Өзгелерге Патшалық туралы хабарды қабылдауға көмектесіңдер
“Агриппа Пауылға: — Аз уақыттың ішінде мені мәсіхші болуға көндірмексің бе? [“сендірерсің”, ЖД] — деді” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 26:28).
1, 2. Не себепті елші Пауыл әмірші Фест пен Ирод Агриппа ІІ патшаның алдына әкелінді?
КЕСАРИЯ. Б. з. 58 жылы. Рим әмірші Порси Фест Ирод Агриппа ІІ патша мен оның қарындасы Берникені қабылдамақшы болады. Әмірші Фесттің шақыруы бойынша, олар Иерусалимнен келіп жетеді. Келесі күні олар “сән-салтанатпен сот залына келеді, олармен бірге мыңбасылар және қаланың атақтылары болды”. Олардың алдына Фесттің әмірі бойынша, мәсіхші әрі елші Пауыл алып келінді. Сол Мәсіхтің ізбасарының әмірші Фесттің алдында тұруына не себеп болды екен? (Елшілердің істері 25:13—23).
2 Бұл сұрақтың жауабын Фесттің қонақтарына айтқан сөздерінен табуға болады. Ол былай деді: “Агриппа патша және бізбен бірге отырған мырзалар! Алдарыңызда Иерусалимдегі және осы жердегі бүкіл яһуди халқы тірі қалдырмау керек деп, маған қатты дауыстап, өтініш жасаған адам тұр. Ал мен оның өлім жазасына кесер қылмысы жоқ деп таптым. Бірақ өзі римдік патша сотын талап еткендіктен, оны соған жөнелтпек болып шештім. Ал енді тақсыр иеге ол туралы жазатын нақты мәліметім жоқ, сондықтан оны сіздердің алдарыңызға, әсіресе, өзіңізге, Агриппа патша, алдырып отырмын. Тергеу соңында мен қандай мәлімет жазып беретінімді білсем деймін. Тұтқынды айыбын көрсетпей Римге жіберу, менің ойымша, ақылға сыймайтын іс” (Елшілердің істері 25:24—27).
3. Неге дінбасылары Пауылға жалған айып таққан?
3 Фесттің сөздерінен Пауылға бүлікші ретінде жалған айып тағылғаны көрінеді, ал мұндай қылмыстың жазасы өлім (Елшілердің істері 25:11). Алайда Пауыл айыпты емес-тін. Жалған айып Иерусалимнің іші тар дінбасыларының тарапынан шыққан еді. Олар Пауылдың Патшалықты уағыздағанына қарсы шығып, өзгелерге Иса Мәсіхтің шәкірттері болуға көмектесіп жүргеніне де қатты наразы болған. Сөйтіп Пауылды темір қарумен құрсанған жасақшылар Иерусалимнен кеме аялдайтын қала Кесарияға әкеліп, сол жерде ол императорға өтініш жасайды. Содан соң Римге әкетілмек еді.
4. Агриппа патша қандай таңқалдыратын сөздер айтты?
4 Пауылдың әмірші сарайында Рим империясының бір топ елеулі басшыларының алдында тұрғанын көз алдарыңа елестетіп көріңдерші. Агриппа патша оған қарап: “Өзіңді ақтап сөйлеуге рұқсат”,— дейді. Пауыл сөйлегенде керемет жайт болды: оның айтқаны патшаға әсер ете бастады. Сонда Агриппа: “Аз уақыттың ішінде мені мәсіхші болуға көндірмексің бе? [“сендірерсің”, ЖД]” — дейді (Елшілердің істері 26:1—28).
5. Неге Пауылдың Агриппаға айтқан сөздері әсерлі болған?
5 Ойлап қараңдаршы. Пауылдың шебер қорғануының нәтижесінде Құдай Сөзінің әсерлі күші патшаға ықпал еткен (Еврейлерге 4:12). Оның сөздерін әсерлі еткен не? Шәкірт дайындау ісінде көмек болу үшін Пауылдан қандай үлгі алуымызға болады? Егер оның қорғанғанда айтқан сөздерін саралар болсақ, басты екі жайтты байқаймыз: 1) Пауыл сендіре сөйлеген және 2) құралын тиімді пайдаланатын ұста іспетті Құдай Сөзінен алған білімін шебер қолданған.
