Рухтың айтқандарын тыңдаңдар!
“Құлақтары барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!” (АЯН 3:22).
1, 2. Исаның Аян кітабында аталып өтілген жеті қауымға арнаған хабарларында қандай кеңес қайталанып отырады?
ЕХОБАНЫҢ қызметшілері Иса Мәсіхтің киелі рухтың жетелеуімен айтқан Жазбалардағы Аян кітабында аталып өтілген жеті қауымға арнаған сөздеріне құлақ асуға тиіс. Аталмыш хабарлардың әрқайсысында келесі кеңес бар: “Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!” (Аян 2:7, 11, 17, 29; 3:6, 13, 22).
2 Біз Исаның Ефес, Ізмір, Перғам қалаларының періштелеріне, немесе бақылаушыларына, арналған хабарларын қарастырғанбыз. Ал Исаның киелі рух арқылы қалған төрт қауымға арнаған хабарынан не нәрсеге үйренуімізге болады?
Тиятирдегі періштеге
3. Тиятир қайда орналасқан және онда қандай өнеркәсіп ерекше дамыған еді?
3 ‘Құдайдың Ұлы’ Тиятирдегі қауымды мақтаған да, наразылығын да білдірген (Аян 2:18—29 оқыңдар). Тиятир (қазір Акхисар) Кіші Азияның батысында Гедиз (көне атауы Герм) өзенінің саласында орналасқан. Қала көптеген өнеркәсіппен айналысатынымен белгілі болған. Тиятир маренаның тамырынан жасалатын кеңінен танымал ал қызыл, қырмызы бояулардың отаны болған. Пауыл Грекиядағы Філіпіде қызмет еткен уақытта мәсіхші болған Лүдия “Тиатира қаласынан келген, қызыл мата сатушы” еді (Елшілердің істері 16:12—15).
4. Тиятирдегі қауым не үшін мақтау алған?
4 Иса Тиятирдегі қауымды жақсы істері, сүйіспеншілігі, сенімі, төзімділігі мен қызметі үшін мақтаған. Оған қоса, олардың ‘қазіргі игі істері алғашқыдан көбірек’ еді. Сөйткенмен де, жақсы атқа ие болып жүрген күннің өзінде, біз әдепсіздікке қатысты мәселелерге ешқашан салғырт қарамауымыз керек.
5—7. а) ‘Езабел іспетті әйел’ кім болған және оның әсеріне қатысты не істеу кажет болған? ә) Мәсіхтің Тиятирдегі қауымға арнаған хабары діншіл әйелдердің не істеулеріне көмектеседі?
5 Тиятирдегі қауым бұтқа табынуға, жалған ілімдер мен азғындықтың орын алуына жол берген. Олардың арасында ‘Езабел іспетті әйел’ болған. Бұл өздерін он рулы Исраил патшалығының залым патшайымы Езабел сияқты ұстайтын әйелдер тобы болса керек. Киелі кітап зерттеушілерінің кейбірінің пайымдауынша, Тиятирдің әйел ‘пайғамбарлары’ мәсіхшілерді еркек және әйел тәңірлерге, яки өнеркәсіп мүшелерінің қамқоршыларына, табынуға және бұттарға бағышталған құрбандықтар желінетін мерекелерге қатысуға еліктіруге тырысқан. Ешқандай әйел өзін пайғамбар есептеп, бүгіндегі мәсіхшілер қауымының мүшелерін қулықпен ырқына көндіруге тырыспайтын болсын!
