Ехобаның сөзі тірі.
Патшалықтар туралы 4-жазба кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ПАТШАЛЫҚТАР туралы 4-жазба кітабы алдыңғы 3-жазбаның жалғасы болып табылады. Онда 29 патша, яғни солтүстік Исраил патшалығының 12 патшасы мен оңтүстік Яһуда патшалығының 17 патшасы жайлы баяндалады. Бұл кітапта сондай-ақ Ілияс, Елішә және Ишая пайғамбарлардың істері жайлы айтылады. Оқиғалар хронологиялық ретпен жазылмаған болса да, оған Самария мен Иерусалимнің жойылу уақытына дейін болған оқиғалар кіреді. Бәрін қоса алғанда, Патшалықтар туралы 4-жазбадағы мәлімет б. з. б. 920 жылдан бастап Еремия пайғамбар кітапты аяқтаған б. з. б. 580 жыл аралығындағы 340 жылды қамтиды.
Бұл кітаптың бізге қандай пайдасы бар? Ол бізді Ехоба мен оның істері туралы неге үйретеді? Кітапта айтылған патшалардың, пайғамбарлар мен басқа да адамдардың әрекетінен қандай сабақ алуымызға болады? Патшалықтар туралы 4-жазбадан неге үйрене алатынымызды қарастырып көрейік.
ЕЛІШӘ ІЛИЯСТЫҢ ОРНЫН БАСАДЫ
(Патшалықтар 4-жазба 1:1—8:29)
Исраилдің патшасы Охозия үйінде құлап түсіп, ауырып қалады. Ол Ілияс пайғамбардан өзінің өлетінін біледі. Охозия қайтыс болып, таққа інісі Жорам отырады. Сол кезде Яһудада Жосафат патшалық етуде еді. Ілияс құйынмен бірге көкке көтеріледі де, оның көмекшісі Елішә орнына пайғамбар болады. Өзінің шамамен 60 жылға созылған қызметінің барысында Елішә көптеген кереметтер жасайды (“Елішәнің кереметтері” деген қоршауды қара).
Моаб патшасы Исраилге қарсы көтерілгенде, Жорам, Жосафат және Едом патшасы онымен шайқасуға аттанады. Жосафат Құдайға адал болғандықтан, олар жеңіске жетеді. Кейінірек Сирия патшасы Исраилге оқыстан шабуыл жасауды жоспарлайды. Алайда Елішә бұған кедергі жасайды. Сирия патшасы ашуға мініп, Елішәны қолға түсіру үшін “аттар мен соғыс күймесін және көп әскерін” жібереді (Патшалықтар 4-жазба 6:14). Елішә екі керемет жасайды да, сириялықтарды тыныш қана кері қайтарады. Уақыт өте келе, Сирия патшасы Бенадад Самарияны қоршауға алады. Мұның нәтижесінде қатты аштық болады, бірақ Елішә аштықтың бітетінін алдын ала айтады.
Біраз уақыт өткен соң, Елішә Дамаскіге барады. Бенадад патша ауырып жатыр, ол Азаилды дертінен айыға ма екен, соны білуге жібереді. Елішә патшаның өлетінін және оның орнына Азаил басқаратынын алдын ала айтады. Сол күннің ертесіне-ақ Азаил дымқыл ‘жамылғымен’ патшаны тұншықтырып өлтіреді де, патшалықты қолына алады (Патшалықтар 4-жазба 8:15). Ал Яһудада Жосафаттың ұлы Жорам патша болады, кейін орнын оның ұлы Охозия басады (“Яһуда мен Исраил патшалары” деген қоршауды қара).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
2:9 — Неге Елішә ‘Ілиястағы рухтың екі есе бөлігін’ сұрайды? Исраилде пайғамбар ретінде қызмет ету үшін Елішәға Ілиястың танытқан рухындай рух, яғни батылдық пен ержүректік қажет болар еді. Осыны түсінген Елішә өзінде Ілиястағыдай рухтың екі есе бөлігі болуын сұрайды. Ілияс өзінің мирасқоры ретінде Елішәні тағайындап, оған алты жыл көмектескен болатын. Сондықтан Елішә Ілиясты рухани әкесіндей көреді; ол Ілиястың рухани тұңғыш ұлындай болады (Патшалықтар 3-жазба 19:19—21; Патшалықтар 4-жазба 2:12). Әдетте тұңғыш ұлы әкесінің мұрасының екі есе бөлігін алатыны сияқты, Елішә Ілиястан рухани мұрасының екі есе бөлігін сұрайды да, алады.
