті сын көзбен қарайды. Олар “біз осы ескертуді жылдар бойы естіп келеміз” деуі мүмкін. Алайда бұл мәсіхшілер осылай етулерімен адал құл табына ғана емес, Ехобаға және оның Ұлының сөзіне күмән келтіретіндерін ескергендері жөн. “Баяуласа да соны күт”,— дейді Ехоба (Абб. 2:3). Иса: “Сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер!”— деген (Мат. 24:42). Ал Петір былай деді: “Сендер қандай болуларың керек? Жүріс-тұрыстарың Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс! Себебі сендер Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілерің келеді” (Пет. 2-х. 3:11, 12). Адал құл табы мен оның Басқарушы кеңесі осы маңызды сөздерге ешқашан атүсті қарамағай!
16. Қандай көзқарастан аулақ болуымыз керек және неге?
16 Шынында да, тек ‘жаман қызметші’ қожайыным жуырда келе қоймас деген тұжырым жасайды (Мат. 24:48). Бұл жаман қызметші Петірдің 2-хаты 3:3, 4-те суреттелген топқа жатады. “Соңғы заманда,— деді Петір.— Арам құмарлықтарына салынып, сендерді келемеждейтін адамдардың шығатынын біліңдер”. Олар мойынсұнушылықпен Ехобаның күнін саналарында берік сақтайтын адамдарды келемеждейтін болады. Иә, Патшалықты басты орынға қоюдың орнына, олар қара бастарын ойлап, тән құмарлықтарын қанағат етуді көздейді. Ал біз әрқашан мойынсұнғыш болып, мұндай қауіпті көзқарастан аулақ болайық! Қайта, Патшалықты уағыздау және шәкірт дайындау ісіне белсене атсалысу және Ехоба Құдай белгілеген уақыт жайлы тым уайымдамау арқылы ‘Иеміздің төзімділік танытып’, адамдарды құтқарғысы келетінін түсінетінімізді көрсетейік (Пет. 2-х. 3:15; Елшілердің істері 1:6, 7 оқы).
Құтқарушы Құдайға сенім арталық
17. Адал мәсіхшілер Исаның Иерусалимнен қашып шығуға қатысты кеңесін қалай орындады және неге?
17 Б. з. 66 жылы Рим әскері Яһудеяға баса-көктеп кірген соң, Исаның кеңесіне сай әрекет еткен адал мәсіхшілер мүмкіндік пайда бола сала, Иерусалимнен қашып шықты (Лұқа 21:20—23). Неге олар кідірместен әрекет етті? Олар Исаның ескертуін саналарында берік сақтағандары сөзсіз. Әрине, олар Иса ескерткендей, қиындықтарға ұшырайтындарын білді. Бірақ Ехоба өзінің адал қызметшілерін ешқашан тастамайтынына да сенімді болды (Заб. 54:23).
18. Лұқа 21:25—28-дегі Исаның сөздері ауыр азапқа деген көзқарасыңа қалай әсер етеді?
18 Біз де Ехобаға толықтай сенім артуымыз керек. Себебі осы дүние бұрын-соңды болмаған ауыр азапқа ұшырағанда, ол ғана бізді құтқара алады. Ауыр азап басталып қойып, бірақ осы дүние әлі де соңына дейін жойылмай тұрғанда, “адамдар қорқып, әлемге төнетін апаттарды күтіп естерінен тана үрейленеді”. Алайда, Құдайдың қарсыластары қорқыныштан дірілдеп тұрғанда, Ехобаның адал қызметшілерінің бойын еш үрей билемейді. Керісінше, олар құтқарылатын күндерінің жақын екеніне қуанады (Лұқа 21:25—28 оқы).
19. Келесі мақалада не жайлы сөз қозғалады?
19 Осы дүниеден және оның ‘құрамдас бөліктерінен’ аулақ жүретін адамдарды қандай керемет болашақ күтіп тұр десеңші! Алайда келесі мақалада түсіндірілетіндей, өмірге ие болу үшін тек жамандықтан аулақ жүру жеткіліксіз. Біз Ехобаға ұнамды қасиеттер дамытып, әрекеттер жасауымыз керек (Пет. 2-х. 3:11).
[Сілтеме]
a Бұл дүниелік рух тудыратын мінез-құлықтар туралы “Жазбалар туралы пікір алысу” (ор.) кітабының 135—139 беттерінде көбірек мәлімет берілген.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Қазіргі “аспан мен жер”,
“құрамдас бөліктер”,
“жаңа аспан мен жаңа жер” нені білдіреді?
• Неліктен біз Құдайға толықтай сенім артамыз?
[5-беттегі сурет]
Сен қалайша “жүрегіңді таза сақтап”, бұл дүниеден бөлек бола аласың?
[6-беттегі сурет]
‘Иеміздің төзімділік танытып’, адамдарды құтқарғысы келетінін түсінетінімізді қалай көрсетеміз?