6 Мәсіх ‘Езабелді ауруға шалдықтырып, төсек тартқызуға, егер сол әйелмен бірге азғындық жасап келгендер оның жаман істерінен қайтпаса, оларға да қатты азап шеккізуге’ даяр еді. Бақылаушылардың сондай арам ілімдер мен олардың ықпалына ешқашан берілмегендері дұрыс. Сонымен қатар ешбір мәсіхші ‘шайтанның терең құпияларының’ расында да барып тұрған лаң екендігіне көз жеткіземін деп, рухани не тәндік азғындық жасамағаны және бұтқа табынушылыққа араласпағаны абзал. Егер Исаның ескертуіне құлақ асатын болсақ, ‘өзімізде бар рухани игіліктерді берік ұстанамыз’, сонда күнә бізге үстемдігін жүргізбейді. Майланған мәсіхшілер құмарлықтар, әдепсіз қылықтар мен арам ниеттен бас тартқан, сондықтан қайта тірілген олар “халықтардың үстінен билік жүргізу құқығын” алып, Исамен бірге оларды талқандайды. Бүгінгі таңдағы қауымдарда бейнелі жұлдыздар бар, ал көкке қайта тірілген майланғандарға ‘таңғы жарық Жұлдыз’ беріледі, яғни күйеу жігіт Иса Мәсіхпен бірігеді (Аян 22:16).
7 Тиятирдегі қауымға жолдан тайған әйелдің азғын әсеріне жол бермеу ескертілген. Мәсіхтің киелі рухтың жетелеуімен сол қауымға жазған хабары бүгінде де діншіл әйелдердің Құдай белгілеген орындарын білулеріне көмектеседі. Олар ер адамдарға билік жүргізуге тырыспайды, сондай-ақ бауырластардың ешқайсысын рухани не тәндік азғындыққа еліктірмейді (1 Тімотеге 2:12). Оның орнына, игі істер істеуде, Құдайдың даңқын арттыру үшін қызмет етуде үлгі көрсетеді (Забур 67:12; 1 Петір 3:1—6). Егер қауым өздерінде барды, яғни таза ілім мен жүріс-тұрыстарын және бағалы Патшалық қызметін берік сақтайтын болса, Мәсіх оларға соттау үшін емес, керемет сый беру үшін келеді.
Сардтағы періштеге
8. а) Сард қайда орналасқан еді және ол жөнінде қандай мәліметтер бар? ә) Неге Сардтағы қауымға көмек қажет болған?
8 Сардтағы қауымға жедел көмек керек-тін, өйткені олар рухани өлі еді (Аян 3:1—6 оқыңдар). Тиятирдің оңтүстік беткейінде 50 шақырымдай ара қашықтықта орналасқан Сард өркендеген қала болатын. 50 000 жуық тұрғыны бар сол қала сауда-саттықтың, жер құнарлылығының, сондай-ақ жүннен жасалған бұйымдар мен кілем шығарудың арқасында байыған. Тарихшы Иосиф Флавидің ескеруінше, І ғасырда Сардта яһудилердің үлкен қауымдастығы болған. Сол қаланың үйінділерінің арасынан яһудилердің мәжілісханасы мен ефестік әйел тәңір Артемиданың ғибадатханасы табылған.
9. Қызметімізге салғырт қарап кеткен болсақ, не істегеніміз абзал?
9 Мәсіх Сардтағы қауымның періштесіне былай деді: “Мен сенің істеріңді білемін; жұрт сені тірі деп санағанмен (рухани) өлісің”. Егер біз рухани сергек болып есептеліп, бірақ мәсіхшілік міндеттерімізге барынша немқұрайды, қызметке салғырт қарайтын, рухани мағынада ‘жуырда өлетіндей’ болсақ ше? Онда кезінде ‘тыңдап қабылдаған’ Патшалық туралы хабарды әрі қарай да есте ұстап, қасиетті қызметімізге деген ықыласымызды жандандырғанымыз дұрыс. Мәсіхшілердің кездесулеріне шын жүректен қатысуды бастауымыз керек екені де сөзсіз (Еврейлерге 10:24, 25). Мәсіх Сардтағы қауымға: “Егер оянбасаң, саған ұры сияқты сап ете түсемін, Менің келетін уақытымды ешқашан біле алмайсың”,— деп ескерткен. Қазіргі уақыт жөнінде не деуге болады? Иә, жуырда біз де есеп береміз.