2:11 — ‘Ілияс құйынмен бірге көтерілгендегі’ “аспан” нені білдіреді? Бұл не әлем кеңістігінің алыс жатқан бөлігі, не Құдай мен періштелер мекендейтін рухани орын болған (Заңды қайталау 4:19; Забур 10:4; Матай 6:9; 18:10). Ал Ілияс көтерілген “аспан” әуені білдіретін (Забур 77:26; Матай 6:26). Жер атмосферасына көтерілген отты күйме Ілиясты жердің басқа бөлігіне алып кеткенге ұқсайды, әрі сол жерде Ілияс біраз уақыт өмір сүрген. Жылдар өте, Ілияс Яһуда патшасы Жорамға хат жазады (Шежірелер 2-жазба 21:1, 12—15).
5:15, 16 — Неліктен Елішә Нағыманның сыйын қабыл алмады? Елішә Нағыманды өзінің емес, Ехобаның күшінің арқасында керемет түрде айықтырғанын мойындаған, сол себепті ол сыйдан бас тартқан. Құдай тағайындаған міндетті өз пайдасына қолдану ол үшін ақылға сыймайтын нәрсе болған. Бүгінде шынайы ғибадат етушілер Ехобаға қызмет етуде жеке басының пайдасын көздемейді. Олар Исаның: “Тегін алдыңдар, тегін беріңдер де!”— деген ескертуін ұмытпайды (Матай 10:8).
5:18, 19 — Нағыман қандай да бір діни әрекетке қатысқаны үшін кешірім сұрап тұрған ба еді? Сирия патшасы кәрі, қуатсыз әрі Нағыманға сүйеніп тұруы керек болған болса керек. Ол Риммонға иіліп ғибадат еткенде, Нағыман да иілген. Алайда Нағыман бұл кезде ғибадат ету үшін емес, жай ғана патшаның денесін сүйемелдеп тұру үшін ғана иілген. Нағыман Ехобадан осы азаматтық міндетін атқару үшін істеуге тура келген әрекетін кешіруін сұрап тұрған болатын. Нағыманның сөзіне сенген Елішә оған: “Тыныштықпен бара бер”,— дейді.
Біз үшін сабақ:
1:13, 14. Көріп-байқаған нәрселерден үйрену және кішіпейілділікпен әрекет ету өмірді сақтап қала алады.
2:2, 4, 6. Елішә Ілияспен бірге алты жылдай жүрсе де, одан айырылғысы келмеген. Адалдық пен достықтың қандай керемет үлгісі! (Нақыл сөздер 18:24).
2:23, 24. Бұл басы қасқа Елішәнің Ілиястың жамылғысымен жүруі оны әжуә етудің басты себебі болған сияқты. Балалар Елішәні Ехобаның өкілі деп білген, тек оның сол төңіректе болғанын қаламаған. Оған “кет” дегенде, оның Бетелге кетуін не Ілияс сияқты көкке көтеріліп кетуін айтқан болуы мүмкін. Балалар ата-анасының қастық көзқарасын көрсеткенге ұқсайды. Ата-аналар балаларына Ехобаның өкілдерін құрметтеуді үйреткені қаншалықты маңызды!
3:14, 18, 24. Ехобаның сөзі әрдайым жүзеге асады.
3:22. Су бетінен шағылған таң сәулесі суды қан сияқты етіп көрсеткен. Бәлкім, жаңадан қазылған орлардың түбінде қызыл балшық болғандықтан болар. Ехоба өз ниеттерін жүзеге асыру үшін табиғат құбылысын да қолдануы мүмкін.
4:8—11. Елішәні ‘Құдайдың қасиетті адамы’ деп есептеген сонамдық әйел оған қонақжайлылық көрсетеді. Ехобаның адал қызметшілеріне біз де осылай етуіміз керек емес пе?!
