Ехобаның сөзі тірі
Лұқа кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
МАТАЙ жазған ізгі хабар бірінші кезекте яһудилерге, ал Марқа кітабы яһуди емес адамдарға арнап жазылған деп есептеледі. Алайда Лұқа жазған ізгі хабар барлық ұлттарға арналған. Б. з. 56—58 жылдары жазылған бұл кітапта Исаның өмірі мен қызметі туралы жан-жақты баяндалады.
Мұқият әрі ұқыпты дәрігер ретінде Лұқа б. з. б. 3 жыл мен б. з. 33 жылы аралығындағы 35 жылды қамтитын оқиғаларды “басынан бастап ұқыпты” түрде баяндайды (Лұқа 1:3). Бұл кітаптағы мәліметтердің 60 пайызға жуығы басқа ізгі хабарларда айтылмайды.
ИСАНЫҢ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСЫ
Лұқа шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия мен Исаның қалай туылғанын айтқан соң, Тіберидің билігінің он бесінші жылында, яғни б. з. 29 жылының көктемінде, Жақияның өз қызметін бастағанын айтады (Лұқа 3:1, 2). Сол жылдың күзінде ол Исаны шомылдыру рәсімінен өткізеді (Лұқа 3:21, 22). Б. з. 30 жылы ‘Иса Ғалилеяға қайтып келеді де, мәжілісханаларда жұртқа тәлім бере’ бастайды (Лұқа 4:14, 15).
Иса уағыздай жүріп, Ғалилеяны бірінші мәрте аралағанда, өзін қоршаған халыққа: “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды басқа қалаларға да жариялауға тиістімін”,— деп айтады (Лұқа 4:43). Ол Шимон есімді балықшыны және басқа да адамдарды ертіп алады. Иса: “Бұдан былай адамдарды жинап әкелетін боласың”,— дейді (Лұқа 5:1—11; Мат. 4:18, 19). Ол Ғалилеяны екінші мәрте аралағанда, қасында он екі елшісі болады (Лұқа 8:1). Ал үшінші мәрте Иса он екі елшісін ‘Құдай Патшалығын уағыздап, науқастарды сауықтыруға жібереді’ (Лұқа 9:1, 2).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:35. Мәриям жүкті болуы үшін оның жұмыртқа жасушасы қандай да бір рөл атқарды ма? Мәриямның баласы, Құдай уәде еткендей, шынымен Ыбырайымның, Яһуданың және Дәуіттің ұрпағы болу үшін, Мәриямның жұмыртқа жасушасында қандай да бір процесс жүру керек еді (Жар. 22:15, 18; 49:10; Пат. 2-ж. 7:8, 16). Алайда Мәриямның жүкті болуына ықпал етіп, Ұлының кемелді өмірін оның құрсағына салу үшін Ехоба киелі рухын қолданған (Мат. 1:18). Осының арқасында Мәриямның жұмыртқа жасушасындағы кемелсіздік бірден күшінен айырылып, дамып келе жатқан ұрыққа зиянын тигізе алмаған болса керек.
1:62. Зәкәрия сөйлеу қабілетімен қатар есту қабілетінен де айырылған ба? Жоқ. Ол сөйлеу қабілетінен ғана айырылған. Басқалар одан балаға қандай ат қойғысы келетінін “ымдап” сұрағанымен, бұл Зәкәрия керең болып қалған дегенді білдірмейді. Әйелі айналасындағыларға баланы қалай атайтындарын айтып жатқанда, ол бұл әңгімені естіп тұрған болуы әбден мүмкін. Басқалар бұл туралы Зәкәриядан ымдап сұрағанға ұқсайды. Оның сөйлеу қабілеті ғана қалпына келуі керек болғанын ескере отырып, оның есту қабілетінен айырылымағанына сенімді болуға болады (Лұқа 1:13, 18—20, 60—64).
2:1, 2. “Алғашқы халық санағы” деген сөздер Исаның қай уақытта туылғанын анықтауға қалай көмектеседі? Август патшаның кезінде халық санағы бірнеше мәрте жүргізілген болатын. Оның біріншісі Даниял 11:20-ға сай б. з. б. 2 жылы, ал екіншісі б. з. 6 немесе 7 жылы өткен (Ел. іс. 5:37). Екі санақтың кезінде де Сирияны Кирини басқарып тұрған болатын. Ол бұл қызметке екі мәрте сайланғанға ұқсайды. Лұқа алғашқы санақ жайында айтқаны Исаның б. з. б. 2 жылы туылғанына нұсқайды.
2:35. Не себепті Мәриямның ‘жаны жүрегін қылышпен тілгілегендей қатты’ ауырды? Бұл сөздер халықтың көпшілігі Исаның Мәсіх екенін мойындамағанын көрген кездегі Мәриямның күйзелісіне және оның азапты өлімін көрген кездегі қасіретіне нұсқайды (Жох. 19:25).
9:27, 28. Матай және Марқа кітаптарында кейбір шәкірттеріне өзінің Патшалық салтанатымен келгенін көрмей өлмейтінін айтқан соң, Исаның алты күннен кейін өзгеріске түскені жазылған болса, неге Лұқа бұл екі аралықта сегіз күн өтті деп жазған? (Мат. 17:1; Мар. 9:2). Лұқа Иса уәде берген күнді және уәдесін орындаған күнді қосып санағанға ұқсайды.
9:49, 50. Неге Иса жындарды қуып шығарып жүрген адамға өзінің соңынан ермесе де тыйым салмаған? Себебі ол кезде әлі мәсіхшілер қауымы болмаған. Сондықтан ол адамға Исаға сеніп, жындарды қуып шығару үшін оған еріп жүрудің қажеті жоқ еді (Мар. 9:38—40).