10. Тіпті қауымдағы жағдай Сардтағыдай болса да, бірқатар мәсіхшілерге қатысты қандай сөздер рас болуы мүмкін?
10 Тіпті қауымдағы жағдай Сардтағыдай болса да, онда ‘аппақ киім киіп, Мәсіхпен бірге жүретін’ ‘арамданбаған бірқатар’ мәсіхшілер болуы мүмкін, ‘себебі олар соған лайық’. Олар мәсіхші деген аттарына кір келтірмей, құлықтылық жағынан да, рухани жағынан да өздерін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз таза сақтап жүр (Жақып 1:27). Сондықтан Иса олардың ‘есімін Өмір кітабынан өшірмей, Әкесінің және Оның періштелерінің алдында ашық мойындайды’. Мәсіхпен жүруге лайық деп табылған қалыңдық табын құрайтын майланғандар Құдайдың қасиеттілерінің әділетті істерін білдіретін таза, жылтыраған ақ бәтес киімдер киетін болады (Аян 19:8). Көкте өздерін күтіп тұрған керемет сый оларды осы дүниені жеңіп шығуға талпындырады. Жер бетінде мәңгі өмір сүретіндер үшін де баталар бар, әрі олардың есімдері де өмір кітабына жазылады.
11. Рухани ұйқыға батып бара жатсақ, не істегеніміз дұрыс?
11 Әрине, ешқайсымыз да Сардтағы қауымның қайғылы рухани күйіндей жағдайда болғымыз келмейді. Алайда рухани ұйқыға батып бара жатқанымызды байқасақ ше? Онда өз игілігіміз үшін кідіртпестен әрекет еткеніміз дұрыс. Айталық, Құдайға ұнамсыз істерге қызығып немесе қауым кездесулеріне сирек барып, ал қызметімізге селқос қарай бастадық делік. Олай болса, Ехобадан көмек іздеп, шын көңілден дұға етелік (Філіпіліктерге 4:6, 7, 13, ЖД). Киелі кітапты күнделікті оқу және оны “адал да саналы қызметшінің” басылымдарымен бірге зерттегеніміз рухани сергек болуымызға көмектеседі (Лұқа 12:42—44). Сонда біз Сардтағы Исаға ұнамды болған мәсіхшілерге ұқсаймыз, әрі бауырластарымызды да жігерлендіретін боламыз.
Філаделфидегі періштеге
12. Ежелдегі Філаделфи қаласының діни ахуалын қалай суреттер едіңдер?
12 Иса Філаделфидегі қауымды мақтаған (Аян 3:7—13 оқыңдар). Філаделфи (қазір Алашехир) Кіші Азияның батысындағы шарап шығару өнеркәсібі дамыған өңірдің орталығы болған. Сондықтан басты тәңірлері шарап құдайы Дионис болған. Філаделфидегі яһудилер яһуди мәсіхшілерді Мұсаның заңының кейбір талаптарын ұстануға немесе қайтадан яһуди дініне бет бұрғызуға тырысып, босқа әуре болып жататын.
13. Мәсіх ‘Дәуіттің кілтін’ қалай қолданған?
13 Мәсіхте ‘Дәуіттің кілті бар’, яғни оған Патшалықтың бүкіл мүддесі және барлық адал қызметшілердің Басы болу тапсырылған (Ишая 22:22; Лұқа 1:32). Иса сол кілтті ертедегі Філаделфи мен басқа да жерлердегі мәсіхшілерге Патшалыққа қатысты мүмкіндіктерді ашу үшін қолданған. Ол 1919 жылдан бері Ехоба “ақылды да саналы қызметші” үшін, қандай жау болмасын жаба алмайтын ‘есікті айқара ашқан’, соның арқасында Патшалық туралы уағыздауға мүмкіндіктер пайда болды (1 Қорынттықтарға 16:9; Қолостықтарға 4:2—4). Ал “шайтанның мәжілісханасы” үшін Патшалыққа қатысты мүмкіндіктердің есігі жабық, өйткені олар рухани исраилдіктердің қатарына жатпайды.