5:3. Кішкентай исраилдік қыздың Құдайдың керемет жасай алу қабілетіне сенімі болған. Сондай-ақ өз сенімі жайлы айтуға батылдығы да болған. Жастар, Ехобаның уәделеріне деген сенімдеріңді нығайтуға және шындықты мұғалімдеріңмен, сыныптастарыңмен бөлісу үшін батылдыққа ие болуға тырысасыңдар ма?
5:9—19. Нағыманның мысалы көкірек адамның кішіпейілділікке үйрене алатынын көрсетпей ме?! (Петірдің 1-хаты 5:5).
5:20—27. Өтірік айтып күн көрудің сазайы қаншалықты ауыр десеңші! Екі жақты өмір кешудің жан азабы мен әкелетін бақытсыздығы жайлы жақсылап ойлану мұндай өмір жолынан аулақ болуымызға көмектеседі.
ИСРАИЛ МЕН ЯҺУДА ЖЕР АУДАРЫЛАДЫ
(Патшалықтар 4-жазба 9:1—25:30)
Ииуй Исраилдің патшасы болып майланады. Ол Ахабтың үй ішінің көзін құрту үшін тез әрекеттер жасайды. Ииуй жолын тауып ‘Исраил жерінен Бағалға табынушылықты жояды’ (Патшалықтар 4-жазба 10:28). Охозияның шешесі Аталия ұлын Ииуйдің өлтіргенін білгеннен кейін, Яһуда патшалығының ұрпақтарының бәрін қырып салады да, тақты тартып алады (Патшалықтар 4-жазба 11:1). Тек Охозияның нәресте ұлы Жоғас қана аман қалып, алты жыл жасырынғаннан кейін Яһуданың патшасы болып тағайындалады. Діни қызметкер Жодайдың тәрбиесін алған Жоғас Ехобаның көз алдында дұрыс нәрсені істей береді.
Ииуйден кейін Исраилде билік құрған патшалардың бәрі де Ехобаға ұнамайтын нәрселер істейді. Елішә Ииуйдің немересінің тұсында өз өлімімен өледі. Яһуданың Жоғастан кейінгі төртінші патшасы Ахаз болады, бірақ ол ‘Құдайға ұнайтын істерді жасамайды’ (Патшалықтар 4-жазба 16:1, 2). Алайда оның патша болған ұлы Езекия “Құдайдан бір елі де айырылмады” (Патшалықтар 4-жазба 17:20; 18:6). Б. з. б. 740 жылы Езекия Яһудада, ал Осия Исраилде билік еткен кезде, Ассур патшасы Салманасар ‘Самарияны алып, исраилдіктерді Ассурға жер аударады’ (Патшалықтар 4-жазба 17:6). Осының нәтижесінде Исраил жеріне шетелдіктер әкелініп, самариялық дін пайда болады.
Яһудадағы Езекиядан кейінгі жеті патшаның ішінде тек Жосия ғана елді жалған ғибадаттан тазартуға әрекеттер жасайды. Ақырында, б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Иерусалимді жаулап алып, “яһудилер өз жерлерінен көшіріледі” (Патшалықтар 4-жазба 25:21).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
13:20, 21 — Бұл болған керемет діндегі қандай бір заттарды киелі тұтуды (діни реликвияны) құптай ма? Жоқ, құптамайды. Киелі кітапта Елішәнің сүйегін киелі тұтқандығы туралы ештеңе айтылмаған. Елішәнің көзі тірісінде жасаған кереметтері сияқты, бұл керемет те Құдайдың күшінің арқасында ғана мүмкін болып отыр.
15:1—6 — Неге Ехоба Азарияны (Ұзияхты, 15:6, ЖД; сілтемеде) алапес ауруына ұшыратты? “[Ұзиях] патша күшейіп алғаннан кейін кеудесін көтеріп, менменсінуді шығарды. Ол Жаратқан Иенің киелі үйіне өз бетімен кіріп, жалғыз Оған ғана бағышталған хош иісті заттарды түтетіп, Құдай Иесіне қарсы күнә жасады”. Діни қызметкерлер ‘Ұзиях патшаға қарсы шығып’ және “Киелі орыннан шыға көріңіз” дегенде, ол діни қызметкерлерге қатты ашуланады, сөйтіп, алапес ауруына шалдығады (Шежірелер 2-жазба 26:16—20).