Біз үшін сабақ:
1:32, 33; 2:19, 51. Мәриям пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын көрсететін оқиғалар мен сөздерді көңіліне түйіп жүрген. Біз Исаның зұлым дүниенің ақыры туралы айтқан сөздерін көңілімізге түйіп, айтқандарын бүгінгі жайттармен салыстырып жүрміз бе? (Мат. 24:3).
2:37. Анна бізге Ехобаға үздіксіз ғибадат етіп, ‘Құдайға ұдайы сиынуға’ және ‘сенушілер жиналыстарын’ тастамауға қатысты жақсы үлгі қалдырған (Рим. 12:12; Евр. 10:24, 25).
2:41—50. Жүсіп рухани нәрселерді өмірінде басты орынға қойған және отбасының тәндік әрі рухани мұқтаждығының қамын жеген. Осыған қатысты ол отағаларына жақсы үлгі қалдырған.
4:4. Біздің рухани нәрселерді ойламайтын күніміз болмауы керек.
6:40. Құдай Сөзінен тәлім беретін адам білім беріп жүрген адамдарға жақсы үлгі көрсетуі керек. Оның істері сөздеріне сай болуы тиіс.
8:15. ‘Құдайдың хабарын жүрегімізге сақтап, шыдамдылықпен өнім беруіміз’ үшін біз Құдай Сөзін түсініп, оны бағалап, қабыл алуымыз керек. Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді оқығанда, дұға ете отырып ойланған жөн.
ИСАНЫҢ ҚЫЗМЕТІНІҢ СОҢҒЫ УАҚЫТЫ
Иса 70 шәкіртін Яһудеядағы қалалар мен ауылдарға өзінен бұрын жібереді (Лұқа 10:1). Сондай-ақ ‘жолындағы қалалар мен ауылдарды аралай жүріп, жұртқа тәлім береді’ (Лұқа 13:22).
Ол б. з. 33 жылы Құтқарылу мейрамынан бес күн бұрын тайқарға мініп, Иерусалимге кіреді. Енді оның: “Көктен келген Билеуші, Мен, көп азап шегуге тиіспін: рубасылар, басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Өзімнен бас тартып, Менің өлтірілуім, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайта тірілуім де қажет!”— деп шәкірттеріне айтқан сөздерінің орындалатын уақыты келді (Лұқа 9:22, 44).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
10:18. Исаның 70 шәкіртіне: “Шайтанның найзағайша көктен құлап түскенін көрдім”,— деп айтқан сөздерін қалай түсінуге болады? Иса бұл жерде Шайтан көктен қуылды деп айтпаған. Шайтан 1914 жылы Мәсіх Құдай Патшалығындағы таққа отырғанға дейін көктен қуылмаған (Аян 12:1—10). Біз Исаның не дегісі келгенін нақты білмейміз, дегенмен алдағы оқиғаларды болып қойғандай мәнерде баяндай отырып, Иса бұл жайттың міндетті түрде болатынына назар аударғысы келген болса керек.
17:34—37. “Жемтік” нені бейнелейді және оның айналасына жиналатын “құзғындар” кімді бейнелейді? ‘Қабыл алынған’, немесе құтқарылған, адамдарды Иса жемтіктің айналасына жиналатын қырағы құзғындарға теңеген. “Жемтік” — көзге көрінбей келетін шынайы Мәсіх пен Ехоба оларға беріп отырған рухани ас-су (Мат. 24:28).
22:44. Иса неге сонша қатты қиналды? Мұның бірнеше себебі бар. Иса өзінің қылмыскер ретінде өлуі Ехоба Құдайға және Оның есіміне қалай әсер ететіні туралы ойлаған. Оның үстіне, Иса өзінің мәңгілік өмірі мен бүкіл адамзаттың болашағы өзінің адалдығына байланысты екенін жақсы түсінген.
23:44. Үш сағатқа созылған қараңғылық күннің тұтылғанынан болды ма? Жоқ. Күн Құтқарылу мейрамы өткен уақыттағыдай ай толысып тұрғанда емес, ай жаңадан туғанда ғана тұтылады. Ол күнгі қараңғылық Құдайдың кереметі болған.
Біз үшін сабақ:
11:1—4. Исаның осы сөздері мен шамамен 18 ай бұрын Таудағы уағызында айтқан үлгілі дұғасындағы сөздердің арасындағы кішігірім айырмашылықтар бар. Осыдан дұға айтқанда жай ғана бір сөздерді қайталай бермеу керек екені анық көрінеді (Мат. 6:9—13).
11:5, 13. Ехоба біздің дұғаларымызға жауап беруге дайын болса да, біз дұға айтқанда табанды болуымыз керек (Жох. 1-х. 5:14).
11:27, 28. Нағыз бақыт отбасындағы қарым-қатынасқа немесе дүние-мүлікке емес, Құдай еркін адалдықпен орындауға байланысты.
12:47, 48. Көбірек міндет жүктелген адам, өз міндетін білмеген немесе толық түсінбеген адамға қарағанда, көбірек айыпталатын болады.
14:28, 29. Көрпемізге қарап көсілгеніміз даналыққа жатады.
22:36—38. Иса шәкірттерін қорғану үшін қару ұстап жүруге үйретпеген, қайта, өзіне сатқындық жасалған түні семсермен шыққандарының арқасында Исаның оларға келесі маңызды шындықты үйрететін мүмкіндігі болды: “Семсеріне сенген семсерден өлер” (Мат. 26:52).
[31-беттегі сурет]
Жүсіп отағасы ретінде жақсы үлгі көрсеткен
[32-беттегі сурет]
Лұқа Исаның өмірі мен қызметі туралы жан-жақты баяндаған