Сендіре сөйлеу шеберлігін қолданыңдар
6, 7. а) Киелі кітапта қолданылған “сендіру” сөзінің мағынасы қандай? ә) Өзгелерге Киелі кітап ілімін қабылдауға көмектесуде сендірудің алатын орны қандай?
6 Елшілердің істері кітабында сендіре сөйлеу дегенді білдіретін грек сөзі көп рет Пауылдың уағызына қатысты қолданылады. Шәкірт дайындау ісінде сендіре сөйлеу деген нені білдіреді?
7 Вайнның “Жаңа Өсиет сөздерінің түсіндірме сөздігінде” мәсіхшілердің Грек жазбалары жазылған тілде “сендіре сөйлеу” деген сөздің “жаулап алу” немесе “негіз келтіру, яки қоғамдық сана турасында ой қозғау арқылы көзқарасты өзгерту” дегенді білдіретіні айтылған (Expository Dictionary of New Testament Words). Бұл сөздің түпкі мағынасының басқа да қыры бар. Оның астарында сену деген ой бар. Сондықтан егер сен адамның Киелі кітап ілімін қабылдау керектігіне көзін жеткізген болсаң, оның сеніміне кіріп, сол ілімнің шынайы екеніне сенім ұялатқаның. Адам Киелі кітапқа сеніп, соған сай әрекет ету үшін онда не делінгені жөнінде айтып қана қоя салу жеткіліксіз екені анық. Тыңдаушың кім болмасын — бала, көршің, серіктесің, сыныптасың не туысың — айтқандарыңның шын екеніне көз жеткізу керек (2 Тімотеге 3:14, 15).
8. Жазбалардағы шындыққа адамның көзін жеткізуге не кіреді?
8 Құдай Сөзі шындық екеніне адамның көзін қалай жеткізуге болады? Пауыл өз сөзін арнаған адамдарға қисынды себептер мен дәлелдер келтіру, жалына өтіну арқылы көзқарастарын өзгертуге тырысқанa. Қандай да бір жайттың жай рас екенін айтып қана қоймай, солай екенін дәлелдеуің керек. Мұны қалай істеуге болды? Айтқандарыңның өз ойыңа емес, нақты Құдай Сөзіне негізделгеніне сенімді бол. Жазба орындарын сезіммен оқып дәлелде (Нақыл сөздер 16:23, ЖД). Мысалы, тілалғыш адамдар жер бетіндегі жұмақта өмір сүреді деген ойды айтқың келсе, оны Ишая 65:21—25 сияқты Жазба орнын келтіре отырып құпта. Ал Жазбалардағы ойларды құптау үшін тағы қандай қосымша дәлел келтіруге болады? Тыңдаушыңа белгілі жайттарды мысал ретінде қолдан. Оның есіне күннің керемет болып батуы, гүлдің жұпар иісі, жемістің тіл үйіретін дәмі немесе құстың балапандарын қоректендіріп жатқанын тамашалау сияқты қарапайым жайттарды салып, әрі олардың ақыны талап етпей-ақ жанды жадырататын сезімге бөлейтінін айтуға болады. Осылайша, осындай жағымды сезімдер Жаратушы біздің жердегі өмірден рақат алғанымызды қалайтындығының дәлелі екендігін түсінуіне көмектес (Екклесиаст 3:11, 12).
9. Уағызда қалай парасатты бола аламыз?