18:19—21, 25 — Езекия Мысырмен одақ құрды ма? Жоқ. “Құдайдың еркімен” келіп отырмын деп айтқаны сияқты, Рабшақ бұл жерде де жалған айып таққан болатын. Адал патша Езекия тек Ехобаға арқа сүйеген.
Біз үшін сабақ:
9:7, 26. Ахабтың үйіне шығарылған ауыр үкім Ехоба үшін жалған ғибадат пен жазықсыз қан төгілу жиіркенішті екенін көрсетеді.
9:20. Ииуйдің күймені жүйткітіп айдайтын адам ретінде танылуы оның берілген тапсырманы құлшыныспен атқаратын болғанын көрсетеді. Сен де Патшалықты құлшыныспен жариялаушы ретінде танымалсың ба? (Тімотеге 2-хат 4:2).
9:36, 37; 10:17; 13:18, 19, 25; 14:25; 19:20, 32—36; 20:16, 17; 24:13. Ехобаның ‘аузынан шыққан сөз’ ‘жүзеге асатынына’ сенімді болуымызға болады (Ишая 55:10, 11).
10:15. Ионадав Ииуйдің ‘күймеге мін’ деген шақыруын шын жүректен қабыл алғаны сияқты, ‘өте үлкен тобыр’ да қазіргі Ииуйге, яғни Иса Мәсіхке, сондай-ақ оның майланған ізбасарларына қуана-қуана қолдау көрсетеді (Аян 7:9).
10:30, 31. Ииуй өмірінде қателіктер жасаған болса да, Ехоба оның істегендерінің бәрін бағалаған. Шынында да, ‘жасаған игі істерімізді’ ұмытып кететіндей “Құдай әділетсіз емес” (Еврейлерге 6:10).
13:14—19. Ииуйдің немересі Жоғас әрі қарай күш салмай, садақпен жерді үш-ақ рет ұрып қоя салғаны үшін сириялықтарды бірнеше рет қана жеңіп шықты. Ехоба бізден тапсырған ісін жан-тәнімізбен және құлшыныспен атқарады деп күтеді.
20:2—6. Ехоба — ‘дұғаларды тыңдайтын’ Құдай (Забур 64:3).
24:3, 4. Манасаның қан төккені үшін Ехоба Яһуданы “кешіргісі келмеді”. Ол үшін жазықсыздардың төгілген қаны қымбат. Ехоба жазықсыздардың қанын төккендердің көзін құрту арқылы олардан кек алатынына сенімді болуымызға болады (Забур 36:9—11; 144:20).
Біз үшін бағалы кітап
Патшалықтар туралы 4-жазба кітабы Ехобаны өз уәделерін Орындаушы ретінде сипаттайды. Екі патшалықтың да тұрғындарының — алдымен Исраилдің, кейін Яһуданың — жер аударылуы Заңды қайталау 28:15—29:28 дейінгі тармақтардағы алдын ала айтылған үкімнің қалай жүзеге асқанын айқын көрсетеді. Патшалықтар туралы 4-жазба Елішәны Ехобаның есімі мен шынайы ғибадатқа зор құлшыныс танытқан пайғамбар ретінде суреттейді. Ал Езекия мен Жосия Құдайдың Заңын құрметтеген кішіпейіл патшалар ретінде бейнеленеді.
Патшалардың, пайғамбарлардың және осы кітапта айтылған басқа да адамдардың көзқарастары мен іс-әрекеттері жайлы ой жүгірткенде, неден қашық болып, неге асық болу керектігіне қатысты құнды сабақтар алмаймыз ба? (Римдіктерге 15:4; Қорынттықтарға 1-хат 10:11). Иә, расында да, “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12).
[10-беттегі сурет/қоршау]
ЕЛІШӘНІҢ КЕРЕМЕТТЕРІ
1. Иорданның суы қақ айырылады (Патшалықтар 4-жазба 2:14).
