Мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан қайнар
“Ал кімде-кім Мен беретін “судан” ішсе, ол мәңгі-бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін “су” оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан “қайнарға” айналады” (ЖОХАН 4:14).
“КЕНЕТТЕН айдың жиегінен... жалтыраған көгілдір асыл тас — нәзік шәлімен әшекейленген нұр шашқан ашық көк түсті шар — кішкентай маржанға ұқсап қап-қара тылсым теңіздің тұңғиығынан жаймен көтерілді”. Ғарышкер Эдгар Митчелл ғарыштан қарағандағы Жердің көрінісін осылай суреттеді.
Ғарышкерді осындай көркем сөздер айтуға талпындырып, планетамызға көз жауын алатын әсемдік беріп тұрған не? Бұл — жер бетінің шамамен төрттен үш бөлігін алып жатқан су. Негізінде, су планетамызға әсемдік беріп қана қоймай, жер бетінде тіршіліктің болуын қамтамасыз етіп тұр. Тіпті адам денесінің 65 пайызы судан тұрады. “Британ энциклопедиясында” суға қатысты былай айтылған: “Оның тіршілік үшін маңызы зор. Өсімдіктер мен жануарларда жүретін процестің барлығы дерлік судың арқасында іске асады”.
Су айналымының арқасында жердің су қорын толықтырып отырудың қажеті жоқ. “Уорлд бук” энциклопедиясында былай түсіндіріледі: “Біз қолданған судың әрбір тамшысы мұхитқа қайта оралады. Сосын, ол күннің қызуымен буланып, жауын-шашын ретінде қайта жерге түседі. Осылайша бір қолданылған су қайта-қайта қолданыла береді. Ол ешқашан сарқылмайды”. Осы керемет процесс шамамен 3000 жыл бұрын Киелі кітапта суреттелген болатын: “Барлық өзендер теңізге келіп құяды, бірақ теңіз кемері толмайды: өзендер қай жерден бастау алса, ағысын қайтадан бастау үшін сол жерге қайтып оралады”. Су айналымы — неткен ғажайып құбылыс! (Екклесиаст 1:7).
Судың маңыздылығын және оның бізге ғажайып түрде жететінін ескерер болсақ, Киелі кітапта су жайлы 700-ден аса рет айтылатынына таңғалмаса да болады. Киелі кітапта судың керемет қасиеттері, әсіресе оның тазартатын және тіршілікті қолдайтын қасиеті, жиі рухани нәрселерді түсіндіру үшін қолданылады (Ишая 58:11; Жохан 4:14).
Киелі кітаптың тазартатын күші
Исраилдіктер үнемі жуынып-шайынып тұрғандықтан, тазалықтарымен ерекшеленетін. Оларда үйге келгенде аяқтарын жуатын дәстүр болған (Лұқа 7:44). Сондай-ақ оларға тәндері мен заттарын таза ұстау және тазару рәсімін жасау үшін де су қажет болған. Киелі шатырда қызмет ететін діни қызметкерлер тәндері мен киімдерін жиі-жиі жуып отыру керек болған (Мысырдан шығу 30:18—21). Кейіннен, Сүлеймен Иерусалимдегі ғибадатханада 44000 литрден аса су сыятын мыс қазан жасатты. “Теңіз” деп те аталатын бұл ыдыстағы су Құдайдың тазалыққа қатысты заңын орындау үшін жеткілікті болған (Шежірелер 2-жазба 4:2, 6). Судың осылайша қолданылуының мәсіхшілер үшін бүгінде қандай мәні бар?
Елші Пауыл Исаның мәсіхшілер қауымын ‘сөздің көмегімен су арқылы тазартқанын’ айтты. Судың көп нәрсені тазартатыны сияқты, Құдай Сөзіндегі шындық та құлықтылық және рухани жағынан тазартады. Осылай тазаланған Мәсіхтің шәкірттері “қасиетті және таза” күйлерінде қалады (Ефестіктерге 5:25—27, Тт). Сондықтан Құдайдың ықыласына ие болғысы келетіндердің бәрі құлықтылық және рухани жағынан “мүлтіксіз пәк таза” болып қала беру үшін күш салулары керек (Петірдің 2-хаты 3:11, 14). Бұған Құдай Сөзі қалай көмектеседі?
Ехоба Құдайға ұнамды болғысы келетіндер Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеу арқылы рухани судан нәр алады. Алған білімдері саналары мен жүректеріне әсер еткенде, мұндай адамдарда Киелі кітаптағы келесі өсиетті орындауға деген зор ықылас пайда болады: “Ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар” (Римдіктерге 12:2).
Құдайдың еркі жайлы тура білімнің арқасында олар жүріс-тұрыстары мен ойларын ластайтын нәрселерді анықтай алатын болады. Құдай Сөзі су сияқты тазартатындықтан, ондағы принциптерді қолданғандары уақыт өте келе оларға тіпті ауыр күнәдан тазаруға көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11).
Альфонсо деген испандық бір жас жігіт өмірін осылай өзгерткен. 18 жасында нашақор және барып тұрған қылмыскерге айналған ол өзін бақытсыз сезінетін. Альфонсо былай деді: “Өз тәніме және өзгелерге жасаған істерім үшін өзімді лас сезінетінмін.