9 Адамды Киелі кітаптағы нақты ілімге сендіруге тырысқанда, сендіруге деген зор ықыласыңның өзіңді бірбеткей етіп жіберуінен абай бол. Бұл адамның санасы мен жүрегіне жетуге тосқауыл болады. “Қызмет мектебі” кітабында мынадай ескерту беріледі: “Өзгенің жанына жақын тұтып жүрген нанымдарының дұрыс емес екендігін басқа ұрғандай тура айта салу, тіпті Жазбалардан көптеген үзінділер келтірген, әдетте тиімсіз болады. Мысалы, қандай да бір мереке жалған діннен бастау алғандықтан дұрыс емес болып есептелетінін тарс еткізіп айта салу адамды көзқарасын өзгертуге талпындырмаса керек-ті. Парасаттылық танытқанымыз анағұрлым нәтижелі болады”. Неге біз парасатты болуға күш салуымыз керек? Сол кітапта былай делінген: “Парасатты болу арқылы адамды әңгімеге тартып, оған ой азығын береміз, әрі келесі әңгімелерге арқау болар негіз қалаймыз. Осылайша сендіре сөйлейтін боламыз” (Қолостықтарға 4:6).
Сендіре сөйлеу жүрекке әсер етеді
10. Пауыл Агриппаның алдында өзін қорғап сөйлеген сөзін қалай бастады?
10 Енді Елшілердің істері кітабының 26-тарауындағы Пауылдың өзін қорғап сөйлеген сөздеріне тереңіріек үңіліп көрейік. Оның ойын қалай өрбіткеніне көңіл қойыңдаршы. Өз жағдайын түсіндіре отырып, Пауыл Агриппа патшаның өз қарындасымен ұятты қатынаста болғанына қарамастан, мақтау сөздер айтып кетуді орынды көрген. Ол былай деді: “Жоғары мәртебелі Агриппа патша, бүгін алдыңызда тұрып, яһуди басшыларының таққан айыбына қарсы өзімді қорғап сөйлеп тұрғаныма қуанамын. Өйткені сіз иудейлердің барлық әдет-ғұрыптары мен даулы мәселелерін жақсы білесіз. Сондықтан сөзіме шыдамдылықпен құлақ түруіңізді өтінемін” (Елшілердің істері 26:2, 3).
11. Қалай Пауылдың айтқан сөздерінен Агриппаны сыйлайтыны көрінеді және солай сөйлегенінің нәтижесі қандай болды?
11 Пауыл Агриппаға “патша” деп сөйлеуімен оның жоғарғы мәртебесін мойындағанын байқадыңдар ма? Ол сый көрсетіп, даналықпен сөз таңдау арқылы Агриппаға тиісті құрмет көрсеткен (1 Петір 2:17). Пауыл Агриппаны яһудилердің шиеленіскен әдет-ғұрыптары мен заңдарынан хабардар екенін мойындап, сондай жан-жақты хабары бар басшының алдында қорғануға қуанышты екенін айтты. Сондай-ақ Пауыл Агриппаны мәсіхші болмаса да кемсітіп сөйлемеген (Філіпіліктерге 2:3). Қайта, патшаның өзін шыдамдылықпен тыңдауын өтінген. Осылайша, Пауыл Агриппа мен өзге де тыңдаушыларды өзі айтпақ болған сөздерге құлақ салуға анағұрлым бейімді ететін жағдай жасаған. Былайша айтқанда, кейінгі дәлелдерін тұрғызуға арқау болар ортақ тақырыптың негізін қалаған.
12. Қалай біз уағыздау қызметінде тыңдаушыларымыздың жүректеріне жол таба аламыз?
12 Агриппаның алдында сөз сөйлеген Пауыл іспетті Патшалық туралы хабарды ұсынғанда, біз де жүрекке жылы тиетін сөздермен бастап, солай аяқтайық. Біз мұны уағыз айтқан адамдарымызды шын жүректен сыйлау және олардың өткен өмірі мен көзқарасына шын көңілімізбен қызығушылық таныту арқылы жүзеге асыра аламыз (1 Қорынттықтарға 9:20—23).
Құдай Сөзін шебер қолданыңдар
13. Қалай Пауыл іспетті тыңдаушыларымызды әрекетке талпындыра аламыз?
13 Пауыл тыңдаушыларын ізгі хабарға сай әрекет етуге талпындыруды қалаған (1 Салониқалықтарға 1:5—7). Сол үшін ой-ниеттің шоғыры, яғни жүрекке жол іздеген. Агриппаның алдында қорғанғанда, Пауылдың әрі қарай айтқан сөздеріне көңіл қойып, Мұса мен пайғамбарлардың сөздерін келтіру арқылы ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйреткеніне’ көңіл бөлейікші (2 Тімотеге 2:15).