14. а) Иса Філаделфидегі қауымға қандай уәде берген? ә) “Сынақ кезінде” тайқып кетуден қалай сақ бола аламыз?
14 Иса Філаделфидегі мәсіхшілерге: “Сен Менің азаптарда төзімділік таныту туралы бұйрығымды орындап келгендіктен, Мен де осы дүниенің адамдарын тексеруге арналған, бүкіл жер бетінде болатын азапты сынақ кезінде сені қорғаймын”,— деп уәде еткен. Уағыздау үшін Исаның төзімділігіндей төзімділік қажет. Ол ешқашан жауларына илікпеген, қайта, Әкесінің еркін орындаған. Сондықтан мәңгі өлмес көктегі өмірге қайта тірілтілген. Егер Ехобаға ғибадат етуге деген шешімімізді берік ұстанып, ізгі хабарды уағыздау арқылы Патшалықтың мүддесін қолдайтын болсақ, “сынақ кезінде”, яғни сыналып жатқан қазіргі уақытта, тайқып кетуден сақ боламыз. Патшалықтың мүдделерінің арта түсуі үшін күш салу арқылы Исадан алған ‘өзімізде бар рухани игіліктерді берік ұстанамыз’. Майланғандардың алатын сыйы — теңдесі жоқ көктегі тәж, ал олардың адал серіктерінің сыйы жер бетіндегі мәңгі өмір болады.
15. “Құдайдың киелі үйінің “бағанасы” болатындарға қандай талаптар қойылады?
15 Мәсіх сөзін былай деп жалғады: “Жеңіп шыққан әркімді Мен Құдайымның киелі үйінің “бағанасы” қылып қадірлеймін... Оған Құдайымның атын, Соның қаласының атын, яғни көктен, Оның қасынан түсетін жаңа Иерусалимнің атын және Өзімнің жаңа атымды да жазамын”. Майланған бақылаушылар шынайы ғибадатты қолдауға тиіс. Олар Құдай Патшалығы туралы уағыздау және рухани жағынан тазалықтарын сақтау арқылы “жаңа Иерусалимнің” мүшелеріне лайықты болудан таймауға тиіс. Бұл — майланғандар көктегі салтанатты ғибадатхананың бағанасы болуды қалайтын, сондай-ақ Құдайдың көктегі қаласының тұрғындары ретінде сол қаланың аты мен қалыңдығы ретінде Мәсіхтің атын алу үшін қажет нәрсе. Сондай-ақ ‘Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алу’ үшін олардың құлақтары да болу керек әрине.
Лаудікидегі періштеге
16. Лаудіки туралы не белгілі?
16 Мәсіх Лаудікидегі менменсіген қауымға наразылығын білдірген (Аян 3:14—22 оқыңдар; 14-тармақтың сілтемесін қараңдар). Лаудіки Ефестен шығыстау 150 шақырымдай жердегі басты сауда-саттық жолдары қиылысатын Лик өзенінің құнарлы аңғарында орналасқан, өнеркәсібі барынша өркендеген және қаржы орталығы ретінде танымал қала болған. Қала қара жүннен жасалатын киім-кешегімен де танымал болатын. Онда атақты медициналық мектеп болған, әрі “фригий ұнтағы” деген атаумен белгілі көз дәрісі шығарылса керек. Қаланың басты құдайларының бірі емшілік тәңірі Асклепий болған. Лаудікиде көп яһуилер тұрғанға ұқсайды, олардың біразы айтарлықтай дәулетті болғаны да сөзсіз.
17. Неге лаудікиліктерге наразылық білдірілген?