Мектепте сырт көрінісі мен жүріс-тұрысының тазалығымен ерекшеленетін өзім қатарлы бір қызды байқадым. Оған қарап, мен де таза өмір сүргім келді. Бірде мен оның шақыруымен Ехоба куәгерлерінің кездесуіне бардым. Көп ұзамай Киелі кітапты зерттеп, Құдайға жақындай бастадым. Содан, бір жылдың ішінде жаман әдеттерімнен арылып, шомылдыру рәсімінен өткен Ехоба куәгері болдым. Осылай күрт өзгергенімді көрген жақын маңдағы адамдар нашақор болып кеткен жасөспірім балаларына көмектесуімді сұрап келетін болды”.
Мәңгілік өмір беретін су
Бірде Иса Жақып құдығынан су алуға келген самариялық әйелге “өмір суы” жайында айтып: “Кімде-кім Мен беретін “судан” ішсе, ол мәңгі-бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін “су” оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан “қайнарға” айналады”,— деді (Жохан 4:10, 14). Оның сөздерінен “өмір суы”, Киелі кітапта түсіндірілгендей, Құдайдың адамзатты мәңгілік өмірге жеткізу үшін жасаған шараларын білдіретіні көрінеді. Иса Мәсіхтің төлем құрбандығы — осы бейнелі судың маңызды бөлігі. Ол былай деді: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады” (Жохан 3:16).
Жоғарыда сөздері келтірілген Альфонсо уақыт өте келе Құдай берген “өмір суын” жоғары бағалайтын болды. Қылмыс пен нашақорлықты тастамағандар жөнінде ол былай дейді: “Өз бауырым да, бұрынғы достарым да өлім құшты. Мені Құдай Сөзіндегі білім олардың кебін киюден сақтады. Ехобаның рухани шараларының арқасында мен тірі жүрмін”. Альфонсо бұдан да зор батаға ие болды: Құдай Сөзінен алған білімі оған Құдай уәде еткен жаңа дүниеде мәңгі өмір сүруге деген үміт берді (Петірдің 2-хаты 3:13).
Барлық адамдарға арналған шақыру
Киелі кітаптың соңғы кітабында ‘Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алған мөлдір тастай жылтылдаған өмір суының өзені’ жөнінде айтылған (Аян 22:1). Бұл су адамзатты кезінде Адам ата мен Хауа ана жоғалтқан кемелділікке қайта жеткізетін Құдайдың шараларын білдіреді.
Осы өзен жөнінде айтылғаннан кейін, мынадай шақыру жазылған: “Жаны сусаған әркім сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдасын!” (Аян 22:17). Бүгінде бұл шақыру дүниежүзі бойынша айтылуда. 235-тен аса ел мен аймақта Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы өмір беретін білімді адамдарға жеткізу үшін жыл сайын миллиардтан аса сағат жұмсайды.
Сіз де өмір суына сусап жүрсіз бе? Мөлдір таза судан ішсеңіз, яғни Жаратушымыз берген шаралармен танысып, оларды қолдансаңыз, сіз де ‘келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанатын’ боласыз (Тімотеге 1-хат 6:19).
[16-беттегі сөздер]
Судың көп нәрсені тазартатыны сияқты, Құдай Сөзіндегі шындықтың да құлықтылық және рухани жағынан тазартатын күші бар
[17-беттегі қоршау/суреттер]
КИЕЛІ КІТАП ЗАМАНЫНДАҒЫ СУ КӨЗДЕРІ
Киелі кітап заманында су көздерін табу үшін адамдар өте көп күш жұмсайтын. Отбасы мен малдарын сумен қамтамасыз ету үшін Ыбырайым да, Ысқақ та Бер-Шеба маңында бірнеше құдық қазған (Жаратылыс 21:30, 31; 26:18).
Таяз қазылған құдықтар ұзаққа созылған ыстық жаз айларында кеуіп қалып жататын, сондықтан құдықты терең етіп қазу керек болатын (Нақыл сөздер 20:5). Мысалы, Лахиштегі бір құдықтың тереңдігі 44 метрге жетеді. Ал Гибеонда тереңдігі 25 метр, ені 11 метрге жететін құдық бар. Бұл құдықты қазу үшін 3000 тоннаға жуық тас шығару керек болған. Жақып құдығынан су алуға келген самариялық әйел Исаға ‘құдықтың терең’ екенін айтқан еді. Сол құдықтың тереңдігі 23 метр болғанға ұқсайды (Жохан 4:11).
Ежелде Таяу Шығыста су көздері ретінде жер асты су қоймаларын да пайдаланған. Бұл қоймаларға суды қазан мен сәуір айларының аралығында түсетін жауыннан жинайтын. Бұл үшін қоймаларға қарай қырдан арықтар тартатын. Исраилдіктер су жинау үшін үлкен-үлкен су қоймаларын қазатын (Шежірелер 2-жазба 26:10).
Құдықтар мен су қоймаларынан су алу оңай жұмыс болмаған, бұл қазір де солай. Рабиға мен Етордың қыздары сияқты шығыстағы әйелдер отбасы мен малдарына күнделікті су тасып, маңызды іс атқарған (Жаратылыс 24:15—20; Мысырдан шығу 2:16).
[17-беттегі сурет]
Альфонсо Құдай Сөзіндегі хабарды уағыздауда