14. Агриппаның алдында Пауылдың қалай сендіре сөйлегенін түсіндіріңдер.
14 Пауыл Агриппаның сөз жүзінде ғана яһуди аталатынын білген. Агриппаның яһуди ілімінен хабардар екенін ескерген Пауыл Мәсіхтің өліп, қайта тірілуіне қатысты “Мұса мен басқа да пайғамбарлар алдын ала айтып кеткендерді ғана үйретіп”, уағыздап жүргенін түсіндіреді (Елшілердің істері 26:22, 23). Сөзін тікелей Агриппаға арнап, ол: “Агриппа патша, сіз пайғамбарлардың айтқандарына сенесіз бе?” — деп сұрайды. Патша тұйыққа тіреледі. Егер пайғамбарларды мойындамайтынын айтса, оның сенуші яһуди деген атына кір келеді. Ал Пауылмен келісер болса, ел алдында елшінің жағына шыққанын көрсетер еді, әрі мәсіхші аталу қаупі туатын. Пауыл: “Оларға сенетініңізді білемін”,— деп, ақылмен өз сұрағына өзі жауап береді. Агриппаның жүрегі қандай жауап қайыруға талпындырды екен? Ол: “Аз уақыттың ішінде мені мәсіхші болуға көндірмексің бе? [“сендірерсің”, ЖД]” — деді (Елшілердің істері 26:27, 28). Агриппа мәсіхші болып кетпегенмен, Пауылдың жеткізген хабары қандай да бір дәрежеде оның жүрегіне әсер етсе керек (Еврейлерге 4:12).
15. Ненің арқасында Пауыл Салониқадағы қауымның негізін қалай алды?
15 Пауылдың көпшілік алдында ізгі хабарды жеткізіп қана қоймай, оны сендірерліктей етіп жеткізгенін байқадыңдар ма? Пауыл ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйреткен’, сол себепті оның сөзін естігендердің кейбірі жай тыңдаушы емес, сенуші бола бастаған. Бұндай жайт Пауыл Салониқадағы мәжілісханадан яһудилер мен Құдайды қастерлейтін басқа ұлт адамдарын іздеген кезде де болған. Елшілердің істері 17:2—4-де былай делінген: ‘Әдетінше Пауыл соған [мәжілісханаға] барды. Ол жерде үш демалыс күні солармен Киелі жазбалар туралы пікір алысып, оларды түсіндіріп, Құтқаушы Мәсіхтің азап шегіп, өліп, одан қайта тірілуге тиісті екенін дәлелдеді... Яһудилердің бірнешеуі, бұған қоса Құдайды қастерлейтін гректердің үлкен бір тобы және көптеген беделді әйелдер Исаға сенді’. Пауыл сендіре сөйлеген. Ол Исаның ерте заманда уәде етілген Мәсіх екеніне негіз келтіре түсіндіріп, Жазбалардан дәлел келтірген. Мұның нәтижесі қандай болды? Салониқада сенушілер қауымының негізі қаланды.
16. Патшалық туралы уағыздау ісінде қалай зор қуанышқа бөленуге болады?
16 Құдай Сөзін түсіндіргенде, анағұрлым сендірерліктей сөйлей алар ма едің? Солай етер болсаң, адамдарға Құдай Патшалығы туралы уағыздау мен тәлім беру ісінде барынша қанағат алып, қуанышқа бөленетін боласың. Осы тұста уағыздау ісінде Киелі кітапты көп қолдануға қатысты берілген кеңестерді қабыл алған жариялаушылардың мысалдары да бар.
17. Қызметте Киелі кітапты қолданудың қандай пайдасы барын көрсетіңдер, жеке мысал келтіріңдер немесе осы абзацта келтірілгенді әңгімелеп беріңдер.