2. Иерихондағы ішуге жарамсыз су көзі жарамды етіледі (Патшалықтар 4-жазба 2:19—22).
3. Бұзақы балаларды аюлар жарып тастайды (Патшалықтар 4-жазба 2:23, 24).
4. Жасақтар сумен қамтамасыз етіледі (Патшалықтар 4-жазба 3:16—26).
5. Жесір әйел майға молынан жариды (Патшалықтар 4-жазба 4:1—7).
6. Сонамдық бедеу әйел бала көтереді (Патшалықтар 4-жазба 4:8—17).
7. Бала өлімнен қайта тіріледі (Патшалықтар 4-жазба 4:18—37).
8. Уланған көженің жеуге жарамды болуы (Патшалықтар 4-жазба 4:38—41).
9. Жүз адам 20 нанмен тамақтандырылады (Патшалықтар 4-жазба 4:42—44).
10. Нағыман алапесінен айығады (Патшалықтар 4-жазба 5:1—14).
11. Нағыманның алапесі Гехезайға көшеді (Патшалықтар 4-жазба 5:24—27).
12. Балта су бетіне қалқып шығады (Патшалықтар 4-жазба 6:5—7).
13. Қызметші періштелердің соғыс күймелерін көреді (Патшалықтар 4-жазба 6:15—17).
14. Сирия жасақшылары соқыр болып қалады (Патшалықтар 4-жазба 6:18).
15. Сириялықтардың көздері қайта ашылады (Патшалықтар 4-жазба 6:19—23).
16. Өлген адам қайта тіріледі (Патшалықтар 4-жазба 13:20, 21).
[12-беттегі кесте/суреттер]
ЯһУДА МЕН ИСРАИЛ ПАТШАЛАРЫ
Саул/Дәуіт/Сүлеймен: б. з. б. 1117/1077/1037*
ЯҺУДА ПАТШАЛЫҒЫ ЖЫЛЫ (б. з. б.) ИСРАИЛ ПАТШАЛЫҒЫ
Рохабоғам ․․․․․․ 997 ․․․․․․ Еробоғам
Абия/Аса ․․․․ 980/978 ․․․․
․․ 976/975/952 ․․ Надаб/Бааша/Ела
․․ 951/951/951 ․․ Замври/Амври/Фамни
․․․․․․ 940 ․․․․․․ Ахаб
Жосафат ․․․․․․ 937 ․․․․․․
․․․․ 920/917 ․․․․ Охозия/Жорам
Жорам ․․․․․․ 913 ․․․․․․
Охозия ․․․․․․ 906 ․․․․․․
(Аталия) ․․․․․․ 905 ․․․․․․ Ииуй
Жоғас ․․․․․․ 898 ․․․․․․
․․․․ 876/859 ․․․․ Жоғахаз/Жоғас
Амазиях ․․․․․․ 858 ․․․․․․
․․․․․․ 844 ․․․․․․ Еробоғам II
Әзариях (Ұзиях) ․․․․․․ 829 ․․․․․․
․․ 803/791/791 ․․ Зәкәрия/Шаллум/Менаим
․․․․ 780/778 ․․․․ Пақахиях/Пақах
Жотам/Ахаз ․․․․ 777/762 ․․․․
․․․․․․ 758 ․․․․․․ Осия
Езекия ․․․․․․ 746 ․․․․․․
․․․․․․ 740 ․․․․․․ Самарияның жаулап алынуы
Манасия/Амон/Жосия ․․ 716/661/659 ․․
Жоғахаз/Ехойәкім ․․․․ 628/628 ․․․․
Ехониях/Седекия ․․․․ 618/617 ․․․․
Иерусалимнің қирауы ․․․․․․ 607 ․․․․․․
[Сілтеме]
Билікті қолға алған жылдардың кейбірі шамамен алынған.
[8, 9-беттердегі сурет]
Нағыман бой ұсынады да, Ехобаның күшінің арқасында айығады
[8, 9-беттердегі сурет]
Ілияс ‘құйынмен бірге көтеріліп кеткенде’, онымен не болды?