17 Лаудікидегі қауымға ‘періште’ арқылы хабарын жібергенде, Иса ‘шынайы Куәгер әрі Құдайдың жаратылысының Бастауы’ ретінде өктем сөйлеген (Қолостықтарға 1:13—16). Лаудікиліктерге рухани жағынан ‘салқын да емес, ыссы да емес’ болғандары үшін наразылық білдірілген. Жылымшы болғандықтан, Мәсіх оларды аузынан түкіріп тастамақшы еді. Мұндай мысал олар үшін түсінікті еді. Жақын орналасқан Иераполда ыстық су көздері, ал Қолоста суық су бар болатын. Бірақ су Лаудікиге құбыр арқылы бірталай қашықтықтан келетін болғандықтан, қалаға жеткенше жылымшы болып қалатын болса керек. Су жолдың жартысына дейін құбыр арқылы, ал Лаудікиге жақындағанда біріктірілген зор тас кесектердің арасымен ағып келетін.
18, 19. Қалай бүгінде лаудікиліктер іспетті мәсіхшілерге көмектесуге болады?
18 Бүгінде лаудікиліктер іспетті қауым мүшелері ыстықта көңілді сергітпейтін, ал суықта бойды жылытпайтын сусынға ұқсайды. Олар жылымшы су сияқты ауыздан түкіріп тасталады! Иса Мәсіх оларды өзінің хабаршысы, немесе майланған ‘өкілдері’, ретінде қолданғысы келмейді (2 Қорынттықтарға 5:20). Істеріне өкінбейтін болса, олар Патшалық туралы жариялау мүмкіндігінен айырылып қалады. Лаудікиліктер жер бетінде байлық жинап, ‘өздерінің шынында сорлы бейшара, рухани жарлы, жалаңаш әрі соқыр екенін білмеген’. Бүгінде солар сияқты әрбір адам рухани жарлылығы, жалаңаштығы мен соқырлығынан арылып, Мәсіхтен тазартылып, сынақтан өткен сенімнің ‘саф алтынын’, әділдіктің ‘аппақ киімін’ және рухани нәрселерді жақсы көре алу үшін “көзге жағатын шипалы май” сатып алулары керек. Мәсіхші бақылаушылар сондайларға рухани қажеттіліктерін мойындап, “рухани бай” болулары үшін қуана-қуана көмектеседі (Жақып 2:5; Матай 5:3). Оған қоса, бақылаушылар олардың ‘көзге жағатын шипалы майды’ қолдануларына, яғни Исаның ілімі мен кеңесін қабылдап, үлгісі мен ой-ниетіне еліктеп әрі соған сай әрекет етулеріне көмектесулері керек. Бұл — ‘күнәкар адамның құмарлықтары мен көзінің қомағайлығына, мал-мүлікке мастануына’ қарсы шипалы ем (1 Жохан 2:15—17).
19 Иса өзі сүйетіндердің барлығына наразылығын білдіріп, өсиеттерін айтады. Оған мойынсұнатын бақылаушылардың барлығы тап солай жұмсақтықпен әрекет етуге тиіс (Елшілердің істері 20:28, 29). Лаудікиліктер ой-қалпы мен өмір салттарын өзгертіп, ‘ынталы болып, өкінулері’ қажет еді. Әлдебіреуіміз Құдайға деген қасиетті қызметімізді өмірде екінші орынға қоюға дағдыланып кетсек ше? Онда ең бастысы, құлшыныспен Патшалықтың қамын ойлаудың маңыздылығын көре алу үшін Исадан “көзге жағатын шипалы май” сатып алайық (Матай 6:33).
20, 21. Кімдер бүгінде ‘есік қаққанда’ Исаға есік ашуда және оларды не күтіп тұр?
20 “Міне,— деді Иса,— Мен есік алдына келіп, қағып тұрмын; Кімде-кім даусымды естіп, есік ашса, Мен оның жан дүниесіне еніп, онымен бірге “дастарқандас” боламын; ол да рухани нәр алып, Менімен тығыз байланыста болады”. Иса жиі өзімен дастарқандас болып отырғандарға рухани тәлім беретін (Лұқа 5:29—39; 7:36—50; 14:1—24). Қазір ол лаудікиліктер іспетті қауымдардың есіктерін қағуда. Олар Исаға деген сүйіспеншіліктерін қайта жандандырып, есік ашып, араларына шақырып, өздеріне тәлім беруіне мүмкіндік бере ме? Солай етер болса, Иса солармен “дастарқандас” болады, бұдан олар рухани байи түседі.