17 Мысалы, Ехоба Куәгерлерінің бір аралаушы бақылаушысы былай жазды: “Қазір бауырластардың басым көпшілігі үйме-үй куәлік еткенде, Киелі кітаптарын қолдарында ұстап жүреді. Бұл жариялаушылардың кездескен адамдарының көбісіне Жазбалардан үзінді келтіруге мүмкіндік береді. Ал бұлай еткендері жариялаушының да, үй иесінің де қызметімізді кітап-журналдармен ғана емес, Киелі кітаппен байланыстыруларына көмектеседі”. Әрине, жергілікті әдет-ғұрыпты қоса алғанда, Киелі кітапты ашық ұстап жүруге болмайтын түрлі жағдайлар болады. Сөйткенмен де біз өзгелер Патшалық туралы хабарды қабылдау үшін сендіре сөйлеп, Құдай Сөзін шебер қолданатын адам ретінде танымал болуды қалаймыз.
Қызметте Құдайдікіндей көзқараста болыңдар
18, 19. а) Құдай біздің қызметімізге қалай қарайды және неге біз де Құдай сияқты көзқарас дамытуымыз керек? ә) Қайта баруларымыздың нәтижелі болуына не көмектеседі? (16-беттегі “Қайта оралып баруды тиімді етудің жолдары” қоршауын қараңдар.)
18 Адамдардың жүрегіне жол табудың тағы бір жолы — қызметімізге Құдайдікіндей көзқараста болып, төзімділік таныту. Құдайдың еркі — барлық адамдардың ‘шындықты біліп алулары’ (1 Тімотеге 2:3, 4). Біз де осыны қалайды емеспіз бе? Сонымен қатар Ехоба төзімді әрі оның төзімділігі көп адамның өкініп, теріс жолдан қайтуларына мүмкіндік беріп отыр (2 Петір 3:9). Сондықтан Патшалық туралы хабарды тыңдауға даяр адамды кездестірсек, оның қызығушылығын арттыра түсу үшін қайта-қайта оралып бару қажет болар. Ал шындық тұқымының өскенін көру уақыт пен төзімділікті талап етеді (1 Қорынттықтарға 3:6). “Қайта оралып баруды тиімді етудің жолдары” деп аталатын қоршауда берілген кеңестер сондай қызығушылықты арттыруға көмектеседі. Естеріңде болсын, адамдардың өмірі — проблемалары мен жағдайы — үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан оларды үйлерінен табу үшін біраз күш салу керек те шығар, бірақ бұл соған тұрарлық іс. Өйткені біз оларға Құдайдың құтқарылу туралы хабарын жеткізгіміз келеді ғой. Сондықтан өзгелерге сол хабарды қабыл алуға көмектескенде, сендіре сөйлеу шеберлігін дамыту үшін Ехоба Құдайдан даналық сұрап дұға етіңдер.
19 Патшалық туралы хабарды тыңдағысы келетін адамды кездестірсек, Мәсіх жолындағы қызметші ретінде тағы не істеуімізге болады? Келесі мақалада осыған қатысты кеңестер беріледі.
[Сілтеме]
a Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Теократиялық қызмет мектебінен білім алайық” (ор.) кітабының 48 және 49-сабақтарын қараңдар.
Естеріңде ме?
• Пауылдың Агриппа патшаның алдындағы қорғану сөзін нәтижелі еткен не?
• Қалай біздің хабарымыз адамның жүрегіне жол таба алады?
• Құдай Сөзін жүрекке жететіндей тиімді қолдануға не нәрсе көмектеседі?
• Қалай қызметімізде Құдай сияқты көзқараста бола аламыз?
[16-беттегі қоршау/суреттер]
Қайта оралып баруды тиімді етудің жолдары
• Адамға шын көңіліңмен қызығушылық таныт.
• Киелі кітапқа негізделген талқылағың келген
тарқырыптарды іріктеп ал.
• Әрбір қайта оралуыңа негіз қала.
• Сөйлескен адамың жөнінде ойлан.
• Қызығушылығын арттыру үшін тез, бір-екі күннен кейін, қайта орал.
• Мақсатыңның үй жағдайында Киелі кітапты зерттеуді бастау екенін есіңде ұста.
• Адамның қызығушылығын дамытуын сұрап, Ехобаға дұға ет.
[15-беттегі сурет]
Пауыл әмірші Фест пен Агриппа патшаның алдында сендіре сөйлеген