21 Бүгінгі таңда ‘басқа қойлар’, бейнелеп айтқанда, есік ашып, Исаны кіргізген. Бұл олардың мәңгілік өмірді иемденулеріне мүмкіндік береді (Жохан 10:16; Матай 25:34—40, 46). Иса жеңімпаз болған әрбір майланған мәсіхшіге ‘Өзі жеңімпаз болып, Әкесімен бірге Оның тағында отырғанындай, қасына, тағының үстіне отыру’ мәртебесін сыйлайды. Иә, жеңімпаз майланған мәсіхшілерге ол өзімен бірге Әкесінің оң жағында отыру үшін патша тағын сыйға беруді уәде етеді. Ал жеңімпаз болған басқа қойлар Патшалықтың билігінің астындағы керемет жердегі өмірді күтуде.
Барлығымызға арналған сабақ
22, 23. а) Қалай мәсіхшілердің бәрі Исаның жеті қауымға жолдаған сөздерінің пайдасын көре алады? ә) Не нәрседе ынталы болуымыз керек?
22 Исаның Кіші Азиядағы жеті қауымға жолдаған сөздерінің барлық мәсіхшілер үшін зор пайдасы бар екендігінде күмән жоқ. Мысалы, Мәсіхке мақтау айту тән екенін қаперіне алған қамқор ақсақалдар жеке бауырластарды да, қауымдарды да рухани жетістіктері үшін мақтауға талпынады. Ал әлсіздіктері бар болса, ақсақалдар Жазба орындарын шипа болатын ем ретінде пайдаланады. Шын жүректен дұға етіп, кешеуілдетпестен қолданатын болсақ, бәріміз Мәсіхтің жеті қауымға арнаған кеңестерінің әрі қарай да пайдасын көре беретін боламызa.
23 Қазіргі ақырғы күндер — өзімшілдікке не дүниеқоңыздыққа салынатын немесе Құдайға деген қызметімізге салғырт қарауға ықпал етуі мүмкін басқа да нәрселердің соңына түсетін уақыт емес. Сол себепті барлық қауымдар Исаның қолындағы шырағдандар іспетті жарық нұрларын шаша бергей! Ал біз адал мәсіхшілер ретінде әрқашан Мәсіхтің сөздеріне және рухтың айтқандарына ден қоюға ынталы болайық. Сонда Ехобаның даңқын арттыру үшін сәулесін төгіп тұратын нұр іспетті мәңгі қуанышқа бөленеміз.
[Сілтеме]
a Аян 2:1—3:22 тармақтары Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!” атты кітабының 7-ден 13-ке дейінгі тарауларында да талқыланады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• ‘Езабел іспетті әйел’ деген кім болған және неге діншіл әйелдер оған еліктемеулері керек?
• Сардтағы қауымда қандай жағдай орын алған және сонда өмір сүрген Исаға ұнамсыз мәсіхшілерге ұқсаудан аулақ болу үшін не істеуге болады?
• Иса Філаделфидегі қауымға қандай уәделер берген және қазіргі уақытта олардың бізге қандай қатысы бар?
• Неге лаудікиліктерге наразылық білдірілген, бірақ құлшынысты мәсіхшілерді не күтіп тұр?
[14-беттегі сурет]
‘Езабел іспетті әйелдің’ зұлым істерінен аулақ болу керек
[16-беттегі суреттер]
Иса ізбасарларына Патшалық туралы уағыздауға мүмкіндік беретін ‘есікті айқара ашқан’
[18-беттегі сурет]
Исаға есік ашып, оған құлақ асасың ба?